Әңгіме: Джек Лондон | Әйел қырық жанды

Әңгіме:  Джек Лондон | Әйел қырық жанды


Тұла бойы аппақ қырау, көзі кіртиген бір ит үшкір тұмсығымен шатыр есігін түртіп ашып, басын ішке сұғып жіберген.

— Е-ей, Сиваш!.. Әй, албастыдан туған малғұн, шық әрі, шық! — деп іштегілер жамырай айқайлап, өре тұрды. Беттлз қалайы тәрелкемен тұмсықтан таңқ еткізіп ұрып үлгергені сол — әлгі кіртиген көз бен үрпиген бас қас қағымда жоқ болды. Бұдан соң іле-шала Луи Савой шатырға есік ретінде ілінген қалың брезенттің жан-жағын қымтай жауып қойды да, пеш үстіндегі ыстық табаданды аяғымен аударып тастап, оның жалын шарпыған түбіне қолын төсеп жылытуға кірісті.

Сыртта сақылдаған сары аяз. Екі күн бұрын спиртті термометр алпыс сегіз градусты көрсетіп тұрып, кенет сырт етіп сынып түскен, одан кейін де суық күшейе түспесе бәсеңдеген емес, ал енді оның қанша күнге созылары да белгісіз. Мұндай түкірігің жерге түспес аязда, жылы үй, жылы ұядан алыста, мұздай суық ауамен өзек қарып отыруды досың түгіл дұшпаныңа тілемес едің. Рас, дәл осындай күндері алды-артына қарамай жолға шығып кететін көзсіз ерлер де болады, бірақ олардың кейін дін аман қалғандарын көрген ешкім жоқ — екі өкпеден айырылып, күрк-күрк жөтеліп, ақыры мәңгілік тоңға жамбасын мәңгі тигізіп тынғандар қаншама. Бір қызығы өстіп өлгендердің мәйітін мұздай көрге салғанда, осындай бүлінбеген, бұзылмаған қалпында Қиямет күніне жетсін деген ұғыммен олардың бетін мүкпен ғана жауып кете барады. Ал мұндай Ұлы Күнге сенбейтіндерге, әрине, ең кереметі — Клон-дайккс барып өлу деп көпіре алмайсың. Бірақ бұдан Клондайкте өлу — жаман, тіршілік ету — тамаша деген ұғым тумаса керек.

Шатыр ішінде дәл сырттағыдай суық болмағанымен оның да жетісіп тұрғаны шамалы. Сондықтан іште отырғандардың бәрі ортадағы жалғыз пешке итініп жабыса түседі. Аяқ астындағы жердің бір бөлігіне қалындау етіліп самырсын бүрі төселген. Оның астында — қар да, үстінде — түкті көрпе. Ал қарын мокасинмен таптап тастаған шатырдың екінші бөлігінде ыдыс-аяқ, киім-кешек, құрал-жабдық сияқты неше түрлі заттар қалай болса солай шашылып жатыр. Бүйіріне дейін қызарып алған темір пештің ішінде қу отын күркірей жанады. Ал одан үш-төрт қадам жерде құдды қазір ғана өзен бетінен ойып әкелгендей үлкен бір мұз бөлігі өңкиіп тұр. Етек жақтан ескен суық ызғар шатыр ішіндегі бар жылуды жоғары көтеріп әкеткен. Пеш мұржасының сыртқа шығар тесігінің айналасындағы брезенттің екі-үш қарыстай жері құп-құрғақ та, одан әрі дымданып, тершіп... сосын біртіндеп ақ қырауға айналып кете барған. Бұл қырау шатырдың төрт қапталын қуалай жылжып, пештен алыстаған сайын қалыңдай берген де, ақыры іргедегі етекке жеткенде, жарты дюймнен бір-ақ асқан.

О-о-о! 0-ох!-0-ох! — Түкті көрпенің астында ұйқысырап жатқан жас жігіт түсінде ауырсына ыңқылдайды. Сақал-мұрты өскен, жұқалтаң, жадау жүзінен әбден азып-тозып, қажығаны байқалады. Тегі ауруы жанына қатты батып жатса керек, ыңқылы уақыт өткен сайын күшейе түскен. Көргіс астынан жартылай шығып жатқан денесі құмырсқа илеуіне тастаған жыландай бірде жиырылып, бірде жазылып, тынымсыз тыпырши береді.

Кәнеки, бұл батырды сілкілеп жеберіңдер! — деді Беттлз бұйыра сөйлеп. — Бейшараның тағы да қояншығы ұстаған секілді.

Бұл бұйрық ауыздан шығысымен алты жігіт оны орнынан жұлып алып, әбден оянып ес жиғанша әрі-бері жұлқылап, сілкілей берген.

— Сайтан алғыр, осы қарғыс атқан өлкеде нем бар еді, — деді жас жігіт, шамалы өзіне-өзі келген соң. Сосын үстіндегі көрпесін сырып тастап, төсекке жүрелей отырды. — Мен қатарымен үш жыл бойы бүкіл Американы тұтастай шарлап шықтым. Және көбінде қыста. Құдай-ау. сонда шынығатын кезім болған шығар. Жоқ, мына өлкеге келдім де, қайдағыбір қатын тектес афиналық сияқты, үй еткен аязға ұшып түсетін болдым. Ешқандай еркекке тән қасиетім қалмаған. Өкінішті! Өт-те өкінішті!

Ол отқа жақындай отырып, темекісін орай бастады.

— Мені бір босбелбеу деп ойлап қалмаңыздар! Жоқ, мен бәріне де төзе аламын. Бірақ дәл қазір ұяттан бетім өртеніп тұр. Жүріп өткен жолым — небәрі отыз-ақ миль, соның өзінде міне жүндей түтіліп, бүкіл сүйектерім шашылып қалған сияқты. Айтуға ыңғайсыз тіпті!.. Кімде сіріңке бар? Беріңдерші, түгел?!

— Қызбаланбай-ақ қой, бауырым! — Беттлз оған сіріңкенің орнына пеш аузынан лапылдай жанған шаланы суырып берді де, әкелік қамқор дауыспен сөзін әрі қарай жалғаған. — Бұл саған кешірімді, әр адамның басында мұндай-мұндай бола береді. Бәріміз де шаршап, қажып көргенбіз. Мұнда алғаш келген жылы жол азабын мен де талай тартқам. Сонда деймін-ау, шөлдеп келе жатып мұзды суатқа бас қойғаннан кейін он минут бойы ес жия алмай шайқалақтап тұратын кезім әлі есімде. Одан кешкісін бүкіл буындарым сырқырап, сүйек-сүйегім қақсап, жанымды қоярға жер таппаған күндерім қаншама. Кейде, тіпті, жаңағы өзің секілді құрысып-тырысып, екі бүктетіліп қалған сәтімде, мені "түзетіп" жіберу үшін лагердегілердің бәрі аяғынан тік тұрушы еді. Ал сен жас болсаң да мінезің бар екен. Маған алдымен соның ұнайды. Көр де тұр, бір жылдан кейін сен біз сияқты кәрі-құртаңдарға қараңды да көрсетпей кететін боласың. Бұған қазірдің өзінде негізің бар, ең бастысы — денеңде бір түйір артық ет жоқ. Бар бәле — майда. Осы майдың кесірінен небір тепсе темір үзетін жігіттер баяғы ата-бабасының жанына ертерек аттанып кеткен ғой.

— Май дейсіз бе?

— Иә, иә, майды айтамын. Кімнің бойында май көбірек болса. сол жол азабын да көбірек тартады.

— Бұны білмейді екенмін!

— Білмесең, біліп ал. Бұл — факт. Бұған ешқандай күмәндануға болмайды. Алыптар алып-ұруға ғана мықты, ал төзімділікке келгенде — боркемік. Сондықтан оларға сену қиын. Ал өзіңдей арық, сіңірлі адамдардың қай уақытта, қандай жағдайда да жаны сірі болады. Ондай адамдар және тырнағы іліккен жерден бірдеме алмай шықпайды да. Ал жуандар мен семіздерге бұл тек арман ғана.

— Дұрыс айтасың, — деп осы тұста әңгімеге Луи Савой киліккен.

— Мен де кезінде өгіздей өңкиген біреуді білетінмін. Міне сол адам — анау Солтүстік Бастау бойында баған тұрғыза бастаған уақытта Лон Мак-Фэймен бірге сонда аттанған ғой. Лонды сендер де білетін шығарсыңдар? Анау әлгі ылғи да екі езуі екі құлағында жүретін жирен-сары ирландық ше? Жә, сөйтіп сол екеуі жолға түсіп жүре береді, жүре береді, — түн жүреді, күн жүреді. Ақыры әлгі өгіздей жігіттің шамасы бітіп, дымы құрып, жол жиегіндегі қарға жата кетеді. Ал шынашақтай ирландық оны тұрғызам деп ары тартады, бері тартады, жұлқылап көреді — жоқ, ол қозғалғысы келмейді, тек балаша өкіріп жылай береді. Амал жоқ Лон оны бірде сүйреп, бірде итермелеп, менің үйшігіме жеткізгенше әбден ит болған ғой, қысқасы...

— Сосын? — деді пештің төменгі шетінде отырған біреу шыдамсызданып.

— Сосын үш күн бойы менің төрімде үйелеп жатып алған. Мен ондай қатын бөкселі еркекті ешқашан көрген емеспін. Міне, қайда семіздіктің қорлығы!

— Ал Аксель Гундерсон ше? — деді Принс. Бұл жас инженерге кезінде бір скандинав аңшының таудай денесі мен оның кейінгі қайғылы қазасы қатты әсер еткен-ді. — Бейшараның сүйегі анау жерде қалды ғой. — Принс қолын сонау шығыс жаққа қарай белгісіздеу сілтей салды.

— Ірі адам еді ғой ол! Иә, осы өлкеге Тұзды Су жағалауларынан келіп, бұлан аулағандардың ішінде ең ірісі сол болатын, — деді Беттлз да келісіп. — Алайда ол — Құдай қуат берген мыңнан біреу ғана ғой. Ал оның әйелі естеріңде ме? Унгу деген? Жүзіктің тесігінен өткендей жіңішке, ап-арық әйел ше анау? Тал бойында қырып аларға қызылы жоқ сол әйелдің төзімділігі мен қажыр-қайратына мен әлі күнге дейін таңғаламын. Ең кереметі сол — құдайдың осы берген ғажап сыйын ол түп-түгел бір-ақ нәрсеге жұмсайтын. Неге дейсіз ғой? Күйеуін күтіп-баптауға. Несін айтасың, расында ол күйеуі үшін тірідей отқа түсуге дайын еді ғой.

— Е, адам шын сүйсе, не істемейді, — деп қойды инженер.

— Мәселе тек сонда ғана дейсің бе! Ол..

— Жігіттер, бері қараңдар! — Сөзге кенет тамақ салынған жәшік үстінде отырған Ситка Чарли араласқан — Сендер бұл жерде небір кесек бітімді адамның өзін бейшара етіп, қор етіп жіберетін денедегі артық май туралы, одан соң мықты еркек, ер мінезді әйел жөнінде әңгіме қозғадыңдар; бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Ал енді осыған ұқсас бір әңгімені мен де сендерге айтып берейін. — Ол сөзді неден бастасам екен дегендей шамалы ойланып отырды да, сосын жайлап сөйлей бастаған. — Ертеректе, мына өлкенің бөтен-баспақтардан таза, қыз мүсінді жас кезінде, бір ерлі-зайыпты екі адаммен жақсы таныс болғаным бар-ды. Еркегі — кесек тұлғалы, мығым денелі, бет-пішіні де келісті адам еді. Тек бар айыбы — бойына аздап артық май жинағандығы. Ал әйел, керісінше, жіп-жіңішке, ап-арық, үп еткен желге ұшып түсердей тым нәзік жан-тұғын, бірақ... оған біткен жүрек еш еркекке бітпеген шығар. Иә, кейін де мен қаншама адаммен жолдас бола жүріп, дәл сол әйелдің мәрттігіндей мәрттікті бір еркектің бойынан көрмедім десем, сенесіңдер ме!... Сонымен, біз Тұзды Суды бетке алып, күндіз-түні жүріп келе жатқанбыз. Жол тым ауыр еді. Қар қалың, қақаған аяз, өзекті талдырған аштық. Осы азаптың бәрін бізбен бірдей көріп келе жатқан әйелдің не бір қимылынан, не бір ауыз сөзінен шаршау, қажу дегенді байқамаймыз, тек көретінміз — қай уақытта да күйеуінің қас-қабағына қарап, құрақ ұшып тұратыны ғана. Неткен махаббат десеңші!

Ситка бір мезет әңгемесін доғарып, жанында жатқан үлкен мұздың бір кесегін балтасымен шауып алды да, оны пеш үстінде тұрған алтын жуатын қаңылтыр науаға тарс еткізіп тастай салды, — ауызсуды олар осылайша алатын. Жігіттер бір-біріне жымдаса жақындады, ал ауру бозбала: тағы да дірілдеп-қалшылдай бастасам құлап қалмайын, деген оймен неғұрлым орнықты отыруға ыңғайланған.

— Бауырлар, — деді Ситка сөзін әрі жалғастырып, — менің бойымда сиваштардың қызыл қаны ойнайды, ал жүрегімде сендер сияқты ақтардың асқақ рухы шалқиды. Біріншісі — әрине, ата-бабамның ұрпаққа берген ұлы сыйы да, екіншісі — менің өздеріңдей ақ нәсілді адамдармен дос болуымның арқасы. Мен сонау бала кезімнің өзінде бір сұмдық ақиқатты білуіме тура келген. Сонда не білді дейсіздер? Бүкіл жер бетінің қожасы сендер екенсіңдер, ал сендермен күресуге сиваштардың дәрмені жоқ екен; сондықтан ит пен құс қар үстінде қалай өлсе, біз де солай өлуге тиіс екенбіз. Иә, сөйтіп мен, міне, сендердің, араларыңа, жылы жерге, ошақтарыңның басына келіп отырмын. Ешқандай бөтендігім жоқ. Бұл өмірде адамның басынан не өтпейді. Мен де мына шақшадай басымнан небір жайды өткізген жанмын. Соқпақты да, сонарды да көрдім. Талайлармен тағдырымды да табыстырдым. Қаншама тайпа адамдарымен тамаша дос та болдым. Сондай адамдар жөнінде сендер қалай ойлап, қалай бағаласаңдар — мен де солай ойлап, солай бағалайтын жағдайға жеттім. Сондықтан мен әлдебір ақ адам жөнінде қатал пікір айтсам, сендер маған ренжімейтіндеріңді білем. Немесе керісінше өз тайпамның бір адамын артық мақтап жіберсем, сендер: "Ситка Чарли — сиваш қой. Бұның кезі мен тіліне сенім бар ма!" — демейтіндеріңе де сенем. Солай емес пе?

— "Иә солай" дегендей отырғандар үнсіз бас изесіп қойды.

— Ол әйелдің аты Пассук еді, — деп бастады ол әңгімесінің жалғасын. — Оның тайпасы тұзды теңіз жағалауларын мекендейтін. Мен Пассукты олардан адал түрде сатып алғам. Жасырары жоқ, мен оны шын сүйдім деп айта алмаймын, оған көз тоқтатып қараудың өзі мен үшін жағымсыз еді, ал оның өзі ылғи да көзін төмен салып жүретін. Бұнысы жасқаншақтығы шығар немесе тым ұяңдығы болар, деп ойлайтынмын мен. Бұлай ойлаудың жөні де бар ғой, өйткені бұрын ешуақытта көрмеген-білмеген адамға тұрмысқа шыға салу оған оңай тиді дейсіз бе? Сосын, жаңа сендерге айттым ғой, менің жүрегім оны тым қалаған жоқ деп — дәл сол уақытта мен алыс жолға жиналып жүргем, ал жолда мені күтетін, иттеріме мезгілінде тамақ беріп тұратын адам керек болды. Сөйтіп бір адамның арысы не, берісі не, екеуара бір көрпе жетер дедім де, Пассукты алып жүре бергем ғой алысқа.

— Ұмытпасам, бірде мен сендерге кезінде үкіметтік қызметте болғанымды айттым-ау деймін? Сондықтан маған әскери кемеге өзіммен бірге иттерімді, шанамды, қап-қап азық-түлігімді тиеп алудың еш қиындығы болған жоқ. Жанымда және Пассук бар. Кеме солтүстікті бетке алып, күні-түні жүріп отырып, ақыры қысқы Беринг теңізіне жеткенде, бізді сең-сең болып сіресіп жатқан аппақ қардың үстіне қалдырып кете барған. Үкімет жұмысымен жүрген маған олардың бар қалдырғаны — азын-аулақ ақша мен өмірі адам аяғы баспаған жергілікті жердің картасы және бірнеше хат. Хаттардың сырты мықтап желімделген әрі су өткізбейтін материалмен оралғақ — мен оларды ұлы Маккензиге таяу жерде, мұзда қыстырылып қалған, кит аулайтын кемеге жеткізуім керек-ті. Егер өзен атаулының анасы — біздің Юконды есептемегенде, жер жүзінде Маккензиден үлкен өзен жоқ шығар.

Бірақ бұның бәрі әншейін сөз арасындағы әңгіме ғой, әйтпесе мен айтайын деп отырған негізгі мәселеге кит аулайтын кеменің де, өзім Маккензидің жағасында өткізген аса қатал қыстың да еш қандай қатысы жоқ.

Көктемде, күн ұзарып, жыли берген кезде, біз — Пассук екеуіміз — оңтүстікке, Юкон жағалауларына қарай жүріп кеттік. Бұл бір жанды жеген ауыр жол болды, тек күнге қарап қана бағытымызды айырып отырдық. Әлгінде айтып өткенімдей, ол уақытта бұл елге егін-тегін жатқан бос жер еді, біз сонау ит арқасы қияндағы Қырқыншы Мильге жеткенше бірде ескекті, бірде ұзын таяқты пайдаланып, ағысқа қарсы тырбаңдап жүзе бергенбіз. Сонан соң күндердің күнінде аяғымыз қара жерге тиіп, ол жердегі өздерің сияқты ақ адамдармен қауышып, бір жасап қалдық қой, әйтеуір.

Алайда ондай рақат күндеріміз ұзаққа созылған жоқ, көп өтпей — ақ қылышын сүйретіп қыс келді. Бұрын-соңды болмаған қатал қыс! Көз аштырмас ақ боран. Одан қалса қызылшұнақ аяз. Бұл да аз екен, артынша бұған аштық келіп қосылған. Компания Агенті әр адамға бүкіл қысқа бар-жоғы қырық фунт ұн мен жиырма фунт шошқаның сүрленген етін берген. Басқадай тамақ жоқ. Иттер ұлиды да тұрады, адамдар ашқұрсақтан әбден қажып біткен — беттері айғыз-айғыз әжім. Күштілер әлсіреген, әлсіздер өліп тынған. Оның үстіне поселканы тұтастай қырқұлақ жайлаған.

Өстіп жүргенде бір күні кешкісін бәріміз поселка ортасындағы дүкенге жинала қалғанбыз. Ондағы жылан жалағандай бос сөрелерді көргенде, жанымыз құлазып, ішегіміз шұрылдап қоя берген. Ошақтағы бықси жанған оттың алакөлеңке жарығында сыбыр-күбір әңгімелесіп тұрдық. Шырақ жағуға аяймыз, ол ертеңгі күндері мәйіт басына да керек. Сонымен әңгімелесе келе біз мынадай шешімге келдік: бұл жерде қандай жағдайға тап болғанымызды тезірек Тұзды Суға жеткізуіміз керек. Ал оған кімді жібереміз? Осы сұраққа тірелген жұрттың бәрі құдды бұрыннан келісіп алғандай-ақ бір сәт маған қараған. Мөлиген көздер бұл тек сенің қолыңнан ғана келеді, дейтін сияқты. Өйткені олардың арасында ең көп жол жүретін адам мен екенімді бәрі білетін.

— Теңіз жағасындағы Хейне миссиясына дейін жеті жүз миль, — дедім мен. — Ал жол бойындағы бүкіл қарды шаңғымен таптап отырмаса, итшаналар жүре алмайды. Яки бұл жол өте ауыр деген сөз. Сондықтан маған иттердің ең мықтысын, тамақтың бар тәуірін бересіңдер. Басқа сендерден сұрарым жоқ. Қалғанын Пассук екеуіміз өзіміз көре жатармыз.

Отырғандар келісті. Осы тұста "Ұзынтұра Джефф" деп аталып кеткен еңгезердей янки жігіті орнынан атып тұрған. Мен буйволдың сүтін ішіп өскен адаммын, сондықтан жолға менен өткен мықты, төзімді жанды шам алып іздесеңдер таппайсыңдар, оның үстіне шаңғымен де өте жақсы жүремін, дейді. Қысқасы, ол да менімен барғысы келетінін, әгәрәкім мен жолай өлім кетсем... қалған жолды ол өзі жалғастырып, миссияға дейін аман-есен жетіп, аманатты орындап бір-ақ қайтатынын жайып салған. Мен ол кезде жас едім, янкилер туралы білетінім де шамалы болатын. Осалдықтың бірінші белгісі — көпірме сөз екенін, ал шын мықтылар үлкен істі үнсіз тындыратынын, рас, ол уақытта мен қайдан білейін. Сонымен біз ең таңдаулы иттерді, ең жақсы деген азық-түлікті алып, үшеуіміз — Пассук, Ұзынтұра Джефф және мен — тәуекелмен ұзақ жолға шықтық та кеттік.

Осы отырған сендердің барлықтарың ұлпа қарды шаңғымен талай таптап, тыңнан жол салып көргенсіңдер, сондай-ақ суықтан сіресіп қалған шаналарды сәт сайын күтір-күтір қозғап отыру да ешқайсыңа таңсық емес, ендеше жол азабының бәрін тағы да сендерге ежіктей беру артық шығар. Бұл жерде тек мынаны ғана айтқан жөн: сол күндері біз күні бойы тырбаңдап небәрі он-ақ миль жол жүрсек, енді бірде оны отызға әрең жеткізетінбіз. Алайда көбінде сол онмен ғана шектелуші едік. Ең жақсы деп таңдап алған тамағымыз да аса жақсы бола қойған жоқ, оның үстіне алғашқы күннен бастап оны өте үнемдеп пайдалануға тура келген. Сонымен қатар мықты иттердің өзі де біртіндеп қажи бастаған, кешкілік тәлтіректеп қалған бейшараларды тек таяқтың ырқымен, зорлықтың күшімен ғана жүргіземіз. Өстіп жүріп ақ өзенге жеткенде жегімдегі үш топтың екеуі ғана қалған, — ал жүріп өткен жолымыз — небәрі екі-ак жүз миль! Рас, аса жоғалтқан да ештемеміз жоқ: өлген иттер тірілерге жем болған.

Пеллиге жеткенше жолай қыбырлаған не бір қараны, не бір сыздықтай шыққан түтінді көре алмадық. Мен осы жерде біраз азық-түлік қорын жинап алам ба деп үміттенгем, сосын және қатты қалжырап, ыңқылдап-сұңқылдап келе жатқан Ұзынтұра Джеффті осында қалдырып кету де ойымда бар-ды. Алайда фактория қоймасында іліп аларға ештеме болмай шықты; компания агенті күрк-күрк жөтеліп, дем ала алмай ентігіп тұрып бізге миссионердің қаңырап қалған жаман лашығы мен оның ит жеп кетпесін деп тастармен бастырып тастаған бейітін көрсеткен. Сол жерде тағы біраз үндістерді де көріп қалдық бірақ олардың арасынан бірде-бір кәрі адам мен жас баланы көрмедік. Тірі дейтін мыналардың да көктемге аман-есен жететіндері аз көрінген бізге.

Қысқасы, бұл жерден біз не қарынға, не көңілге еш жұбаныш таппай әрі қарай жүріп кеттік. Ал Хейне миссиясына дейін әлі алдымызда бес жүз миль жол жатыр еді. Оның өзі тұтастай мәңгілік қар мен аппақ мұнардан ғана тұрады. Бұл өзі және... жылдың ең қараңғы маусымы-тұғын, талматүстің өзінде күннің көзі оңтүстік көкжиекті әзер-әзер қызарта алады. Дегенмен алға озған сайын мұз қорымдары сиреп, жүру жеңілдей түскен. Мен иттердің үстіне бишікті үсті-үстіне үйіре беремін — осындай жеңілдеу жерде жолдан біраз ұтып қалғым келеді. Аяқ суыту, бел жазу дегенді мүлде ұмытқанбыз. Үнемі шаңғымен жүру де оңай тиіп келе жатқан жоқ, аяқтың басы удай ашиды, тобықтың үсті қажала-қажала әбден жара боп қалған. Күн өткен сайын бұл жаралар ушығып, қақсап ауырғанда жанымызды көзімізге көрсетеді. Міне, сондай бір күні таңертең біз шаңғыны аяққа іле бастаған кезде, Ұзынтұра Джефф еңкілдеп жылап жіберсін. Мен оны аяп, кішірек шаналардың жолын ашуға жібердім, бірақ ол жүрудің жеңілдеу жағын ойлап, шаңғысын шешіп тастап еді. Сол үшін де жол тапталмай, мокасин ойып түскен қарға иттер қайта-қайта сүрініп, жығыла берген. Иттердің арықтығы сондай, қабырғалары ырсиып, арқа сүйектері шодырайып-шодырайып сыртқа шығып тұр еді — байқұстардың аттап басуы мұңға айналған. Мен Джеффке айқайлап тұрып ұрсып едім, ол енді қайтіп шаңғысын шешпеуге уәде берген, бірақ сөзінде тұрған жоқ. Мен сосын оны амалсыз бір-екі рет бишікпен ұрып жібердім. Иттер содан кейін ғана дұрыс жүре бастаған-ды. Жалпы, күннен күнге Джеффтің жайы баладан қиын болып бара жатса, соның барлығы әлгінде Беттлз айтқан денедегі артық майдың "арқасы" еді.

Ал Пассук! Еркек атымен біреу оттың жанында мырс-мырс жылап жатқанда, ол таң атпай тұрып бізге тамақ дайындап, сосын маған иттерді жегуге көмектесіп, ал кешкісін жатар орынды дайындап, әйтеуір, күні бойы бір дамыл таппайды. Егер иттеріміз аман жүрсе, бұл тек Пассуктың еңбегі. Өйткені иттердің алдына шығып ұлпа қарды шаңғымен таптап отыратын да — көбінде Пассуктың өзі болатын. Пассук... не десем екен сендерге! Ол уақытта бұның бәрін мен солай болуға тиіс деп қабылдайтынмын және басқадай ойдауға құлқым да жоқ-ты: басым басқада жүреді, екіншіден — жаспын, әйелдер жөнінде де өте аз білемін. Тек кейін сол күндерді еске алғанда ғана кезінде менің қандай әйелім болғанын біліп, талай-талай бармақ тістедім ғой.

Джефф енді бізге тек масыл боп қалған. Иттердің жүгі онсыз да ауыр екеніне қарамай, ол кейде артта қалған кезде, итшанаға ұрланып жатып алады. Оны біз бәрібір бұдан соң Пассук барлық жегімді өз қолына алған да, Джефф мүлде бос қалып еді. Күн сайын таңертең мен оған тамақтан өз үлесін қылдай қып бөліп беремін, ол оны ішіп-жеп алады да, бізден бұрын жолға шығып кетеді. Ал Пассук екеуіміз жүктерді жинап, шанаға тиеп, иттерді жегіп болған соң, тағы да жүріп кетеміз. Содан түске жақын күн көзі сәл жыли бастаған кезде, біз оны қуып жетеміз де, тоқтамай кете барамыз — ол көз жасын көлдей төгіп қала береді. Біз жүре береміз... жүре береміз... сосын әбден қараңғы түскен уақытта түнемелікке тоқтап, отты лаулатып жағып, Джеффтың тамағын жеке бөліп қойып, төсегін салып, өзін сарғая күтіп отырамыз.Түннің бір уағында ақсаңдай басып, сүйретіліп ол да жетеді. Жетеді де өзіне тиесілі тамақты қомағайлана жеп алып, күңк-күңк сөйлеген күйі тоңқайып жата кетеді. Күндегі жағдай — осы. Оның ауру дейтін ауруы да жоқ-ты — бәрі де әншейін қатты қажу мен ашыққандықтан еді. Бірақ дәл сол секілді Пассук екеуіміз де қатты қажып, шаршағанбыз, біздің де ішегіміз аштықтан әбден бұралып біткен, дегенмен біз бүкіл жұмысты атқарып келеміз ғой — ал ол болса, қара басын алып жүруге де жарамайды. Шындығына келгенде, барлық бәле манағы Беттлз айтқан артық майда жатса керек, әйтпесе, оны азын-аулақ тамақтан қағып жүрген біз жоқ қой.

Бір күні алдымыздан... аппақ Меңіреу Мекенде ілби басып келе жатқан екі кісіні кездестірдік. Әкелі-балалы ақ адамдар екен. Ле-Барж көлінде сең бұзылып, барлық киім-кешек, жүктері суға батып кетіпті, қолдарында бар қалғаны — екі жеңіл жамылғы ғана. Айтуларына қарағанда, жол бойы түнде лаулатып от жағып отырыпты да, таңға дейін соның жанында бой жылытып жатыпты.

Жандарында аздап ұн да қалған көрінеді, соны анда-санда жылы суға езіп ішіп, жан шақыратын секілді. Баланың әкесі маған дорбасынан оны да көрсеткен — бар жоғы жеті-сегіз уыстай ғана екен. Ал олар бетке ұстаған Пеллиге дейін әлі екі жүз мильдей жер бар еді. Оның үстіне ол жерде де аштық басталып кеткен. Олар бізге өздерімен бірге бір үндістің де жолдас болып шыққанын, онымен тамақты ылғи да тең бөліскендерін, бірақ оның біртіндеп бұларға ілесе алмай қалғанын әңгіме еткен. Бірақ мен бұған сенгем жоқ, егер тамақты тең бөлісіп отырса, ол неге бұларға ілесе алмай қалады?

Мен ол екеуіне ештеме бөліп бере алмадым. Ал олар біздің ең жарамды итімізді (оның да ыңыршағы айналып тұрған) ұрлап алуға тырысып еді, мен тапаншаммен қорқытып, табандарын жалтыратуды талап еттім. Олар мас адамдай сенделектеп жүріп кетті. Адам деген аттары ғана, әйтпесе тірі аруақтан еш айырмасы жоқ еді бейшаралардың. Соңдарына ұзақ қарап тұрдым: бірін-бірі сүйеген әкелі-балалы екі аруақ Пеллиді маңдайға алып, аппақ меңіреу қойнына біртіндеп сіңе берді. Бізде ендігі қалғаны — үш ит пен бір шана еді, құр сүйек пен теріден басқа ол иттерде де ештеме қалмаған. Отын аз болса оттың да қызуы аз болатыны белгілі ғой — біздің де жағдайымыз тура сол сияқты еді. Тамақты тым аз жегендіктен бойымыз да өте аз жылиды, суықтан бетіміздің қап-қара боп үсіп кеткені сондай, бізді енді туған анамыздың тануы екі талай-ды. Аяғымыз солқылдап ауырып шыдатпайды. Таңертең жолға жиналған кезде шаңғыдан қажалған аяғымның ауырғанына шыдай алмай жылап жібере жаздаймын. Пассук астыңғы ернін жымқыра тістеп алып, ылғи да алда қалың қарды таптап бара жатады.

Отыз мильдік дейтін өзеннің ағысы тым қатты еді, біз жеткен уақытта ол мұз үстіне біраз жайылып алған екен, тіпті кей тұстарының жарылып жатқанын да көрдік. Міне, бірде біз әдеттегідей таңертең ертерек жолға шығып кеткен Джеффті қуып жетіп алғанбыз. Ол бір шоқайған мұз үстінде құс сияқты қонақтап отыр екен. Екі арамыз — үлкен мұздың жарығы. Яки ортада — су. Джефф оны қабыршық мұз арқылы айналып өткені байқалады. Әрине, жалғыз жаяуға бұл аса қауіпті емес, ал жүгі бар итшанаға? Тәуекелден басқа амал жоқ. Пассук қолына ұзын сырық ұстап, бірінші боп аяғын алға аттады. Оның салмағы жеңіл, әрі шаңғысының табаны жалпақ болатын —сөйтіп ол арғы жаққа сәтімен өте шығын, сосын иттерді өзіне шақырды. Бірақ не сырығы, не шаңғысы жоқ ол бейшаралар төрт-бес қадам аттасымен бүрк етіп ойыққа түсіп кеткен де, асау ағыс оларды бірден жұлып ала жөнелген. Мен шана артынан шап беріп ұстай алғам, бірақ, амал не, иттердің әбзел жіптері сыпырылып кетіп еді... Егер тым ашығып бара жатсақ арық та болса сол иттерге ауыз салармыз деген үмітіміз бар-ды. Ол да енді көзден бұлбұл ұшты.

Келесі күні таңертең мен азын-аулақ тамақты тең бөлдім де, Ұзынтұра Джеффке: егер жүрем десең бізбен жүр, әйтпесе қала бер, енді саған қарайтын шамамыз жоқ дедім. Ол бірден айқайға басып шыға келген де, сосын аяғының ауыратынын айтып, басқа да көріп келе жатқан азап-бейнетін алға тартып, соның бәрін ескермей тұрған мына менің "ит" екенімді бетіме басып салған. Шындығында, оның аяғына қарағанда біздің аяғымыз әлдеқайда қатты ауыратын, өйткені жол бойы қарды таптап отырған біз — Пассук екеуіміз ғой. Сонда бізге жеңіл тиді дейсіз бе! Ұзынтұра Джефф ақыр-соңында маған енді жүргеннен гөрі өлген оңай, деп жатып алды. Бұдан соң біз жүктерімізді тез жинап алып, жүруге ыңғайланғанбыз. Бірақ Пассук Ұзынтұра Джеффке қалдырған тамаққа сәл ойлана қарап тұрды да: "Бұ жігітке осыншама азық қалдыру ақымақтық болады. Оған тезірек өлген дұрыс" деді. Мен басымды шайқап: "Жоқ, жолдас қашан да жолдас боп қалуға тиіс" дедім. Сонда Пассук маған Қырқыншы Мильдегі адамдарды еске салып, — нағыз еркектердің сонда қалғанын, және олардың өте көп екенін, ал қазір бәрі де менен көмек күтіп отырғанын айтқан. Мен тағы да "жоқ" деп едім, ол белдігімнен тапаншамды суырып алып, қас пен көздің арасында шүріппені басып салып еді. Сөйтіп біздің Беттлз дос айтқандай Ұзынтұра Джефф ата-бабасының жанына мезгілінен бұрын аттанып кете берді. Мен Пассукке ұрыстым, бірақ ол ешқандай өкінген де, опынған да сыңай танытқан жоқ. Мен іштей оның дұрыс істегенін түсіндім.

Ситка Чарли бір мезет үнсіз отырып, пеш үстіндегі қаңылтыр науаға тағы да бірер кесек мұз тастаған. Басқалар да үнсіз. Сыртта төбе құйқаны шымырлатып ит ұлыды, тегі суыққа шыдай алмай тұрса керек.

Күн сайын жол бойынан мана алдымыздан шыққан екі аруақтың қар үстіне қонып шыққан ізін көріп отырдық: Тұзды Суға жеткенше өзіміздің де сан рет сондай із қалдыратынымызға мен еш күмәнданғам жоқ. Сосын, бірер күннен кейін, жолда үшінші аруақты — алдындағы екі адамға ілесе алмай қалған үндісті де жолықтырдық. Оның да бағыты — Пелли екен. Ол бізге өзінен озып кеткен әкелі-балалы екеудің қаралық жасағанын, яки жол азығын тең. бөліспегенін, енді міне үш күннен бері өзінің нәр сызбай келе жатқанын айтты. Күн де кешкісін ол аяғындағы мокасиннің бір тілімін суға қайнатып алып, соны шықпас жанға талғажау етіп келетін көрінеді. Қазір енді мокасиннен де ештеме қалмапты. Бұл үндіс шыққан тегі жағынан жағалаулық екен, ал мен олардың тілін білмеуші едім, сондықтан Пассук арқылы түсініскем онымен. Ол Юкон жақта ешқашан болмапты, тіпті жолын да білмейді. Дегенмен бәрібір солай қарай кетіп барады екен. Оған дейін неше түнемелік? Екі ме? Он ба? Әлде жүз? Білмейді. Бірақ кетіп барады... Пеллиге. Өйткені кері қайтуға енді кеш — тым алыс, сондықтан өліп кетсе де алға ұмтыла бергеннен басқа амалы жоқ-ты оның.

Ол бізден тамақ сұраған жоқ, өйткені біздің де битімізді сығып келе жатқанымызды сезген. Ал Пассук не істесем екен деп қиналғандай маған бір, үндіске бір жәпектеп қарай берген-ді. Мен оған бұрылып:

— Бұл адам онсыз да алдыңғылардан зәбір көріп келеді екен. Тамағымыздан аздап берсек қайтеді бұған? — дедім ақырын.

Пассуктың көзінен бір жылы ұшқын жылт ете қалғандай болды. Сосын үндіске де, маған да қимай ұзақ қарап тұрды да, ақыры ернін жымқыра тістеген күйі батыл түрде:

— Жоқ. Тұзды Суға дейін әлі талай жер бар, біздің әр қадамымызды ажал аңдып жатыр. Ол алам десе мына бөтенді алсын, ал менің күйеуімнен аулақ жүрсін! — деді.

Сөйтіп ол үндіс те сүйретіле басып, Пеллиді бетке алып, түпсіз тұңғиық Меңіреу Мекеннің қойнына сіңе берген.

Ал түнде Пассук өксіп-өксіп жыласын кеп. Мен бұған дейін еш уақытта оның көзінен жас көрген жоқ едім. Бұл да жол азабынан мүлде қажыған екен, әйтпесе менің алдымда мұндай осалдық көрсетер ме еді деп ойладым мен.

Өмір деген бір жұмбақ құбылыс қой. Мен бұл туралы көп ойладым, көп толғандым, бірақ күн өткен сайын ол маған тіптен түсініксіз бола түскен. Біз бәріміз неге оған соншама құлай береміз. Шындығында, біз өліп-өшіп сүйген өмір дегеніміз — әншейін бір ойын емес пе, ол ойыннан түптің түбінде ұтып шыққан кім бар! Өмір сүру атымен ғұмыр бойы ит болып еңбек етесің, жаныңды шүберекке түйіп тәуекелге барасың, бұның ортасында қаншама қайғы-қасіретің, азабың мен бейнетің бар. Осы да қызық па? Осы да өмір ме? Жоқ өмір сүру — тозақ. Туғаннан — өлгенге дейін. Өйткені адам жылап туады, жылап өледі. Сөйте тұра және ешкім оңайлықпен, өз еркімен өлгісі келмейді. Егер көзіңді ашып қарасаң, мұндай ит тірліктен өлім әлдеқайда артық қой. Жоқ бәрібір біз өмірді жақсы көріп, өлімге нәлет айтамыз. Бұны қалай түсінеміз өзі!? Бұл неткен жұмбақ сонда!

Біз Пассук екеуіміз, өте сирек сөйлесетін едік. Түнде біз өлген адамша қар үстіне сұлық түсіп жата кетеміз, ал таңертең тағы да жолға шығамыз — үнемі сол өлген адамдардай жан кірісін ашуды білмейміз. Маңайымыз да — тұтастай өлі тірлік, өлі дүние. Қыбыр еткен не бір аң, не бір құс көрінбейді. Ақ көрпесін айқара жамылып, үнсіз мелшиіп жатқан өзен. Тұла бойы тоң боп қатып қалған меңіреу орман. Дәл қазіргі мына сырттағыдай сақылдаған сары аяз. Түнде жұлдыздар үп-үлкен боп, жерге жақындап кеп, секек-секек билеп тұрады, күндіз күн көзімізге мың сан сәулесін жіберіп, жыбыр-жыбыр қытықтаудан танбайды: ауада жылт-жылт етіп ұшқындар ұшады, ал қар беті уыс-уыс шашып тастаған жақұт тозаңындай жарқырайды. Төңіректе жылт еткен от, тырс еткен дыбыс жоқ — тек сықырлаған суық пен Ақ Меңіреу тыныштық қана. Біз уақыт есебінен баяғыда жаңылғанбыз — күннің де, аптаның да бізге түкке керегі жоқ еді, — жүрсек болды, басқа да жұмысымыз жоқ. Ал біз жүріп келеміз, бірақ өлген адамдай... Көзіміз тек Тұзды Су жаққа қараған, ойымыз сол Тұзды Суға ғана байланған, ал аяғымыз бізді Тұзды Суға қарай өзі сүйреген. Біз Тахкинаның тура түбіне тоқтағамыз — бірақ оны танығамыз жоқ. Біздің көзіміз Ақбозатқа қараған — алайда оны көрмеген. Біздің аяғымыз Каньон жерін басып жүрген — дегенмен оны сезбеген. Иә, біз ештемені сезуден қалғанбыз. Біз жиі-жиі құлап та қаламыз, бірақ құлап бара жатып та Тұзды Су жаққа қараймыз.

Біз ылғи да тең бөлісіп келе жатқан тамағымыз да ақыры таусылып еді, — бірақ, неге екені белгісіз, соңғы күндері маған қарағанда Пассуктің жиі құлайтыны байқалған. Содан ақыры... Бұғылы таудың етегіне жеткенде оның соңғы күші, соңғы қайрат-жігері мүлде сарқылып біткені білінді. Таңертең жалғыз жамылғының астында екеуіміз де қыбырсыз жаттық енді — жолға шығу миымызға да кірмеген. Мен ажалды Пассуктың ып-ыстық құшағында жатып қарсы алғым келіп еді, өйткені осы санаулы күнде мен талай дүниеге көзім жетіп, әйел махаббаты дегеннің не екенін енді-енді түсіне бастағандай болғам. Хейне миссиясына дейін әлі де сексен мильдей қалған, бір-ақ алыстан әйгілі Чилкуттың мәңгілік боран жұлмалаған таз төбесі көрініп те қалып еді. Міне енді Пассукке де тіл біткендей — мен естісін дегендей еріндерін құлағыма тақап, сыбыр-сыбыр сөйлейді. Сыбырлап сөйлесе де мен бұрын мән бермеген небір жайлар мен өзінің маған деген махаббатын бүкпесіз, түп-түгел ақтарып салған. Әрине, қазір ол артық бірдеме айтсам барқ ете қалама деп, бұрынғыдай менен қорықпаған да бүгежектемеген.

— Сен менің күйеуім болдың, ал мен саған адал жар болдым, Чарли. Мен әрқашанда сенің отыңды лаулатып жағуға тырыстым, барымды салып тамағыңды істедім, иттеріңді шанаға шегіп, қарына дейін қыңқ етпей баптап жүрдім — бірақ еш уақытта қабақ шытып көргем жоқ. Және ешқашан төркін жұртымның төсегін мақтап, асын әспеттеп те көрмедім. Сен не айтсаң да — көнгем. Көне бергем де. Айтшы, осы сөзім өтірік пе?

— Бәрі рас, — дедім мен.

— Сен алғаш рет Чилкутқа келіп, мені сатып алған кезде, ау, мен осы кімді әйел еткелі тұрмын деп, тым болмаса бетіме бір қарамағансың. Ит екеш итті де адам өйтіп сатып алмайды. Рас, сонда мен сенен әрі түңілгем, әрі қорыққам. Одан бері де, міне, қаншама жыл өтті. Қайырымды адам өз итін қалай аяса, сен де мені солай аядың, Чарли. Бірақ ешқашан жүрек жылуыңды маған берген жоқсың, Чарли. Өйткені ол жүректе маған титімдей де орын жоқ еді; алайда сенің жақсылығың сол — маған дегенде әрдайым әділетті болдың, адамға қалай қарау керек болса, сен маған солай қарадың. Сенің әрбір батыл қимылдарың мен әрбір қауіпті қадамдарың кезінде, мен үнемі қасыңда болдым. Сонда өзіңді басқалармен салыстыра келіп, олардан сенің көп артықшылығыңа көзім де жеткен. Айтсаң — істедің, сөйлесең сөзіңді тыңдата білдің. Бұған қоса адал едің, шыншыл едің. Ал сен үшін мен мақтанатын болдым. Міне, сөйтіп сен менің жүрегімнен орын алдың. Бұдан былай жатсам да, тұрсам да тек сені ойлайтын күйге түстім. Сен мен үшін көкжиектен бір көрінсе, көгілдір аспанда ұзақ байланып тұрып алатын жаз айларындағы алтын табақ Күнге айналдың. Мен сонда қай жаққа қарасам да тек сол Күнді ғана көретін едім. Бірақ... бірақ сенің жүрегіңе жол таба алмадым. Маған деген орын онда жоқ еді, Чарли.

— Иә, солай болған, — дедім мен. — Саған дегенде менің жүрегімнің салқын болғаны рас. Сен күткен орын онда болған жоқ. Ал қазір менің жүрегім Күн қайта оралған кездегі көктемгі қар секілді. Онда енді бәрі еріп жатыр, түкпір-түкпірінде сылдырап ақ бұлақтар ағады, жағасында жасыл құрақ желкілдеп, төрінде қызғалдақтар құлпырады. Мен одан бұлбұлдың сайрағанын, құрлардың құрқылдап ойнағанын, алыстан әупілдеп еліктің шақырғанын естимін, өйткені менің жүрегімнен мұз еріді, тоң жібіді, Пассук. Мен қазір әйел махаббатының құдіретіне бас иіп жатырмын, Пассук.

Ол жымиып, менің қойныма тығыла түсті. Сосын бір сәт:

— Қуаныштымын, — деді сыбырлап.

Бұдан соң ол менің кеудеме басын салған күйі ақырын тыныстап, ұзақ үнсіз жатты. Тек не заматтан соң:

— Менің жолым осы жерде таусылады, шаршадым, — деді күрсініп. — Бірақ әлі де бір нәрселер айтқым келеді. Баяғыда, менің кішкентай қыз кезімде, Чилкуттағы әкемнің итарқа қосында мен жиі-жиі жалғыз қалатынмын, себебі ер азаматтар аң аулауға кететін де, ал әйелдер мен балалар атып алған аң-құстарды орманнан үйге таситын. Міне, сондай күндердің бірінде, көктемде, қос ішінде жалғыз өзім ойнап отырғам. Кенет... қысқы ұйқыдан жаңа оянған аш-арық бір қоңыр аю қосқа басын тығып, "у-ух!" деп өкіріп жіберсін! Орманнан аң-құсты шанамен тасып жүрген ағам осының алдында ғана қосқа кірген болатын. Ол ошақта жанып жатқан бір шаланы жұлып алып, дереу аюмен айқасқа түсті де кетті, бір жағынан оған шаналарын сүйрете-мүйрете иттер де жеткен көмекке. Қос іші бір-ақ сәтте астан-кестен, қара құйын боп шыға келді... У-шу, ырылдаған, ырсылдаған дыбыс... Бір мезетте олар ұмар-жұмар отқа құлаған да, артынша қос та жерге жалп ете түскен. Ақыр соңында әйтеуір аю жан тапсырып, менің ағам аман қалып еді, бірақ аюдың аузына түсіп кеткен бір саусағы мен әп-әдемі бет ажарынан айырылып шыға келген — өткір тырнақ балғын жүзді пышақтай осып түскен ғой. Ал сен... әлгі Пеллиге кетіп бара жатқан үндіс қолын отқа жылытып отырғанда ... байқадың ба, бір саусағы жоқ еді ғой оның. Сол менің ағам еді. Мен оған қолымдағы бар тамақты бере алмадым, ол Меңіреу Мекенге аш қалпында сенделіп кете барды.

Міне, достар Бұғылы тауда мәңгіге мұз жастанып қалған Пассуктың махаббаты осындай болған. Бұл ұлы махаббат еді. Көрдіңдер ме, өмір бойы азапты жолмен сүйреп-сүйреп келіп, ең ақырында басын құрдымға тіреген күйеуі үшін ол, әне, туған ағасын құрбан етті ғой! Махаббатының күштілігі сондай, ол тіпті өзін де аяп қалған жоқ. Көз жұмарынан сәл бұрын ол менің қолымды өзіне тартып, қоян терісінен тігілген белдемшесінің ішіне қарай жылжытқан. Сол сәтте саусақтарым ішіне қарай қатты тартып тастаған киінірек бір қапшықка іліккен. Бірден түсіне қойдым. Бейшара Пассук күн сайын екеуіміз тең бөлісіп жүрген тамақтың өзіне тиесілі жартысын ылғи да сол қапшыққа тыға берген ғой. Сонда кімге дейсің? Әрине, маған.

— Пассуктың жолы осымен бітті, міне, — деді Пассук құлақ түбімнен. — Ал сенің жолың біткен жоқ, ол жол әйгілі Чилкут асуынан асып, талай-талай қырқа-белдерді басып, сонау теңіз жағасындағы Хейне миссиясына қарай жалғаса береді. Ол одан кейін де бітіп қалмайды, бір қиырдан бір қиырға құлаш ұрып, мың бұралып. жат елдерге, жарқын күндерге ұмтылады; бұл жолда сені ұзақ ғұмыр, үлкен құрмет, зор даңқтар күтіп тұрады. Ол сені асқан сұлу әйелдердің, ақылды әйелдердің отауына да алып барады, бірақ өзіңді Пассуктей сүйген ешкімді кезіктіре алмайсың.

Мен оның дұрыс айтып жатқанын білдім. Бір сәт жын қаққандай жұлқынып, Пассуктың белдемшесінен алған қапшықты лақтырып тастап: менің де жолым бітті осымен, енді мен де сенімен бірге өлемін, деп аласұрдым. Алайда Пассуктың шаршай қараған жанарына жас толып:

— Адамдар кез келген ортада Ситка Чарлиді адал деп білген, оның әрбір сөзі шыншылдығымен құрметтелген де. Ал қазір ол Бұғылы таудың етегінде бос сөзді мыжып тұрғанын біле ме? Бұл абырой ма оған? Ол кешегі күні бізді құтқарады деп, ең мықты итін, ең дәмді тамағын беріп аттандырған Қырқыншы Мильдегі адамдарды ұмытқаны ма қазір? Пассук әрқашан өзінің күйеуімен мақтана білген. Пассук сол мақтанышынан әлі де айырылғысы келмейді; ендеше ол қазір орнынан тұрып, шаңғысын киіп, дереу жолға шығады.

Оның өлі денесі менің құшағымда әбден суып болған уақытта, мен орнымнан тұрып, мана лақтырып жіберген қапшықты қайта тауып алып, аяғыма шаңғымды іліп, қалт-құлт етіп жүріп кеттім. Тіземнен соншама бір әлсіздік сеземін; басым айналып, құлағым шу-шу етеді, көз алдымда қызылды-жасылды ұшқындар ойнайды. Баяғы өткен балалық шағым бұлдырап алдыма келеді... әлдебір той үстінде отырмын. Алдымда — лаулай жанған от. Отта — бұрқ-бұрқ қайнаған қара қазан. Мен ән саламын, қыз-жігіттер сыңсытқан ән ырғағымен би билеймін. Бір шетте морж терісімен қаптаған дауылпаздар даңғырлайды — ал Пассук менің қолымнан ұстап алып, үнемі жанымда жүреді. Иә, үнемі жанымда... Ұйықтап кеткен кезімде, оятып алады. Сүріне жығылсам, демеп тұрғызып жібереді. Қалың қарды омбылап адасып бара жатсам, ол дұрыс жолға әкеліп салады... әрине, ақылынан адасқан адам ғана осындай елестерге үйір болса керек-ті. Ол күндері менің де есім кіресілі-шығасы еді. Бірақ, әйтеуір, күндердің-күнінде жығылып-тұрып жүріп, Хейне миссиясына да жеттім-ау.

Ситка Чарли орнынан тұрып, шатырдың етегін көтеріп, сыртқа шыққан. Талтүс еді. Оңтүстікте, Гендерсон қыраттарының үстінде жез табақ Күн суық қана жымиып көз салады. Ауада мың-сан инелер жылтылдап ұшып жүргендей. Ал алдыңғы жақта, жолдың жиегінде, жүнін аппақ қырау басқан қасқыртұмсық бір ит танауын көкке көтеріп, сай сүйекті сырқырата ұлып отырды.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Джек Лондон Әйел қырық жанды туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Джек Лондон Әйел қырық жанды на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]