Әңгіме: Антон Чехов | Святкиде

Әңгіме:  Антон Чехов | Святкиде

— Не деп жазайын? - деді де Егор қаламын сияға малды.

Василиса қызын көрмегеніне төрт жыл болған. Ефимья дейтін қызы ерте тұрмыс құрған соң күйеуімен бірге Петербургке кеткен еді, барғаннан кейін екі-ақ рет хат жазды да, сонан соң тап бір су түбіне батқандай із-түзсіз, зым-зия боп жоғалды да кетті. Кемпір сорлы таңертең ерте тұрып сиыр сауып жүрсе де, пешке от жақса да, түнде ұйқылы-ояу жатса да. Ефимьям не болды екен, аман-есен жүр ме екен деп қызын ғана ойлайтын. Хат жазып хабарын білу керек еді, бірақ шалым хат танымайды, басқа жазып бере қоятын адамы да жоқ.

Сөйтіп жүргенде святки келіп қалды да, Василиса шыдай алмай трактир2 иесінің інісі Егорға барды. Ол өзі бір әскери қызметтен қайтып оралғаннан кейін түк бітірмей үйде, трактирде қарап отырған адам еді. Ақысын жақсылап төлесе хатты сол оңды жазады деседі жұрт Василиса ең әуелі трактирдегі аспазшы әйелмен сөйлесті де, сонан соң иесімен, сонан соң Егордың өзімен сөйлесті Сөйтіп он бес тиынға келісті. Міне, енді бұл оқиға мейрамның келесі күні, трактирдегі асхананың ішінде болып отырған оқиға еді. Егор қолына қаламын ұстап, үстел басында отыр. Василиса терең бір ойға шомып, шаруашылықтың қамы деп жабыққан адамдай боп Егордың алдында тұр. Өзімен бірге шалы Петр де ере келіпті. Шалы маңдайының қасқасы күреңітіп тұратын өте жүдеу, ұзын бойлы бір ашаң адам екен; Ол тап бір соқыр адамша қыбыр етпестен мелшиіп алдына тура қарап тұр. Плита үстіндегі кәстрөлде шошқа еті қуырылып жатыр. Ет быж-быж етіп, тіпті, "флю-флю-флю" дегендей боп та қояды. Кухня іші қапас.

— Не жазайын? — деді тағы да Егор.

— Немене бастырмалатып кеткенің! — деді Василиса Егорға ашулы пішінмен күдіктене қарап. Бастырмалатпа! Текке жазып отырған жоқсың ғой, ақшаға жазып отырсың. Ал енді жаз. Аса ардақты күйеу баламыз Андрей Хрисанфычке және жан дегенде жалғыз сүйікті қызымыз Ефимья Петровнаға қадірмен, сендерге құрметпен ізет етіп, батасын беріп мұндағы ата-аналарыңыз дұғай-дұғай сәлем жолдайды.

— Жазып болдым. Суылдата беріңіз.

— Және де рождество мейрамымен құттықтаймыз! Біз де аман-сау жүріп жатырмыз. Аспан әміршісі - жаратқан жалғыз иемізден сендердің де аман-сау болуларыңды тілейміз.

Василиса ойланып қалды да, шалымен екеуі бірінің бетіне бірі қарасты.

Василиса әлгі сөзін тағы қайталап:

— Аспан әміршісі - жаратқан жалғыз иемізден сендердің де аман-сау болуларыңды тілейміз, — деді де жылап қоя берді.

Василиса бұл сөздерден басқа түк те айта алмай, бұрын ойға шомған кездерде, айтар сөзі он хатқа да сыймайтындай боп көрінетін еді. Қызы мен күйеу баласының кеткеніне талай жылдар өтсе де, содан бері кемпір-шал тап бір қызынан өлі айырылып, жетімсіреп қалғандай боп түні бойы аһылап-уһілеп шығатын. Содан бері деревняда не болып, не қоймады, қаншама қыз ұзатылды, қаншама адам өлді. Қаншама қатты қыстар өтпеді. Жылдай ұзақ қаншама таңдар атпады.

— Үйдің ыстығын-ай! — деді Егор желетінің түймесін ағытып жатып. — Кемінде бір жетпіс градус болатын шығар. Енді не жазу керек?

Кемпір-шалда үн жоқ.

— Күйеу балаң онда не кәсіп істейтін еді? — деп сұрады Егор.

— Айналайын - ау, өзіңе белгілі, ол солдат болған адам ғой, - деп шал ақырын ғана жауап қатты. - Бір кезде әскери қызметтен өзіңмен бірге келмеп пе еді. Бұрын солдат еді, ал енді қазір Петербургте бір сумен емдейтін орында. Доктор ауруларды емдеуге суды пайдаланады екен. Ол сол доктордың есігінің алдында отыратын күзетшісі көрінеді.

— Міне, мына хатта жазылған... — деді кемпір орамалынан хатты алып жатып. — Ефимьядан бұл хатты алғанымыз қашан, құдай біледі, мүмкін қазір олар бұл дүниеде жоқ та шығар!

Егор аз ойланып алды да, сумаңдатып жаза бастады.

"Қазіргі уақытта, - деп жазды ол, - тағдырдың әмірі сізді еркіңізден тыс әскери жұмыспен айналыстырғаннан кейін біздің Сізге айтар ақылымыз. - Тәртіп бойынша Жазалау Уставы мен Әскери Ведомоствоның қылмысты істер заңына қарап отыратын болыңыздар. Сіздер ол Заңнан Әскери Ведомоство шендерінің мәдениетін көресіздер".

Ол жазып болды да, жазғанын дауыстап оқып шықты, ал Василиса өткен жылғы мұқтаждықты, астықтың святкиге де жетпегенін, сөйтіп сиырларын сатуға да тура келгенін жазу керек шығар деген ойда отырды. Ақша сұрау керек, шал қайта-қайта ауыра береді, сірә, жанын хаққа тапсыратын шығар деп жазу керек... Бірақ осыны сөзбен қалай деп жеткізу керек? Алдымен не деу керек, соңынан не айту керек?

"Бар назарларыңызды Соғыс Қаулыларының 5-ші томына аударыңыз, — деп жаза берді Егор, - Солдат деген жалпыға бірдей әйгілі ат. Басы генерал боп, аяғы қатардағы әскерге дейін барлығы да солдат деп аталады...". Шал ернін жыбырлатып ақырын ғана:

— Немерелерімізді көрсек, о да теріс болмас еді-ау, — деп еді.

— Қандай немерелеріңді айтасың? — деп кемпір шалына назды қабақпен қарады. — Мүмкін немерелерің жоқ та шығар!

— Немерелерім бе? Мүмкін бар шығар. Кім білсін оны!

"Сондықтан сіз сыртқы жаудың да, ішкі жаудың да қандай болатының жақсы білесіз, — деп асыға жазды Егор, — ең бірінші біздің ішкі жауымыздың қара басы: Бахус3.

Қағаз бетіне балық ұстайтын қармақ сияқты иректер сызып қаламы сыртылдап отырған Егор асып-сасып бір жолдың өзін бірнеше қайтара оқиды. Тыңқиып тамаққа тойып алған денелі, бет-аузы шарық табақтай, желкесі қып-қызыл Егор үстелдің астына аяғын талтая көсілтіп орындықта отыр. Бұл қылықтың өзі осы трактирден тәлім алған, ешнәрсеге жеңістік бермейтін нағыз барып тұрған көргенсіз, дөрекі әдепсіздіктің өзі еді. Мұның нағыз барып тұрған әдепсіздік екенін Василиса жақсы-ақ біліп отырғанымен, ойындағысын қиыстырып айта алмады да, тек Егорға назды қабақпен күдіктене қараумен болды. Егордың адам түсініп болмайтын былдыры мен бөлме ішіндегі ыстық қапырықтан кемпірдің басы ауырды да, ойы шатасып, ләм деп аузын ашпастан, ешнәрсе ойламастан оның қалам тоқталуын күтіп тұрып қалды. Ал шал болса, Егорға толық сеніммен қарап тұр. Ол өзін осында алып кеп отырған кемпіріне де сенеді, Егорға да сенеді, әлгіде сумен емдейтін мекеме жөнінде сөз болғанда оның бет әлпетінен мекемеге де, судың шипа боларлық шарапатты күшіне де анық сенгендігі көрініп тұрды.

Жазарын жазып болды да, Егор орнынан тұрып, хатты бастан-аяқ оқып шықты. Шал түкке түсінген жоқ, бірақ сенімді пішінмен басын изей берді.

— Жарайды, жатық жазылыпты... Құдай деніңе қуат берсін. Жарайды... — деді ол

Үстелдің үстіне үш бес тиындық ақшаны тастады да, екеуі трактирден шықты. Шал тап бір соқыр адамдай-ақ екі көзін бір жерден алмастан алдына тура қарап келеді өзінің бет әлпетінде толық сенім бар, Василиса трактирден шыққан кезде бір итке қолын сілтеді де, ашулы кейіппен:

— Өй қылқұрт! — деді.

Кемпір түні бойы әртүрлі ойға батып ұйықтай алмай шықты да, таңертең ерте тұрып, дұғасын оқысымен хатты салу үшін стансаға кетті.

Стансаға дейін он бір шақырым еді.

II

Доктор Б.О. Мозельвейзердің су емханасы жұмыс әдеттегі күндері сияқты жаңа жылда да жұмыс істейді, тек есік алдында күзетші. Андрей Хрисанфычтың оқалы жаңа мундирімен аяғындағы етігі де күндегіден ерекше жарқырап, жалтырап тұрды, келген-кеткеннің барлығын да ол жаңа жылмен, жаңа бақытпен құттықтайды.

Таңертеңгілік уақыт еді. Андрей Хрисанфыч есік алдында газет оқып тұрған. Сағат тура онда күнде қатынасып жүретін бір таныс генерал келді, оның артынан іле-шала пошта таратушы кеп кірді. Андрей Хрисанфыч генералдың шинелін шешіп жатып:

— Жаңа жылда жаңа бақытпен құттықтаймын, мархабатты тақсыр! — деді.

— Рақмет, сүйіктім. Өзіңізді де құттықтаймын.

Басқышпен жоғары өрмелеп бара жатып, генерал бір есікті басымен нұсқап көрсетті де (Ол бұл есікті күнде сұрайтын, бірақ ылғи да ұмытып қала беретін):

— Мына бөлмеде не бар? — деп сұрады.

— Массаж жасайтын кабинет қой, мархабатты тақсыр!

Генералдың аяғының дүбірі басылған кезде, Андрей Хрисанфыч алып қалған поштаны ақтарып көрді де, өз атына жазылған бір хатты ашып, бірнеше жолын оқыды да, сонан соң аспай-саспай газетіне қараған күйі осы үйдің төменгі жағында, дәліздің ең шетінде тұратын өз үйіне қарай жөнелді. Әйелі Ефимья кереуетте бала емізіп отыр еді, бұйра басын шешесінің тізесіне салып ең үлкен баласы да, қасында отырған үшінші баласы кереуетте ұйықтап жатқан.

Үйге кірген бойда Андрей әйеліне хатты берді де:

— Деревнядан келген болу керек, — деді.

Сонан соң ол екі көзін газеттен алмастан үйден қайта шықты да, есігінен көп ұзамай барып дәлізде тоқтап тұрды. Хаттың алғашқы жолдарын оқып шыққаны оған естіліп тұрды. Алғашқы бір жолды оқып шыққан соң онан әрі оқи алмады, ол үшін осы алғашқы жолдың өзі-ақ жеткілікті болды, үлкен баласын құшақтап алып, бетінен сүйіп, бірдеңелерді айта жылап көз жасын көл қылды. Ол жылап тұр ма, жоқ әлде күліп тұр ма оған адам түсініп болар емес.

— Бұл әжең мен атаңнан келген хат... — деді ол. - Деревнядан келген... Аспан әміршісі жаратқан жалғыз ием - ай. Ол жақта қазір үйінің төбесін де қар басып қалды... Ағаштар аппақ боп ақша қарға бөленді. Балалар кішкентай шаналарды теуіп ойнап жүр... Қасқа бас атаң да... Сарғыш күшік те пештің үстінде жатыр... Шұнақ бауырларым - ай, менің!

Андрей Хрисанфыч бұл сөздерді естіп әйелінің деревняға салып жібер деп үш-төрт рет хат бергенін, бірақ өте қажетті шаруалардың килігуінен ол хаттардың салынбай қайда болса, сонда шашылып қалғанын есіне түсірді.

— Даласында қоян орғып жүреді, — деді Ефимья көзден аққан жасы қол болып, баласын сүйіп. - Атаң бір жуас, мейірімді адам, әжең де мейірімді, қайырымды кісі. Деревнядағылардың барлығы да тату-тәтті тұрады, құдайдан қорқады... Өздерінің кішкене шіркеулері де бар, еркектер шіркеудің мінбесіне шығып алып он салады. Аспан әміршісі, жаратқан жалғыз нем, қорғаушым менің, әкетсе екен бізді, осы жерден!

Андрей Хрисанфыч әзірше, ешкім келмей тұрғанда үйге барып темекі тартып алайын деп үйіне қайтып оралып еді, Ефимья үнін шығармастан көзін сүрте бастады, тек еріндері ғана кемсеңдеп дірілдеп тұрды. Ол ерінен қатты қорқатын еді, қорыққанда да тіпті, зәре-құты қалмайтын! Не істерін білмей күйбеңдеп, ерінің аяқ басуы мен көзқарасынан жерге кіріп кете жаздап, ләм деп аузын аша алмай қалды.

Андрей Хрисанфыч темекісін тартып еді, бірақ дәл сол сәтте жоғары жақтан қоңырау соғылды. Ол папиросын сөндірді де, аса бір байсалды, салмақты пішінмен өзінің көше жақтан кіретін есігіне қарай жүгіре жөнелді.

Ваннаға түсіп, қызара бөртіп, генерал жоғарыдан түсіп келеді екен.

— Ал мына бөлмеде не бар? — деп сұрады ол бір есікті нұсқап. Андрей екі қолын төмен жібере сірестіріп, сымға тартқандай керіліп тұра қалды да:

— Шарконың душы, мархабатты тақсыр! — деді дауысын қаттырақ шығарып.

Аударған Ж. Тілеков


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Антон Чехов Святкиде туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Антон Чехов Святкиде на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]