Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Нөсер
Самолет таңғы бесте ұшады. Аэропортқа самолет ұшардан бір сағат бұрын жету керек. Ереже солай. Бұл үшін түнгі үште ұйқыдан тұрып, жолға шықпаса болмайды. Түнгі үште аэропортқа экспрестен басқа көлік жүрмейді. Экспрестен қалып қоймау керек.
Ақиқат түнде төсекке жатар алдында осыны қайта-қайта ойлап еді. Сондықтан шығар, оның ұйқысы мазасыз болды. Түрлі-түрлі түстер көрді. Ол Күншуақ қаласы мен Боранды станциясының арасында жүретін жолаушылар пойызының ревизорынан жас күнінде жаман қорқушы еді. Каникулға шығып, жүрегі алып-ұшып, көптен сағынған үйіне асығып бара жатқанда, билетсіз Ақиқатты тікірейген жез мұртты, дөп-дөңгелек сары көзді, қалың қабақ ревизор бұра бастырмай, тамбурда тұрған жерінен ұстап алып, қатты қысушы еді-ау.
Міне, мына түнде сол жез мұртты, дөңгелек сары көзді ревизор түсіне кірді. Бір мезгіл ревизор үп-үлкен мысыққа айналып, Ақиқатты бір аяғымен басып ұстап тұрып, папкасынан айып қағазын суырып жатты.
Ақиқат осы түстен оянып кетіп, жол жүретіні есіне сап ете қалып, сағатқа қарады. Ала көлеңке үйдің ішінде кішкентай қоңыраулы сағаттың фосфорлы жасыл тілі жарқырап түнгі бірді көрсетті. Кішкентай сағаттың жарқыраған жасыл тілі томпаңдап жүгіріп бара жатты.
— Ақантай, неге ұйықтамай жатырсың? Әлі ерте ғой, — деді Ақлимаш ұйқылы-ояу еріне қарай аунап түсіп. Терезеден түскен ай сәулесінен ақ маңдайы көрінді. — Сені мен ешқайда да жібермеймін, — деді жас келіншек буынсыз ақ білегімен жігіттің мойнынан қапсыра қатты құшақтап алып.
Жұбайының жүрегінің астынан бірдеңе бүлк-бүлк етіп бұлқынып-бұлқынып қалғанын Ақиқат анық сезді.
— Есіттің бе, Ақантай, есіттің бе? — деді келіншегі сыбырлап, бейне бір әлгі бұлқынған нәрсе қатты сөйлесе әлдеқандай қашып кететіндей-ақ. — Әне, әне. О да саған кетпе деп жатыр. Сені о да мен құсап құшақтап алмақшы боп кішкентай қолын созып жатыр.
Ақиқат жауап орнына Ақлимаштың албыртқан ернінен ұзақ сүйіп, көзін тарс жұмып, үндемей жатты.
Бұлар осыдан бір жыл бұрын үйленіп еді. Редакцияның ақ бас, бірақ жаны жас суретшісі бұлардың тойға шақыру билетін өзі жасап, астына: «Ақлимаш, Ақиқат» деп жазып еді. Содан бері бір-ақ жыл өтті.
Бұл жылдың бір күнінен бір күні жақсы еді. Ал енді осылардың бәрінен ерекше бір күннің жақындап қалғанын сезді қазір Ақиқат. Ол мұны бұрын да сезген. Сондықтан таяу уақыт ішінде үйден ұзап кетпеуге бекіген.
Бірақ кейде тілші уақытты емес, уақыт тілшіні билеп кететін кездер болады. Осыдан бір апта бұрын Қарағандының «Жарық жұлдыз» шахтасында жасалған дүниежүзілік рекорд екі-үш күн өтпей ескіреді. «Жарық жұлдыздықтарды» «Жанартас» шахтасының кеншілері басып озады. Күні кеше Теміртаудың мартенінен Еламан Байғазиев болатты не бары алты сағатта балқытып алса, бүгін Рудныйдың Сарбай руднигінде экскаваторшы Сұңкар Мұзбалақов бір күнде үш күннің нормасын орындайды.
Ақиқат осының бәрінде болып, оларды газет оқушыларына таныстырар еді.
Ал кеше Ақиқатты редактор шақырып алып:
— Командировкаға дайындал. Қазір барып билет ал. Түнделетіп жүріп кет. Тың өлкесіндегі «Сарбаздар» совхозында бір комбайнер «ЖВН-10» жаткасымен бір күнде 145 гектар бидай орыпты. Елден бұрын жет. Очерк алып кел! — деді. — Бүгін бейсенбі, жексенбі күнгі номерде шығатын болсын!
Ақиқат:
— Мен қуана-қуана барар едім, бірақ Ақлимаш... — дей беріп еді.
— Ештеңе етпейді. Ақлимаш ақылсыз емес. Сенің жұмысыңа кесір болады деп ойламаймын. Менен сәлем айт оған, — деді редактор.
Ақиқат тағы ұйықтап кеткен екен. Ақша бұлттардың үстінде зымырап ағып жүрген «ЖВН-10» жаткасын көрді. Селк етіп оянып орнынан тұрды. Ол тұрып бара жатқанда, келіншегінің бүйірі бүлк-бүлк ете қалғанын тағы сезді. «Кетпе-кетпе, жібермеймін!» деп бұлқынғандай еді болашақ адам.
Ақлимаш та оянып кетті. Оның сүмбіл шашы сусылдап тоқ беліне төгілді.
— Тезірек орал, Ақантай, — деді ол күйеуінің қалтасына газетке орап піскен ет салып тұрып.
— Ұшып барамын, ұшып қайтамын, Ақлимаш. Сен уайымдама.
Ол сұр плащтың қалтасынан газетке ораулы етті білдірмей былай алып қойды да, оның орнына блокноттарды тықпалады.
— Сен еш нәрсені уайымдама, Ақлимаш. Мен ұшып барып, ұшып қайтамын.
Ақлимаш есіктің алдына орамал жамылып шығып, баспалдақпен төмен түсіп бара жатқан Ақиқаттың соңынан қарап тұрды.
Ақиқат төменнен жоғары қарап, қол бұлғады.
— Мен тез ораламын. Үйге кір, тоңып қаласың...
Ол көршілерді оятып алмайын деп, аяғын абайлап басты. Тып-тыныш түнде гранит баспалдақ сонда да тық-тық етіп дыбыс білдіріп тұрды. Әне, астыңғы этаждағы жетінші пәтердің есігі ақырын ашылып, ар жағынан Полина әжей бурыл шашты басын сұғып қарады.
— А-а, Ақиқат-жан, сен екенсің ғой. Тағы да командировка ма? Ақлимаш жалғыз қалды ма? Менің ұйқым келмейді, Ақиқат-жан. Баспалдақпен біреу келе жатқанын естіп, бұл кім болды екен деп едім. Оһ, қу кәрілік-ай десеңші. Ал сендерге не жоқ. Ұйықтап, рақаттанып жатпайсыңдар ма, жассыңдар! Жылы төсектен шығып... Жә, жолың болсын! Кәрі басым мылжыңдап барады екенмін ғой.
— Қайырлы түн, әжей!..
Подъездің серіппелі есігі Ақиқат шығар-шықпастан сарт жабылып, қайтадан тым-тырыс бола қалды. Жетпіс алты пәтерлік үлкен үйдің ең жоғарыдағы бір терезесі ғана жарқырап тұрды. Шам сәулесін көлеңкелеп, шашы омырауына төгілген әйел қол бұлғады. Жоғарыға шалқая қарап Ақиқат да қол бұлғады.
— Ұшып барып, ұшып келемін, — деді ол ішінен. Түн ішінде дауыс шығарып айқайлауға болмайды ғой. Оның сыбырын естіп қойғандай, Ақлимаш бас изеді.
Қала ұйқыда болса да, көшелер жап-жарық. Асфальттар жалтырап жатыр. Көшенің ұзына бойына тізілген светофорлар түнгі иллюминациядай ойнайды. Көше бойы біресе жап-жасыл моншақ тағынады, біресе ол сарғайып барып, қып-қызыл боп құлпырады.
Бұл уақытта бір машина көрінбесе де светофорлар қалғып кетпей, қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Ал тас арықты қуалай аққан салқын су светофорға бағынбайды. Біреу қытықтағандай сылқ-сылқ күліп, сылдырап барады.
Тротуар жағасындағы бұғы мүйіз үлкен еменнің түбінен біреулер қараңдағандай болды. «Түн жамылған бұзықтар болып жүрмесін» деп Ақиқат ә дегенде сескеніп қалды. Сол сәтте басына басқа бір ой жарыса келіп, өзінен-өзі ұялды. Емен түбіндегі екеу сүйісіп тұр екен. Ойда жоқта түн ішінде тротуарда сақ-сақ басып, көше тыныштығын алып келе жатқан адамнан қайта солар қымсынғандай болды.
Аэропорттың алдында үлкен плакат ілулі тұр; шляпасын қолына ұстаған сұлу жігіт жұртты Қырымның оңтүстік жағалауларына шақырады. Оның өзінде самолетпен ұшуға кеңес береді. Әрі apзaн, әрі жылдам, әрі ыңғайлы дейді.
«Жоқ досым, біз Қырым жағалауларына бара алмаспыз. Алыстағы Арқалық даласынан егін орып жүрген «ЖВН-10» машинасын көргенше асықпыз. «ЖВН-10-ның» кереметін газеттің жүз мыңнан астам оқушысына айтып жеткізгенше асығулымыз» деді Ақиқат плакатқа ішінен жауап қатып.
Көк мұхиттың байлаулы тұрған китіне ұқсас самолет моторын от алдырып гүр гүр етті. Тып-тыныш түнді селт еткізіп азынаған дауысқа асқар тау бұрылып қарағандай болды. «Ақлимаш естіді ме екен» деп ойлады Ақиқат.
* * *
Обком комсомол секретары Нариман Мауқаев жолдас пианистке лайық салалы саусағымен ұзын шашын қайта-қайта қайырып тастап, үн қатпастан біраз отырып қалды. Оның аузынан шыққан сөз бір жаққа ұшып кетпесін деп қауіптенгендей Ақиқат Көрегенұлы секретарьдың жүзіне қадала қарап отыр. Секретарьдың аузынан шыққан бір ғана сөз арқылы өзінің тағдыры шешілетіндей болып отыр.
— Апырай-а, — деді Нариман жолдас енді сүйріктей саусақтарын сындырардай сыртылдатып, астыңғы жұқалаң ернін аппақ күрек тісімен сәл тістеңкіреп. — Машина құрғыры болмай тұр-ау. Менің машинам осыдан бір сағат қана бұрын «Рақат» совхозынан оралып еді. Шоферге бүгін сен боссын деп жіберіп едім.
Секретарь оң жағында тұрған телефонға бұрылмастан қол созып, трубкасын ұстап тұрып, қайта қойды. Тағы көтеріп, тағы қойды. Секретарь телефонның трубкасын көтереді. Сонда Ақиқат Көрегенұлы «Сарбаздар» совхозына міне-міне жетіп қалғандай болады. Секретарь трубканы орнына қоя салады. Сонда Көрегенұлына «Сарбаздар» совхозы алыстап бара жатқандай көрінеді. «Ұшып барып, ұшып келемін» деп еді ол Ақлимашқа.
— «ЖВН-10» рекордының біздің газет үшін қасқалдақтың қанындай қажет екенін түсінсеңіз, маған шын көмектескен болар едіңіз, — деді Көрегенұлы.
— Түсініп отырмын, Ақиқат, түсініп отырмын, бірақ шофері түскір түні бойы жол жүріп, ұйықтамап еді. Жастыққа басы тисе, енді тиген шығар, егер көнсе, шақырып көрейік, — деп секретарь тізесінің тұсындағы кнопканы басып-басып қалды.
— Катя, тез жүгіріп барып, Сазанбайды шақырып келе ғой, — деді Нариман көмекші қызға.
— Қырсықтау еді, келе ме, келмей ме, — деп кінәлі адамдай күлімсіреді Нариман көмекші қыз шығып кеткен соң.
* * *
— «Сарбаздар» совхозына дейін жүз сексен километр, — деді Сазанбай қалың қабағын түкситіп. Оның шала ұйқылы көзі қанталап, қызарып тұрды. — Машинаны заправить етіп алмаса болмайды. Жолдың жартысына дейін ғана асфальт, онан әрі грейдер кетеді...
Қанбай қалған ұйқының ашуы мен тынымсыз тілшілерге деген ызасын машинаның дөңгелектерінен алғысы келгендей шофер үлкен аяғымен баллондарды жағалата теуіп-теуіп шықты. Ақиқат ішінен желі шығып кетпесе екен деп тілейді. Ол Ақлимашқа «ұшып барып, ұшып келемін» деп еді. Егер дөңгелектің желі босап кеткен болса, онсыз да сіркесі су көтере алмай тұрған шофер жүрісті кешеуілдете берер деп қорықты.
Сазанбай дәл ұшында қара меңі бар етжеңді кесек мұрнын дәу жұдырығымен езгілеп уқалады.
– Алдама мені, алдама! — деді ол ақырып, өз мұрнын өзі ұрып қанатардай. — Бүгінгі тойдан қалдық қой.
— Сәке, ол қандай той еді? — деді Ақиқат шоферден, «ГАЗ-69» қала сыртына ойнақтап шыға бергенде.
Шофер Ақиқаттың бетіне алара бір қарап алды да, қос қолымен рульді қыса түсті. Машина ышқынып-ышқынып, орғи жөнелді. Спидометрдің тілі дірілдеп 90 мен 100-дің арасында тұрып қалды. Ақиқат астанадан ала келген «Аромат» сигаретінің біреуін Сазанбайға ұсынды. Шофер асфальттан көз жазбай отырып, сигаретті оң қолымен алып аузына салды.
– Бүгін туған бөлемнің үйлену тойы еді, — деді ол сигаретті қызған пропкадан тұтандырып. – Кешке дейін жетсем жеттім, жетпесем тойдан қалдым.
– Кешке дейін қайтып оралайық, тойдан қалмайсыз, — деді Ақиқат. – Ұшып барып, ұшып қайтайық.
– Әй, білмеймін, тілшілердің тіршілігі бітпеуші еді, оны-мұны деп жүріп аласыз ғой.
– Жоқ, Сәке, барамыз да қайтамыз.
Айдалада таспадай асфальт жолдың үстінде асығып келе жатқан осы екі адамның әлгі сөздерін естіп қойғандай, солтүстік батыс жақтан шудаланып бұлт шықты. Асығыс адамдармен қалжыңдасқысы келгендей, «сендерді біраз әуре етейін» дегендей, аспанды торлап жайыла берді.
Шофердің енді-енді жадырайын деп келе жатқан қабағы мына бұлтпен бірге қайта түйілді. «Асфальтта ештеңе етпес-ау, бірақ грейдерге шыққанда әкемізді танытпаса!» деп Сазанбай аспанға сабырсыздана қарады.
Спидометрдің тілі «100» деген цифрдың үстіңде қалшиып тұрды.
Машинаның әйнегіне алғашқы тамшылар тамған кезде, алдыдан грейдер шоқтығы да көрінді. Жаңбыр әйнекті сабалап-сабалап үдей түскен кезде, зауза қоңыздың кірпігіндей екі сыпыртқы жылаған шынының парлаған жасын ысқылап сүрте бастады.
Жолдың үстін лайсаң су мен шөпілдеген сансыз ақ көбікшелер басты.
От лақтырып ойнаған бұлт арасынан түскенін, жоқ әлде шелектеп жауған нөсерден пайда болғанын кім білсін, әйтеуір, жол үстінен біреу шыға келіп, машинаның қарсы алдынан қолын керіп тұра қалды. Адамдар асау атты қамалап ұстағанда осылай қолын керіп, «так-тактап» тұра қалушы еді. Мына ғайыптан пайда болған жанда сондай инстинкт бары байқалды. Әйтпесе адам ағып келе жатқан машинаны қолын керіп тоқтата ала ма!
«Бассаң басып кет, әйтпесе тоқта!» — дегендей еді жанынан безген адамның үрейлі ұсқыны.
— Әй, қырсық-ай, осы жұрт үйінде отырса қайтеді мына жауында, — деп бетін ара шағып алғандай тыржитып шофер тормозға жармасты.
Машина тірі шлагбаумға тіптен таяп қалды.
Аспаннан жаңбыр емес, шелектеп ақ арақ жауғандай, «ГАЗ- 69» сол арақтан құтырына мас болғандай, рульге әрең көніп арқырап келе жатқан. Спидометрдің сүйрік тілі 90 мен 100-дін, арасынан қыбыжықтап шықпай қойған.
Енді кенет берілген тормоздан дөңгелектердің білезік темірлері шыңғыра шиқылдап, машина екпінін баса алмай, алда міз бақпай тұрған адамның тұмсығының астына барып бір-ақ тірелді.
— Есің дұрыс па, жоқ па? — деп ақырды шофер сұқ саусағымен өзінің шекесін аяусыз тоқылдатып.
— Ес қалмады, қарағым, — деді машинаның есігінен қармана ұстап, қолы дір-дір еткен егде қазақ. Есіктің жақтауынан бүріп ұстағаны сонша, қасқыр тарамысты қайратты қоңырқай қолының саусақтары қайың ағаштың қатты бұтағындай ағарып кетті.
Машина жүріп кете ме деген қаупі зор көрінеді. Күреңіткен бетін жаңбыр сабалайды. Сом иекке шыққан бурыл сақалы Микельанджело мрамордан қашап салған Моисейдің сақалындай салаланып белуарына түседі. Тарам-тарам сақалды қуалай аққан аспан суы жаңбыр емес, мына бурыл самайлы адамның алақандай қаршыға көзінен парлап аққан ыстық жас сияқты.
— Мына кіші Жыланшықтың бойында жалғыз үй отырған Қуаныш» совхозының шопаны едік, қарағым, — деді қара ши барқыт камзолы сығып алғандай су болған адам шоферге емес, Ақиқатқа қарап. — Атым Далабай деген болады. Әйелім әл үстінде жатыр. Босана алмай қиналып өліп кететін болды. Бұдан бұрын үш баланы өлі туып еді. Оны зорманнан көріп едім. Құдайдың құдіреті де деп едім. Енді екі жыл болды, зорман аулап, Қарынбайдың қалың малын қырғанды қойдым, аңшылық кәсіпті тастап, қойға кірдім. Ендігі еңбегім адал, жазығым жоқ, құдай берсе баланы енді берер деп едім. Тағы да масқара болып қалам ба, әкетай. Қалаға жеткізіп сал әйелімді!
«Ақлимаш қандай халде?» деген ой Ақиқатқа үрей ала келді.
«О да қиналып жатпаса игі еді!»
— Түсің аппақ шүберектей болып кетті ғой, әкетай. Шын жаның ашығаны рас болса, бұр машинаңды. Бұдан бұрын бес машина тоқтамай кетті. Енді кешіксе, анау бейшара әйелдің үзіліп кететін түрі бар, — деді Далабай Ақиқатқа.
– Ақсақал, біз асығыспыз, әуре болмаңыз! — Сазанбай рульдің ортасындағы сигналды басып-басып қалды. Нөсер шуылына араласып сигнал даусы құлаққа қанжардай қадалды. — Мына кісі өкіметтің тапсырмасымен «Сарбаздар» совхозына асығып барады, бас бұруға мұрша жоқ!
– Әкетай-ау, біз де өкіметтің адамымыз ғой! — деп Далабай машинаның есігін қос қолымен қыса түсті. Темір тұлға сол қысуға шыдамағандай тұла бойы тітіркеніп, дір-дір етіп тұрды.
– Ақсақал, ішке кіріңізші не де болса. Жауынға малынып болдыңыз ғой, — Ақиқат есікті кері ашты.
– «Түсі жылыдан түңілме» деген еді, әкетай. Иман жүзді бала екенсің бөбектерің бар ма? — деп кірді машинаға малмандай болған Далабай.
«Бөбектерің бар ма?» дейді. Оған Ақиқат не десін. Бар ма, жоқ па? Ақиқаттың бөбегі өзі жоқта дүниеге келіп те қалған шығар. Әлде Ақлимаш та мына шопанның жұбайы құсап азап шегіп жатыр ма? Ұшып барып, ұшып келем деп еді-ау Ақиқат. Ақлимаш қазір өзінің Ақантайын бір көруге зар болып жатқан шығар. Дәл қазір мына Далабайдың әйелін машинаға отырғызып, қалаға кері қайтып, бүгіннен қалмай самолетке мініп, астанаға жүріп кетсе қайтеді? Редакция мұның очеркін күтіп отырған жоқ па! Жексенбі күннің макетінен үш жүз жол орын бөліп отырған жоқ па! Оларға не бетін айтып барады?
Ақиқат әрі-сәрі болып отырғанда, шофер Далабайға қарап:
— Кәне, ақсақал, түсіңіз, бізді ұстамаңыз, асығыспыз! — деді. Мұрнын тағы да умаждап-умаждап уқалап қойды.
— Қой, әкетай, жылатпа мені, — деді Далабай Сазанбай мен Ақиқатқа кезек-кезек жаутаңдап қарап.
— Сәке, бұр машинаны... — деді Далабайдың көзіне көзі түсіп кеткен Ақиқат.
— Есіңізде болсын, мен енді Нариман Мауқаев тұрмақ оның ар жағында тағы бір дәу бұйырса да, мұнда қайтып оралмаймын! — деді шофер.
— Сенің қайтып келмейтініңді өзім де білемін.
— Көсегең көгерсін, әкетай шырақ... — Далабай сөзін айтып болмай өксіп жіберді.
«ГАЗ-69» «Сарбаздар» совхозына жетпей грейдерден шығып, лайсаң қара жолға түсіп, кіші Жыланшықтың бойына қарай кетіп бара жатты.
* * *
— И-а-а, Бабай түкті шашты Әзиз, — деді көрпе жамылып, бір қолымен керегеден ұстап, бір қолымен ала шұбар сандыққа жармасып, көгерген ернін тістелеп тұрған әйел шаңырақтан аспанға алара қарап.
Оған жауап ретінде Бабай түкті шашты Әзиз аспаннан от қамшысын шарт-шарт еткізіп:
«Қарыстыр жағыңды!» — дегендей болды.
— Иа-а-а, аруақ! — деді толғақ қысқан әйел даусы жарықшақтанып.
Оның сонда көрген азабынан аруақтардың да жаны шошып, бұлттың ара-арасымен тым-тырақай қашып, гүрілдеп-сарылдап алыстап бара жатқандай болды.
— Ей, жазған, Күлше-ай, аруақтың басын ауыртып қайтесің. Тұр! Өлмегенге өлі балық жолығып, машина келіп қалды. Бол жылдам, әне-міне дегенше роддомға апарып салады. Жарық дүниеден әлі татар дәм-тұзың бар екен Күлше! — Далабай жұбайына қыжым пальтосын кигізіп, колтығынан көтерді.
— Осы жұрт космос корабльдері заманында да дінге сенгенін қоймайды, — деп күңк етіп, Сазанбай да әйелдің бір қолтығынан демеді.
Машинаға төңкеріліп әрең кірген Күлше бейне бір ән салардай даусын созып:
— Байғұс-ау, малды кімге тастайсың? Мына алай-түлей боз боранға тапсырасың ба, ит-құсқа тапсырасың ба? — деді.
— Апыр-ай, естің шыққаны сонша, мал ойда болмапты ғой, қайттім! — Далабай жыңғылдан соққан қорада жауыннан ығып тұрған қойға қайта-қайта қарады.
— Мен қалсам қайтеді, Күлше? Бір құдайға тапсырдым, онан соң мына балаларға тапсырдым. Апарып салар роддомға.
Әрине, Ақиқат пен Сазанбай апарып салады. Ақиқат кешкі самолетке билет алады. Ол Ақлимашқа «Ұшып барып, ұшып қайтамын» деп еді ғой. Ақлимаштың да ай-күні жетіп қалып еді. Қиналып қалмаса қайтсін...
– Ойбай, жолда бірдеңе боп қалса, танымайтын бала-шағаның алдында айра-жайра... — Күлше көзін тарс жұмып, ернін қымқырып басын шайқады.
– Енді қайттім! Әшейінде тыным таппайтын завфермамен зоотехник те мұндайда келе қоймайды. Малды кімге тастадым! — Далабай жayынға жон арқасын тосып тұрған қойға қарады. Қысы-жазы бір тұяқ, шығындатпай, шырылдап жүріп өсіріп еді, шынымен есіл еңбек ит-рәсуа болғаны ма. Далабай совхоз орталығынан келетін қара жолға қарайды. Жауын буалдырынан Жыланшықтың жер қабағы қарауытып көрінеді. Келе жатқан жан жоқ. Далабай жалтақтайды. Біресе әйеліне қарайды, біресе мың қаралы қойға қарайды. Оның бұрыл басы бұрылған сайын, Микельанджело Моисейдің сақалындай шуда сақалы желкілдейді.
– Ой, қу маңдай, болсаңшы, қиналды ғой жане-е-ем, — деген жарықшақ даусы шығады Күлшенің.
Қазір бұл ерлі-зайыпты екеуінен де гөрі Ақиқат қатты қиналған сияқты. Ол өзі машинадан қалай түскенін білмей қалды.
— Отырыңыз, ақсақал, — деді Далабайға. — Малыңызға мен қарай тұрайын.
— Күнім, күнім! Күнді бұлт жасырды ма десем, қасымда екенсің ғой! — Далабай даусы дірілдеп буын-буыны босағандай машинаға әрең мінді.
— Есіңізде болсын, мен қайтып оралмаймын, — дейді Сазанбай мұрнын тағы да уқалап.
— Келмейтініңді білемін, Сәке. Сені мұрның алдамаған екен. Тойдан қалмайтын болдың! — деді Ақиқат.
Машина жауын буалдырынан көрінбей кетті.
Адамдардың достығын көре алмағандай қара бұлттар күңіреніп, долданғаннан бірін-бірі сарт-сарт сабалады.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: