Әңгіме: Джек Лондон | Өмірге құштарлық

Әңгіме:  Джек Лондон | Өмірге құштарлық


Сылти басқан олар жыраға қарай құлдилап түсе бастады да, алда келе жатқаны бейберекет шашылған тастар арасында сүрініп, теңселіп кетті. Өздері қалжырап біткен, жүздерінен ұзақ мұқтаждық ізі мен күйзелісті көнбістік қана аңғарылады. Иықтарындағы қайыс таспалармен шандылған зілдей тендер еңселерін одан әрмен езе түскен. Екеуінің де арқасында мылтық. Екеуі де бастарын төмен салбыратып, көздерін жерден алмастан бүкжеңдей түседі.

— Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, — деді бірі үнсіздікті бұзып.

Оның даусы еш сезімсіз, салғырт естілген. Жүдә енжар айтқаны соншалық, тастарға соғыла ақшулан түспен көбіктеніп аққан суды енді кеше бастаған серігі жақ жарған жоқ. Әлгінің соңынан жолдасы да суға аяқ басты. Ағын су сүйектен өткен мұздай болғанмен — суықтығы соншалық, балтырлары мен башпайлары мүлдем жансызданып сала берсін, — олар аяқ киімдерін шешкен де жоқ. Кей тұста су тізелерінен асып, тірегін жоғалтқан әлгілер теңселіп-теңселіп кетеді.

Жүргіншінің бірі жылтыр қойтаста тайғанақтап, құлап түсе жаздады да, жан даусы шыға шыңғырып жіберіп, сөйтсе де аяғында тік тұрып қалған. Сірә, басы айналып кеткен болуы да керек теңселген күйі қолдарын ербеңдете түсіп, ауаны құр қармағандай болды. Бойын әрең билеп, алға қадам басқаны сол-ақ ізінше қатты: теңселіп кетіп, тағы да омақаса құлай жаздасын. Сол сәтте кілт тоқтап, серігіне көз тастады: анау болса жүрісін кідіртпестен алға озып барады, ол ол ма, бұрылып қараған да жоқ.

Біршама ойланғандай болып, қимылсыз тұрып қалған ол іле шала:

— Тыңдашы, Билл, мен тобығымды тайдырып алдым! — деп айқай салды.

Билл ақшулан суды кеше одан әрі ілбіп бара жатыр. Бір рет те бұрылып, соңына көз тастар емес. Екіншісі оның соңынан көз алмай қарап тұр, жүзіндегі енжарлық сейілмесе де жанарынан жаралы бұғыдай ауыр күйзеліс жылтырап аңғарылды.

Билл болса ендігі қарсы жағалауға өтіп, одан әрі сүйретілеп ұзап бара жатқан. Жылғаның ортасында тізеден су кешіп тұрған байғұс оның ізінен көз тайдырар емес. Еріндерінің қатты селкілдегені сонша, жез сымдай тікірейген жирен мұрты да қайшыласып кетті.

— Билл! — деп дауыстады тағы да.

Бұл — пәлеге ұрынған адамның жанұшырған айқайы болатын, амал қанша, Билл мойнын бұрған да жоқ. Жолдасы әлгінің ақсаңдаған күйі сүріншектей басып, жатаған төбенің ұшпасы толқынды көкжиек болып керілген жайуат беткеймен ебедейсіз қалыпта сүйретіле өрмелеп бара жатқанына көз алмай ұзақ қараумен болды. Билл жарқабақтан әрі асып, мүлдем көрінбей кеткенше бақылауын қойған жоқ. Содан кейін ғана теріс айналып, Билл өзін жапа-жалғыз қалдырып кеткен маңайдағы өлі кеңістікке асықпай әрі енжар көз жүгірткен.

Күн көкжиектен сәл биігірек, қою тұман мен көлкілдеген мұнар арасынан өлмеусірей сығыраяды; көз шалынар шекара мен бұдыр жоқ, қалың мұнар болып сырғыған тұман ғана. Бар салмағын бір аяғына ауыстырған жүргінші қалтасынан сағатын суырды. Сағат төрт болып қалыпты. Соңғы екі аптада уақыттан да жаңылды: тек шілде айының аяғы мен тамыздың басы болғандықтан күн солтүстік-батыстан көрінуге тиіс екенін жақсы біледі. Түстікке көз жүгіртті; мынау тұнжыраған төбелердің ар жағында Үлкен Аюлы көлі жатқанын және тұп-тура сол бағытта Канаданың шалқар жазықтары бойымен Поляр шеңберінің үрейлі ендіктері өтетінін де пайымдаған. Бұл ортасында тұрған жылға Коппермайн де терістікке қарай толқындарын қуалап, Тәж кию шығанағына, Солтүстік Мұзды Мұхитқа құяды. Өз басы ешқашан ол жақта болып көрген емес, тек бірде Гудзон шығанағы Компаниясының картасынан осы өңірді байқап қап, үнсіз шолғаны бар.

Қарақан басы ғана қалған кеңістікті тағы да көзімен шолып шықты. Айнала ұнжырға езген сүреңсіз, жадау өлке. Жатаған төбелер бір-бірінен аумайтын толқынды белдеу болып көкжиекпен астасып жатыр. Ағаш немесе тырбық бұталар, шөп екеш шөп көзге ілінбейтін ұшы-қиырсыз әрі сондай қорқынышты өлі кеңістік қана құріліп жатыр — жанарында үрей табы жалт етті.

— Билл! — деп ақырын күбірледі де, іле-шала:

— Билл! — деп тағы қайталады.

Лайланып аққан жылғаның ортасына жүрелей отыра кетсін: ұшы-қиырсыз кеңістік бой бермес күш-қуатымен еңсесін басқандай, қорқынышты тілсіздігімен зәре-құтын қашырған сияқты. Безгек тигендей дірілдеп-қалшылдап сала берді де, мылтығы шолп етіп суға түсіп кетті. Кілт бойын түзеп алды. Ерік-жігерімен үрейін жеңіп, ауру аяғына зілдей салмақ түспес үшін теңді сол иығына қарай сырғытып, ақырын әрі абайлап алға қарай жылжыған. Жаны ауыра қабағын тыржитады.

Тоқтаусыз сүйретіліп келе жатыр. Ауруын елең қылмай, қайтпас өлермендікпен ұшарлығының арғы жағынан Билл көрінбей кеткен төбеге өрмеледі, — өзі үшін қимылдары ақсаңдай басып, әрең сүйретілген Биллден де әрмен күлкілі әрі ебедейсіз көрінген. Бірақ аласа төбенің ұшпасында тұрып, аяқ астындағы жазықта ешкім жоқ екенін байқады! Тағы да қорқыныш қаумалап алсын, тағы да бойын билеген үрейін жеңіп, арқасындағы теңді одан әрі сол иығына таман сырғытып, ақсаңдаған күйі бөктерге қарай жылжыды.

Жазық беті мибатпақ екен, су қалың мүкті жөкедей етіп сулап тастапты. Қадам басқан сайын табан астынан су бұрқақтай атылып, дымқыл мүктен ұлтаны суырылардай қорқылдайды. Биллдің ізімен жүруге ұмтылған ол титімдей көлшіктен көлшіктерге жету үшін ылғи мүк арасынан аралдай болып көрінген шошақ тастарды басуға күш салуда.

Жапа-жалғыз қалғанымен бағытынан жаңылар емес. Көп ұзамай-ақ тырбық әрі қурай бастаған құрғақ, кебу самырсындар мен шыршалар қоршаған кішкентай Титчиннчили көліне — жергілікті тілде "Титімдей таяқшалар елі" деп аталатын көлге жететінін жақсы біледі.

Ал сол көлге әлдеқандай жылға құйып жатыр және оның суы лай емес. Жылға жағалауларын қамыс жапқан, — бұл есінде жақсы сақталыпты, — әйткенмен ағаштар мүлдем өспейді. Сол жылғаны жоғары өрлей отырып, су айрыққа дейін жететінін де біледі. Су айрықтан күнбатысқа қарай ағатын тағы бір жылға басталады; бұл соны жағалай Диз өзеніне жетеді де, төңкеріліп, тастармен көміп тасталған қайық астынан құпия орындарын тауып алады. Құпия орында оқ-дәрілер, қармақтар мен қармақ тұзақтары, кішкене ау — бір басына тамақ айыруға қажет нәрсенің бәрі бар. Ол жерде үн да бар, әрине там-тұм ғана, аздап сүбе еті мен бұршақ та табылады.

Билл мұны сол жерде күтуге тиіс, сосын екеуі Диз өзенінің бойымен төмен құлдилап отырып Үлкен Аюлы көліне тұмсық тірейді де, одан әрі көлді қайықпен жүзіп өтеді. Сосын оңтүстікке, Маккензи өзеніне жеткенше тек оңтүстікке қарай жүреді — ал қаһарлы қыс бұлардың ізін қуалайды да отырады, буырқанған өзенді мұз шырмайды, күндер суық бола түседі, тек оңтүстікке қана жүреді бұлар, Гудзон шығанағындағы биік, діңі жуан ағаштар қоршай өскен, ішер тамақ аста-төк әлдебір факторияға жеткенше тоқтамайды.

Ілгері қарай қинала жылжыған жүргінші тек осылай ойлаумен келеді. Жүру қанша ауыр болғанмен, Билл мұны орта жолға тастап кеткен жоқ, әсіресе, Билл мұны құпия орында тосады деп өзін-өзі сендіру одан да қиын. Бірақ, бұл осылай ойлауға тиіс, әйтпесе бұдан арғы жанталастың еш мәні жоқ, одан да жерге сұлай кетіп, өлімге біржола мойынсұну ғана қажет. Ал әзірге күннің көмескі шар табағы солтүстік-батысқа ақырын еңкейген сайын ол ойша есептеп те үлгерді, сансыз рет ойша санамалады, — иә, бастырмалатып келе жатқан қыстан қашып, Билл екеуі оңтүстікке қарай қанша жол жүретіндерін, әрбір қадамдарын саралады. Өздерінің құпия орындары мен Гудзон шығанағы Компаниясының қоймаларында қанша азық-түлік қоры қалғанын ойша тізбелейді. Екі тәуліктен бері нәр сызған жоқ, тойып тамақ жемегеніне одан да ұзақ болды-ау. Ара-тұра ақырын еңкейіп, ми батпақтың бозғылт жидектерін жұлады да, ауызға салып шайнап, қинала әрең жұтады. Құр су татыған жидектер таңдайында тез еріп-ақ кетеді, — ұртында тек тастай қатты сүйегі ғана қалады. Оған қарын тоймасын да әбден жақсы біледі-ау, бірақ ессіз үміт қатал тәжірибемен санасуды біржола қойған, сосын жалықпай шайнайды кеп.

Сағат тоғыздар шамасында башпайын тасқа оңдырмай соғып-ап, қиналыстан әрі әл-дәрмені қалмағандықтан сұлап түсті. Бір қырынан қимылсыз ұзақ жатты: сосын тері таспалардан құтылып, ебедейсіз қалыпта енсе түзеп отырған. Әлі түн қараңғысы түсе қоймаған кез, іле алакеуімнің сәулесімен тастар арасын сипаланып, құрғақ мүктерді жұлмалап жия бастасын. Құшақ толар болғанда ғана от жақты — түтіндеген, әрең маздаған алауға бақыршақ толы су қойды.

Жүгінің бауын ағытып, әуелі қанша шиі қалғанын санамалады. Бар болғаны алпыс жеті ғана! Жаңылып қалмас үшін қайта-қайта, үш рет санап шықты. Үшке бөліп, әрбіреуін қайысқа мықтап орап тастады; бір бөлігін темекінің бос қалтасына салды, екіншісін жұлым-жұлымы шыққан малақайының астарына, ал үшіншісін қойнына тықты. Осының бәрін тап-тұйнақтай қылғаны сол-ақ, табан асты тұла бойын үрей билегені: жалма-жан бумаларын қайта ашып, шилерді тағы да біртіндеп санамалады. Бәз-баяғы алпыс жеті ши!

Шылқылдаған аяқ киімін алауға қақтап кептірді. Мокасиннің жұлма-жұлмасы шығыпты, жүн жамылғыдан ілдебайлап тіккен шұлығы шұрқ тесік, аяғы да қаны шыға ойылып кеткен. Тобығы жан шыдатпай сыздаған соң бажайлап қарап шықты: күп болып іскені сонша. тізесімен бірдей боп көлкілдеп тұр. Жамылғының шетінен ұзын таспа етіп жыртып, тобығын тастай қып байлады да, тағы да біраз жыртып, шұлығы мен мокасиннің орнына аяғын осымен орап тастаған. Содан кейін ғана қайнаған суды жұтып сап, сағатының тілін бұрады да, жүн жамылғыны тас бүркеніп бүк түсті.

Өлген адамдай беймарал ұйықтапты. Түн ортасына қарай ғана айналаны қараңғылық қымтасын, дегенмен, бұл онша ұзаққа созылған жоқ. Күн солтүстік-шығыстан шықты, — дұрысы сол тұстан таң сібірледі, өйткені, сұр бұлттардың тасасынан күн көрінбей тұрған-ды.

Таңғы алтыда шалқасынан жатып оянды. Сұрғылт аспанға шұқшия үңіліп жатып, қарны қатты ашқанын сезді. Аударылып, шынтақтай көтеріле беріп, қатты пысқырған дыбысты естіді де, өзіне кауіптене әрі таңдана қарап тұрған дәу бұғыны көзі шалған. Өзінен бар болғаны елу қадамдай жер, одан түк қашық емес, сол сәт табада шыжылдай қуырылған бұғы етінің дәмі аузына келіп, иісі мұрнын жарғаны. Еркінен тыс оқтаусыз мылтығына жармасып, көздеп тұрып шүріппені басып қалды. Осқырынған бұғы тастарға тұяғы тарсылдап тиіп, зыта жөнелді.

Ызалана боқтап сап, мылтығын лақтырып жіберді де, ыңқылдаған күйде аяғынан тұруға ұмтылды. Бар күшін жұмсап, әлден уақыттан соң ғана ойындағысы орындалған. Буындарына тас түскендей иіліп-бүгілуі мұң, әр қимылына еріксізден бар жігерін сарп етіп әуре. Адам сияқты аяғынан тік тұрып, еңсесін жазуға талай уақытын зая етті.

Жатаған төбенің басына шығып, айналаға көз салған. Ағаш та, бұта да көрінбейді — тұтасып жатқан сұрғылт мүктен басқа дым жоқ, ара-тұра сұп-сұр қойтастар ғана дөңкиіп, сұр көлшіктер мен сұр бұлақтар бұлдырайды. Аспан да сұп-сұр. Күннің сәулесі де, жылтыраған жарығы да зым-зия! Солтүстіктің қайда екенін де, тіпті, кеше кешкілік қайдан келгенін де айыра алар түрі жоқ. Бірақ, жүрер бағыттан жаңылмағаны сөзсіз. Дәл осыны әбден жақсы біледі. Көп ұзамай-ақ титімдей таяқшалар еліне келіп жетеді. Әйтеуір ол өлкенің сол көл жағында, тіпті жақын маңда — бәлкім, анау бір келесі төбенің ар жағында жатқаны күмәнсіз.

Жүгін жолға алып жүруге ыңғайлы етіп бумақ болып, орнына кайтып келді де, шилері сақтаулы бумаларын тағы бір тексерді, әйткенмен қайта санаған жоқ. Сөйтсе де бұғы терісінен тігілген, аузы шымши буылған жалпақ қалтаға көзі түсіп, әудем уақыт ойланып қалды. Қалта онша үлкен де емес, қос алақанға сыярлықтай-ақ, бірақ, салмағы бақандай он бес фунт қалған бар жүктерінің салмағымен пара-пар, осы жайт қана алаңдатып тұр. Ақыры қалтаны бөлек қойды да, жүгін қайта жинастыра бастады. Осыдан кейін қалтаға жалт етіп қарап, жалма-жан қолына алып, меңіреу дала қымбат алтынын тартып алатындай айналаға шамдана көз тастасын. Орнынан көтеріліп, ілгері қарай сүйретіліп жүре бастағанда әлгі қалта арқасындағы жүктердің арасында болатын.

Солға қарай бұрылып жүрді, ауық-ауық кідірігі, батпақта өскен жидектерді үзеді. Аяқтары ағаштай болып сіресіп қалған-ақ, бұрынғыдан өрмен шойнаңдап келеді, бірақ мұның өзі асқазанның күйдіре шұрылдауының қасында дым емес. Аштықта жан шыдатпай қинап-ақ келеді. Ауру жанын жегені соншалық, титімдей таяқшалар еліне жету үшін қай бағытқа жүру керектігінен жаңылып, абдырап қалғаны. Сулы жидектер жан шыдатпас ауруды басатын түрі жоқ, бар болғаны тілі мен таңдайын тотияйындай күйдіре түседі.

Кішкене жылғаға жеткені сол-ақ, тастар мен томарлар арасынан сұр құрлар қыр, қыр, қыр... десіп қиқуласа, қанаттары сатырлай қарсы ұша бастады... Оларға қарай тас жаудырып-ақ бақты, бірақ біріне де дәл тигізе алған жоқ. Сосын жүгін жерге қойып, торғайға жер бауырлап жақындайтын мысық сияқты еңбектей бастады. Шалбары үшкір тастарға дал-дұлы шығып, тізесінен судай аққан қан ізімен шұбатылып жатыр, бірақ, денесінің ауырғанын да сезген жоқ, аштық ештеңе ойлатар емес. Дымқыл мүкпен жер бауырлап келеді, суықтан денесі дір-дір қағады, бірақ аштықтың жанға батқаны сонша, тоңғанын да түк сезер түрі жоқ. Ал аппақ құрлар жан-жағынан толассыз, парылдап ұшуда, ақыры "қыр, қырң деген мазасыз дауыстары мазақ сияқты болып естіліп, құрларды сыбап салды да, өзі де бар даусымен құстарды мазақтай бастады.

Бір рет, сірә, ұйықтап қалған құрдың дәл үстінен түсті. Әуелі тастар арасындағы ұясынан тура мұның бетін жанай ұшып шыққанша оны байқамаған болатын. Құс қанша жылдам ұшқанмен, бұл да шапшаң қимылмен шап берсін — уысында үш тал құйрық қауырсыны қалды. Ұзап ұшып бара жатқан құстың соңынан өзіне ең сұмдық жамандық жасағандай соншалық жек көре қарап тұр. Осыдан кейін ғана орнына қайтып оралып, жүгін иығына асты.

Түске таман құстар бұрынғыдан да мол батпаққа жетті. Жиырма шақты бұғы үйірі мұны мазақ еткендей жанап өтті, — жақын маңнан өткені сонша, мылтықтан жалп еткізуге болатындай. Бас салып соңдарынан құғысы келген, долы сезімнің бойын бұғаны сонша, әлгі үйірді қуып жететініне сенімді-ақ. Тұра қарсы маңдайдан аузына құр тістеген қара-қоңыр түлкі шыға келсін. Бар даусымен айқайлап жіберді. Айқайы тым қорқынышты естілді, бірақ зәресі ұшса да әлгі түлкі жемтігін аузынан тастаған жоқ.

Кешқұрым ернеуіне сирек қамыс өскен, әктен лайланып аққан жылғаның жағасымен ілбіп келе жатты. Қамыс сабағының тамырға таяу тұсынан мықтап қармап, кішкентай пиязшыққа ұқсайтын түбірін суырып алған. Титтейлігі соншалық, мық шегедей ғана. Пиязшық жұп-жұмсақ екен, тіс арасында қаршылдатып шайнады-ай. Тек тарамдалған талшықтары қап-қатты әрі жидек сияқты тым сулы көрінеді, талғажау болар түрі жоқ. Иығындағы жүгін лақтырып тастай салып, қамыс арасында төрт тағандап жүре бастасын. Күйіс қайырған малша қамысты қаршылдата шайнап, аузын сылпылдатады кеп.

Әбден-ақ қалжырады, әлсін-әлсін жерге жата қалып, ұйықтағысы келеді, бірақ Титімдей таяқшалар еліне жетуден әлі үмітті, тіпті, одан гөрі аштық тыныш таптырар емес. Алыс Солтүстікте жауын құртының да, құрбақаның да болмайтынын жақсы білгенмен, көлшіктерден құрбақа, топырақты бұрқырата қазып жауын құртын іздеді.

Әрбір шалшыққа көз тастап-ақ келеді, ақыры қас қарая осындай шалшықтардың бірінен тенге балық — титімдей жалғыз шабақ көзіне ілінді. Иығына дейін оң қолын суға батырған, бірақ, балықтың ұстата қояр түрі байқалмайды. Одан соң қос қолдап ұстауға кірісті де, су түбіндегі бар лайды көтерген. Толқығаны соншама, аяғы тайғанақтап, сұлап та түсіп, белуарына дейін суға малшынды. Суды да лайлағаны сонша, әлгі шабақты байқаудың өзі бір мұң, ақыры лай тұнғанша тосуға тура келді.

Ол тағы да шабақты аулауға жан сала кірісіп, көлшік қайтадан лайланғанша қуалаумен болды. Одан әрі күтуге мүмкіндігі жоқ. Қалайы бақыршағын шешіп ап, суды сыртқа төге бастаған. Әуелі қасарыса, дүлейленіп төккен-ді, үсті-басы суға малшынып, шалшыққа жақын маңға төккені сонша, су қайтадан көлшікке ағып құйылумен болды. Енді жүрегі үстін-үстіне дүрсілдей соғып, қолдары дірілдегеніне қарамастан абайлап төгуде. Жарты сағаттан соң шалшықта су қалмады десе де болады. Көлтабанда іліп алар ештеңе қалған жоқ. Өкініштісі сол, әлгі шабақ та зым-зия. Ол тастар арасындағы кішкентай, елеусіз жарықты енді аңғарды, балық сол арқылы келесі көлшікке жып ете қалған екен. Ал ондағы судың көл-көсірлігі соншалық, мұндағы суды күні бойы қотарсаң да тауыса алмас едің. Әттең, тесікті бұрынырақ байқағанда әуелден-ақ таспен бітеп тастап, шабақ бұған бұйырар да еді.

Ол шылқылдаған жерге отыра кетіп, торығудан жылап жіберсін. Әуелі ақырын жылаған, одан кейін өзін қоршаған мейірімсіз өлі аймақты марғаулықтан оятып, қатты өкіріп жылады: осыдан соң да иығы селкілдеп, жанарынан жас тамбай ұзақ өксіді.

От жағып, қайнаған құр суды үстемелей жұтып жылынғаннан кейін өткен түндегідей биіктеу тастақ жерге төсегін жайды. Ұйқыға кетер алдында шақпақ шилерінің құрғақтығын тексеріп, сағатының құлағын да бұрауды ұмытқан жоқ. Жамылғысы су-су екен, қолы тигенде мұп-мұздай болып сезілген. Аяғы жан шыдатпай ауырып, денесі отқа оранып жатыр. Дегенмен, ол тек аштықты ғана сезінуде, түнде де қонақтар жиналған түскі ас, аста-төк тамақ үйілген үстел, шалқыған думан түсіне кіріпті.

Дірілдей әрі дел-сал болып оянды. Күн көзі көрінер емес. Жер мен көктің сұрғылт бояуы қалыңдана қарауытып, түпсізденіп аңғарылады. Өкпек жел ұйтқи соғып, алғашқы қар маңайдағы төбелерді аққа ораған. От жағып, су қайнап үлгергенше ауа кілегей тартып, ағайраңданды. Бұл — жапалақтап дымқыл қар жауа бастағаны. Әуелде қар жерге жетер-жетпес күйде еріп жатты, бірақ қара жерді жаба тұтаса қалың жауғаны сонша, жинаған мүктерінің бәрі су болып, от та өшіп қалды.

Осы жайт тағы да жүгін иығын асып, бағдары беймәлім жаққа, тек алға қарай ілбуіне белгі болған. Ол енді Титімдей таяқшалар елі туралы да, Билл жайлы да, Диз өзенінің жағасындағы құпия орын жөнінде де ойлаған жоқ. Оны тек бір ғана тілек: тамақ қана мазалауда! Аштықтан басы шыр айналды. Енді оған қайда жүрсе де бәрібір еді, тек жазық жермен ілби берсе болғаны. Дымқыл қар астынан қармалап суға бөрткен жидектер іздеді, қамыс түбірлерін тамырымен суырды. Бұлардың бәрі түк татусыз еді, оның үстіне талғажау болар түрі де көрінбейді. Бұдан кейін қышқылтым дәмді әлдеқандай шөп ұшырасқан, амал не, жербауырлай өскен, содан да қар астынан табу қиямет-қайым шөп тым мардымсыз боп көрінген, әйтеуір қолына іліккенін жалма-жан жеп қойды.

Бұл түні от жағып, су қайната да алмады, амалсыз жамылғы астына кіріп, аштықтан мазасыз ұйқыға берілді. Қар мұздай жауынға айналған. Бетіне жаңбырдың қайта-қайта тиюінен шошып оянумен болды. Тағы бір күн — жарығы жоқ сұрқай күн басталды. Жауын тоқтапты. Енді жүргіншінің аштығы басылған сияқты боп көрінген. Тек асқазанында үзбей сыздаған ауру бар, бірақ бұл өзін онша қинамайтын да сияқты. Санасы айытып, Титімдей таяқшалар елі мен Диз өзенінің жағалауындағы құпия орын туралы тағы да ойлай бастады.

Бір жамылғының қалдығын ұзынша таспа етіп жыртып, қаны шыға ойылған аяғын орады да, ауырған тобығын қайта таңып, күндізгі жүріске дайындалды. Жүктерін жинастырған сәтінде бұғы терісінен тігілген қалтаға көз алмай ұзақ үңілсін, дегенмен ақыр соңында оны да жолға ала кеткен.

Жаңбыр қарды ерітіп, тек төбелердің ұшы ғана ағарып жатыр. Күн шықты — енді өзінің бағыттан адасқанын білсе де, жүргінші айналаны бағдарлауға мүмкіндік алды. Сірә, соңғы күндері жаңылысып жүріп, терістікке тым бұрылып кеткен болар. Енді ол дұрыс жолға түсу үшін оңтүстікке қарай бұрыла жүрді.

Аштықтың азабы азая түскен, бірақ өзінің де әл-дәрмені қалмағанын сезеді. Жиі кідіріп, батпақ жидектері мен қамыстың түбірін жинай жүріп демалуға тура келуде. Тілі ісініп кетті, тілім-тілімі шыға ойылып кеткен сияқтанып, құп-құрғақ болып қалыпты, тек ұрты ғана запыран дәмге толы. Ең бастысы, жүрегі жиі мазалауда. Қысқа сәттік жүрістен соң-ақ тынбай дүсірлеп, іле-шала тынысы бітіп, басы шыр айналады да, естен танып құлардай дүрс-дүрс соғып бұлқынады кеп.

Түске таман үлкен бір шалшықтан екі теңге балықты байқаған. Суды сыртқа төгу мәнсіз еді, дегенмен ол енді неғұрлым сабырлы болатын, содан ба, қалайы бақырашпен сүзіп алудың иіні түсті. Олардың үлкендігі саусақтай ғана, одан үлкен емес, бірақ мұның бұрынғыдай тамақ жегісі жоқ. Асқазаны қалғып кеткендей ауруы ақырындап басылды, енді онша қинай бермейді. Балықтарды шикілей жеп, асықпай шайнаумен болды әрі мұның өзі ең дұрыс шешім болатын. Тамақ жегісі келмейді, десе де аман қалуы үшін осылай ету қажет-ақ.

Кешқұрым тағы да үш шабақ ұстады, екеуін жеп алды да, үшіншісін азанғы асқа қалдырды. Әредік жолыққан томарларды күн кептіріп үлгеріпті. Су қайнатып, бойын жылытқан. Бұл күні ол он милльден артық жүре алған жоқ, ал ертесіне жүрегі мүмкіндік берген сәттерде ғана сүйретіліп, бес милльді ғана артқа қалдырды.

Ең бастысы, асқазаны мүлдем қалғып кеткендей түк те ауырар емес. Бұл маңай мүлдем бейтаныс, бұғылар да жиі ұшыраса бастады. Қасқырлар да. Олардың ұлығаны алыстағы меңіреу аймақтардан жиі естіліп, ал бірде мұның жолын кесе бұқпантайлап жүгірген үш қасқырды да байқады.

Тағы бір түн артта қалды, ертеңіне таңертең берік шешімге келген ол тері қалтаның аузын буған жіпті шешті. Қалтадан сусылдаған алтын құм мен кесек алтындар сарғылтым ағын болып төгілсін. Алтынды екіге бөліп, бірін алыстан аңдағайлап көрінетін жартастың шоқысына жасырды да, қалғанын қайтадан қалтаға салғам. Соңғы жамылғысын да аяғын орауға жұмсады. Әйтсе де, мылтығын әлі тастар емес, өйткені, Диз өзенінің жағасындағы құпия орында оқ-дәрілер аса мол

Күн тұманды болды. Дәл осы күні аштық сезімі қайта бас көтерсін. Жүргіншінің қатты қалжырағаны әрі басы айналғаны соншалық, ара-тұра көзі түк көрмей қалады. Енді ол ылғи сүрініп, құлаумен болды, бірде құрдың ұясының дәл үстіне сұлап түсті. Ұяда жаңа жұмыртқа жарған, көздерін ашқандарына бір күн ғана болған төрт балапан бар; титімдейліктері сондай, әрбіреуі бір-бір жұтуға ғана жарайды; ашқарақтана жегені сонша, оларды аузына тірідей тықпалады; әлгі бейшаралар тісінің арасында жұмыртқа қабығындай қытырлайды. Аналық құр жан ұшыра қиқулап, мұны айнала ұшып жүр. Мылтықтың дүмімен соғып түсіргісі келген, бірақ бұлт етіп жалтарып кетті. Осыдан кейін оған тас жаудыра бастады да, қанатынан жаралады. Сынған қанатын сүйретіп. ұшуға талпынған құр бұдан аулаққа бас сауғаламақшы.

Әлгі балапандар төбетін шын оятыпты: Ебедейсіз секіріп, ауырған аяғына салмағын сала шойнаңдаған күйі құсқа тас лақтырып, қырылдай айқайлайды, біресе құлаған орнынан түнеріп әрі тістене шыдамдылықпен көтеріліп, үн-түнсіз түрегеледі де, бас айналуын серпіп, естен танбас үшін көзін қолымен уқалап-уқалап қояды.

Құрдың ізімен салпақтағаны оны батпақты жазыққа алып келді, осы жерде су-су мүктің бетіндегі адамның ізін байқады. Іздері мұныкі емес — бұны жақсы біледі. Ендеше Биллдің ізі болғаны ғой. Бірақ, бұл кідіре алған жоқ, себебі аппақ құр одан әрі жандал басалап қашып бара жатыр. Бұл әуелі соны ұстауға тиіс, содан соң ғана қайтып оралып, іздерді жақсылап қарамақшы.

Құсты қалжыратып-ақ тынды, бірақ өзінің де әл-дәрмені қалмаған. Әлгі құр демін қинала алып, бір бүйірлеп бұқпан-тайлауда, бұл да одан оншақты қадам жерде ентіге дем алып, жақынырақ еңбектеп баруға шамасы жетпей жатыр. Біраз ентігін басып, күш жинады да, ашкөздене қол созғаны сол-ақ, құс қанатын қақбаңдата тағы да қаша жөнелді. Қуғын қайта басталды. Бірақ қаранғылық қымтап алып, құс бой жасырып үлгергені. Қалжырағаннан есүрініп, арқасындағы жүгін ағытпастан етпетінен құлап түсіп, бетін оңдырмай жаралап алсын.

Ол көпке дейін қыбырламай сұлап жатты, сосын ғана бүйіріне аумап түсіп, сағатын бұрап қойды да, осылай таңға дейін қимылсыз қалды.

Тағы да тұман. Жамылғының жартысын аяқ орағышқа жұмсады. Биллдің ізін таба алған жоқ, бірақ енді оның түк мәні жоқ-ты. Аштық еріксіз алға қуалап келеді. Бірақ, егер... Билл де адасып кетсе ше? Түске таман әл-дәрменнен мүлдем айырылды. Тағы да қалған алтынын бөлген, бұл жолы жартысын жерге лақ еткізіп төге салған. Кешқұрым өзінде қалған жартысын да лақтырып тастай салды. Өзімен бірге жыртық жамылғының жартысын, қалайы бақыршақ пен мылтықты ғана қалдырды.

Қайдағы жоқ ойлар қаумалап алсын. Heгe екенін кім білген, мылтығында бір оқтың қалғанына әбден сенімді, — иә, мылтығы оқтаулы, тек бұл оны аңғармағаны кәміл. Сонымен бірге мылтығында оқ жоқ екенін де әбден жақсы біледі. Тосын ойдың шырмап алғаны соншалық, қыр соңынан қалар емес. Сағаттар бойы алдамшы үмітін жеңе алмай арпалысты, тіпті, болмаған соң көзін біржола жеткізу үшін мылтығының ұңғысын қайта ашып қараған. Мылтық ұңғысынан шынымен-ақ оқ табыла ма деп сенгендей-ақ қатты түңілгені.

Тағы да жарты сағаттай етті, жабысқақ ой қайтадан шырмап алсын. Бой бермей қасарыса, өз-өзіне дем бере мылтығын тағы да ашып қарады. Ара-тұра ақыл-есі тұмантып, одан әрі санасыз қалыпта сүйретіліп келе жатыр: тосын ойлар мен адам сенбес қиялдар миын құртша кәулеп барады. Дегенмен, жылдам есін жиып алуда, — аштық азабы нақты өмірге үздіксіз қайтып қуып әкелуде. Енді бірде тіпті оқыстан есінен тандырып түсіре жаздаған оғаш көрініс санасындағы тұманнан айықтырды.

Ол теңселіп кетіп, мас адамдай тәлтірек қақты, бірақ аяғынан тік тұрып қалу үшін бар күшін жұмсап бағуда. Қарсы алдында жылқы тұр. Кәдуілгі ат! Өз көзіне өзі сене алар емес. Жанарын қалың тұман торлап, өткір жарық сәулелер қарашығын тесіп барады-ай. Ол үстемелете жанарын сүртіп жатып, көзі тұманнан айыққанда қарсы алдында жылқы емес, үлкен қоңыр аюдың тұрғанын аңғарды. Жыртқыш аң бұған сұстана әрі қызықтап қарайды.

Мылтығын кезене көтермек болды да, тез қайта ақылға келді. Қаруын жерге түсіріп, моншақ теріп тігілген қынынан аңшы пышағын суырып алсын. Қарсы алдында ет тұр, ал ет — өмір! Бас бармағымен пышағының жүзін басып-басып көрген. Жүзі қылпып-ақ тұр, ұшы да өткір. Қазір бұл аюға бас салып, оны өлтіреді. Бірақ жүрегі алдын ала сақтандырғандай дүсірлеп қоя берді: түк, түк, түк — содан соң ыршып түсіп, тамағына тіреле дірілдеп сала бергені; темір құрсау қысқандай шекесі де сынып барады — көздері қарауытып кетсін.

Көзсіз батылдығын үрей толқыны жеңді. Бойында түк күш-қуат жоқ — ал бұған аю дүрсе қоя берсе қайтпек? Бойын барынша тіктеп, неғұрлым зор болып көрінуге күні салды-ай, пышағын қыса ұстаған күйі аюдың көзінен жанарын тайдырар емес. Қорбаңдаған жыртқыш алға қадам жасап, екі аяғынан тік тұрды да, ырылдай ақырып жіберген. Егер адам жандалбасалап қаша жөнелгенде аю ізінен қуа жөнелер еді. Бірақ адамның үрейін көзсіз батылдық жетіп, тұрған орнынан қозғалған жоқ: ол да ақырып қоя берді, осы арқылы тіршілікпен үзбей байланыстағы әрі оның терең қатпарындағы қорқынышын аңғартқан.

Қасқайып қарсы алдында тұрған әрі өзінен еш қорықпаған жұмбақ пәледен аюдың өзі де зәре-құты қалман, қорқынышты қалыпта ырылдаған күйі бір бүйірге қарай ығысты. Сөйтсе де адам әлі орнынан қозғалар емес. Қауіп серпілгенше жерге шегеленіп қалғандай көрінді де, сәлден соң безгек тигендей өн-бойы дірілдеп-қалшылдап, сулы мүкке сұлап түсті.

Аздап қуат жиған соң, бойын одан әрмен тосын үрей шырмап, ауыр жолға аттанды. Бұл аштан өлу үрейі емес: енді бұл өмірін сақтауға деген ең соңғы үміті аштықтан біржола өшкенге дейін жыртқыштардың аузынан қорлықпен жан тапсырудан қорықты. Айналада қасқырлар өріп-ақ жүр. Меңіреу өлкенің әр қиырынан олардың ұлығаны құлаққа жетуде, айнала ауаның өзі де осынау қауіп-қатерге тұнып тұрғаны соншалықты, жел шайқаған шатырдың кенебіндей теңселіп, торлаған әлгі қауіп-қатерден сақтанғандай болып еріксізден қолдарын көтерді.

Қасқырлар ара-тұра екеу-үшеуден жолын кескестеп өтуде. Дегенмен, олар әзірге жақындай қойған жоқ. Олар соншалықты көп те емес: оның үстіне, бөрілер өздеріне қарсыласпайтын бұғыларды аулап әдеттенген, ал мына бір жұмбақ мақлұқ қос аяқтап жүреді, яки, тырналап әрі тістеуі де ықтимал.

Кешқұрым қасқырлар қуып жеткен жеріндегі жемтіктерінің шашылған сүйектеріне жолықты. Бір сағаттай бұрын ғана бұл құлдыраңдап әрі мөңіреп жүрген бұғы бұзауы болатын. Жүргінші тап-таза етіп мүжілген, жылтыр, бірақ тірлік белгісі — қызғылтым бояуы әлі кеппеген сүйектерге көз алмай қарап тұр. Бәлкім, күн батпай тұрып-ақ мұның да саудыраған сүйектері қалар? Өйткені, жылдам зуылдайтын қарбалас өмір осындай ғой. Тек өмір ғана пендені күйзеліске мәжбүрлейді. Өлім деген қиын емес. Өлім — ұйқы! Әлім — бұл бөрінің де аяқталуы, тыныштық қана. Дегенмен, мұның өле қойғысы да келмейтіні неліктен?

Бірақ, ол мұны ойлап көп бас қатырған жоқ. Ұзамай-ақ жүрелей отыра кетіп, тіршілік нәрі — қызғылтым бояуы әлі тарқай қоймаған сүйектерді көлденең тістеп, үсті-үстіне сорғылап қойып қаршылдатын шайнасын. Қызыл еттің білінер-білінбес қана әрең сезілетін, бірақ естен кетпейтін тәтті дәмі жындандырып жібере жаздайды. Ол тістене түсіп, саудыраған сүйектерді үстемелете мүжіп жатыр. Кейде сүйек сынады, кейде тісі опырылып түсуде. Тінті болмаған соң сүйектерді таспен уатып, ұнтақтап жіберді де, өші кеткендей қомағайлана жұта бастады. Жан далбасалағанда саусақтарын да ұрып алуда, асығыстығына қарамастан жазатайым соққылардан соң да неліктен ауруды сезінбейтініне аң-таң қалған.

Жаңбыр мен қардың қорқынышты маусымы басталды. Ол енді қай уақытта түнемелікке тоқтап, қай уақытта тағы да жолға аттанғанын ұмыта бастады. Уақытты айырмай, күні-түні ілби берді: құлаған жерінде демалып, үзіліп бара жатқан өмір оты қайтадан жалт етті, жарқырай жанғанда алға сүйретіліп келе жатыр.

Бұдан былай ол өмір үшін күрескен адам сияқты да емес еді. Оны тек бойындағы беймезгіл өшкісі жоқ өмірге құштарлығы ғана алға қарай қуалауда. Тіпті ол енді қиналуды да қойған. Жүйкесі біржола сөніп қалғандай түк сезінуден де қалып, миын оғаш қиялдар қаумалап, жиі-жиі ғажайып түстер көреді.

Ен соңғы бөлігіне дейін қалдырмай жинап алған сүйектердің ұнтағын қомағайлана шайнап, сорумен болды. Бұдан былай ол төбелерге шығуды, су айрықтарын кешіп өтуді доғарып, тек кең жазық төсімен ағып жатқан үлкен өзеннің жайуат жағалауымен сүйретіліп келеді. Көз алдын түрлі елестер торлап алған. Байланыстырар арқаудың жіңішкергені соншама, сәл-сәл ғана бөлек жан мен тәні қатарласа ілбитіндей.

Бірде таңертең жалпақ тастың үстінде жатып есін жиған. Күн жарқырап көрініп, нұрлы шуақ төгуде. Алыстан бұғы бұзауларының мөңірегені естіліп қалуда. Жаңбыр жауғанын, жел соғып қар ұйытқығанын еміс-еміс біледі, бірақ өзін жауын-шашын қанша әбігерлегенін, оның екі күн немесе екі аптаға созылғанын дөп біле алар емес.

Ұзақ уақыт бойы еш қыбырсыз жатты: жомарт күн мұның әлсіреген денесіне жылу құйып, шуақты сәулелерін бетіне төгуде. "Күн тамаша екен!", — деп ойлады. Бәлкім, енді күнге қарап бағытын анықтауға болар. Бар күшін жиып, бүйіріне аунап түскен. Ана жақта, төменде өзен баяу ағып жатыр. Өзен бұған мүлдем бейтаныс болатын. Өзі осыған дейін көрген қыраттардан әлдеқайда аласа, тұнжыр әрі жадағай, түнеріңкі төбелердің арасымен ирелең — дей аққан өзеннің ағысына енжар көз тастап жатып, көкжиекке дейін көз жүгіртті де, өзеннің жарқыраған ашық теңізге құятынын көрді. Дегенмен, ол бұған да таң қалған жоқ. "Қызық екен, — деп ойлады тағы да. — Бұл сағым ба, әлде елес, ауру қиялдың әсері ме?". Жарқыраған теңіздің ортасында зәкір тастап тұрған кемені байқағанда өз жорамалына біржола мойынсұнған. Бір сәтке көзін жұмып, қайтадан ашты. Мәссаған, елес серпілетін емес! Әй, таңданатын түк жоқ-ау. Өйткені, оқтаусыз мылтығында оқ-дәрінің жоқ екені қалай кәміл болса, осынау меңіреу, тақыр жердің қақ жүрегінде теңіздің де, кемелердің де болмайтынына әбден сенімді.

Ту сыртынан әлдекімнің ентіге тыныс алғанын естіді, — не күрсінгені, не жөтелгені белгісіз. Бойын сірестіре бұған әлсіздікті әрең жеңіп, бір бүйіріне қарай аунап түскен. Жақын маңнан көзіне ештеңе іліне қойған жоқ, сосын асықпай тосуға көшті. Өзінен жиырма қадамдай жерде екі үшкір тастың арасынан сұр қасқырдың басы қылтиып, тағы да ентіге дем алу мен булыға жөтелу естілді. Осыған дейін көрген қасқырлардай құлағы тікірейіп тұрған жоқ, көздері тұманданып әрі қанталап кетіпті: мойны да әлсіз салбырайды. Сірә, қасқыр ауру сияқты: тоқтаусыз жөтеліп, түшкіре береді екен.

"Ал бұл енді маған елестеп тұрған жоқ, — деп ойлаған ол елес мұнары тұмшаламайтын шынайы дүниені көру үшін екінші бүйіріне аунап түсті. Сөйткенмен, алыста әлі де теңіз жарқырап жатыр, кеме де анық көрінеді. Бәлкім, осының бәрі шындық шығар? Ол көзін жұмып, ойға шомды — мән-жайдың неде екенін ақыры ұқты-ау. Ол ылғи солтүстік-шығысқа жүріп, Диз өзенінен алыстай берген, сөйтіп Коппермайн өзенінің жағалауына жеткен. Мынау баяу аққан жалпақ өзен — Коппермайн еді. Анау жарқырап жатқан теңіз — Мұзды мұхит! Ал ана кеме — Маккензи өзенінің сағасымен шығысқа қарай ішкерілеп жүзген кит аулаушылардың кемесі және енді ол Тәж кию шығанағында зәкірде тұр. Гудзон шығанағы Компаниясының бір кезде өзі көрген картасын есіне түсірді де, бәрі айқын әрі түп-түсінікті бола кетті.

Бойын тіктеп отырып, ең қажетті, тығыз істерді ой сарабынан өткізе бастады. Жамылғыдан ілдебайлаған аяқ орағыштары мүлдем іске алғысыз болып, аяқтары қызыл етіне дейін қажалыпты. Ең соңғы жамылғы да әжетке жаратылды. Мылтық пен пышағын да әлдеқайда түсіріп алған. Малақайы да, оның астарына тығылған шилері де зым-зия, есесіне, теріге оралып, темекі қалтаға салып, қойнына тыққан шилері дін аман әрі құп-құрғақ. Ол сағатына көз тастады. Сірә, мұны бұрап қоюды жадынан шығармай жүргенге ұқсайды.

Енді неғұрлым сабырлы әрі ақыл-есі айқын болатын. Соншалық әлсіздігіне қарамастан, еш жерінің ауруы сезілер емес. Тамақ жегісі де келіп тұрған жоқ. Тіпті, тамақ туралы ойлаудың өзін қойған, немен айналысса да істерінің бәрін саналы күйде атқаруда. Шалбарын тізеден жыртып, аяғының басын орап тастады. Бірақ бақырашын тастар емес: кемеге қарай сапарын бастардан бұрын қайнаған су ішіп алуы керек, — бұл жол ауыр қиямет боларын алдын ала біліп-ақ тұр.

Бар қимылы өте баяу еді. Бойын сіреспе буғандай дірілдеп, қалшылдайды кеп. Құрғақ мүкті көптеп жинағысы келген, бірақ аяғынан тұра алмады. Әлденеше рет түрегелуге де ұмтылды, онысынан түк шықпаған соң еңбектей бастады. Бірде ол, тіпті, ауру қасқырға мүлдем жақын еңбектеп барды. Жыртқыш лажсыздап қашқақтап, тілін күшене қозғап, тұмсығын жиі жалаумен тұр. Қасқырдың тілі сау, қып-қызыл емес, қайта сарғыш қоңыр, кебу сілекей жылбысқылана жапқанын аңғарды.

Қайнаған су ішіп, орнынан тұра алатынын, тіпті, қуаты қашып, әбден әлсірегеніне қарамастан жүре алатынын да сезді. Оған әр минут сайын демалуға тура келсін. Әлсіреген, қалт-құлт еткен қадамдармен ілбіп келеді, оның соңынан қасқыр да осындай әлсіз, қалтылдаған күйде сүйретіліп келе жатыр.

Бұл түні, жарқыраған айдың көзден таса болғанда жүргінші теңізге төрт милльден артық жақындамағанын түсінді.

Түні бойы ауру қасқырдың жөтелгенін, ара-тұра бұғы бұзауларының мөңіреуін естіп шықты. Айнала өмір қайнап жатыр, бірақ сол тіршілік пәрменді қуат пен саулыққа толы, ал өз басы ауру қасқырдың ауру адамның соңынан сүйретіліп келе жатқанын және мына адам бірінші боп өлсе деп тілейтінін жақсы-ақ біледі. Таңертең көзін ашқан бетте ол қасқырдың өзіне жабырқау әрі ашқарақтана қарап тұрғанын байқады. Таяқ жеген, ілмиген түнеріңкі итке ұқсайтын аң құйрығын бұтына қысып, басын төмен салбыратып алыпты. Азынаған желмен қалтырап, адам өзіне қырылдауық сыбырмен тіл қатқанда түнере тісін ақситты.

Жарық күн көтеріліп, жүргінші сәске бойы теңізге қарай сүріншектеп, құлап-тұрып сүйретілумен болды. Күн райы тамаша-ақ. Солтүстік ендіктерде болатын қысқа ғана қоңыр күздің басталған белгісі еді бұл Шуақты күндер бір аптаға созылуы да мүмкін, тіпті, ертең, не болмаса арғы күні-ақ ауа райы бұзылуы ықтимал.

Түстен кейін шұбатылған ізге жолықты. Өзі жүріп өткен емес, төрт тағандап сүйретілген адамның ізі болатын. "Бұл Биллдің ізі ғой", — деп селқос қалпы немқұрайды ойлады. Бұған енді бәрібір болатын. Турасына келгенде, толқудан, бірдеңені сезінуден қалған. Денесінің ауырғанын да сезер емес. Асқазаны мен жүйкесі біржола ұйықтап қалғандай. Сөйте тұра бойындағы әлі оты өшпеген өмірге құштарлық алға сүйрелейді. Әбден қалжырады, бірақ бойындағы өмір оты өшкісі жоқ: сол өмір отының өшкісі келмегендігінен адам батпақ жидектерін теріп, теңге балықтарды қомағайлана жеп келеді, қайнаған суды ішіп, ауру қасқырдан көз алмай бақылап әуре.

Ол төрттағандап сүйретілген адамның ізімен ілбіп келе жатыр, көп ұзамай-ақ әлгінің өмірі қалай үзілгенін көрді: қасқырлардың ізі қалған дымқыл мүкте сүйектер шашылып жатыр. Тіпті, бұғы терісінен тігіліп, шымши буылған томпиған қалтаны да байқады. — бұл қалта да тұп-тура өзінікіндей еді — өткір тістер енді дал-дұлын шығарыпты. Әлсіз саусақтары мұндай салмақты көтере алмаса да, әлгі қалтаны жерден іліп алған. Билл ең соңғы сәтке дейін қалтаны тастамапты. Ха-ха! Иә, бұл әлі де Биллге күлетін болады. Ол қырылдаған қорқынышты дауыспен күліп жіберді. Қарғаның қарқылына ұқсайтын сұмдық күлкі еді, ауру қасқыр да жабыға ұлып, бұған қосылды. Адам күлкісін демде кілт тыйды. Егер мынау шашылған қызғылтым, тап-таза сүйектер Биллдің қалдықтары болса, онда бұл Биллге қалай күлмекші?..

Теріс айналған. Иә, Билл мұны жолға тастап кетті, бірақ бұл алтынды алмайды, Биллдің сүйегін де сормайды. Егер өзінің орнында болса ол мұның сүйегін сорып, алтынын алған болар еді деп ойлады ары қарай сүйретіліп бара жатып.

Ол кішкентай көлшікке келіп жетті. Майда шабақтарды іздестіріп, суға қарады да, әлдене шағып алғандай шошына теңселіп кетсін. Өзінің суға шағылысқан сықпытын көрген-ді. Шағылысқан бейненің құбыжықтығы сонша, меңіреуленген жан дүниесін шошынта астан-кестен етті. Көлшікте үш теңге балық жүзіп жүр, бірақ, шалшықтың үлкендігі сондай, төгіп тауысу мүмкін емес: балықтарды бақырашпен аулауға да тырысқан, алайда түптің-түбінде бұдан да бас тартуға тура келді. Шаршағаннан құлап түсіп, суға тұншығып өлемін деп қорықты. Сондықтан да құм қайраңдарда бөренелердің пырдай шашылып жатқанына қарамастан, бөренемен өзен бойлай жүзуге де сескенген.

Бұл күні ол кемемен екі арадағы қашықтықты небары үш милльге қысқартты, ал ертеңіне екі-ақ милльге жақындады. Бұл да Билл сияқты төрттағандап келе жатыр. Бесінші күннің кешіне қарай кемеге жеті милльдей қалған болатын — енді күніне бір милльден артық жүре алмайтын. Қоңыр күз әлі аяқталған жоқ, бұл болса әлі де бірде төрттағандап сүйретіліп, енді бірде ес-түсінен танып құлайды, ауру қасқыр болса жөтеліп, жиі түшкіріп қойып баяғыша мұның ізінен қалмай келе жатыр. Тізесі қызыл еті шығып ойылды, табаны да: көйлегінің екі жағын жыртып, орап тастаса да қанды із мүк, тастардың бетімен шұбатылып келеді. Кездейсоқ артына қараған ол қасқырдың осы қанды ізді қомағайлана жалап жатқанына көзі түсіп, егер қасқырды бұл өлтірмесе, өзінің ақыры қандай болатынын көзіне айқын елестетті. Міне, осыдан соң өмірде болатын ең қатыгез күрес басталды: төрттағандап еңбектеген ауру адам мен оның соңынан ілбіген дімкәс қасқыр бірін-бірі аңдып, шалажансар күйлерінде меңіреу даланы кесе өтіп сүйретіліп келе жатты.

Егер қасқырдың дені сау болғанда, адам мұнша қарсыласпас еді, бірақ оған мынау сілімтік, жеркенішті жыртқыштың жұмырына түсемін-ау деген жиренішті ой маза берер емес. Қандай жиренішті! Тағы да есеңгірей бастады, түрлі елестер санасын тұмшалап, аракідік айыққан сәттері тым қысқара әрі сиресе берген.

Әлдеқалай ол дәл құлағының түбінен әлдекім ауыр дем алғанын естіп есін жиып алды. Қасқыр кері ыршып түсіп, сүрініп кетті де, діңкелегеннен құлап қалды. Бұл күлкілі-ақ еді, бірақ адам езу тартқан жоқ. Тіпті, үрейленбеді де. Қорқыныш енді мұны қармауына іліктіре алмайтын. Алайда бір пәске санасы айығып, ойша жоспар құрып жатты. Енді кемеге бар болғаны төрт милльдей жер ғана қалды, одан еш қашық емес. Тұмантқан жанарын сүртпектеп, кемені айқын көруде, тіпті, жарқыраған теңізде жүзген ақ желкенді қайықты да айқын аңғаруда. Бірақ, бұл төрт милльді жүріп өту мүмкін емес.

Мұны жақсы біледі әрі бұған немқұрайды қараған. Тіпті, жарты милльді де еңбектеп өте алмайтынын сезеді. Дегенмен, оның өмір сүргісі келді. Өзі бастан кешкеннің бәрінен соң өле салу ессіздік болар еді. Тағдыр бұдан көп нәрсені талап етті. Енді ол ажал аузында тұрып та өлімге мойынсұнбас еді. Бәлкім, бұл нағыз ақымақтық шығар, дегенмен ол ажалдың тырнағына ілініп тұрып та берілмей, өліммен арпалысуда болатын.

Көзін жұмып, ұзақ уақыт бойы асықпай күш жиюмен жатыр. Жан дүниесін толқын сияқты жапқан ессіздікке берілмей, күшпен қарсыласып бағуда. Осынау сезім толқындана көтеріліп, санасын лайлайды кеп. Ара-тұра ессіздіктің құшағына шым батып, талықсып кетеді де, қайтадан есін жинауға жанталаса күш жұмсайды, ерік-жігерінің қалдығы қайтадан тіршілікке қалай алып келетінін сөзбен түсіндіру мүмкін емес.

Шалқасынан қимылсыз жатып, қасқырдың қырылға толы демі өзіне таяп қалғанын сезуде. Жиренішті дем бірте-бірте жақындап келе жатыр, ал уақыт болса шексіз созыла түсуде, бірақ адам бір рет ти селт етіп, қыбырламады. Міне, әлгі дем дәп құлағының түбінен естілген. Қатты, құп-құрғақ тіл мұның бетін қырғыштай қырнап түссін. Қолдары кілт жоғары көтерілді де, — басқа басқа, өзі осылай жылдам көтергісі келген-ақ, — саусақтары құстың өткір тырнағындай бүрілді, амал не, ауаны ғана қармап жатыр. Жылдам әрі сенімді қимылдауға күш керек, ал мұның әл-қуаты қалмаған болатын.

Қасқыр шыдамды екен, ал адам одан өткен шыдамды-ақ. Естен танғысы келмей әрі өзін жегісі келетін, бірақ мүмкіндік болса мұның өзі оны жеуге даяр қасқырды аңдып жарты күн қимылсыз жатты. Ара-тұра естен танып кетеді де, ұзақ түс көреді: әйткенмен, ол барлық уақытта, түсінде де, өңінде де қырылдаған демді естіп, қырғыштай тіл денесін жалайтын сәтті тосумен болды.

Дем естілген жоқ, бірақ қырғыштай тіл қолына тигенін сезіп оянып кеткен. Азу тістер білегіне батып барады, сәлден соң қысым күшейе түсті — қасқыр ең соңғы күшін жұмсап, өзі ұзақ аңдыған жемтігіне азуларын батырмақшы. Бірақ, бұл адам да ұзақ тосқан болатын, енді оның тістелген қолы қасқырдың тұмсығын қармай қысып алды. Қасқыр әлсіз жұлқынып, ал адамның бір қолы әлгінің тұмсығын қысып жатқанда, екінші қол да созылып, қасқырды шап берді. Тағы бір бес минут сырғып өтті, енді адам қасқырды бауырына алып, бар салмағымен жерге жабыстыра түскен. Қасқырды тұншықтырып өлтіруге қолдарының күші жетер емес, бірақ адам қасқырдың мойнына бетін тақап алды да, аузы жүнге толып кетті. Тағы да жарты сағат өткен, енді адам тамағына жылы қан құйыла бастағанын аңғарды. Асқазанына қайнаған қорғасын құйғандай-ақ жан төзгісіз, бірақ бар ерік-жігерін жинап, шыдап бақты.

Осыдан соң адам шалқасынан аударылып түсті де, терең ұйқыға кетті.

"Бедфорд" кит аулайтын кемесінде ғылыми экспедицияның бірнеше адамы бар-ды. Палубада тұрған олар жағалауда жылжыған әлденені аңғарды. Әлгі нәрсе құм бетімен әрең сүйретіліп, теңізге қарай жылжып келеді. Ғалымдар оның не нәрсе екенін түсіне алған жоқ, сондықтан жаратылыстанушылардың әдетімен қызыға қайыққа отырып, жағалауға қарай жүзе жөнелді. Олар тірі адамды көрді, бірақ оны адам деп айтудың өзі мүмкін емес. Ол ештеңе естімейді, түк түсінбейді және зор күрт сияқты құм бетімен ирелеңдеуде. Оның алға жылжитын да түрі жоқ, бірақ алған беттен қайтар емес, бүктетіле ирелеңдеп, сағатына жиырма қадамдай ғана алға жылжуда.

Үш аптадан соң әлгі адам кит аулайтын "Бедфорд" кемесінің кереуетінде жатып, көзінен жас парлай өзінің кім екенін және басынан не өткергенін айтып жатты. Ол өзінің анасы туралы, Оңтүстік Калифорния, гүлдер мен апельсин ағаштары арасындағы үй туралы байланыссыз әлденелерді күбірлеумен болды.

Тағы бірнеше күннен кейін ол ғалымдар және капитанмен бірге кеменің кают компаниясындағы үстел басына жайғасты. Тамақтың ас та төктігіне қуанып, жүзіне терең қапалану ізі тұна, өзгелердің аузына түскен әрбір кесек асты мазасыздана бақылайды. Ақыл-есі бүп-бүтін, бірақ үстел басында жайғасқандардың да бәрін жақтырмайды. Тамақ жетпей қалады-ау деген үрей оған маза берер емес. Ол қанша тамақтың бары туралы аспаз бен юнгадан, тіпті, капитанның өзінен де сұрастырумен болды. Олардың бәрі мұны тыныштандырып әлек, бірақ жан баласына сенбеген бұл бәріне көзін жеткізу үшін құпиялап ас қоймасына түсумен жүр.

Айналадағылар оның тез оңала бастағанын аңғарды. Күн санап семіріп келеді. Ғалымдар бас шайқап, түрлі жорамал жасасқан. Тамақ беруді шектеп те көрді, дегенмен ол көлденеңінен, әсіресе, белі тым қампайып бара жатыр.

Матростар күлісіп қояды. Олар бұған не себеп екенін жақсы білетін. Ал ғалымдар да мұны бақылай бастағанда, өздеріне де бәрі мәлім болды. Таңғы астан соң ол баққа шығып, матростардың біріне қайыршыдай қол жаяды. Матрос мысқылдай жымиып, теңіздің кепкен нанының бір тілімін ұсына қояды. Сараң адамның алтынға қарағанындай тілім нанды ашкөздене алып, қойнына сүңгітеді бұл. Басқа матростар да мысқылмен жымиып, осындай садақаны беріп жүр.

Ғалымдар үндеген жоқ әрі мұны өз жайына қалдырды. Бірақ олар жасырын түрде кереуетін ақтарған. Кереует кепкен нанға толы екен. Төсеніш те кепкен нанға толы. Барлық қалтарыс, бұрыштарда кепкен нан үюлі. Бірақ, бұл адамның ақыл-есі бүп-бүтін еді. Бар болғаны ол аштыққа қарсы қор жинауда — болған-біткені осы ғана. Ғалымдар бұл жайттың өтпелі екенін сөз қылды. Расында да "Бедфорд" Сан-Франциско айлағына зәкір тастағанша бұл да ұмытылды.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Джек Лондон Өмірге құштарлық туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Джек Лондон Өмірге құштарлық на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]