Әңгіме: Антон Чехов | Дұшпандар
Сағат онға қараған қыркүйектің бейуақ кешінде земстволық дәрігер Кириловтың алты жасар жалғыз ұлы Андрей жұқпалы тамақ дертінен қайтыс болды. Дәрігердің әйелі жаңа ғана көз жұмған сәбидің төсегі алдында тізе бүгіп, дәрмені құрып, талықси берген кезде ауыз үйден қоңырау шыр ете түсті. Қауіпті аурудан қорқып, барлық жалшы біткен таңертең - ақ үйден аласталды. Кирилов бешпетсіз, желеткесі желбегей, карболка күйдірген қолы мен тер сорғалаған бетін сүртпестен есікті өзі барып ашты. Ауыз үй тастай қараңғы еді, үйге кірген кісінің тек орта бойлы, ақ бөкебайлы, боп-боз, жалпақ бетті жан екенін ғана байқайсың, шүберектей бозарған адамның ішке енгені сол, ауыз үй жап-жарық боп кеткендей...
— Дәрігер үйде ме екен?.. — деді кірген кісі аптыға сөйлеп.
— Үйдемін! — деді Кирилов, — нендей шаруаңыз бар еді?
— А, бұл сіз бе? Өте қуаныштымын! - деді кірген адам қуанып, қараңғыда сипаланып, дәрігердің қолын алып, қатты қысты. — Тіпті... өте қуаныштымын! Біз бұрыннан таныспыз ғой!.. Мен — Абогинмін... Жаздыгүні Гнучевтікінде өзіңізбен бірге болып, бір жасап қалып ем. Сізді үйден тапқаным қандай жақсы болды... Құдай үшін, қазір менімен бірге жүрсеңіз деймін... Әйелім қатты сырқаттанып қалды... Көлігім де дайын...
Үйге кірген кісінің дауысынан да, жүріс-тұрысынан да әбден абыржығандық байқалады. Тап бір өрттен, әлде құтырған иттен шошынған ба дейсің, ентігіп әрең демалып, даусы дірілдеп, сөзінде пәтуа жоқ, бала құсап былдырлап кетті. Есі шығып, үрейі ұшқан адам секілді, бұл да сөзінің аяғын жұтып, бұзып-жарып сөйлейді, келген шаруасына қатысы жоқ қайдағыны айтып сандырақтап тұр.
— Сізді үйден таба алмаймын ба деп қорқып ем, - деді ол сөзін жалғастырып. - Сізге жеткенше жол бойы жанымды қоярға жер таппай қиналдым... Киініңізші, жүріңізші, құдай үшін! ...Бұл өзі былай болды. Өзіңіз білетін әлгі Александр Семенович Папчинский келе қалғаны... Біраз әңгімелестік... Сонан соң шай ішуге отырдық; кенет әйелім шыңғырып, жүрек тұсын ұстаған күйінде орындықтың арқалығына сүйеніп талып түсті. Тез екеулеп кереуетке апарып жатқыздық та... есім қалмай мүсәтір спиртін самайына жағып, су бүріктім... сонда да сұлқ жатыр... Қайдам, қантамыры кеңейіп кетті ме деп қорқам!.. Жүріңізші... Әкесі де сол аурудан, аневризмнен қайтыс болған еді...
Кирилов орыс сөзін ұқпайтын адамдай үн-түнсіз тыңдап тұра берді.
Абогин тағы да Папчинский туралы, өз әйелінің хәлі жайлы айтып, қараңғыда дәрігердің қолын іздеп сипаланды, дәрігер басын шайқап, әр сөзін созалақтатып сүлесоқ жауап қатты.
— Кешіріңіз, мен бара алмаймын... жаңа әзірде ғана... ұлым қаза болды...
— Не дейсіз, шын ба? — деді Абогин жөнді үні шықпай, кейін шегіне түсіп. — Құдайым-ай, жаманаттың дәл үстіне кеп қаппын ғой! Бұл не деген бақытсыз күн еді... Адам түсініп болмайды. Қарашы, дәл осы сәтке тап болғанымды... әдейі біреу айдап келгендей!
Абогин есіктің тұтқасын ұстаған күйі мелшиіп, басын шайқай берді. Шамасы, "кетсем бе екен, әлде жүріңіз деп жалына берсем бе екен" деп, не істерін білмей дал боп тұр.
— Тыңдаңызшы, - деді ол аптыға сөйлеп, Кириловтың жеңінен тартып — Жағдайыңызды әбден түсініп тұрмын. Ұят-ақ болды, дәл осындай сәтте сізді әбігерге салғанымды құдайдың өзі кешірер, бірақ оған не шара?.. Өзіңіз ойлаңызшы, сізден басқа кімге барам? Бұл маңда сізден өзге дәрігер де жоқ қой. Жүріңізші, құдай үшін! Қарақан басымды ойлап тұрғам жоқ... Ауырған мен емеспін!
Үйді үнсіздік жайлады. Кирилов теріс қарап бұрылып, біраз тұрды да, ауыз үйден кең бөлмеге қарай кіріп кетті. Жылдам басып. қалай болса солай жүрген жүріс-тұрысына қарап, залдағы сөнген шамның түкті қалпағын түзеп, үстел үстінде жатқан қалың кітапқа үңілген тұрпатын көріп, дәл осы сәтте оның ойында ешқандай үміт те, ниет те жоқ екенін аңғарар ең, тіпті ол қарсы алдында қалқиып тұрған бөтен адамды да елеген жоқ.
Кең бөлменің алакөлеңкелігімен жым - жырттығы оны одан бетер еліктіріп жіберді. Бұл кең бөлмеден өтіп, өз кабинетіне кіре бере аяғын шәлкес басып, есіктің босағаларын сипалады, дәл осы уақытта оның тұла бойында бір түсініксіз сезім пайда болды. Тап бөтен біреудің үйіне кіріп келгендей қуыстанып немесе өмірінде түңғыш рет өлердей мас болған адамдай есеңгіреп меңзең боп тұрды.
Кабинеттің бір қабырғасын алып кітаптар жиналған сөреге жарық жолағы мол түсіп тұр. Бұл сәуле карболка мен эфирдің тұншықтырар сасық иісіне араласып, кабинеттен жатын бөлмеге кіретін есіктің саңылауынан болар-болмас жылтылдайды. Дәрігер үстел жанындағы жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті, бір сәт манаурап жарыққа шомылған кітаптарын шолып өтті, қайта тұрып, жатын бөлмеге кірді.
Мұнда да сап-салқын тыныштық жайлаған. Үйдегі ұсақ-түйек заттарға дейін дәл әлгіндегі жан қиналысы мен аурумен арпалыстың куәсіндей тұнжырап, енді тыныс алғандай. Орындық үстіндегі сығылысқан шыны сауыттар мен қораптар, кішкене құтылар арасында әрең көрінген майшам мен тартпалы сөре үстіндегі үлкен шам бүкіл бөлмені жарыққа бөлеп тұр. Дәл терезе алдындағы төсекте жантәсілім қылған баланың бет-әлпеті әлденеге таңырқағандай, көздері бадырайып жатыр. Бірақ қозғалмайды, сөйтсе де бадырайған көздер бірте-бірте шүңірейіп шықшытына кіріп барады. Ұлының төсіне қолын қойып, төсек-орынға бетін басып, кереует алдында тізерлеген күйде шешесі отыр. Ол да қыбырсыз, әйткенмен жауырыны бүлкілдеп, буын - буындары дірілдеп, жаны бары байқалады.
Шешесі дәрменсіз талықсып құлап, енді сол жерден демеу тапқандай, "жаңа ғана жан берген баланың тыныштығын бұзып алмайын" дегендей үн шығармай, бүгілген күйде қозғалмайды.
Еденде жатқан көрпелер, шүберектер, шылапшындағы тұнған су, әр жерде шашылған қасықтар, у тас езілген суы бар шыны, кісіні тұншықтырар сасық ауаның бәрі де тылсым тауып тына қалғандай.
Дәрігер әйелінің қасына келіп, қолын шалбарының қалтасына салып, басын бір жағына қисайтып, ұлына қадала қарап қалыпты. Жүзінде бейқамдық бар, тек сақалының ұшына ілінген мөлдір шыққа қарағанда жаңа ғана жылағаны байқалады.
Өлім жайлы сөз болғанда кісінің жүрегін ұшыратын үрей бұл жатын бөлмеден сезілмейді. Тап қазіргі тына қалған тыныштық пен ана байғұстың бүк түсуі, дәрігер жүзіндегі сүлесоқтық жүректі қозғап, көңілді жасытады. Бұларда адам қайғысының қолға ұстап, көзге көрінбейтін ғажайып нышаны бар секілді. Оны түсініп, суреттеп жатуға тіл жетпейді. Тек ол ғажайыпты музыка құдіреті ғана жүрекке жеткізе алатын шығар. Сол нышан жабырқау тыныштықтан да байқалады. Кирилов пен оның әйелі бұл ауыр қайғыдан басқа да жан жүректерін езетін сұмдықты сезінгендей сазарған күйі, жылаған да жоқ; мына өлген баламен бірге олардың сонау бір жастық шақтары өтіп кеткендей, енді қайтып нәрестелі болу үмітінен мәңгі қоштасқандай! Дәрігердің өзі қырық төрт жаста, сақал - шашы ағарып шал боп қалғанға ұқсайды, қатып-семген дімкәс әйелі отыз бесте. Андрей болса жалғызы ғана емес, соңғы көрген сәбиі еді.
Дәрігер бүк түсіп бас көтермей жатқан әйеліңдей емес, жүрегін жеген қайғыға шыдай алмай, әрі-бері теңселіп жүрді. Әлден соң әйелінің жанына барып біраз тұрды да, жатын бөлмеден қайта шығып, жартысын түгел диван алып тұрған кішкене бөлмеге кіріп, одан ас үйге өтті. Пеш жанындағы аспаз әйелдің төсегін маңайлап, сипалақтап біраз жүрді де аласа есіктен еңкейіп өтіп, ауыз үйге шықты. Осы жерде ол ақ бөкебай мен әлгі боп-боз жалпақ бетті тағы да көріп қалды.
— Түу, әйтеуір! — деді Абогин күрсініп, есіктің тұтқасын ұстай беріп, — жүріңізші, өтінемін!
Дәрігер селк ете түсіп, оған жалт қарады да, енді бірдеңе есіне сап ете түскендей:
— Түсінесіз бе өзіңіз, маған баруға болмайды деп қанша айтамын сізге? — деді ол есін жиып — Қызық екен!
— Дәрігер-ау, мен балшықтан соғылған бейне емеспін ғой, жағдайыңызды жақсы түсініп тұрмын... қайғыңызға ортақпын! - деді Абогин жалынышты үнмен мойнындағы бөкебайын сипалап - өзім үшін өтінсем бір сәрі... әйелім хәл үстінде жатыр ғой. Егер сіз оның ойбайын естіп, қан - сөлсіз жүзін көрсеңіз ғой, сонда ғана менің мына қадалған жерден қан алған қылығымды кешірер едіңіз! Құдайым - ау, мен сізді киініп келуге кеткен екен деп ойлап ем! Дәрігер, ерте күнді кеш қылмайық! Жүрейікші, өтінемін сізден!
— Мен бара алмаймын! — деп нық айтқан Кирилов залға қарай беттеді.
Абогин соңынан жүгіріп, жеңінен ұстай алды.
— Сіз қайғылы адамсыз, оны түсінемін, бірақ мен сізді тісімді емдеп, не болмаса өлімді анықтап беріңіз деп емес, ажалға араша болыңыз деп шақырып тұрмын ғой! — деді ол мүсәпірше жалбарынып - өмір деген адам қайғысының қандайынан болса да қымбат қой! Бір ерлік жасап, азаматтық істеңізші! Адамға деген жақсылығыңыз болсын!
— Адамға деген жақсылық! Екіұшты нәрсе, — деді қалшылдап Кирилов. — Адамды ардақтап, сыйлай білсеңіз, онда маған маза беріңіз. Құдайым - ау, өзіңіз қызық екенсіз? Мен болсам аяғымды әзер басып құлағалы тұрмын, ал сіз адамды сыйлау керек деп қорқытасыз! Менің дәл қазір түкке шамам жоқ... Қайтсеңіз де бара алмаймын, әйелімді жалғыз қалай тастап кетемін? Жо-жоқ, болмайды... - Кирилов екі қолын сермеп кейін шегіне берді. - Жо-жоқ, жалынбаңыз! - деді ол тағы да шошынғандай - Кешіріңіз мені... Заңның он үшінші томына сәйкес баруға міндеттімін, тіпті көнбеген жағдайда сіз мені жағамнан сүйреп апаруға қақыңыз бар... Ерік өзіңізде, мейлі сүйреңіз, бірақ... мен қатты шаршап тұрмын... Керек десеңіз тіл қатуға дәрменім жоқ... Кешіріңіз...
— Дәрігер, сіз бүйтіп бекерге шала бүлінбеңіз! Менімен дұрыстап сөйлесіңіз! - деп Абогин тағы да оның жеңіне жармасты. - Құрып кетсін, он үшінші томыңыз! Сізді күштеп апаруға қақым жоқ. Барғыңыз келсе - жүріңіз, бармайсыз ба - ерік өзіңізде, бірақ арыңыз білсін. Жас әйелдің хәлі анау! Өзіңіз айтып тұрсыз, жаңа ғана ұлыңыздан айырылыпсыз, сонда менің қыл үстіндегі хәлімді сіз түсінбегенде кім түсінеді?
Абогиннің қатты күйзелгені сонша, даусы дірілдеп шықты. Жалынған сөзінен гөрі оның діріл араласқан үніне илануға болар еді. Абогин ағынан жарылып тұр. Жағынып, жалбарынып, жылы-жылы сөйлеп жақсы көрінгісі келіп - ақ еді, біраз сөздері бытырап, бәтуасы кетті. Тіпті, дәрігердің мына шаңырағын, анау өз үйінде өлгелі жатқан әйелді тілдеп тұрғандай естілді. Соны өзі де сезді ме, болмаса тілегін түсіндіре алмай қалам ба деп қорықты ма, әйтеуір не керек, айтар ойымды жеткізбесем де ең болмаса тәуір сөйлеп қалайын деп даусын құбылтып, сұлу сөйлеуге тырысып бақты. Әдетте айтар сөз қаншама әдемі, қаншама терең болғанмен, ол бақытты және бейшара жандарды тебірентпейді; тек оны сүлесоқ адамдар ғана елітіп тыңдайды, сондықтан да бақыт пен бақытсыздық туралы айтылатын асқақ сөздің түп-төркіні үнсіздік: сүйіскен жандар бір-бірін, тіпті тілсіз ұғысады, ал бейіт басында сарналған қызыл сөз тек бөтен біреулердің ғана көңілін босатады. Өлген адамның артында қалған жесірлер мен жетімдерді жұбатып жүрегін жібітпейді, мәнсіз естіледі.
Кирилов үн-түнсіз тұр. Абогин тағы да сөйлеп кетті. Жанын пида етіп, ажалға араша тұратын, ең құрметті мамандық дәрігер екенін айтып, олардың қасиетін сөз ете бергенде дәрігер тұнжырап:
— Алыс па, баратын жеріміз? - деп сұрады.
— Он үш - он төрт шақырымдай жер. Аттарым жарау, дәрігер! Шын айтам, бір-ақ сағатта алып барып, әкеліп саламын! Бар болғаны бір-ақ сағат!
Адамды ардақтау, дәрігердің қасиетті міндетін алға тартқаннан гөрі, дәрігерге оның соңғы айтқаны қатты эсер етті. Ол ойланып тұрып күрсіне үн қатты!
— Жарайды, жүрейік!
Дәрігер жылдамырақ жүріп, нық басып өз кабинетіне кіріп, біраз кідірді, ұзын бешпетін киіп шықты. Оған қуанған Абогин алды-артын орап, маймөңкелеп, қу жаны қалмай пальтосын кигізіп бәйек боп, үйден ілесе шықты.
Аула қара көлеңкелеу екен, бірақ ауыз үйге қарағанда жарықтау. Енді ғана дәрігердің қушық иегіндегі тұтам ұзын сақалы, құс мұрыны, еңкіштеу тартқан сидиған тұлғасы анық көрінеді. Абогиннің де бозарған жүзі ғана емес, қазандай басы мен төбесінде ғана тұрған студент кезіндегі кішкене бас киімі байқалады. Бөкебайы төс жағында ғана ағараңдайды, желке тұсын жалбыр ұзын шашы жауып кеткен.
— Сіздің бұл кеңпейілдігіңізді сөзсіз ақтармын! - деді міңгірлеген Абогин дәрігерді демеп, солқылдақ арбаға отырғызып жатып, - қазір-ақ заулап жетеміз, әй, Лука, қарағым, алды артыңа қарамай шапшаң айда! Жылдамдат!
Көшір зулата жөнелді. Әуелі аурухана ауласын жағалай салынған көзге көріксіз үйлер шұбап қалып жатты: айнала қап-қараңғы, тек ауланың төр жағындағы біреудің терезесінен төгілген жарық есік алдындағы бақ ішіне түсіп тұр, аурухана үйінің жоғарғы қабатының үш терезесі түнгі аспаннан да күңгірт тартып көрінеді.
Аздан соң заулаған арба қою қараңғылыққа сүңгіп кетті; бұл маңнан жаңа шыққан қозықұйрықтың дымқыл иісі, ағаш сыбдыры естілді, дөңгелектің салдырынан үріккен қарғалар ағаш басында қалбақтап, жапырақтарды саудырлатып, дәрігердің ұлы қаза боп, Абогиннің әйелі хал үстінде жатқанын білгендей үрей шақырып, қарқылдайды.
Әнеки, бірер түп бұта ағаштар қараңдады; үстін қалың қара көлеңке басқан терең сулы тоған жалтырап жатыр, енді солқылдақ арба теп-тегіс жазыққа түсті. Артта қалған қарғалардың қарқылы талып естіліп, біртіндеп барып үні өшті.
Жол бойы Кирилов пен Абогин үн-түнсіз отырды. Тек бір кезде Абогин терең күрсініп:
— Не деген ауыр азап бұл? Айырылып қалам ба деп қорқам, жақын адамыңды осындай сәтте шын сүйеді екенсің! - деп күбірледі.
Арба өзеннен жайлап өте бергенде Кирилов дәл бір су шолпылынан шошынғандай селк ете түсті де, қозғалақтап кетті.
— Жіберіңізші мені, - деді ол мұңайған кейіппен, - кейін өзім барармын, тек қазір бір фельдшерді әйеліме жұмсайын. Ол жалғыз қалды ғой!
Абогин ләм демеді. Арба тастарға соғылып, теңселіп барып құмдауыт жағалауға өтті де әрі қарай жүйткіді. Уайымға шырмалған Кирилов жан-жағына көз тастады. Жұлдыздардың жылт етіп өлеусіреген жарығынан арт жақтағы жол болар-болмас көрінеді, қараңғы қаумалаған жағалаудан сәмбі талдар қараңдайды. Оң жақта көлбеген кең жазық жатыр, теп-тегіс жазира, кәдуілгі аспан секілді қиыр шеті жоқ, осы жазықтың сонау бір түкпірінде алакөлеңке боп жылтылдап от жанады, шамасы, шым тезекті сазды жер шығар. Сол жақта жолмен қатарласа түп-түп бұталар өскен бұйра төбе қарауытып көрінеді, төбенің ұшар басында бетін жұқа тұман тұмшалаған үлкен жарты қызыл ай тұр. Оның жан-жағын қамап, ешқайда кетпесін дегендей бұлттар қоршап алыпты.
Табиғат атаулыда әйтеуір бір шарасыздық, дімкәстік сезіледі. Жер құдды қараңғы бөлмеде жалғыз өзі қамалып алып, өткен-кеткенді ойламауға тырысқан шерменде әйел секілді, көктем мен жаздың күндерінен жалығып, енді еріксіз келетін қыс күнін асыға күткендей. Қайда қарасаң да айналадағы табиғаттың бәрі Кирилов пен Абогин құтылып шыға алмайтын қап-қараңғы, түпсіз терең, сұп - суық үңгір секілді боп көрінеді.
Арба нысаналы жерге жақындаған сайын Абогин дегбірсізденіп, шыдамы таусылатындай болды. Орнында отыра алмай, атып тұрып, көшірдің иығына асылып, алға қарап асығып келеді. Әйтеуір жетіп, солқылдақ арба тоқыма кенеппен сәндеп қапталған кіреберістегі қалқа алдына кеп тоқтағанда, үйдің екінші қабатындағы терезе жарығынан көз айырмай қараған сәтте Абогиннің дірілдеп тыныс алғаны байқалды.
— Егер бірдеңе бола қалса... онда... мен үзіліп кетермін! — деп ол дәрігерді ауыз үйге ертіп кірді, дегбірі қашып, қолдарын уқалай берді. - Жо-жоқ, ешқандай абыр-сабырлық естілмейді, олай болса әзірге аман-сау екен! — деді тағы да жоғары қабатқа құлағын тігіп.
Ауыз үйден дауыстар естіліп, жүріс-тұрыс та байқалмайды, үй іші жап-жарық болғанмен бәрі де ұйқыда жатқандай тым-тырыс. Әлі бір-бірін жөнді көрмеген Абогин мен дәрігер енді ғана жүздерін анық көрді. Дәрігер ұзынтұра, еңкіштеу келген, киімі олпы-солпы, бет-жүзі де өңсіз кісі. Зәңгінің ерніндей көнтиген ерні, имиген бүркіт мұрны, жанарсыз қарайтын көзіндегі сүлесоқтық, бәрі де әйтеуір бір оның бойындағы тік мінезділік пен қаталдылықты, мейірімсіздікті аңғартқандай. Таралмаған шашы, ұйпаланған самайы, ерте ағарған тұтамдай ғана ұзын сақалы, қаны қашып сарғайған өңі, ебедейсіз қимыл - әрекеті -міне, осындай тұрпайылықтың бәрі бастан кешкен мұқтаждық пен несібесіздіктің өмір мен тіршілік үшін арпалыстан әбден қажығандықтың белгісі еді.
Оның осындай түр-тұлғасына қарап тұрып, осы адамның әйелі бар-ау, баласы өлгенде еңіреп жылады - ау дегенге, тіпті, сенгің де келмейді.
Оған қарағанда Абогин алабөтен адам. Ол тығыршық денелі, ақсары шашты, үлкен басты, жалпақ бетті, сөйтсе де жылы жүзді, соңғы сәнмен әсем киінген. Тұла бойында, түймелерін тырсылдата киген бешпетінде, жалбыр шашында, жүзінде әйтеуір бір мейірім байқалады, басын шалқақ, көкірегін кере ұстап жүреді, сыпайы жұмсақ сөйлейді, бөкебайын мойнынан еппен шешіп, шашын әдемілеп түзеген қимылында әйелдерге тән әсем жинақылық бар. Жаңа ғана сырт киімін шешіне сап, құп - қу боп бозарып, балаша қорқып баспалдақпен жоғары көтерілгенде де әлгі тұла бойындағы аңқып тұрған тоқмейілдік, шүкірлік, менмендік кейпін бұзған жоқ.
— Ешкім жоқ, ештеңе де естілмейді! — деп ол баспалдақпен көтеріліп бара жатты, -әбігерлік жоқ, құдай бере гөр!
Ол дәрігерді ауыз үй арқылы қарауытып қара көрінген, ақпен тысталған аспалы шам ілінген үлкен бөлмеге ертіп әкелді, енді екеуі одан өтіп қызыл іңірге бөленген әп-әдемі, мұп-мұнтаздай төргі бөлмеге кірді.
— Сіз осында отыра тұрыңыз, дәрігер! — деді Абогин. — Ал мен... Қазір... барып көріп келейін... Келді деп айтайын...
Кирилов оңаша қалды. Қонақ бөлменің сығылысқан дүниелері, жанға жайлы қызыл іңірі, шым-шытырық жағдаймен енді бөтен біреудің үйіне келіп отырғаны оған пәлендей эсер ете қойған жоқ сияқты. Ол жұмсақ орындыққа отырды да, жаңа көргендей карболка күйдірген қолдарына қарай береді. Тек қана көзі шымқай қызыл шам қалпағы мен виолончель құндағына түсті, сонан соң сағат тықылы естілген жаққа қарап еді, бұрышта тұрған Абогиннің дәл өзінен аумайтын жоны жоталы тоқ қасқырдың тұлыбын көрді.
Үй іші тып-тыныш. Түпкі бөлмелердің бірінен біреудің "аһ" деген дауысы шықты, әйнек салдыр ете түсті, шамасы, шкаф есігі сынды - ау, қайтадан тына қалды.
Біраз уақыт өтті, Кирилов қолына қарағыштай бергенін қойып, басын көтеріп Абогин шығып кеткен есікке қарады.
Табалдырықты басып Абогин тұр, дәл қазір ол әлгі Абогинге ұқсамайды. Тұла бойындағы тоқмейілдіктен де, нәзік қимылдан да жұрдай боп, әлпетінде де, қолдарында да, тұрған тұрысында да әлдебір үрейлілік пен жанға батқан күйзелістің табы бар, мұрыны, ерні, мұрты жыбырлап, бет-жүзі бұзылып, көзі шарасынан шығып, шатынап тұрғандай. Абогин адымдай басып, төргі үйдің ортасына келді, белі бүгіліп, ыңырсып, жұдырығын түйіп, қолын сермей берді.
— Алдап соғыпты, — деді ол айғайлап, соңғы сөзінің буынын соза түсіп. — Алдап кетіпті... Кетіп қапты!.. Қылжақбас Папчинскиймен қол ұстасып қашып кету үшін ауырдым деп мені алдап, әдейі дәрігерге жұмсапты!.. Құдайым-ай!..
Абогин ілби басып дәрігерге жақындап, быртық қолының саусақтарын оның бетіне тақап, ербеңдетіп зарлай жөнелді:
— Қашып кетіпті... Алдап соқты!.. Бүйтіп өтірік айтпаса өле ме?.. Құдайым-ай!.. Құдайым-ай... Мұндай жиіркенішті, сиқыршы, перілік, азғын ойын кімге керек?.. Ол әйелге мен не жамандық істедім?.. Қашып кетіпті!..
Көзінен сорасы ағып тұр. Бір аяғын салмақпен басып бұрылды да қонақ бөлмеге кіріп, теңселе жүрді. Енді оның өңкиген денесіне сыймай тырсылдаған қысқа бешпеті, аяғын сидитып тар шалбар киген тұлғасы, қазандай басы, жалбыр шашы арыстаннан аумай қалды. Дәрігердің бейғам жүзіне қан жүгірді. Орнынан ұшып тұрып, таңғалып Абогиннің үсті-басын шолып өтті.
— Сырқат кісіңіз қайда, айтсаңызшы? — деді ол
— Сырқат! Сырқат! — деді Абогин айғайлап жылап жіберіп, жұдырығын ербеңдете берді, — ол ауру емес, қарғыс атқан қатын!.. Салдақы! Тіпті жын-шайтанның өзі ойлап таппайтын сатқындық!.. Қылжақбас, топас сайқымазақпен, альфонсо күшік күйеумен қашып кету үшін мені жұмсаған екен-ау!.. О, құдайым-ай! Бұдан да ол әйелдің өлгені артық еді... Құрыдым!... Өлетін шығармын!
Дәрігер бойын жазды. Көзі жыпылықтап жасқа толып, оңға, солға қозғалақтаған жақ сүйектерімен бірге үшкіл сақалы секектеп кетті.
— Апырау, бұл не өзі, түсіндіріп айтсаңызшы! — деді ол жан-жағына таңдана қарап. - Менің балам өліп, әйелім қара жамылып үйде жападан-жалғыз қалды... Өзім болсам болдырып әзер тұрмын... үш күн ұйықтағам жоқ... бұл не өзі? Мені әжуа-мазаққа айналдырып, тәлкек етуге әкелдің бе? Тіпті... түкке түсінбедім!..
Абогин бір жұдырығын жазып, үстел үстінде қалған жазуы бар бүктеулі бір жапырақ қағазды еденге ысырып тастап, жәндікті жаншып өлтіргендей оны табанына салып таптай берді.
— Мен де мұндайды көрген емеспін... Түкке түсінбедім! — деді ол жараның аузын тырнап алғандай, бүгілген бір жұдырығын бетіне басып, тістене сөйлеп.
— Күнде келіп жүргенін көрмеппін ғой, бүгін де күймелі арбамен келгенін қарашы! Күймелі арбамен неге келді? Соны да сезбеппін ғой, сорлы басым! Ақымақпын!
— ...Түсінбедім! — деді дәрігер күбірлеп, — мұның өзі не деген бейбастақ?.. Бұл адамды келеке етіп, ар-намысын аяққа басып таптау! Естіген ел сенбейді... Мұндайды көрсем көзім шықсын...
Өзінің қатты жәбірленгенін енді ғана түсінген адамдай маңқиып таңғалған дәрігер иығын бір көтерді де, қолдарын сермеп, шала бүлініп, амалы құрып, жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті?
— Жарайды, күйіп-жанып біреуді сүйді екен — жолы болсын, бара берсін, бірақ өтірік айтып алдағанына жөн болсын. Дәл бүгінгідей мені жерге қаратқан опасыздық кімге керек еді, — деді Абогин өксігін баса алмай, — кімге керек еді? Не үшін десеңші?.. Оған не жаздым?.. Тыңдаңызшы, дәрігер! — деді ол енді өрекпіп сөйлеп Кириловқа жақындап. — Сіз менің басыма түскен бақытсыздыққа куә боп отырсыз, сондықтан сізден шындықты жасырып қайтейін, өтірік айтсам оңбай кетейін, бұл әйелге есімнен тана ғашық боп, құдайдай көріп, құлы боп сүйдім! Ол үшін бәрінен де бездім: туыстарыммен араздасып, олардың бетін көрмей кеттім, қызметімді де, музыканы да тастадым, анам мен қарындасымның болмашы қылығын кешіруге жарамасам да, мұның айтқанын істеп, айдауына көніп, алдында құрдай жорғаладым... Ал мынау жер сипалатып кеткеніне жол болсын! Өйткен махаббаты өзіне, бірақ мына алдап соққан пасықтығын қарашы! Сүймейсің бе, көзге тура қарап адалдықпен ашып айт, оған бола кінәлап сені жазғырмайтын менің мінезімді білесің...
Көзінен жасы сорғалап, тұла бойы селкілдеп Абогин ақ ниетпен ақтарылып, шын сырын айтты. Өрекпи сөйлейді, қос қолын жүрек тұсына басып, титтей де жасырып бүгіп қалмай, үйінің бар құпиясын ашып салды, кеудесін жарып шыққан осы сырдан соң ол біраз жеңілденіп рақаттанып қалғандай... Осылай жан сырын ақтарып, сағат бойына сөйлесе, сөзсіз жаны жадырап салар ма еді... Кім білсін, дәрігер оны тыңдап, ондай - ондай бола береді деп достық көңілін білдіріп жұбатса, асып-тасымай сабасына түсіп, қайғысын ұмытып, жөнсіз есерсоқтанбас па еді?.. Бірақ олай болмады. Абогин сөйлеп жатқанда қорланған дәрігер көпе-көрінеу құбыла қалды. Жүзіндегі селсоқтық пен таңырқау біртіндеп қатты қорланған, ыза булыққан түрге айналды, бет-жүзі одан бетер қатулана сазара бұзылып кетті. Абогин оның көз алдына сымбатты келген, бірақ монах әйелдей ажары салқын, жанары жылусыз жас келіншектің суретін көлденең тартып:
— Осындай жүзіне қарап, мұндай арамдыққа қалай барады, айтыңызшы! - деп сұрағаны сол еді, кенет дәрігер орнынан ұшып тұрып, көзі от шашып, әр сөзін шегелеп айтты:
— Мұның бәрін маған несіне айтып тұрсыз?.. Керегі жоқ, тыңдамаймын, тыңдағым да келмейді! — Айғайға басып үстелді жұдырығымен тоқпақтады, — мұндай сайтан алғыр әдепсіз құпияң өзіңмен кетсін! Осындай әдепсіздікті маған айтуға қалай арың барады! Бағанадан бері қорлағаның аз ба еді?.. Сенің айтқаныңа көніп, айдауыңа жүре беретін малайың ба едім? Айтшы!..
Абогин кейін шегініп, таңырқаған күйде Кириловтан көз алмай қарап қалыпты.
— Мұнда мені әуре қып неге әкелдіңіз! — деді дәрігер сақалы секеңдеп сөзін жалғастырып, — әбден тойынып еріккеннен бір-біріне үйленіп, енді кесірленіп желіккеннен бір-біріңнен жиреніп жатырсыңдар, онда менің қандай шаруам бар? Араларыңдағы болған хикаяларыңа не қатысым бар? Жөніңе жүр, тыныштық бер! Игі байлыққа белшеңізден бата беріңіз! Ізгі ойларға илана беріңіз... тарта беріңіз, контрабастар мен тромбондарыңды тарта беріңіз (сол сәтте виолончель салынған құндаққа көз қырын салды), бордақы тауықша семіре беріңіз, бірақ біреуді келеке етуді қойыңыз! Адамды қадірлей білмейді екенсіз, онда жанына жоламай аулақ жүріңіз!
— Бұның бәрін не деп айтып тұрсыз, түсіндіріңізші! — деді Абогин қызарақтап.
— Бұл, біле-білсең, адамдарды ойыншыққа айналдыру - азғындық пен оңбағандық. Мен дәрігермін, ал сіз әтір жағып, бойынан жезөкшеліктің иісі аңқымайтын дәрігерлер мен жұмысшы атаулының бәрін адам құрлы көрмей малай деп, көргенсіз деп санайсыздар, жарайды солай-ақ болсын, бірақ жапа шеккен адамды сахна бұйымына айналдыруға қандай қақыңыз бар! Олай етуге ешкімнің де қақысы жоқ!
— Маған неге сонша едіреңдейсіз! — деді Абогин ақырын ғана, бет-жүзі ызбарланып кетті. Онысы күйініп ыза болғандықтан еді.
— Қайғымды біле тұрып мені осы жерге оңбағандықты естісін деп дәтің барып қалайша әкелдің? — деп дәрігер айғайға басып, үстелді тағы да жұдырығымен тоқпақтады. — Біреудің қайғысын осылай қорлауға кім ерік берді?
— Ақылыңыздан алжастыңыз ба? — деп айғайлады Абогин. — Жаны ашымайды. Өзім де сорлап қалдым оның үстіне...
— Сорлылық! — деді дәрігер міней езу тартып — Ол сөзде сенің жұмысың болмасын, саған қатысы жоқ. Несие ақшасын төлей алмайтын қалтасы тесік берекесіздер де өздерін бақытсыз санайды. Семіздігін көтере алмаған бордақы қораз да сорлы. Бейшара адамдар!
— Мархабатты тақсыр, біліп қойыңыз! — деді Абогин ашу кернеп, — мұндай сөздер үшін... таяқ жейді!.. Ұқтыңыз ба?
Абогин асығыс жанқалтасына қолын салып, әмиянын алды да одан екі бөлек қағаз суырып, үстел үстіне лақтырып тастады.
— Міне, келген сыяпатыңыз үшін! — деді ол танауын едіреңдетіп — Ақыңыз төленді.
— Ақшамен алдауға қалайша арыңыз барады! - деді дәрігер айғайлап, үстел үстіндегі ақшаны жинап алып, еденге шашып жіберді. - Адамды қорлау ақшамен өтелмейді.
Абогин мен дәрігер бетпе-бет тұрып, кіжінісіп, бір-бірін жөнсіз үсті-үстіне тілдей берді. Осыншама әділетсіз, қатал да орынсыз сөздерді бұлар өмірінде, тіпті ұйқысырап сандырақтап жатқан кезде де айтпаған шығар-ау! Бұл қылықтарынан бейшаралықтан туған өркөкіректік байқалады. Байғұс менмен жандар бір-бірімен тез тіл табыса кететін ақымақтарға қарағанда, әділетсіз де қатыгез, мейірімсіз келеді. Бақытсыздық деген адамдарды бір-бірінен алшақтатпаса жақындастырмайды. Бас қайғысы бір мұңдас жандардың арасындағы қатыгездік пен әділетсіздіктің игі жақсылардың өшпенділігіне қарағанда әлдеқайда басым болады екен.
— Үйге қайтарыңызшы мені, - деді дәрігер ентіге айғайлап.
Абогин жедел қоңырау қақты. Онысын естіп ешкім келген жоқ. Тағы да шырылдатты, болмаған соң ашуланып қоңырауды еденге лақтырып жіберді, қоңырау кілем үстіне шың ете түсіп, дәл жантәсілім салар сәттегідей жалынышты үнмен ыңырсығандай болды.
Малай келді.
— Қайда жоғалып кеттіңдер, өңкей сайтан алғырлар! — деп тап берді оған үй қожасы жұдырығын түйіп.
— Қайда жүрсің, қайда болдың сен?.. Жөнел тез, мына мырзаға солқылдақ арбаны әкелсін деп айт, ал маған күймелі арбаны дайындасын! Тоқтай тұр! - деді бұрылып кетуге ыңғайланған малайға айғайлап.
— Ертең бұл үйден бірде-бір опасызды көрмейтін болайын, көздеріңді жоғалтыңдар! Жаңадан жалшы жалдаймын! Өңшең сұмпайылар!
Көлік күтіп отырған Абогин мен дәрігер үн-түнсіз. Абогин райынан қайтып тоқмейілсіген қалыпта өте сыпайы бола қалғандай. Қонақ үйде әрлі-берлі жүріп, басын мәнерлі шайқап, ойға шомған адамдай. Ашуы әлі тарқамаса да қарсы алдындағы қас жауын байқамаған сыңай танытады. Ал дәрігер бір қолымен үстелге сүйеніп, Абогинге ішіп-жеп қарап мұқата мінеп, жақтырмай тұр. Қайғысы көп, ырзығы жоқ жандар ғана тойынып кербезденген адамдарды көргенде дәл осылай қызғанышпен қарайды.
Біраздан соң дәрігер солқылдақ арбаға отырып, жолға түскенде де дәл осылай мінеп-сынап бара жатты. Әлгідей емес, қараңғылық қоюлана түсіпті. Орта жаңасы болып қалған қызыл ай төбеден асып кетіпті, оны күзеткен бұлттар қара дақ секілді жұлдыздар маңында жүзіп жүр. Қызыл отты күймелі арба дәрігердің соңынан салдырлап жетіп, басып озып кетті. Бұл қыр көрсетіп, лаң шығаруға асығып бара жатқан Абогин еді...
Жол бойы дәрігер өз әйелін де, баласы Андрейді де еске алған жоқ, тек Абогин туралы, жаңа ғана өзі аттанған үйдегі адамдар жайлы ойлаумен болды. Пиғылында ақылға сыймайтын жөнсіздік пен қатыгездік бар. Ол Абогинді де, оның әйелін де, Папчинскийді де, қызыл іңірді жамылып, аңқытып әтір себінген әлгі үйдегілердің бәрін де жол бойы өлердей жек көріп, жазғырып келе жатты. Сол жандарға деген оның өшпенділігі көкірегіне шемен боп қатып қалды.
Заманы да өтер, Кириловтың жан қайғысы да ұмытылар, әйтсе де адам шошырлық әлгі пиғыл ой дәрігердің басы қашан көрге кіргенше санасына сіңіп қалып қояды.
Аударған Ә.Бөриев

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: