Әңгіме: Константин Паустовский | Түнделеткен күйме

Әңгіме:  Константин Паустовский | Түнделеткен күйме

Мен қиялдың күші туралы, оның біздің өмірімізге тигізетін әсері туралы жеке бір тарауды жазғым келіп еді. Бірақ, біраз ойланғансын, мен со тараудың орнына ақын Андерсен туралы әңгімені жаздым. Меніңше, бұл әңгіме сол тараудың орнын басады және қиял тақырыбы туралы айтылатын жалпы сөзден гөрі, оған айқынырақ мәлімет береді.

Венецияның "Чартоза" атты ыбырсыған ескі мейманханасынан сия іздеп табу қиын. Сияның қажеті қанша мұнда? Келімді-кетімді қонақтар есебіне бұрқыратып ақша жазу үшін керек пе?

Рас, Христиан Андерсен "Чартозаға" келіп жайғасқанда, қола сауыт түбінде жылтырап болар-болмас сия қалған екен. Ол со сиямен ертек жаза бастады. Бірақ, сағат сайын ертегісі сұйылып, жібі босаңси берді, өйткені, Андерсен әлденеше рет сия үстіне су құйып еді. Бірақ ертекті аяқтай алмады. Көңілді аяқталатын ертектің соңы сауыт түбінде бұғып қалғандай.

Андерсен мырс етіп, келесі ертегімнің атын: "Қаңсыған сия сауыттың түбінде қалған тарих" деп атармын деп ойлады.

Ол Венецияны ерекше жақсы көріп, оны "сола бастаған лотос" деп атап кетті.

Теңіз үстінде бауырымен су сызып, дымқыл күз бұлттары будақтайды. Жармаларда сасыған қара су шылпылдайды. Көше-көшені қуалай суық жел азынайды. Бірақ оқта-текте, бұлт арасынан күн сығалаған кезде, көгеріп кеткен үй дуалдарынан қызарып мәрмәр тас көрінеді, со сәтте терезе сыртыңдағы қала Венецияның майталман шебері Каналетто салған суреттей жайнап кетеді.

Аздап қабағын мұң шалғаны болмаса, бұл шынында да ғажайып сұлу қала еді. Бірақ басқа қалаларды көрмек үшін бұнымен қоштасатын сәт те жетті.

Кешқұрым Веронаға жүретін жолаушылар күймесіне билет алуға мейманхана қызметшісін жібергенде, Андерсен бұл шаһардан кететініне онша қынжылмады да.

Қызметші мейманхананың өзіне сай, үнемі шала мас болып жүретін, еріншек те енжар, қолының іліп кетпесі бар, аңқау жүзді әңгүдіктеу жігіт еді. Ол Андерсеннің бөлмесін жинастыруға қол ұшын да тигізбеді, тіпті тас еденді де сыпырмады.

Бөлмедегі қызыл барқыт перделер тасасынан құрқанат- күйелер құжынай ұшып жатады. Андерсен кенересіне қайқытөс сұлулар суреті салынған фаянс легенге жуынып жүрді. Май шам баяғыда сынып қалыпты. Оның орнына үстел үстінде балауыз шырақ тұқылы қыстырылған ауыр күміс шамдал тұр. Оны, шамасы, сонау Тициан заманынан бері тазартпаса керек.

Бірінші қабаттағы арзанқол асханадан қуырылған қой еті мен пияз иісі келеді. Белін тазығырланып қалған үзік баулы жасыл барқытпен қынап алған жас әйелдер онда күні ұзақ сықылықтап күлісіп, шаңқылдап ұрсысып жатады.

Кейде әйелдер бірін-бірі шашынан жұлқылап төбелесіп қалады. Андерсен зәуде бір жанжалдасып жатқан әйелдер қасынан өтіп бара жатып әдейі аялдап, олардың дудыраған шашына, ызаға булығып қызарған жүзі мен ұшқын шашқан өткір көзіне қызыға қарайды.

Бәрінен де әйел көзінен моншақтай домалап, ақша жүзін сызып өтетін ашулы көз жастарына қараған қызық.

Андерсенді көрісімен әйелдер тыныштала қалады. Олар осы бір арықтау келген, қалақ мұрынды сыпайы - сері мырзадан именеді. Көзінше "синьор ақын" деп қадірлесе де, іштей оны тағдыр айдап әкелген бір көз байлауышы ғой деп ойлайды. Олардың түсінігінше, бұның өзі бір түрлі қызық ақын. Ол шамырқанған шабыт иесі емес. Гитараға қосып сұлулар жүрегін елжірете ән салмайды, әйелдердің әрқайсысына кезек-кезек ғашық та болмайды. Тек бір рет петлицасынан алқызыл раушан гүл алып, ыдыс-аяқ жуатын кеспірсіз қызға сыйлады. Ол байғұс мұның үстіне үйрек сияқты маймақ еді.

Қызметші билет әкелуге кетісімеи, Андерсен терезеге жүгіріп барып, қалың пердені ысырып, сыртқа көз тастады, қызметші баяу ысқырып, жарманы жағалап барады, әне ол өтіп бара жатып, шаян сатып тұрған қызыл шырайлы әйелді төсінен шымшып алды. Бұның есесіне әйел оны жағынан бір тартты.

Қызметші сосын бүкір көпірдің үстінде тұрып, тіреу түбінде иірімде үйіріліп жүрген жұмыртқа қабығын көздеп шырт-шырт түкіре бастады. Ақырында қуыс қабыққа тигізіп еді, ол шым батып кетті. Сосын қызметші жыртық телпек киген баланың қасына барды. Бала қармақ салып отырған. Қызметші оның жанына жайғасып, қаңғып жүрген бір балық әлдеқалай қаппас па екен дегендей, қалтқыдан көз жазбай мәңгіріп отыра берді.

— О, қу кұдай! Мына ақымақтың кесірінен бүгін жүре алмай қалар ма екем? - деді Андерсен күйгелектеп.

Ол терезені сарт еткізіп ашып жіберді. Әйнектер зырыл қағып, зыңылдап кеткенде, қызметші жалт қарады. Сол замат Андерсен жұдырығын түйіп, алыстан айбат шекті.

Қызметші баланың телпегін жұлып алып, мәз-мейрам боп, Андерсенге қарай бұлғады, сосын қалпақты баланың басына милықтата кигізді де, ұшып тұрып, бұрышты айналып жоқ болды.

Андерсен еріксіз күліп жіберді. Ол бұған қабақ шытқан жоқ. Осындай болмашы оқиғалардың өзі оның саяхат-сапарға деген ынтасын күн санап күшейте түседі.

Саяхат тосын қызықтарға толы болады. Қою кірпік астынан күлімдеген әйел көзінің қашан жайнаң қағатынын, алыс белден бейтаныс қаланың мұнаралары қай уақыт көрінетінін немесе сонау көкжиектен үлкен кемелердің діңгектері қалай қалтылдап шыға келетінін, Альпі таулары үстінде күркіреген күнді көргенде қандай өлең ойыңа түсетінін немесе қауыз жармаған махаббат жайлы әнді күміс қоңыраудай сыңғырлап кім айтып беретінін әдетте кісі біле бермейді ғой.

Қызметші жолаушылар күймесіне билет әкеп берді, бірақ артық ақшаны қайтармады. Андерсен оны жағадан алып, жайымен ғана сыртқа шығарды. Сосын көк желкеден нұқып қалып еді, әлгі соққан ескі басқыш тепкішегінің бірнешеуінен бірақ аттап, барқырап өлең айтып, төменнен бір-ақ барып шықты.

Жолаушы күймесі Венециядан шыққан кезде, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Сазды жазықты салбырап келіп түн басты.

Венециядан Веронаға күймені түнде жіберуді әуел баста ойлап тапқан жын-перінің тап өзі шығар, деді күймеші күңкілдеп.

Жолаушылар жауап қатпады. Күймеші біраз отырғасын, кіжіне жерге бір түкіріп, қаңылтыр шам ішіндегі балауыз тұқылынан басқа шырақ жоқ, байқаңдар деп жолаушыларға ескертіп қойды.

Жолаушылар бұған да құлақ аса қоймады. Содан кейін күймеші, менің жолаушыларымның дені сау ма қалай осы дегендей, күдіктене қарап: Верона деген нағыз ит байласа тұргғысыз жер, оңған адам оған аяқ баспайды деп, тағы бірдеңені көңірсітті.

Жолаушылар оның ғайбат сөйлеп отырғанын білсе де, қарсы дау айтпады.

Жолаушы үшеу-ақ. Олар: Андерсен, тұнжыраған көрі дін басы мен қара плащ жамылған әйел еді.

Әйел Андерсенге бірде жас, бірде кәрі, бірде сұлу, бірде сиықсыз болып көрінеді. Бұл -шам ішінде жыпылықтаған шырақтың "әзілі". Ол ойына келгенін істеп, сәт сайын жарығымен бірге әйелді де қырық құбылтып көрсетеді.

— Шырақты өшірсек қайтеді? - деді Андерсен. - Қазір оның бізге қажеті шамалы. Ал, соңыра жарық керек бола қойса, жағатын ештеңе таппай жүрерміз.

— Осындай ой итальянның есіне түсе қоймас еді! - деді дінбасы дауыстап.

— Неге?

— Ойбай-ау, итальяндар өмірде алдын ойлаған ба. Олар бар нәрсені бүлдіріп алғаннан кейін барып есін жияды және содан кейін есіріктенетінін қайтерсің.

— Тағылымды тақсыр, сіз, шамасы, осы бір ұшқалақ ұлттың өкілі емессіз ғой, - деді Андерсен.

— Мен австриялықпын, - деді дін басы шамданып.

Осымен әңгіме де үзілді. Андерсен шырақты үрлеп сөндірді.

Біраз үнсіз отырғаннан кейін әйел сөз бастады:

— Италияның осы аймағында түнде жарықсыз жүргеннің өзі жақсы.

— Бәрібір біздің келе жатқанымыз доңғалақ дыбысынан да белгілі, - деді дін басы әйел сөзін жақтырмай. - Жолға шыққан әйел адам қасына бір жақынын ертіп жүргені мақұл Жолбасшы ретінде. Тым болмаса атқосшы ала шыққаны жөн.

— Менің жолбасшым, - деді әйел қулана күліп, - қазір қасымда отыр.

Әйел Андерсенді мегзеді. Ол қалпағын алып, жақсы лебізі үшін бейтаныс серігіне тағзым етті.

Шырақ сөнісімен, тап бір бәсекелесі, бақталасы құрығанына қуанғандай, сан алуан дыбыс пен иіс жамырап қоя берді. Ат тұяғының тасыры, қиыршық құмды сызған доңғалақ үні, белдік сықыры мен күйме шатырын түрткен жаңбыр тысыры анығырақ естіле бастады. Күйме терезесінен келген дымқыл шөп пен саз иісі де қоюлана түсті.

— Ғаж-жап! - деді Андерсен. - Италиядан мен күз орманының хош иісін сімірем ғой десем, терістікте қалған Отанымның лебін сезгендеймін.

— Сәлден соң бәрі өзгереді, - деді әйел. - Біз жотаға қарай өрлеп келеміз. Оның ауасы жылы да жұмсағырақ.

Жегін аттар жай ғана ілбиді. Күйме шынында да дөң басына өрмелеп келеді екен.

Бірақ бұдан түн түнегі сейілмеді. Қайта, жолдың қос қапталына жарыса өскен қалың талдың қым-қиғаш ұйыса өскен қою бұтағының астына барып - көзге түртсе көргісіз мылқау қараңғылық ұялапты, ол жамыраған жапырақпен, жаңбыр тамшыларымен сыбырласып сырласқандай болады.

Андерсен терезені түсірді. Тал бұтағы күйме ішіне үңіліп, онда отырған жолаушыларды жапырағымен бір сипап өтті.

Андерсен ескерткіш болсын деп бірнеше жапырақты жұлып алды. Ойға жүйрік, зерек адамдардың көбі сияқты, ол да саяхат-сайран кезінде алуан түрлі кәкір-шүкірді жинай жүргенді ұнататын. Осынау көкір-шүкірлердің ғажайып бір қасиеті сол - олар өткенді еске түсіретін, - зертастың сетінеген сынығын, тал жапырағын немесе есектің кіп-кіттей тағасын алған сәтте Андерсеннің көңіл күйі қандай болып еді, соны айна-қатесіз қалпына келтіретін.

"Түн!" деді Андерсен өзіне-өзі.

Дәл қазір жарық күннен қараңғы түннің өзі сүйкімді. Қараңғылық дегенің бар дүниені аспай-саспай ақылға салып, ойланып-толғануға таптырмай-ақ, ал, Андерсен мұндай қалың ойдан зерігіп кетсе, отырып алып, қилы-қилы қызық оқиғаларды ойдан шығарады, соның қалың ортасында бас каһарлан болып өзі жүреді.

Осындай оқиғалар ішінен Андерсен өзін бетінен нұры тамған ақжарқын да албырт жігіт ретінде көреді. Ол жүрген жер ойын-күлкі, базар, сезімтал сыншылар тілімен айтқанда, қаумалап келген халайыққа "өлең-жырдан гүл сеуіп" жүреді.

Ал шынына келгенде, Андерсен сиықсыз адам еді, оны өзі де жақсы білетін. Жіпке ілінген ойыншық маймыл сияқты, оның аяқ-қолы сереңдеп, икемге келмейтін. Мұндай ойыншықтарды туған елінде балалар "Хампельман" деп атайды.

Мына түріммен маған әйел қарап жарытпас деп ойлайтын ол. Бірақ, сылқым келіншектер оған көз қиығын да салмай, тап бір шам діңгегінің қасынан өткендей-ақ, сылаңдап ете шыққанда, ол қорланып, көңілі жер боп қалатын.

Андерсен қалғып кетті.

Ояна бергенде ең әуелі баданадай жасыл жұлдызды көрді. Тас төбеден шаншылып, безірейіп тұр екен. Шамасы, түннің бір уағы болса керек.

Күйме тоқтап тұр. Сырттан дабырласқан дауыс келеді.

Андерсен құлағын тосты. Көшір күймені кідірткен бірнеше әйелмен саудаласып жатыр.

Әйелдер даусы ашық, сыңғырлап айқын келеді, осы бір салғыласқан сауда ескі операның тақпақтай жөнелетін бір көріністерін еске түсіреді.

Күймеші, әйелдер берген ақшаны місе тұтпай, алдағы бір қала сияғы жоқ қыстаққа оларды апарғысы келмей қасарысып тұр. Әйелдер: үшеуіміздің қолымыздағы барымыз осы, басқа береріміз жоқ деп, жамырасып жатыр.

— Жетті! - деді Андерсен күймешіге, - ар-ұяттан безген адам екенсің өзің, ақшаңның жетпеген жерін мен-ақ төлейін. Жолаушыларға тіл тигізбесең, мынадай бос былшылды қойсаң, тағы да төлейін.

— Жарайды, сұлулар, - деді күймеші әйелдерге. - Отырыңдар. Ақшаны оңды-солды шашып әдеттеніп қалған мына жат жерлік ханзадаға душар болғандарыңа шүкірлік етіңдер. Ол сендерге бола күйме кідіріп қалмасын деді. Әйтпесе, былтырдан қалған макарон сияқтанған сендерді қайтсін!

— О, Иса әулие! - деді дін басы күйініп.

— Қыздар, менің қасыма келіп отырыңдар. Сонда жаурамаймыз, - деді әйел

Қыздар күбір-күбір сөйлесіп, бір-біріне түйіншектерін берісіп, күймеге кірді, амандасып болғасын, Андерсенге алғыс айтысып, монтиысып-монтиысып отыра кетісті.

Ірімшік иісі мен бір қышқыл иіс күйме ішін лезде жайлап алды. Мұнда тас қараңғы болса да, Андерсен қыздардың құлағындағы арзанқол сырғалардың көмескі жарығын көріп отыр.

Күйме қозғала берді. Доңғалақ астыңдағы қиыршық тас тағы қышырлай жөнелді. Қыздар сыбырласып сөйлесе бастады.

— Қыздар сіздің кім екеніңізді білгісі келеді, - деді әйел, Андерсен оның қараңғыда күлімсіреп отырғанын сезді. - Сіз шынында да жат жерден келген ханзадасыз ба, - әлде, қарапайым саяхатшысыз ба?

— Мен көріпкелім бар сәуегеймін, - деді ойланбастан Андерсен.

— Болашақты да болжаймын, қараңғыда да еркін көре берем. Бірақ мен аңқауларды алдайтын алаяқ емеспін. Қарапайым ғана ақынмын, ханым. Және бір айтайын дегенім, өзімді ертеде Гамлет өмір сүрген елдің мүсәпір ханзадасы десем де болады.

— Осындай көзге түрткісіз қараңғыдан не көресіз, сонда, - деді қыздардың біреуі таңырқап.

— Сіздің дәл өзіңізді көріп отырсам қайтесіз, - деді Андерсен.

— Сізді айдан анық көргенім сонша, көркіңізге сүйсініп, көңілім тасып отыр.

Ол осы сөзді бастағаннан-ақ жүзі дуылдап, тұла бойы шымырлап бара жатқанын сезді. Өзінің дастандары мен аңыздарын шығарар кездегі от-шабыт жақындап келе жатқандай.

Осындай сәтте ол ұшар құстай дүр сілкінеді, қайдан шығары белгісіз, әйтеуір бір сөз тасқыны бұрқырап келіп, кенерінен асады, оқыстан өн бойын ақындық шабыт билейді, енді кімді де болса сөзге елітіп, еркінен айыратынын аңғарады.

Оның сиқырлы ертектерінің біріндегі ескі сандықтың қақпағы күмбірлей ашылып, сандық ішінен ашылмаған сырлар мен айтылмаған жырлар қаптай шыққандай, жердің күллі шырайы мен шұрайы - алуан-алуан гүлдері, түрлі түсті бояуы мен хұш әуезі, хош иісті самалы, жан сүйсінетін теңіз айдыны мен қара орманның шуылы, махаббат азабы мен нәрестенің уілі жамырап шыққандай.

Андерсен осы бір күйді не дерге білмейді. Біреулер оны шабыт дейді, екінші біреулер -серпінді қуаныш, үшіншілері - суырып салма ақын қасиеті дейді.

— Мен оянып кеттім де, жеті түн ішінде, ойламаған жерден сіздердің дауыстарыңызды есіттім, - деді Андерсен біраз үнсіз отырғасын. - Сіздердің кім екендеріңді білуіме, тіпті асырып айтсам, жолсерік қарындастарым ретінде, өздеріңді жақсы көруіме, осының өзі-ақ жеткілікті болды, сүйкімді бикештерім менің. Мен сіздерді айқын көріп отырмын және жақсы білем. Сары шашыңыз жібектей желкілдеп тұрған мына сіз бар ғой, қарғашым, күлегеш бір мейірлі жансыз және әлемдегі жан-жануарлардың бәрін жақсы көресіз, сол себепті де бақшада жұмыс жасап жүргеніңде жабайы құс келіп иығыңа қонады.

— Ой, Николина, мына кісі сені айтып отыр! - деді қыздардың бірі естірте сыбырлап.

— Николина, сіз ізгі жүректі биязы жансыз, - Андерсен әңгімесін жайымен сабақтай берді. - Егер сіздің ғашығыңыз бір бақытсыздыққа душар бола қалса, оны тым болмаса бір көру үшін, бәледен құтқару үшін, сіз іркілместен қарлы таулар мен құлазыған шөлді басып, сан мың шақырым жерге салып жетіп барар едіңіз. Мен шын айтып отырмын ба?

— Әрине, барар едім...- деді Николина ұяла сыбырлап, - сіз солай десеңіз қайтейін енді.

— Былтыр Альпі тауларындағы кар үрдіс еріді де, өзен арнасынан аса тасып, жайылып кетті. Алас-қапаста аралда бір бұзау қалып қойыпты. Тасыған су оның тізесіне жетеді, бұзау бейшараның жалына мөңірегені сонша, Николина шыдамай, кеңірдектен су кешіп барып, оны көтеріп алып шықты. Ал, тасқын судың ағысы ересен қатты еді.

— Ибай-ау, ол құйттай бұзау ғой, - деді Николина күбірлеп.

— Қыздар, ныспыларыңыз кім болады? - деді Андерсен.

— Николина, Анна, Мария, - деп жауап қатты қыздардың бірі.

— Ия, Мария. Мен сіздің сымбатты сұлу көркіңізді сөз етпей-ақ қояйын. Итальянша сөйлеуге олақпын. Бірақ лаж бар ма, жас шағымнан-ақ сұлулықты қайда көрсем, сол жерде мадақтаймын деп, жыр тәңірісінің алдында ант еткен ем.

— О, тәңірім! - деді дін басы. - Мына сорлыны бүйі шағып алған шығар. Жындануын.

— Қарауға көз тоймайтын асқан сұлу әйелдер болады. Олар, әдетте, сырға берік, метін келеді. Жүректе лапылдаған құштарлық отын жанға сездірмей жалғыз өшірмек болады. Со бір от олардың жүзін іштей шарпып, алаулатып тұрады. Сіз тап сондай әйелсіз, Мария. Ондай әйелдердің тағдыры, көбіне, жұрттан ала-бөтен өзгеше болады, олар қасіретпен қуса болып күн кешеді немесе бақыт-мұратына жетеді.

— Сіздің сондай әйелді кездестірген кезіңіз болды ма, мырза? - деп сұрады әйел

— Осы дәп қазір дидарласып отырмын, - деді Андерсен. - Менің сөзім Марияға ғана емес, сізге де арнаулы.

— Бұндай әңгімені сіз ұзақ түнді қысқарту үшін айтып отырған жоқсыз ғой деп ойлаймын, - әйелдің даусы дірілдеп шықты. - Онда мұныңыз мына жақсы қызға жасалған қиянат болар еді. Маған да қиянат болар еді, - деді ол жай ғана.

— Мен ғұмырда тап қазіргідей байсалды болып көрген емен, ханым.

— Сонымен не болды? - деп сұрады Мария. - Мен бақытты болам ба, әлде болмаймын ба?

— Сіз қарапайым шаруа қызы болсаңыз да, көңіліңіз аспанда, өмірден алар сыбағам мол болса екен дейсіз. Сол себепті де сізге бақытты бола қою оңай емес. Бірақ сіз өз өміріңізде ынтызар көңіліңізге сай жақсы жігіт жолықтырасыз. Әрине, сіздің қалауыңыз тамаша адам болмақ керек. Бәлкім, ол, шебер суретші, аяулы ақын. Италияның азаттығы жолындағы күрескер болар...Әлде, қарапайым қойшы немесе теңізші болар, кім білсін, бірақ, ол кім де болса, жомарт жанды, асыл адам болады. Шындап келгенде, соның бәрі бір емес пе.

— Жолаушы, - деді Мария жай айтса да нығыз айтып, - мен сіздің кескін-кейпіңізді көріп отырғам жоқ, сол себепті де бір сауал қойсам, ұят болмас. Егер сіз айтқандай бір жігіт жүрегімді билеп алса қайтем? Мен оны бірнеше рет қана көрдім, қазір оның қайда жүргенін де білмеймін.

— Іздеңіз оны! - деді Андерсен дауыстап. - Тауып алыңыз - сонда ол сіздің нақ сүйеріңіз болады.

— Мария! - деді Анна қуанып. - Ол әлгі Веронадан келген жас суретші той...

— Қойшы әрі! - деді Мария құрбысына. - Оның Веронадан келгенін қайдан білуші ең?

— Іздеген кісіні таба алмайтыңдай, Верона онша үлкен қала емес қой, - деді әйел - Менің атымды жадыңызда сақтаңыз. Мені Елена Гвиччиоли дейді. Веронада тұрам. Веронаның кез келген кісісі менің үйімді сізге нұсқап жібере алады. Сіз, Мария, Веронаға келесіз. Сонда мына сүйікті серігіміз жоралғы ғып айтқан қуанышты оқиғаға жолыққанша менің үйімде тұрасыз.

Мария қараңғыда Елена Гвиччиолидің қолын тауып, жай сипады да, сосын осы бір кішкентай салқын қолды алаулаған ыстық жүзіне апарып баса қойды.

Бәрі үнсіз отыр. Андерсен манағы жасыл жұлдыздың сөніп қалғанын байқады. Ол батып кетсе керек. Ендеше, түн жарымнан ауған болды.

— Маған ештеңені ашпағаныңыз қалай? - деп сұрады қыздардың ішіндегі сөзшеңі Анна.

— Сіздің балаларыңыз көп болады, - деді Андерсен тап бір көріп келгендей. - Бір тостаған сүтке бәрі шүпірлесіп, таласып жатады әлі. Күнде таңертең солардың бәрін жуындырып, киіндірем деп талай шаруадан қалатын боласыз. Бірақ болашақ күйеуіңіз қол жалғайды ғой.

— Бұныңыз Пьетро емес пе? - деп сұрады Анна. - Иә, пәруайы Пьетро әбден керек еді маған?

— Со бір кіттей-кіттей ұл-қыздарыңыздың бәрінің жәудіреген көздерінен күніне бірнеше реттен сүйіп шығудың өзіне талай уақытыңыз кетеді.

— Папа ағзамның қауымында ғой осындай есер сөздер естілмес еді-ау, - деді дін басы бажалақтап, бірақ оның сөзіне құлақ асқан жан болмады.

Қыздар тағы да бірдеңе деп сыбырласа бастады. Олардың сыбырын көңілді күлкі бөле берді. Ақырында Мария отырып сөз тастады.

— Ал, енді біз сіздің кім екеніңізді білгіміз келеді, мырза. Біз болсақ, қараңғыда ештеңе көрмейміз ғой.

— Мен деген ел кезген бір серімін, - деп жауап қатты Андерсен. - Қылшылдаған жігітпін. Толқынды қою шашым бар, ақ дидарым күн қақты болып күреңіткен. Менің көгілдір көзім үнемі күлім қағып, жайнаңдап жүреді, өйткені ештеңемен ісім жоқ, әзірше әйел сүйіп, әурешілікке түскен емен. Бар тірлігім - көңілім ауған адамға азды-көпті сый тартам, ойыма не келсе, соны істеймін, олар тек маңдайымдағы жақын-жуығымды жадыратса болғаны.

— Сонда не істейсіз? - деп сұрады Елена Гвиччиоли.

— Сізге қалай айтсам екен? Мәселенки, былтырғы жазды Ютландиядағы таныс бір орманшының үйінде өткіздім. Бір күні орман аралап жүріп, саңырауқұлақ тұнып тұрған алаңға тап болдым. Сол күні алаңға қайта барып, әрбір саңырауқұлақтың түбіне күміс қағазбен оралған кәмпит, құрма жемісін, балауыздан жасалған гүл шоғын, оймақ пен жібек ленталар жасырып кеттім. Ертеңіне таңертеңмен со жерге орманшының қызын ертіп бардым. Ол жеті жаста еді. Со жолы ол әр саңырауқұлақтың түбінен әр түрлі ғажайып заттар тауып ала берді. Тек құрма ғана орнында болмай шықты. Шамасы, оны қарға әкетсе керек. Кішкентай қыздың қуаныштан көзі қалай жайнаң қаққанын көрсең! Мен оған осы заттардың бәрін хор қыздары жасырып кеткен дедім.

— Сіз бейкүнә сәбиді алдағансыз! - деді дін басы шақылдап. - Бұл - кешірілмес күнә.

— Жоқ, мен сәбиді алдағам жоқ. Ол бұл оқиғаны өмір бойы ұмытпайды. Осындай ертекті өз басынан өткермеген кісілер сияқты, ол қыз оп-оңай тасбауыр боп кетпейді, әйтеуір. Бұған қоса сізге арнайы айтатын бір сөзім, құрметті тақсыр, өзге адамдардың орынсыз өсиетін тыңдай бермейтін бір әдетім бар еді.

Күйме баяулап келіп тоқтады. Қыздар әлденеге елтігендей қыбыр етпейді. Елена Гвиччиолн төмен қарап үнсіз отырып қалыпты.

— Әй, бойжеткендер! Тұрыңдар! Келдік! - деді айқайлап күймеші.

Қыздар тағы да сыбырласып, орындарынан тұрды.

Кенет қараңғы күйме ішінде әлуетті нәзік қол Андерсенді мойнынан құшақтап, бір ыстық ерін оның ерніне жабысты.

— Рахмет! - деді әлгі ыстық ерін, Андерсен Марияның даусын таныды.

Николина оған алғыс айтып, майда шашымен Андерсеннің бет-аузын қытықтап, жайымен ғана еркелей сүйді, ал Анна болса - шөпілдетіп құшырлана сүйді ақынды. Қыздар жерге ескіріп-ескіріп түсті. Күйме тастақ жолмен сырғи жөнелді. Алагеуім аспан аясында қарайып тұрған ағаштардың ұшар басынан басқа ештеңе көрінбейді. Сібірлеп таң атып келеді...

Веронаның сәулетті сарайлары Андерсенді қайран қалдырды. Салтантпен сән түзеп тұрған үйлер бірінен-бірі өтеді.

Қаланың ақаусыз сәулет өнері кісі көңілін аулап, жанға жай таптырғандай еді. Бірақ Андерсен көңілі алабұртып, тыным табар емес.

Кешқұрым Андерсен дәл басындағы қорғанға баратын тар көшедегі ескі үй қақпасының қоңырауын келіп қақты.

Оған есікті Елена Гвиччиолидің өзі ашты. Жасыл барқыт көйлек қыпша белін қынап тұр. Жасыл кигендіктен де болар келіншектің көзі оған валькирияның көзіндей жап-жасыл және өзгеше сұлу болып көрінді.

Әйел оған қолын ұсынып, жігіттің жалпақ алақанын салқын саусақтарымен қысып ұстап, әнтек шегініп, мейманын аядай залға әкеп кіргізді.

— Сізді сағынып қалғаным, - деді әйел салған жерден, сосын кінәлі жандай езу тартты. -Сізсіз тұра алар емеспін.

Андерсен шөлмектей қуарып кетті. Күні ұзақ осы келіншекті жүрегі елжіреп ойлады да жүрді. Ол ғашық әйелінің әрбір сөзін, кірпігінің үзіліп түскен әрбір талын, көйлегіне қонған шаң-тозаңға дейін өліп-талып сүюге болатынын жақсы білетін. Жақсы түсінетін. Мұндай махаббаттың маздап жануына ерік берсе, шерлі жүрек оған не бола алмас. Ол жігітке қисапсыз қуаныш пен қайғыны, күлкі мен көз жасын, гүл мен тікенекті жомарт көңілден оңды-солды шашардағы, қымғуыт келген осынша өзгеріс пен тосын тірліктен жазған басы дал болар.

Бәлкім, осындай өрт махаббаттан оның қызылды-жасылды қызықты ертегілер әлемі күңгірт тартып сөнер-дағы, енді қайтып жарқырап жанбас. Онда ақынның құны көк тиын емес пе!

Бәрібір шынтуайттап келгенде, оның махаббаты жауапсыз да аяқсыз қалады. Өз өмірінде ол мұндай қорлықты талай көрген! Елена Гвиччиоли сияқты әйелдер шолжаң, кесірлі келеді. Күндердің бір күнінде ол Андерсеннің сиықсыз екеніне көзі жетеді. Ақын кейде өзінен-өзі жиренеді. Сан сылқымдардың мұның кеспірсіз кейпіне ту сыртынан мысқылдап қарап тұратынын ол талай сезген. Сондай сәтте оның аяғы сырық сияқты икемге келмей сіресіп қалады да, қайта-қайта сүріне береді, ұялғанынан жерге кіріп кете жаздайды.

"Махаббат тек кісі қиялында ғана мәңгілік баянды болады деп ойлайтын ол өлең-жырдың алтын арайына шомылып тұратыны да содан шығар. Өмірде махаббатты өз басымнан өткергеннен гөрі ойдан шығаруға жүйрікпін ғой, шамасы".

Сол себепті де ол Елена Гвиччиолиді соңғы рет бір көріп кетпекке, тірлікте онымен енді кайтып дидарласпасқа белді бекем байлап келген-ді.

Ол бұл ойын келіншекке ашық айта алмады. Өйткені, олардың арасында бірін-бірі жақын тартар еш желеу болмаған. Кеше ғана күймеде кездесті, бірақ бір-біріне жарытып ештеңе айтпаған.

Андерсен залдың есігі алдында тұрып, жан-жағына қарады. Бұрышта шырақ жарығына малынып, мәрмәрдан жасалған Диана тұр, ол өз сұлулығына өзі қайран қап, өңі қуқыл тартып кеткендей.

— Мына Дианаға сіздің бейнеңізді берген кім? - деп сұрады Андерсен.

— Канова ғой, - деп жауап қатты Елена Гвиччноли төмен қарап. Ол Андерсеннің алабұртқан көңілін айнытпай танып тұрған сияқты.

— Мен қоштаспаққа келдім. Веронадан безгелі тұрмын, - деді Андерсен бәсең ғана.

— Мен сіздің кім екеніңізді білдім, - деді Елена Гвиччиоли оның көзіне тура қарап. - Сіз әйгілі абыз, атақты ақын Христиан Андерсенсіз ғой. Бірақ сіз өз өміріңізде ертектен қорқады екенсіз. Сіздің шын махаббатқа жүрегіңіз дауаламайды екен.

— Бұл менің қасіретім, - деді Андерсен ағынан жарылып.

— Қайтсін ендеше, саяхатшы, сүйікті ақыным менің, - деді келіншек қинала күрсініп, ол Андерсеннің иығына қолын артты. - Безіңіз менен! Құтылыңыз қашып! Сіздің көзіңіз әманда күлімдеп жүрсін. Мені ойламай-ақ қойыңыз. Егер сіз бағзы бір заманда кәріліктен, кедейліктен, ауру-сырқаудан азап шегіп, қасірет тартатын болсаңыз, маған еріннің емеурінімен бір-ақ сөз айтыңыз, сонда мен Николина сияқты, мыңдаған шақырым жерден, қарлы таулар мен қуаң шөлдерді басып, сізге жұбаныш болу үшін, жаяу-жалпылап та болса жетермін.

Ол креслоға отырып, алақанымен бетін басты. Шамдалда пытырлап шырақ жанып тұр.

Елена Гвиччиолидің нәзік саусақтарының арасынан моншақтай көз жасы жылжып шығып, жылт етіп бір көрініп, барқыт көйлектің етегімен баяу ғана аунап түсті.

Ол әйелге ұмтылып барып, тізерлеп отыра кетті де, сүйріктей жұп-жұмыр аяғына ернімен жабыса берді. Әйел көзі жұмулы күйі қолын созып, оны басынан ұстай алды да, еңкейіп, ернінен құшырлана сүйді.

Бір тамшы ыстық жас жігіт жүзіне тамды. Ақын оның ащы, дымқыл табын бірден сезді.

— Барыңыз, бара қойыңыз! - деді әйел жай ғана. - Жыр тәңірісі бұл күнәңізді кешірер.

Ол орнынан тұрып, қалпағын алды да, тез-тез басып шығып кетті.

Күллі Верона қоңыраулары күмбірлеп, жұртты кешкі тарапына шақырып жатты.

Олар содан қайта көріспеді, бірақ бір-бірін ешқашан да естен шығарған емес.

Бәлкім, содан да шығар, Андерсен ажал аузында жатқанда бір жас жазушыға өкінішін айтыпты:

— Маған осы ертектерім аса қымбатқа түсті, оған тіпті ер құнын төледім дер едім. Сол ертектерге бола бақытымнан бас тарттым және қиял дегенің қанша құдіретті, қанша қызғылықты болғанмен, күндердің күнінде ығысып барып, ақиқат шындыққа орын беретін бір сәті болады екен, мен - сол сәттен айырылып қалған жанмын.

Уа, жарқыным, қиялыңды жұрттың қайғысына емес, бақытына бейімдей біл депті.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Константин Паустовский Түнделеткен күйме туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Константин Паустовский Түнделеткен күйме на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]