Әңгіме: Василий Шукшин | Әйелі ерін Парижге аттандырды

Әңгіме:  Василий Шукшин | Әйелі ерін Парижге аттандырды

Колька Паратов әрбір апта сайын сенбі күні кешкісін қора ішінде концерт береді. Үш қатарлы гармонын алып шығады да онысын құлаштай түсіп, әнге басады:

Күйеуіне Париж жаққа аттанған

Салды әйелі жолыңа деп кепкен нан...

Ара-арасында Колька бөксе жағын бұлтыңдатып билеп те алады.

Тара-рам, тара-рам, та-та-ра-рам

Три-рам, три-рам, та-та-та.

Кешкілікте тұс-тұстан қораға шыға қалған кемпірлер күледі. Үйді-үйлеріне кірмей тыста жүрген балалар да мәз-мейрам болады.

Ал ішінен тұрды әйелі күбірлеп:

Құрысаңшы, құрыр болсаң бүгін деп.

Тара-рам, тара-рам, та-та-ра-рам.

Колька қоңырқай көзді, ашаң жүзді, бұйра шашты әсем жігіт. Бойшаң болмағанымен мытым денелі, апайтөс – сібір жігіті, мұндай жігіттер 1941 жылғы Москваның есінде. Көзі оттай жайнаған ақ тонды жігіттер күн демей, түн демей көшелермен ағылып, өзінің сол кейпімен алып қалаға медеу болған-ды.

— Коль, "Цыганочка" биіне бас!

Колька сенбі күнгі ішкіліктің әсерімен көңілді жүретін.

— Валюша? – дейді ол жоғарыға мойнын созып маған штиблетімді лақтыршы, жолдастар "Цыганочканы" билеп бер дейді.

Валюшаның тыңдағысы жоқ, ол Колькаға ашулы, осы бір концерті үшін оны жек көреді, жұрттан ұялады. Валюшаның назар аудара қоймасын Колька біледі, бірақ сонда да даусын құйқылжыта өзгертіп шақырғанын қоймайды, оның мұнысына жұрт мәз болады.

— Валюша-ау! Бір көзіңмен немесе сол аяғыңмен болса да белгі берсейші. Ау-у!

Жұрттың бәрі күліп, олар да жоғарыға көз тігеді. Валюша шыдай алмайды: үйдің үшінші қабатындағы терезе сарт етіп ашыла кеткенде Валюша да аяқ қаптай омырауымен терезенің жақтауына сүйене тұрып:

— Мен саған белгіні қазір басыңнан кәстрөлмен ұрып беремін, ләухи! – деп тепсінеді.

Төмендегілер ду күлсе, Колька да күледі.

Бір ғажабы, Кольканың көзінде күлкі нышаны білінбейді, Валюшаға ол байсалды кейіппен қарайды, әйелін қояр да қоймай жұрт алдына жұлына шығуға мәжбүр еткеніне және оның өзін-өзі ақылы аз бейапар, былайша айтқанда, ақала екенін көрсеткеніне көңілі толғандай болады. Колька әлдебірдеңе үшін әйелінен өш алардай еді, бірақ сондағы кейпі бұған ұқсамайды және ешкім де солай екен деп жорымайды, жігіт мұны күлкі үшін істейді деседі.

Бұл уақытта Кольканың айналасына үлкен-кіші кісілер топырлай жиналып қалады.

— Нешінші қалып киетін едің, Коля? – деседі.

— Фиер цванцихь қырық екінші.

Колькаға олар туфли береді (ол шабата киіп жүретін), сонан соң Колька биге басады... өзін-өзі ұмытып, келістіре билейді. Бірде байсалды, бірде тіпті айбатты да кейіпке түседі. Үш қатарлы гармонь қолда ойнап, "цыганочканы" шама-шарқынша сүйемелдеп, керек жерінде тына қалады да аяққа жол береді... Аяқ дәл де нақ қимылға көшіп, туфлидің бірде тұмсығы, бірде өкшелері асфальт үстінде сатыр-тұсыр қағады. Гармонь тағы да бебеу қағып, Кольканың ұяң да бұйра кекілі тершіген маңдайын желпиді. Жігіттің ішке бүккен мұңды шерін тарқатып жүргенін сезгендей-ақ, айналадағылар үн-түнсіз қалады. Үйдің үшінші қабатындағы терезенің әсем пердесінің бір шетін сырып тастап, өзінің "әулекісіне" Валя да қарап тұрады. Ол да зейін қоя қарайды. Оны да өзін-өзі ұмытқан долы "цыганочка" билеп әкетеді. Колька осыдан үш жыл бұрын әp мінезді Валяны осы "Цыганочкамен" "дуалаған-ды". Не дегенмен мұндай сәттерде ол күйеуін жақсы да көретін.

Сібір жігіт Колька Валюшамен барып тұрған малғұндық тәсілмен сырттай танысты. Мұнымен бірге әскерде қызмет істеп жүрген кезінде Валяның ағасы жолдастарына қарындасының суретін көрсеткен-ді. Бірден-ақ бұған бірнеше солдат жүрегі елжірей елітті Валя әдемі болатын. Бәрі де қыздың тұрағын сұрады, бірақ ағасы мекен-жайды басқаға емес, өзінің жақсы көретін досы Колькаға ғана берді. Колька Москваға суретін, оған қоса "әралуан сөздер" жазып хат жолдады. Валя жауап қайтарды. Арада хат алысып, хат берісу басталды. Колька Валяның ағасынан бір жас үлкен еді, әскерден бұрын босады да, Москваға жалғыз аттанды. Кольканы көруге Валяның барлық туысқандары жиналды. Колька солардың бәріне де, Валяға да ұнады. Бір ғана пәстеу жері: солдаттың сырдай сопа басы, жалбыраған кекілі, бұдан басқа дәнеңесі де жоқ, ең бастысы ешқандай мамандығы және жоқ еді. Солай бола тұрса да, ердің қосы жүре түзеледі дескен-ді. Сонымен Колька Москвада қалып қойды, ауылына барып шешесін де көре алған жоқ.

Колька мен Валя отасып тұрып жатты, бірақ бірте-бірте екеуі бір-біріне мүлде жат жандар екені анықтала бастады. Тек кешірек соғып қалды: бір жыл өткенде дөңгелек жүзді, аппақ манардай сүйкімді Нина туды... Колька қазыққа мықтап байланғанын сезді. Жақын-жуық туысқандары көптеп-көмектеп бұларға екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Валяның туыстары ата-бабасынан бері қарай шетінен тігінші болатын, Валяның өзі де шебер тігінші. Колька бір жерге тұрақтамай, жұмыс орнын сан рет өзгертумен болды, бірақ қайда барсын айына жүз, мықтағанда жүз жиырма сомнан артық ақша таба алған жоқ. Ал Валя үш жүз сомнан "таза" табыс тауып отырды. Валя телеграфист, бір тәулік жұмыс істейді, екі тәулік үйінде іс тігеді.

"Өзара түсінісу" мынадан басталды: көп кешікпей-ақ Колька әйелінің адам таң қаларлықтай нысапсыз, ақшақұмар екенін білді. Бүйтуге болмайды деп оған ықпал жасамақ боп көрген еді, бірақ Валя бет қаратқысыз етіп тауанын қайтарып тастады.

— Ақыр-аяғы біздің деревняның әйелдері де тап мұндай ақшақұмар емес...

— Деревняңмен қоса құры, – деді Валя. – Жүре бер сол деревняңда, мұнда сенің ешкімге керегің жоқ!

"Деревня" болса да, ол саңылаусыз жігіт емес еді, тағдыр мені бұл сияқты көк айылға кездестіреді деп ешқашан ойлаған да, білген де емес-ті. Әскерде жүрген кезінде ол босағаннан кейін қалай өмір сұру жайын коп ойлады: біріншіден, кешкі мектептен оқып онжылдықты бітіру керек (оның тоғыз сыныптық білімі бар-ды), екіншіден...үшіншідені де, төртіншідені де, бәрі де іске аспай қалды. Алғашқы жылы ол қолайлы жұмыс іздеп сабылды (неге екенін өзі де сезбестен, "қолайлы" жұмысты өзіне емес, әйелі Валяға іздеді) ондай жұмыс табылмай, одан күдер үзген соң өзі сауда жүйесінде жүк тиеуші болып қала берді. Бұдан соң қызы дүниеге келді де, барлық бос уақытын соның тәрбиесіне жұмсауға тиіс болды, өйткені сараң Валя бала күтетін әже жалдап алмады, "өзі бас алмастан іс тікті". Сөйтіп, Кольканың онжылдығы атаусыз қалды. Колька қызын аула ішінде орындыққа отырғызып қойып, оған гармонь тартып беріп, қылжақ өлең айтты:

Армандап жүрдім сені текке, білем,

Үмітім болды ғайып неге менің:

Жанымнан жымия бір өткеніңмен,

Сен мені кісі екен деп елемедің.

Қызы күлді, ал дәрменсіз де ызалы Колька жылауға шақ қана қалды. Ол өзінің деревнясына кетіп-ақ қалар еді, онда қызынан қол үзіп қалатыны есіне түседі де, мысы құрып сала береді. Жоқ, бұған оның жүрегі дауаламайды: мейлі ол үш жерден сібірлік болсадағы, ауыртпалыққа төзе беретін қажырлы болсадағы, бұған бара алмайды. Басқа да емес, бұл қолдан келмейді.

Бұдан жарты жыл бұрын Кольканың шешесі келіп кеткен. Валя оны әдеппен қарсы алды, бірақ енесі бәрібір одан қорықты, пәтеріне аттап баса алмады, немересін алдына алуға да батпады... Колька шешесіне қарай түсіп қынжылды. Екеуі бір сәт оңаша қалғанда ол шешесіне:

— Шеше, мұның қалай? – деді.

— Не?

— Тым болмаса немереңді қолынан да ұстамадың ғой.

— Қорқамын, балам, сөйтіп жүріп бірдеңені бүлдіріп аламын ба деймін.

— Ту, сізге не болған?..

— Онда тұрған не бар? Сендерді көрдім, болды, құдайдың мұнысына шүкіршілік. Жақсы тұрады екенсің, балам, жақсы. Бұдан артық не керек, бәрі де сәтті болған! Тұра бер. Келіншегің жаман емес. Рас, тік мінезділеу екен, бірақ әлдеқалай былжыраған салдыр-салақтан гөрі сонысының өзі жақсы. Үй иесі. Өмір-жастарың ұзақ болсын!

Шешесі осылайша балам жақсы тұрады екен деген оймен аттанып кетті.

Шешесі кеткен соң ерлі-зайыптылар отбасы ұрсысып қалған еді, Валя ерін намысына тие шағып алды:

— Сенің шешең қандай адам?.. Келді де ыздиып отырып алды. Не тамақ дайындаған жоқ, не немересін алдандырмады... Жатып ішер ақсаусақ екен.

Колька әйелін алғаш рет сонда желкеден түйіп жіберді. Валя бір ауыз сөзге келместен әке-шешесінікіне кетіп қалды. Колька Нинаны ертіп дүкенге барып ішіп алды да, үйіне қайтып келіп Валяны күтті. Атасы мен енесі келген еді, бұған олармен тіл табысу қиын еместей көрінді.

— Сен байқа, бала, байқа! – Атасы мен енесі қосарлана сөйлеп, үстелді саусақтарымен тырсылдата бастады. – Көзіңді ашып қара! Сен қол жұмсағаның үшін әп-сәтте Москвадан қуыласың. Қарай гөр мұны! Біз оны сен сабасын деп өсірген бе екенбіз! Әліңе қара! Валя сенің теңің емес. Жақсы жігіттердің, инженерлердің де көзіне түскен.

— Сіздер қалайша жаза басып қалғансыздар? Шу дегенде кез келе кеткенін, инженерін түп етектен алып АХАЖ-ға (ЗАГС) апару керек еді ғой. Әлде олар сіздерден айласын асырып кетті ме екен? Өз көңілдерін тындырып болғаннан кейін ши түбіне бұға-бұға қалған болар. Қалайша ғана ауыздарыңызды ашып қалғансыздар?

Осы арада олар енді Колькаға үшеу боп жабылды:

— Ләухи! Иттің баласы!

— Біз қазір милиция шақырамыз! Шақыру керек!..

— Дайын дүниеге ие бола кетіп, онымен де тұрмай!.. Иттің ғана күшігі!

— Жексұрын жалаңбұт!

— Лоухи!

Нина жылап қоя берді. Кольканың өңі қашып сұп-сұр болып кеткен еді. Ет шабатын балтаны ала сала атасына, әйелі мен енесіне тұра ұмтылды. Баяу да болса нық үнмен:

— Айқайды қоймасаңдар, сен өлімтіктерді... табанда түгел жайғаймын!

Осыдан былай қарай-ақ ерлі-зайыпты Паратовтар өздерінің тұрмысы қайтып оңалмастай сызат бергенін түсіне бастаған. Екеуі бұрынғыдай емес, өзімен-өзі еркін жүретін сыңай да білдірген болатын. Кешкілікте Валя бір жаққа кетіп те қалып жүрді.

— Қайда барып жүрсің? – деп сұрады Колька ашуын ішке бүгіп.

— Тапсырыс иелеріне.

Сөйте тұра екеуі де бір төсекте жатады тағы да.

— Иә, тапсырыс иелері не деді? – Колька түнде әйелін жұмсақ жамбасынан сипап қойып күлді. Бұл жалған емес, шын, әлдебір ыза аралас күлкі еді.

— Милау, – деді Валя жаймен. – Ойлама, мен ондай адам емеспін.

— Сіз ондай емес, – деді Колька құптағандай боп. – Сондайлар санатындағы адамсыз.

Жексенбі күндері үшеуі (қызымен) бір жерлерге барып жүрді.

Үш рет ХШТК-де (Халық шаруашылығы табыстарының көрмесінде) болды. Кәуапханаға соғып, Колька шашлық, бір бөтелке жақсы шарап алды, қызына конфет сатып әперді... Шарап ішіп жақсы отырып тамақтанды. Колька әйеліне ұрлана қарап, ойға қалды:

"Осы біз не істеп жүрміз? Не істеп жүрміз екі ақымақ? Жақсы тұруымызға да болады емес пе. Басқалар солай істеп те жүр ғой!"

Көрмеден әp алуан нәрселер көрді. Колька ауылшаруашылық машиналарына құштар, тракторлардың, тұқым себетін, егін оратын машиналардың жанына келіп ұзақ тұрады... Ой деген жүйрік: бір сәт машинаны тастай бере ыршып кетіп, мұның сонау туған жерінен барып бір-ақ шыққан еді, Кольканың іші удай ашып қоя берді. Ол өзінің басынан қандай күн кешіп жүргенін жақсы түсінеді осы да тұрмыс болып па, жиіркенішті, бойға қорлық, игіліксіз бірдеңе... Істерге жұмыс жоқ, жаның құлазып, теке-тіресті, ұсақ-түйек удай ащы сезімге жем болып барады. Сауда төңірегіндегілермен бірігіп арақ ішуді үйренді. Жұмыс істеп жатқан олар жоқ, подвалда отырып алып үш-төрт бөтелкені төңкеріп тастауға әзір (жүкшілерге клоундар сияқты қаннен-қаперсіз, беттері шартабақтай ет сатушылар қосылған) Енді не қалды? Қалғаны да оңып тұрған жоқ. Осы бір жексұрын "не қалдының?" байыбына бармас үшін Колька өзінің деревнясын, шешесін, өзенін ойлай бастады... Жұмыста да, үйде отырып та ойлады, күндіз де, түнде де ойлады. Бірақ сонда да жанын жегеннен басқа ештеңе ойлап таба алмады, көңілі ішкілікке ауды.

"Амал нешік?! Балаларын тастап кетіп жатқандар да аз емес! Бәріне де айыпты мен боламын да?"

Жұрт әлдеқашан үйді-үйіне тартап кеткен... Колька мұңды бірдеңені жаймен естілер-естілместей саумалап тартып отыр. Ол ойға кетті. Ой соңында бүкіл өз деревнясын кезіп, оның бұрыш-бұрышын түгендеп шықты. Ағынды, мөп-мөлдір өзен жағасына барып отырды... Егер жалғыз өзі келсе, шешесінің жылайтынын Колька сезеді: іштен шыққан баланы тастап кету кешірілмес күнә. Қайтып бар деп жалынады... О, жасаған! Енді не істеу керек?

Үшінші қабаттағы терезе ашыла қалды.

— Сен солайша ырылдатасың да отырасың ба? Жұртқа мазақ болып біткен едің, енді оларды ұйықтатпауға қалдың ба. Ләухи-ау! Осындағы барлық пәтердегілердің қазіргі қарғап-сілеп жатқаны сен.

Кольканың үндегісі келмеді.

— Естимісің? Нина ұйықтамай жатыр! Жын жайлаған пері.

— Пештің көмейін біте. Терезені жап, сонда ұйықтайды.

— Ләухи.

— Салдақы.

Терезе жабылды, бірақ сәлден соң қайта ашылды.

— Мен сенің көрмеде нені арман еткеніңді біреулерге айтамын: "Менің мынадай кішкентай тракторым, кішкентай комбайным, он гектар жерім болса" дегенсің. Кулактың құйыршығы. Ауылыңа неге бармадың? Колхозға кіргің жоқ қой? Шешең екеуің жекеменшік тұрмысты аңсайтын боларсың? Колхозда болуды ұнатпайсыңдар ғой? Қасақылар. Тоғышарлар.

Ең бір жантүршігерлік нәрсе: Кольканың туған әкесі, үлкен әкесі, басқа туыстары сіңірі шыққан кедейлер екенін, өткенде колхозға бірінші болып ең алдымен кіргенін Валя біледі. Колька оған айтқан болатын. Колька гармонын орындықтың үстіне қойды... Жетер енді! Істі тындыру керек. Өзі тілеп алған бұл азап оны енді жарымес маскүнемдікке ұрындырады. Бұдан қалай да құтылу керек.

Ол өзінің үшінші қабатқа қалай шыққанын білмей де қалды... Бөлмеге кіріп келді. Бір сұмдықтың боларын сезген Валя, қызын құшағына ала қойды.

— Тиісіп көр! Тиісіп көр, ер екенсің!..

Колька қалш-қалш етіп, жаны сая табар емес.

— Қ-қоя бер баланы? – деді ол тілі күрмеліп.

— Тиісіп көр!..

— Бәрібір мен сені бүгін өлтіремін... – Колька қайран қалды, бұл сияқты жан түршігерлік сөзді өзі емес, басқа біреу, ойланып-толғанып айтқан сияқты көрінді оған. – Тағдыр сағатың жетті... Жарық дүниеде жүргің келмейді екен ғой? Иманыңды айта бер. Мен сені осы бүгінгі түннен қалдырмай жазалап өлтіремін. – Колька ас үйге барып үстелдің ұясындағы балтаны алды... Аспай-саспай қимылдайды. Қалшыл басылған. Су ішті. Шүмекті жапты. Шүмекті қайта ағытты да, мұны неге ағыттым деп ойлады.

— Мейлі, су осылайша аға тұрсын, – деді. Бөлмеге келіп кірсе, Валя жоқ екен. Екінші бөлмеге келген еді, онда да жоқ.

— Қашып кеткен екен ғой. Кіреберістегі баспалдақ алаңына шығып сәл тұрғаннан кейін үйге қайта кірді. Сөйтсе керек.

Балтаны орнына қойды. Ac үйде әрлі-берлі жүрді. Тығулы тұрған жерінен бөтелкедегі арақты алып, одан бір стақан құйып алды да бөтелкені қайтадан орнына қойды. Стақанды қолына алып біраз тұрды да арақты қолжуғышқа төге салды.

— Масайратып қоймаспын, сұмырайлар. Отырды... Бірақ іле-шала қайта тұрегелді ас үйдің іші қоқыс сияқты көрінді. Қолына сыпырғыш алып еденді сыпырды.

— Солай ма? – Колька өзіне-өзі сұрақ берді. – Демек, әйелі ерін Парижге аттандырды деген осы екен ғой? Терезенің желдеткішін жапты. Есікті де жапты, шылым шекті, түтінді үсті-үстіне үш рет суыра тартқан соң, шылымды өшірді. Қолына қарындаш алып газеттің шетіне ірі әріппен:

"Қызым, папаң жолаушылап кетті" деп жазды.

Газетті көрнекті жерге қойды... Сонан соң газдың екі бірдей оттығын ашып тастады...

Таңертең ертемен Валя, атасы мен енесі келгенде алақандарын бетіне төсеп, ас үйдің еденінде Колька жатты. Баспалдаққа дейін газ иісі аңқып тұр.

— Хайуан! Керек десе газды да... – Бірақ Валя бірден түсіне қалды да ойбай салды.

Енесі жүрегін қолымен басып, мықшиып тұрып қалған.

Атасы Кольканың жанына келіп, оны аударып шалқасынан салды...

Кольканың көзден аққан жасы құрғамапты... Сарғыш кекілі ұйысып бір жағына ауа құлап қалған. Атасы Кольканы олай-былай қозғап байқады да, саусақтарымен оның көзін жұмды... Осыдан соң Кольканың денесін алғашқы жатқан қалпына қайтадан келтірді.

— Мұны енді... милицияға...деді.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Василий Шукшин Әйелі ерін Парижге аттандырды туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Василий Шукшин Әйелі ерін Парижге аттандырды на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]