Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Көйлек мәселесі

Әңгіме:  Бердібек Соқпақбаев | Көйлек мәселесі


Күздің бұлыңғырлау бір күні, таңертеңгі мезгіл. Трамвай іші халыққа толы. Жанар кондуктордың тап қасындағы орындықта терезе түбінде ештеңеге көңіл аудармай, ойға шомып отыр.

Оның ұзын қайқыш кірпіктеріне ұялаған, күн шығар алдындағы орман үстіндегі бозғыл тұман секілді бір селдір көлеңке бар. Ол түнде ұзақ қадалып отырғандықтан ұйқы қанбағандықтың табы.

Трамвай, әдеттегіше, қоңырауын шылдырлатып кеп тоқтай қалды. Жұмысқа асыққан жұрт жабырласып тез мініп жатты. Тап осы кезде есік алдынан бір әйелдің шіңкілдей шыққан ашы даусы Жанардың тұнған ойының шырқын бұзып жіберді де, жалт бұрылып қарады. Бажылдап тұрған түбіт шәлі салған, шұбалаң қызғылт пальто киген, аяғында қонышына тірі ұстаған қызыл күрең туфлиі, қолында сол тұста былғары сумкасы бар сұңғақ бойлы, шегір сары келіншек еді. Жанар оны тани кетті. «Кербез ғой мынау, әкем - ау, қайдан жүр?!

Кербез бір аяғын трамвай баспалдағына салған күйде артына жалт бұрылды, жұртты бөгеп, қып – қызыл, қаймақтай жұқа еріндері жып-жып етіп шапылдап тұр.

— Сендер маған жоя көрсетпеңдер. Мінемін мінбеймін бе, өз еркім. Немене бәрің жабылып шу – шу етесіңдер. Алдағылар арырақ өтсін.

— Ішке кіріп сөйлеңіз, азаматша.

— Мінгіңіз келмесе, өзгеге жол беріңіз.

Жүретінін білдіріп, трамвай қоңырауын тағы шылдырлатты.

— Қайда кимелеп барасыңдар! Бұл не өзі? Кілең мәдениетсіздер. Туфлиімді былғадыңдар құлақ сетіндей ащы дауыспен баж-баж eтуіне қарамастан, жұрт Кербезді толқын лақтырған жаңқадай тықсырып, ішке алып кетті.

— Ашуланбаңыз, азаматша! Жас адам да мұнша бақырауық бола ма екен. Жұрт жұмысқа асығып барады ғой, — деді оған алдында тұрған еңгезердей еркек.

— Мен де асығып барамын. Сонда біреуді түйеше таптауға бола ма? Безобразия! Киімнен не қалды? Ал сіз азамат, рұқсат етіңізші? Мен отырайын, өкпем қысылып кeтті!.

Жанардың қасында отырған қолында папкасы бар азамат тұрып, Кербезге орын берді, Кербез асығып шығып жатып:

— Қасына әйел адам келгенде айтқызбай-ақ түрегелмей ме,— деп жігітті сөгіп те үлгерді.

Жігіт бірдеңе айтқысы келіп алая бір қарады да, үндемеді.

— Ойбай-ау. Сен Жанармысың? Ойламаған жерден мынаны қара! Халің қалай? Көрдің бе, мына біреулер, қабырғамды сындырып жібере жаздағанын. Ие, институтты бітірдің бе, Жанар қайда жіберді?

— Осында қалдым.

— Осында қалдым деймісің, жақсы болған екен. Қалада тұрғанға не жетсін. Қызмет істеп жүрмісің?

— Аспирантурада оқып жүрмін.

— Айтпақшы, кеше әлгі теке... Теке... Қошқарбаевты көрдім... Ол да аспирантураға қалған көрінеді. Осы күні аспирантура деген модыға айналған ба? Еһ, Жанар, студенттік өмір десеңші! Мен ақымақ оқи бергенде, міне енді сендермен бірге бітіріп шығатын едім ғой.

— Иә, сен қате істедің, Кербез.

— Бірақ, Жанар, институт бітіргендерді де көріп жүрміз. Тек диплом иметь ету үшін болмаса... оның үстіне мен математиканы әуел бастан-ақ тажалдай жек көретінмін. Келер жылы консерваторияға түспекші болып жүргенімде қазіргі Топайкөгім (сен кешір, Жанар, мен күйеуімді солай атай беремін) кездесіп қап, кенеше жабысып жүріп қыр соңымнан қалмай қойды. Қармағына қалай түсіп қалғанымды өзім де білмеймін. Оның үстіне тұрмысымыз да жаман емес. Содан соң, жұмыс істеп несіне әуре болайын, не жетпей барады, деп үйде отырып қалдым.

— Дегенмен сырттан оқысаң да институтты бітіріп алу жөн емес пе?

— Менің характерімді Жанар өзің білесің ғой, сырттан оқып не мәз таптырамын. Оның үстіне қол да тимейді. Келетін қонағың, шақырылатын жерін бар деген сияқты... Айтпақшы, көп жасағыр Жанар, қаланың тұрғын адамысың ғой, сенің мұнда таныс жақсы тігіншің бар ма?

— Бірдене тіккізейін деп не едің?

— Иә, сондай бір керегі боп тұр. Бар болса, айналып кетейін, сонымен мені таныстыршы? Алматыға әдейі сол үшін келіп отырмын.

— Ательеге өзің барсаң да...

— Жоқ, ательенің керегі жоқ.

Кербез қасында тұрғандарға бір-бір қарап алды да, Жанарға қарай еңкейе түсіп, сыбырап сөйледі:

— Мен ақымақ бір асыл нәрсені бүлдіріп алдым. Бәрі өзімнен болды. Көктемде әлгі Топайкөгімнің құлағын қажап жүріп, осы Алматыдан бір помбархат вечерний көйлек алдырып едім. Түсі ашық көк, нағыз қазіргі моды. Өзі міне, мына сумканың ішінде.

Кербез сумкасын сырт еткізіп ашып, ішіндегі ақ полотноға оралған көйлектің шетін шығарды.

— Міне, көрдің бе? Жапсырма гүл! бар. Нағыз әдемісі. Бишара Топайкөгім, әйтеуір айтқанымды істейді. Сөйтіп, алып келген соң киіп қарасам, иығыма қона кетті. Ұзындығы да шап-шақ. Кінәмшыл қатындардың өзі ләм дей алмай, ауыздарына құм құйылып қалды. Әйтпесе, сондай бір жаңа нәрсе киіп шыға қалсаң, олар сынап-мінеп, қайткенде де барасың түсіргісі кеп тұратын әдеті ғой. Со немелердің сөзіне еремін деп, мына пальтомның жарасын бұзып қойғанымды көрдің бе? Бірақ мен де оларға өшімді жібергенім жоқ. Костюм тіккізгелі тұрған матасын, көйлекке лайық деп, бүлдіріп қоя бердім. Қазір не қыс кигеніне жарамайды, не жаз кигеніне жарамайды, бостан босқа сандығында шіріп жатыр. Сол керек өзіне. Ал мен не жөнінде айтып келе жатыр едім? Ие, не, содан әлгі помбархат көйлегімді киіп, Топайкөгімді ертіп ап, киноға барайын. Клубтың есігінен кіре бергенімде айна - қатесі жоқ құдды менің көйлегім секілді помбархат көйлек киген бір әйел алдымнан көлденеңдеп өте бергені... әлгінің оң жақ етегі ағараңдеп, жарқ-жарқ етеді...

— Билетіңізді көрсетіңіз, — деп осы кезде тексеруші Кербездің сөзін бөліп жіберді:

— Не билет? — деп үрке жалт қарады Кербез. А, билет дейсіз бе? Билет... мен билет алған жоқ екенмін ғой. Кербез қалталарын шарлай бастады... — Қап, мынау әңгімемізді бөліп кетті-ау. Билетті сұрамайтын уақытта сұрауын қарашы. Мә, кім беруші еді билетін? Передайте, пожалуйста...

— Мұныңыз жарамайды ғой, — деді тексеруші Кербезге, — трамвайға мінген соң билет алу керек. Мұндай жағдайда штраф салуға қақым бар. Сонда ендігәрі білетін боласыз.

— Мынау не деп тұр өзі? — деді Кербез Жанарға қарап, ерні жыбыр қағып, — мені кім деп ойлайды. Мен... мен... Немене... Мені бір қайдағы бір тиын санаған біреу деп ойлай ма? Бессовестный... Тапқан екен кімге штраф салуды... Егер ауданда болсаң штрафтың көкесін мен саған тартқызар едім. Ал, беpi қара, Жанар? Сен біздің ауданда культурадан түк жоқ екендігі ойлама... Ондағы мәдениет үйін көрсең ғажап қаласың? Рас айтамын, бізге қонаққа келші, көресің сонда.

Жанар құптағандай басып изеп қойды да, манаураған пішінмен терезеге қарады. Кербезге құлағым сенде дегендей саусағымен әйнекке бірдемелерді сыза бастады.

— ...босағадан озбай қалт тұра қалдым да, — деп, Кербез сөзін соза берді, — бұнысы несі деп, әлгі әйелдің етегіне ұрланып қарай бастадым. Сөйтсем, міне қызық: көйлектің етегіне белге жеткізе ақсары жібектен үш бұрыштап қиықша қойыпты. Жүрген кезде толқынданып, бір көрініп, бір көміліп көздің жауын алады. Өзі қаладан келген, мен танымайтын әйел екен. Е, бұл бір жаңа мода екен дедім де, киноны тастап, дереу үйге қайттым. Кейде зәру боп іздеген заттың табылмай әлекке салатыны бар ғой. Қас қылғандай сол кезде үйде бір тілім ақ жібек болмай қалар ма? Түнделетіп раймагтың сатушысына бардым. «Тәтетай, магазинде бұйырмасынға бір метр ондай зат жоқ», - деп жалынды сатушы. Сенбедім. «Сем еріншектік істеп отырсың, қу шешек. Кәне, магазинді дереу ашып көрсет», — дедім. «Тәтетай - ау, мезгілсіз уақытта магазинді ашуға болмайды ғой», - дейді әлгі. «Ештеңе етпейді, ешкімнің көзіне түспейміз», — Десем, көнбейді. Өзі сауда техникумын жаңа бітіріп келген бір боқ мұрын бала еді. Сосын қаһар төгіп, ашуға кеттім. Ей, көзіңді ашып қара, бала. Мені кім деп тұрсың өзің? Ашуланғаным сондай, мен прокурордың әйелімін деп те жіберіппін ғой. Аш қазір магазинді! Әйтпесе сенің ертең бұл орында қызмет істеуің қиынға түседі. Сонда да әлгі безбүйрек міз бағар емес. Әй, сенің ызаң ба деп, көзіңді шарасынан бір шығарайын деп, жүрген бойда өзімнің Топайкөгімнің кеңсесіне бардым. Осылай да осылай, мына бір боқ мұрын бала мені кезіне ілгісі келмейді десем, әлгі менің маубасым «сабыр ет, сәулешім. Бұл жерде сенікі дұрыс емес. Магазинді мезгілсіз ашуға болмайды», — деп өзімнің бетімнен алғаны. Қаным қайнап-ақ кетті! Абиыр болғанда көзіме терезедегі ақсары жібек перде түскені! Әйтпегенде күйеуімнің сыбағасын мықтап тұрып беретін едім. Дереу барып, бауын борт-борт үзіп, «міне, ендеше», деп, терезе пердені сыпырып алып кете бардым. Топайкөгім ләм демеген күйі мелшиіп отырды да қалды... Хе – хе - хе, қойсаңшы, Жанар, менің характерімді өзің білесін ғой... содан үйге келген соң дереу помбархат көйлектің етегін қиғаштап Кәсіп тастадым да, ақсары жібектен екі қабат етіп қиықшаны қойып кеп жібердім. Сосын киіп алып, үлкен айнаның алдына олай да жүріп қараймын, былай да жүріп қараймын, Әлгі әйелдікіндей болды да шықты...

Жанар кенет селк етіп:

— Мен түсетін жерімнен өтіп кетіппін ғой, — деп, орнынан тез түрегелді.

— Қай жерде түспекші едің? Тоқта, мен де түсейін... Әңгімеміз бітпей қалды ғой.

Бұл кезде трамвай ішінде халық азайып, оңашаланып қалған. Келесі остановкада Жанармен ілесе Кербез де түсті.

— Ал, Жанар, енді қалай жүресің?

— Кітапханаға бармақшы едім.

— Мен сені асығып барады екен десем... Тоқтай тұр... Ал ертеңінде бір үйде вечер болды да, сонда әлгі помбархат көйлекті әйел екеуіне қатар отырып қалдық. Бір кезде оның көзі менің етегімдегі қиықшаға түсіп кетіп: «Немене, сіз де етегіңізді күйдіріп алдыңыз ба?» —деп сұрайды. «Е, жоға — дедім мен шошып қап.— Ал сіздің етегіңізге не болып еді?» «Мен күйгізіп алғамын»... — дейді әлгі сұмырай...

— Міне, қысқартып айтқанда, Жанар, — деп бір күрсінді Кербез, — Алматыға осы көйлектің мәселесімен келіп отырмын. Бұл маған бір қасірет болып жабысты. Соны үлкен тігіншілерге көрсетіп ақылдасайын деп едім. Осы күйінде киюге бола ма, болмай ма? Тіпті мұны модыға өндіріп берсе қайтер еді. Сен қалай ойлайсың, а? Жанар қолын шекесіне апарып:

— Кешір, Кербез, сен нені айтып тұрсың? — деді

— Әлгі көйлекті айтып тұрмын?

— Қай көйлекті?

Кербездің көздері шақшиып кетті: етіне от түскендей күйіп пісіп:

— Саған адам деп, бірге оқыған жолдас деп әңгіме айтып келе жатқан мен нағыз ақымақ екем, - деді де қолын бір – ақ сілтеп, жалт бұрылып жөнеле берді.

Facebook

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Бердібек Соқпақбаев Көйлек мәселесі туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бердібек Соқпақбаев Көйлек мәселесі на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]