Әңгіме: Сәкен Сейфуллин | Қыр балалары

Әңгіме:  Сәкен Сейфуллин  | Қыр балалары


Байлаған биенің бас сауымын сауып алған кезде, "Тайжүзген" құдығының басындағы төрт ауылдың атқа мінер кәрі, жас, қатын-қыздарының аттары ерттеліп болды. Үлкендер маңызданып қымызы бар үйлерден қымыз ішіп, қыз-бозбалалар, бай балалары сәнді киімдерін киіп, жақсы аттарын күмістеген ер-тоқымдарымен ерттеп, кедейдің балалары да барын киіп, қатындардың байы байша, кедейі кедейше тазарақ киімдерін киіп, бәрі бір түрлі асығып лепіруде.

Күн ыстық. Шыбындап, топтанып, шаптары терлеген жылқылар үймелеп жылы желі маңайында тұр. Қап-қара болып күнге күйген, бұттарында жүнін сыртына айналдырып киген шалбарлары ғана бар жап-жалаңаш малайлар арпалысып сауған биелердің сүтін шелектерімен қолдасып келе жатыр.

Құрғақ апандардың, әм жарлардың көлеңкелерінде қозылар үймелеп, жүргендері жүріп, жатқандары жатыр. Қара мал өріске кеткен. Ауылдың күншығыс жағындағы сортаңда сағымнан бұлдырап төрт-бес түйе жүр...

"Тайжүзгеннен" үш-төрт шақырым жердегі ауыл — Жүгербайдікі. Тойға бірсыпыра әйел шақырылған. Бұл тойға барайын деп жатқан "Тайжүзгеннің" басындағы атақты Сәлкең ауылдары. Сәлкеңе қараған он шақты ауылдың "Тайжүзгеннің" басындағы ауылдардан басқалары үш шақырым жердегі белдің астындағы Сәтбай құдығының басында. Сол Сәтбай құдығында Сәлкеннің ортаншы баласының аулы. Оған немере Сәлмен деген жігіт Жүгербайдың қызын алайын деп жатыр.

Міне, енді Тайжүзгендегі Сәлкеннің тортауылынан топтанысып үздікті-создықты тойшылар жөнелісті. Алдыңғы топ үлкендер. Сәлкең, Жантайбек, Асаутай деген болыс, би балалары. Қастарында ақсақалдары, ауылдастары, қоңсылары бар әм атқа жеккен ағаш арбада үкілеген қара саба қымызға толы. Екінші топ пәуескелі әм салт атты қыз-қатындар, үшінші топ жас жігіттер... Үшінші топтағылардың бәрі біркелкі, алды жиырманың ішінде. Арты он сегіз, он тоғыз жастарда. Бәрінін жараулы аттары тойды көрген соң еліріп әм шыбыннан қағынып терлеп, ұрынып, лепіріп желдей есіп келеді. Олардың үстінде самбырлай сөйлесіп қаршығадай ыңғайлы Сәлкең ауылдарының жігіттері келеді. Бұлардың саны он екі. Қастарында құйрықтары сүзіп үкілеген екі құнандағы баламен он төрт. ЬІстықтап тершіп, күлісіп, сөйлесіп жігіттер келеді.

Ортадағы Асаутайдың баласы Құрман, қиылған қара мұртты, қыр мұрынды, шүңіректеу қара көзді, қара торы жігіт, Сәлкеннің өзге балаларынан кедей болса да, әкесі де, Құрман да бай туысқандарынан өздерін өздері кем ұстамайды. Құрман Сәлкен балаларының кейінгі жастарының бастығы, жасы кіші немере- шөбере інілеріне аға: немере-шөберелер Құрманды аға деп қадірлеп, Құрманның айтқанымен жүреді. Құрман білімді. Не істесе де ақылмен істейді, істеймін деген нәрсесін алдында таудай бөгет тұрса да елемей істейді. Өзі бір сөзді, уағдашыл. Қырдың байларына, болыс, бидің тәкаппарлығына қас. Олардың алдында өзін бір түрлі жоғары ызбармен ұстап, нашарларға келгенде бір түрлі жайдары. Құрман газет алып оқиды. Әйелді сүйгеніне беру керек деген сөзді жайып, әке-шеше, туған-туысқандарының беретін жерлеріне наразы болған қыздарға талай қорған болып, халық көзіне ілінген. Құрманның аты қыз- келіншек арасында көбірек айтылады. Сондықтан Құрманға ынтық қырдың сұлулары көп. Әсіресе жапсар елдің, бөтен елдің сұлулары ынтық. Құрман — құрбы-жастардың туы. Домбырашы, әнші, мерген әм оның шығарған өлеңдерін жастар жаттап алысып, әнге салып айтып жүреді. Қазір тойға келе жатқан Құрманның қасындағы жігіттердің көбі Құрманға шөбере әм одан гөрі қашығырақ ағайын. Құрманның оң жағындағы бәрінен жасы үлкен, Кұрманнан айырылмай жүретін жолдасы Айтжан деген ағайыны. Ер, қажырлы жігіт. Оның әр жағындағы Құрманмен немере Жантай болыстың баласы Мұса, жерде - балуан, ат үстінде, көкпарда тақымкеш жігіт. Құрманның бергі жағындағы Мұздыбек пысық, ойыншыл, айтқан жерден шығатын жігіт. Оның бергі жағындағы Құрманмен шөбере Бектің баласы Әлді, бұл да балуан, тақымкеш, қысқасы Сәлкеңнің шөберелерінің бәрі балуан, тақымкеш, ер, өткір. Күресте, көкпарда сол аймақта бұларға пара-пар келетін жігіт аз. Сәлкеннің немере- шөберелерінің бақытына аттарда жүйрік келеді, қазір тойға келе жатып бұлар көкпарды әм күрес бәйгесін алмаймыз деген ойлары жоқ. Бәрі ыңғайлы, бірінен-бірі өтеді. Құнан бәйгесін де аламыз дер еді, бірақ әкеле жатқан құнандары бапсыз болды десіп келе жатыр. Қайсыларының көкпар тартысатыны, қайсыларының көкпар алып қашатыны өздеріне белгілі. Бірақ Сәлкеннің жастарына үлкендері бәйге тіккен күреске түсуді тыйыңқырап жүр. Сондықтан бір аса қызған жерде болмаса, күреске қастарында бірге жүретін әм қазір де бірге келе жатқан Айдар деген жігітті күрестіретін болып жүр. Жігіттер лепіре, әңгімелесіп, астарындағы аттары тыпыршыса да үлкендердің соңынан жүріп отырып Жүгербай ауылына таянды.

Жүгербай ауылы - бай ауыл. Қасында төрт-бес ауыл жақын ағайындары отырған. Міне, анау ортадағы ақ үйлер, көк түтін жер ошағынан шығып, атты-жаяу қыбырласып жүрген Жүгербай ауылы. Мынау ауылдың желі басындағы топ жылқысы. Әне, жан-жақтан топ-топ ағытылып, келіп жатқан тойшылар.

Сәлкеңнің ауылының кісілері Жүгербай ауылына таянғанда алдарынан даяшылар шығып амандасып, қатындарды Жүгербайдың өз үйіне апарып түсіріп, қыздарды күйеу-қыздар отырған үйге апарып түсіріп, үлкендерді Жүгербайдың, ағасынікіне түсірді. Бір қырқылжың мен бір жас жігіт Құрмандардың алдынан шығып көлденеңдеп-кескестеп келіп: "ассалаумағалейкум!" деді.

Құрмандар:

— Уағалейкумассалам, амансыздар ма, құдалар! Тойларың тойға ұлассын! — десті.

— Айтқандарыңыз келсін, мал-жан аман ба? Мал-жан аман ба? — деп аттарын ауылға қарай бұрып алып, қатарласып тоқтамай жүріп келе жатқан Құрмандарға қырқылжың даяршы: — кәне, бөлек үйге түсесіңдер ғой, Құрман? — деді.

— Әрине, бөлек үйге түсеміз.

Даяршы қасындағысына:

Бар... Бәкеңнің үйін даярлата бер, — деп Құрманға қарап, қалжыңдап, — сабаларың жоқ қой? — деді.

Құрман:

— Саба жоқ, — дегенде Айтжан күліп:

— Саба неге керек, қымызға әрқайсымыздың сабамыз толық! — деді. Даяршы күліп: — Олай болса жарайды, бірақ ана болыстардың қымызынан ішерсіңдер, — деп, Құрмандардың аттарына, құнандарына қарап, — Япырым-ай, көкпары мен құнан бәйгесі тағы сендердікі екен, — деді.

Құрмандар күлісіп:

— Кім біледі? Көреміз, — десіп даярлаған Бәкен үйінің сыртына келген соң даяршы: — Кәні, аттан түсіп, қона қалыңыздар осы жерге! — деп үйден шыққан ауыл жігітіне:

— Әй, таза ма үй іші?.. Мына кісілерді есік ашып енгізіп, қызмет қылыңдар, — деп аттарын байластырып жатқан Құрмандарға:

— Мен енді ас жабдықтарын даярлайтын жерге барайын, өздеріңіз кіріп отыра бересіздер Құрман, әйтеуір сын тағатын кісі емес, өз тойларың ғой? — деді.

Құрман, Айтжан, Мұса әм өзгелер де күлісіп: — Әрине, басқаларды күте беріңдер. Бізді неғыласың, — деді.

Тазалап киіз, сырмақ, төрдің алдына кілем төсеп, көрпелер салынған. Бәкеңнің отауына Құрмандар кіріп, желпініп, бөріктерін, жаз киетін жеңіл тымақтарын алып, терлерін сүртіп отырды. Кешікпей екі жігіт, бір келіншек, бір бала отауға самауыр мен шай жабдығын алып кірді. Шай әкелген жігіттер Құрмандармен амандасып, жылдам шайды жасап, келіншек қолындағы бауырсақты, өрік-мейізді дастарханның үстіне төгіп, қызыл шыны аяқтармен шайды құйып бере бастады...

Күн ыстық. Жүгербайдың ағайындары, бес ауылдың бар еркегі ат үстінде. Жаратып бар жақсы аттарын мінген. Барын киген. Адамдарының көңілдері көтеріңкі. Ауылдары әбігер, айқай-ұйқай. Шаң-шұң. Дүсір-шабыс. Келген кісілердің алдарынан шығу, күтіп алу, жабдықтарын даярлау.

Құрмандар шайды ішіп отырған кезде үйге Жүгербайдың кіші шешесінен туған Бәкеңнің келіншегі, Жүгербайдың қызы және бір қыз, бір келіншек кіріп келді. Үйдегілер күлімдеп:

— Ә, мал-жандарыңыз аман ба, құдаша, құдағилар. Тойларыңыз тойға ұлассын. Тойларыңыз құтты болсын, — деседі.

Өзгелері: — Шүкір... шүкір... айтсын... — Бәкеңнің келіншегі: — Айтсын, өздеріңіз де аман-есенсіздер ме? — деді.

Құрман: "жоғары шығыңыздар" деді. Бәкеңнің келіншегі: "жоқ, алла риза болсын, әшейін амандасып шығайық деп келіп едік" дегенде, Айтжан, Мұса, Мұздыбек бәрі: "жоғары шығыңыздар, мына шайға келіңіздер" деп қозғалып араларын ашқан соң әйелдер жоғары шығып, жігіттердің арасына кіріп отырды. Әйелдерге шай құйды. Қос етекті жібек көйлегі судырлап, шолпысы сылдырлап, шайы камзолының сыртына барқыт бешпентін желбегей киген Жүгербайдың қызы ып-ыстық болып Құрманның қасына келіп отырды.

Құрман күлімдеп:

— Құдаша, күйеулер ана жеке тұрған үйде ме? — деді.

Жүгербай қызы күлімсіреп:

— Ие, сол үйде, күйеу... сіздің ағаңыз болушы ма еді?

— Бір жасы үлкен... оны неге сұрадыңыз? — деді.

— Жайша.

Құрман күлімдеп:

— Осы тойға келген қыз-келіншектер сонда барып жатыр ма?

— Иә, сіздер де баратын шығарсыз?

— Барамыз... әбден барамыз... әрине барамыз... — деп Құрман, Айтжан, Мұздыбек әм Мұса жауап қайырды. Әйелдер бір-бір аяқтан шайды ішіп болып, Құрмандардан рұқсат сұрап, сызыла тұрып, шолпылары шылдырлай шығып, күйеу, қыздар отырған үйге кетті.

Құрмандар шайды ішіп болғанда ауыл жігіттері жабдықтарын жинап алып кеткен соң Жүгербай, Ғалым-Ақмад деген пысық ағайынмен сәлем беріп кіріп келді.

Құрмандар сәлем алып, Ғалым сәлем беріп тойға құтты болсын айтты.

Жүгербай да жігіттердің бас-басымен амандасып, ойнап: "Қымыздарың жоқ екен, біз енді қымызы бар үйге барып отырайық" — деп, тізелерін бүге салып шықты.

Кешікпей табақшылар ет алып кірді де дастарқан жайды. Етті апыл-ғұпыл жеп те болды.

Күн әлі ыстық, жел жоқ. Жүгербайдың үйінің сол жағында жерошақ қасындағы етке тіккен үй мен табақ тартқан үйлердің арасында күнге күйіп, тершіп, ыстықтап, түтігіп, асығып, дабырласа сөйлеп, аяғы аяғына жұқпай жүрген табақшылар. Тайға, құнанға әм арықтаған тоғырларға да мініп, топтаныса шуылдап, ойнап жүрген балалар. Шыны аяқтарды, шай жемдерін дастарқанға түйіп, бір қолдарымен тас шәйнектерді ұстап, екеу-екеуден қолдасып самауырларды көтеріп жүгірісіп жүрген жаяу қызметкерлер.

Үштен-төрттен бірігіп қатар түзеп, барын киіп, барын мініп ауылдарды аралап, үй-үйдің араларында жүрген бозбала сымақтар. Жүгербай үйі мен етке тіккен үйдің арасындағы жерошақтың басында күнге шағылысқан самауыр жанында шүпірлескен қатын-қалаш, бала-шаға, малайлар. Көкала түтіні аспанға будақтаған он шақты жерошақ. Оның қасында он шақты самауыр. Үймелеген, ерсілі-қарсылы жүрген адам. Жүгербайдың үйінен кимешектері көлеңдеп тысқа кіріп, шығып жүрген тойшы қатындар, бала-шағалар. Тойшылар түскен үйлердің қасында шыбындап тұрған топ-топ аттар. Бір үйден бір үйге атпен келіп түсіп жатқан кісілер.

Әр үйдің жанында қыбырласып. кіріп-шығып жүрген жаяу кісілер. Самбырлай, асыға сөйлеген сөздер. Біреуді-біреу шақырған дауыс, ойнаған, күлген күлкі, ерсілі- қарсылы жүріс, шабыс, ын-жың дауыс.

Құрмандар аттарына мініп күйеу, қыздар отырған үйге келді.

Құрмандарға екіден, үштен келіп амандасқан жігіттер де Құрмандармен күйеу үйіне бірге келді.

Аттарды үйдің алдына байластырып тастап, күйеу-қыздар отырған үйге Айтжандар алдына Құрманды салып, оның соңынан жігіттер сәлем беріп кіріп келді.

Есіктен төрге шейін киіз, кілем төсеген алты қанат ақ үйде жағалай отырған қыздар, оның араларында бірен-саран жас келіншектер әм күйеу мен төрт-бес жігіт. Бәрі Құрмандардың сәлемін алып, қимылдасып, Сәлмен күйеу мен үлкен жолдасы Ақмедия қуанысып, күлісіп:

— А, жоғары шығыңдар, жоғары шығыңдар, жігіттер!.. — деді.

Құрмандар араларын ашып, орын берген қыздардың ара- арасына кіріп отырды. Әркім отырғанда бет алдына отырмай, лайықты орындарына отырды.

Амандасып болған соң күйеудің бас жолдасы Ақмедияға қарап Айтжан:

— Қане, Ақмедия, үндемес ойнап отыр ма едіңдер, жоқ, ойнап отырған ойындарың бар ма еді? - деді. Ақмедия күлімсіреп, жалтақтап: — "Жалғыз жан" ойнап отыр едік, — деді.

Мұздыбек: "Жалғыз жан"... — қой "жалғыз жанды": "тұтпай" ойнайық, солай ма, балалар? — деп оң жағындағы төрде Құрман мен Айтжанның қасында отырған сәулімдерге қарады. Сәулімдер: — дұрыс, "тұтпай" болса, болсын, — деді.

Мұздыбек Құрманға әм Айтжанға: — кім бастайды? — деген соң, Құрман: — Айтжан екеуің бастаңдар, — деді.

"Тұтпайды" Мұздыбек пен Айтжан бастады.

Ойынның басында сәулімдердің әм жігіттердің кейбіреулері ұйлыңқырап, қорғаншақтаңқыраса да, артынан бәрі төселіп ойын қыза бастады.

Ойын қызған кезде Жұман ауылының жігіттері дүсірлеп, самбырлап келіп ат үстінде үйді айнала тұра қалып, үйдің жабдығын жан-жағынан түріп жіберіп "аужар" айтқан болды. Құрмандар шақырған соң үйге кіріп, онсыз да ыстықтап отырған үйдегілерді қапалатып, сығылысып келіп отырды. Құрман — төрде, Сейіттің қызы Гүлжанның қасында. Құрманға таяу Айтжан отыр домбыра тартып. Гүлжан көп сәулімнің сұлуы. Ақылды. Ашық мінезді. Құрманға көптен құмар. Бірақ бұрын ауылдарының қоныстары шалғай болған соң, айында, жылында бір көріссе де, сөйлесе алмай жүретін.

Қазір Гүлжан мөлдіреген көздерімен қарап, Құрманмен сөйлесіп отыр.

Кейбір сәулімдер көздерінің астымен қарасып, Құрманның сөз арасында Гүлжанға жымиып күлгендерін көріп, азырақ. іштерінен күндеп те отыр. Сөйтіп отырғанда түсірлеген, самбырлаған дыбыстар көбірек естіліп "Ат шабар! Ат шабар! Ат шабар! Ат шабар!!!" деген айқай шығып қалды. Жігіттер ойынды қоя салып, дүркіреп, асығып тысқа шығып, аттарына мініп, қолға қарақшы алып "ат шабарлап; жүрген ауыл кісісінің соңынан жөнелді.

* * * * *

Сонымен той бітті... жұрт ауылдарына қайтты. Жалғыз-ақ Құрмандар сегіз жігіт Жүгербай ауылына қонды. Және ұзататын қыздың қасында жақын отырған ауылдарының қыздары қалды. Кешке күйеу, қыздар отырған бөлек тігілген әшекейлеген үйге Құрмандар келді... Жігіттер мен сәулімдер араласа отырды.

"Қане, енді ойын бастаңыздар... Сіздер бастаңыздар, жоқ, сіздер бастаңыздар, қане, қане..." деп біраз әзілді сөздерден соң "Хан жақсы ма?" деген ойын басталды.

Құрман тор алдында Сейіттің қызының қасында. Екі-екіден отырған жігіттер, сәулімдер "Хан жақсы ма?", "хан жақсы ма?" деп келіп "жасауыл" сұрағанша көкіректе сақтаулы айтылмай жүрген сөздері болса нұсқаласып айтысып, сыпайы әзілдесіп отырды, ақырын домбыраны шертіп Гүлжанмен сөйлесіп Құрман отыр, сыбырлап, күңкілдеп күліп, сөйлесіп бәрі отыр, сырттан байқаған кісі көрер еді көп сәулімдердің түпсіз терең, қара көздерімен, анда-санда Құрманға қарап қойып отырғандарын.

"Хан жақсы ма?" бітті. Жұрт хан мен жасауылға қарай қалды. Құрманның сол жағында отырған Мұздыбек "ханнан" бұрылып келіп Жәмилә "жасауыл", "кімнен зорлық, кімнен зомбылық көрдіңіз" дегенде Мұздыбек қуланып кәрі кісіше: - ой-бой- ау! ой-бой-ау кәрілігі құрғыр-ау, — дегенде отырған жастар бәрі тегіс ду күлді. Егерде сол уақытта қырдың сәулімдері, жігіттері кіршіксіз тістерін жарқыратып, жазғы таңдай жайнасып күлген кезде, көтерген тісті, беттеріне бояулар жаққан қаланың қыздары тұрса, "аһ!" деп таң қалар еді: - "тамаша, қырдың сәулімдері мен жігіттерінің тістері тізген меруерттей болады екен. Еріндері қабысқан, албыраған қызыл гүлдей болады екен, қастары қара барқыттай, шіркін-ай" дер еді: "Хан жақсы ма?"дан кейін "орамал тастамақ" ойнап, сәулімдер, жігіттер орамал тастасып ауыздарының дәмін алысты! Бұл сүйіскендердің ішінде көкіректері кернеген, махаббатпен, бір-біріне жандарын қиярлық ынтықтардың лептері қосылды. Нағыз бұл қырдың сәулімдерінін, жігіттерінің бұралып тұра келіп сүйісіп тұрғандарын көрсе қыздарын сатпай, сүйгендеріне қосатын өнерлі жұрттың адамы: "қазақ қызын қалың мал деп малға сатады, шалға сатады" десе нанбас еді.

"Орамал тастамақтан" кейін "жалғыз хан" ойнап "ұры" түскендері өлең айтпақ болды. Өртенді кең далада, құстары мен құбылып түрлі әнге салатын көлдерде, күмістей сулары сылдырлап аққан кең өлкелі өзендерде, орманды тас бұлақты, шыңды тауларда еркін бұла өскен кең көкіректі қырдың жастары шырқасып құбылтып, аударып-төңкеріп ән салысты. Әндеріне, өлеңдерінен естілді қазақ халқының кеңшілік тұрмысының қызықты күйлері. Қазақтың қорлық көргендерінің қасіреті, һәм кеңшілікте жүріп көрген таршылық күйлері. Гүлжан "ұры" түсіп, қолын ұстаған жасауылға қарамай Құрманға балаша жымиып күліп қарап:

"Мен үшін өлеңді сіз айтсаңыз қайтеді?" деді, Құрман күлімсіреп:

— Мен айтайын сіз үшін, бірақ "хан" не дейді екен, — деді.

"Ханнан" бұрын Айтжан күліп: "несі бар оның?.. Гүлжан Құрманның бетінен түрегеліп бір сүйсін, Құрман үш ауыз ән салсын дейді. Хан бұл сөзді ұнатты.

Жұрт Гүлжанға, Құрманға қарай қалды... Гүлжан бұралып тұрып, сымбатты көк өрімдей көркем бойын, екі қатар өрген артында салбыраған қоп-қою ұзын қара жібектей шашын көрсетіп, қабысқан қызыл гүлдей еріндерімен манаптай болып түрегеліп тұрған Құрманды шөп еткізіп сүйіп алды... Құрман отырып, Гүлжан үшін домбыраны күйлендіріп, толған ашық дауыспен ырғалтып әнді сызылтып қоя берді:

Әнді мендей кім салар баяулатып,
Жылы ескен желдей жаяулатып,
Қырға шығып ән салсам шырқап, толғап,
Дәтің қайтып шыдайды, шіркін, ояу жатып?
Сағындым, сәулем, бермен кел,
Келмесең егер қасыма.
Мейлің, шіркін өзің біл!..

Жастар Құрманның әніне бір түрлі сүйініп, сәулімдер көздерінің астымен түпсіз тереңнен қарай жүректерінің тамырлары ісініп, ақырын-ақырын сызылып оның күші барлық денелеріне жайылып отырды. Ән салып болған соң Гүлжан ақырын Құрманның қолын қысып: "Бұл ән өз әніңіз, өз өлеңдеріңіз ғой!.. Кімге айтқан өлеңдеріңіз?" — деді. Құрман ақырын көзі, еріндері күлімдеп: — "Әлі айтармын өзіңізге!" деді. Ойын таң атып келе жатқанда қойылды. Күндер өтті. Айлар өтті. Жылдар өтті, патша түсіп, Совет біраз тұрып одан Колчак шыққан кезде Сәлкең ауылдары Есен деген өзеннен көшіп, қыстауына қайта бет алып Қараөзекке жаңа қонған. Ертең қасқырдың бөлтірігін қумаққа Құрман, Айтжан, Мұздыбек, Мұса, Айдар, ІІІағыр алтауы аттарын күтіп, баптап көрмеге байлап, өздері күн еңкейіп таудан асуға салбыраған мезгілде ауылдың сыртындағы төбенің үстінде отырды. Ауыл қаладан өте алыс. Қаламен қатынас үзілген. Уақыт, жер соны. Қараөзектің маңайы — айналасы адыр, тау, мал бұрынғыдан аз. Жылқылар, қойлар, сиырлар, түйелер ауылдардың айналасында һәм ара арасында жатыр. Жұрт көшіп қонған соң жаңа ғана шаруаларын жайлап болса да, тыста қыбырлап жүрген адам көп. Һәм малдардың, адамдардың әр түрлі дауыстары бет-бетімен шығып қосылысып естіледі. Асау тайдікіне бір кісі келіп түсіп, қайта атына мініп қырда отырған Құрмандарға келді. Бұл келген Хамит деген жас жігіт. Сағиттың ағасының ауылындағы мұғалім. Өзі Құрмандардың елінің жігіті емес, басқа Кереку деген қалаға қарайтын елдікі. "Ассалаумағалейкум!" деп аттан түсіп Құрманмен қол ұстасып амандасты. Ауыл жігіттері де амандасты. Құрман: "Аман-есен ғой. Жолыңыз болсын енді?" Хамит: "Әлей болсын. Жай, әншейін, ауылшылап жүр едім, және сізде бір шаруа бар еді"... деді.

Құрман: "Не шаруа? Айтыңыз?.."

Хамит: "Оңаша шығып кетсеңіз?.." — деп орнынан қозғалды.

Құрман: "Жарайды..." — деп мұғаліммен оңаша шығып біраз сөйлесіп, қолына бір хатты ұстап жолдастарына келіп сендерге бір тамаша хат оқиын, деп оқыды.

ХАТ

"Бауырым Құрман! Үшбу хатты су түбіне кетіп бара жатқан соң жазып отырмын саған. Ешкімнен жәрдем жоқ, сенен болмаса. Көңілім көлдей болып жүргенде, мұршамды толғануға келтірмей байлағандай қылып, кеше келген алтай Сабалақтың қатыны өліп, қыз іздеп келген баласына мені бермек болып жатыр. Алды-артқа қаратпай ертең жөнелтпек. Түнде қашып кетті қылып. Дүниеде адам баласына қиындық келетін болса, сол қазір маған келіп отыр. Басыма таудай пәле орнады, бауырым. Бір лажын тап, қол ұстасып біреумен кетуге бармын. Сабалақ баласына кеткенше, ендігі сөзді мына мұғалім ауызша айтар. Сенен несін жасырайын, жәрдем қылсаң осы Хамитпен кетемін, қайда алып кетсе де, анықтап жауабын қайыр, бауырым.

1919 жыл, 20 август Гүлжан "

Хатты оқып болып Құрман: "Мұны қалай қылдық енді, жігіттер?.."

Айтжан: "Қайдан білейін?.." — дегенде, Мұса: "Қайдам? Өзің біл..." — деді Құрманға.

Құрман мұғалімге қарап һәм жігіттердің бәріне қарап: "Қой! Бізге адам деп, жігіт деп, бұл бишара хат жазып өлердегі сөзін айтқанда, біздің еш нәрсе істемей қалуымыз ұят. Мұғалім, сен елің салып кете аламысың бұл Гүлжанды?.." деді. Хамит: "Сіздер жәрдем қылсаңыз тәуекел қылайын".

Құрман: "Жарайды ендеше!.. Мынау енді жігіттер: не іспен болса да тәуекел деп бұған кірісейік!

Гүлжандай қызды Сабалақтың малына сатқызбайық. Жалғыз бұл емес, біздің талай ісімізді үлкендердің көбі теріс көріп еді ғой, бұл да солардың біріндей-ақ болар. Бұған азаматтық қылайық! Сөз бір ғой!?.." Айтжан, Мұса, Айдар, Мұздыбек, Шағыр бәрі бір ауыздан: — "дұрыс" — деді. "Қолдан келгенді аямайық. Бірақ қалай қылмақшымыз? Құрман ойлап тұрды да: "Қалай қылуды мен таптым! Алып жүргенде осы біздің маңайды басып жүреді ғой, ол қыз алушылар өздері қанша кісі?"

Мұғалім: Сегіз кісі.

Құрман: Гүлжанды қашып кетті қылып, Сағит ауылдарының ешқайсысы білмей қалған болмақ па?.. Жоқ. "Түнсат" қылып ұзатып шығарып салатын кісілер бола ма?..

Мұғалім: "Түнсат" қылмақ. Сағиттың. кіші шешесінен туған Кенжебек деген бала һәм Қыстаубай деген жігіт, — деді. Сіздің Қыстаубай Гүлжанның тілін ала ма?

Мұғалім: — Алар... алады.

Құрман қуанып: — Айтжан, жігіттер! Тамаша табылды реті! Міне мұғалім, сіз ертең мынау тұрған шоқпар тастың түбінде ақшам уақытында болыңыз, әбден жүруге даяр болып онан соң сіздің әлгі Қыстаубайыңыз әлгі Алтайларды, Гүлжандарды ертіп жүргенде, сол мынау шоқпақ тастың жанынан жүргізсін!

— Дұрыс па? — деді, мұғалім һәм жігіттер: жарайды деді. Құрман Гүлжанға хат жазып берді, мұғалім қайтты.

Құрмандар ақылдасып алдағы істейтін істерінің әбден анықтап ретін құрды. Ертеңінде бие байлаған соң бөлтірік қууға Құрмандар атқа мінді. Бәрінің үкіметтен жасырып сақтап-сақтап жүріп, енді шығарған саймандарын алды. Мінгендері, әнеугі тойға мінген аттары. Құрман қолға найза алып, қоншына алтыатар мылтығын салып алды. Мұса қос ауыз бердеңкесін алып, өңгелері сойыл алды, бәрі аттанып Жаман Айманақ деген тауға қарай жөнелді. Аттары жарау. Жігіттер қатарласып сөйлесіп барымтаға аттанғандарша құнтиып, аттарын сыландырып, құлпыртып желдей есіп жортып келеді. Қаршығадай сестеніп өздері аттарына, аттары өздеріне жарасып, аттар солар үшін, өздері аттары үшін жаратылғандай аттардың үстіне құйып қойғандай отырып құнтиып қыр балалары кетті. Жаман Айманақ, Сәлкен ауылдарының күнбатыс-оңтүстік жағында жігіттер шоқпар тастың жанынан өтіп, шоқпар тастан төрт-бес шақырым жердегі Құрмандардан бөтен ел Қиырбай ауылдарына келіп, Қиырбайдың баласынікіне түсті. Қиырбайдың баласынікіне Құрмандарды күтіп, әбігерленіп, көрпе салып ауылдың еркектері жиналып, бала-шаға шулап, бірен-саран қыз-келіншек үйдің маңайына жиналып, есіктің о жер, бұ жерінен сығаласып сыбырласып қалды. Қиырбайдың баласы үйінде жоқ екен, қатыны бұйығылау нанға өкпелеген бала тәрізді болып бет-ауызы бұлтиғандау болса да, шай қойғызбақ болып һәм тез мал сойғызбақ болып еді. Жігіттер рахмет айтып мал сойдыруға кідірмеді. Айтжан Қиырбайдың баласының қатынына:

— Жеңгей, бізге қымыз берсеңіз болады. Құдай қаласа қайтарда түсерміз, асықпай отыратын болып, — деді.

Қатын: "Ендеше, әй Тоқшылық, тегенедегі қымызды әкел!" — деп өзі түрегеліп алдына дастарқан жайып, тостағандарын, кеселерін, ожауын алып, Тоқшылық тегенемен әкеп қойған қымызды сапырып жігіттерге бере бастады... Қатын үйге топырлаған бала-шағаға қарап қабағын түйіп:

— Әй, балалар, бар шығыңдар. Немене айналып толып кеткендерің, тап кісі көрмеген ауылдың балаларынша, барыңдар! — деп еді, бала-шаға шықты. Үйге кірген ауыл кісілерінің біреуі, амандасқан соң жігіттерге, жолдарыңыз болсын, — деді.

Айтжан: "Әлей болсын, мына Жаман Айманаққа барамыз, бөрілері, ұрылары болса шошытуға" деді.

Ауылдың екінші кісісі: — Осы күні қасқырда, ұры да білініп тұр ғой!.. — Ол арада жүктің үстінде тұрған домбыраны Мұздыбек алып, құлақтарын бұрап шертіп, күйге келтіріп ойнатып отырды. Қымыз ішіп, жігіттер аттарына мініп жүріп кетті. Ауылдың иттері үріп, кейбір қатын-қалаштар, бала-шағалар шығып қарасып қалды. Жаман Айманаққа келіп жігіттер қалың Қарағанды, бұталы, қия жартасты шаттарын аралап, сайларын аралап, өрлеп аттарын ентелетіп биікке шықты. Биіктің басында біраз қарауыл қарап тұрып күншығыс жақтағы қырқадағы қалың қарағандарды қағуға таудан түсті. Жігіттер таудан түсіп, қырқаның "Ұялы сай" деген қалың қарағанын дара-дара бөліп қаз- қатар жүріп аралап келе жатқанда ортада келе жатқан Мұса айқайды алып, астындағы құла торы атты орғытып тұра шапты. Жігіттер, көздері шатынап жығылу-сүрінуді, мертігу-өлуді ойламай, қалың, биік қарағандардан, бұталардан орғытып, апандардан, жыралардан орғытып оқтай зулап, Мұсаның қасына келіп, Айтжан, Мұса, Айдар үшеуі бір бөлтірікті қуып кетті. Құрман, Мұздыбек екеуі бір бөлтірікті қуып кетті, һәм оларға атын басқа-көзге төпелеп Шағыр келіп қосылды. Ақырып, айқайлап, күрілдеп тауларды,даланы жаңғыртып, күңірентіп, орды- жарды тыңдамай аттарын орғытып жүріп көз ашып-жұмғанша опыр-топыр қылып екі бөлтірікті ұрып алды, екі бөлтіріктің біреуін Мұздыбек, біреуін Шағыр бөктіріп алып, біраздан соң жігіттер күлімсіреп, омырауларының түймелерін ағытысып, желпініп сау аяңдап қайтты.

Бесін ауыңқыраған кезде тағы да Қиырбайдың ауылына келіп, баласынікіне жігіттер түсті.

Бала-шаға һәм ауылдың еркектері баяғыдан да көбірек жиналды. Қиырбайдың баласы үйіне келген екен. Жігіттерге отырып амандасқан соң, күліп: "Ә, сауға?!" — деді. Құрман күлімсіреп: "Алыңыз" — деді. Қиырбай баласы: "Немене бөлтірік қағуға кетті деп еді, ештеңе таптыңдар ма?" — деді. Құрман: "Бір- екі бөлтірік көрініп еді, соғып әкелдік!" -деді.

Қиырбайдың баласы: "Ә?.. Қанжығаларында тұрған шығар?.. Әй, Оразалы! Мына кісілердің жанындағы бөлтіріктерін шешіп алып келші, ырым қылайық!" — деді күліп...

Самауыр қойылып, мал сойылып жатыр. Үйдің ішінде кісі толы. Тыста қыз-келіншек, сылдырласып, судырласып, сыбырласып, үйді айналып сығаласып жүр. Құрман кісілермен сөйлесіп отыр. Мұса былқылдатып, сарнатып, ентелетіп домбыраны шертіп отырды... Ауыл кісілері тарқаған соң шайды жігіттер ішіп болған соң үйге бір дөңгелек қара торы қатын бастап он шақты қыз-келіншек еніп келді.

Жігіттер: "Амансыздар ма?.. Есенсіздер ме?.. Жоғары шығыңыздар", — деп еді, бастап келген қатын амандасып: "Мына жақта болады ғой" — деп, Қиырбайдың баласының қатыны отырған жаққа барып бәрі отырды.

Қиырбайдың баласы қара торы қатынға қарап күліп: "Сендер әдейі жиналып келген соң, мына жігіттердің қастарына, ара- арасына неге отырмадыңдар?" — деді.

Қараторы қатын: "Осы жерде болады ғой... Әшейін жақсыны көрмек үшін деп, мына жігіттерді көрейік деп, және жақсыда жаттық жоқ деп, домбыраға қосып салатын лебіздерін естиік деп келіп едік" — деді.

Айтжан қалжыңдап: "Ә, олай болса әуелі өздерің ауылдың алты ауызын айтсаңдар екен" — деді.

Қатын: "Кемеші келсе, қайықшы судан шығады деген, бізді не қыласыз, онан да өздеріңіз лебіздеріңізді естіртіңіздер" деді. Айтжан күліп Мұса мен Құрманға қарап еді, Құрман сыбырлап: "Мұса мен Мұздыбек айтсын" деді.

Мұса мен Мұздыбек шырқап, былқылдатып "сағындым сәулемге" салып қоя берді. Жұрт өлеңге қатты құлықтанып тыңдап, ауылдағы һәм маңайдағы жан үйге толып ентелеп, Мұсалар айтып болған соң Құрманның лебізін есітуге тілек қылып болмаған соң Айтжан мен Құрман екеуі қосылып, Құрман домбыраны сарнатып қоя берді. Екеуі дауыстарын кернеп, ырғалып, төмен түсіріп құлпыртып салғанда, жұрттың бәрінін әндері өзгеріп, бәрі әннің әуеніне түсіп еріп кетті...

Ет жеп болып, еттің артынан қымыз ішіп жігіттер күн таудан асып батып кеткенде аттарына мінді. Қиырбай ауылының еркек-ұрғашылары тысқа шығып жігіттерді аттандырып қала берді.

Сойылдарын сүйретіп, мылтығын асынып, найзасының желігін желбіретіп жігіттер аттарын жайтаңдатып сау аяңдатып ауылдан шыға бере Құрман мен Айтжан екеуі қосылып шырқап "Ардақ" деген әнге салып жөнелді.

Күн батысымен дөңгелек сары алтындай болып жарқырап ай да туған. Аспанда бұлт жоқ. Төңірек тыныш. Құрман мен Айтжанның салған әні төңіректі жаңғыртып, құйқылжып шарыққа шығып әуені дыңылдап, дірілдеп, қалқып, толықсып жайылып келеді... Ақшам жамырап бара жатқанда уәделі жартастың түбінен жігіттер күтіп отырған мұғалімді тапты. Құрман мұғалімге ақырын сөйлеп "ә ә жолдым", немесе, бүгін "жөнелтетін болды ма?" деді.

Мұғалім: "Ел жата жөнелтеді, құдай қаласа Қыстаубай оларды осы жартастың солтүстік жағымен, мына жермен алып өтпек?" — деді.

Жігіттер көңілдесіп сөйлесіп, аттарынан түсіп, жартастың көлеңкесіне байластырып тастады. Шағырды тасқа шығарып қарауылға қойып, өзгелері жиналып көңілдесіп сөйлесіп отырды. Сонымен уақыт өтті. Қарауылға Мұздыбек келіп отырды.

Ел жататын уақыт болды, еш дыбыс жоқ. Жігіттер елеңдеп шыдамсызданды. Айдарды Құрманның ақ сұр атына мінгізіп, Мұздыбекті өзінің ақ, көк атына мінгізіп екеуін алтайлардың келетін жағына жіберді... Біраздан соң олар қайтып келді: "ештеңе естілмейді" деп, түн ортасы ауды. Түн қысқа. Жігіттер күңкілдесіп Айдар мен Мұздыбекті тағы да жіберді... Бір уақытта жігіттер көздерін тігіп қарап отыр еді, Айдар мен Мұздыбек ақ селеудей болып аттарын сумаңдатып жетіп келді.

Отырған жігіттер сыбырласып: "Немене ештеңе біліне ме?"- деді.

Айдар мен Мұздыбек сыбырлап: "Келе жатыр, едәуір жерде, тура келе жатыр" — деді.

Құрман сыбырлап: "Сендерді көріп қалған жоқ па?" — деді.

Айдар мен Мұздыбек ақырын: "Жоқ. Көрген жоқ" — деді.

Жігіттер тез аттарына мінісіп алды. Құрман Айдардың астындағы өз атын мінді. Бәрі жартастың тұмсығынан қиылып көздерін тігіп қарап отырды. Әлден уақытта алыстан дүбірлеген дыбыс естілді. Дыбыс бірте-бірте анығырақ естіліп жақындап, адамдардың шоғырмақтанған қарасы көрінді. Құрмандардың аттары, құлақтарын тігіп қайшылап, көздерін тігіп тынышсызданып елеңдеп тұр. Өздері де шұғылданып төніп көздерін тігіп қарап тұрды.

Құрман алтыатарын алып қарап даярлап, Мұса қосауыз бердеңкесін даярлап, өзге жігіттер сойылдарын көлденең ұстап алды.

Ай жарық. Құрмандар жартастың тасасында. Алтайлар күбірлесіп сөйлесіп, аттары пысқырып сау аяңдатып, жүріп келіп, жартастың солтүстік жағынан өте берді. Құрман жолдастарына сыбырлап: "Айтқан сөзді ұмытпаңдар... даярлан... ал ұмтыл!.."

— деп атты тебініп тұра ұмтылып:

"Қайда-а-а! Атып таста! Ә-әй! Қыр-ра-рам!!" деп лап берді. Жігіттердің бәрі: Қайда-аа, қайда-а! Шаншып таста! Атып тас- та! Қайда-а-а! — деп сойылдармен қағысып, Құрман мен Мұса үсті-үстіне мылтықтарын "ах!", "бах", "дүмп", "дүмп!" еткізіп атып-атып жібергенде таулар, дала, аспан, жер төңірек күңіреніп жаңғырып кетті. Есінен адасып қойдай айырылып сасқан қыз алушылар, бәрі тырқырап безіп жөнелді. Табан жерінде екеуі түсіп қалды. Бір-екеуі, Гүлжан мен Қыстаубай шаба алмай қалды. Өзгесі безген бойымен кете барды. Тағы да біраз қуған болып мылтық атып, қашқандардың әбден қарасы өшкенде Құрман, Айтжан, Мұса, Айдар төртеуі орағытып, құстай ұшырып жартастың түбінде жиналып күтіп тұрған жолдастарына, Гүлжандарға келді. Келісімен Құрман: "Гүлжан, амансыңба?" дегенде қалшылдап, дірілдеген Гүлжан: "аға-ке-ай! Енді қалай қыламыз?.." — деп еді.

Құрман: "Қой өзді, жүріңдер!" — деп бері күншығыс пен солтүстіктің арасына қарай жөнелді...

Жүріп келіп бір жерге тоқтады. Таң да атып қалды. Жігіттер аттан түсті.

Құрман: "Қане, Гүлжан қарағым, енді қоштасайық. Құдай беттеріңнен жарылқасын. Қош, қарағым!" — деп қолын ұстады.

Гүлжан жылап: "Құрман, ризамын жігіттеріңе, өле- өлгенімше ұмытпаспын сені! Бірақ, бірақ,.. бүйтіп кетемін деп ойлаған жоқ едім... Басыма қара тұман, қасірет орнаған соң амал бар ма, құдай ісіне? Көнемін-дағы! Тең-құрбыға, құлын-тайдай бірге өскен құрбыларға мың қайта сәлем айт, сәлем айт!" - деп Құрманды құшақтап жылады.

Құрман һәм бәрі де қолын ұстап: "Қой жылама, Гүлжан, жылама! Мұның несі бар! Мұндайдың бәрін де көрген жақсы. Әлі бәрін ұмытарсың мұның. Қане қош, бетіңнен жарылқасын. Қош, мұғалім!" — деп бәрі амандасып болса да Құрман Гүлжанды қолтықтап аттандырып: "Қош, Гүлжан, алдыңнан ай, артыңнан күн тусын, қарағым! Қош!" -дегенде, Гүлжан жылап: "Қош, бауырым, қош, бауырларым. Бірге өскен құрбыларға, бауырларға сәлем. Күллі елге сәлем. Қош, қайран ел... Қо-о-ш, туып өскен жер, сулар, қош!.." - деп жылап жүріп кетті. Таң атып келеді. Түн жалтыр, ай жарық. Азырақ шөптің басын теңселтіп сыбырлатып майда ескек тұрды. Көзден тамған жастай қара жерге, шөптерге мөлтілдеп меруерттей шық түскен. Төңіректе үн жоқ. Аспандағы жұлдыздардада, айда да үн жоқ. Суық жүз. Суық бет. Жалғыз-ақ күншығыстан ескен майда жел шөптерді қозғайды. Шөптер, бұталардың жапырақтары ақырын-ақырын қозғалысып, теңселісіп сыбырласқандай ғана болады...

Күншығыстан ескен өткір майда желден бұталар, шөптер қызыл күннің таянып келе жатқанын сезіп сыбырласқандай... күн күледі... күн келеді.

Өңдері қашып, қабақтарын түйіп, аттарын ортекедей ентелетіп, үндемей тұрған даланы дүбірлетіп, кең далада дүбірлері жер жарып, шоқыта басып орғытып, қыр балалары қайтты. Сойылдарын сүйреткен, мылтығын асынып, найзасының желегін желбіреткен. Түстері суық, терең ойға кеткен Сарыарқа да терең ұйқыға батып жатқанда, ортекедей орғытып қыр балалары келе жатты...


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Сәкен Сейфуллин Қыр балалары туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сәкен Сейфуллин Қыр балалары на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]