Әңгіме: Александр Пушкин | Капитан қызы
Мақал
ГВАРДИЯ СЕРЖАНТЫ
Болар еді күні ертең гвардия капитаны.
«Ол қажетсіз; армияда істесін.
Жөн айтылған сөз осы.
Қиналып көрсін түскесін».
Әкесі кім еді өзінің?
Княжнин
Менің әкем, Андрей Петрович Гринев, жасында граф Минихтың қарауында әскери қызмет істеп, 17... жылы премьер-майор боп отставкаға шыққан. Содан соң Симбирдегі өзінің туған деревнясына қайтып, сондағы бір кедейленген дворянның Авдотья Васильевна Ю. деген қызына үйленіпті. Біз тоғыз ағайынды екенбіз. Менен басқалары түгел жастай өліпті. Жақын туысымыз гвардия майоры, князь Б-ның жәрдемімен мен Семенов полкының сержанты болып жазылдым. Бірақ, оқуым біткенше мен демалыста жүрген боп саналдым. Момын мінезді, үй қызметкері Савельичтің күтуіне тапсырылдым, ол менің тәрбиешім болды. Соның қарауында жүріп, он екі жасымда орысша хат таныдым. Аңшыл иттердің қасиеттерін шешен сөйлейтін, әңгімешіл де боп алдым. Осы кезде әкем маған арнап, Москвадан Мосье Бопре деген французды тәрбиешілікке алдырып жалдады; оның өзіне бір жылға жетерлік шарап пен прован майын да қоса алдырды. Француздың келуін Савельич қатты ұнатпады.
— Аллаға шүкір, баланың бет-аузы таза, шашы мезгілімен таралып, таматын да мезгілімен ішуші еді; ақшасын қояр жер таппағандай мусьені жалдағаны несі, өз адамдары жетпеді ме екен.. - деп қоңқылдайды Савельич.
Бопре өз жұртында шаштараз екен, кейін Пруссияда солдат бопты; pous cfrc out.
Тәрбиеші болу үшін, бұл сөздердің мәнісіне өзі түсінбесе де Россияға келіпті. Өзі барынша ақкөңіл, бірақ, аса жеңіл жүгенсіз кеткен кісі еді. Тағы бір осал жері әйел жынысына ынсаптан тыс құмарлығы болатын. Осы мінезі үшін сан рет соққы жеп, ыңқыл гүрсілден арыла алмай жататын. Сөйтсе де (өзі айтқандай) бір жұтым болса да артығырақ қылғытқанды ұнататын. Бірақ, біздің үйде қызыл шарап түскі тамақ алдында бір рюмкадан беріліп және көбінесе оған соқпай кететін болғандықтан, біздің Бопре, тез арада-ақ, орыстың ақ арағына құнығып алды, ақ арақты өз елінің шарабынан да артық қадірлеп, асқазанға ең пайдалы зат деп дәріптейтінді де шығарды.
Біз екеуміз салғаннан-ақ жақсы табысып алдық, контракт бойынша маған ол француз, неміс тілдерін, барлық ғылымды оқытуы керек еді, бірақ ол мен арқылы өзі ертерек орысша былдырлап үйренуді қолайлы көрді. Одан соң, әрқайсымыз өз тіршілігімізбен шұғылданып кетуші едік. Жанымыз жарасқан, дос боп тұрдық бір үйде. Басқа ұстаздарды мен де керек етпедім. Көп ұзамай тағдыр бізді мынадай себептермен екі айырып жіберді.
Бұжыр бетті жуантық, кір жуғыш қыз — Палашка мен сиыр күтуші қыли Акулька бір күні келісіпті де жұптарын жазбай жылап-еңіреп шешейге барыпты. Аяғына бас ұрып тұрып, ең әуелі өздерінің осалдығын, болған қылмыстарын мойындапты, одан соң, тәжірибесіздік, жастық салдарынан мусьенің алдауына көніп қалғандарын шағыпты. Мұндайды жеңіл көрмейтін, тез елей қоятын шешей табанда бәрін әкейге жеткізіпті. Әкейдің кесімі қолма-қол болатын, ол дереу кесапат французды шақыр дейді. Бірақ жіберген кісісі: мусье балаға сабақ беріп жатыр деп барыпты.
Зығыры қайнап шыдатпаған әкей менің бөлмеме өзі келді. Дәл осы кезде Бопре қаннен-қаперсіз керуетте ұйықтап жатыр еді, ал мен өз тіршілігіммен едім. Шынын айтайын: менің оқуым үшін Москвадан әдейі географиялық карта алдырылған-ды. Көптен пайдаланылмай, қабырғада бостан-бос ілулі тұрған осы картаның әрі қалың, әрі енді, әдемі қағазына көптен қызығып жүретінмін. Менің бір арманым: содан батпарақ істеп ұшыру болатын. Бопренің мына қатты ұйқысын пайдаланып, сол арманымды орындауға кіріскен едім.
Әкей кіріп келгенде мен Добрая Надежда тұмсығына кендірден құйрық тағып жатыр ем. География сабағын қалай әзірлеп жатқанымды көрді де, әкем әуелі менің құлағымнан бір жұлқып қалды. Одан соң тоқталмай Бопренің қасына жетіп барып жұлқып оятты: барлық күнәсын бетіне былшылдатып соға бастады. Есі шыққан Бопре тұра қояйын деп еді, оған да дәрмені келмеді. Сорлы француз титықтай мас екен. Жеті жұтқа бір зауал дегендей, әкей оны керуеттен жұлып алды да, жағасынан сүйреп апарып, есіктен лақтырып жіберді.
Сол күні мүлдем үй маңынан қуылды. Савельичтың қуанышы қойнына сыймай мәз болды. Менің тәрбиемнің де бас-аяғы осымен тұжырылды.
Мен кептер қуып, жалшылар балаларымен чехарда ойнап, әуейілікпен өсе бердім. Сүйтіп жүріп он алты жасты өткіздім.
Дәл осы жаста менің тағдырыма өзгеріс кірді.
Күздің бір күні, шешем мейманханада бал қатқан варенье қайнатты, мен бұрқылдаған көбікке аузымнан сілекейім аға қадалып қаппын. Ал әкем терезе алдында жыл сайын алдырып тұратын "Придворный календарын" оқып отырды. Бұл кітаптың оған беретін әсері күшті болатын, қайталап оқыған сайын әлдеқандай еліріп, бірде қызуланып, бірде қатуланып қалатын. Шешей оның бұл мінездерін жақсы білетін болғандықтан, жаңағы сорлы кітапты амалдап көзге түспес жерге тығуға тырысады. Сөйтіп "Придворный календарь" кейде бірнеше айлар бойында әкейдің көзіне түспей қоятын. Ал енді, қолына түсе қалды бар ғой, ұзақ сағаттар бойында қолынан тастап көрген емес-ті. Оқта-текте иінін қозғап қалып, күбірлеп сөйлеп те қояды: "Генерал-поручик!.. Менің ротамда сержант қана еді!.. Россияның екі орденін бірдей кавалер!.. Содан бері көп-ақ өткені ме?.." Әлден кейін календарды диванға лақтырып тастап, ақыры ашуға соқтыратын қиялға бөгіп, үндемей қалды.
Кенеттен жұлып алғандай шешейге тіл қатты:
— Авдотья Васильевна, Петруша нешеге келді осы?
— Он жетіге шықты ғой, - деді шешей: — Петруша біздің, Настасья Герасимовна бәйбішенің беті қисайып кеткен жылы туған, одан соң әлгі...
— Жарайды, - деді әкей шешейдің сөзін түгел айтқызбай:- мұны әскер қызметіне жіберуіміз керек. Қыздар бөлмесін аралап, көгершін ұясын тіміскілеуі енді жетер.
Ұзамай менен айрыламын-ау деген ой шешейге жай отынан кем тимеді, оның қолындағы қасығы кастрюлькаға түсіп кетті де, екі бетін жас жуа бастады. Ал мені болса алып ұшқан қуаныштың шегі жоқ. қызметке бару бостандық алумен бірдей көрініп, Петербург өмірінің қызықтары қол бұлғай бастады. Менің көзіме гвардия офицері болатындығым да елестеді. Осының бәрі, өз ойымша, адам баласына сирек кездесетін, ең биік бақыт сияқты еді.
Әкей істеймін дегенін қайта ойланып, өзгерту дегенді білмейтін. Менің жүретін күнім де белгіленіп қалды. Аттанар алдымда әкем менің болашақ начальнигіме хат жазатындығын білдіріп, қалам мен қағаз сұрады.
— Андрей Петрович, - деді шешем: — князь Б-ға менің атымнан да сәлем айта көр, Петрушаға көз қырын сала жүрер деп өтінді дегейсің.
— Бұ не дегенің! - деді әкей қабағын түйіп: — князь Б-ға хат жазып не жұмысым бар?
— Петрушаның начальнигіне деген өзің емес пе?
— Десем ше?
— Петруша Семенов полкына жазылмап па еді, сонда, оның начальнигі князь Б. болмағанда қайтушы еді.
— Жазылған! Жазылғанында менің қанша шаруам бар? Петруша енді Петербургке бармайды. Онда барып қандай өнер таппақшы? Ақша шашқыш дарақылыққа үйренбекші ме? Одан да армияға қызмет етсін, лямка тартсын, оқ дәрісін иіскесін, гвардия қылжағы болғанша, солдат болсын Паспорты қайда еді? Маған әкел.
Паспорт мені алғаш шоқындырғанда киген көйлегіммен бірге кішкене сандықта еді, шешей соны тауып әкеп, қалтыраған қолымен әкеме ұсынды. Әкей паспортты асықпай отырып оқып шықты да столға қойды, содан соң хатын жазуға кірісті.
Мені қайда жібермек деген күдік қинай бастады. Петербургтен басқа қайда жөнелтпек? Менің көзім аса шабан қимылдаған әкей қаламының ұшында. Ақыры жазып болды, хат пен паспортты бір пакетке салып, аузын бекітті де көзілдірігін алды. Содан соң мені қасына шақырып алып, тіл қатты.
— Міне саған берілетін хат: ескі жолдас, кәрі досым Андрей Карлович Р-га арнап жаздым. Сен соның қарауында қызмет істеу үшін, Орынборға барасың.
Сонымен, менің жаңа ғана жарқ еткен үмітім жоққа шықты! Петербургтегі сауық-сайранды қызық өмірдің орнына, қашықтағы сұрғылт, саңырау дүниенің алданышы, сергітері жоқ қапасына жүретін болдым. Бір минут бұрын жанымды жадыратқан жақсы қызмет елесі жоғалды да, енді менің көзіме иықты езер, еңсені түсірер ауыр қызмет көрінді. Бірақ амал не, тайталасар дәрмен жоқ! Келесі күн ертемен, күймелі шана есік алдына көлденең тартылды да, оған ұзақ сапардың жол жабдығы чемодан, ыдыс, шәйнек, жол азығына арналған әр түрлі бөлкелер, тәтті нандар түйін-түйін боп тиеліп қалды. Жүрер мерзімде әкем маған: "Қош, Петр, кімге ант берсең, соған адал қызмет ет; начальниктеріңе құлақ ас; олардың жылы сөзін есту үшін жалбақтама; жоғарғы орындарға сұранып жалтақтама; тапсырылған қызметтерден бас тартпа; "Көйлегіңді басынан сақта, арынды жасыңнан сақта" деген мақал есінде болсын" дегенді айтты.
Көзінен сорасы аққан шешем саулығыма сақ болуымды сұрады, - Көзіңнен жазым етпе, күте біл - деп Савельичке де қоймастан тапсырды. Менің үстіме қоян ішік, оның сыртынан түлкі ішік кигізді. Савельич екеуміз күймеге кірдік, қозғала бергеннен екі көзімнен жас сорғалады, сол бетпенен кете бардық.
Сол күні түнде мен Симбирскіге жеттім, осында бір сөтке кідіріп, Савельичке тапсырылған керекті нәрселерді алмақпыз. Түнделетіп кеп трактирге қондық. Ертеңіне Савельич дүкен аралауға кетті. Терезеден көрінетін лайсаң көшеге қарай-қарай ішім пысқан соң басқа бөлмелерді аралауға шықтым. Биллиард бөлмесіне кіре бергенімде, жасы отыз бес шамасында, сұңғақ денелі, ұзын қара мұртты, үстінде халаты бар, аузында трубка, қолында кий ұстаған мырзаға көзім түсті. Ол маркермен бәстесіп ойнап жатыр екен. Маркер ұтса мырзаның бір рюмка арағын тегін ішіп, ал өзі ұтылса биллиард астынан еңбектеп өтетін боп уәделесіпті. Мен осындай егес ойынның үстінен шықтым. Ойын көп созылған сайын биллиард астымен төрт тағандап еңбектеп өту де көбейе берді. Ақыры маркердің стол астынан шықпай жатып қалуымен аяқталды.
Мырза табыт басында сөйлегендей бірнеше қаттырақ сөздер айтты да, одан соң ойынға мені шақырды. Мен білмейтін болғандықтан бас тарттым. Ол маған, аяған кісідей, тандана қарап қалды; әйтсе де аздан кейін танысып кеттік. Сөйлесе келе аты Иван Иванович Зурин, гусар полкының ротмистрі, Симбирскіден рекрут қабылдауға кеп, осы трактирге түскендігін білдім.
Зурин мені өзімен бірге түстік ас ішуге, тәңірінің солдатқа бұйыртқан дәмін татуға шақырды. Мен шын-ақ құлықтана, ризалық білдірдім. Бір столда - дастарқан үстінде отырмыз.
Зуриннің өзі көп ішті; қызметке жаттығудың басы осы деп, маған да ішкізе бастады; алуан түрлі армия анекдоттарын естіп, көзімнен жас аққанша күліппін. Қысқасы, біз осы стол басынан сыр мінез жақын кісі боп тұрдық. Дәл осы арада маған биллиард үйретпекші де болды.
— Бұл, - деді Зурин биллиардты мақтап: — біздің әскердегі туыстар үшін өте керекті нәрсе. Мәселен, жорықтан келіп бір жерге тоқтай қалғанда, не бітірмексің? Амалсыз трактирге барасың, осыны ойнайсың. Сондықтан үйреніп қойған мақұл!
Мен де оның бар айтқанына құдайдай сеніп, үйренуге кірістім. Зурин қанатымның астына су бүріккендей көтермелеуге айналды, тез жетіп қалғаныма таң-тамаша болып та қояды; бірнеше сабақтан кейін ақшаға ойнайық, ұтысу мақсат емес қой, әйтсе де аз бірдеңені атап қойғанымыз жақсы, әйтпесе тектен-тек ойнау жаман әдетке дағдыландырады, - дегенді айтты. Мен оған да көндім, Зурин пунш арағын әкелуге қосты: — Әскер қызметіне жаттығу үшін мұның да дәмін татып қой, онсыз қызмет болмайды, - деді. Мұнысына құлақ астым. Ойын созыла берді. Сыбағама тиген стаканнан сіміре түскен сайын, батырсып келем. Минут аралатпай шарларым борттан сыртқа секіретінді шығарды; өжет қызулыққа салынып, ойын есебін жүргізіп тұрған маркерді боқтап қоямын, оның қалай санап тұрғанын да бір құдайдың өзі білсін, қысқасы, қыспақтан босанып еркіндікке шыққан балаға сай қылықтың бар кәдесін істеп бақтым.
Уақыт та аңғартпай өте берді. Зурин сағатына қарады да киін биллиардтың үстіне қойды, содан соң менің жүз сом ұтқызғанымды естіртті. Мұнысы мені аз да болса түршіктіргендей болды. Ақшам Савельичте еді, соны ескеріп кешірім сұрай бастадым. Зурин сөзімді бөліп кетіп:
— Қиналма! Ол үшін абыржыма да, менің күте тұруыма болады; ал, әзірше Аринунжаға барып қайтайық, - деді.
Қалай сөксеңіздер, солай сөгіңіздер. Танды қалай атырсам, күнді де сол жүгенсіздікпен батырдым. Кешкі асты сол Аринушкада іштік, Зурин маған қызметке жаттығу керек деген сөзін қайталай отырып, арақ құюмен болды; мен орнымнан тұрғанымда аяғымды әрең басқандай халде едім; түн ортасында Зурин мені трактирге әкеп тастады.
Савельич бізді басқыш алдында күтіп алды. Ол менің қызметке қалай жаттыға бастағанымды... көріп, үрейі ұшып кетті.
— Мырзам-ау, саған не болған? — деді аянышты дауыспен; — мұншалық жүкті қай жерде арқаладың? О, құдай! Туғалы көрмеген құқайың емес пе ед бұл пәле!
— Қысқарт, төбет!- дедім кекештеніп; — өзің массың, ұйықта барып... мені жатқызып кет. Келер күні басым қатты қақсап ояндым; кешегі көргендерім күңгірт түседі есіме. Миымды торлай бастаған ойларды бір стакан шай әкелген Савельич бөліп кетті.
— Ерте әлі, Петр Андреич, - деді басын шайқап, - ерте кірісіпсің сауыққа. Бұл кімге тартқаның? Әкең де, үлкен атаң да маскүнем болған емес-ті; шешең туралы сөз қылудың да керегі жоқ; туғалы квастан басқа татып көрмеген кісі. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине, оңбаған мусье кінәлі. Антипьевнаға қайта-қайта мылжыңдап кеп: "Мадам, же ву при, арақ болса" деп тұрушы еді. Міне, саған же ву придің салдары! Осының бәрі сол иттің баласының үйретіп кеткені. Мырзаның өз адамы жетпегендей қайдағы оңбағанды қалай жалдады екен десейші!
Мен қатты ұялдым.
— Бара тұр, Савельич, мен шай ішпеймін, - дедім теріс айналып, бірақ уағыз айтқысы келгенде оны бөгеу оңай түспейтін. Сол кәдесімен бөгелмеді:
— Міне, көрдің бе, Петр Андреич, сауықтың аяғының неге соққанын. Басың ауырлап, тамаққа да тәбетің шаппайды. Ішкен кісі сірә да оңған емес-ті... Қиярдың тұзды суына бал араластырып жұтамысың? Бәрінен де жарты стакан настойка ішкен похмельге тәуір болар еді, оған қалай қарайсың?
Дәл осы кезде бір бала кіріп кеп, Зуриннің маған жазған хатын тапсырды. Ашып қарап, мынадай жазылған сөздерді оқыдым:
"Мейірімді Петр Андреевич, алда разы болсын, осы баладан кешегі маған ұтқызған жүз сомыңды беріп жібере көр. Ақшаға аса мұқтаж боп тұрмын.
Қызметіңе әзір Иван Зурин".
Басқа лаж қалмады. Ештеңені елең етпеген кісідей, киім-кешегім, ақша қаражатыма сақтаушы боп келе жатқан Савельичке қарап, балаға жүз сом ақша бер деп өмір еттім.
— Қалайша! Не үшін! — деді Савельич тасырая түсіп.
— Мен қарыздармын,— дедім өлім жеткенше өзімді салқын ұстап.
— Қарыздары несі! — деді Савельич, және осыдан кейін кем-кемінен деміге түсті: — Қалқам-ау, қай кезде қарызданып үлгірдің? Мынау сұмдық екен! Ерік өзіңде, мырзам, бірақ берер ақшам жоқ, - деді.
Тап осы тұста кесір шалдың бетін қатты қайтарып, жуасытып алмасам, түбі оның бақылауынан босануым қиынға соғарын байқадым. Осыны ойладым да оның бетіне қадала қарап, басына сөйлеп кеттім:
— Мен сенің қожаңмын, сен қызметшімсің. Ақша менікі. Өз қалауыммен ойнадым да ұтқыздым. Сондықтан ақылшымсымай, дереу беруіңді бұйырамын.
Күтпеген жерде мынадай ауыр сөз естіген Савельич алақанын бір соқты да, жансыз адамдай сілейіп қалды.
— Не ғып тұрсың! - дедім ашулы айқаймен. Савельич жылап жіберді.
— Көкешім Петр Андреевич, - деді даусы қалтырап, - өлтірме мені қасіретпен. Шалыңның айтқан тілін ал, сәулешім! Ана кәзебіңе жауап қайтар: мен қалжың қып ойнағанмын, ондай сома бізге тиіп те көрген емес деп жаз. Жүз сом! Тәңірім сақтасын! Әкем мен шешем жаңғақ ойынынан басқаны ойнама деп тапсырған де...
— Соқ өтірікті, - дедім, қатты жекіріп, — ақшаны әкел мұнда, әйтпесе айдап шығам желкелеп.
Савельич маған ауыр қасіретпен қарады. Қарызымды төлеуге кетті. Мен бишара шалымды қатты аядым; бірақ, еркін босап шығып, ендігі жерде сәби еместігімді көрсетуді де мақұл көрдім. Зуриннің қарызы өтелді. Енді Савельич мені мына кесапат ұясындай көрінген трактирден әкетуге асықты. Ол әлден кейін қайта оралып, аттары әзір болғанын білдірді. Ұяттан жүрегім лоблып, ішімнен тынып, үнсіз өкініп, Симбирскіден аттандым, ұстазыммен қоштасқаным жоқ, онымен қайта бір кездесуді ойлағаным да жоқ.
II ТАРАУ
БАСТАУШЫ
Өз жерім бе, апырым-ау,
Таныс емес бұл қай жақ!
Атым ба екен әкелген,
Мұнда қалай болдым тап?
Әлде еріксіз әкелген
Қызуы ма екен жастықтың
Ылаңы ма екен мастықтың.
Ескілікті жыр
Жол-жөнекей ойлаған ойларым сергітерлік емес еді. Кешегі ұтқызғаным сол күнгі бағамен қолақпандай сома. Симбирскі трактиріндегі қылықтарымның есуастық екенін іштей сезіп, Савельнчтің алдында кінәлі екенімді де мойындап келемін. Осының бәрі жаныма ауыр батқандай.
Кәриям маған сыртын беріп, теріс айналып отырыпты. Оқта-текте жөткірініп қойғаны болмаса, үн қатпады. Мен онымен қайтсем де, сөзге келгім, тілдескім бар, тек қалай бастаудың жөнін таппай келем. Ақыры тіл қаттым:
— Жетер енді, Савельич! Осы да жарар, кінәлі мен, енді татуласайық. Кеше мен қылмыс жасадым, сені де бекерге ренжіттім. Бұдан былай өзімді дұрыс ұстауға және саған құлақ асуға уәде берейін, бір жолға ашуыңды қи, татуласайық.
— Е, көкешім Петр Андреевич! - деді маған ол ауыр дем ала жауап қайтарып; - өзіме өзім кейіп отырмын, бәріне де мен өзім кінәлі. Әйтпесе сені трактирге жалғыз тастап кетер ме ем! Қара басты мені, қаңғырып; "жекжат іздеп жүргенде, түсіп қаппын түрмегенің" кері келді. Қырсық деген осы да! Қожаларымның көзіне енді қалай көрінермін? Баласының арақ құмарлығын естісе олар не дер.
Савельич бишараны жұбату үшін, бұдан былай оның рұқсатынсыз өз еркіммен бір тиын жұмсамасқа сөз бердім. Ол кем-кемдеп тыныштала бастады, әйтсе де оқта-текте басын бір шайқап қап, өзіне-өзі "Жүз сом! Аз дүние ме екен, жүз сом!" деп күбірлеп қойып отырды.
Барар жеріме жақындап келем. Төңірегім жазық, мұңды дала, даланы кесіп өткен төбелер, сай-салалар кездеседі; бәрі де қарға көмілген Күн еңкейді. Күймелі шанамыз қушық жолмен, дәлірек айтқанда, шаруалар шанасының ізімен тартып келеді.
Жәмшік кенеттен орнынан тұрып, жан-жағына көз жіберді де басындағы бөркін алып, маған бұрылды:
— Кейін қайт десең қайтеді, мырзам? - деді.
— Неге?
— Күн райы сенімсіз: жел көтеріліп келеді; көремісің қарды суыруын.
— Оның несі бар!
— Артын көрмеймісің? - Жәмшік шығысқа қарай қамшысын нұсқады.
— Маған ақ дала мен ашық аспаннан басқа ештеңе көрінбейді.
— Әнеки, әне: анау ақ бұлтқа қара.
Рас екен, көкжиектен ақ бұлт көрінді. Мен оны алғашқы қарағанымда алыстан мұнартқан қарлы төбеге мегзеген едім. Жәмшіктің түсіндіруінше осы бұлт боранның алды боп шықты.
Осындай борандар бүкіл керуендерді көміп қалатынын бұрын да естігем. Савельич жәмшіктің сөзін жөн тауып, кейін қайтуды қолайлады. Бірақ, жел маған кексіз сияқты көрінді де, келер станцияға ештеңеге шалдықпай жетерміз-ау деген сенім пайда болды, мен жәмшікке жедел жүруге бұйырдым.
Жәмшік заулата бастады, шығыс жаққа қайта-қайта жалтақтап алаң боп келеді. Бір екпінмен жарыса тартқан аттардың жүрісі де жаман емес. Ал, жел сағат сайын күшейе бастады. Ақ бұлттар туласа түсіп, ауыр қанатын кең жая, аспанды тұтас торлауға айналды. Селдір жауған ұсақ қар бір кезде жапырақтап төгілді, ұлыған желмен араласып ұйтқуға басты. Енді бір мезетте қарауытқан аспан қар теңізімен араласып, бар көріністі бір-ақ жұтты.
— Ал, мырза,- деді жәмшік дауыстап,- сұмдық боран басталды!..
Күймеден басымды шығарып сыртқа көз салдым: құйын мен қараңғылықтан өзге түк көрінер емес. Ұлыған жел үні жанды айуанның ышқынғаны сияқты; Савельич екеумізді қар көме бастады, аттар аяңдай жүріп кеп, ақырында тұрып қалды.
— Е, неге тоқтадың? - дедім жәмшікке айқайлап.
— Тоқтамағанда ше?- деді ол орнынан түсіп жатып: - жол жоқ, айнала тастай қараңғы, қайда келгеніміз де белгісіз.
Мен оған кеюге айналғанымда, Савельич жәмшікке болысып, ара түсе қалды:
— Тыңдамап ең,- деді ол ызаланып,- керуен сарайға қайтқанда, шайға қанып, дем алып, ертең боран басылғасын жостыртып кетуші ек. Тойға баратындай, неге асықтың, осынша!
Савельичтікі жөн еді. Бірақ, енді басқа лаж жоқ. Қардың құйғаны сонша, күйменің маңы ақ қала боп үйіліп қалды. Аттардың басы салбырап кетіпті, оқтын-оқтын дір ете қалады. Айласыз жәмшік күймені шыр айнала түртпектеп жүр. Савельич те естіртпей бірдеңелерді айтады; неден дәметкендей, әлде жол, әлде ел қарасын іздегендей, төңірекке көз жүгірттім, бірақ, ұйтқыған қардан ештеңені айырып болар емес... Кенеттен бір нәрсе көзіме қарауыта кетті.
— Ей, жәмшік!- дедім дауыстап, — қарашы, анау қарауытқан не?
Жәмшік те көзін солай аударды.
— Құдай білсін, мырзам, не екенін, - деді орнына қайта отырып жатып: — жүк дерлік жүк емес, ағаш дерлік ағаш емес, қимылдай ма қайтеді, я қасқыр, я кісі болуы керек.
Мен сол белгісіз нәрсеге беттеуге бұйырдым. Осы екі арада анау қараңдаған да бізге қарай қозғалды. Екі минуттан кейін адаммен беттестік.
— Ей, мейірімді жан! Жөн сілтеп жіберші, жолды білемісің?- деді жәмшік айқайлап. Жолаушы жауап қатты:
— Жол осы жерде: мен сол табан жолдың тап үстінде тұрмын, бірақ одан қандай пайда?
Енді мен дауыстадым:
— Тыңда, мұжығым, бұл өлкеге жетікпісің? Таныс болсаң, түнеп шығар бір қараға жеткізіп салуға қалайсың?
— Жетік болғанда қандай,- деді жолаушы; - құдайға шүкір, сан шарлап, сан аралаған жерім. Бірақ, күн райына қарамаймысың, енді қозғалсаң жолдан адасасың. Одан да осында кідіре тұрып, боранның басылуын, аспанның ашылуын күткен тиімді; ең болмағанда жолды жұлдызға қарап табуымызға жақсы.
Жолаушының салқын салмақты жауабы мені де әлдендірді.
Мен өзімді Жасаған иемнің еркіне тапсырып, құтырынған далада түнеуге бекінген едім, жолаушы жәмшіктің жанына отыра беріп, кенеттен сөйледі:
— Құдай жарылқады, ел қарасы алыс емес екен, ал енді бұрылып алып, оңға тарт, жәмшік!
— Оңға не үшін жүрмекпін? - деді жәмшік наразы дауыспен. — Көрініп тұрған жолың қайсы? Жоқ әлде "мал байдікі, жан құдайдікі", менің нем шығыпты, айдай берсін дегің келе ме?
Жәмшік сөзі менің құлағыма да қона кетті.
— Рас айтады, - дедім атшыны қостап, — ел қарасы таяу екенін қайдан білдің?
— Үйткені жел сол жақтан соғып тұр,- деді жолаушы,- түтін исін сезіп тұрмын, соған қарағанда, деревня жақын болуы керек.
Мынаның тапқырлығы мен сезімталдығы мені таң қалдырды. Жәмшікке солай беттеуге бұйырдым. Аттар қалың қардан әрең қозғалады. Күйме бірде омбы қардың қырына шығып, бірде ойына төңкеріліп, екі жаққа кезек ауытқып келеді. Бұл жүрісіміз дауылды теңіздегі кеме жүрісінен айнымас еді. Әлсін-әлсін менімен соғысып қап, Савельич те үздіксіз уһлеуде. Мен күйменің жапқышын түсіріп, тоныма оранып алған соң жол бесігінде тербеліп, боран әлдиін тыңдаған нәрестедей ұйықтап кетіппін.
Түс көріппін, өмір бойы ұмытылмастай түс, басымнан өткендерді қайта санап отырсам, барлық көрерімді сол түсім бұрын болжағандай, пайғамбарша бұрын білдіргендей. Дін сенімін түкке тұрғызбай отырып-ақ кейде адамның болжауға бойсұнуы ескі кәде сияқты бір мінез-ді, сондықтан бұл қылығым үшін мен де оқушымнан кешірім сұраймын.
Жаңағы өңімдегі сезімім мен қиялым енді көзім ілініп кеткеніндей түсіме айналыпты. Болмыс пен түсім бір тұтасып, сол күйімнен аумаппын. Боран үдей соғып, біз әлі қарлы сахарада адасып жүр екенбіз деймін.. Кенеттен қақпаны көріп қап, күймемен өзіміздің қораға кеп кірдік. Ойымда сескену бар; айтқан тілін алмай, жіберген жеріне бармай әдейі қайтып келгендей көрініп, әкем кейістік көрсететін сияқты. Сол күнгі қалпыммен күймеден секіріп түстім: шешей басқыш алдында, қайғылы пішінде күйік үстінде тұрып күтіп алды.
"Ақырын, - дейді маған қарап,- әкең ауру, өлім үстінде, сенімен арыздасып, қоштасқысы кеп жатыр". Шошыған қалпыммен шешеме еріп, әкем жатқан бөлмеге кеппін. Үй жарығы күңгірт; өңшең қасіретті жандар ауру төсегін қоршап тұр. Мен жай басып, төсекке таяндым. Шешей шымылдықты көтеріп: "Андрей Петрович, Петрушаң келді, сенің ауырғаныңды естіп әдейі қайтыпты. Ризалығыңды айт, батаңды бер" дейді. Тізерлей тұрып, бар ынтаммен ауруға көзімді салдым. Сүйтсем... әкем деп тұрғаным: маған күле қарап жатқан қара сақалды жаман мұжық боп шықты. Мен аң-таң боп шешейге бұрылдым: "Бұл қалай? Әкем емес қой. Айдаладағы мұжықтың бағасы маған не керек?" деймін.
— Бәрібір, Петруша, - дейді шешем маған бой бермей, — бұл сенің өкіл атаң, қолынан сүй, дұғасын ал.
Мен көнбедім. Сол кезде мұжық төсектен атып тұрды да, беліндегі балғасын суырып алып, жан-жағына сермей бастады. Қашқым да бар... Дәрменсізбін; үйдің ішін өлік басып кетті. Мен өлікке сүрініп, қан кешіп тайғанақтап жүрмін... Қаһарлы, үрейлі мұжық мені жылы шыраймен өзіне шақырады: "Қорықпа, одан да қолтығыма кір, бағамды ал.." дейді маған қарап. Зәрем ұшып, құтым қашып кетіпті... Осы минутта мен оянып кеттім. Аттар тоқтапты. Савельич менің қолымнан ұстап:
— Түс, шырағым, келдік,- деді.
— Қайда келдік? - дедім көзімді сүртіп.
— Керуен сарайға келдік. Құдай жарылқан дәл қораға жетіп тақалыппыз. Тезірек шық та жылынып ал қарғашым.
Мен күймеден шықтым. Боран сәл бәсеңсісе де әлі басыла қоймапты. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Фонарын етегінің ығына ұстаған қожайын бізді қақпа алдында күтіп алды, мені бастап жүріп, тарлау келген, бірақ, тап-таза жарық бөлмеге әкеп кіргізді. Қабырғада винтовка және биікше келген казак папағы ілулі тұр екен.
Қожайын жайықтық казак боп шықты, жасы алпыстар шамасында, бірақ қазірде тың, көңілді, ширақ көрінді. Савельич күймедегі бұйымдарды арқалай кіріп, шай қайнатарлық от әзірлеуін талап етті. Ыстық шайды өмірімде бірінші аңсағаным менің де осы болар.
Қожайын қам жасауға кетті. — Бастаушымыз қайда? - дедім Савельичке бұрылып.
— Мұндамын, мәртебелім, - деді жоғарыдан естілген дауыс.
Биік тақтайдың үстінен қап-қара сақал мен оттай маздаған екі көзді көрдім.
— Қалай, бауырым, жаурадың ба?
— Жалаң қабат жұпыны жарғақпен қалай жаурамассың! Жасыратыны жоқ, тоным да бар еді, ұттырған ақшам үшін ұстатып кеттім; о кезде аяз да бәсең сияқты еді.
Осы минутта қайнаған самауыр көтеріп қожайын кірді; мен бастаушымызды шайға шақырдым; мұжық төмен түсті. Енді аңғардым: жасы қырықтың шамасында, орта бойлы, арық денелі, жаурыны қақпақтай екен Қара сақалына ақ түсе бастапты; үлкен, отты көздері ойнақшып, орнында тұрар емес. Беті де жылы шырайлы, бірақ даярлығын да сездіргендей; шашын дөңгелете қырықтырыпты; үстінде жыртық жарғақ, бұтында татар шалбары бар. Мен оған бір кесе шай ұсындым; ол тыжырыңқыранып қалды.
— Мәртебелі мырзам, кеңшілік етіңіз; мүмкін болса маған бір стакан шарап алдырыңыз; шай казактар үшін қолайсыз сусын.
Ләм демей тілегін орындадым. Қожайын өреге қойылған бөтелкесінен бір стакан шарапты толтырды да, оның қасына барды:
— Еһе, - деді бетіне қарап, - тағы соқтың ба біздің аймаққа! Қай жерден қайтарды құдайым?
Бастаушым сын сездіргендей көзін қысып қалды да мәтелдей жауап қайтарды:
— Аралап бақша егісін, шұқып едім жемісін; кемпір әжем тас атты, тигізе алмай бос атты. Ал өздерінде қалай?
— Бізде не қалай болсын! - деді қожайын да жұмбақтай сөйлесе беріп, - Поп қатыны жақтырмапты, құптанға қоңырау қақтырмапты; поп қонаққа барыпты, шіркеуді шайтандар алыпты.
— Доғар, аға!- деді қыдырмашым, одан әрі сөйлетпей, - жаңбыр жақсы жауса, шырақ, сонда өседі саңырауқұлақ; тек жалғыз-ақ өссін деңіз, ыдыс үшін қам жемеңіз; ал енді (осы арада көзін тағы бір қысып қалды) балтаңды тық артыңа: орманшы жүр осы маңда. Құрметтім! Сіздің саулығыңызға! - осыны айтып, ол стаканды ыңғайлап, шоқынып алды да бір қылғытудан қалдырмай жұтып жіберді; одан соң маған иіліп ізет көрсетіп, қайтадан жоғарыға, өз орнына көтерілді.
Мен мына сөйленген ұрлық сөздерден түк те түсінген жоқпын; бірақ, кейін аңғарсам, әңгіме 1772 жылғы сол кезде ғана күшпен басылған Жайық әскерінің лаңы туралы екен. Бұл әңгімелерді Савельич те аса наразы болып отырып тыңдады. Ол біресе қожайынға, біресе бастаушыға күдіктене қарап отырды. Бұл керуен сарай жолдан қашық, елден шет, айдалада болғандықтан, тұрған жерінің өзі қарақшылар ордасына қатты ұқсас екен. Бірақ, енді басқа лаж жоқ. Мұнда тоқтамай, ары жүріп кетуге де мүмкін емес. Мен Савельичтің тыпыршығанын тамашалап отырдым. Осылай болса да түнеп шығу әрекетімен мен сәкінің үстіне төсегімді жайып жайғаса бастадым. Савельич пештің үстіне орналасты; қожайын еденге жатты. Көп ұзамай төңірегім түгел қорылға басты. Мен де өлген кісідей қатып қаппын.
Ертеңіне ұзақ ұйықтап, кеш ояндым. Күн жарқырап тұр. Шетсіз, шексіз даланы көмген аппақ қар күн нұрымен ойнап сәуле атып, көз бақтырар емес. Аттар жетіліпті. Қожайынның түнеткен ақысын арзан алғаны сонша, әншейінде саудасыз, егессіз айрылыспайтын Савельич те сөзге келмей есеп айырды, түндегі басына ұялаған күдіктері де ұмытқа айналған түрі бар. Мен жол бастаушыны шақырып алып, көрсеткен көмектері үшін алдаразы болсын айттым. Савельичке арақ алуына жарты сом беруге қостым. Шалым тағы тырысып қалды.
— Арақ үшін жарты сом! - деді Савельич, жақтырмай қайталап. — Ол ненің ақысы? Күймеңе мінгізіп керуен сарайға жеткізгенің үшін бе? Ерік өзіңде, қарашығым, менің басы артық сомым жоқ. Көрінгенге арақ пұл бере берсең, көп ұзамай өзің ашығарсың.
Өз уәдем бойынша ақша билігі тұтас Савельичке өткендіктен, мен онымен таласпадым. Пәледен құтқармаса да іледен құтқарған адамның еңбегін өтей алмау маған да ұят еді.
— Дұрыс, - дедім түсімді бұзбай, — ақшаны аясаң менің киімдерімнің бірін қи. Үсті өте жеңіл екен, тым болмаса қоян ішігімді бер.
— Атама, көкем Петр Андреевич! — Савельич тағы шыр ете түсті. — Қоян ішіктің оған қанша керегі бар? Бұл оңбаған ит бірінші кездескен қабақта араққа сатып жібереді.
— Ішемін бе, жоқ па, оның қайғысы саған түспесін, қариям, шығынан ішігін шешіп берем десе, ол жас мырзаның өз еркі, ал сенің шаруаң босқа қырыстанбай, әмірін орындау болу керек,— деді мекенсіз жолаушы.
— Құдайдан да қорықпайды екенсің, қарақшы! - деді Савельич, зығыры қайнап; — Саған ақыл тоқтатпаған жастың ақпейілділігін пайдалану, артық аспабын қағып қалу ғана керек қой. Әйтпесе, алпамсадай бойыңмен иығыңа батпайтын мырза ішігін қайтпексің?
— Ақылыңды қой, дереу ішікті әкел, - дедім Савельичке.
— О, жасаған! - деді Савельич күңірене сөйлеп: - жап-жаңа қоян ішік! Қайдағы бір маскүнем бұзыққа берілмей, басқа біреуге берілсе де бір сәрі-ау!
Әйтсе де ішік келтірілді. Мұжығым табанда бойына өлшеп көрді. Айтып-айтпай-ақ, өсе келе өзіме де кішірейіп қалған ішік оған да біраз тар соқты. Бірақ ол енді қолынан шығарғысы келмегендей, тігістерінің бой-бойымен қақырағанына қарамай, амалдап үстіне киіп алды. Бығырлай үзілген тігіс жіптерінің үніне қосыла Савельич жылап жібере жаздады. Мекенсіз жортуылшы жан тартқан сыйыма әбден риза болды білем, мені күймеге дейін ертіп барып, иіліп тәжім етіп тұрып, мынаны айтты:
— Сыйыңа рақмет, құрметтім! Менен қайтпаса құдайдан қайтсын. Бұл рақымыңызды өмірде ұмытпаспын, - деді.
Ол өз жөніне кетті, Савельичтің тыжырына көңіл аудармай, мен де өз жолыма тарттым. Біраздан кейін кешегі боран, ғайыптан кездескен бастаушым, қоян ішік барлығы да бара-бара түгел есімнен шықты.
Орынборға жетісімен мен тура генералға бардым. Ол ұзын бойлы, қарттық салдарынан әнтек бүкшең тартқан кісі екен Ұзын шаштары әбден ағарып болыпты. Иі түскен ескі мундирі Анна Иоановна заманының жауынгерін сипаттағандай, ал тілі неміс тектес екенін аңғартып тұр. Мен әкелген хатымды тапсырған кезде, әкейдің атын естіп, бетіме бір қарап қалды.
— О, жасаған! - деді генерал көп сөздерге тілі әрең келіп, - кеше ғана Андрей Петровичтің өзі дәл сенің жасымда емес пе ел, бүгін баласының өзі жігіт боп қалған! Ай, шіркін уақыт, жүйрік уақыт!
Ол пакетті ашты, өз тарапынан әкейге деген достық дауларын қоса сөйлей отырып, ақырын ғана хатты оқи бастады: "Мейірімді ұлұғзадамыз Андрей Карлович, сіздің биік мархабатыңызға сеніп, мен..." Бұл қай церемониясы? Фу, ұят екен! Тәртіп бойынша; бірақ ескі досқа да өстіп хат жаза ма екен?.. "Ұлы мархабатың әлі ұмытпаған болар деп сенемін.. "Пәле..."ол кезде... фельдмаршал Мин... марқұммен жорықта... одан басқа Каролинкада..." Жас кездегі тентек қылықтарымызды да ұмытпаған ба қалай? "Енді іске келелік... Мен сізге бетімен өскен баламды жіберіп отырмын..." Ымм... "кірпі қолғаппен ұстау керек..." Мұнысы қандай қолғап?.. Бұл орысша мақал сөз болуы керек... "Кірпі қолғаппен ұстағаны" қалай? - деді маған қарап.
Мен оның сұрағына моп-момын кінәсіз адамдай жауап қайтардым:
— Жақсы қараңыз, қысымға түсірмей, көбірек еркіне жіберіңіз, кірпі қолғаппен ұстаңыз дегені осы шығар.
— Ым, енді түсіндім... "еркіне жіберілмесін.." Жоқ, кірпі қолғап мәні басқаша боп келеді... "Осы пакетпен паспортын да жібердім..." Онысы қайда? А, мұнда екен ғой... "Семенов полкына жіберілмесін..." Жақсы, жақсы: бәрі де істеледі... "Шенім болмаса да өзіңді құшақтауыма рұқсат ет... Ескі досың әм жолдасың..." А! Енді түсіндім... Тағысын-тағылар...
— Я, көкешім, - деді генерал хатты оқып болып, паспортымды былай алып қойды да, -бәрі істеледі: сен полкыңа офицер болып жіберілесің, уақытты бекер өткізбес үшін, ертең ертемен Белогор крепосына жүріп кет, сондағы адал, қайырымды адам Миронов деген капитанның командасында істейсің. Онда сен нағыз әскери қызметте боласың, тәртіпке үйренесің. Орынборда қалудың саған түкке де керегі жоқ; құнтсыздық жас адамға зиян келтіреді. Ал бүгін біздің үйден түстік ішуіңді сұраймын, - деді. Үнсіз тұрмын Өзіммен өзім сырласып: "күн асқан сайын жаңа күн ауырлап келеді мен үшін! Ананың құрсағында жатып гвардия сержант болып ем! Аяғы қайда соқтырды? *** полкына ұрындырды... Қырғыз-қазақтың құладүз, меңіреу даласының шегіне кетпекпін!.." Мен Андрей Карловичтың үйінде болып, оның ескі адъютантымен үшеуіміз түстік жедік. Немістің үнемшіл қаныпездігі дастарқанынан да көрініп тұр, шағын есептеулі асына басы артық қонақ ортақ бола бермесін деп, мені гарнизонға асығыс қуып отыр-ау, деп қойдым ішімнен.
Келесі күні мен генералмен қош айтысып, тағайындалған жеріме жүріп кеттім.
IІІ ТАРАУ
КРЕПОСТЬ
Тұрғанымыз тас қорған.
Жейміз нанын бұйырған,
Келсе дұшпан жатуға,
Пирог дәмін татуға,
Тойымыз әзір келсін тек:
Оқтаулы тұр зеңбірек.
Солдат жыры
Әкем-ау, баяғының адамдары ғой.
"Недоросль"
Белогор крепосы Орынбордан қырық шақырым жерде. Жолы Жайықтың биік жарлы жағасын қуалай жүреді. Өзен әлі қатпапты, оның қорғасын түстес толқыны біркелкі қарлы жиекпен жарыса, мұңая түнереді. Арғы беті қырғыз-қазақ даласына ұласады. Мен көбінесе мұңды ойлардың шытырмандарында келемін. Мені күткен гарнизон өмірінің қызығы да аса кеміс сияқты. Мен өзімнің болашақ начальнигім капитан Мироновты қиялмен болжап көруге тырыстым, менің көзіме өз қызметінен басқа ештеңеге түсінбейтін, қит етсем, нан мен судан басқаны татқызбай қамап қоятын, қаныпез, ашушаң шал елестей берді. Осы кезде қас қарая бастады. Біз едәуір қатты жүріп келеміз.
— Крепость әлі алыс па?- дедім жәмшікке.
— Алыс емес, әне, сонау көрінген,- деді.
Мен айнала жалтақтап, айбынды бастиондарды, мұнаралар мен тас қорғандарды көргім кеп келем, бірақ - бөрене қорамен қоршалған кішкене деревнядан басқа ештеңе көзіме ілінбеді. Осы деревняның бір жағында үш-төрт маядай, ала қанат қар басқан, үйілген шөп тұр; екінші жағында қиқайып, көңілсіз салбыраған жел диірмен тұр.
— Крепость дегенің қайда? - дедім тағы да тыпыршып.
— Міне, мына тұрған ше,- деді жәмшік кішкене деревняны көрсетіп.
Осы әңгімеміз аяқталмай-ақ, деревняға кірдік. Қақпа алдында ескі шойын зеңбірек көрдім, көшелері қисық, әрі тар, үйлері күркедей кіп-кішкене, оның көпшілігінің төбесі сабанмен жабылған екен. Мен тіке комендантқа апаруға қостым, бір минуттан кейін күйме ағаш шіркеудің қасындағы биікке салынған ағаш үйге жетіп тоқтады.
Бізді күтіп алған жан болмады. Мен сенекке кіріп, ауыз үйдің есігін аштым. Онда бір жарымжан шал, стол үстінде көк мундирдің тозған шынашағына жасылдан жамау жапсырып тігіп отыр екен. Мен оған келгендігімді хабарладым.
— Кіре бер, әкем, деді жарымжан: - біздің адамдар үйде.
Мен тап-таза, бұрынғыша жиналған бөлмеге кірдім. Бұрышта ыдыс салатын шкаф тұр; қабырғада рамкаланған, беті әйнектеулі офицерлік диплом ілулі; оның қатарына Кистрин мен Очаковтың алынғанын, қалыңдық таңдау мен мысықтың жерленгенін салған суреттер әсемделіп тұрып ілініпті. Терезе алдында жылы камзолды, басына кішкене орамал тартқан кемпір отыр. Офицер мундирін киген шал шоқ жіпті екі қолының басына іліп, керіп ұстапты. Кемпір сол жіпті тарқатып, жинап отыр.
— Сізге не қажет, әкем? - деді кемпір.
Мен жөнімді түсіндірдім, қызмет бабымен капитан мырзаға келгенімді айттым, қыли шалды комендант екен деп соған бұрыла бергенімде, үй иесі әйел сөзімді бөліп жіберді:
— Иван Кузмич үйде жоқ, - деді әйел. Ол Герасим атайға қонаққа кетіпті, бірақ, бәрібір, мен сол кісінің әйелімін. Жатырқамай, жайғасып отыруыңызды сұраймын, әкетайым.
Әйел қызды дауыстап шақырып алды да, урядникті шақыр деп әмір етті. Шал жалғыз көзін менен айырмай, қадалып отыр.
— Білуіме болар ма екен, сіз қай полкта қызмет істеген едіңіз?- деді әлгі шал Мен толық жауап қайтардым.
— Ендеше, тағы да сұрауыма рақым етіңіз, - деді шал сұрауларын ұластыра түсіп; -гвардиядан гарнизонға ауысуыңыздың себебі қалай?
— Начальниктердің ұйғаруы осылай болды,- дегенді айттым. Сұрағыш шал қазбақтай түсті:
— Онда гвардия офицеріне лайықсыз теріс қылық жасаған болдыңыз ғой?
— Жетер, - деді капитан әйелі, бұйыра тіл қатып; - жолдан арып келген жас жігіттің сенімен сөйлесер мұршасы жоқ, көрмеймісің... Одан да қолыңды түзу ұста... Ал сен, көкешім, - деді әйел маған бұрылып; - құла дүзге қайдан келдім деп қайғырма. Ондайлардың басы да сен емессің. Соңы да сен емессің. Жайғаса келіп, жарасып та кетесің. Швабрин Алексей Иванычтың кісі өлтіріп, бізге жіберілгеніне де мінеки бес жыл. Қандай пәленің түрткенін бір құдай білсін; бір поручикпен қаланың сыртына шығыпты да бас салып қылыштасыпты, әй кеп сұққыласыпты, ақырында Алексей Иваныч поручикті екі кісінің көзінше шаншып өлтіріпті! Осыған не дерсің? Пәле қайда, аяқ астында деген осы.
Осы кезде әрі жас, әрі сымбатты урядник казак кеп кірді.
— Максимыч! - деді оған капитан әйелі. - Мына офицер мырзаны пәтер тауып орналастыр, жақсы, таза үй болсын.
— Құп, Василиса Егоровна, - деді урядник. - Бұл мырзаны Иван Полежаевтің үйіне орналастырсам қайтеді?
— Былжырама, бекер сөйлеп, Полежаевтікі онсыз да таршылық; оның үстіне ол бізге бағынышты адам, әрі көршіміз екенін де ұмытпау керек.
Офицер мырзаны... кешіріңіз, атыңыз кім еді, көкешім?
— Петр Андреич.
— Петр Андреичті Семен Кузовтікіне апар. Сиқыр, антұрған, атын біздің огородқа жіберіпті. Ал Максимыч, не хабар бар, барлығы да тыныштық па?
— Құдайға шүкір, түгел орнында, жалғыз-ақ капрал Прохоров моншада ыстық суға таласып, Устинья Негулинамен төбелесіп қалды.
— Иван Игнатьнч, - деді әйел қыли шалға қарап; - тез барып төбелескендердің қайсысы тентек, қайсысы түзу екенін айыр. Тіптен екеуін де жазала. Ал, сен Максимыч, өз шаруаңа жөнел Петр Андреич, Максимыч сізді пәтеріңізге ертіп барады.
Мен алдаразы болсын айттым. Урядник мені крепостың ең шетінде, өзен жарының биік жағасында тұрған аласа үйге апарды. Үйдің жартысында Семен Кузов бала-шағасымен өзі тұрады екен, екінші жағын маған босатып берді. Бұл тап-таза екен, тең ортасынан тақтаймен екіге бөліпті. Савельич оған не бола кетті; мен енсіз, қушық терезеден түзге көз жібердім. Менің алдымда шеті мен шегі жоқ, мұңлы дала жатыр көсіліп. Бір бүйірден екі-үш үй көрінеді. Бірнеше тауық көшеде жайылып жүр. Басқышта қорыта ұстаған кемпір - аттарын атап, шошқаларын шақырып еді, жануарлар бір әуенмен жарыса қорқылдасып қоя берді.
Мінекей, менің жастық шағым өтетін жаңа мекенімнің сиқы осы еді. Зығырым қайнады; мен терезеден кейін шегініп кеттім де, кешкі асқа қарамай төсекке жатып қалдым. Ас ішкен сайын насихат айтатын Савельичтің сөздеріне де құлақ аспадым.
— О, жасаған! Тым болмаса тамақ та жемейді! Баласының бұл қылығын естісе мырзам не дер екен маған?
Келесі күн, ертемен тұрып киініп жатқанымда есіктен орта бойлы, ажарсыз қара, бірақ аса пысық пішінді жас офицер кірді.
— Сізбен танысу үшін ешбір церемониясыз келгеніме кешіріңіз, - деді ол кей сөзін французша сөйлеп. — Сіздің келгеніңізді кеше естігем; адам жүзін көруді аңсағаным сонша, асыққаным сонша, көріскенше тағатым шыдамады. Менің бұл сөзіме осында біраз тұрғаннан кейін түсінерсіз.
Жекпе-жек үшін гвардия полкынан қуылған офицер осы болар деп топшыладым. Дәл сол мерзімде танысып та қалдық. Швабрин онша ессіз жігіт болмай шықты. Кісіні қызықтыра, өткір сөйлейді. Ол күлдіргі сөздермен капитан үй-ішінің жағдайын, оның қатынасып тұратын адамдарын, билеп тұрған мекенін қызық сипаттап берді. Мен рахаттанып тұрып, енді күле бастағанымда кенеттен есік ашылды да, кешегі комендант үйінің алдыңғы бөлмесінде жамау жамап отырған жарымжан келіп кірді, ол мені Василиса Егоровнаның атынан түстік жеуге шақырды. Швабрин да менімен бірге жүрді.
Біз комендант үйіне тақала бергенде, алаңға көзіміз түсті: бастарына үш бұрыш қалпақ киген, жиырма шақты кілең жарымжан кәрілерді көрдік. Олар сапта тұр екен Олардың алдында қытай тоқымасын киген, ұзын бойлы, қалпақты, кәрі комендант тұр. Әрі ширақ, әрі шадыман көрінді бейнесі. Ол бізді көргесін, қарсы жүріп келді де, маған бірнеше сөз айтып, қайтадан командасына кірісті. Біз оның қалай үйрететінін көру үшін кідірдік; бірақ комендант біздің Василиса Егоровнаға баруымызды өтінді. Өзінің де кешікпей келетінін білдірді.
— Мұнда сіздер көрерлік ештеңе жоқ, - деді, бізді үйіне жөнелте беріп.
Василиса Егоровна бізді жарқын жайдарылықпен күтіп алды да, менімен ежелден таныс адамша сөйлесіп жүр. Жарымжан мен Палашка столды жауып, әзірледі.
— Менің Иван Кузмичім бүгін қалай құнығып кеткен, - деді комендант әйелі, -Палашка, тез барып шақырып кел мырзаны. Машасы қайда әлгі?
Осы кезде дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, сарғылт жылтыр шашын құлағынан асыра қайырған, жасы он сегізге не жетіп, не жетпеген жас қыз кеп кірді. Бірінші көргенде маған онша ұнай қойған жоқ. Швабрин айтқанда капитан қызы, Машаны, есерсоқтау ақымақ адам қып түсіндірген. Сондықтан мен де сырыңды білем, бойжеткен, - дегендей пікірмен қарадым. Марья Ивановна бұрышқа отырды да, іс тіге бастады. Осы екі арада стол үстінде щи әзір болды. Күйеуі келе қоймаған соң Василиса Егоровна Палашканы екінші рет шақыруға жіберді.
— Мырзаға айт: қонақтар күтіп отыр, щи суып барады де, үйретуі еш жаққа қашпас: кейін де бақыра жатар.
Көп ұзамай қасында қыли шал бар, капитан келді.
— Мұның қалай, әкесі-ау? - деді әйелі;- ас әлдеқашан әзір болды, сені күтумен сілеміз қатты ғой.
— Әуелі сөзге құлақ ас, Василиса Егоровна, мен ойнап жүрген жоқпын, солдаттарды үйретіп келдім, оның атын қызмет дейміз, - деді Иван Кузмич.
— Я, жетер!- деді капитан әйелі бет бақтырмай, — үйреттім деген аты шығар, әйтпесе түк қонбастарыңның бірдеңе қосқанын көрмей келем ғой. Одан да үйде отырып, тәңірге сыйынғаның жақсы емес пе. Құрметті қонақтар, столға жақындаңыздар.
Біз асқа отырдық. Василиса Егоровнаның аузы тыным тапқан жоқ, маған сұрақты жаудырып жатыр; туғандарым кімдер, олар тірі ме, өздері қайда тұрады, ауқаттары қандай? Бәрін сұрады.
Әкеме үш жүз жан крестьян қарайтынын естігенде тағы бір килігіп кетті:
— Осал емес екен! Бұл жалғанда не байлар бар ғой! Ал біздің Палашкадан басқа ешкіміміз де жоқ. Әзер алдалап қана тұрамыз. Тағы бір пәлесі: Маша бой жетіп қалды, ұзатыла қойса жасауы қандай десейші? Бар жасауы бір тарақ пен үш бақыр, айналасы тап-тақыр. (Кешір, жасаған) Моншаға барарлық қана мұршасы бар, деген сияқты. Ыңғайлы бір тәуір кісі кездесе кетсе жақсы, әйтпесе қартайғанша кәрі қыз атанып отыра беретін шығар, - деп бір қойды.
Мен көзімді Марья Ивановнаға аудардым, ол нарттай қызарып, жарылып кетердей боп отыр екен, еріксіз шыққан көз жасы тарелкасына тамып кетті. Бишара қызды аяп кеттім де, әңгіменің, бетін басқа жаққа аударуға тырыстым.
— Менің естуімше башқұрттар крепостьқа шабуыл жасамақшы көрінеді ғой,- дедім, көңілқос, қалай болса солай.
— Оны кімнен есіттің, әкем-ау? - деді Кузмич таңырқағандай.
— Орынборда біреулер айтқан еді.
— Бос сөз! - деді комендант, - біз көптен бәрі ондай ештеңе сезген емеспіз. Башқұрттар үркіп қалған халық, қырғыздар да2 дәмін татқандай болған Бізге жұғысулары мүмкін емес. Ал беттей қойса он жыл естерінен шықпастай тәубаға келтіруге әзірмін.
— Осындай қатерлі жерде тұрып сіз де қорықпайсыз ба? - Мен әңгіменің аяғын тұжырмай, капитан әйеліне қарадым.
— Үйреніп кеттік қой, әкем, - деді әйел, - полктан осында ауысқанымызға жиырма жыл бопты, алғашқы кездегі осы жаттардан қорыққанымды құдай енді қайта көрсетпесін! Тышқан бөріктілердің қарасын көріп, үндерін есіткенде, сізге өтірік маған шын, әкем, жүрегім тастай қатушы еді. Осы кезде етім өліп, бойым үйреніп кетіпті, "келіп қалды" десе де түшіркенетін емеспін.
— Василиса Егоровна жүрек жұтқан әйел бұған Иван Кузмич кепіл - деп Швабрин де араласты.
— Я, бұл қорқақ қатындар тобына қосылмайды, - деп Иван Кузмич оны қостап қойды.
— Марья Ивановна да сіз сияқты батыр шығар? – дедім мен.
— Маша ма? - деді шешесі;- жоқ, Маша қорқақ. Осы күнге дейін мылтық даусын естісе қалтырап кетеді. Осыдан екі жыл бұрын Иван Кузмич менің туған күнімнің құрметіне зеңбірек атып әлек шығарған-ды. Сонда менің жүрексіз көгершінім жан тәсілім қыла жаздаған Содан бері зеңбірек үнін шығармайтын болдық.
Біз ас ішіп болып стол басынан тұрдық. Капитан әйелімен ұйықтауға кетті; мен Швабриннің үйіне кеттім, сол күнгі кешті екеуміз бірге өткіздік.
IV ТАРАУ
ЖЕКПЕ-ЖЕК
- Шық бері, денеңді тос,
сыбағаңды ал,
Көрсетем сілтенуін семсердің дәл
Княжнин
Бірнеше апта өтті. Менің Белогордағы өмірім шағын ғана емес, әдемі өмірге айналды. Комендант үйінің есігі мен үшін үнемі ашық, бейне бір өз мекенім сияқты. Ерлі-байлы екі жан ең қадірмен кісілерім боп шықты. Солдат семьясынан өсіп офицерлікке жеткен Иван Кузмич оқуы жоқ, тұрпайылау болса да, нағыз адал, нағыз қайырымды кісі екен. Өз тізгінін әйеліне билетіп қойғаны да бейқамдық мінезіне жарасымды көрінгендей.
Василиса Егоровна әскери жұмыстарға өз шаруашылығы сияқты қарайды, крепосты да дәл өз үйіндей билеп-төстейді. Шамалы күннен кейін Марья Ивановна да маған тосырқай қарауынан арылды. Екеуміз жақсы танысып алдық. Мен оны ақыл-есі бүтін сезімтал қыз деп таныдым. Бірте-бірте кеп жүріп осы сияқты қайырымды семьяға қаншалықты үйірсек болғанымды өзім де сезбеппін, тіпті ана гарнизон поручигі, қыли Иван Игнатьичқа да сондаймын; осы қыли Василиса Егоровнадан сау емес деген Швабриннің өтірік жорамалы да құлағыма кірген емес, бұл Швабриннің ермегі үшін болмаса, пәлендей қынжылмайтын әңгімесі.
Мен офицерлік дәрежесін алдым. Қызметімнің ауырлығы жоқ. Құдай өзі сақтап тұрған крепоста тексеру, тергеу, оқыту, үйрету, күзет сияқты ештеңелер болмайды. Комендант өзі қалаған кезінде оқта-текте солдаттарға бірдеңе үйреткен болады, бірақ одан бірдеңе ұғынып, тым болмаса он мен солын айырып жатқан да ешкім жоқ. Швабриннің бірнеше француз кітаптары бар еді. Соларды оқыған сайын менің әдебиетке құмарлығым арта бастады. Күнде ертемен кітап оқимын да орыс тіліне аударуға жаттығам, кейде өз бетіммен де өлең жазам. Комендант үйінде түстік жеу кәдеме айналды, одан кейінгі уақытымды да сонда өткізем, кейде кешкісін бұл үйге сол маңайдың хабар-ошарын елден ерекше бұрын естігіш әйелі Акулина Панфиловнасын ертіп Герасим атай да келіп тұрады.
Алексей Ивановичпен де, әрине, күнде кездесіп тұрдым; бірақ оның әңгімелері сағат сайын маған ұнамсыз көріне бастады. Комендант семьясы туралы сөйлейтін қалжыңдарын жақтырмаймын, әсіресе, Марья Ивановна жөніндегі түрпідей қылжақтарын жексұрын көрем. Крепоста бұлардан басқа қатынасар қауым жоқ, оны іздеген мен де жоқ.
Алып-қашты хабарларға сай, башқұрттар да тентектік жасамады. Крепость маңындағы жым-жырт тыныштық қалпынан аумады. Оны бұзған тек, күтпеген жерден киліккен өз ара жауласу болды.
Әдебиетке қалай айналысқанымды айттым ғой деймін. Сол кездің тұрғысынан қарағанда недәуір тәжірибе алып қалған екенмін, кейін сондағы жазғандарымды Александр Петрович Сумароков қатты мақтады. Бір күні шағын бір өлең жаздым да, оным өзіме ұнай қалды. Жазушы кеңес алуды сылтауратып, ұнамды шығармасын қолайлы кісілерінің біріне оқығанша асығатыны белгілі ғой. Крепость көлемінде өлең танитын жалғыз Швабрин ғана болатын. Сондықтан жаңағы шығармамды көшіріп алып, соған апардым. Азғана отырып жөнімді түсіндірген соң мына өлеңімді оқып бердім:
Махаббат дертін жасырып,
Көрінбес үшін сәулеме,
Машадан бойды қашырып,
Түсіп бір жүрмін әуреге!
Шұғылалы жарық көздері
Есімнен әсте кетпейді,
Жүрегіме өрт салды
Шыдауға сабырым жетпейді.
Күйімді, Маша, түсініп,
Рахымыңа, жаным, ала көр.
Ғашығыңмын күйікті,
Көз қырыңды сала көр.
Өлеңіме лайық мақтау сыйын күткен айқын ниетпен Швабринге бұрылдым:
— Бұған қалай қарайсың? - дедім, қалауыма сай сөзге тартып.
Бірақ менің сорыма Швабрин кәдімгі қайырымсыздығына басты.
Өлеңің жаман екен деген ол бір-ақ томырық жауап қайырды.
— Неге олай дейсің?- дедім ренжігенімді жасырып.
— Себебі,- деді ол асықпай отырып; - мұндай өлеңдер менің ұстазым Василий Кирилыч Тредьяковскийге лайық және соның махаббатқа арналған шумақтарына қатты ұсап тұр.
Содан соң менің дәптерімді қолына алды да, өлеңнің әрбір жолы мен әрбір сөзін жеке талдап, маған инедей қадалатын қорлық сөздерін жаудыра бастады. Мен одан әрі шыдай алмадым, дәптерімді қолынан жұлып алдым да, ендігәрі жазғанымды көрсетпеуге серт еттім. Ол менің бұл ашуыма да күле жауап қайырды:
— Көреміз, сөзіңде тұра алсаң, Иван Кузмичқа тамақ алдында графин арақ қандай қажет болса, өлеңшіге де тыңдаушы сондай қажет болар. Ал мына ынтығыңды құртқан, нәзік махаббатыңды дуылдатқан ғашығың қай Маша? Марья Ивановнаның өзі емес пе? -деді.
— Онда жұмысың болмасын, - дедім түйілген қабағымды ашпастан; - әйтеуір бір Маша шығар. Бірақ, ол туралы сенің кеңесің мен жорамалыңның маған керегі жоқ.
— Еһе! Өзімшіл өлеңші, момын махаббатшы екенсің! - деді мені күйіндіре, ызаландыра түсіп, - менің кеңесіме құлақ ас: қызда дәмең болса өлеңді қой да, басқа амалын қарастыр.
— Мұнымен не демекші ең, мырзам? Түсіндіре түсуге болар ма?
— Әбден болады. Егер Маша Миронова күнде кешке бір соғып кетсін десең өзіңе, нәзік жырдың орнына екі сырға сыйға тарт, одан төтесі жоқ.
Қаным қайнап кетті.
— Бұл қыз туралы неліктен мұндай пікірдесің? - дедім, өзімді өзім долы ашудан әрең ұстап.
— Білемін, - деді ол тажалдай сықылықтап күліп, — ісі мен әдет, әдебіне қарап білемін.
— Сандалыпсың, бұзық!- дедім, құтырына айқайлап; — сен оны ең оңбаған арсыздықпен қаралап тұрсың.
Швабриннің түсі өзгеріп кетті.
— Мұның аяғы елеусіз кетпейді, - деді ол қолымды қысып, — сіз енді менің жекпе-жегіме шығуға тиістісіз.
— Қалаған кезіңе әзірмін! - дедім шын-ақ қуанып.
Осы минутта мен оны түгіп жеуге әзір ем. Осы кеткен бойыммен, комендант әйелінің әмірі бойынша, қысқа қарсы кептірілетін саңырауқұлақтарды жіпке тізіп отырған Иван Игнатьичке келдім.
— А, Петр Андреич! - деді мені көре сала; - төрлетіңіз! Қайдан келесіз? Қайда барасыз? Білуіме рұқсат па?
Мен қысқа сөйлесіп, Алексей Ивановичпен ерегісіп қалғанымды түсіндірдім, оның, Иван Игнатьичтың өзіме секундант болуын өтіндім. Иван Игнатьич бар айтқанымды зейінімен тыңдады да жалғыз көзін шақырайтып жіберді.
— Айтпағыңыз, - деді, ол маған қадала түсіп; — сіз Алексей Иванычты жарып өлтіргенде мен соның қасында тұратын кепілі болуым керек қой? Білуіме рұқсат етіңіз, солай ма?
— Дәл солай.
— Қойыңыз, Петр Андреич! Бұл пәлені қайдан шығарып жүрсіз! Көп болса Алексей Иванычпен керісіп қалған шығарсыз. Оның несі сұмдық! Ол бір жабысып қалар таңба деймісіз! Ол сөксе, сіз де сөгіңіз, ол тұмсықтан қондырса, сіз құлақтан беріңіз, тағы бір жерлерінен ұрыңыз - содан соң айрылысып кетіңіздер; ар жағын өзіміз бітістіреміз. Сұрауға рұқсат етіңіз, өз танысын жарып тастағанның несі жақсылық? Жарып-ақ тастаңыз оны, Алексей Иванычқа менің де ынтығым құрып тұрған жоқ, ал ол сізді жазым қылса ше? Онда не болғаны? Онда кімнің ақымақ болғаны.
Поручиктің ақылды кеңесі маған дарымады. Мен өз ниетімде қалдым.
— Ендеше өзіңіз біліңіз,- деді Иван Игнатьич - қалағаныңызды істеңіз. Бірақ мен куә бола алмаймын О ненің ақысы? Төбелестің несі таңсық. Шведпен соғыста болғанмын, түрікпен де төмпешектескенбіз: бәрін де көргемін, соларыма да шүкірлік.
Мен оған секундант міндетін жақауратып көрдім; бірақ бұл сөздерім де Иван Игнатьичтың құлағына кірмей қойды.
— Ықтиярыңыз болсын, ендеше. Бұл жұмысқа мен аралассам өз жөніммен араласармын, қызмет борышымды ақтау үшін Иван Кузмичке барып, крепостта болғалы жатқан қан төгіс жекпе-жегін, қазына мүддесіне қайшы әңгімелерді баяндармын; содан соң комендант мырза тиісті шарасын өзі-ақ қолданбай ма...- деді.
Мені мына сөз қатты сескендірді. Иван Игнатьнчтан комендантқа білдірмеуін өтіндім. Жалынып-жалбарынып, әрең көндірдім, айтқаныма болады деген уәде сөзін алған соң енді бұдан бойымды аулақ салуға тырыстым.
Кешкі уақытым күндегі дағды бойынша комендант үйінде өтті. Ештеңе сездірмей, көлденең сұрақтардан аулақ болу үшін, көңілді, сергек отырмын; бірақ, менің жағдайымдағы кісілердің мақтануына татырлық салқын қандылық пен байсалдылық дәл қазір менің өз бойымда жоқ болатын Осы кеште мені нәзіктік, елжірегіштік сезімі басып еді. Марья Иванова да бұрынғысынан көрі әлдеқайда әдемі көрінді маған. Күнәсіз ажарына ақырғы рет көз салуым болар деген ой, оны маған ерекше сипатты көрсетті. Мұнда Швабрин да келді. Мен оны оңаша шығарып алып, Иван Игнатьичпен болған әңгімемен таныстырдым.
— Бізге секунданттың керегі қанша? - деді ол қысқа қайырып,- оларсыз да бола береді.
Біз ертең ертемен, сағат жетіде, қорған түбіндегі шөп маясының артында кездесіп, сол жерде соғысуға уәделестік. Біздің осы кездегі сыртқы пішініміз дос жарандардың тату-тәтті сырласып тұрғанындай көрінсе керек, Иван Игнатьич қуанып кетті де, ойына келгенін оңай ақтара салды.
— Е, бәсе, осылай болуы керек қой, жақсы араздықтан жаман татулық артық, - деді, маған достық назармен қарап, - арқаңда күнәң болса да, жаның сау болсын.
— О не, о не, Иван Игнатьич? - деді бұрышта карта ашып отырған комендант әйелі: -қайта айтшы, мен есіте алмай қалдым.
Иван Игнатьич менің наразы пейілімді байқап қалды, оның үстіне ешкімге айтпаймын деген уәдесі жаңа есіне түсті білем, ұялып үндей алмай қалды. Осы екі арада жәрдем бергісі келгендей әңгімеге Швабрин араласа кетті:
— Иван Игнатьич біздің татуласқанымызды ұнатып тұр, - деді ол өз тарапынан жауап қайтарып.
— Е, о не дегені, керісіп қалып па ең біреумен?
— Біз Петр Андреичпен екеуміз қатты шайқасып қалғанбыз.
— О, не үшін?
— Тіптен болмашы нәрсе үшін, кішкене өлең үшін, Василиса Егоровна.
— Өлең деймісің! Тапқан екенсіңдер ерегесер сылтауды!.. Ал жөнін айтшы, басы неден ушықты?
— Жөні былай: Петр Андреич жақында бір өлең шығарған екен, бүгін маған кеп сол өлеңін айтты. Ал мен оған қосылып өзім сүйетін:
Капитан қызы, құбылма,
Далада түнде қыдырма,-
дейтін өлеңімді әнге қостым. Петр Андреич соған ашуланып, екеуміз қырғи-қабақ келіп қалысып ек, бірақ әркімнің қалаған өлеңін айтуға ерікті екенін ескеріп, әңгімені доғардық.
Швабриннің ұятсыздығы мені тағы да құтырта жаздады. Басқа ешкім түсінген жоқ, аңғармаған жұрт елең қылмай қалды. Әңгіме өлеңмен басталып, енді өлең шығарушыларға ауысқан-ды, осы тұста коменданттың өзі араласа бастады:
— Олардың бәрі жүгенсіз кеткен маскүнем болады екен,– деді ол ақын атаулыны жаратпай, өлеңшінің қызметке қайшы, кісіні аздыратын, зиянды жұмыс екенін ескертіп, ондай нәрсемен айналыспауымның қажеттігін айтты. Осының бәрі достық кеңес, ақыл ретінде айтылды.
Одан әрі Швабринмен бір жерде отыру мүмкін емес еді. Мен көп кідірмей, комендантпен және оның үй ішімен қоштасып, шығып кеттім; үйге келген соң қылышымның шаншылар ұшы мен жүзін байқадым. Савельичке сағат жетіге жетпей оятуды тапсырып, ұйықтауға жаттым.Келесі күні, айтылған мерзімде, мая сыртында дұшпанымды күттім, кешікпей о да жетті ол жерге.
— Үстімізге біреулер кеп қалуы мүмкін, тездетуіміз керек, - деді мені асықтырып. Екеуміз де мундирімізді шештік, жалаң камзолмен семсер суырыстық.
Дәл осы минутта соңына ерткен бес жарымжан солдатымен мая сыртынан Иван Игнатьич шыға келді. Ол бізге бұйрық түрінде комендантқа жүруге қосты. Қынжылсақ та еріксіз әмірге көндік, біз солдаттар қоршауында, аса паңданып, мақтана адымдаған Иван Игнатьичтің ізіне ілесіп кете бардық. Комендант үйіне кірдік, Иван Игнатьич есік ашты: "Әкелдім!" деді өз үніне өзі сүйсінгендей масаттанып. Бізді Василиса Егоровна қарсы алды.
— Эх, әкетайларым! Бұл қай қылықтарың? Себебі қалай? Не үшін? Біздің крепоста қан төгу ме! Иван Кузмич, екеуін де табанда қамауға ал! Петр Андреич! Алексей Иваныч! Беріңдер қылыштарыңды, дереу беріңдер! Палаша, қылыштарын шоланға апарып таста. Петр Андреич! Мұндай мінезді, әсіресе, сізден күтпеп ем, ұят екен мұның! Алексей Иванычқа дауа жоқ: ол кісі қанын арқалап гвардиядан қуылған, құдайға сенбейді. Ал саған жол болсын? Сен де осындай болайын дегенің бе?
Әйелінің сөзін Иван Кузмич те қостай жөнелді:
— Сен тыңдай біл - деді маған қадалып,- Василиса Егоровна әбден жөн айтады. Жекпе-жек әскер арасында заңды түрде тыйым салынған нәрсе.
Бұл екі арада Палашка қылыштарымызды шоланға әкетті. Мен еріксіз күліп жібердім. Ал Швабрин суық түсін өзгертпей тұрып, капитан әйеліне қадалды:
— Сіз менің қанша құрметтерлік кісім болсаңыз да кемшілігіңізді айтпасыма мүмкін емес. Бізге билік, шешім кесуіңіз өрескел көрінеді маған. Мұндай істі Иван Кузмичтің өз еркіне қалдырыңыз, бұл сол кісінің жұмысы, - деді салмақпен.
— Сөз-ақ екен, әкешім! - деді капитан әйелі дүрсе қоя беріп; - ерлі-байлы адам бір рух, бір топырақтан емес пе? Иван Кузмич? Сен неге аңқиып тұрсың, жаптыр мыналарыңды. Қара су мен қара наннан басқа түк татқызбай жапқыз. Бұлардың жанын солай қақ. Герасим атай да шариғат жазасын кессін, тәңірі алдында күнәларына кешірім сұрап, жұрт алдында өкінетін болсын тентектер.
Иван Кузмич не істерін білмей аңырып қалды. Марья Ивановна да түсі қашып сұрланып кетіпті. Кем-кемінен сөз түйіні толастап, комендант әйелінің ажары ашыла бастады; ол жауыққан екеумізді зорлап сүйістірді. Палашка қылышымызды қайта әкеп берді. Біз комендант үйінен татуласқан кісідей боп шықтық. Иван Игнатьич екеумізді ұзатып салды.
— Мұныңыз қалай? - дедім ашуланып; - айтпасқа маған уәде беріп тұрып, комендантқа жеткізгеніңіз ұят емес пе?
— Құдай кепіл Иван Кузмичке бұл туралы тіс жарсам неғыл дейсіз, Василиса Егоровна қоймай қазбақтап біліп алған. Комендантқа білдірмей, одан кейінгі жұмыстарды істеткен де со кісінің әмірі... Дегенмен, әңгіменің осылай біткеніне шүкір,- деді.
Осыны айтты да жалт бұрылып, кейін қайтып кетті. Біз Швабрин екеуміз ғана оңаша қалдық.
— Әңгіме мұнымен бітпеске керек, - дедім мен оған.
— Әрине, - деді Швабрин; - сіз маған жасаған сотқарлығыңыз үшін қаныңызбен жауап бересіз. Бірақ қазір сырттан көз салып, ізімізді бағушылар бар. Сондықтан бірер күн ештеңе сездірмейік. Көріскенше қош болыңыз!
Сүйтіп біз екеуміз түк көрмегендей болып тарқастық. Комендант үйіне оралып кеп, дағдым бойынша Марья Ивановнаның қасына отырдым. Иван Кузмич бір жаққа кетіпті, ал Василиса Егоровна да үй шаруашылығынан босамай жүр екен. Ақырын ғана сөйлесіп отырмыз. Марья Ивановна нәзік, жылы сөздермен: менің Швабринмен жасаған жанжалымнан өздерінің қаншалық абыржығандарын түсіндірді.
— Сіздер қылышпен сынаспақ бопты дегенді естігенде, есімнен танып қала жаздадым. Қызық-ау еркектер! Жетіге жетпей ұмытылар жалғыз сөз үшін кескілесуге, өлімге бас тігуге дейін барады. Ол ол ма, ар-ұяттарын құрбандық етуге әзір, көлденең жаны ашырлардың да,., я сүйтеді. Бірақ мына жанжалды сіз бастамағаныңызға сенемін. Алексей Иваныч айыпты бұған.
— Марья Ивановна, сіз неге бұлай ұйғардыңыз?
— Тек әншейін... қызық кісі өзі... Алексей Иваныч ұнамайды маған Бір түрлі жексұрын көрінеді. Ол оның мені осыншалық жаратпауын еш уақытта тілемес едім. Бұдан артық қорқыныш болмас еді маған,– деді.
— Өзіңіз қалай ойлайсыз, Марья Ивановна? Сіз оған ұнаймысыз, жоқ па?
Марья Ивановна бөгеліңкіреп, қызарып қалды.
— Менің ойымша, ұнаймын ғой деймін.
— Олай ойлауыңызға себеп не?
— Ол мені өзіне айттырмақ болған.
— Айттырмақ деймісіз! Қашан?
— Өткен жылы, сіз келерден екі айдай бұрын.
— Ал сіз көнбедіңіз бе?
— Көріп отырсыз ғой. Алексей Иваныч, әрине, ақылды кісі, жақсы атаның баласы, әлді-ауқатты адам, бірақ венец киіп тұрып, онымен жұрт алдында сүйісу керектігін ойлағанымда... құдай көрсетпесін! Алтынға көмсе де көнбеспін!
Марья Ивановнаның сөздері көзімді ашты, көп нәрсеге мен енді түсіндім. Қыз туралы қоймастан айтатын Швабриннің қыршаңқы сөздері енді ұғымды болды. Марья Ивановнамен екеуміздің жақсы назар, жылы сөздерімізді байқаған соң, қайтсе де екеумізді айыруға тырысқан болуы керек.
Алғашқы керісімізге себепші болған сөздер бос қылжақ, дөрекі мінездің келекесі болмай, енді маған әдейі ойланып айтылған қоңырсық өсек, кешірілмейтін жала боп көрінді. Қыршаңқы тілді аяусыз жазалау ниеті бұрынғыдан бетер күшейді, шындап шайқасудың қолайлы мерзімін асығып күттім.
Бұл күтуім көпке ұзамады. Келесі күні элегия жазып, өлеңнің ұйқасын іздеп, қауырсын қаламның ұшын мұжып отырғанымда Швабрин кеп тереземді қақты. Мен қаламды тастап, қылышымды алдым да далаға шықтым.
— Кешіктіре берудің керегі не? - деді Швабрин; - қазір бізді бақылаушы жоқ. Өзен жағасына барайық. Бізге онда ешкім бөгет жасамайды.
Біз одан әрі үн қатыспай жүріп кеттік. Жардан түсер жалғыз аяқ жолмен су жиегіне жетіп, қылыш суырыстық. Швабрин қылыштасуға менен шеберлеу сияқты, бірақ, мен оған қарағанда әрі әлділеу, әрі батылдау екенмін Бір кездерде солдат болып, маған бірнеше сайысу сабағын берген Бопре француздан алған өнерімді осы жерде жұмсадым. Мені мұндай қатерлі жау деп Швабрин бұрын күтпеген тәрізді. Көпке дейін бір-бірімізге дарытпадық. Ақыры Швабриннің әлсірегенін сездім де, үстем қимылдап, еркін төніп, суға айдап тықтым. Осы кезде атымды атаған қатты айқай естілді. Артыма бұрылып қарасам жалғыз аяқ жолмен жан ұшырып жүгіріп келе жатқан Савельич екен.. Дәл осы кезде он иығымның астын ала, көкірегіме өткір қылыш пәрменімен қадалды. Мен есімнен танып, құлап түсіппін.
V ТАРАУ
МАХАББАТ
Шырайлы қыз, қутыңдама, масықпа,
Жастай ерге шығамын деп асықпа;
Ата-ананың кеңесін ал,
Туыстарыңа құлағың сал
Ұмытпа елдің нақылын:
Қымбат жасау - басыңдағы ақылың.
Халық өлеңі
Тапсаң менен асылды, ұмытарсың онда сен,
Тапсаң менен жасықты, шығармассың есіңнен.
Бұ да халық өлеңі
Көзімді ашқан соң да бірсыпыра уақыт есімді жия алмай, не болғанымды түсіне алмай қалдым. Мен кереуетте, өзім танымайтын бір үйде жатыр екем. Алдымда шырағдан ұстап Савельич тұр. Әлдекім кеудем мен иінімді байлаған шүберекті ақырын ғана жөндеп отыр. Кем-кемдеп ақылым кіре бастады. Енді жекпе-жекке шығып, сонда жараланғаным да есіме түсті. Осы минутта сықырлап есік ашылды.
— Қалай, не болатын? - деді сыбырлаған дауыс, мен осы үннен тітіркеніп кеттім.
— Әлі бір қалыпта, - деп жауап қатты Савельич; - міне, бесінші күн ессіз, тілсіз жатыр.
Мен бұрылып қарағым кеп еді, бірақ мұршам жетпеді.
— Мен қайдамын? Кімдер бар мұнда? - дедім бар қуатымды жинап.
Марья Ивановна кереуетіме тақау кеп, маған еңкейді.
— Қалайсыз, тәуірмісіз?
— Құдайға шүкір, - дедім әлсіз дауыспен; - сізбісіз, Марья Ивановна? Айтыңызшы маған...
Аржағын айтуға дәрменім жетпей, сөйлей алмай қалдым. Жаны жаңа саябыр тапқандай Савельич ауыр күрсініп алды, ажарынан қуаныш толқыны көрінді.
— Есі кірді! Есі кірді ғой! - деді қайталап; - құдайға шүкір! Қорқыттың-ау мені, көкешім, Петр Андреич! Бес күн!.. Оңай ма?
Оның сөзін Марья Ивановна бөліп кетті:
— Көп сөйлеспе, Савельич, әбден әлденгенше сөйлесуге жарамайды, - деді. Одан соң есікті жай ғана жауып, өзі шығып кетті. Ой шіркін тағы да толқына бастады. Сүйтіп, жатқан жерім комендант үйі боп шықты. Марья Ивановна маған келіп тұрады екен. Мен Савельичке бірнеше сұрақтар бермек боп ем, қарт басын шайқап, құлағын басты. Мен ренжіп жатып көз жұмдым, көп ұзамай ұйқыға бөлендім.
Бір уақытта оянып кетіп Савельичті шақырсам, оның орнына алдымда тұрған Марья Ивановнаны көрдім. Ол менің қайта ес жиғаныма періште үніндей әдемі лебізімен қайырлы босын айтты; осы минуттағы мені билеген ләззатты сезімді сипаттауға сөз жетпес. Мен оның қолынан ұстап, аузыма басып, көз жасымды төге беріппін. Маша қолын тартпады... Бір мезгілде үлбіреген ыстық еріндері бетіме кеп тиді. Жалын боп сүйді. Өне бойымды от аралағандай болдым.
— Сүйіктім, мейірімді Марья Ивановна, бақытты ет мені, сәулешім, жарым болуға ризалығыңды бер, - дедім.
Қыз есін енді жинады.
— Құдай үшін сабыр етіңіз, - деді қолын тартып алып: - сіз әлі қатерлі халдесіз, жараңыз қайта ашылуы мүмкін Сақтаныңыз, тым болмаса мен үшін сақтаныңыз.
Осы сөздермен мені шалқыған шаттық толқынында қалдырды да шығып кетті. Бақыт қайта тірілтті мені. Ол мендік болады. Ол мені сүйеді! Осындай ойлар барлық өмірімді жаңадан әрлендіргендей болды.
Содан бастап сағат сайын тәуір бола түстім.
Мені полктың шаштаразы емдеді. Үйткені, одан басқа крепоста ем білер ешкім жоқ тұғын. Шаштараз менің бақытыма білгірлік көрсетем деп әуреленген жоқ. Жастық пен табиғат қосылып саулығымды тездетті. Комендант үй ішімен мені күтуде, әсіресе, жанымнан шықпайтын Марья Ивановна еді.
Сәті түскен кезде үзілген әңгіменің аяғын жалғастыратындығым, әрине, белгілі ғой; сол сияқты мен кешегі басталған махаббат сырын қайта шерттім, Марья Ивановна сабырмен отырып, құлақ салды. Ол қыз кәдесін жасап, сөз бұйдаға салмай, өз көңілінің маған түзу екенін, оны ата-анасының да мақұл көретінін айтты.
— Бірақ, өзің жақсылап ойлан, - деді сол кідіріп алып, - сенің туыстарың тарапынан наразылық болмас па?
Мен ойланып қалдым. Шешемнің мейірімді жүрегіне күмәнім жоқ; ал, әкейдің әдет, салты, ой-өрісі өзіме белгілі, менің махаббатым оған пәлендей әсер етпеске тиіс, оған ол жас жүректің әншейін бір жел құйын серпіні сияқты көрінуі хақ; осының бәрін Марья Ивановнадан жасырмадым, сүйтсе де әкейге әдемі сөздермен келістіріп тұрып хат жазып, оның аталық рұқсатын сұрайтынымды білдірдім. Мен осыдан кейін әкейге жазған хатымды Марья Ивановнаға көрсеттім, ол оқып шықты да хатты барынша дәлелді, барынша әсерлі жазылған деп тапты, мұның соңы жақсылыққа соғатынына да инедей шәктенбеді, сүйтіп барлық жастық, махаббат үміті мен албырт жүректің нәзік сезіміне бөлене берді.
Алғашқы айыға бастаған күндерімде-ақ Швабринмен татуласып кеттім. Иван Кузмич, біздің жекпе-жегіміз туралы сөз ғып отырып, маған былай деді:
— Эх, Петр Андреич! Осы қылықтарың үшін қамауға алуым керек еді, бірақ онсыз да жазаң жетерлік болды. Ал, Алексей Иваныч әлі күнге дейін нан магазинінде күзетпен қамауда отыр, қылышын Василиса Егоровна тығып тастады, отыра түссін, ойлансын, өкінетін болсын.
Мен жүрегіме дық сақтамастай бақытты едім. Швабринге кешірім сұрадым, мейірімді комендант әйелімен келісіп, оны босатпақ болды. Маған Швабрин келіпті: ол арамызда болған келіссіз оқиға үшін өкініш айтты; соның бәріне өзін күнәкар санап, өткен жұмысты түгел ұмытуды тіледі. Жаратылысымда кекшілдік болмағандықтан, егес жанжалды, денеме түскен жараны, бәрін тегіс кешірдім. Оның өсек әңгімелерін - өзімшілдігі жәбірленіп, қабыл алынбаған махаббатының өтеуі үшін істелген әрекет деп танып, бақытсыз күндесімнің қылықтарын адал ниетіммен кешірдім.
Енді көп ұзамай әбден жазылып, өз пәтеріме көштім. Әкейге жазған соңғы хатымның жауабын шыдамсыздықпен күтудемін. Бірақ одан пәлендей жақсы үмітім жоқ. Сондықтан хатпен келер реніш хабарды ерте сезініп, сол сезімді алдын ала басу әрекетіндемін Василиса мен оның еріне жай-күйімді әлі білдірген жоқпын-ды: бірақ қыздары жайындағы ойымды айта қойғанда да олар таңырқамасқа тиісті, үйткені мен де, Марья Ивановна да бұлардың алдында өзіміздің, жақсы сезімімізді жасырып жүрген емеспіз. Бұлардың сөзге келмей ризалық беретініне ертеден сенімді сияқтымыз.
Ақырында, бір күні ертемен Савельич маған хат әкеп ұсынды. Мен хатты қалай алғанымды білмеймін, жүрегім лүпіл қағады. Адрес әкемнің қолымен жазылыпты. Осының өзі-ақ мені әлдеқандай үлкен сақтыққа шақырғандай болды, үйткені басқа хаттардың адресі шешей қолымен жазылып келетін-ді. Көп отырдым конвертті ашып қарамай. Көзім сыртына жазылған "Орынбор губерниясы.
Белогор крепосындағы менің балама" деген жазуда болып, соны қайталап оқи бердім.
Осы жазудың сиқына қарап, әке көңілінің хатта жазылған бағдарын байқағым келеді. Ақыры пакетті аштым, бірінші жолды оқығаннан-ақ істің насырға шапқанын аңғардым. Хат мазмұны мынадай екен:
"Балам Петр! Миронов қызы Марья Ивановнаға қосылуға, ата-анадан ризалық сұраған хатыңды осы айдың 15-де алдық; мен саған ризалық батамды беру былай тұрсын, ертерек өзім сонда жетіп, офицерлік шеніңе қарамай, балалық сазаңды тарттыруды қалап отырмын. Үйткені: сен өзің секілді бассыз біреумен жекпе-жекке шығуың арқылы отан қорғау үшін берілген қылышты асынуға татымайтыныңды көрсеттің. Енді кідірмей Андрей Карловичке хат жазып, сені Белогор крепосынан басқа бір, желігіңді басатын жерге ауыстыруын сұранам. Шешең сенің жекпе-жекке шығып, жараланғаныңды есітіп қатты күйінді; соның салдарынан төсек тартып ауырып жатыр. Кім болар екенсің түбі? Алла мархабатына пәлендей үмітім жоқ, әйтсе де ұлы құдіреттен сенің түзелуіңді тілеймін.
Әкең А.Г."
Бұл хатты оқығаннан кейін алған әсерім әр түрлі болды. Әкейдің аяусыз айтқан қатал сөздері мені барынша жәбірлендірді. Марья Ивановна туралы жазған жеріндегі сөздері қаншалық қыңыр болса, соншалық қиянат та сияқты. Ал Белогордан басқа жаққа ауыстыру әңгімесі мүлде зәремді ұшырды. Бәрінен де қатты батқаны шешейдің ауырып қалғаны еді. Осы минутта ең жек көрген кісім - Савельич, менің жекпе-жекке шығып жарақаттанғанымды одан басқа кісі хабарлауға мүмкін емес. Тар бөлмеде ерсілі-қарсылы сенделіп жүріп, Савельичтің алдына кеп кідірдім, қаһарлана қарап тіл қаттым оған.
— Сенің кесіріңнен жараланып, бір айдай өлім аузында жатып ем, оған місе тұтпай, енді шешемді өлтірмек екенсің ғой.
Савельич төбесінен жай түскендей болды.
— Мұның қалай, мырзам, - деді ол жылап жібере жаздап. - Не деп тұрсың өзің? Сенің жаралануыңа мен себепші боппын ба! Құдай куә,
Алексей Ивановичтың қылышынан мен сені өз денеммен қорғауға жүгіргем! Кәрілік ит жеткізбеді кезінде. Ал, шешеңе не зиян жасаппын.
— Не істедің, білемісің? Менің сыртымнан донос жаз деген кім саған? Жоқ, әлде менің қасыма тыңшылық үшін жіберіліп пе ең?
— Мен бе екем сыртыңнан донос жазған? - деді көзі жасаурап; - ой, патша құдай! Ендеше мырзамның маған жазғанын оқып көр: қандай донос жаздым екен, өз көзің жетсін әуелі.
Осыны айтты да қалтасындағы хатын маған ұсынды, мен мына сөздерді оқыдым:
"Ұятты білсеңші, кәрі ит, қаншалық қатты тапсырғанымды ұмытып, балам Петр Андреевичтің теріс қылықтары жөнінде бөгде адамдардан хабарланғанымша -білдірмегенің не сұмдығың? Мырза тапсырмасын осылай орындай ма екен? Шындықты жасырып, жас адамды тізгінсіз жібергенің үшін сен төбетті бақташы қып шошқаның соңына салып қоярмын. Осы хатты алысымен оның саулығы жөнінде, жазылып келе жатыр деген сөз рас па, дереу хат жаз; қай жерінен жараланды, жақсы емделді ме, бәрін қалдырмай жаз" депті.
Менің Савельичке жасаған күдігім теріс екен, оның бұл турасында жазықсыз екендігі, менен бетер жәбір көргендігі әбден айқындалды. Мен онан кешірім сұрадым; бірақ корням тыныш қоймады.
— Көп екен де көрешегім, - деді қайталап; - мырзаларымның да алдында талай мұратқа жетіп отырмын! Кәрі төбет те мен, шошқа бағушы да мен, тіптен сенің жараңа да кінәлі мен екем!... Жоқ, көкешім Петр Андреич! Мен емес, осының бәріне ант ұрып кеткен мусье кінәлі: шанышқымен сұққыласу,ырбаңдап тепкілесуді үйреткен де сол соны үйренсе бар пәлеге төтеп беретіндей талай сұмдықты сол қаққан үйреткен! Мусьены жалдап, сонша қаражат шығару немене керек еді!
Сонда мен туралы әдейі арнап хат жазған кім екен? Генерал ма? Оның маған пәлендей ілтипаты байқалмаған-ды, ал Иван Кузмич менің жекпе-жегім жөнінде рапорт жазуды қажет таппаған. Кім екенін біле алмай аңырдым. Күдік соңы Швабринге кеп тірелді. Мен туралы хат жазылып, басқа жаққа ауыстырылсам, комендант семьясынан еріксіз бөлінем, осы жағынан қарағанда, жалғыз Швабринге ғана пайдалы. Барлық көрген-сезгенімді мәлімдеу үшін мен Марья Ивановнаға кеттім. Ол екеуміз басқышта кездестік.
— Сізге не болған? - деді бетіме қарап, - сұрланып кетіпсіз ғой!
— Бітті бәрі! - дедім әкейдің хатын қолына ұстата беріп.
Өзі де мен сияқты сұрланып кетті. Хатты оқып болып, қалтыраған қолымен өзіме қайта ұсынды, даусы да қоса қалтырап былай деді:
— Маған тағдыр... Я, туыстарың мені өз ұяларына алғылары келмеген екен. Бәрі де бір алланың бұйрығы шығар! Біздің көресіміз өзімізден көрі құдайға көбірек мәлім. Басқа лаж жоқ. Петр Андреич, тым болмаса сіз бақытты болыңыз...
— Бұлай болуға мүмкін емес! - дедім жан даусым шығып, қолына жабысып; - сен мені сүйсең, мен бәріне де әзірмін. Жүр кәзір, сенің ата-анаңның аяғына жығылайық; олар қаныпезерлігі жоқ, паңсынбайтын, қайырымды жандар... Олар бізге ақ батасын береді; біз неке қосамыз... Ал кейін кезегі келгенде біздің әкейді де көндіреміз, шешей екі бастан бізді жақтайды. Бәрі де реттеледі...
— Жоқ, Петр Андреич, - деді Маша; - әке-шешеңнің ризалығысыз мен сізге шықпаймын. Олар ризалық бермей, сен де бақытты бола алмайсың. Көнейік алла әміріне, басқа біреуді табарсыз, сүйіп қосыларсыз, мен екеуіңе де тілектеспін; құдай бетіңнен жарылқасын...
Осыны айтты да жылап жіберіп, қасымнан тұра жөнелді. Мен де ілесе бөлмеге кірмекші едім, бірақ өзімді өзім берік ұстай алмайтынымды сезген соң қайтып кеттім.
Жалғыз отырмын, жабырқау ойға көміліп, Савельич келіп бір кезде ойымды бөліп жіберді:
— Міне, жас мырзам,- деді ол жазылған бір қағазды ұстата беріп; - мен бе екенмін үстіңнен донос жазушы, мен бе әке мен бала арасында от тастар, қарап көр.
Мен хатты алып оқып шықтым: бұл Савельичтің әкейден алған хатына қайтарған жауабы екен. Міне, хаттағы барлық сөз:
"Біздің құрметті уә һәм мейірімді әкеміз Андрей Петрович! Маған, өзіңіздің құлыңызға, мырзаның бұйрығын дұрыс орындамау ұят екендігін жазған хатыңызды алдым. Мен кәрі ит емеспін, мырзаның айтқанын адал орындап, және сізге шын ынтаммен әрдайым қызмет істеумен шашымды ағартқан, жалғаны жоқ, опалы қызметшіңмін. Менің сізге Петр Андреичтің жараланғаны жөнінде жазбағаным рас, үйткені сіздерді босқа үркітуді орынсыз көрдім, құрметті анамыз Авдотья Васильевнаның онсыз да қан жұтып ауырып қалғанын естідім, құдайдан сол кісінің саламаттығын тілеймін. Ал Петр Андреич оң жақ иығының астынан дәл сүйегінің түбінен тереңдігі бір жарым вершоктай боп жарақаттанған еді, жазылғанша комендант үйінде жатты. Бұл үйге біз оны өзен жағасынан әкеп салғанбыз; емдеген осы жерлік Степан Парамонов деген шаштараз, қазірде құдайға шүкір, Петр Андреич әбден сауыққан, күліп ойнап жүр, ол туралы жақсылықтан басқа жазар ештеме жоқ. Оған командирлердің бәрі де риза сияқты. Ал Василиса Егоровна оны туған баласындай көреді. Жастық шақ нелерге ұрындырмайды, сондықтан өткен тентектіктеріне мұншалық ренжуге болмайды. Төрт аяқты жылқы да сүрінеді емес пе. Ал сіз мені шошқа бағуға жіберемін депсіз, оны өзіңіздің қожалық еркіңіз білсін.
Сіздің шын құлыңыз Архип Савельев".
Қайырымды шалымның жауап хатын оқып отырып әлденеше рет күліп алдым. Әкеме жауап жазуға тәсілім жетпеді; ал шешемнің қуануы үшін Савельичтің хаты да жеткілікті көрінді.
Осыдан бастап менің тірлігім әбден өзгерді. Марья Ивановна сөйлесу былай тұрсын кездескісі келмей қашқалақтап жүрді. Комендант үйінен кем-кемдеп сүйей түстім. Сонымен жалғыз отыруға да көндіге бастадым. Василиса Егоровна алғашқы кездерде кейін тартпақтап еді, менің көнбесіме көзі жеткен соң, бұдан әрі о да әурелеген жоқ.
Иван Кузмичпен тек қызмет үстінде ғана көрісіп тұрдық, ал, Швабринмен өте сирек, яғни көңілсіз күйде кездесіп жүрдім; оның әлі күнге дейін іштей араздығы қалмағандығы растала түсіп, бұрынғы күдігім әбден расталғандай еді. Өмірім бейне түстей, ой да түнере торлап, саяқ тірліксіз қалдым. Жекелік, оңашалық махаббатымды өршіге түсіп, ауыр мазасыздыққа ұрындым. Оқу мен жазуға да тәбетім шаппайды. Жаным күйзелді. Енді мен иә жынданып, иә бұзылып кетпесем деген қауіпке кезіктім. Бұдан былайғы өміріме аса бір әсерін тигізген күтпеген оқиға кенеттен кездесті де, жанымды қайта сілкіндірді.
VI ТАРАУ
ПУГАЧЕВШІЛДІК
Ал кәне тыңдаңыздар, тыңда, жасым,
Біздердей кәрияның хикаясын.
Өлең
Өз көзім көрген керемет оқиғаны суреттеместен бұрын, сол 1773 жылдың аяқ кезіндегі Орынбор губерниясының хал-ахуалы жайында бірер сөз айта кетейін.
Бұл жері байтақ, мол өлкені Россия патшалығына жақында ғана бағына бастаған алуан түрлі тағы елдер мекен етеді. Сол күдік алса шоршып түсетін, ішкі тәртіп-тәлімге үйреніп болмаған жеңілтек қатыгез елдер үкімет тарапынан кірпік қақпай бақылауды, тізерлеп күшпен ұстауды керек қылатын. Қолайлы орындарға крепостар соғылып, оған Жайық жағасын ертеден иеленген казактар орныққан-ды. Бірақ осы өлкенің тыныштығын күзетуді үкімет алдында міндетіне алған Жайық казактары біраздан бері толқына бастап, өздері қауіпке айналған еді.
1772 жылы олардың бас қаласында қозғалыс шықты. Бұған генерал-майор Траубенбергтің әскерді керекті тәртіпке лайық бағындырмақ үшін қатал шаралары себепші болды. Мұның соңында казактар Траубенбергті аяусыз түрде өлтіріп жіберді, басқару ісіне өз еріктерімен өзгерістер енгізді, ақыры келіп, бұлардың қозғалысы доп пен оқтың жазалауымен басылған-ды.
Бұл уақиға менің Белогор крепосына келер алдымнан шамалы уақыт ілгерірек болған. Содан былай сырттай қарағанға бәрі де басылып, тынышталып кеткен сияқты көрінетін Әскери басшылар казактардың аярлық өкініштеріне оңай сене салып, олардың іштей тістерін қайрап, реті келсе қайтадан лап қозғалуға әзір тұрғандарын аңғармай қалған-ды.
Енді өз әңгімеме көшейін.
Бір күні кешке (1773 жылы октябрьдің бас кезінде) күзгі желдің гуілін тыңдап, ай маңынан жөңкіп өткен бұлттардан көз алмай үйде жалғыз отырдым. Комендант атынан шақырушы келді. Кідірмей соған кеттім. Комендант үйінде Швабрин, Иван Игнатыч және урядник казак отыр екен, осылардың үстерінен шықтым. Бөлмеде Василиса Егоровна да, Марья Ивановна да жоқ. Комендант менімен жаны төзбеген кісінің күйінде отырып амандасты. Ол есікті бекітіп, шығар ауызда тұрған урядниктен басқамызды түгел отырғызды да, қалтасынан қағазын суырып, сөз бастады:
— Офицер мырзалар, үлкен жаңалық бар! Генералдың не жазғанын тыңдаңдар,- деді. Бұдан кейін көзілдірігін киіп, жаңағы қағазды оқуға кірісті:
"Белогор крепосының коменданты капитан Миронов мырзаға.
Құпия.
Осымен сізді хабарландырамын: тұтқыннан қашқан Дон казагы, бүлікшіл Емельян Пугачев кешірілместей арсыздықпен, марқұм император Петр Үшіншінің есімін иеленіп, бұзықтардан шайка құрастырып алған, Жайық селендерін бүліншілікке бастап, бірнеше крепостарды талқандап, дүниелерін шауып, адамдарын өлтіріп, басып алған. Осыны алысымен жоғарғы аталған жауыз самозванецтың шабуылын тойтарарлық, қажетті шаралар қолданыңыз. Ал егер сіздің қарауыңыздағы крепосқа жұғысатындай болса, тойтарыс беріп, тіпті ол жауыздың мүлде көзін жоюға да тырысыңыз".
— Тиісті шаралар қолданылсын! - деді комендант көзілдірігін шешіп, қағазын алдына қойып жатып: - Естимісіңдер, айтуға оңай-ақ. Жауыз да осал емес сияқты; ал біздің бар адамымыз сенімсіз казактарды қоспағанда, Максимыч, сенің көңіліңе келмесін (урядник күліп жіберді), бір жүз отыз ғана. Дегенмен, басқа лаж жоқ, офицер мырзалар! Сай боп тұрыңыздар, қарауыл мен түнгі күзетті күшейтіңіздер, шабуыл жасай қалса: қақпаны жауып, солдаттарды шығарыңыздар. Ал сен Максимыч, казактарыңды бақыла. Зеңбіректі қарап, жөндеп тазартыңдар. Соңғы айтарым, бұл сырды жасырын ұстаңдар, әзірше өздеріңнен бөгде кісілер білмейтін болсын.
Осы бұйрықтарынан кейін, Иван Кузмич бізді үйді-үйімізге таратты. Мен Швабринмен бірге, екеуміз жаңағы есіткен әңгімеміз жөнінде кеңесе шықтық.
— Сен қалай қарайсың, мұның аяғы неге соғар екен?
— Құдай біледі, - деді ол маған жауап қайырып; - кезінде көреміз де. Әзірше пәлендей ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Ал егер...
Осы жерде ойланғандай мүдіріп қалды да, артынан француз әнін ысқырып кетті.
Біз қанша сақтық жасасақ та Пугачев хабары крепость маңында тарап болды. Иван Кузмич бәйбішесін қанша сыйласа да, қызмет бабындағы тапсырылған жасырын сырларды оған өмірде аузынан шығармайтын. Ол генерал хатын алған соң, аса бір ұтымды қулық жасап Василиса Егоровнаны үйден шығарып жіберген; Герасим атай Орынбордан бір қызық құпия хабар біліпті, әзір ешкімге айтпай жүрген көрінеді деген-ді. Соны естісімен поп әйеліне қонақ болуға тұра жөнелген Василиса Егоровна Иван Кузмичтің ұйғаруы бойынша Марья Ивановнаны да жалғыз іші пыспасын деп ерте кеткен.
Содан соң еркін қалған Иван Кузмич дереу бізді шақыртып алып, әңгіме сөзді естіртпес үшін Палашканы шоланға жауып тастаған.
Поп әйелінен бөтен сыр тарта алмай қайтқан Василиса Егоровна, үйіне келген соң Иван Кузмичтің өзі жоқта жиналыс жасағанын, Палашканың құлыптаулы болғанын естіді. Ерінің алдауына түскенін сезген соң тергеуге алмасы бар ма. Бірақ Иван Кузмич те қарсы дүрсе қоя беруге әзір еді. Ол титтей шімірікпей тұрып, сөзге әуес бәйбішесіне қажырлы жауап қайтарды:
— Естідің бе, бәйбіше, қатындар осы күні пешке сабан жағуды шығарыпты, оның қандай апатқа ұрындыратынын білемісіңдер, мен сондықтан бұдан былай қатындар пешке сабан жақпай, қурай, шөпшек жақсын деп бұйрық бердім, - деді.
— Ал Палашканы құлыптап қоюдың не қажеті бар еді? - деді комендант әйелі;- біз қайтқанша бишара қызды шоланға қамап қойғаның қалай.
Иван Кузмич бұл сұраққа жауап әзірлемеген екен; сөзден шатасып, әлде қандай икемсіз жауаптар айтып мыңғырлап қалды. Ерінің мекерлігіне Василиса Егоровнаның көзі әбден-ақ жетті, бірақ одан басқа ештеңені тартпақпен түсіруге болмайтынын да жақсы білетін, сондықтан ол жаңағы сұрауларын доғарып, әңгіме бетін басқа жаққа аударды, ерекше бір әдіспен әзірленген Акулина Панфиловнаның тұздаған қияры туралы сөйлеп кетті.
Василиса Егоровна түн ұзақ көз ілмеді, өзінен жасырғандай ерінің құпия сырын білмек боп, қанша жорамалдаса да таба алмай қойды.
Келесі күні ол шіркеуден қайтып келе жатып, зеңбірек көмейін балалар толтырып тастаған ескі шүберек, тас, жаңқа, асық тағы сондай қоқырсықтардан тазартып жатқан Иван Игнатьичтің үстінен шықты.
Бұл "соғысқа әзірліктің себебі не болды екен?" деп ойлады комендант әйелі: - "әлде қырғыздар шабуылын күте ме екен? Онда бұл сияқты түкке татымас нәрсені Иван Кузмич менен жасырар ма еді?" Сүйтті де, осынша құмарландырған жасырын сырды қайтсе де білу үшін Иван Игнатьичке батыл дауыстап қалды.
Василиса Егоровна тік тәсілге көшті; сотқа жауап берушінің сақтығын жасыту үшін тергеушілер көлденең сұрақпен сілесін қатырады ғой, сол сияқты бұл да бірнеше шаруашылық сұрауларынан бастады әңгімені. Содан соң бірер минут үндемей тұрып, ауыр дем алды да басын шайқады:
— О, жасаған, бұ не деген сұмдық хабар! Аяғы неге соғар екен мұның?
— Құдай өзі сақтасын, шешесі! - деді Иван Игнатьич, - солдат жетерлік, оқ-дәрі берерміз. Пугачевті тойтарармыз. Құдай қорғамаса, сайтан алдамас деген емес пе!
— Ол Пугачев деген кім екен?- деді комендант әйелі.
Аңдамай сөйлегенін енді аңғарған Иван Игнатьич тілін тістеп қалды. Бірақ кеш тістеді тілін. Василиса Егоровна бөгде жанға тісінен шығармасқа уәде берді де зорлап отырып, бар шынын түгел айтқызды.
Василиса Егоровна сөзіне жетті; жайылып жүрген сиырын жауға алдырмай, сақ болу үшін жалғыз ғана поп әйеліне ескерткені болмаса, өзге тірі жанға сездірмеді.
Енді көп ұзамай жұрт әңгімесі Пугачев болды. Алуан түрлі қауесет келеді. Соңғы хабар-ошарларды біліп қайту үшін комендант урядникті көршілес селендер мен крепостарға аттандырды. Урядник екі күннен кейін қайтты. Ол: алпыс шақырым жерде, далада толып жатқан от көргенін, әлде қандай мол күш келе жатқанын башқұрттардан естігенін баяндады. Бұдан басқа жартымды хабар болмады, үйткені ол жақынырақ барып, молырақ қанығып қайтуға қорқыпты.
Крепоста тұратын казактар арасында қалыптан тыс бір толқыну бар; олар көше бойларында шоғырлана жүріп, сыбырмен өзара сөйлеседі, драгун немесе гарнизон солдатын көрсе ғана тайқып тарап кетеді. Осыдан соң олардың арасына тыңшылар жіберілді. Юлай деген шоқынған қалмақ комендантқа аса бір керекті хабар жеткізді. Оның айтуынша урядниктің мәліметтері жалған, шіп-шикі өтірік екен Арам казак өзінің жолдастарына айтыпты шын сырын, көтерілісшілер арасында болғанын, олардың басшыларымен жолығып ұзақ сөйлескенін, уәделесіп қолынан сүйгенін, бәрін түгел сөйлепті. Комендант урядникті табанда қаматып, оның орнына Юлайды қойды. Бұған казактар ашық наразы болып, қарсылық сөздерін көрінеу айтатынды шығарды. Комендант жарлығын орындаушы Иван Игнатьич казактардың "Гарнизон атжалманы асықпасын, тартқызармыз сазасын!" дегенін өз құлағымен де есітіпті. Комендант сол күні тұтқын урядниктен жауап алмақшы боп еді, бірақ ол қашып кетіпті. Оны қашырғандар да осы тілектестері болу керек.
Жаңа жағдай комендант мазасын әбден кетіре бастады. Көтерілістің жазба үндеуін таратып жүрген бір башқұрт қолына түсті. Осы мәселелер жөнінде офицерлерді шақырып, оңаша сөйлеспек болған комендант, тағы да әйелін алдап бір жаққа жібермек болды. Ақ көңіл адал мінезді Иван Кузмич басқа сыптау таппағандай, алғашқы тәсілін қайта қолданды.
— Василиса Егоровна, - деді жөткірініп, — Герасим атай қаладан жаңа бір...
— Жетер алдауың, Иван Кузмич, - деді комендант әйелі дүрсе қоя беріп; - тағы да мәжіліс шақырып, мен жоқта Емельян Пугачев туралы сөйлеспексің ой; білемін бәрін! Ендігі өтірігіңнің жолы болмас-ты.
Иван Кузмич бажырайып қапты. Сәлден кейін қайта тіл қатты:
— Білсең бопты, шешесі, онда кетпей-ақ отыра бер, сенің көзіңше-ақ сөйлесе береміз.
— Дұрыс-ақ, әкесі, қулық сенің неңді алған, тезірек офицерлеріңді шақырт одан да.
Біз тағы жиналдық. Иван Кузмич әйелінің көзінше, сауатсыз казактың қолымен жазылған Пугачев үндеуін оқыды. Ол енді көп кешікпей біздің крепосқа аттанатынын мәлімдепті: казактар мен солдаттарды өзінің шайқасына қосылуға үндепті; командирлерді қарсылық көрсетпеске шақырыпты, ал қарсылық көрсеткендерді аямай өлім жазасына кесетінін ескертіпті. Үндеу өрескел дөкір сөздермен, бірақ, күшті сөздермен, қарапайым адамдардың ойына қорқыныш әсерін туғызарлықтай етіліп жазылыпты.
— Қарай көр алаяқты!- деді комендант әйелі,- бізге бұйыра сөйлеуге де дәмесі бар өзінің! Қол қусырып қарсы алғанымызбен тұрмай, табанына ту төсеуіміз керек тағы да! Оңбаған иттің баласы! Қырық жыл қызмет істеп, қайнап піскенімізбен санасқысы жоқ қой өзінің? Жоқ, әлде тонаушының тілін алатын командирлер де табылар ма екен?
— Мүмкін емес табылуға, - деді Иван Кузмич, іле жауап қайтарып; – бірақ бұл кәззап көп крепостарды алып қойыпты ғой.
— Менің байқауымша, өзі рас күшті сияқты, - деп Швабрин де қостап қалды.
— Қандай күші бар екенін қазір білеміз, - деді комендант,- Василиса Егоровна, қойманың кілтін берші. Иван Игнатьич, башқұртты келтір мұнда, Юлайға айт, бірнеше қамшы ала келсін де.
— Тоқтай тұр, Иван Кузмич, - деді комендант әйелі тұрып жатып; - Машаны бір жаққа әкеткенімше мұрша бер, ананың бақырғанын естісе зәресі ұшып кетер. Шынын айтсам, ондайыңа өзім де құмар емеспін. Талаптарың қайырлы болсын.
Ескі тергеу жұмысында сабау-қинау әдісінің терең тамырланғаны сонша, оған тыйым салу үшін шыққан жаңа заңның - жақсы заңның пәлендей бөгеті болған жоқ-ты.
Қылмыстының өз аузынан мойындауы, қылмыстың толық ашылуы үшін қажет деушілердің ойы - дәлелсіз, негізсіз болуы былай тұрсын, заң ұғымына теріс, миға қонбайтын бірдеңе еді; егер соттаушының қылмысты мойнына алмауы күнәсыздығына дәлел бола алмаса оның мойындай қоюы да қылмысты екеніне дәлел болмасқа тиіс қой. Осы күннің өзінде де қинауға салатын жабайылық әдеттің жойылуын талап ететін ескі судьялар сөзін естігенім бар. Ал қазір біздің кезімізде, қинаудың қажеттігіне судья болсын, сотталушы болсын ешкім де күдік келтірмейтін болған. Сондықтан, комендант өміріне біздің де таңырқағанымыз, я күдік алғанымыз болған жоқ. Иван Игнатьич комендант әйелінің қоймасында кілттеулі отырған башқұртты әкелуге кетті, бірер минуттан кейін тұтқын алдыңғы бөлмеге кірді. Комендант оны өз алдына әкелуге бұйырды.
Башқұрт табалдырықтан әрең аттап өтті (аяғы кісендеулі еді), басындағы биік бөркін алып, есік аузында тұрды. Бетіне көзім түскеннен тітіркеніп кеттім. Өмірде ұмытпаспын бұл адамды. Жасы жетпістер шамасында тәрізді. Құлақ-мұрыннан түк жоқ. Шашын да сыпырып алдырып тастаған; сақал орнында бір-екі тал ағарған қыл көрінеді; аласа бойлы, арық денелі, белі бүкшең тартқан; ал қысық көздері әлі күнге отша маздап тұр.
— Еһе,- деді комендант, ананың 1741 жылғы көтеріліс тұсында жазадан жұтаған нұсқасын тани кетіп - біздің қақпанға бұрын да түскен кәрі қасқыр екенсің ғой.Басыңның жұрдайлығына қарағанда бұл бірінші көтерілуің емес болар. Бері жақында; шыныңды айт, сені мұнда жіберген кім?
Кәрі башқұрт үндемеді, жансыз кісідей селт етпестен, комендантқа қараған бойымен тұра берді.
— Неге үндемейсің? - деді, Иван Кузмич,— әлде орысша түсінбеймісің? Юлай, сен сұрашы өздеріңнің тілінде, кім жұмсады екен өзін мұнда?
Иван Кузмичтің сұрағанын Юлай қайтадан татаршалады, бірақ, оған да селт еткен башқұрт жоқ, жансыз қалпымен сілейіп тұра берді.
— Якши, - деді комендант, - ендеше мен сені басқаша сөйлетейін. Жігіттер! Сыпырыңдар үстінен алабажақ шапанын, тіліңдер арқасын. Байқа, Юлай, жақсылап бер сыбағасын!
Екі жарымжан башқұртты шешіндіре бастады. Байғұстың бет пішіні оған қобалжу түскенін аңғартты. Балалар қолына түскен аңның баласындай жан-жағына қарап жалтаңдай бастады. Жарымжандардың бірі шешінген башқұрттың екі қолынан алып арқалай көтерді; сол уақытта Юлай қамшысын сілтей бергенде: башқұрт әлсіз, жалбарынған үнмен ыңыранып басын шайқап, аузын ашты, оның аузында тіл орнына түбінен кесілген, шолтаңдаған бірдеңе көрінді.
Осы оқиғалардың менің ғасырымда болғаны ойыма түссе, қазірде император Александрдың момын патшалық құрған күндеріне жетіп отырғанымда, ағарту жұмысының осыншалық ілгері кетіп, адамды сүю кәдесінің недәуір қанат жайғанына таңданбасыма мүмкін емес. Жас жігіт! Егер менің осы жазғандарым қолыңа түсе қалса, ең жақсы, ең берік өзгеріс деп, зорлық-зомбылықсыз, адамның құлық-мінезін жақсарту арқылы болатын өзгерісті тануды ұмытпағайсың.
Біз түгел таң боп қалдық.
— Жарайды, - деді комендант, — бұдан ештеңе өндіре алмаспыз. Юлай, башқұртты қоймаға апар. Ал, мырзалар, біз тағы біраз сөйлесіп алалық.
Біз өз жағдайымызды кеңесе бастап ек, кенеттен ентіге басып, үрейі қашқан Василиса Егоровна кіріп келді.
— Саған не болған, шешесі! - деді комендант таңданып.
— Сұмдық, әкесі!— деді деміккен Василиса Егоровна; — Нижнеозерная крепосы бүгін ертемен алыныпты, Герасим атайдың қызметшісі жаңа сол жақтан қайтыпты. Жаудың қалай алғанын көзімен көріпті. Комендант пен барлық офицерлер дарға тартылыпты, солдаттарын түгел тұтқынға алыпты. Енді жауыз бізге беттейтін көрінеді.
Күтпеген хабар маған соққыдай тиді. Нижнеозерная крепосының коменданты жуас, әрі сыпайы, маған таныс жас жігіт еді; осыдан екі ай бұрын Орынбордан қайтар жолында келіншегімен Иван Кузмичтің үйіне түскен-ді. Ал олардың крепосы бізден жиырма бес шақырым жерде болатын. Енді Пугачев шабуылын біз сағат сайын күтуге айналдық.
Марья Ивановнаның да тағдыры есіме бірге түсті, жүрегім мұздап, шымырлай бастады.
— Тыңдаңыз! - дедім Иван Кузмичке; — крепосты соңғы деміміз біткенше қорғауға қарыздармыз; ол жағын сөз қылудың да қажеті жоқ. Бірақ, әйелдердің қауіпсіздік жағын да ойлану керек. Егер жол ашық болса оларды Орынборға жөнелтіңіз; әйтпесе кезептер бара алмайтын; мойны қашықтау; сенімдірек крепосқа жіберіңіз.
Иван Кузмич әйеліне бұрылып сөйледі:
— Естимісің, шешесі, өлекшілерді басқанша сендерді алысырақ бір жаққа жібере тұруымызға қалай қарайсың?
— Бәрі бос сөз! - деді комендант әйелі; — сондағы оқ жетпес крепосың қайсысы? Белогор неге сенімсіз бопты? Құдайға шүкір, міне, жиырма екінші жыл жасап келеміз осында. Башқұртын да, қырғызын да көргенбіз: ендеше Пугачевке де беріспей шыдармыз!
— Онда, сөз жоқ, шешесі, - деді комендант жақтырмай;- өзіміздің крепосқа сенімді болсаң, қала бер, ал Машаны қайттік, бірақ? Беріспей отыра алсаң жарайды, жәрдем жеткенше шыдасақ одан да жақсы; ал жауыздар крепосты алып қойса ше?
— Онда...
Осыны айтты да Василиса Егоровна, ар жағына сөз таппағандай тұтығып, лоблығып қалды.
— Жоқ, Василиса Егоровна,- деді комендант сөздің соңын қайтадан өзі созып кетіп, бұл оның өмірінде әйелін сөзден бірінші рет тоқтатқаны болу керек; - Машаның мұнда қалуы келіспейді. Біз оны Орынбордағы кіндік шешесіне жіберелік, онда әскер де молшылық, зеңбірек те жеткілікті, крепость, қорғаны да тастан қаланған. Тіпті өзіңе де бірге жүріп кет дер едім. Жаман айтпай жақсы жоқ, қорғанды бұзып кірсе, неге душар боларыңды білемісің, кемпірім, сені де аямайды олар.
— Жарайды онда, - деді комендант әйелі. — Айтқаның болсын, Машаны жіберелік. Бірақ, маған кет деп түсінде де сұрамағайсың, бармаймын. Енді қартайғанда сенен айрылып, жат жерден қабір іздер деймісің. Бірге жасастық, бірге өлеміз.
— Бұ да жөн екен. Бірақ енді кідіруге болмайды. Тез барып, Машаны жолға жүруге әзірле. Ертең ала сәуледен аттандырамыз, адам онсыз да аз, сонда да күзет қосып берерміз жанына. Айтпақшы, Машаның өзі қайда?
— Акулина Панфиловнаның үйінде, - деді комендант әйелі, — Нижнеозернаяның алынғанын есітіп, үрейі қашып кетті, ауырып қалмаса жарар еді. О, құдай, қандай күндерге кездестік, жасаған!
Василиса Егоровна қызының жүру жабдығын қамтуға кетті. Комендант үйіндегі кеңес созыла берді. Бірақ, мен енді оған қатысқаным жоқ, ештеңеге құлақ аспадым. Марья Ивановна кешкі асқа келді, түсі сұрланған, көп жылаған тәрізді. Біз үндемей отырып ас іштік те, күндегіше көп отырмай, столдан ертерек тұрыстық. Бәрімен қош айтысып, үйді-үйімізге тарқастық. Мен қылышымды әдейі ұмыт қалдырып, соны алуды сылтауратып, қайта оралып келдім. Марья Ивановнаның оңаша отырған үстінен шықсам деп дәмелі едім, айтқандай-ақ жалғыз екен, ол мені есік алдында қарсы алып, қылышымды тапсырды.
— Қош болыңыз, Петр Андреич! - деді көзінен жасы сорғалап. — Мені Орынборға жіберетін болды. Сәлемет, бақытты болыңыз; мүмкін, алла қайта көрісуге де жазар; ал, егер...Осыны айтты да еңіреп қоя берді. Құшақтап тұрып, мен де жауап қаттым:
— Қош бол, періштем, қош бол, менің сүйіктім, жүрегімнің қалағаны! Қандай күйге түссем де соңғы ойым, соңғы дұғам өзің туралы болады! - дедім.
Маша кеудеме бетін басып, еңіреп тұр. Мен құшырлана қысып сүйдім де, асыға басып, үйден шыға жөнелдім.
VII ТАРАУ
БАСЫП АЛУ
Басым менің, басым-ай,
Қызмет еткен жасым-ай!
Тыным таппай, сен байғұс,
Отыз үш жыл жұмсап күш.
Жете алмадың даңққа.
Шен мен шекпен, атаққа,
Оңбай қойды бір жолың,
Ала алмадың жөнді орын.
Бар тапқаның, сорлы бас,
Қас бағана - қу ағаш,
Жасамай одан ұзаққа,
Іліндің жібек тұзаққа.
Халық өлеңі
Бұл түні ұйықтаған да жоқпын, шешінбедім де. Таң атпай крепость қақпасына барып, жолға шығатын Марья Ивановнамен соңғы рет қоштасып қалуға бел байлағам. Өзімде ұлы өзгеріс бар сияқты: жақында ғана болған жабырқаңқы, мұңды күндерімнен жанымның қазіргі толқуы анағұрлым жеңіл сезіледі. Менің айырылысу уайымыма әлдеқандай белгісіз, бірақ тәтті үміт араласып, қауіп-қатерді де, ерлік даңқты да бірге, асыға күткендеймін. Түннің қалай өткенін сезбеппін. Мен үйден енді шығуға айналғанымда, есік ашылды да капрал тыңнан бір хабар жеткізді: түнде біздің казактар крепостан аттанып, өздерімен бірге зорлап Юлайды да әкетіпті. Крепость маңында жат адамдардың жортуылдауы кетіп үзілмейтін болды-ау деген ой менің зәремді ұшырды; мен капралға бірнеше жұмыстарды асығыс тапсырдым да, дереу комендант үйіне жөнелдім.
Таң ата бастады. Шақырып жатыр дегенді есіткен соң, көшемен ұшып келем.
— Қайда барасыз?- деді Иван Игнатьич мені қуып жетіп, тоқтатып, — Иван Кузмич қорған жалында тұр, мені сізге жіберді. Пугачев кеп қалды.
— Марья Ивановна кетті ме? - дедім, жүрегім дүрсілдеп.
— Үлгірмеді, Орынбор жолы кесіліпті; крепость қамауда. Хал жаман, Петр Андреич!
Біз қорған жалына - жаратылыстың өзі жасаған және қадалармен қоршаған қыратқа шықтық. Крепость тұрғындарының бәрі үйме-жүйме боп, сол араға жиналыпты. Гарнизон мылтығын асынды. Зеңбірек те күні бұрын сол жерге апарылғанды. Комендант өзінің бір шоқ азғана әскерінің сапы алдында теңселіп жүр екен. Қатер жақындығы кәрі жауынгерді бір түрлі әрлендіріп, әлдендіріп жіберген сияқты. Крепостқа жақындау жазықта жиырма шақты атты кісілер көрінеді, көпшілігі казак, бірен-саран башқұрттар да байқалады, олардың сауыт-саймандары мен тышқан бөріктері айнытпай танытып тұр. Комендант әскерін айналып шығып, солдаттарға сөз айтты: "Ал балаларым, - деді ол қысқа сөйлеп, -бүгін патша ағзам анамыз үшін алысып, ерлік пен антқа беріктігімізді бүкіл жиһанға танытатын күніміз!" деді. Солдаттар қатты дауыстап беріктерін білдірді. Менің қасымда тұрған Швабриннің көзі жау жақта, айнымай, тесіле қарап тұр. Ана түздегі ереуілдеп жүрген аттылар крепостағы халық қимылын байқады да, бір жерге шоғырланып, өзара сөйлесе қалды. Комендант Иван Игнатьич зеңбірек аузын соларға дәлдеуге әмір етті де, өзі от тұтатты. Зуылдап жөнелген зеңбірек добы оларға ешбір зиян келтірмей, төбелерінен асып өтіп кетті. Аттылар бытырай шауып көзден жоғалды, дала лезде босап қалды.
Сол араға Василиса Егоровна мен одан бөлініп қалғысы келмеген Марья Ивановна да жетті.
— Ал не болды? - деді комендант әйелі; - әрекеттерің қалай? Жау қай жақта?
— Жау алыс емес, - деді Иван Кузмич; - құдай сәтін салса жаман болмас аяғы. Қалай, Маша, қорқамысың?
— Жоқ, папа, бұдан да көрі үйде жалғыз отыру қорқыныш екен.
Осыдан кейін, күшпен әрең жымиып маған қарды. Мен қылышымның балдағын еріксіз қысып қаппын, кеше кешке ғана өз қолынан қолыма әкеп бергені сол жерде есіме түсті, мен сүйген жанымды қорғау үшін әдейі қабылдағандай көріндім. Жүрегім жалын атады. Мен оның батыры сияқтымын қазірде. Оның сенімін ақтауға құмармын, сын минутын ынтыға күткендеймін.
Осы кезде крепостан жарты шақырым жердегі белеңнен аттылардың жаңа бір тобы шыға келді. Ұзамай жазық далаға найзалы, садақты адамдар толып кетті. Осылардың арасында қылышын жалаңаш ұстаған, қызыл көйлекті, ақ атты біреу келеді; осы Пугачев еді. Ол ат тізгінін тартты; қалғандары оны қоршап тұр, Пугачев әмірімен шыққандай, төрт атты адам топтан бөлінді де, жортқан бойларымен тура крепосқа тартты. Бәрін де түгел таныдық, өзіміздің сатылғандар екен. Біреуі жазылған қағазды бөркінің үстінде ұстап келеді; енді біреуінің қолында найзаға шаншылған Юлайдың басы, жақындай бере, сол басты ырғап-ырғап бізге қарай қададан асыра лақтырды. Сорлы қалмақтың басы, дәл комендант аяғының астына кеп түсті. Сатылғандар былай деп айқай салды:
— Атыспаңдар! Қарсы шығып патшаны күтіп алыңдар, әнеки, патша келіп тұр! - деді.
— Ал ендеше сыбағаларың! - деді Иван Кузмич дауыстап; - атыңдар, жігіттер!
Біздің солдаттар бір дүркін оқ шығарды. Қағаз ұстаған казак теңселіп барып, атынан құлап түсті; қалғандары қайта шаба жөнелді. Мен Марья Ивановнаға қарадым. Юлайдың қан жуған басы мен мылтық үндері оған қос соққыдай қатты тиіп, ессіз, түссіз тұрғандай көрінді маған. Комендант капралды шақырып ап, өлген казактың қолындағы қағазды әкелуге жұмсады. Капрал тысқа шығып, өлген адамның атын жетектеп қайтты. Комендантқа хатты әкеп тапсырды. Иван Кузмич ішінен оқыды да, одан соң пара-парасын шығарып, жыртып тастады. Осы екі арада бүлікшілер де қимылға әзірленгендей көрінді. Енді көп ұзамай, мылтық оқтары төбемізден ысқырып, садақ оқтары да маңайымызға шаншыла түсіп жатты.
— Василиса Егоровна! - деді комендант, - бұл әйелдер тұратын жер емес, әкет Машаны, көремісің жансыз кісідей тұрғанын.
Василиса жауған оқтың астынан қайнап көрінген жау қарасына жуаси қарап, көз салып тұр еді. Одан еріне бұрылып, тіл қатты.
— Иван Кузмич, өлім мен тірлік Жасағанның еркінде; Машаға батаңды бер. Маша, әкеңе жақында.
Қаны қашқан, қалтыраған Маша Иван Кузмичке таяу барды, тізесінен бүгіліп, басын төмен иді. Кәрі комендант оны үш рет шоқындырып, тұрғызды да, қызыл сүйіп болып, әкелік сөзін айтты:
— Я, Маша, бақытты бол Аллаға сыйын, ол сені мархабатынан тыс қалдырмас. Бір қайырымды адамға қосылсаң құдай екеуіңе бірдей махаббат, бірлік берсін Василиса Егоровна екеуіміз сияқты өмір сүріңдер. Жарайды, Маша, қош бол Василиса Егоровна, тезірек әкет Машаны.
Маша әкесінің мойнынан құшақтап, еңіреп жіберді.
— Кәне, біз де сүйіселік, - деді комендант әйелі жылап тұрып,- қош, менің Иван Кузмичім. Ренжіткен жерім болса, кешірім сұраймын!
— Қош, қош бол, шешей!- деді комендант кемпірін құшақтап; - ал енді, жарайды! Үйге барыңдар, үлгіре алсаң Машаның үстіне сарафан кигіз.
Комендант әйелі қызымен кетіп бара жатты. Мен Марья Ивановнаның артынан қарап тұр едім, ол айналып бір жалт етті де басын изеді. Иван Кузмич енді бізді ұйыстырып aп, бар көңіл көзімен жауға түйілді. Бүлікшілер басшысының төңірегіне ұйлығып болған соң аттарынан түсе бастады.
— Ал берік болыңдар, - деді комендант, - енді басып кіруге ұмтылады...
Осы минутта айғай кернеп кетті. Бүлікшілер андағайлап, крепосқа қарай жүгірді. Зеңбірек ұсақ доптармен қайта оқталған еді. Комендант жауды жақын жіберіп алып, от берді. Зеңбірек қалың топтың қақ ортасынан соқты. Бүлікшілер екі жарылды да, кейін серпілді. Қолбасшысы жалғыз алдында қалыпты... Ол жалаңаш қылышын, басынан асыра үйіріп, әскерін қайта шақырған сияқты... Бір минут толастанған айғай-шу тағы дуылдай жөнелді.
— Кәне жігіттер, - деді комендант; ашыңдар енді қақпаны, қатыңдар барабанды. Соққыға соққы берелік, еріңдер соңымнан, жігіттер!
Әлгідей болмай-ақ біз комендант, Иван Игнатьич үшеуміз крепость сыртына шығып қаппыз; бірақ сесі қайтқан гарнизон орнынан қозғалмапты.
— Ау, балаларым, неғып тұрсыңдар, жандарым! - деді Иван Кузмич дауыстап, - өлсек те қызмет көрсетіп өлейік те!
Осы кезде бүлікшілер бізді өктеп өтіп, крепостқа кіре берді. Барабан жағы қарысты; гарнизон қаруын тастады; мен жығылғаныма қарамай, қайта тұрып, жүгіріп бүлікшілермен жарыса крепосқа кірдім. Басынан жараланған комендантты бір шоғыр кезептер қоршап алған, кілтті бер деп тұр екен Мен оны көре сала жәрдемге ұмтылдым; андаған казактар маған тобымен жабыла түсіп ұстап алды; "патша өмірін тыңдамаушылар сазасын осылай алады", "патша өмірін тыңдамаушылар сазасы осылай беріледі!" дейді казактар мені белбеулермен байлап жатып. Бізді сүйрегендей көше аралатып келеді; тұрғын жұрт наны мен тұздарын алып шығысты үйлерінен. Шіркеу қоңырауы да қаңғырлап қағылып жатыр. Бір кезде топ ішінен ащы айғай естілді: "Патша ағзам аланда күтіп тұр, тұтқындардан ант алмақ!" деді, жаңағы дауыс. Халық алаңға қарай лап берді. Бізді де со жерге айдап барды.
Пугачев комендант үйінің басқышында кресло қойып отыр екен Үстінде қызыл жидекті, казактар киетін кафтан. Алтын шоқ қадалған, биік құндыз бөркін отты көзіне түсіре киіпті. Бет ажары маған таныс сияқты. Казак старшиндары оны алқа-қотан қоршап тұр. Басқыш маңында крест ұстаған Герасим атай тұр екен; ол қалтырап, қаны қашып, қуаң тартып кетіпті. Қазір жазаланар құрбандарға үнсіз-түнсіз кешірім тілеп тұрған секілді болып көрінеді. Алаңға асығыс түрде дар орнатылып жатыр. Біз таяу келе бергенде башқұрттар топырлаған жұртты кейін қуып тастап, бізді Пугачев алдына келтірді. Қоңырау тынып, жым-жырт тыныштық орнады.
— Комендант қайсысы? - деді жалған патша-самозванец.
Топтан бөлініп шыққан, өзіміздің урядник Иван Кузмичті көрсетті. Пугачев біздің шалға қаһарлана қарап сөз бастады.
— Маған, өзіңнің патшаңа қарсылық жасауға қалай бетің барды?
Жарадан қалжыраған комендант, соңғы дәрменін күшпен жинап алды да, қайыспай қатал жауап қатты.
— Есіт, ендеше! Сен патшам емес, ұрысың, алдаушысың.
Пугачев ауыр түйсіне тыжырынып, ақ орамалын желпіп қалды. Бірнеше казактар қарт капитанға жабыла түсіп, дар түбіне сүйреп барды. Кеше ғана өзіміз тергеген, құлақ-мұрнынан жұрдай болған башқұрт дардың көлденең ағашына лезде атша мініп алыпты. Қолында арқан, бір минуттан кейін әуеде асылып тұрған бишара Иван Кузмичті көрдім. Енді Пугачевке Иван Игнатьич келтірілді.
— Ант бер, - деді Пугачев, - патшаң Петр Федоровичке!
— Сен бізге патша емессің,- деді Иван Игнатьич, одан соң жаңа ғана айтқан өз капитанының сөздерін қайталады:- сен ұрысың, алдаушысың, ағайым!
Пугачев тағы да орамалын сілтеп қалды, қайырымды поручик өзінің ескі начальнигінің қатарынан орын алды.
Ендігі кезек менікі еді. Жаулана қарап тұрмын Пугачевке, ер жолдастарымның жауабын менің де қайталағым бар. Дәл осы кезде бүлікшілер старшиндарының ортасында, казак кафтанын киген, шашын дөңгелентіп қырғызып тастаған Швабринге көзім түсті. Қайран қалғаным сонша, айтып түсіндіруге сөз жетпестей. Ол Пугачевке келіп бірнеше сөз сыбырлап қалды.
— Мұны да тартыңдар, - деді Пугачев, маған көзін де салмастан Мойныма арқан тұзағы тастала берді. Бар күнәма шын көңілден құдайдан кешірім сұрап, жүрегімнің ең жақындары үшін алладан саулық тілеп ішімнен дұға оқыдым. Мені де дар түбіне апарды.
Мені шын-ақ жуатқылары келгендей:
— Қорықпа, саспа,- деседі жендеттер. Кенеттен:
— Тоқтаңдар, оңбағандар! Тоқтаңдар! - деді, шырылдап шыққан жан дауысы. Жендеттер бөгеліп қалды.
Сол кезде Пугачев аяғына жығылып жатқан Савельичті көрдім.
— Әкем, бауырым! - дейді менің сорлы кәриям, - мырза баласын өлтіргеннен саған түсер олжа не? Босат оны, өмірін сатып, құлып ал; ал үлгі үшін, қорқыныш үшін өлтіру керек болса, мына мені ас, сорлы шалды ас дарыңа!
Пугачев белгі берді, мен табанда босатылдым.
— Әкейіміздің мейірімі түсті ғой саған, - десті жендеттер.
Осы минутта мен тірі қалғаным үшін қуандым дей алмаймын, сонда да өлмей қалғаныма өкіндім деп тағы да айта алмаймын. Сол кездегі сезімім өте күңгірт, буалдыр еді. Мені қайтадан самозванецтің алдына апарып, тіземнен тұрғызды. Пугачев маған тамырлары адырайған қолын созды.
— Қолын сүй, сүй қолын! - десті тұрғандар. Бірақ мен мұншалық қорланудан өлім жазасының өзін жеңіл көрдім.
— Петр Андреич, көкешім! - деп, ту сыртымда Савельич тұр, сыбырлап, қайта-қайта итермелеп қояды, - қасарыспа! Нең кетеді? Көзіңді жұм да, сүйе сал, жауыз... (тьфу) қолынан.
Мен тырп етпедім. Пугачев қолын түсіріп, күліп жіберді:
— Қайырымды мырзаның қуанғаннан есі шығып кеткен болар. Тұрғызыңдар орнынан.
Мені тұрғызып, еркіме қалдырды. Мен сұмдық комедияның жалғасын өз көзіммен өткіздім.
Тұрғын халық ант бере бастады. Олар бірінен соң бірі кресті сүйіп, жалған патшаға бас иіп өтеді шұбырып. Гарнизон солдаттары да сол жерде еді. Қайшылы, рота тігіншісі олардың шаштарын күзеп жатыр. Күзелгендер үстерін қағады да, кешірім беріп, өз шайқасына алған Пугачев қолынан сүйеді. Осының бәрі үш сағатқа созылды. Ең ақырында Пугачев креслодан тұрып, старшиндардың қоршауында төмен түсті. Ер әбзелі барынша әшекейленген ақ боз ат алдынан көлденең тартылды. Екі казак оны қолтықтап аттандырды. Ол Герасим атайға бұрылып тұрып, бүгінгі түстікті со кісінің үйінен жейтінін білдірді.
Осы мезгілде әйелдің ащы даусы естілді. Бірнеше кезептер Василиса Егоровнаны іштен басқышқа сүйреп шығарды. Тырдай жалаңашқа жақын, шашы да дудырап кеткен, біреулері жылы камзолын тартып киіпті. Өзгелері құс төсек пен сандықтарын, киім-кешек, ыдыс-аяқтарын - барлық іске асарын тонап келеді.
— Әкетайларым! - деді сорлы кемпір — Ғибадат жасауға мұрша берсеңдерші. Тым болмаса Иван Кузмичке жолықтырып өлтірсеңдерші.
Кенеттен көзі дарға түсті де, ерін танып қалды.
— Жауыздар!- деді аласұра айғайлап; — не сұмдық жасағансыңдар? О, жарығым Иван Кузмич, жаудан жасқанбас жүректім! Прустар найзасы мен түріктердің оғы да дарымап еді; ең болмаса адал майданда өлмей, қашқын каторжниктің қолында қор болдың-ау!
— Өшіріңдер, мыстан үнін! - деді Пугачев.
Жас казак табанда қылышпен бастан тартып жіберді. Жансыз әйел басқышқа құлап түсті. Пугачев жүріп кетті. Оған ерген жұрт та шұбыра жөнелді.
VIII ТАРАУ
ШАҚЫРЫЛМАҒАН ҚОНАҚ
Шақырылмай келген қонақ татардан да жаман.
Мақал
Алаңда жан жоқ. Жаңағы үрей көріністердің әсері ойымды аласапыран араластырып аялдатар емес. Бір орында сілейіп тұрып қаппын.
Бәрінен де маған Марья Ивановнаның белгісіз тағдыры өтіп барады. Өзі қайда екен? Не болды екен? Жүз тасалай тұрарлық, сенімді жер тапты ма екен? - деймін. Осындай сабырсыз қобалжытқыш ойлармен комендант үйіне кеп кірдім. Қаңыраған үй, қираған стол орындық, сандықтар да күйреген; бәрін де тонап әкетіпті. Мен кішкене басқышпен шапшаң көтеріліп, өмірімде алғашқы рет Марья Ивановнаның бөлмесіне кірдім. Талаушылар оның төсегінің де астан-кестенін шығарыпты; шкафты сындырып ішіндегілерін де сыпырып әкетіпті, қараң қалған кивоттың алдында тұрған шам әлі сөнбепті. Қабырғаға ілінген айна да аман қапты...
Осы сияқты қасиетті қыз отауының иесі қайда екен? Әлде қандай қатершіл ойлар миымды торлады: маған ол тонаушылар қолына түскен сияқты... Жүрегім аузыма тығылды... Мен күйіне жылай, қатты дауыстап сүйіктімнің атын да атап жіберіппін.. Осы минутта бір жеңіл сыбдыр естілді де, ілесе, сұры қашқан жапырақтай қалтыраған Палаша шкафтың артынан шыға келді.
— Ah, Петр Андреич!- деді ол алақандарын соғып қап,- осындай күнде, осынша неткен құмарлық!..
— Марья қайда? Марья Ивановна аман ба? - дедім сабыр таппай.
— Тірі, Акулина Панфиловнаның үйінде тығылып жатыр, - деді Палаша.
— Поп қатынындыкінде ме? - жан дауысым шығып кетті, - о, жасаған! Онда Пугачевтің өзі жатқан жоқ па!..
Бөлмеден ышқына жөнелдім, қас қаққанша көшеге шығыппын, көзім түк көрер емес, ештеңені сезетін де емеспін, сол бойымен жан ұшырып отырып священниктің үйіне кеттім. Ішінен айқай-шу, қарқылдаған күлкі, ән салғандардың үні естіледі... Пугачев жолдастарымен сауық құрып жатыр екен. Іле-шала соңымнан Палаша да жетті. Мен оны білдірмей барып Акулина Панфиловианы шақырып келуге жұмсадым. Бір минут өтпей-ақ қолында босаған бөтелкелері бар Акулина шығып, сенекте тұрған маған келіп жолықты.
— Құдай ақы үшін! Айтыңызшы, Марья Ивановна қайда?- дедім, адам айтқысыз лоблығып.
— Көгершінім, шымылдық ішінде, кереуетте жатыр,- деді поптың әйелі тез жауап қайтарып,- Несін айтасыз, Петр Андреич, сол ғана ұрынбай қалдың пәлеге. Аллаға шүкір, ақыры баянды боп бітті. Әлгі жауыз асқа енді отыра берген кезде, сорлы қыз есін жинап ыңырсып қалмасы бар ма! Мен жансыз адамдай қатып қаппын. Ол естіп қалды:
— Кемпір, күрсініп жатқаның кімің? - деді маған. Мен ұрыға тәжім етіп тұрып жауап қаттым: "Немере қызым еді, тақсыр, ауырып жатыр, төсек тартқанына екі жетіге айналып барады" дедім.
— Жас па еді немерең?
— Жас, тақсыр.
— Көрсетші, кемпір, немере қызыңды.
Жүрегім жарыла жаздады, бірақ, лаж қанша:
— Мейліңіз, тақсыр; жалғыз-ақ, қыздың бас көтерер дәрмені жоқ, сенің алдыңа келуге жарамайды.
— Оқа емес, кемпір, олай болса өзім барып-ақ көремін,- деді. Сүйтті де антұрған сұм шымылдықты да серпіп тастап, қырғи көзімен қадала қарап қалды. Не айтатыны бар, сақтады-ау құдай бір жолға! Саған өтірік бізге шын, ерім мен екеуміз азап ажалының шеңгеліне түсуден әзер алдалап қана қалдық. Біздің бақытымызға, айналып кетейін көгершінім төніп тұрғанның кім екенін таныған да жоқ. Көп екен де көрсетері құдіреттің! Кездестік қой бір майданға, жасаған! Сорлы Иван Кузмич! Кім ойлаған мұндай сұмдық боларын!.. Василиса Егоровнаны айтсайшы! Ал Иван Игнатьич ше, оның жазығы не?.. Сізді қалай есіркеді екен? Ал Алексей Иванович Швабрин шашын дөңгелете қырықтырып тастаған, дәл қазір біздің үйде, соларға қосылып мәз-мейрам боп отыр! Мекерлігінде мін жоқ екен! Мен ауру немерем еді, дегенімде, қадала маған қарап еді, сұғы өңменімнен пышақтай өтті. Әйтеуір өтірігімді ашқан жоқ, онысына да алда разы босын, шіркіннің.
Сол минутта мас қонақтардың айқай-ұйқайы мен Герасим атайдың даусы да қосыла естілді. Қонақтар арақ деп шуласулы, үй иесі әйелін шақырып жатыр дауыстап; сөйлесіп тұрған кісім аптыға бастады.
— Үйге жөнеліңіз, Петр Андреич, сізге алаңдар мұршам жоқ; жалығар емес сұмырайлар ішкіліктен Мастардың қолына түссеңіз, арылмас пәле болар. Қош болыңыз, Петр Андреич, болары болды, бізді де құдай құр алақан қалдырмас! - деді әйел осыны айтты да кетіп қалды.
Жүрегім біраз орнына түскендей, мен де үйіме беттедім. Алаңнан өтіп бара жатып, дарға асылғандардың етіктерін шешіп, өліктерді тонап қақтығып жатқан бірнеше башқұрттарды көрдім. Қолдан келер, ара түсер амал жоқ; тек бойды кернеген кекті ашуды күштеп тежеуге ғана әлім келді.
Крепоста офицерлер үйін талаушылар ерсілі-қарсылы шұбырып, сеңдей соқтығысады. Төңіректен түгел бүлікші мастардың ғана дауыстары естіледі. Мен үйге келдім. Савельич мені есік алдынан күтіп алды.
— Құдайға шүкір!- деді ол мені көргесін, қатты дауыстап қап,- жауыздар сені қайта ұстаған шығар деп ем ойымда, сақтаған екен Нанармысың, көкешім Петр Андреич! Сұрқиялар түк қоймай талап кетіпті бізді де: көйлек-көншек, ыдыс, мүлік дегеннен тұлдыр да қалдырмапты. Несін айта берейін! Тек өз жаныңды қалдырғанына шүкір. Айтпақшы, атаманды таныдың ба, қалқашым?
— Жоқ, танымадым; кім еді өзі?
— Оның қалай, көкешім? Керуен сарайда ішігіңді алдап алған маскүнем ше, ұмытып-ақ қалғаның ба? Жап-жаңа қоян ішік еді; ана жын киіп жатқанда барлық тігісі бой-бойымен қақырап кетпеп пе еді!
Шынында да Пугачев пен сондағы жол бастаушымның ұқсастығы ғажап еді. Екеуінің бір кісі екеніне менің көзім енді жетті.
Маған түскен рахымының да себебін жаңа түсіндім. Оқиғаның осыншалық ұштасқанына таңданбасым мүмкін емес; кешегі берген бала ішігі бүгін мені дардан сақтады, кешегі керуен сарайды кезіп қаңғырып жүрген маскүнем бүгін крепосты қамап, мемлекет іргесін қалтыратып тұр! Бұған қалай таңданбассың!
— Ас ішемісің? - деді бұрынғы дағдысы бойынша Савельич,- үйде түк те жоқ, әйтсе де қағып-соғып бірдеңе лаждап көрейін.
Жалғыз өзім қалып, ойға шомдым. Не істеу керек? Крепоста жауыздың қолында қалу, я оның шайкасына қосылу офицерге жөн емес. Менің борышым үйіріме қосылу, осындай қиын кезеңде отанға пайда келтірер басқа бір қызметке баруымды керек етеді... Бірақ, махаббат маған Марья Ивановнаның қасында қал, панасы, қорғаны бол деп сыбырлайды.
Бұл жағдайдың көп ұзамай өзгереріне де көзім жетеді, әйтсе де, Марья Ивановнаның басы қатерде тұрғаны ойымнан шығар емес, оны тастап кету тіптен мүмкін емес сияқты.
Менің ойымды көлденең киліккен казак қана бөліп кетті:
— Ұлы патша сені келсін деп жатыр, - деді ол қасыма келіп.
— Өзі қайда? - дедім шақырған әміріне құлақ асатынымды білдіріп.
— Комендант үйінде. Түскі астан кейін ұлық атамыз моншаға түсіп еді, қазір тынығып жатыр, - деді қазақ жауабында - Байқай беріңіз, тақсыр, өзіңіз, - деді ол әңгімесін созып, - барлық белгісіне қарағанда олқы жан көрінбейді: түскі тамақ кезінде қуырған екі торайды бір өзі жеп қойыпты. Моншаға түсуі де сұмдық көрінеді. Ол шыдаған ыстық парға Тарас Курочкиннің өзі де шыдамай, сыпырғысын Фомка Бикбаевқа беріп, суық су құйынып, тәлтіректеп әрең шығыпты. Қысқасы, өңшең оқыс қимылдар жасайтын көрінеді... Моншада, дейді, жұртқа кеудесіндегі патшалық белгілерін көрсетіпті. Бірінде бес тиын бақырдың үлкендігіндей екі басы бүркіттің, ал екіншісінде өзінің суреті бар, деседі.
Мен казакпен сөз таластыруды орынсыз көрдім де, онымен бірге комендант үйіне тартып кеттім. Осы екі арада Пугачевпен қалай кездесуді көзіме елестетіп, аяғының немен тынатынын болжалдауға тырыстым. Бұл бетте салқын қанмен келе жатпағанымды оқушының өзі де оңай аңғаратын болар.
Мен комендант үйіне жеткенімде қас қарая бастаған еді.
Дар тұзағына түсірген құрбандарымен үрей туғыза қарауытып тұр. Сорлы комендант әйелінің денесі басқыш қасында әлі сұлап жатыр. Оны екі казак күзетіп тұр.
Мені ертіп келген казак, келгенімді хабарлау үшін үйге еніп кетті де, артынша қайта шықты, кеше ғана Марья Ивановнамен жылы шыраймен қоштасқан бөлмеме бастап кірді.
Ойда жоқ көріністердің үстінен шықтым. Дастарқан жайылған стол үстінде тола арақ ішетін ыдыстар; бастарында бөрік, үстерінде қызылды жасыл көйлектері бар он шақты казактар старшиналары көздері жайнап, беттерін албыртып, арақ буымен Пугачевті қоршап дуылдасып отыр.
Бұлардың ішінде жаңадан сатылып қосылған Швабрин де, біздің урядник те жоқ екен
— Құрметіңізге құлдық! - деді Пугачев мені көре caп - міне марқабатымыз, міне орнымыз, төрлете беріңіз,- деді тағы да. Сөйлесіп отырғандар қағысып орын берді. Мен үн қатпастан столдың бір шетіне кеп отырдым. Қасымда қатар отырған сұңғақ бойлы әдемі казак маған бір стакан жай шарап құйып берді, бірақ, мен оның дәмін де татқаным жоқ.
Мен мына жиынды әдейі танығым келгендей көзбен шоли бастадым. Жуан жұдырықтарын қара сақалының астына тіреп, столға шынтақтай, төрдің төбесінде Пугачев отыр. Бет пішіні әп-әдемі сүйкімді-ақ, пәлендей мұжықтық белгі бергендей емес. Ол көбінесе осы елу шамасындағы бір кісіге кейде граф, кейде Тимофеич деп, тағы бір кезде әке тұтып сөйлеп отырды. Бәрі де өзара тең жолдас сияқты. Басшыларына ерекше ізет жасаушылық сезілмейтіндей көрінді. Әңгіме таңертеңгі жеңіс, осындағы жұрттың наразылықтары, болашақ қимылдың жайлары туралы болды. Әрқайсысы-ақ өзінше мақтанып, өз ұсынған пікірлерін дәлелдеу үшін Пугачевпен еркін айтысып отыр. Осы сияқты түсініксіз соғыс кеңесінде Орынборға аттану мәселесі шешілді: бұл оқыс қимыл еді; осы қимыл жаудың ойлағанындай шығып, аяғы үлкен пәлеге де ұрындыра жаздай қалды! Аттаныс күні ертең басталатын боп жарияланды.
— Кәне, бауырлар, - деді Пугачев; - тәтті ұйқының алдында менің сүйікті өлеңімді шырқап жіберелік. Баста, Чумаков!
Менің жас көршім бурлактардың мұңды жырын жіңішке даусымен шырылдата бастады, өзгелері де қосыла жөнелді:
Шулама, жасыл емен анам сен де,
Бөгеме, жас ұлыңның ойын бөлме,
Күні ертең мейрімді ұлың жауап бермек
Тергеліп зәрлі патша пәрменінде.
Сұрамақ менен патша айт деп бәрін.
Сөйле, кәне, баласы бейшараның!
Кіммен ұрлық жасадың, кіммен сұмдық,
Тағы көп пе бір болған жолдастарың?
Айтайын, әділ патша, расымды
Бүкпеймін, жасырмаймын болған шынды.
Сеніммен соңыма ерттім төрт жолдасты:
Бірінші серік еттім қара түнді,
Екінші болат пышақ бір қуатым,
Үшінші жан жолдасым мінген атым.
Садағым төртіншісі күшпен иген.
Атқан оғы дәл барып қадалатын.
Тіл катар сонда патша қарап маған:
Баласы сорлы шаруа сау бол аман!
Ризамын ұрлығың мен жауабыңа!
Етейін мен де мейірім енді саған,
Орнатам әдемі дар саған арнап
Сәулетті зәулім биік бағанадан.
Күні ертең дарға тартылатын адамдардың дар туралы мына айтып отырған қарапайым халық өлеңдерінің маған қаншалық әсер еткенін айтып жеткізуім мүмкін емес.
Өздігінен де жалын атып тұрған жыр сөзіне айтушылардың айбарлы беттері мен әдемі үндері, мұңды ырғақтарының қосылуы, осының бәрі мені қатты сіліккендей, үрейлі күйге түсірді.
Қонақтар тағы бір стаканнан ішті де орындарынан тұрып, Пугачевпен қоштасты. Мен де соларға ілесіп шығуға айналғанымда Пугачев маған тіл қатты:
— Отыра тұр. Менің тағы да сөйлеспегім бар,- деді. Біз екеуден екеуміз ғана қалдық. Бірнеше минуттай үн қатысқанымыз жоқ. Пугачев сол көзін сәл ғана қысыңқырап, әрі мысқылдай, әрі аярлана, аса бір ғажап назарымен маған қадала қарап отыр.
Ақырында күдіксіз көңілділікпен қарқылдап күліп жіберді. Неге екенін білмеймін, оған қосыла мен де күліппін.
— Халың қалай, құрметтім? Жасырмай айт шыныңды, менің жігіттерім мойныңа арқан тастап жібергенде қорықтың ба? Мен білсем аспан аяқтай, жер табақтай болған шығар сол кезде...
Қызметшің болмағанда сағатыңнан ілініп тұратын ең салбырап. Көңі кепкен көрінді тани кеткенім жақсы болды. Бір кезде кебісіңді қоюшы адамды нағыз ұлы патша көрем деп ойламаған да шығарсың? (Осы кезде ол өзін мәртебелі, жұмсақ пішінді ұстады).
Сен менің алдымда үлкен кінәлісің, - деді ол сөзін тоқтатпай,- бірақ, жауымнан жасырынып жүрген кезімде көрсеткен қайырымдылығың мен қызметің үшін менің де саған мейірімім түсті. Бұл ғана ма! Мемлекетті қолыма алып болған соң, бұдан да биік мәртебемді көрсетем! Маған бар ынтаңмен қызмет етуге уәде беремісің?
Аярдың мынадай сұрақтары мен өжет сөздерінің қызық көрінгендігі сонша, мен еріксіз күліп жібердім.
— Неге күлдің, - деді ол маған түйсініп; - әлде ұлы патша екеніме сенгің келмей ме? Тұра жауап бер.
Мен сасып қалдым. Үйткені, қаңғыбас біреуді патшам деп тануым мүмкін емес-ті. Онда мен табансыздық, опасыздық жасағаным. Ал мынамен көзін бақырайтып отырып патша емессің, аярсың деу де қатер. Онда кеше халық алдында әрең асылмай қалғандарға, пайдасыз мақтаншақтық үшін басымды әдейі кеп ілгендік болар еді.
Толқып отырмын Түнерген Пугачев менің жауабымды күтуде. Ақыры (осы минутты әлі күнге дейін ұмытпай сүйсінемін), осалдық сезімімді адамдық тегеурінім жеңді. Мен Пугачевке жауап қайтардым:
— Тыңда ендеше, бар шынымды айтайын, төрешім де өзің бол Сені қалай патша дермін? Сенермісің сен соған, көз алдыңда көлгірсіп, жалған айтсам, аңғарасың ғой өзің де?
— Сенің ойыңша мен кіммін?
— Кім екеніңді құдай біледі; бірақ, кім болсаң да маған сен отпен ойнап жүрген сияқтысың.
Пугачев маған жалт бұрылып қарай қалды.
— Сүйтіп, сен менің Петр Федорович патша екеніме сенбейсің ғой? Қайыр ендеше. Ер іздене жетпей ме екен мұратқа? Баяғы заманда Гришка Отрепьев те патшалық құрмап па еді? Мен жөнінде не ойласаң да өз еркің, тек менен жұбыңды айырушы болма. Өзге жұмысымда шаруаң қанша? Қызметімді ет, бұлталақсыз беріліп, бастаушы болмасаң да, қостаушы бол, соларыңа орай мен сені фельдмаршалдық, князьдікке жеткізем. Бұған қалай қарайсың?
— Жоқ,- дедім мен қатал жауап қайтарып, - туысымнан ақсүйекпін; оның үстіне императрицаға ант берген адаммын: сондықтан саған қызмет істей алмаймын Егер маған шынымен қайырымдылық істегің келсе, босат та мені Орынборға жібер.
Пугачев ойланып қалды.
— Босата қойсам, ең болмағанда маған қарсы шықпауға уәде беремісің?
— Қалай уәде бермекпін? - дедім бұл сөзіне де тоқтамай. - Менде еріктің жоқтығын өзің де жақсы білесің: аттан дейді екен саған қарсы, аттанамын лажсыз. Сен қазір өзің де бастықсың; ез адамдарыңның бағынуын тілейсің. Егер менің қызметім қажет болған кезде, жұмсаған жерден бас тартсам, оның аты не болмақ? Басым қазір қолыңда, босатар болсаң - рахметім, өлтіреді екенсің — тергеушің құдай; бар шыным осы, болдым айтып.
Менің адал шыным Пугачевті таңырқатқандай болды.
— Осылай болуы керек, - деді Пугачев мені иінімнен қағып. - Өлтірсең өлтірген сияқты өлтір, жарылқасаң да аямай жарылқа. Төрт жағың түгел ашық, қалаған жағыңа бар, ойлағаныңды істе. Тек ертең қоштасу үшін соғып кет. Ал енді үйіңе қайт та ұйқыңды қандыр, мені де ұйқы есеңгіретіп тұр.
Мен Пугачевтен бөлініп, көшеге шықтым. Түн тып-тынық, аязды екен. Ай мен жұлдыздар алаң мен дарға жарық сәулелерін төгіп тур. Крепость іші де қап-қараңғы, тыныштық. Тек кабакта жанған әлсіз жарық көрінеді, кешіккен қыдырмашылардың айқайлары ғана естіледі. Мен бұрылып священниктің үйіне қарадым. Есік-терезелері жабық. Үйдің ішіндегілер де тыныш тәрізді көрінді.
Мен өз пәтеріме келдім, мені жоғалтып тыпыршып отырған Савельичке кездестім. Ол босандым деген хабарымды естіп, жүрегі жарылардай қуанды.
— Тәубә, құдірет, тәубә!- деді ол шоқынып; - таң сібірленбей-ақ крепостьтан безейік, басымыз ауған жаққа жөнейік. Мен саған азғана ас әзірлеп қойып ем; соны жеші, көкешім. Содан кейін, Ғайса мәдетіне сүйеніп, ертеңге дейін ұйқыңды қандырып ал.
Мен оның айтқанын істеп, берген тамағын шабыттана жеп алдым; содан кейін, тәні мен жаны қоса болдырған адам нені таңдасын, тақыр еденге басым тиісімен-ақ ұйықтап кетіппін.
IX ТАРАУ
АЙЫРЫЛЫСУ
Танысып ем сеніменен,
Сәулетайым, тым ләззатты.
Айырылысу ауыр екен,
Жанымды өте жабырқатты.
Херасков
Таң азанда барабан дүрсілімен ояндым да, жұрт жиналатын жерге бардым. Пугачев жасағы дар түбіне жиналып сапқа тұрып қапты, кешегі асылған құрбандар әлі сол орындарында салбырап тұр. Казактар ат үстінде, мылтықты солдаттар жаяу тізілген. Желбіреп тулар да көтерілді. Самсаған зеңбіректердің ішінен мен кешегі өзіміздің зеңбіректі де таныдым. Бәрін де дөңгелекке отырғызып, жорыққа ыңғайлап қойыпты. Тұрғын халықтар да сол жерге жиналып жалған патшаның келуін күтіскендей. Комендант үйінің басқышының алдында бір казак қырғыз жылқысының тұқымы, сүйріктей боз атты шаужайынан ұстап тұр. Мен көз жүгіртіп комендант әйелінің денесін іздедім, шетірек сүйреп апарып, жөкемен жауып тастапты. Күттірген Пугачев енді шықты. Халық бас киімдерін алысты. Пугачев басқышта тұрып, жұрттың бәрімен бір-ақ амандасты. Старшиндардың бірі бір қап бақыр ақша әкелді оның қасына. Пугачев уысымен жан-жағына лақтыра бастады. Шуылдай ұмтылған халық шашылған ақшаны қан талапайға салып теріп алып жатыр. Талас үстінде бірлі-жарым мертігіп қалғандары да болды.
Пугачевті бас сарбаздары қоршап тұр, солардың ішінен Швабрин де көрінді. Сәлден кейін екеуміздің көзіміз кездесіп қалды. Менің көз жанарымнан ол қарғыс пен қыжырдың жазуын оқығандай болды білем, мысқыл ызасын қосарлай қарады да теріс айналды.
Пугачев топ ішінен мені танып қап, қасына шақырып алды.
— Тында,- деді ол саңқ етіп,- қазір Орынборға тарт, менің атымнан губернатор мен барлық генералдарға сәлем айт; мені бір жетіден кейін күтсін, күнәсіз нәрестедей күліп қарсы алсын де. Үйтпейінше менен жақсылық күтпесін, ең азапты жазадан құтыла алмайды, білдің бе? Жөнел енді, жолың болсың, мәртебелім!
Одан соң ұйлыққан топқа бұрылды да Швабринді көрсетіп, қысқа сөйледі:
— Мінеки, жараным, сендердің жаңа командирлерің; бар бұйрығын бұлжытпай орындаңдар. Бұл сендер үшін де, крепость үшін де менің алдымда жауап береді,— деді.
Бұл сөздер маған оқтан кейін тимеді. Швабрин крепость начальнигі боп; Марья Ивановна оның уысында қалмақшы! О, жасаған, ақыры неге соқпақшы! Пугачев төмен түсті, ақ боз ат көлденең тартылды. Аттандырмақшы болған казактар жақындаймын дегенше, Пугачев көз ілестірмей-ақ ерге қонып қалды. Осы кезде топ ішінен менің Савельичім бөлініп шықты да, бір парақ қағазды асықпай-үсікпей ұстата берді.
— Мұның не? - деді Пугачев, маңызданып.
— Оқып шық, не екенін сосын көресің, - деді Савельич жауап қайтарып.
Пугачев қағазды алып бірсыпыра уақыт салмақ көрсеткендей үңіле қарап тұр.
— Бұл қай жазуың? - деді қайта тіл қатып: - менің өткір көзім де мынаның түгін айырар емес. Қайдасың, обер-секретарім?
Капрал мундирін киген бала жігіт жорғалап басып, дереу Пугачевтің қасына жетті.
— Дауыстап оқы,- деді самозванец қағазды ұсынып жатып.
Шалымның не жазғанын білгім кеп, мен де сабыр табатын емеспін Обер-секретарь бәрімізге естірте мына төмендегілерді оқи бастады:
"Жібек пен шайдан тігілген екі ала халат - алты сом".
— Мұнысы неменесі еді? - деді Пугачев саспастан. Обер-секретарь тағы да оқыды:
"Жұмсақ жасыл мауығыдан істелген мундир — жеті сом."
"Ақ мауығы шалбар - бес сомдық".
"Голландия ақтығынан тігілген он екі манжетті көйлек, он сом".
"Шай ыдыстары салынған жәшік, екі жарым сом..."
— Бұл не деген суайттық? Көйлек-ыштан, ыдыс-аяқтарда менің жұмысым қанша?-деді Пугачев киліге кетіп.
Савельич тамағын қырынын ап түсінуге кірісті:
— Осының бәрі әлгі кезептер талап кеткен мырзаның мүліктері еді...
— Кезебің кімдер?- деді қаһарланған Пугачев.
— Жаңылыс айтыппын, - деді Савельич; - кезеп дерлік кезеп емес, әлгі сенің жігіттеріңнің шарлағандары сонша, түк қалдырмай сыпырып кетіпті. Ашулана көрме: жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ деген емес пе. Ал енді аяғына дейін оқып шығуға рұқсат ет.
— Оқып шық, - деді Пугачев. Секретарь оқи берді:
"Сиса көрпе тағы бірі жай матадан істелген көрпе, төрт сом."
"Қызыл ратинмен тысталған түлкі ішік, қырық сом; керуен сарайда өзіңе сыйға берілген қоян ішік, он бес сом".
— Мұнысы қай сөзі!- деді Пугачев ақырын, отты кездері ойнақши түсіп.
Шынымды айтайын, мен бишара шалым үшін жаман қысылдым. Ол қайта түсіндірмекші боп еді, бірақ, Пугачев оның аузын аштырмай бөліп кетті:
— Осы сияқты ұсақ-түйектер менің жұмысым ба еді? - деді айғайлап. Одан соң секретарьдің қолындағы қағазды жұлып алды да Савельичтің бетіне лақтырып жіберді. -Есуас шал! Сөзін қара өзінің, қиын-ақ болған екен тонаса! Мырзаңа қосып өзіңді аналармен бірге дарға асып кетпегеніме шүкірлік ет, Мағжан да, менің жігіттеріме де арнап тілек дұғасын оқымаспысың одан да... Қоян ішік дейді. Берермін саған қоян ішікті! Ішік істеу үшін терінді тірілей сыпыртып алайын ба?
— Еркің білсін, - деді Савельич, - мен еріксіз адаммын, мырзаның мүліктері үшін жауап беретінімді айтып жатырмын.
Пугачевтің мейірімі тасқан кезі екен. Ат басын бұрды да бір ауыз сөз қатпастан жүріп кетті. Швабрин мен басқа старшиндар да оның ізімен шұбыра жөнелді. Шайкалар крепостан сап-сап шығып жатыр. Халық Пугачевті шығарып салуға ығысты. Алаңда Савельичпен екеуміз ғана қалдық. Менің шалым тізім жазылған қағазға әлдеқандай ауыр өкінішпен қарап тұр. Менің Пугачевпен жақсы екенімді көрген соң, соны оп-оңай пайдалана қоймақшы болған екен; әттең, онысынан ештеңе шықпады. Мен оның орынсыз ұрыншақтығы үшін ұрыспақшы болып ем, бірақ, күлкі қысымын тоқтата алмай қойдым.
— Күле бер, мырзам, күле бер. Қайтадан дүние жинар күн туса, қалай күлгеніңді сонда көрермін, - деді маған Савельич.
Мен Марья Ивановнаны көру үшін асыға басып, священник үйіне тарттым. Оның әйелі мені қайғылы хабармен күтіп алды. Өткен түні Марья Ивановна қатты елеуреп, қызыл шығыпты. Кейде ес-түсін білмей сандырақтап та жатыпты. Әйел мені қыз жатқан бөлмеге кіргізді. Жай басып төсегінің қасына келдім.
Бет бейнесіндегі өзгеріс менің зәремді ұшырды. Ауру мені таныған жоқ. Ұзақ тұрдым сілейіп, қасынан ұзай алмай: жұбатпақ болған Герасим ағай мен оның мейірбан әйелінің жылы сөздеріне де құлақ аспаппын Күңгірт ойлар бойымды торлады.
Панасыз, қорғансыз жетімнің мынадай күйде, долы бүлікшілердің аранында қалып бара жатуы, оған деген менен де қайыр жоқтығы үрейімді ұшырды. Әсіресе, қиялымды жегідей жеп бара жатқан Швабриннің кескіні. Самозванецтен билік тізгінін алған, сорлы қыз жатқан крепосқа ие боп қалған Швабрин, жазықсыз бишараға бар өшпенділігін қаптаға жауып, не сұмдық жасаудан тайынбағандай күйде еді. Енді не істеуім керек? Қайтсем көмектесемін оған? Қалай босатып алам кезептің қолынан? Маған жалғыз-ақ қана жол қалды: тезірек қимылдап Белогор крепосын босату үшін, кідірмей Орынборға аттануға бекіндім. Мен священник және Акулина Панфиловнамен қоштастым да, некелі жарымдай көріп жүрген қызымды оларға жалынды сөздермен жалына тұрып тапсырдым. Бишара қыздың әлсіз қолын сүйіп отырып, көл-көсір аққан көз жасыммен жуыппын.
— Қош болыңыз,- деді мені шығарып салған әйел - сау болыңыз, Петр Андреич. Мүмкін жақсы күнде кездесерміз. Бізді ұмытып кетпеңіз, арасын үзбей хат жазып тұрыңыз. Сорлы Марья Ивановнаның медеу, пана боларлық сізден басқа кімі қалды. Ендігі бары бір өзіңіз.
Алаңға шыққан соң сәл кідіріп, дарға көзімді салдым. Иіліп тәжім еттім де, содан кейін крепостан шығып Орынбор жолына түстім; қосарланып қасымнан қалмайтын Савельич те менімен бірге кетті.
Жол бойында қиял торлап келемін, кенеттен арт жағымнан ат дүрсілін естідім. Бұрылып қарасам: башқұрт атын қосарына алған бір казак крепостан шығып шауып келеді, қолын бұлғап маған кідір дегендей болады. Тоқтадым, ұзамай-ақ қуып жеткен аттының өзіміздің урядник екенін таныдым. Ол жаяу түсе қап, екінші аттың тізгінін маған ұстата берді.
— Ұлық мәртебелім! Мынау атты атамыз беріп жіберді, мына тонды да өз иығынан шешіп берді (қой терісінен істелген тән ерге бөктерілулі екен). Тағы да,— деді урядник сөзіне түйіліп, - жарты сом беріп еді... жолшыбай жоғалтып алғанмын ба қалай... Кешіре көріңіз, қайырымдым.
Савельич оған адырая қарап міңгір етті: - Жолда жоғалттым деймісің! Ал қойныңда сылдырлаған не нәрсе? Ұятсыз!
— Қойны несі? - деді урядник беті биттей шімірікпей, тайталасып:- қате естіген шығарсың, қария, ол ақша емес, жүгеннің сылдыры болар.
— Жарар, - дедім екеуінің егес сөзін токтатып. - Жіберген кісіңе менің атымнан алғыс айт; ал, жолай жоғалтқан жарты сомды кайтарында тауып, араққа жұмсағайсың.
— Алла разы босын, ұлық мәртебелім, - деді атының басын кейін бұрып; — мәңгі-бақи тілектеспін, тастамаймын дұғамнан.
Осы сөздерін айтып үлгірмей-ақ бір қолымен қойын қалтасын басып, шаба жөнелді. Бір минуттан кейін көзден де тайып болды.
Мен тонды киіп атқа қондым да, Савельичті де артыма мінгестіріп алдым.
— Байқаймысың, мырзам, аярға берген арызым босқа кетпепті, ұры болса да ұяты бар екен. Башқұрттың жаман қыршаңқысы мен тері тон, сұмырайлардың бізден ұрлағандары мен қолыңнан қиып бергендеріңнің жартысына да татымас. Түскені олжа әйтсе де, дұшпаннан түк тартсаң да пайда деген емес пе, - деді шалым.
Х ТАРАУ
ҚАЛАНЫ ҚОРШАУ
Тауды да, даланы да түгел жайлап,
Қырандай қаланы да қойды абайлап.
Жасауға берік қорған әмір етті,
Қатарлап тізді сонда зеңбіректі.
Херасков
Орынборға жақындай бере шаштары күзелген, жендеттер қысқышынан беттері бүлінген тұтқындар тобырын көрдік. Бұлар гарнизон жарымжандардың күзетімен қорған маңайында жұмыс істеп жүр. Біреулері ор ішіндегі қоқымды тасып шығарып, енді біреулері күрекпен жер қазып жатыр; қала қорғанының қабырғаларын қайта жамап, бекітіп жатқан, кірпіш тасыған тасшылар да көрінеді. Дарбаза түбінде күзетшілер бізді кідіртіп, паспортымызды тексерді. Сержант менің Белогор крепосынан келгенімді естісімен, көп аялдатпай, тура генералдың өз үйіне апарды.
Мен генералға бақша ішінде кездестім. Ол күздің алғашқы демі соғып жалаңаштана бастаған алма ағаштарын көріп, оларды кәрі бақшашының жәрдемімен жылы сабанмен орап, күйттеп жүр екен Бет әлпеті - саулығы жақсы, көңілі танымды, қобалжуы жоқ жарқын адамды танытты. Ол келгеніме қуанды да, мен көріп келген сөлекет суық уақиғалар жайын біртіндеп сұрай бастады. Мен түгін қалдырмай түгел айтып бердім. Шал бар сөзімді ынталана тыңдады, соның арасында қураған бұтақтарды да отай жүруді ұмытқан жоқ.
— Сорлы Миронов!—деді ол, мен мұңға толы ұзақ әңгімемді аяқтай бергенде; - жақсы офицер еді, обал-ақ болған екен; әйелі қандай қайырымды, саңырауқұлақ тұздауға қандай шебер еді! Айтпақшы, капитан қызы Маша не халде?
Мен крепостағы поп әйелінің қолында қалғанын айттым.
— Ай-ай-ай!- деді генерал,- келіспеген екен, тіпті келіспепті. Бұзықтар тәртібінде қандай сенім бар, сорлы қыздың күйі енді не болар екен?
Мен оған Белогор крепосының алыс еместігін түсіндіріп, жедел қимылдап әскер жіберсе, ондағы бишара халықтың азат болатындығын ескерттім. Генерал сенімсіз күдік көрсеткендей басын шайқады.
— Көрерміз, көрерміз, - деді ол сәлден кейін; - бұл туралы кеңесерміз қайтадан. Шай-су ішейік, біздікіне жүріңіз. Кешке соғыс советі болмақ. Еріккен Пугачев пен оның әскері жөнінде толық мәліметтерді сонда берерсің. Әзірше барып демала тұр.
Мен пәтерге кеттім, маған босатылған бөлмеге Савельич ие боп, жайғасып қалған екен Уақыт өткенше асығып, белгіленген мерзімді күттім.
Менің тағдырымның қиын түйінін шешетін соғыс советіне неге асығатынымды оқушының өзі де оңай түсінер. Айтылған сағатта мен тура генерал үйінде болдым.
Мен онда қала чиновниктерінің бірі, әлі есімде - таможный директоры, үстінде зерлі шапаны бар, толық келген, қызыл шырайлы шалдың үстінен шықтым. Ол менен Иван Кузмичтің тағдырын (ол мұның өкіл әкесі екен) сұрастыра бастады, мен жауап қайтарайын десем қосымша сұрақтары мен ақыл айтқан сөздерін әлсін-әлсін көлденең киліктіріп, менің сөзімді бөліп отырды; бұлары оның соғыс өнеріне пәлендей жүйріктігін көрсетпесе де, пысықтығы мен жаратылысынан ақылды екенін әбден дәлелдегендей еді.
Осы екі арада өзге шақырылмағандар да жиналып қалды. Олар түгел жайғасып, кісі басы бір кесе шайдан ала бергенде, генерал қойылған мәселенің бүге-шігесін асықпай тұрып әдемілеп айтып шықты.
— Енді, мырзалар, - деді ол - бүлікшілерге қарсы не шара қолданатынымызды шешіп алуымыз керек; шабуылға шығамыз ба, жоқ қорғану тәсілін ұстаймыз ба? Бұл екі тәсілдің екеуінің де әрі пайдалы, әрі зиянды жақтары бар. Шабуыл қимылы жауды жеделірек талқандау үшін керекті әрекет; ал қорғану тәсілі одан көрі дұрысырақ, әрі қауіпсіздеу соғады... Сөйтіп, заңды ретпен дауыс жинауға кірісеміз, яғни сөзді кілті чинді адамдардан бастап береміз. Прапорщик!- деді сөзін тоқтатпай маған бұрылып,- кәне, сіз өз пікіріңізді айтып беріңіз.
Мен орнымнан тұрдым да, жинақы сөйлеп, ең әуелі Пугачев пен оның шайкасын сипаттадым, одан соң құралы сай қолға самозванецтің төтеп бере алмайтынын күдіксіз сеніммен айтып шықтым.
Менің пікірімді чиновниктер көріне теріс қабылдады. Олар мұны ақыл тоқтатпаған жеңілтек жастың сотқарлығы деп түсінді.
Күж-күж дауыстың ішінен әлдекімнің "бала емес пе" деген күңкілін де естіп қалдым.
— Прапорщик мырза! - деді генерал маған күлімдеп қарап; - соғыс советінде бірінші сөйлеушілердің шабуыл әрекетін жақтауы әдетте бола береді; бұл заңды тәртіп. Ал енді, дауыс жинауды тоқтатпайық. Коллежский советник мырза! Енді пікіріңізді айтыңыз!
Зерлі шапан киген шал ромды көбірек араластырған шайдың үшінші шынысын асығып ішті де генералға жауап қатты:
— Ұлық мәртебелім, менің ойымша шабуылдың да, қорғанудың да керегі жоқ, сияқты, - деді ол қысқа қайырып.
— Мұныңыз қалай, коллежский советник мырзам? - деді тіктене таңырқаған генерал; -тактикада бұдан басқа қимыл жоқ, я шабуыл я қорғану ғана...
— Ұлық мәртебелім, сатып алу қимылын жасаңыз.
— Еһе-һе! Сіз таптыңыз қолайлы пікірді. Сатып алу әрекеті тактика бойынша да шет емес, осы кеңесіңізге құлақ асуымыз керек екен
Еріккеннің басы үшін жасырын сомадан жетпіс сом, тіптен жүз сом атасақ...
— Онда, - деді таможный директор киліге кетіп, - онда, ұрылар өз атамандарын қолдарынан маған бермесе, коллежский советник емес, қырғыздардың қойы боп кетейін.
— Бұл туралы кейін де кеңесе жатармыз,- деді генерал, - әйтсе де, соғыс әрекетін қолдануға да тиістіміз. Мырзалар, заңды ретпен дауыстарыңызды беріңіздер.
Барлық сөйлегендер пікірі маған қарсы шығып жатыр. Чиновниктер бірінен соң бірі: әскердің сенімсіздігі, сәтсіздікке ұшырау жайы, абайлау, байқау, тағы сондай бірдеңелерді дәлелдесті. Бәрі жабылып, ашық майданға шығып қарумен қатысқанша, алдырмайтын тас қорғанда отырып, зеңбірекке паналауды анағұрлым қолайлы десті. Бар пікірді түгел естіген генерал, трубкасының күлін қағып түсірді де, ең ақырында былай деп қорытты:
— Жарандар! - деді ол асықпай, саспай, - маған салсаңыздар, прапорщик мырзаның пікіріне түгел қосыламын, үйткені: бұл пікір тактиканың бар жүйесіне түгел сәйкес кеп жатыр, ал тактика қорғанудан да шабуыл жасауды көбірек қолайлы санайды.
Осыны айтты да біраз кідіріп, қайтадан трубкасына темекі салып алды. Мен өз ара сыбырласып, тыпырши бастаған наразы чиновниктерге насаттана бір қарап қойдым. Жадырай түстім.
— Олай болса, - деді генерал, аузынан будақтаған қою түтінге сөзінің жалғасын қоса шығарып, - менің алдымда ұлы патша ағзамның сеніп тапсырған өлкесін қатерге соқтырмай аман сақтап қалу міндеті тұрғанда, мұндай ірі жауапкершілікті өз мойныма ала алмаймын. Сүйтіп мен қаладан шықпай қорғанып, жау қыспағына зеңбірекпен, ұсақ айқастармен тойтарыс беруді жөн санайтын көпшілік пікірін қостаймын.
Енді чиновниктер күлгірсіген көздерімен мені келемеждей бастады. Совет тарады. Түк білмейтін тәжірибесіз адамдарға тізгінін беріп, өз сеніміне өзі қарсы келген құрметті жауынгердің осал қылығы мені қатты өкіндірді.
Атақты советтен кейін бірнеше күн өтті, айтқанына берік, уәдешіл Пугачевтің меңзеген шамасында Орынборға таянған хабарын естідік. Мен қаланың бір биігіне шығып, қарасы көрінген көтерілісшілер қолына көз жібердім. Бұлардың саны анадағы өзім көрген соғыстан бері он есе артқан сияқты. Кейін жеңіл-ұсақ қорғандардан өсірген зеңбіректері де көбейіпті. Совет шешімі бойынша Орынбор қамауында ұзақ уақыт қимылсыз отыру шексіз, оған өз көзім әбден жетіп болды. Осының бәрі зығырымды қайнатып, жылап жібере жаздадым.
Орынбор қоршауын түгел сипаттаудың маған қажеті аз. Бұл өзіме арналған қолжазбаға сыймайтын, тарихқа жататын мәселе. Қысқарта айтсам, жергілікті басшылардың аңғырттығынан бұл қамау тұрғын халықты аштыққа ұрындырып, үлкен әлекке түсірді.
Сол кездегі ауыр хал айтуға оңай, бірақ, төзуге қиын хал еді. Түнерген жұрт ертеңгі тағдырының қалай шешілерін түсіне алмай дал болды. Ұшына жөнелген қымбатшылық күн асқан сайын қағынып кетті. Қорасына түсіп жатқан зеңбірек добын елең қылмасқа дағдыланған жұрт, Пугачевтің тіке шабуылына да селт етпеске айналды. Уақыт өтіп барады. Мен ішім пысып өлетін болдым. Белогор крепосынан хат келу де тоқтады. Барлық жол тегіс кесілді. Марья Ивановнадан айрылысу мені әбден титықтатты. Әсіресе, жанымды жегідей жеген оның тағдырының белгісіз қалғандығы еді. Ең тәуір ермегім ат үсті ғана. Пугачев берген жануарға азғана тамағымды бөліп берем де, күн сайын қаладан шығып Пугачев сарбаздарымен атысып қайтамын Бұл атыстарда тамағы тоқ, араққа қанық, аттары күйлі кезептер кілең басым боп отырды. Қаланың көн тақа болған арық аттары олармен бәстесуге жарамады. Кейде майданға біздің ашыққан жаяу әскерлер де шығып тұрды; бірақ, басып қалған қар селдір жүрген аттыларға қарсы түк амал істетпеді. Өрелерін жаздырмай қойды.
Қорған шоқысынан зеңбіректер босқа күркілдеседі. Оларды алаңға тартып шығарар әлді ат жоқ, омбы қарға киліккен соң, әрі қимылдамай орын-орнында қала береді. Біздің соғыс әрекеттеріміздің сиқы осындай ғана еді! Орынбор чиновниктерінің ойласып тапқан сақтық ақылдарының да жеткізген жері осы болды.
Бір күні біз жаудың недәуір қалың шоғырын сәті түсті де қайта айдап салдық, соларды қуып келе жатып жолдастарынан бөлініп, кейін қалған бір казакқа киліге кеттім, қайқы бас түрік қылышыммен енді шабуға айналғанымда, ол бөркін алды да, айқайлап қоя берді:
— Сәлем бердім, Петр Андреич! Құдай жар болып, аман-есен жүрсіз бе?
Тани кеттім, кәдімгі өзіміздің урядник екен.
— Аманбысың, Максимыч, Белогордан шыққаныңа көп болды ма? - дедім, жүрегім жарылардай қуанып.
— Жоқ, кеше ғана келдім, Петр Андреич! Жанымда сізге деген хат бар еді.
— Қайда? Кәне? - деппін, өзімді өзім ұстай алмай, қатты дауыстап.
— Жанымда, - деді Максимыч, қолтығына қолын салып жатып, - сізге қайтсем де тапсырам деп Палашаға уәде беріп едім.
Ол осы сөзді айтты да бүктелген хатты маған ұстата берді. Одан соң ол артына қарамай шауып ала жөнелді.
Мен хатты сол жерде ашып қарадым да, қалтырап тұрып, мына сөздерді оқыдым:
"Жасаған менің әке-шешемді бірдей алуды қалапты: жер бетінде туғаным да, панам да жоқ. Маған да, өзгеге де қайырымдылығыңызды естіп, енді сізге қол созып отырмын. Құдайдан қазіргі тілерім осы хатымның сізге кешікпей тиюі. Қайтсе де сізге тапсыруға Максимыч уәде етті. Ылайым жолы болсын! Сізді шабуылға жиі шығады деп, алыстан көрген Максимыч айтып кепті; мен оны Палашадан есіттім. Осыған қарағанда, сіз көз жасын төгіп, өміріңізді тілеушілерді де және өз саулығыңызды да ойламай, бейғам жүретін көрінесіз. Мен ұзақ ауырдым; жазылғаннан кейін, осы күнгі әкем марқұмның орнында комендант боп отырған Алексей Иванович өз қолына алмақшы болды. Көнгісі келмеген Герасим атайды Пугачевтің атымен қорқытып, еріксіз көндірді. Мен қазірде өзіміздің үйде қамауда отырмын. Алексей Иванович маған зорлап үйленбекші. Ол маған: Акулина Панфиловна кезептерге сені немере қызым деп таныстырғанда өтірігін ашпай ажалдан сақтап қалғанмын дейді. Алексей Иванович сияқтыға әйел болғанша, одан да өлгенім жақсы. Ол маған қатты сөйлеп, қатал қыспақта ұстап отыр. Есіңді жи да жөнге көн, маған ти дейді. Әйтпесе, жауыздың лагеріне апарып өткізем де, Лизавета Харлованың көргенін көрсетем дегенді айтады. Мен одан қабырғама кеңесу үшін біраз мәулет сұрадым. Көнді де, үш күндік мерзім берді. Содан кейін тимесем, ойына келгенін істеуге, аямасқа уәде етті. Петр Андреич! Жалғыз сенерім, сүйенерім өзіңізсіз, қамқорым болыңыз. Мен сорлыға медет қолын созыңыз. Генералдан және барлық командирлерден сұранып бізге жәрдемшілер жіберіңіз, егер мүмкіншілігі болса өзіңіз де келіңіз. Сізге сүйенетін, сорлы жетімегіңіз.
Марья Миронова ".
Мына хат мені жындандырып жібере жаздады. Астымдағы жануардың қос бүйірін аяусыз шпорлап, қалаға қарай ағыздым. Шауып келе жатып бишара қызды құтқару үшін алуан ойды шарладым, бірақ, бірі де жөнге келмеді. Қалаға кірген соң, мен генералдікіне тарттым.
Аптыққан, асыққан қалпымда тура өзінің үстіне кірдім.
Генерал трубкасын тартып өз бөлмесінде ерсілі-қарсылы сенделіп жүр екен. Мені көрген соң кідіріп қалды. Түсім қашып кетсе керек; ол жаны ашыған кісідей асығыс келген жайымды сұрады.
— Ұлы мәртебелім, - дедім алдында тұрып;- мен сізге әкеме келгендей тілекпен келдім. Мәселе қара басымның бақыты туралы - меселімді қайтара көрмеңіз.
— Не боп қалды, көкешім? - деп қайта сұрады таңырқап; - айтшы, кәне, не жәрдем тиер екен көрейін.
— Ұлы мәртебелім, маған бір рота солдат, елу атты казак берсеңіз, Белогор крепосын босатуыма рұқсат етіңіз.
Генерал маған жынданған адамға қарағандай (онысы дұрысқа да жақын еді) тесіле қарап қалды.
— Оныңыз қалай? Белогор крепосын босатуға? - деді әлден кейін қайта тіл қатып.
— Жіберсеңіз болғаны, жолым боларына кепілдік бере алам, - дедім қызулана сөйлеп.
— Жоқ, жігітім, - деді ол басын шайқап; - мынадай алыс жерде жолыңды қиып, стратегиялық пункттен кесіп тастаса, тобыңмен ұйпай салу дұшпанға оп-оңай, оның үстіне, қатынастың үзілуі...
Мен оның әскери қисынға малтығып баратқанынан шошыдым да, тезірек сөзін бөлуге тырыстым:
— Капитан Мироновтың қызы маған хат жазыпты. Швабрин оған күштеп үйленбекші бопты, менен жәрдем сұрайды,— дедім.
— Солай ма? Қап, бәлем,- деді генерал, - зұлым Швабрин қолымызға түсе қалса, біз оны 24 сағаттың ішінде қорғанның басына шығарып қойып атармыз! Бірақ әзірге сабыр ету керек!..
— Неткен сабыр! - Мен теріме сыймай айқайлап жібердім,— біз атамыз дегенше ол үйленіп те үлгірмей ме!..
— Пәле!- деді генерал маған бой бермей,- онда тұрған не бар: Швабринге тие тұрсын әзірше, күн көрісіне де қолайлы, ертең біз оның көзін жоғалтқаннан кейін, қарасқыш құдай күйеу берсе қиын ба. Сүйкімді жесір байсыз қалушы ма еді, әдетте жесір әйел қыздан көрі ертерек табады күйеуді.
— Швабринге қолымнан бергенше, өлгенім артық шығар!- дедім мен құтырынып.
— Ба, ба, ба, ба! Енді түсіндім ғой... Марья Ивановиаға өзің ғашық екенсің ғой. Онда әңгіме өзгеше екен, бишарам! Әйтсе де, шырақ, мен саған бір рота солдат, елу атты казак бере алмаймын, - деді генерал;- бұл миға сыймайтын, ойға қонбайтын экспедиция болар еді; мұндай жауапкершілікті өз мойныма ала алмаймын.
Басым қатып, ақылымды ыза жеңді. Сүйтіп тұрғанда кенеттен бір жаңа ойдың шеті жылт етті. Ол ойдың не екенін, ескі романшылар айтқандай, оқушым кейінгі тараудан көреді.
XI ТАРАУ
КӨТЕРІЛГЕН СЛОБОДА
"Ашулы боп түс дағы арыстан
Кезі еді бір тоқ мейіл
"Қалай маған келіп қалдың
алыстан?"
Деп сұрады ақпейіл "
А.Сумароков
Мен генералды қалдырып, асыққан бойыммен пәтерге тарттым, Савельич мені дағдылы сөздерімен күтіп алды.
— Кілең маскүнем бас кесерлерге аттана беруге осынша неге құмарттың! Бояр басыңа лайық па осының? Жазым боса, босқа шығын боп кетерсің. Тым болмаса түрік пен шведтерге қарсы шықсаң екен, о да бір сәрі. Мыналарың айтуға татымайды ғой мүлдем.
Мен оның сөзін аяқтатпай бөліп кеттім:
— Қанша ақша бар барлығы?
— Бір басыңа жетерлік,- деді ол насаттана қарап,- сұғанақтар шарлап болғанша мен тығып та үлгергем - Осы сөзін аяқтамай-ақ ол қалтасынан бір әмиян тола күміс ақшаларды суырып алды.
— Жарайды, Савельич, енді осы ақшаның қақ жартысын маған бер, мен Белогор крепосына жүремін.
— Атама, көкешім, Петр Андреич! Құдайдан қорық!- деді даусы дірілдеген, мейірімді корням,- төңіректе торлаған талаушылар бар, жолда басып алып, жан аттатпай тұрғанда, бұл қай сапарың! Қайда бармақсың? Өзіңді аямасаң да, туғандарыңды ая. Аялдай тұр аз ғана: әскер жетіп аналарды ұстасын, содан кейін қайда бетің ауса солай кет.
Бірақ менің шешімім берік еді.
— Кешігіпсің, ендігі кеңестен пайда жоқ,- дедім шалыма; - жүремін, жүрместік амалым жоқ. Қиналма, Савельич, құдай рақым қылса тағы да көрісерміз! Сараң болма, ұялма, қымбаттығыңа қарамай қалауыңды сатып же. Қалған ақшаны саған бердім. Ал, егер үш күннен кейін келмесем...
— Не деп барасың, жаным-ау!- деді Савельич мені бөліп кетіп; - мен бе сені жалғыз жіберер! Мұндай сөзді түсіңде де айтушы болма. Жүруге бел байласаң жүре бер, бірақ, мен қалмаймын, ең болмаса жаяу ерем соңыңнан. Тас қамауда сенсіз жалғыз қуарып отырмақпын ба? Ойлашы өзің, жынданды деп пе едің мені? Ерік өзінде, тек мені қалады деп ойлама.
Мен Савельичпен дауласудың пайдасыз екенін жақсы білетінмін, осыны сездім де, жүруге әзірлен дедім. Жарты сағаттан кейін атқа қондым да, Савельич, бағуды қиынсынып, қала адамдарының бірі тегін берген көтерем ақсағына мінді. Екеуміз қала қақпасына жеттік. Күзетшілер кідіртпеді. Біз Орынбордан шықтық.
Ымырт үйіріле бастады. Мен жүрер жол Пугачев тұрған Бердская слободасының іргесінен өтеді екен, төте жолды қар басып қапты; бірақ, кең даланы күн сайын келетін аттылар ізі шарлап жатыр. Мен сау желдіріп келемін Салпаңдап әрең ілескен Савельич арт жағымнан әлсін-әлсін дауыстайды:
— Жайырақ, мырзам, тәңір жарылқасын, жайырақ жүр. Менің мына антұрғаным, сенің ұзын сирағыңа ілесе алар емес. Тойға барамысың осынша асығып, торға баратпасақ неғылсын. О жағын да есіңе ұста, Петр Андреич... Сақта, құдай!.. Өзің сақта, мырзамның баласын!
Кешікпей, жарқырап Бердскінің түнгі жарығы көрінді. Біз слободаның жаратылыстан алған қорғаны - терең апандарға кеп тақалдық. Савельич баяғы күйінде қарасын үзбей, сарнай жалынып келеді. Слободаны оралып, аман өтемін деген үмітім күшті еді, кенеттен бес-алты сойылды мұжықтар, қарбалаңдап қарсымнан шыға келді. Бұлар Пугачев жатағының алдыңғы күзетшілері екен. Олар дауыстап жөн сұрады.
Паролдарын білмеген соң мен жауап қатпай-ақ өтіп кетпек болдым. Бірақ, олар мені табанда қоршай қалды да, біреуі кеп атымның тізгініне жабысты. Мен жалма-жан қылышымды суырып алдым да ұстаған мұжықты бастан шауып қалдым. Бөркі сақтап қалды, әйтсе де есі ауытқып барып, тізгінімді қоя берді, өзгелері де үркіп қалды білем, кейін серпілді. Осы минутты пайдаланып, мен де сытыла жөнелдім, қаптап келе жатқан қара түн мені қандай қатерден болса да құтқарғандай еді, бірақ бір мезгілде артыма бұрылсам, Савельичім жоқ боп шықты. Бишара шал ақсақ атымен тонаушылар тобынан құтыла алмай қапты. Енді қайту керек? Азғана тосып, қолға түскеніне көзім әбден жеткен соң, бір лаж жасап құтқару үшін ізімше ат басын қайта бұрдым.
Апанға таяна бергенде айғай-шу жетті құлағыма, солардың ішінен Савельичтің де дауысын есіттім.
Жедел жүріп келем. Сәлден кейін жаңа ғана өзімді тоқтатпақ болған күзетші мұжықтардың қоршауына қайта киліктім. Савельич солардың арасында тұр. Олар бишара шалды көтеремнен қағып түсіріп, енді қолын байлағалы жатыр екен. Мені көрген соң тағы да қуанысып қалды. Енді ұрандаса ұмтылып, өзіме тап берді де, көз ашып-жұмғанша мені аттан жұлып алды. Бір үлкені болу керек, біреуі сол арада бізді патшасына апаратынын естіртті.
— Сендерді бүгін асқыза ма, жоқ, тәңірінің таңы атуына қарата тұра ма, ол патшаның еркінде,- деді жаңағы адам.
Мен қарсыласпадым. Савельич те менің істегенімді істеді. Күзетшілер жердей жеті қоян тапқандай бізді айдап кете барды.
Біз сайды кесіп өтіп слободаға кірдік. Барлық үйлерде жарық жанып тұр. Төңірек түгел шулыған, айқай-ұйқай. Көшеде көп кісілерді кездестірдім. Бірақ олардың бірде-бірі де қараңғыда мені айыра танып, Орынбор офицері екенімді білген жоқ. Бізді екі көшенің қосылған мүйісіндегі үйге әкелді. Қақпа алдында бірнеше шарап бөшкесі мен екі зеңбірек тұр екен
— Міне біздің сарай,- деді мұжықтардың бірі; - енді сендер туралы хабар береміз -Сүйтті де кіріп кетті. Мен Савельичке қарадым: сорлы шал қайта-қайта шоқынып ішінен күбірлеп, мінажат дұғасын оқып тұр екен. Көп күттім; бір мезетте мұжық қайта шығып маған тіл қатты:
— Ғазиз әкеміз офицерді кірсін деді. Кәне, сен жүре қал. Мен, жаңағы мұжықтың тілімен айтқанда, патшалық сарайға кірдім. Екі жерде май шам жанып тұр, үйдің қабырғаларына алтын қағаздар жапсырып, жауып тастапты. Әйтсе де тақтай сәкі, стол салбырап тұрған қол жуғыш, құмыралар тұрған жіңішке тақтай, шегеге ілінген сүлгі; пеш айналасы тағы сондайлар бұл үйдің жай үй екенін әбден анық көрсетіп тұр.
Пугачевтің үстінде қызыл шапан, басында биік бөрік, жантая түсіп, нығыздық көрсетерліктей қалыпта отыр екен Оның қасында әдейі ұнамды қылық жасағандай бірнеше басты серіктері түрегеп тұр. Орынбордың бір офицері қолға түсіп келді деген соң, мені әдейі осындай сәулетті көрініспен күтіп алғандары айтпай белгілі болып тұрды. Пугачев мені салғаннан тани кетті. Нығыздығы да ғайып болды.
— А, құрметтім! - деді маған шырай қалып; - халың қалай? Құдай мұнда қалай айдап келді?
Мен өз шаруаммен кетіп бара жатқанымды, оның кісілерінің тоқтатқанын айттым.
— Қандай шаруамен? - деді бетіме қарап.
Мен не дерімді білмедім. Пугачев мені өзгелердің алдында қысылып тұр деді білем, жолдастарына бұрылды да, оларға шыға тұруға ишарат етті. Екі адамнан өзгелері түгел шығып кетті.
— Айта бер бөгелмей, бұлар менің сыр жасырмайтын адамдарым, - деді Пугачев.
Мен самозванецтің сенімді достарына назар аудардым. Бұл екеуінің бірі: ақсақалды, қаусауға айналған бүкір шал сүр шекпенінің иінінен асыра салған көк лентасы болмаса, көз тоқтатарлық ештеңесі де жоқ. Бірақ, оның қасындағы жолдасын мен мәңгі ұмыта қоймаспын. Ол ұзын бойлы, кеуделі, екі иығы қақпақтай, менің шамалауымша қырық бестер шамасындағы кісі еді. Қою қызыл күрең сақалы, жарқ-жұрқ еткен қой көзі, желбіршексіз мұрны, маңдайы мен шекелеріндегі қызғылт таңбалары - оның қорасан дағы бар жалпақ беттеріне әлдеқандай адам айтқысыз келбет беріп тұр. Қызыл көйлегінің үстінен қырғыз шапанын киіпті, бұтында казактарша кең шалбары бар. Алғашқысы (кейін білдім) қашқын капрал - Белобородое, ал екіншісі - Афанасий Соколов (өзін Хлопуша деп атап келген) жер аударылған, үш рет Сібір рудниктерінен қашып шыққан қылмысты адам екен. Өзімді айрықша толқытқан сезімдерге қарамастан, маған кенеттен кездескен мынау орта керемет әсер етті.
Мені торлаған қиял Пугачевтің үнімен ғана серпілді:
— Я, айта бер, Орынбордан не жұмыспен шығып ең?
Менің ойыма бір ғажап пікір келе қалды: мені Пугачевке екінші рет жетектеп келген аруақ, көздеген мұрадым үшін осы жерде жол ашатындай көрінді. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып қалғым келді де, ұйғарған ойымды түйіп үлгірмей-ақ Пугачевке былай деп жауап қайтардым:
— Жәбір көріп жатқан жетімді құтқару үшін Белогор крепосына кетіп баратыр ем...
— Қайсысы екен жәбірлеген жетімді!- деді аңырып,- маған десе маңдайы жеті қарыс болсын, құтқармаспын жазамнан. Айт кәне, айыптының аты кім?
— Швабрин,- дедім мұңайып жауап қайтарып. - Ол өзің поптың үйінде көрген ауру қызды еріксіз ұстап, соған зорлап үйленгелі жатыр.
— Үйретермін Швабринге! - деді ашулы Пугачев,- көрсін менен, халықты зәбірлеудің аяғы неге соғарын. Дарға асамын мен оны.
— Бір ауыз сөзге рұқсат ет,- деді Хлопуша қарлыққан дауыспен:- Швабринді крепосқа комендант қойғанша асығып ең, енді оны дарға асқанша асығып отырсың. Дворянды бастық қып белгілеп казактарды бір қорлап ең, енді бірінші өсекке еріп, сол дворяндарды шошытамысың, - деді.
— Оларды аяу да, ардақтау да керек емес! - деді кек ленталы шал; - Швабринді өлтірте бер, бірақ, мына офицер мырзаның өзін де жөндеп тергеген тиімді болар; мұнда келген себебі не? Егер сені бұл патша деп танымаса сенің үкімің оған не керек? Ал патша көрсе бүгінге дейін Орынбордағы дұшпандарыңмен бірге отырғаны қалай? Осының өзін тергеу үйіне апарып, отқа қақтап алуға әмір етсең қайтер еді. Менің болжауымша мұны Орынбор командирлері әдейі жіберіп отырған сияқты.
Кәрі кезептің логикасы маған да өтімді сияқты көрінді. Кімдердің қолында тұрмын деген ой, менің жаныма мұз басқандай болды. Менің сасқанымды Пугачев те аңғарып қап:
— Бұған не дейсің? - деді маған бір көзін қысып қалып; - фельдмаршалым орынды айтып тұрған сияқты. Қалай деп ойлайсың?
Пугачевтің қалжыңы мені қайта әлдендірді. Мен саспай тұрып, не істесең де қалауың, өз қолында тұрмын ғой деп жауап бердім.
— Дұрыс,- деді Пугачев; - Қалаң қандай халде? Енді соны баянда.
— Құдайға шүкір,- дедім мен;- халіміз жақсы. Бәрі байырғы қалпында.
— Жақсы деймісің? - деді Пугачев қайталап; - Жұрт аштан қырылып жатқан жоқ па!
Самозванец дұрыс айтып тур. Бірақ мен ант қарызын өтеу үшін мұның бәрі өсек әңгіме, Орынборда тамақ запасы әлі жеткілікті деп жеңсік бермедім.
— Көремісің,- деді шал дүрсе қоя беріп; - көз алдыңда өтірікті соғуын Барлық қашқындар: Орынбордағы аштық, апат жайын, ең ырыстыларының өлексемен қорек айыратынын айтады; ал, мынау кеңірдегімізден тоқпыз деп тұр. Түбі Швабринді дарға аспай қоймайтын болсаң, мұны да соған қоса асарсың, екеуі де бірдей риза болсын.
Антұрған шалдың сөзі Пугачевті лоблытқан сияқты көрінді. Бірақ, менің бақытыма Хлопуша жолдарына қиғаш кеп қалды.
— Жетер, Наумыч,- деді оған; - аузыңа ату, асудан басқа сөз түспейді-ау сенің, бұл не қылған батырлық? Әділін іздеу керек. Төріңнен көрің жақын отырып, қалған жұртты қыра беремісің. Жоқ әлде осы уаққа дейін ішкен қанынды азсынамысың?
— Саған жол болсын,- деді Белобородов шап ете қалып; - сен қайдан обалшыл бола қалдың?
— Әрине,- деді Хлопуша кезекті жауабын мүдірмей қайтарып; - мен де күнәкармын, мына қол (жеңін сыбанып жіберіп, түк басқан білегін, сүйекті, жуан жұдырығын көрсетіп) жазықсыз христиандар қанының төгілуіне дәл осы қолым да кінәлі. Бірақ, мен үйдегі қонағымды емес, аңдысқан дұшпанымды өлтіргем; от басында емес, тоғысқан жолдың торабында, қара орманның ішінде, қатын өсекпен емес, шоқпарласып, балталасып өлтіргем.
Шал теріс айналып кетті де "жыртық танау!" деп күңк етіп қалды.
— Не деп күңкілдеп тұрсың, кәрі қыртаң? - деді Хлопуша даусын көтеріп: -көрсетермін саған жыртық танауды. Асықпа, келер кезегің, сен де иіскерсің қышқашты... Оған дейін берік бол әйтпесе сақалыңды жұлып алармын!
— Генерал мырзалар! - деді Пугачев салмақпен; - жетер енді, доғарыңдар; Орынбордың бар төбеті бір дарға асылып, тыпырлап тұрса да ештеңе емес, ал егер өзіміздің бөрібасарлар шайнасып, өзара қырылысып жатса, сонда болар қырсықтың үлкені. Кәне, татуласыңдар.
Хлопуша мен Белобородов бір-біріне түнере қарады, бірақ үндеспеді. Мен әңгіменің бетін өзгертіп, өзіме өтімді жаққа бұрудың қажет екенін сездім де, көңілденіп тұрып Пугачевке тіл қаттым:
— Айтпақшы! - дедім күле қарап; - ат пен тоныңа алда разы болсын айтуды ұмытыппын-ау. Егер осы жақсылығың болмағанда мен қалаға жету былай тұрсын, жолда қатып қалатын екенмін.
Ойлаған ойым теріс кетпеді. Пугачев жадырап қоя берді.
— Борыштың мәні өтелуінде емес пе,— деді көзін бір қысып, бір кішірейте қарап; - ал енді Швабрин ренжіткен қызға қандай жақындығың бар? Өз жүрегің өртенді емес пе? Соныңды айтшы?
Әңгіменің оралғысы өзіме жағымды боп шығатыны сездім де, мен адал шынымды айттым.
— Қалыңдығым еді,- дедім жасырмай.
— Қалыңдығың ба еді! - деп Пугачев айқайлап жіберді.- Е, салғаннан неге айтпадың? Ендеше тойынды өзіміз жасаймыз!- Осыдан кейін
Белобородовқа бұрылды да, - тыңда, фельдмаршал!- деді:- бұл мырзамен ескі таныспыз. Отырып ас ішелік; түннен күн ақылды деген ғой, бұған не істейтінімізді ертең көрерміз.
Бұл құрметтен тыс болсам қуанар едім; бірақ, оған лаж жоқ. Үй иесінің екі қызы столға ақ дастарқан жапты, нан, балық сорпасы, арақ, шарап келтірді.
Сүйтіп, мен Пугачев және оның сорақы жолдастарымен екінші рет дастарқандас болдым.
Мен амалсыз қатысқан бұл ішкілік түн ортасына дейін созылды. Ақыры, арақ мәжілісшілерді жеңе бастады. Пугачев отырған орнында қалғып кетті; оның жолдастары орындарынан тұрды да маған шығуға ишарат жасады. Мен солармен бірге шықтым. Хлопушаның әмірімен күзетші мені Савельич отырған тергеу үйіне әкеп кіргізді. Біз екеуміз сонда қамауда қалдық. Осы оқиғаның бәріне шалымның таң қалғандығы сондай, менен ләм-мим деп ештеңе сұраған жоқ. Ол қараңғы үйде көпке дейін күрсініп, аунақшып жатты да, ақырында қорылдай жөнелді. Ал мен, ойдан ойға шомып, кірпік ілместен, көрер танды көзден өткіздім.
Таңертең маған Пугачевтен шақырушы келді. Мен соған кеттім. Қақпа алдында татар жылқысының тұқымынан - үш ат жегілген күймелі шана тұрды. Көшеде топталған халық. Сенекте жол киімін киген, басында қырғыз тымағы бар Пугачевке жолықтым. Оны қоршап тұрған жолдастарының да ажарлары жылы, кеше көрген кісілеріме мүлдем ұсамайды. Пугачев менімен жарқын амандасты да өзімен бірге күймеге мінуімді сұрады. Біз күймеге кірдік.
— Белогор крепосына!- деді Пугачев үш аттың божысын түрегеп ұстап тұрған, иықты татар жігітіне.
Жүрегім лүпілдеп қоя берді. Аттар жұлқи жөнелді, қоңыраулар сылдыр қағып күймелі шана да зымырай бастады.
— Тоқта! Тоқта! - деген таныс дауыс құлағыма сап етті.
Мен қарсы жүгіріп келе жатқан Савельичті көрдім.
Пугачев кідіруге әмір етті.
— Петр Андреич, көкешім!- деп айқай салып келеді шалым: - кәрі сорлыңды қалдырма мына арандаған...
— Ай, көнтақа!- деді Пугачев; - құдай тағы кездестірді ме. Отыр, атшының жанына.
— Рақмет, тақсыр, рақмет, жәкетай! - дейді Савельич отырып жатып; - мендей кәріге назарың түсіп, көңілін аулағаның үшін жасаған саған жүз жыл өмір берсін. Өмір бойы тілегіңде болайын, қоян ішік туралы бұдан былай аузыма алсам не дейсің.
Осы қоян ішігі құрғыр Пугачевті қатты долдандырғандай еді. Бірақ, біздің бақытымызға үндеген жоқ.
Аттар қайта заулады; көшедегі жұрт бастарын төмен иіп ізет көрсетіп тұр, Пугачев екі жаққа кезек қарап, о да ишарат көрсетіп келеді. Енді бір минуттан кейін біз слободадан шығып, тегіс, даңғыл жолмен құйындап бара жаттық.
Осы минуттағы мені билеген сезімді түсіну қиын емес шығар. Мен енді бірнеше сағаттан кейін, қайта көріспестей жоғалттым деген адаммен кездеспекпін... Сол кездесу минуты көзіме елестейді. Оның үстіне тағдырым қолында тұрған, әр түрлі тосын жағдайлардың белгісіз ағымымен танысқан, жұмбақ адамды да ойлап келем. Ашығымның азатшысы боп келе жатқан кісінің жалт етпе қатал қимылдары мен қанқұмарлық әдеттері де басымнан шығар емес! Оның капитан Мироновтың қызы екенін Пугачев білмеуші еді; кектенген Швабрин шынын айтуы ғажап емес, онда бұл шындыққа Пугачев те басқа көзбен қарауы мүмкін.. Бишара Марья Ивановнаның онда күйі не болмақ? Денемді суық қарығандай, төбе шашым тік тұрғандай болдым.
Пугачев кенеттен сөз бастады да, торлаған ойымды бөліп жіберді.
— Неге ойланып қалдың, мырзам?
— Ойланбай қайтейін, - дедім мен оған; - әрі офицер, әрі дворянмын, кеше ғана сенімен соғыс жасап жүрдім, бүгін бір күймеде келемін; оның үстіне бар өмірімнің бақыт тетігі сенің қолыңда тұр.
— Онда ше,- деді Пугачев:- қорқамысың әлде? Мен бір рет оның өлім жазасынан құтқарғанын, енді одан бас саулығы ғана емес, жәрдем күтетінімді айтып жауап бердім.
— Рас айтасың, құдай ақы рас айтасың!- деді самозванец,- менің кісілерімнің саған қандай қиғаш қарағанын өзің де байқаған шығарсың; ал, ана шал бүгін таңертең де сені тыңшы, оны азап беріп, дарға асу керек деп қияңқылық жасады, бірақ мен көнбедім.
Савельич пен татар естімесін дегендей, сөзінің жалғасын, даусын бәсеңдетіп: Сенің бір стакан шарабың мен қоян ішігің есімде болды. Сенің ағайындарың айтқандай қанішер еместігіме енді көзің жеткен шығар,- деді.
Белогор крепосының қалай алынғаны есіме түсті. Бірақ, мен онымен сөз таластыруды қолайсыз көрдім де жауап қатпай отырып қалдым.
— Я, Орынбордағылар мен туралы не деседі? - деді Пугачев, біраз үндемей отырғаннан кейін.
— Сенімен қиюласу қиын деседі. Оны өзің де көрсеттің ғой,- дедім мен оған.
Самозванец өз мерейіне өзі риза болғандай пішін көрсетті.
— Я,- деді, ол жадырай түсіп; - мен қайда соғысу керек болса да әзірмін. Сенің орынборлықтарың Юзеевтегі соғыстан ештеңе біле ме екен? Қырық генерал өліп, төрт армия қолға түсті. Сен қалай ойлайсың , прус королі маған төтеп бере алар ма еді? - деді.
Есердің мына мақтанышы маған қызық көрінді.
— Өзің қалай ойлайсың, - дедім оған; - жеңер ме едің Фридрихты?
— Федор Федоровичи ме? Жеңбегенде ше? Оны талай рет тоқпақтаған сіздің генералдарды талқандап жүрген жоқпын ба? Осы уақытқа дейін қаруым мұқап көрген жоқ. Сәті түссін, мерзімін күт, сәті түссе Москваға аттанғанымды да көрерсің, - деді.
— Москваға аттанғың бар ма?
Самозванец аз ойланды да, жай ғана жауап қайтарды:
— Құдай біледі оны, жолым тар, өрем қысқа. Жігіттерімнің білгірсінгені болмаса, тегі ұрынар ғой; маған сақ болу керек. Бір рет жолымыз болмай қалса менің басымды өздерінің керегі үшін сатып кетулері мүмкін, - деді.
— Міне, әңгіме осында! - дедім Пугачевке, — басың аманда мыналарыңнан іргеңді бөліп, ханым патшаның мейірімін сұрасаң қайтеді одан да?
Пугачев күйіне күліп жіберді.
— Жоқ,- деді ол; — ендігі тәубә кешіккен тәубә болар еді. Енді маған мейірім жоқ. Бастаған бетіммен кетуім керек. Кім біледі? Ойлаған ниетімді орындап та шығармын! Гришка Отрепьев те Москваны билеп, патшалық құрды ғой.
— Оның немен тынғанын білемісің? Ең ақырында терезеден лақтырып, пышақпен қақтап, отқа жандырып, күлін зеңбірек арқылы желге ұшырып жібермеп пе еді!
— Сен мынаны тыңда, - деді Пугачев, әлдеқандай асау шабытқа мініп; - мен жасымда қалмақ кемпірінен есіткен бір ертекті айтайын, ең әуелі соған құлақ ас; бір күні бүркіт қарғадан сұрапты: "Ей, қарақұс, қарақұс, мен болсам бар болғаны отыз үш жыл ғана өмір сүремін, ал сенің үш жүз жыл жасауыңның себебі қалай? Соны түсіндірші",- депті. "Сенің қорегің қан, менің қорегім өлексе, бар себебі осы", - депті оған қарға қарқ етіп.
Бүркіт ойланыпты да, жарайды депті қарғаға. Онда біз де сен сияқты қорек айырып көрелік. Бүркіт пен қарға бірге ұшып кетіпті. Ұшып келе жатып өлген жылқының сасыған өлексесін көреді де, екеуі соған кеп қонады. Қарға шоқиды әуелі, шоқиды да өлексені мақтайды. Бүркіт бір шоқиды, екі шоқиды, одан соң қанатын бір қомдап қап: "Жоқ, бауырым қарға, болмайды екен бұл өмір, сасыған өлексе жеп үш жүз жыл жасағаннан бір рет те болса жылы қан ішкенім артық. Ар жағын құдай өзі көрсете жатар",- депті.
Қалмақтың бұл ертегісіне қалай қарайсың?
— Қызық екен, - дедім мен оған; - бірақ өлтіру, тонаумен өткен өмір де мен үшін өлексе шоқумен бір сияқты.
Пугачев маған аңтарыла қарап қалды, бірақ сөз қатқан жоқ. Екеуміз де ойға шомып, көпке дейін үндеспей қалдық.
Татар әлде қандай мұңды әнді қоңырлатып созып келеді; мүлги шайқалып отыр. Тақтайдай тегіс, қысқы жолмен күйме де зымырап келеді...
Бір кезде мен Жайықтың жарлы жағасындағы қоңыраулы мұнарасы бар деревняны көрдім, енді ширек сағаттан кейін біз Белогор крепосына келіп кірдік.
XII ТАРАУ
ЖЕТІМ
Секілді біздің алма ағаш
Бұтағы жоқ, басы жоқ
Біздің князь бикештей
Туысы жоқ, досы жоқ,
Жасау берер кім оған,
Бата берер кім оған...
Халық өлеңінен
Күймелі шана комендант үйінің алдына келіп тоқтады. Пугачевтің қоңырауын таныған жұрт соңымыздан топ-тобымен жүгіріп келеді. Швабрин самозванецті басқыштан күтіп алды. Ол казактарша киініп, сақалын қырмай қоя беріпті. Сатылған ит Пугачевті күймеден қолтықтап түсіріп, қайдағы арам сөздермен өзінің қуаныш, қошеметін білдірді. Мені көріп сасқалақтап қалып еді, бірақ тез бойын жинап алды да, маған қолын созып:
— Сен де біздікпісің? Әлдеқашаннан өсту керек еді! - деді.
Мен жауап қатпастан теріс айналып кеттім.
Өзімізге таныс бөлмеге кіргенде, жүрегімді күйік тырнай бастады. Комендант марқұмның қабырғаға қадаулы дипломы өткен күннің қайғылы таңбасындай әлі сол орнында ілулі; Иван Кузмичтің әйелінің күңкілдеп айтқан сөздерін тыңдап отырып, қалғып кететін диванына Пугачев кеп отырды. Оған Швабрин өз қолынан подноспен арақ әкеп ұсынды. Пугачев рюмкадағы арақты сіміріп тастады да, мені көрсетіп:
— Мына мырзаға да сый көрсет, - деді.
Енді Швабрин қолындағы подносымен маған жақындады; бірақ, мен екінші рет сыртымды көрсеттім. Ол дал боп қалды. Өзінің жаратылысындағы пысықтығымен Пугачевтің оған наразы боп келгенін де әбден аңғарды, сол үшін де оның алдында дедек қағып тұрып екінші жағынан күдікті көзімен маған жалтақтай берді.
Пугачев крепостың жай-күйіне қанықты, жау әскері туралы ұзын құлақ хабарларды сұрастырды, сүйтіп күтпеген жерден жұлып алғандай:
— Айтшы, бауырым, күзетте ұстап отырғаның қандай қыз? Соны көрсетші маған, -деді.
Швабрин жансыз адамдай бозарып кетті.
— Әміршім,- деді ол даусы дірілдеп; о қыз күзетте емес... Ауру еді... Жоғарғы бөлмеде ауырып жатыр.
— Ендеше баста мені сол бөлмеге,- деді самозванец орнынан тұрып жатып.
Тағы сылтау айтуға мүмкін емес еді. Швабрин Пугачевті амалсыз Марья Ивановнаның бөлмесіне қарай бастады. Мен де ілесе жөнелдім.
Швабрин басқышқа жетіп, кідірді.
— Патшам!..- деді ол - сіз менен не тілесеңіз де еріктісіз, бірақ, бөгде адамға әйелімнің бөлмесіне кіруге рұқсат етпесеңіз екен.
Мен тітіркеніп кеттім.
— Үйленіп пе едің?- дедім Швабринге, түтіп тастайтындай төніп.
— Тыныш!- деді Пугачев мені тоқтатып;- бұл менің жұмысым. Ал, сен бар ғой,- деді Швабринге бұрылып; - білгіштеніп, сұмданба; әйелің бе, әйелің емес пе, онда менің шаруам аз, қалаған кісіні өзіммен ала кірем,- одан соң көзін маған аударып,- мәртебелім, қалмаңыз менен, - деді.
Бөлме есігіне келгенде Швабрин тағы тоқтады:
— Патшам,- деді жарықшақ тарғыл дауыспен,- ескертіп қояйын сізге: қыздың қызуы көтерілгеніне бүгін үшінші күн, содан бері дамылсыз сандырақтап жатыр.
— Аш!- деді Пугачев.
Швабрин түртінектеп қалтасын қарады. Кілтті ала келмегенін айтты. Пугачев есікті теуіп жіберді, құлып жұлынып, ұшып түсті. Есік ашылды.
Біз ішке кірдік.
Мен көрген жерден қатып қалдым. Марья Ивановна еденде отыр, екі бетінде қан-сөл жоқ, шашы да дудырап кеткен, үстінде алқам-салқам крестьян қызының жыртық көйлегі. Алдында бір құмыра су тұр, оның аузын қатқан нанның үзіндісімен жауып қойыпты.
Қыз мені көрді де, селк ете түсіп, шыңғырып жіберді.
Сонда не болғаным қазір өзімнің де есімде жоқ.
Пугачев зәрлі күлкімен Швабринге қарады:
— Жақсы екен лазаретің!- Одан соң Марья Ивановнаға жақындап, тіл қатты:
— Сөйле, көгершінім, не күнәң үшін жазалап отыр ерің? Не жазып ең оған сен?
— Ерің деймісіз!- деді қыз Пугачев сөзін қайталап,- ерім емес бұл менің. Өмірімде де бұған тимеймін. Мен өлімге бел байлаған кісімін, құтқарушым болмаса, осы бетіммен өліп кетем.
Пугачев қаһарлы көздерін Швабринге аударды:
— Мені алдамақ па едің?- деді оған,- осыдан кейін қандай жазаға лайықты екеніңді білемісің, сылқымым?
Швабрин оның аяғына жығылды... Осы минутта кеудем толған кек пен өшпенділікті басқа бір зіл жуып кеткендей болды. Қашқын казактың аяғының астында жығылып жатқан дворянинге мен аса жиіркеніп қарадым. Пугачев жұмсарайын деді.
— Кештім бір жолға, - деді Швабринге,- екінші күнә жасасаң бұл жазығың да есімде болсын.
Одан соң Марья Ивановнаға қарап мейірімдене сөйледі:
— Шыға бер, сұлу бикешім, еркіңді өзіңе бердім. Мен әмірші - патшаң.
Марья Ивановна жалт етіп Пугачевке қарады, алдында тұрған ата-анасын өлтіруші екенін ол енді таныды. Екі қолымен бетін басты да, талықсып құлап кетті. Мен тұра ұмтылдым. Осы арада менің ежелгі танысым Палаша да жедел жетіп, өзінің қожа бикешін айналып күте бастады.
Пугачев бөлмеден шықты. Біз үшеуміз мейманханада табыстық.
— Енді не дейсің?- деді маған Пугачев,- босаттық қой деймін сұлуды. Адам жібертіп, попты алдырып, немере қызының некесін қидырсақ қайтеді? Өкіл әке өзім болайын, Швабрин күйеу жолдас болсын. Қақпаны мықтап жабайық, ішейік, думан жасайық! - деді.
Қауіпті кезеңім енді шықты алдымнан Пугачевтің ұсыныстарын естіген Швабрин терісіне сыймай кетті:
— Әміршім!- деді булығып,- алдында өтірік айттым, ол айыбым мойынымда. Гринев те сізді алдап тұр. Бұл қыз поптың немересі емес, осы крепосты алғанда өзіңнің дарға астырған Иван Мироновтың қызы, - деді.
Пугачев отты көздерін маған тікті.
— Мұнысы несі еді тағы да? - деді ақырып.
— Швабрин саған дұрысын айтып тұр, - дедім тартынбай.
— Сен маған мұны айтпап ең ғой, - деді Пугачев, түнеріп.
— Өзің төреші болшы,- дедім тағы да жауапқа бөгелмей, — Мироновтың қызы тірі деп сенің кісілеріңнің алдында естіртсем, онда олар жалтаруға жол тапқызбай тірілей жеп қояр ед оны!
— Бұ да жөн екен, - деді Пугачев күліп; — Поптың қатыны менің адамдарымды орынды алдаған екен, өйтпесе олар бейшара қызды тірі қалдырмас еді.
— Сөз тыңда, - дедім мен оған қайырымды бетін көрген соң; - сені қалай атауды да білмеймін, тіптен соны білудің де қажеті жоқ. Бірақ, құдай кепіл, сенің маған көрсеткен жақсылықтарың үшін басымды қиюға әзірмін. Тек менен абыройым мен христиандық арыма жараспасты сұрама. Сен менің жарылқаушымсың. Алғашқыдай сенер болсаң, бишара жетіммен екеумізді тағы да қоя бер, құдайдың қалатқан жағына кетейік. Біз қайда жүрсек те, қандай халде жүрсек те тәңіріден сенің күнәкар жаныңның амандығын тілеуші боламыз...
Пугачевтің ызғарлы жаны жібігендей болды.
— Сенің дегенің-ақ болсын! - деді ол маған; - я аямай жазалау, я шегермей жарылқау қашанғы салтым еді, сұлуыңды қасыңа ал қалаған жағыңа алып бар, тек құдай екеуіңе де өмір берсін, махаббаттарыңды берік етсін!
Сол арада Швабринге — өзіне бағынышты барлық заставалар мен крепостардан маған бөгетсіз өтетін пропуск жазып беруге әмір етті. Жермен-жексен болған Швабриннің жансыз ағаштай құр сүлдері ғана қалды. Пугачев крепосты аралап көруге жөнелді. Оған ілесіп Швабрин де кетті, мен жүруге әзірленуді сылтауратып, со жерде қалып қойдым.
Дереу жүгіріп жоғарыға шықтым да, есік қақтым.
— Бұл кім? - деді іштен Палаша.
Мен атымды атадым. Енді Марья Ивановнаның сүйікті даусын есіттім:
— Кідіре тұрыңыз, Петр Андреич, мен киім ауыстырып жатырмын. Әйтпесе, Акулина Панфиловнанкіне бара тұрыңыз, мен де қазір сонда боламын.
Мен басқа сөзге келмей, тура Герасим атайдың үйіне бардым. Олар келгенімді Савельичтен естіген екен, әйелімен екеуі қуана шығып, құшақ жайып, күтіп алды.
— Сәлемет пе, Петр Андреич, құдай қайта көрісуге де жазған екен. Сау жүрсіз бе әйтеуір? Біз де сізді күн сайын еске алып қоюшы едік. Әсіресе күту күйігіне ұшыраған Марья Ивановна болды, көп сарғайды, көгершінім... Осы Пугачевпен қалай жарасын кеттің? Соны айтшы, әкешім? Сізді қалай жұтып қоймаған. Кезептің онысына да алдаразы болсын.
— Жетер, кемпір, - деді Герасим атай әйелінің сөзін бөліп; - білгеніңнің бәрін былшылдай берме. Көп сөз - көбік сөз, бәрі зиян соныңның.
Содан соң маған қарап:
— Сағындық қой көптен көріспей. Көкешім, мархабат етіңіз, үйге кіріңіз,- деді.
Поптың әйелі маған үйінде бар асын түгел тартып, асты-үстіме түсіп жүр, сүйтіп жүріп, әңгімеден де жағы тынған жоқ. Швабриннің Марья Ивановнаны сұрағанын, көнбегендері үшін күш көрсетіп, тартып әкеткенін, Марья Ивановнаның бұлардан айырылысқысы келмей жылағанын; Марья Ивановнаның Палаша арқылы бұрынғыдай байланысып тұрғанын (Палаша урядниктің өзін қақпалап жүргізерліктей билеп алған өткір қыз); маған хат жаз деп ақыл қосқанын, тағы басқа сондайларын түгел соғып шықты.
Өз тарихымды қысқашалап мен де баяндап бердім. Бұлардың Марья Ивановнаны жасырып алдағандары Пугачевке мәлім болғанын есітіп, екеуі қосарлана шоқынып та алды.
— Крестің күші біз жақта екен. Я құдай, төндіре көрме бұлтыңды! - деді Акулина Панфиловна, - Алексей Иванович те жігіт екен, жолы болсын сабаздың!
Дәл осы минутта есік ашылды, қансыз беті күлім қағып, Марья Ивановна кеп кірді. Кәне көйлекті тастап, өзінің бұрынғы тәуір киімдерін киіп келіпті.
Мен оның қолынан ұстай алдым да біразға дейін жалғыз ауыз сөз қата алмай тұрып қалдым. Бойды кернеген қуаныш екеумізді де үндестірмей қойды. Бетіміздің басқа жаққа бұрылғанын байқаған соң, үй иелері бізді оңаша қалдырып кетті. Біз екеуміз ғана қалдық. Бәрін де ұмытыппыз. Қанша сөйлессек те, айтылар сырдың ұшығына шығар емеспіз. Марья Ивановна крепость алынғалы көрген-білгенін түгел шертті. Өз халін, Швабриннің тартқызған азап бейнеттерін де қалдырмай сипаттады.
Өткен бақытты күндерді де еске түсірдік... Екеуміз қосылып жылап та алдық... Ең ақырында ендігі ойымның бағдарын түсіндірдім. Пугачев қарауындағы Швабрин билеп тұрған крепоста Марья Ивановнаға тағы да қала тұру мүмкін емес еді. Жау қоршауының барлық азап, бейнетін тартып жатқан Орынбордан да дәмеленуге болмайды. Арқа сүйеп, медеу көрерлік туыс, жақыны тағы да жоқ. Мен оған біздің деревняға, менің туыстарымның қолына баруды ұсындым. Менің әкемнің бұрын жақтырмайтыны қорқытты білем, Марья Ивановна алғашқы кезде мақұл дей қоймады. Мен қайта түсіндірдім. Үйткені: оған үшін өмірін қиған белгілі жауынгердің қызына қамқор болуды әкемнің өзіне міндет санап, бақыт көретінін жақсы білуші ем.
— Сүйікті Марья Ивановна, - дедім мен оған; - мен сені бұдан былай ақ некелі әйелім деп санаймын. Керемет жағдайлар екеумізді біріктіріп, қосыпты; енді екеумізді бұл жалғанда ештеңе де айыра алмайды.
Марья Ивановна менің сөздерімді өтірік ұялғансымай, сынық сылтауларға сүйемей, кәдімгі жайшылық қалыпта отырып тыңдады. Екеуміздің тағдырымыздың берік қосылғанын өзі де терең сезгендей еді. Бірақ, менің ата-анам ризалық бергенше әйелім болмайтынын да ескертіп қойды. Мұнысына қарсы мен де ештеңе демедім. Біз шын жүрекпен ыстық сүйістік. Сүйтіп, екеуміздің арамыздағы әңгіме әбден шешілгендей болды.
Бір сағаттан кейін урядник маған Пугачевтің шимай қолы қойылған пропускысын әкеп тапсырды. Және өзіне шақырып жатқанын мәлімдеді. Мен онымен аттанар мезгілінде барып кездестім. Осы сияқты сұмдық адаммен, менен өзгелердің қан қақсатушысы, қайырымсыз жендеті болған адаммен айырылысар кезде мені билеген сезімді айтып жеткізуім мүмкін емес. Шындықты жасыру неге керек? Дәл сол минутта оған деген бар ниетім түзу еді.
Мен оны өзі бастап жүрген қарақшы топтан жұлып алып, уақыт өтпей тұрып, басын қорғап қалуға да бар ынтаммен әзір едім. Швабрин және басқа тобын жазбай оны қоршаған жұрт - кеудемді кернеген бар сырымды ақтара салуға бөгесін жасады.
Біз достық сезіммен айырылыстық. Пугачев топ ішінде тұрған Акулина Панфиловнаны танып, саусағын шошайтып, мағыналы бір сыр сездіргендей көзін қысып қойды; одан соң күймеге мінді де, Бердскіге жүруге әмір етті; аттар тарта жөнелгенде күймеден басын қайта шығарып, маған қарады:
— Қош бол құрметтім! Жолымыз түссе тағы кездесерміз! - деді дауыстап.
Айтқанындай тағы кездестік. Бірақ қандай кезеңде десеңізші!..
Пугачев жүріп кетті. Мен оның тройкасы зымырап кетіп баратқан қарлы далаға қарап, тұрып қаппын. Халық тарады. Швабрин де жоқ боп кетті. Мен священниктің үйіне қайтып келдім. Жол жабдығымыз түгел әзір болды; бұдан әрі кешіккім келмеді. Біздің нәрсе-қарамыздың бәрі коменданттың көнетоз күймесіне салынған еді. Жәмшік те көз ілестірмей аттарды жегіп үлгірді. Марья Ивановна шіркеу артына көмілген туғандарының қабырымен қоштасқалы кетті. Мен ертіп бармақшы боп едім, бірақ Марья Ивановна жалғыз өзі баруын тіледі. Бірнеше минуттан кейін екі бетін жас жуып, үнсіз-тілсіз қайта оралып келді. Күйме келтірілді. Герасим атай әйелімен басқышта тұр. Біз, Марья Ивановна, Палаша үшеуміз күймеге кірдік, ал Савельич жәмшіктің қасына отырды.
— Қош, қарғашым Марья Ивановна! Сіз де қош болыңыз, Петр Андреич, сұңқарым! -деді қайырымды қарт шешей. - Оң жолдарың болсын!
Екеуіңді де тәңірім бақытты етсін!
Біз де жүріп кеттік. Комендант терезесінің алдында сілейіп тұрған Швабринді көрдім. Екі беті кернеген кекпен сызданып, түтеп кетіпті. Жүні жығылып, жер тезек болған жауыма масаттана қарағым келмеді, көзімді басқа жаққа аудардым. Ақыры крепость қақпасынан шықтық.
Белогор крепосын мәңгі қалдырдық..
XIII ТАРАУ
ҚАМАУ
"Сөкпе, мырза, өтеймін, қарызымды,
Жөнелтемін түрмеге қазір сізді".
Мен де әзірмін, әйтсе де үміттенем,
Істің жайын сұрарсыз әуел менен.
Княжнин
Таңертең ғана сәулемнің халін біле алмай, күдікті ойлар жанымды қинап еді, енді, міне, сол сәулеме тұтқиылдан қосылып, өзіме өзім сенбей келем, барлық бастан кешкендерім маған түс сияқты көрінді. Марья Ивановна да ойынан арыла алмай, бір маған қарайды, бір жолға қарайды, о да есін жия алмай, сабасына түсіп айыға алмай келе жатқан сияқты. Сөз айтқан жоқпыз, үнсізбіз. Екеуміздің де жүрегіміз титықтай шаршаса керек. Екі сағат өтіп, Пугачев өміріне қарайтын басқа бір крепосқа жеткенімізді сезбей де қалыппыз. Мұнда біз ат ауыстырдық. Аттардың шапшаң жегілуі, Пугачев комендант қып сайлаған қаба сақал казактың бөденедей жорғалауы сонша, бұлар бізді әкелген жәмшіктің былшыл сөздеріне сеніп, мені орда зорларының бірі деп танығандарын аңғардым. Тағы жүріп кеттік. Ымырт үйіріле бастады. Қаба сақалдың айтуынша біз самозванецке қосылғалы келе жатқан күшті отряд жатыр деген кішкене қалаға жақындадық.
Бізді күзетшілер тоқтатты. Олардың "кімсіңдер" деген сұрауына жәмшік: "Пугачев патшаның жақыны, бәйбішесімен келеді" деді айқайлап.
Сол арада бір топ гусар жер-жебірімізге жете боқтап, бізді қоршап алды.
— Шық бері жынның жақыны! - деді маған мұртты вахмистр: - өзіңе де, бәйбішеңе де сыбағаңды берейік.
Мен күймеден шықтым да, дереу начальниктеріне апаруын талап еттім. Офицерді көрген соң солдаттар да балағаттауын доғарды. Вахмистр мені табанда майорға әкетті. Савельич маған өкшелесе, дірдек қағып келеді. "Мәссаған патшаның жақыны! Оттан шықсаң, жалынға... О, жасаған! Ақыры немен тынар екен?" дейді өзінен-өзі, бұртыңдап. Күйме жай аяңмен соңымыздан еріп отырды. Бес минуттан кейін жарқырай жанған жарығы бар бір үйге келдік. Вахмистр мені күзетшілер қасына қалдырып, өзі мен туралы хабар беруге кетті. Ұзамай қайта шықты, ұлық мырзаның сені қабылдарлық уақыты жоқ екен, өзіңді абақтыға алынсын деді, әйеліңді онда шақыртып жатыр... дегенді айтты.
— Мұнысы несі? - дедім құтырына айқайлап; - жынданған ба о немең?
— О жағын білмедім, мырзам, - деді вахмистр; - жалғыз-ақ, құрметті мырзам, сіз мырзаны абақтыға жіберуді, ал, мырза бәйбішені өзіне әкелуге әмір етті, құрметті мырзам! – Мен ұмтылып басқышқа шықтым. Мені тоқтатайын деген күзетшілер де болған жоқ. Сол бетіммен жүгіре басып, гусар формасындағы жиырма бір ойнап отырған бес-алты офицердің үстіне кірдім.
Майор карта таратып отыр екен. Мен майордың бетіне қарап: бір кезде Симбирскі трактирінде өзімді сыпырып алған Иван Иванович Зуринді тани кеттім, таң-тамаша боп тұрып қаппын!
— Шын ба, жаным-ау! Рас-ақ Иван Ивановичпісің!- дедім жан даусым шығып.
— Пәле, пәле, Петр Андреич! Сені қай тағдыр айдап келген? Қайдан жүрсің? Жақсы келдің, бауырым. Отырып, карта алып жіберемісің?
— Алла разы босын Сен одан да маған пәтер әзірлеуге өмір бер.
— Пәтердің керегі не? Осында менімен бірге боласың.
— Өйте алмаймын: жалғыз емеспін.
— Онда жолдасыңды да осында келтір.
— Жолдасым емес... әйел еді о кісі.
— Әйел деймісің! Оны қайдан іліктіріп алдың, бауырым?
Осыны айтты да Зурин келістіре ысқырып жіберді. Отырғандар ду күлісті, мен сасып қалдым.
— Жарайды,- деді Зурин әңгімесін тоқтатпай; — сенің дегенің-ақ болсын. Пәтер де әзірленеді. Әттеген-ай... Баяғыша бір думандатып отыруымыз керек еді... Ей, жігітім, әлгі Пугачевтің жақын әйелін неге келтірмейсіңдер? Әлде, көнбей тұр ма қасарып? Мырзамыз келісті адам, қорықпасын дендер әйелге. Бар, желкеден бір қондырып, осында әкеліңдер.
— Мұның не?- дедім Зуринге,— не қылған Пугачев? О кісі марқұм капитан Мироновтың қызы. Тұтқыннан босатып алып шығып едім, енді деревнядағы туыстарына жеткізіп салғалы әкетіп барамын.
— Солай ма еді? Жаңа сен туралы айтқан екен ғой маған? Олары несі? Құдай-ау!
— Кейін айтам қалғанын. Ал, әзірше құдай ақы үшін, гусарларың шошытқан бишара қызды жуата көр.
Зурин сол сағатта-ақ қимылдай бастады, өзі далаға шығып, күтпеген жерден абайсыз істелген келіссіз әңгімелер туралы Марья Ивановнадан кешірім сұрады, вахмистр осы қаладағы ең жақсы пәтердің бірін әперуді тапсырды. Мен соның өз пәтерінде қонуға қалдым.
Біз ас іштік, екеуміз оңаша қалғаннан кейін мен барлық бастан кешіргендерімді соғып бердім. Зурин құлақ қақпай, аса ынталана тыңдады.
Мен айтып болған соң басын шайқады.
— Бәрі де жақсы, бауырым, бір-ақ нәрсең жақсы емес - сені үйлен деген қай сайған? Мен ақ көңіл офицермін, сені алдамаймын: маған сенсең үйленуде рахат жоқ. Қатынға шырмалып, бала бағып, сау басыңа сақина тілеп нең бар еді? Таста бәрін Маған құлақ ас, капитан қызынан іргеңді айыр. Симбирскі жолын жаудан тазарттым, онда қазір қауып жоқ. Ертең қызды туыстарына жөнелт те, өзің менің отрядымда қал. Орынборды да қоя тур. Көтерілісшілердің қолына енді түссең, қайта босана қоюың да екі талай болар. Сүйтіп жүргенде махаббаттың жынды желігі басылып, қалпыңа түсіп кетесің! – деді.
Мен мұның барлық пікіріне қосыла қойған жоқпын, әйтсе де, мойнымдағы борыш сезімі биледі де, император ханымның әскеріне қатысуды парыз көрдім. Зуриннің кеңесі бойынша Марья Ивановнаны деревняға аттандырып, өзім осы отрядта қалуға бел байладым.
Савельич мені шешіндіруге келді; мен оған ертемен Марья Ивановнаны алып, жолға шығуға әзірленуі керектігін ескерттім. Ол тағы көнбеске айналды.
— Бұ не дегенің, қарағым, сені қалай тастап кетем? Сонда сені кім күтпек? Әке-шешең маған не демек?
Күтуші кәриямның бір бет, ойыспайтын мінезін білген соң мен оны жылы, сүйкімді сөздермен көндіруге тырыстым.
— Қадірлі досым, Архип Савельич!- дедім мен оған,- қамқоршым, сен тілегімді орында; мұнда мен күтушіге зәру болмаймын, ал егер Марья Ивановна сенсіз, жалғыз кетсе онда маған тыныштық жоқ. Марья Ивановнаны күтсең мені де күткенің, өйткені, жағдай көтеріп, мойным босаса-ақ мен соған үйленуге бел байладым.
— Үйлену!— деді Савельич қайталап, көзі шарасынан шығып, алақанын соғып,- бала үйленбек! Ал әке-шеше не демек оған?
— Олар да көнеді, Марья Ивановнаның жайын есіткен соң әбден көнеді,— дедім мен оған,- оның үстіне өзіңе сүйенем. Әке-шешем саған сенеді, сондықтан, басы-қасында жүріп, сен де біздің қостаушы боласың, солай емес пе?
Шалым босап қалды.
— Ой, жаным-ау, Петр Андреич!- деді қайта жауап қайтарып,- ерте-ақ үйленгелі отырсың, бірақ, Марья Ивановна сияқты ақпейіл қыз кез келгенде алмау да күнә болар еді. Қайыр, сенің айтқаның болсын! Алып барайын тәңірімнің періштесін, құлдық ұрып, ата-анаңның алдында да жасаусыз-ақ татитын керім қыз деп мақтайын.
Мен Савельичке тәңір жарылқасын айтып, Зуринмен бір бөлмеде ұйықтауға кірістім.
Жүрегім алып ұшып, елең қағып жатып, ойыма келген сөзді былшылдай беріппін Зурин алғашқы кезде әжептәуір әңгімелесіп жатыр еді, кейін кем-кемдеп сөзі сұйылып, божырай бастады; ең ақырында менің бір сұрауыма жауап берудің орнына, мұрны шуылдап, қорылдап кетті. Біраз үндемей жатып, мен де ұйықтап кетіппін.
Келер күні Марья Ивановнаға келіп, ойдағыларымды айттым. Ол бар пікірімді дұрыс деп тауып, сөзге келмей қабыл алды. Зуриннің отряды сол күні қаладан шықпақ. Сондықтан енді баяулатуға мүмкін де емес еді. Сондықтан туысқандарыма хат жазып бердім де, Марья Ивановнаны Савельичке тапсырып, сол жерде қош айтыстым. Марья Ивановна жылап жіберді.
— Қош, Петр Андреич! - деді жай ғана дауыспен,- көрісеміз бе енді қайтып, жоқ па, оны бір құдай біледі; бірақ, сізді мен өмірімде де ұмытпаймын; қабірге кіргенше жүрегімнен өшпейтін жалғыз сенсің.
Мен ештеңе дей алмадым. Үйткені, жұрт қоршап тұр еді. Жүрегімді толқындырған жалынды, ыстық сезімдерді олардың алдында ашқым келмеді. Ақырында Марья Ивановна жүріп кетті. Мен қайғылы, жабырқаңқы түрмен Зуринге келдім. Зурин мені жадыратқысы келді; өзім де сілкініп, бой жазуды ойладым; біз ұзақты күнді қызу думан, қызықты шумен өткіздік, кешке жорыққа аттандық.
Бұл февраль айының аяқ кезі еді. Әскери қимылдарды қиыншылықтарға ұрындырған қыс өтіп, біздің генералдар жұптасып кірісуге әзірленіп жатқан-ды. Пугачев те әлі Орынбор түбінде тұрған. Оның маңына жаңа отрядтар ұйымдаса түсіп, кезептер ұясына қатынасып, жақындай бастаған болатын.
Көтеріліс жасаған деревнялар біздің әскерді көргеннен жуасып, бағына бастады; шайкалар отрядтары да табан тіресе алмай жөңки жөнелетін болды, осының бәрі істің ойдағыдай аяқталуының жақсы белгілері еді.
Көп ұзамай князь Голицын3 Татищев қамалының түбінде Пугачевтің талқанын шығарды, тобын ыдыратып, Орынборды босатты, осыған қарағанда, көтеріліс те соңғы рет соққыға жығылған сияқты еді. Бұл кезде Зурин отряды башқұрт көтерілісшілерінің шайкасына қарсы жіберілген, бірақ, олар біз жеткенше-ақ өздігінен тарап кетті. Көктем бізді татардың бір кішкене деревнясына қамады. Өзендер тасып, бұзылған жолдар өткелсіз қалдырды. Қозғалыссыз, іссіздік кезінде біз тонаушылар мен тағыларға қарсы болымсыз, ұсақ соғыстың жуық арада бітетінін үмітімізге арқау еттік.
Бірақ Пугачев қолға түспеген-ді. Ол Сібір заводтарына барып, жаңа шайкалар жинап алыпты да, қайтадан кезептік жасауға кірісіпті. Оның жеңістері туралы жаңа хабарлар келіп жатты. Сібір қамалының ойрандалғанын есіттік. Көп өтпей-ақ самозванецтің Қазанды алыпты, енді Москваға аттанады-мыс деген хабарын есіттік. Адуын бүлікшіден әл кетті десіп, бұғам мүлгіскен әскер бастықтарын енді бұл хабар тыпыршыта бастады. Зурин, Еділден өтіп арғы бетке шықсын деген бұйрық алды.
Біздің жорығымыз бен соғыс жайының қалай аяқталғанын сипаттап жатпаймын. Бірақ айтарым: күйзелушілік шектен асып болған. Жер-жерлерде қожалық етер әкімдер де жоқ; помещик біткен орман қуалап жүр. Бар жерде де бұзылғандар шайкасы лаң салуда; әрбір отряд бастықтары да өз бетінше жаза кесіп, мейірім жасауда өрт ойнағы болған кең аймақтың жай-күйі аса ауыр, аса сұмдық еді. Қайырымы жоқ, мәні де жоқ - орыс бүліншілігін көруді, енді құдай жазбасын.
Өкшелей қуған Иван Иванович Михельсонға қарсы тіресе алмай Пугачев қашып барады. Кешікпей әбден талқандалғанын да есіттік. Ақыры Зуринге самозванецтің ұсталған хабары мен енді тоқтаңдар деген бұйрық бірге жетті. Соғыс бітті. Енді менің туғандарыма қайтудың да кезегі келді. Көптен хабарсыз ата-анамен аймаласу, Марья Ивановнаны көремін деген ой маған ғажап қуаныш туғызды. Мен балаша секірдім. Зурин мұныма күле қарап, иінін бір көтеріп қойды:
— Оңбайды екенсің!- деді жымиып, — қатын алдың, — бүліндің, бір бәлеге іліндің!
Осы екі арада киліге кеткен бір жат сезім менің қуанышымды улай бастады: талай күнәсіздің қанына боялған жауыздың енді көп ұзамай, өзі жазаға кесілетіндігі мені еріксіз түшіркендірді. "Емеля, Емеля!- дедім үнсіз өкінішпен; - я найзаға ұрынып, я бір оққа байланып неге кетпедің екен? Ең жеңіл жол сол емес пе еді?"
Оны ойлансам басқа ойлар да басыма бірге кіреді. Қан сорпасы шыққан бір күнде маған азаттық бергені, қаныпезер, қайрымсыз Швабриннің тырнағынан жарымды босатып өзіме қосқаны есімнен шығар емес.
Зурин маған демалыс берді. Енді біраз күннен кейін әке-шешеме табысып, Марья Ивановнамды қайта көруге айналдым. Бірақ кенеттен төбемнен жай түскендей болдым.
Дәл жүрер күні, жолға шығуға да әзір едім, қолында қағазы бар, дегбірі қашқан Зурин үйіме кеп кірді. Жүрегіме әлде бірдеңе тікендей қадала қалды. Түкке түсінбей-ақ құтым ұшуға айналды. Ол менің қызметкерімді шығарып жіберіп, менде құпия жұмысы барлығын білдірді.
— Не боп қалды?- дедім, сабыр таппай.
— Кішкене ғана көңілсіз жұмыс туып қалды,- деді қағазды маған беріп жатып; - жаңа ғана алдым, оқып шық.
Оқи бастадым: бұл мені қай жерде кездессем, со жерде қамауға алып, Пугачев істері жөнінде құрылған Қазандағы тергеу комиссиясына тез күзетпен жіберілуім туралы барлық әскери басшыларға жазылған жасырын бұйрық екен.
Қағаз қолымнан түсіп кете жаздады.
— Бөтен лаж жоқ!- деді Зурин - бұйрыққа бағынуға борыштымын Тегі, сенің Пугачевпен достасып, жасаған серуенің үкімет құлағына шалынған болуы керек. Бірақ, мен аяғы қайырлы болар, комиссия алдында кірленбей ақталарсың деген үміттемін қажыма, шырақ, жүріп кет.
Арым да, жаным да таза. Соттан да сескенгенім жоқ; бірақ, үйге барам, жан досыма табысам деген тәтті үміт әлденеше айға созылып, алыстап кете ме деген суық күдік қана шошытты мені.
Арба дайын екен. Зурин менімен достық ниетімен қоштасты. Жалаңаш қылыш ұстаған екі гусар арбаға менімен бірге мінді.
Мен даңғыл жолға түсіп, жүріп кеттім.
XIV ТАРАУ
СОТ
Көп қорқытады, терең батырады.
Мақал
Істің бұлай насырға шабуы менің Орынбордан өз бетіммен кетіп қалуым деп ойладым. Жауға жалғыз аттану мақтау алмаса, еш уақытта теріс саналып көрген емес, бұған қарағанда оңай-ақ ақталуым керек. Ұстамсыздығы үшін кінәланбасам, тіл алмады деген айып таңыла алмас. Бірақ, Пугачевпен жақындық қатынастарымды сан кісі мойныма қойып бере алады. Бұл қылықтарым ең кемінде мен туралы күмән туғызарлықтай еді. Мен ұзақ жол бойы өзімді күткен тергеу сұрақтарын топшылап, оларға берілетін жауаптарымды әзірлеп келемін, сот алдында барлық болған шындықты жасырмай айтуға бекіндім, бұл менің жеңіл ақталуыма ең сенімді болар деп қорыттым.
Мен өртенген, қаңырап қалған Қазан қаласына жеттім. Көшедегі күйреген үйлер орнында үйілген күл-көмір, терезесіз, төбесіз, жалын шарпыған, қаңқиған қабырғалар ғана көрінеді. Осының бәрі Пугачев ізінің таңбасы еді. Гусарлар мені өртенген қаланың орта шеніндегі бүлінбей қалған бір крепосқа әкелді де күзетші офицерге өткізді. Ол темірші ұстаны шақыртып алды. Аяғыма шынжыр салып, бітеу соқтырып тастады. Одан соң түрмеге апарды да, әрі тар, әрі қараңғы, терезесіне темір қоршалған, жалаңаш қабырғасынан басқа ішінде түгі жоқ иттің жатағындай бірдеңеге қамап қойды.
Істің бұлай басталуы мені күткен қайырымның жоқтығын білдіргендей еді. Әйтсе де үмітім үзіліп — сағым сынған жоқ. Барлық қайғылылар сияқты мен де өзімді жаралы жүректен төгілген шырын дұғамен жұбатып, ұйқыға кірістім, ертең не боларымды ойыма да алмаппын.
Келесі күні мені түрме сақшысы оятып, комиссияға жөнелтті, екі солдат қораның екінші жатындағы комендант үйіне әкелді де мені ішке кіргізіп жіберіп, өздері ауызда қалды.
Мен әжептеуір кең залға кірдім. Үстіне қағаз төсеген столдың басында екі адам отыр: бірі - ажары суық, қаныпез, қартаң тартқан генерал, екіншісі жасы жиырма сегіз шамасындағы жылы жүзді, - сүйкімді бейнелі, жеңіл қимылдап, жүйрік сөйлесетін гвардия капитаны. Терезе алдында жеке бір столда, қауырсын қаламын құлағына ілген, менің жауабымды жаза жөнелуге әзірленіп - секретарь қағазға үңіліп отыр. Тергеу басталды. Алдымен аты-жөнім мен ата-тегімді сұрады. Генерал маған: сен осы Андрей Петрович Гриневтің баласы емеспісің? - деп, алдымды бір орағытып алды. Менің я деген жауабыма:
— Осындай құрметті адамнан сендей татымсыз ұл тууы обал-ақ екен! - деді қатулана түсіп.
Бәледей төнген сұрақтардың қандайына да болса мен адал шындықты бүкпей айтумен тойтарыс беретінімді білдіріп, саспай жауап қайтардым. Менің өзіме сенімділігім оған ұнамады.
— Сен, шырақ, мығым көрінесің; бірақ, біз сенен де мықтырақты көргенбіз! - деді генерал түйсініп.
Енді мені жас жігіт тегеуріндей бастады: қандай себеппен, қай уақытта Пугачев қызметіне барғанымды, қандай тапсырмаларын орындағанымды сұрады.
Мен оған ызалы, өжет жауап қайтардым: ақсүйек офицер Пугачев қызметіне кіруі, оның тапсырмаларын орындауы еш уақытта мүмкін емес,- дедім.
— Ендеше, - деді тергеушім тағы да сөзбен бастырмалатып: - басқа жолдастары жауыздың қолынан аяусыз қаза тапқанда, ақсүйек офицерді самозванец қалай жалғыз сақтап қалған? Онда бұл ақсүйек офицер бүлікшілермен бірге той тойласып, қалай ауыз жаласты екен? Дұшпанның қара басынан ат пен тон, жарты сөлкебай ақшаны не жөнмен сыйға алды екен? Бұл сияқты өрескел достық сатылғандық демегеннің өзінде, ластық, арсыз топастықтан шықпаса, қайдан шықты дер едік?
Мен гвардия офицерінің сөзіне қатты қорландым да, қызу сөйлеп ақтала бастадым.
Айдаладағы боран кезінде Пугачевпен алғашқы қалай танысқанымды, Белогор крепосы құлағанда мені қалай танып, жанымды қалай алып қалғанын түгел айттым. Ат пен тонды арланбай алғанымды мойындай отырып, бірақ, Белогор крепосын жауыздан бар дәрменім жеткенше қорғағанымды да естеріне салдым. Ең ақырында Орынбор қоршауы кезінде жұмсаған қайрат-жігеріме тоқтап, оған кепіл ретінде сөз ұшығын сондағы генералға тастадым.
Қатігез шал стол үстіндегі ашық хатты алды да естіртіп оқи бастады:
"Қазіргі бүліншілікке араласып, қызмет уажыбын кірлеп, антын бұзып, уәһам жауызбен қатынас жасапты делінген прапорщик Гринев туралы сіздің ұлұғ мәртебеңіздің сұрағына үшбу жауабымды қайтарамын: айтылмыш прапорщик Гринев, өткен 1773 жылдың октябрь айының басынан биылғы жылдың 24 февралына дейін Орынбордағы әскери қызметте болды, аталған соңғы айдың ішінде жоғалып кетіп, содан соң менің қарамағыма қайта оралған жоқ. Қашып келушілерден естуімше ол Пугачев жатағына барып, одан соң онымен бірге бұрынғы қызмет істеген жеріне, яғни Белогор крепосына кеткен. Ал енді оның мінез-құлқы туралы айтарым..."
Хатты осы жерінде үзді де, кәрі генерал маған қарады:
— Бұдан қалай ақталмақсың? - деді зәрленіп.
Мен алғашқы сарынымнан айнымай, Марья Ивановнамен байланыстарымды, тағы басқа жайларды адал көңілмен жасырмай баяндамақшы едім, бірақ, кенеттен әлде қандай, ол берместей жеркенішті сезім тап бола кетті. Қыздың атын атасам-ақ комиссия жауапқа шақырғалы тұр, оның үстіне жауыздар қылмысы тіркелген іспен оның қасиетті аты кірленіп, олармен көзбе-көз тұрғызып тергеулері де шексіз. Мені осы ойлар үрейлендірді де, сөзге түйіліп, кібіртіктеп қалдым.
Менің жауаптарымды жаңа ғана зейіндене тыңдауға айналған соттарым, кенеттен бөгелгенімді көрген соң қайта қырсықтана бастады. Гвардия офицері мені шағымшының ең басшысымен беттестіруді сұрады. Генерал - кешегі кезекті шақыр - деп әмір етті. Мен де шапшаң есікке бұрылып, айыптаушымды күттім. Бірер минуттан кейін кісен шынжырының сылдыры естіліп, есік ашылды, Швабрин кеп кірді. Мен оның осыншалық өзгергеніне таң боп қаппын. Қаны қатып, әбден жүдепті. Күйедей қара шашы да әбден ағарған. Ұзын сақалы да үрпиіп кетіпті. Ол куәлі к сөздерін әлсіз дауыспен, бірақ, батыл айтып шықты. Оның сөзіне қарағанда Пугачев мені Орынборға тыңшылыққа жіберіпті; күн сайын атысқа шыққан боп, қала күйін хатпен хабарлап, жіберіп тұрыппын; сөзінің ақырын: мені самозванецке бүтіндей берілді, бірге жүріп крепостарды аралады, өзінің сатылған жолдастарының көздерін жоғалтып, солардың әкімдік орындарын басқысы келді, самозванецтің жұртқа үлестіретін наградтарын алғысы келді, - деп қорытты. Бар сөзін үнсіз тыңдап келіп, оның бір қылығына әбден риза болдым. Марья Ивановнаның атын аузына алмады. Әлде, өзіне жеркеніп қарап, бетін қайтарған қыз есіне түсіп, намысына тиді ме; жоқ әлде, мені үндетпей қойған сезімнің ұшқыны, оның да жүрегінде жасырын жатқандықтан ба, әйтеуір атаған жоқ; қысқасы, Белогор комендантының қызы комиссия алдында сөзге ілікпей қалды.
Мен ұстаған бетімнен енді аумасқа бекіндім. "Швабрин айтқан айыптан ақталар дәлелің бар ма?" деген сұраққа қысқа жауап қайырдым: "Алғашқы айтқаным айтқан, оған қосатын ақталар сөзім жоқ", - дедім тұжырып.
Генерал бізді әкетуге әмір етті. Біз екі тұтқын бірге шықтық. Мен жай ғана Швабринге қарадым, бірақ, жалғыз ауыз сөз қатпадым. Ол ұлы күлкімен мырс ете қап, шынжырын көтеріп ұстады да, шапшаң басып, алдыма түсіп кетті. Мені қайтадан түрмеге апарды, содан соң қайта жауапқа шақырған жоқ.
Оқушыларыма ендігі айтар оқиғаның басы-қасында мен жоқпын; бірақ ести-ести қаныққаным сонша, егжей-тегжейіне дейін есіме сақталыпты, соған қарағанда, көзге түспей жүріп, соның бәрін түгел бастан кешірген сияқтымын.
Менің қамауға түскен хабарым үй ішімді тұтас дүрліктірді. Бірақ Пугачевпен танысқан қызық жайларымды Марья Ивановнаның жай отырып, әдемілеп айтқан әңгімелерінен білгеннен кейін, олар күйіну тұрсын, көңілденіп тұрып, күле бастауға айналды. Патша тағын құлатып, ақсүйектерді қынадай қыруды мақсат еткен арам көтеріліске мені араласты дегенге әкемнің сенгісі де, көнгісі де келмеді. Ол Савельнчті қатал тергеді. Күтуші қариям мырзасының Пугачевте қонақ болғанын, жауыздың оған мейірімі түскенін жасырмады; бірақ, ешқандай опасыздық болмағанына да ант-су ішіп, кепілдік етті. Әкемнің қобалжуы басылып, енді жақсылық хабар келуін ынтыға күтті. Марья Ивановнаның да жаны төзбеді, бірақ туа біткен сары алтындай сабырлылығынан сездірген жоқ.
Бірнеше жеті өтті... Бір күні әкем Петербургтегі жақын туысымыз князь Б-дан хат алды. Князь мен туралы жазыпты. Хатты жайшылық әңгімелермен бастап келіп, бақытсыздыққа қарай, мені лаңшылар бүлігіне қатысты деген күдіктің әбден расқа шыққандығын, маған өлім жазасы лайық болса да, Патша Ханым әкейдің қарттығын, отанға сіңірген еңбегін, құрметін ескеріп, қылмысты балаға мейірімі түскенін, ауыр жаза орынына Сібірге өмірлік жер аудару керек деп ұйғарғанын жазыпты.
Күтпеген жерден тиген мына соққы, әкейді өлімші қып кетті. Ол бұрынғы үндемей өртенетін беріктігінен айырылып, енді зарлай, маңырай күйінетін болды.
— Бұл қалай!- дейді терісіне сыймай қайталап: - менің балам Пугачев лаңына қатысады! О, жасаған, көрсетпегің көп екен! Оны патша ханым ажалдан құтқарады! Одан маған келер жеңілдік не? Өлім ғана ма екен қорқыныш: арғы атам адал ниетінің ақтығын қорғап, абыроймен қаза тапқан; өз әкем болса Волынский және Хрущевпен бірге жазықсыз қиналған. Ақсүйек тұқымы антын аяққа таптап, қан ішер бұзықтар мен қашақтарға қосылса, одан артық өлім не! Біздің тұқымға масқаралықтың өшпес таңбасы басылғаны да...
Қарттың қиналған азабы шешейге де соққы боп тиді. Әкейдің алдында көз жасын көрсетіп жылай алмады, ойын бөліп дем беру үшін жұрт аңызын өтірікке шығарып, барлық хабардың шикілігін дәлелдейді. Бірақ, оған әкей қуанған жоқ.
Бәрінен қатты қиналған Марья Ивановна. Ол менің ақталар мүмкіншіліктерім жеткілікті боп тұрып, босанбай жатқанымның сырына терең түсінген-ді. Бұл бақытсыздығыма өзін кінәлі деп санаған. Ішкі дерті мен көл-көсір аққан көз жасын жұрттан жасырып жүріп, бір жағынан мені құтқару жолдарын ізденуді де есінен шығарған емес.
Бір күні кешке әкей диванда шаруашылық календарын аударыстырып отырды, көзі кітапта болса да көңілі әлдеқайда алыста еді. Сондықтан бұл оқудың оған жайшылықтағыдай әсері болған жоқ-ты. Ол ара-арасында ескі бір маршты ысқырып қояды. Фуфайка тоқып отырған шешей де үнсіз, оқта-текте істеп отырған жұмысына көз жасы ғана тамып кетеді. Солармен бірге отырған Марья Ивановна бір кезде жұлып алғандай оз ойын айтып салды: іс пайдасы үшін Петербургке кетуім керек, тез аттануыма көмек беріңіздер деген тілек қойды. Оған шешей ренжіп қалды.
— Петербургте не бар? - деді шешей мұңайып;- енді бізді сен де тастап кетпекпісің?
Марья Ивановна оған барлық болашағының осы сапарына байланысты екенін, өзі ақ ниеті үшін опат болған кісінің қызы болғандықтан, белді адамдардың көмегімен қамқорлығын іздеуге баратындығын түсіндірді.
Әкейдің иығы түсіп кетті. Баласының жалған қылмысы әңгіме болғанда, ол туралы өзгелердің айтқан сөздері жүрегіне инедей қадалатын, мінеу сияқты көрінуші еді.
— Барам десең жүре бер, шырағым!- деді ауыр дем алып; - сенің бақытыңа кесір болғымыз келмейді. Құдай саған арын сатпайтын, қайырымды күйеу кездестірсін - қарт осыны айтты да, бөлмеден шығып кетті.
Марья Ивановна шешеймен оңаша қалып, оған өз ойларын шет жағалап түсіндірді. Шешей Марья Ивановнаны жылап тұрып құшақтап: жолы болуын, ниетіне жетуін тіледі құдайдан. Соңынан жол жарағы әзірленіп, бірнеше күннен кейін адал қызметшісі Палаша мен Марья Ивановна жолға түсті; менен еріксіз айырылған ақ пейіл Савельич мен үшін қалыңдығыма қызмет еткенін тыныс көріп, осы сапарға о да бірге кетті.
Марья Ивановна аман-есен Софияға жетті, патша ордасының ол кезде Царское селода тұратынын естіп, сол жерге тоқтады. Оған қоршаулы бір бұрыш жатар орынға тиді. Патша сарайын бақылаушының әйелі салған жерден сөйлесе кетіп, өзінің сарай пешін жағушыға туыс екенін білдірді, сарай өміріндегі барлық құпия сырларға қанықтырды. Патша ханымның қай уақытта тұрып, қай уақытта кофе ішіп, қай мезгілде серуенге шығатынына дейін қалдырған жоқ; қай ұлықтың патшаға қай реттермен жақындығы, кешкі мәжілісте дастарқан үстінде қандай әңгіме айтуға рұқсат беретіндігі, кешкісін кімдерді қабылдайтындығы, бәрін қалдырмай соқты. Қысқасы, Анна Васильевнаның айтқандары тарихи әңгімелердің бірнеше беттеріне татырлық, ұрпақ үшін қымбат боларлық сырлар еді. Марья Ивановна соның бәрін зейіндене тыңдады. Екеуі бақшаға барды. Анна Васильевна әрбір аллеяның, әрбір кішкене көпірдің тарихына дейін сөйлеп берді, алаңсыз қыдырып болған соң, бір-біріне әбден риза болған пішінмен станцияға қайтты.
Келесі күні Марья Ивановна ерте оянып киініп алды да, ақырын ғана шығып, бақшаға жөнелді. Азанғы мезгіл ғажап еді, күздің жаңа лебі сарғайтқан липа ағаштарының басына түскен күн сәулесі әлдеқандай сиқырлы бояу жаққандай. Жалпақ қол де қимылсыз жалтырайды. Жаңадан өрген аққулар жағадағы шоғырдың түптерінен қалқып шыға бастады. Марья Ивановна граф Петр Александрович Румянцевтің жуырдағы жеңіс құрметіне жаңадан ғана ескерткіш орнатылған сұлу орманға барды. Ағылшын итінің тұқымы - ақ кәнден кенеттен шәуілдеп үріп, алдынан жүгіріп шыға келді. Марья Ивановна шошып кетті де кідіріп қалды. Осы минутта құлаққа жағымды әйел дауысы да қосыла естілді:
— Қорықпаңыз, қаппайды.
Марья Ивановна ескерткіштің қарсы алдында скамейкада отырған әйелді көрді. Сол скамейканың екінші жағына барып өзі де отырды. Әйел одан көзін алмай қарауда. Марья Ивановна да көз қимылын бірнеше рет солай қарай аударып, басынан аяғына дейін түгел аңғарып қалды. Әйелдің үстінде ақ көйлек, мойынында қара шалма, соның сыртынан жылы бешпет киіпті. Жасы қырықтардың шамасында көрінді. Толық, қызыл шырайлы, жүзі салмақ пен байсалдылықты сездіргендей, ал көкшіл көзі мен сол жымиған кескіні сөз жетпестей сұлу шырайлы түр беріп тұр.
Алдымен әлгі әйел бастады сөзді.
— Сіз бұл жердікі емес шығарсыз?— деді.
— Дәл айттыңыз, кеше ғана провинциядан келіп едім.
— Туыстарыңызбен келген боларсыз?
— Жоқ, жалғыз келдім.
— Жалғыз өте жассыз ғой әлі...
— Әкем де жоқ, шешем де жоқ, жалғызбын.
— Сіз мұнда, әрине, бір шаруамен келген боларсыз?
— Мұны дәл айттыңыз. Ұлы патшамызға арыз бергелі келдім.
— Сіз жетімсіз ғой: әділсіздікке, көрген жәбіріңізге шағымыңыз бар шығар?
— Жоқ, мен заң әділдігін емес, мейірім сұрай келген адаммын.
— Сұрауға рұқсат етіңізші, өзіңіз кім боласыз?
— Мен капитан Мироновтың қызымын
— Капитан Мироновтың! Орынбор крепостарының бірінде комендант болған кісінің ғой?
— Дәл солай.
Әйел елжірегендей көрінді.
— Кешіріңіз,- деді ол бұрынғыдан да гөрі мейірбан дауыспен; — егер мен сіздің ісіңізге орынсыз аралассам — айып етпеңіз; бірақ, мен сарай маңына араласым бар адаммын: сондықтан сұрай келген тілегіңізді маған толығырақ түсіндіріңіз, мүмкін, қолымнан келсе жәрдем істеп қалармын.
Марья Ивановна орынынан тұрып ізетпен тәңір жарылқасын айтты. Белгісіз әйелдің барлық қасиеттері Марья Ивановнаның жас жүрегі мен ішкі сезімін еріксіз билеп алғандай болды. Ол сырын жасырмасқа бел байлады да, қалтасындағы бүктелген қағазын алып, белгісіз қамқоршыға ұсына берді; әйел ішінен оқи бастады.
Алғашқы кезде шын көңілімен ықыластана оқып отырып, оның жылы жүзі кенеттен өзгере қалды, сырт қозғалысынан көзін айырмай отырған Марья Ивановна да қатты сескенді: бір минут бұрын жаздай жарқыраған сүйкімді беттің мұншалық суық тартуы шын-ақ шошытқандай еді.
— Сіз Гринев үшін келдіңіз ғой?- деді ол назарын суытып; - Патша ханым күнәсін кешіре алмайды. Ол самозванецке балалығымен я шалалығымен емес - арсыз, зиянкестік ниетімен қосылған.
— Ой, дұрыс емес! - деді Марья Ивановна, даусы қатты шығып кетті.
— Қалай дұрыс емес?- әйелдің де бетінен ашу ұшқыны көріне бастады.
— Дұрыс емес, құдай біледі, дұрыс емес! Мен бәрін білемін. қаласаңыз бастан-аяқ айтып та берейін. Оның барлық тартқан азабы, қазіргі көрген бейнеті бір мен үшін ғана. Егер сот алдында ақталмаса оның да себебі бар: менің басымды лас іске шатастырмас үшін істеп отыр.
Содан кейін оқушым білетін оқиғалардың түгін қалдырмай, Марья Ивановна түгел айтып шықты. Әйел де асықпай отырып, сабырмен тыңдады.
— Қайда түстіңіз?- деді тыңдап болған соң. Анна Васильевнаның үйіне деген жауапты естіген соң күле сөйледі:
— А! Білемін, - деді күлімсіреп; — Ал енді, сау болыңыз, кездескеніміз жөнінде ешкімге айтпаңыз. Хатыңыздың жауабын кешікпей аларсыз деп сенемін.
Осы сөздерді аяқтап болмай-ақ орынынан тұрды да, жабық аллеяға кіріп кетті, ал, Марья Ивановна көкірегі толған қуанышты үмітпен Анна Васильевнаға қайтты.
Үй иесі Марья Ивановнаға кейіді. Оның сөзінше күзді күні ертемен серуендеу жас қыздарға зиянды сияқты. Анна Васильевна самауырды кіргізіп, сарай жайындағы бітпейтін әңгімесін шай үстінде айтуға енді кірісе бергенде, үйдің алдына қарай сарай каретасы кеп тоқтады, сол екі арада камер-лакей де үйге кіріп: - Миронов қызын Патша ханым шақыртып жатыр дегенді естіртті.
Анна Васильевна аяғы күйген тауықтай тыпырлап, есі шытып кетті.
— Ah, жасаған! - деді бажылдап; — сізді Патша ханым шақыртып жатыр дейді. Мұнда екеніңізді қалай білді екен? Патшаға қалай көрінерсің, қарғашым? Тым болмаса өзіңізді сарай адамдарынша ұстай білсеңіз екен-ау... Бір есептен өзім ертіп барсам ба екен? әлде нелерден сақтандыруға пайдам тиер еді онда. Ұят-ай, мына жол киімімен қалай көрінесіз? Жоқ, әлде осы жердегі кіндік кесетін әйелдің сары көйлегін алдырсақ па екен?
Бұл әңгімеге камер-лакей араласты. Ол патша әмірі бойынша Марья Ивановнаның жалғыз және осы киімімен жүре беруі керектігін білдірді.
Енді қарайлар ештеңе де жоқ: Анна Васильевнаның қайыр дұғасын, ақылды кеңесін алды да, Марья Ивановна каретаға отырып, жүріп кетті.
Біздің тағдырымыздың қалай шешілерін Марья Ивановна алдын ала-ақ сезгендей еді; жүрегі лүпілдеп аузына тығылды. Бірнеше минуттан кейін карета сарайға жетіп тоқтады. Марья Ивановна сол қалпымен басқышпен көтеріле бастады. Бір есіктен соң бір есік ашылады. Бірнеше әдемі бос бөлмелерден өтті, камер-лакей жол көрсетіп келеді. Ең ақыры жабық есіктің алдына кеп кідірді де, оның келгендерін білдіру үшін, Марья Ивановнаны қалдырып, камер-лакей өзі кіріп кетті.
Патша ханыммен бетпе-бет кездесемін деген ойдың өзі құтын шырып, аяғын әрең басып тұр. Бірер минуттан кейін есік ашылды да, Марья Ивановна патшаның киінетін бөлмесіне кірді.
Патша ханым туалетінің үстінде екен. Оны қоршаған бір топ сарай қызметшілері ізетпен араларын ашып, Марья Ивановнаны өткізді. Патша ханым оны жылы шыраймен қарсы алды. Жаңа ғана бақшада кездесіп, ашықтан-ашық сөйлескен әйелінің кім екенін Марья Ивановна енді таныды.
Патша өз қасына шақырып алды да, күлімсіреп тұрып, сөз бастады;
— Мен сізге берген уәдем бойынша, тілегіңізді орындағаныма қуаныштымын. Жұмысыңыз бітті. Сүйген жігітіңіздің күнәсыздығына да сендім. Ал мына хатты болашақ қайын атаңызға өз қолыңызбен апарып тапсырыңыз, - деді.
Марья Ивановна қалтыраған қолымен хатты алды да, еңірей жылап патшаның аяғын құша жығылды. Патша оны өзі тұрғызып, бетінен сүйді.
— Сіздің бай емес екеніңізді де білемін, - деді патша шын көңілмен; — бірақ мен капитан Миронов қызының алдында борыштымын. Болашақ үшін де қам жемеңіз. Сізге жасау, дүние әзірлеп беруді де өз мойыныма аламын.
Жетім бейшараны Патша ханым өзі жұбатып, еркелетіп қайтарды. Марья Ивановна жаңағы каретамен түскен жеріне келді. Қайта көріскенше сабыр таппай күткен Анна Васильевна алуан сұрақты жаудыра бастады. Оның көбіне Марья Ивановна толық жауап та қайтара алған жоқ. Марья Ивановнаның осыншалық абдырағанына Анна Васильевна наразылық көрсеткендей де еді, бірақ, онысын елдегі ұялшақтығына балап, кешірген болды. Петербургті аралай кетуге де қызықпай, Марья Ивановна сол күні деревняға қайтты...
Петр Андреичтің жазғандары осы жерден бітеді. Туыстарының айтуына қарағанда, ол тұтқыннан 1774 жылдың аяқ кезінде патшаның өз бұйрығымен босанған; Пугачев өлтірілетін жерде де ол ішінде бопты. Пугачев оны өлер алдында топ ішінен танып қап, бас изепті, бір минуттан кейін оның қанға көмілген жансыз басы халыққа көрсетіліпті. Соның артынша Петр Андреевич Марья Ивановнаға үйленген. Олардың ұрпақтары осы күні Симбир губерниясында, рақат өмірде тұрады.
*** ден отыз шақырым жерде он помещикке ортақ бағынышты село бар. Сондағы бір үйде, айналасы қоршаулы, беті шыныланған Екатерина ІІ-нің өз қолынан жазған хаты тұр. Хат Петр Андреевичтің әкесіне арналып, баласының ақтығын, капитан Миронов қызының ақылдылығы мен тапқырлығын мақтаған.
Біз Петр Андреевич Гриневтің қолжазбаларын оның немерелерінің бірінен түсірдік, атасы суреттеген мезгілдегі істермен біздің шұғылданып жүргенімізді есітіп, ол әдейі беріп жіберіпті. Туыстарының рұқсатымен әңгімелерінің ор тарауына ыңғайлы эпиграф қостық та, кейбір кісілердің аттарын ғана өзгертіп, бөлек бастырып шығаруды орынды көрдік.
19 октябрь, 1836 ж.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: