Әңгіме: Бейімбет Майлин | Мұқыл сиыр қызыл бұзау

Әңгіме:  Бейімбет Майлин | Мұқыл сиыр қызыл бұзау


Берденде айнала санағанда үш-ақ тұяқ бар: жауыр қара ат, мұқыл сиыр, қызыл бұзау. Ашаршылық, жұттан бері осы үш малының саны артқан да емес, кеміген де емес.

Қатыны Кәкіш ашуына мінгенде Берденді кейде бүріп алады:

— Жұрттың бір малы екеу болып, ілгері басып барады. Ашаршылық жылы Дәуқараның адал қарасы қалмап еді, осы күні 10 шақты мал қылып алды. Сенің берекең жоқ, ырысың жоқ — деп күйдіреді.

Кәкіштің ашулы сөзіне Берденнің құлағы үйреніп болғандықтан елемейін десе де, адал қарасы жоқ адамдардың жылдан жылға мал санын арттырып бара жатқандығы есіне түскенде Берден ойланады:

"— Апырмау, солар қалай өсіреді екен? Мен ретін келтіре алмай қойдым: азғана астық ішуден артылмайды. Жалғыз сиырдың бұзауы жыл сайын жұмсалумен келеді — бір жылғысын баламның қайнына қалың малға бердім, келер жылғысын қатынның төркініне азаға салдым, былтырғы бұзауын құдаға сойып берген тоқтының төлеуіне бердім. Осының ішінде орынсыз жұмсаған жерім бар ма? Жарлымын деп жегжат адамдармен алыс-беріс қылмай қалай тұрасың? Жыл тәулігінде келетін құдаға тоқты соймай неғып шыдарсың?!.." Берденнің ойы қызыл бұзауға келіп тоқырады. Қызыл бұзау — ұрғашы. Қызыл бұзау қолда тұрса, бірер жылдан соң бұзаулайды. Сиыр болады. Сиырдың саны екеуге толады. Екі сиыр бұзауласа, жылына екі төл қосып отырса, Берден ілгерілемегенде, кім ілгерілейді?!..

Берден қуанған немедей Кәкішке күлімсірей қарады:

— Қатын, сенің дегенің де болсын. Қызыл бұзауды жұмсамайық. Бұзауласын, сиыр қыларсың,— деді.

Кәкіш байының бетіне ажырайып қарады да, үндемеді, іші елжіреп сене қоймағандай пішін көрсетті.

* * *

Мұқымның үйі ала сиырын соғымға сойып жатыр деген соң, Берден таяғын артына кесе көлденең ұстап, аяңдап сонда барды. Есік алдындағы жалаңға қамысты төсеп жіберіп, Мұқым мен Есен ала сиырды ақтарлап жатыр екен. Мұқымның қатыны мен тағы бір әйел ішек-қарын аршып жатыр.

— Уа, соғым шүйгін болсын!

Мұқым:

— Айтсын! — деді.

Мұқымның қатыны жаратпаған пішін көрсетіп:

— Соғымыңды дайындап жатырмыз, — деді.

— Әбден болады. Біздей еті жоқтарды асырамасаңдар, сендердің байлықтарыңнан көретініміз не?!

— Әбден, берейін деп жатыр едім... Қит етсе бай дегенді шығарып алыпты. Сенің малыңды біз тартып алдық па? Бай болсақ, тиісті налогімізді тартып отырмыз. Ешкімге жалпаңдап қаранар жайымыз жоқ... Өткен жылы ылғи қара таяқты тойдырам деп жазға бір түйір сүр шығара алғаным жоқ. Біздей соғым сойған Бырқылдақтың үйі бір сөре сүрді Егінкөлдің басына алып барды...

Бәйбішенің мінезінің терістігі бұрыннан да мәлім ғой, әйтсе де, Берденнің өңменінен өтіп кетті. Соғымсыз отырса да Берден бұл үйге телміріп көрген жоқ еді. Ет берсе, бәйбіше аяп бермейтін. Мұқымның үйінің бар тігіні Берденнің мойнында, ақысыз-пұлсыз тігіп беріп, бүтіндеп отырады. Сөйтіп отырып-ақ, бәйбішенің айтып отырғаны мынау!

Берден тұрып жүре берді. "Қуырдық же" деп Мұқым да қатыны да айта алмады.

* * *

— Қатын, қызыл бұзауды сояйық.

— Не дейді, сорлы-ау, "сиыр қыламын, бұзаулатасың" дегенің қайда?

— Үйренген кедейлік қой, жалғыз сиыр да жарар. Мұқымның үйіне ерегіскенде өзім соғым соям. Салмалап ішіп отырып қыстай тігін тіксем, жазға шейін бір бұзауды қайтсем де табармын.

— Байғұс-ай, тігін тігіп мал тапсаң, артық болар дейсің бе? Қысқа жетерлік астығың бар. Бөртпеге жетерлік тары-талқаның бар. Ет жемегеннен өлмеспіз ғой...

Қатын тілін алатын Берден бе, қара пышағын қайрап алып, қызыл бұзауды албардан жетектеп шығып, төрт аяғын байлады. Қара пышақпен тамағынан орып жібергенде, қатыны өзін бауыздағаннан жаман ышқынып, жыламсырап үйге кіріп кетті...

Берденнің ойы жүзеге шықпады, қызыл бұзаудың да өзіне лайық қонағы болды. Бір айға жетпей еті бітті. Етке дәндеген Берден бұрынғы сертін бұзып, Мұқымның үйінің тігінін тікті. Мұқымның үйінің етінен жеді.

Жазғытұрым мұқыл сиыр көтеремге шалдығып, суат басына барған жерде құлап өлді. Берден сиырсыз қалды. Қызыл бұзауды қатадан сойғанын енді сезді. Қатынының жылап отырып айтқан сөзі сай-сүйегін босата бастады:

— Қатын, менікі қата екен. Енді сиыр бітсе, бұзауын жұмсамасқа ант ішейін. Ет үшін тігін тігуді қойып, әлімнен келсе, мал табуға кірісейін. Мұқымның оңдырмайтынына енді көзім жетті,— деді.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Бейімбет Майлин Мұқыл сиыр қызыл бұзау туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бейімбет Майлин Мұқыл сиыр қызыл бұзау на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]