Әңгіме: Антон Чехов | Қорғансыз жан
Түнде құяңы қатты ұстап, тұла бойы көтертпей тұрса да, Кистунов таңертең қызметіне барып, арызшылар мен банк клиенттерін қабылдай бастады. Оның реңінде қажыған, қиналған кісінің сыңайы бар еді, демін зорға алып, әрең-әрең сөйлеп отырды.
Көне салоп киген, сырт бейнесі сасық қоңызға ұқсас бір арызшы әйелге:
— Не керек еді сізге? - деді. Арызшы әйел судырай жөнелді:
— Мәртебелі мырза, назар аударсаңыз екен, менің күйеуім коллеждік асессор Шукин, бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз, емделіп үйде жатқанында оны себепсізден -себепсіз отставкаға шығарыпты, мәртебелі мырза, ал оның айлығын алғалы барсам, олар, назар аударсаңыз екен, оның айлығынан жиырма төрт сом отыз алты тиын ұстап қалды! "Не үшін?" деймін. "Ол жолдастық кассадан ақша алған, оған басқа чиновниктер кепіл болған", дейді. Қалай болғаны бұл? Ол менің ризалығымсыз ақша ала алатын ба еді? Бұл болмайтын іс, мәртебелі мырза. Мұның өзі неліктен? Өзім бейшара жанмын, пәтер жалдап қана жан сақтаймын... Әлсіз, қорғансызбын... Жұрттың бәрі ренжітеді мені, ешкімнен жақсы сөз естімеймін... — деді.
Арызшы көзін жыпылықтатып, орамалын алғалы салопының жанқалтасын қарманды. Кистунов оның арызын алып, оқи бастады.
— Кешіріңіз мұныңыз қалай? — деді ол иығын көтеріп. Дәнеңе түсініп отырғаным жоқ. Ханым, сіз жаңсақ келген болсаңыз керек. Сіз еріңіз қызмет істеген ведомствоға барғаныңыз жөн, — деді ол
— Онсыз да бес жерге барып шықтым, әкем-ау арызымды да алмайды! Ақылымнан алжасып біттім. Борис Матвеич - күйеу балама рақмет, құдай қол-аяғына ауру - сырқау бермесін, сізге бар деп ақыл бергені. "Шеше, сіз Кистунов мырзаға барыңыз, ол беделді кісі, сіз үшін не істеймін десе де істей алады..." деді... Бір жәрдем көрсетіңіз, мәртебелі мырза! — деді Шукина.
— Біз еш нәрсе істей алмаймыз, Шукина ханым... Менің түсінуімше, сіздің еріңіз соғыс -медицина ведомствосында қызмет істеген, ал біздің мекемеміз жеке меншіктегі коммерциялық мекеме, яғни банк. Мұның түсінбейтін несі бар!
Кистунов тағы бір иығын көтере түсіп, әскери киім киген, жағы ісіп кеткен мырзаға қарай бұрылды.
— Мәртебелі мырза, ерімнің аурулығына дәрігердің куәлігі бар! Міне, соған көз салсаңыз екен! - деп Шукина жалбарынған дауыспен сөйлеп қоя берді.
— Бәрі орынды, мен сізге сенемін, бірақ бұл бізге тиісті жұмыс емес деймін. Ерсі, тіпті жұрт күлерлік! Қайда баруыңыз керек екенін еріңіздің білмегені қалай? - деді Кистунов ашу шақыра.
— Ол ештемені де білмейді, мәртебелі мырза. "Сенің ісің емес кет әрі!" дегенді тауып алды, бар болғаны сол.. Ал кімнің ісі масыл болып мойынымда отырған жоқ па менің! Менің!
Кистунов Шукинаға қарай тағы бұрылып, оған соғыс - медицина ведомствосы мен жеке меншіктегі банктің жайын тағы түсіндіре бастады. Әйел оның сөзін зейін қоя тыңдап, мақұлдаған кісіше басын изеп те қойды.
— Солай, солай, солай... Түсінемін, әкетайым, ондай болса, мәртебелі мырза, маған 15 сом болса да бер деп бұйырсаңыз екен! Бірақ түгел берілмесе де көнемін, - деді.
Кистунов шалқая беріп, бір күрсініп қойды:
— Уһ! Ұқтыра алмадым сізге! Түсінсеңізші, айырылысу туралы арызбен дәріханаға бару не алтын-күміске таңба соғатын дүкенге бару қандай ерсі болса, бізге мынадай арызбен келу сондай ерсі ғой. Сізге кем төлеген болса, оған біздің қандай жазығымыз бар? - деді.
Шукина жылап қоя берді:
— Мәртебелі мырза, өмір бойы құдайдан тілеуіңізді тілеп өтейін, есіркеңіз мен секілді жетімді. Мен бір қорғансыз, әлсіз жанмын... Діңкем құрып, өлердей болдым... Әрі пәтершілермен соттас, әрі еріңнің дауын қу, әрі шаруаңа жүгір, оның үстіне ораза ұстаймын, оның үстіне жездем де қызметсіз... Ішіп-жемнің аты ғана бар, аяғымды әрең басып тұрмын... Түнімен ұйқы көрмей шықтым, - деді.
Кистунов жүрегі қаққанын сезді. Өңіне қарағанда жаны қиналған адам сияқты болып кетті, бір қолымен жүрегін басып, Шукинаға тағы түсіндіре бастап еді, бірақ даусы шықпай қалды...
— Айып етпеңіз, сізбен сөйлесе алмаймын, — деп қолын бір-ақ сермеді. - Тіпті, басым да айналып кетті. Сіз әрі біздің мазамызды алып, әрі уақытымызды босқа өткізіп отырсыз. Уһ!.. Алексей Николаич, сіз түсіндіріңізші, Шукина ханымға! - деді қызметшілердің біріне.
Кистунов арызшылардың бәріне соқпастан, өз кабинетіне барды да оншақты қағазға қол қойды, ал Алексей Николаич Шукинамен әлі арпалысып жатты. Кабинетінде отырған Кистуновқа Алексей Николаичтің бір сарынды, сабырлы жуан даусы мен жыламсырап, бай - байлаған Шукинаның даусы көпке шейін естіліп тұрды...
— Мен бір қорғансыз, әлсіз жанмын, мен бір дертті әйелмін. Сырт қарағанда денсаулығым мықты адам сияқты көрінетін шығармын, ал анықтап қарасаңыздар, тұла бойымда бірде-бір сау тамыр-тарамысым жоқ. Аяғымды әрең басып тұрмын, асқа да зауқым шаппайтын болды... Бүгін кофе ішкен болып едім, тіпті де сүйсінгенім жоқ, - деп жатты Шукина.
Ал Алексей Николаич оған ведомстволардың жайын, қағаздарды жолдаудың тәртібін түсіндірумен болып жатты. Көп ұзамай ол да қажып, орнына енді бухгалтер келді.
— Таңғаларлық жексұрын қатын екен! Тоң мойын кеще екен! Менің де діңкемді құртып еді, енді аналарды да тұралататын болды-ау, оңбаған! Уһ... жүрегім қағып кетті! - деп кіжініп отырды. Кистунов сөйтіп, күйгелектене саусағын сытырлатып, су құюлы графинге қайта-кайта ұмтыла берді.
Жарты сағаттан кейін ол қоңырау сылдырлатты. Алексей Николаич келіп кірді.
— Не болып жатыр онда? - деді Кистунов шаршаған түрмен:
— Қанша айтсақ та ұқтыра алмай жатырмыз, Петр Александрыч! Діңкеміз құрыды. Біз бас десек, ол құлақ дейді...
— Мен... мен оның даусын естуден ығыр болдым... Ауырып отырмын... көтере алмаймын.
— Швейцарды шақырту керек, Петр Александрыч, шығарып жіберсін өзін.
Кистунов шошынып:
— Жоқ, жоқ! Ойбайлап төңіректі басына көтереді, бұл пәтері көп үй, кім біледі, біз туралы не деп ойларын... Жарқыным, сіз оған бір жөнін тауып, түсіндіруге тырысыңыз.
Бір минуттан кейін Алексей Николаичтің гүжілдеген даусы тағы естілді. Ширек сағат өткен кезде оның жуан даусының орнына бухгалтердің жіңішке, ащы даусы шаңқылдап шыға бастады.
Кистуновтың зығырданы қайнап, екі иығын күйгелектене селкілдетіп:
— Нағыз оңбағанның өзі екен! Көкми екен барып тұрған. Тағы да құяңым күшейіп келе жатыр-ау деймін... Сақинам да ұстап келеді-ау... - деді.
Көрші бөлмеде Алексей Николаич әбден шаршап ақыр аяғында, саусағымен маңдайын көрсетіп үстелді тақылдатып қойды.
— Қысқасын айтқанда, сіздің иығыңыздағы бас емес, міне мынау... - деді ол
Кемпір шамданып:
— Жә, жә, әй... өз әйеліңе көрсет... Сорайған неме! Қолың жүйрік болса, беталды ербеңдете берме, - деді.
Алексей Николаич ашуланып, жеп қоярдай кіжіне қарап, булыққан ақырын дауыспен:
— Жоғал! — деді.
— Не дейді! Қалайша айтып тұрсың сен мұны? Мен бір әлсіз, қорғансыз жанмын, мұныңа көне қоймаспын! Менің ерім коллеждік асессор! Үңірейген ғана неме! Дмитрий Карлыч адвокатқа барамын, сенің атақ - лауазымыңнан жұрдай қыламын. Үш пәтершіні соттатқанмын мен, ал сен мына өктем сөздерің үшін аяғыма талай жығыларсың әлі! Мен сендердің генералдарыңа барамын! Мәртебелі мырза! Мәртебелі мырза! - деп Шукина байбалам салып қоя берді.
— Кет әрмен, жоғал, сұмырай! — деді Алексей Николаич тістеніп.
Кистунов есікті ашып, арызшылар отырған бөлмеге қарады.
— Немене бұл? — деді ол жыламсыраған дауыспен.
Шукина бөлменің ортасында көздерін алақтатып, саусағын сүйреңдетіп, қызара бөртіп тұр екен. Банк қызметшілері де қажыса керек, беттері албырап не істерін білмей, бір-біріне қарап қалыпты.
Шукина Кистуновқа тұра ұмтылып:
— Мәртебелі мырза. Мынау, мынаның өзі... дәл мынаның өзі... (Алексей Николаичті нұсқап) саусағымен маңдайын көрсетіп, үстелді тақылдатты... Сіз бұған менің ісімді тексер деп бұйырып едіңіз, бұл мені мазақ қылды! Мен бір әлсіз, қорғансыз жанмын... Менің ерім коллеждік асессор, өзім де майордың қызымын! - деді.
— Жақсы ханым, мен тексерейін... шарасын істейін... Барыңыз... кейін! — деді Кистунов аһылап-уһілеп.
— Сонымен мен қашан алар екенмін, мәртебелі мырза? Маған бүгін ақша керек!
Кистунов қалтыраған қолымен маңдайын сипап, бір күрсініп қойды да, тағы түсіндіре бастады:
— Ханым, сізге айттым ғой. Бұл жер - банк, жеке меншіктегі коммерция мекемесі... Бізге не істе дейсіз енді? Біздің мазамызды босқа алып тұрғаныңызды түсінсеңізші, - деді.
Шукина оның сөзін тыңдап болып, бір күрсініп қойып.
— Солайы солай... - деді оған көніп,- Тек, мәртебелі мырза, сіз бір қайырымдылық ете көріңіз, өмір бойы құдайдан тілеуіңізді тілеп өтейін, туған әкемдей болып, қорған бола көріңіз. Ал дәрігердің куәлігін аз дейтін болсаңыз, онда учаскеден сенім қағаз әкеп тапсыруыма болады... Ақша бер деп бұйырсаңыз екен! - деді одан кейін.
Кистуновтың екі көзі қарауытып кетті. Бар демін сарқа бір күрсінді де, әлі құрып, орындыққа отыра кетті.
— Қанша керек еді сізге? — деп сұрады ол солғын дауыспен.
— Жиырма төрт сом, отыз алты тиын.
Кистунов қалтасынан әмиянын алып, одан бес сомдық билетті суырды да Шукинаға ұсынды.
— Алыңыз да... жөнеліңіз! — деді.
Шукина ақшаны орамалына орап, тығып қойды да қылымси жымиып:
— Мәртебелі мырза, ендеше ерімнің қайтадан жұмысқа тұруына болмас па екен? — деді.
— Мен кетемін... аурумын... Жүрегім қатты қағып тұр, — деді Кистунов талықсыған үнмен.
Ол шығып кеткеннен кейін Алексей Николаич Никитаны жіберіп, дәрісін алдырды да, бәрі жиырма тамшыдан ішіп алып, жұмыстарына отырды, ал Шукина Кистуновтың қайта келуін күтіп, ауыз бөлмеде швейцармен сөйлесіп, тағы екі сағат отырды. Келесі күні ол және келді.
Аударған А.Елшібеков
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: