Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Күдік

Әңгіме:  Тоқаш Бердияров | Күдік


Әйелімнің төркіндеп кеткеніне бір аптадан асып барады. Амандық болса, ертең-бүрсүгүні келіп те қалар. Оның келуіне қарсы мен көп жұмыс істеп тастадым; үйдің іші-сыртын әктеп, есік-терезені көгілдір, жалтырақ бояумен сырладым. Көрпе-жастықты, кілемді қағып-сілкіп самалдаттым. Керуеттің босап кеткен сымының құлағын бұрап, домбыраның шегіндей қылып бабына келтірдім. Саусақтың ұшы тисе болды, «дың» етіп шаттық күйін шерткелі тұр.

Үш жұмсақ арқалығы бар, ала бажалақ диван сатып алдым. Бұл жаңалықты жұбайым көрсе қатты қуанып та қалар-ау деймін. Үйге кіріп келген ол әрине алдымен мамық диванды көреді. Сосын, «шалымнан айналдым» деп менің бетімді өппесіне кім кепіл?! Әлде «еркек деген осындай болар!» — деп, арқамнан қағып қана қояр ма екен?..

Әйелім сүйсінетін бұдан басқа да толып жатқан шаруалар істеп тастадым. Оның ескі туфлиін ремонтқа беріп, су жаңа қалпына келтірдім. Туфлидің біз өкшесін жарқыраған күміс сауытпен күптеткіздім. Қалай кисе де оңайлықпен тоза қоймас-ау! Бұл жақсылығымды сезіне білген парасатты келіншегім шексіз қуанышқа бөленіп, менің мұртымнан сүйіп жүрмесе игі еді!..

Қилы-қилы ойларға шомып, шылым тартып отыр едім, кенет есіктің қоңырауы бажылдап қоя берді. Міне, қызық! Бұл кім екен? Әйелім келетін болса телеграмма жіберетін еді ғой. Әлде, сайтан алғырдың мені сынағысы келді ме екен? Әй, бәйбішем-ай, қусын-ау!..

Жүгіріп барып есікті аштым. Әйелім — Шәтәй. Түсі боп-боз, мас адамша теңселіп ішке кірді. Қолындағы чемоданын еденге сарт еткізіп қойды да, сусылдаған қоңыр плащын төрге лақтырып жіберді. Көгілдір бояумен сырланған есік-терезе былай тұрсын, тіпті, үш жұмсақ арқалығы бар, абажадай диванға көз қиығын салған да жоқ. Менің тірнектеп жүріп, ақшаға сатып алған жаңа диваным — бұрыннан бар үй мүлкі іспетті оған. Келіншегімнің бейжай сыңайын көріп, пітірім әбден қашты. Жан күйзелісіне ұшырадым.

— Шәйтәйжан, бейтаптанып келдің бе?

— Сен мені сүймейсің,— деді ол салқын үнмен.

— Жаным-ау, о не дегенің?

— Сүйсең неге күтіп алмайсың мені?

— Мен қайдан білейін, телеграмма жіберген жоқсың ғой.

— Өтірік айтпа, кеше ертеңгісін жібергем.

— Онда неге қолыма тимеді?

— Бәрі де жалған!..

Отасқанымызға бір жылдан асса да, ол мені жаңа көріп тұрғандай, бас-аяғыма сүзіле қарайды. Өзінше жорамал жүргізіп, менің кейпімнен әлдебір сыр көмбесін ашқандай. Әйел жүрегіндегі қызғаныш жалыны екі көзден бой көрсетіп тұр.

— Бозбала боп кетіпсің ғой өзің,— деді ол тамсанып,— мен барда қалай болса солай жүретін едің, енді міне, сақал-мұртыңды қырынып, әдеміленіп, жас жігіттер сапына еніпсің. «Тұншығып кетем» деуші едің, галстук тағуды да үйренгенсің бе, қалай?..

Ох, әйелдер-ай, қиялшылсыңдар-ау! Кішігірім бөртпенің аузын қасып, ұшқыннан өрт шығаруға шебер-ақ-сыңдар! Мұншама жорамал, мұншама секемшілдік қай көңілдеріңе сияды?!

Мен Шәтәйді жұбатуға кірістім. «Қызғаныш» деген ұғымның өзінше бір «ауыру» екенін толық дәлелдедім. Менің жүйелі сөздеріме иланған ол — сабасына түсті. Зайыбымның ажары кіріп, бетіне қан жүгірді. Бір ретте «диванды қаншаға алдың?» — деп те сұрап қойды. Мұны іштей жақсылыққа жорыдым. Баған сымындағы қос қарлығаштай біз екеуміз құшақтасып диванда отырмыз. Қоңыздың қанатындай қап-қара мұртыммен мен оның тамағын қытықтап, мазалай бердім. Мұртымды сүйейін деп ыңғайлана бастаған Шәтәйдің тосыннан түсі бұзылып кетті. Еміреніп отырған мені итеріп жіберді де, орнынан ыршып тұрды. Саусағын оқыс шошайтып, көзін ажырайтып, табан астында байбалам салғаны.

— Анау қай тамыр қатыныңның туфлиі?— деп маған дүрсе қоя берді.

— Жындымысың?.. Өзіңдікі ғой!— дедім мен сасқалақтап.

— Менің туфлиім — сүт түстес, түлкі тұмсық. Ал, мынаның түсі көкшіл, тұмсығы тайпақ, өкшесі де аласа, ұқтын ба?..

— Жаным-ау, есің дұрыс па? Өз аяқ киімің ғой, не далбасалап тұрсың?.. Кеше ремонттатып әкелдім. Өкшесін күміспен күптеттім. Енді тепкілеп кисең де шыдайды. Рақмет айтудың орнына, мұның не сенің?..

— Бәсе, үйге ә деп кіргенімде-ақ сезген едім, айтқанымдай пәтерді «қыз ойнаққа» айналдырған екенсің ғой? Бейшара қыздың көзі бұлдырап, әбден зорықса керек, туфлиін де ұмытып кетіпті. Тым болмаса тығып та қоймапсың. Айғақ боп жүрер деп ойламадың ба?

— Ой, қойшы, босқа сандырақтап. Бір нәрсе көрінді ме көзіңе?

— Қойсаң қой!.. Мен салған телеграмманы алғам жоқпын дем неге өтірік айтасың? Одан қайта ыру-дырудан қолым босаған жоқ десейші.

— Дәлелің бар ма?

— Ә-ә-ә, дәлел ме саған... Ауыз үйдегі бос шөлмектер дәлел емей немене?!

— Диван көтеріскен жүкшілерге екі бөтелке арақ қойғаным рас, жасырмаймын.

— Жарайды, солай-ақ болсын дейік. Ал мені неге күтіп алмадың?

— Олда-білда мен сенен ешқандай телеграмма алғам жоқ.

— Немен дәлелдейсің?

Шәтәйдің тұла бойы қалш-қалш етеді. Өңі сұп-сұр. Екі көзінен от шашып, маған тап бергелі тұр. Мен қатты абыржыдым. Расында да одан ешқандай телеграмма алғам жоқ едім. Бірақ немен дәлелдеуге болады оны?..

Дәл осы бір күйзеліс шақта есік сықыр етіп ашылды. Почтальон екен. Ол — «мынаған қол қойыңыз»,— деп маған бір жапырақ қағазды ұстата берді. Оқып көрсем, міне қызық,— Шәтәйдің телеграммасы!.. «Ештен кеш жақсы» деген мәтел жақсы-ақ! Бірақ бұл тұста оншалықты жақсылығын көріп отырған мен жоқ.

Ашуына мықтап мінген Шәтей әдепкі райынан қайтар емес. Кроваттың астындағы манағы сөз болған туфлиді алды да, есікке қарай жытқытып жіберді. «Бұл менің туфлиім емес»,— деп шаңқ-шұңқ айқайлай, үйді басына көтерді. «Оу, қойсайшы»,— деген сөзіме пысқырып та қарамайды. Танауын далитып, екі қолын ерсілі-қарсылы ербеңдетеді. Бір бәлеге қалдым. Сайтан алғырдың туфлиін қайдан ғана ремонтқа беріп ем?! Әй, құдай-ай, өзімеде обал жоқ-ау!..

Қаһарлы әйелдің бабын таба алмай, үй ішінде дедектеп мен жүрмін. Жылы-жылы сөздер айтып, уатқан боп, тынымсыз күйбең қағамын. Дегбірімнен адасып та барам ба, қалай?..

— Шәтәйжан, мә салқын су іше ғой. Ашуыңды бас- шы, сәулем!.. Өзіңнің туфлиің ғой, жаным... Өкшесін күміспен күп...

— Менікі емес! Менікі емес!

— Жә, жарайды, сенікі болмай-ақ қойсын.

— Ә-ә-ә, мойындадың ба? Бұл туфлиді қай сұлуың қалдырып еді?..

— Ой-пыр-оу, мұндай да адам болады екен-ау?! Қалайша өз киіміңді танымайсың? Бұл сенікі деймін, сенікі. Нанбасаң киіп көрші...

— Кимеймін! Жоғалт көзін!..

Осылай у-шу боп, әбігерге түсіп жатқанымызда қоңырау қайта шылдырлады. Есік жартылай ашылды. Ең алдымен добалдай мұрын, сосын сұлу мұрт көрінді. Қара торы бір жігіт ішке кірді. Біздің кейпімізді көріп, состиып тұрып қалды. Маған қарай бұрылып:

— Генацвали, бұл не жанжал?— деді ол.

— Бәріне кінәлі мына бір туфли!— дедім еденде жатқан туфлиді нұсқап.

— Туфли кінәлі емес, мен айыптымын, катцо.

— Қалайша сіз айыпты боласыз?

— Кешіре гөр, қымбаттым! Сіздің жұбайыңыздың аяқ киімін алмастырып жіберіппін. Абайсызда сізге бір кемпірдің туфлиін бере салыппын... Аңғалдығым үшін, бастығымнан қатаң сөгіс те алып үлгердім... Кешір, дорогой... Хош, сау бол!..

Міне көрдіңіздер ме, мәселе қайда жатыр? Байланыс бөлімінің шабандығынан, алаңғасар етікшілердің салдыр салақтығынан әйеліммен қаншама керілдестім!.. Екі ортада есіл еңбегіме ешқандай зер салынбады. Сырланған есік, терезелер, домбыраның шегіндей тартылған кроваттың сымы... бәрі-бәрі де әдіре қалды. Үш жұмсақ арқалығы бар жаңа сатып алынған диванның байғазысы көрер көзге махрұм болды...

Бір апта командировкада жүріп, шаршап-шалдығып үйге оралдым. Жеңіл-желпі тамақтанып алған соң, моншаға бардым. Денемді буға балқытып, жуынып-шайынып, ауызғы бөлмеге шықтым. Жылдам сүртіндім де, киінуге кірістім. Байқаймын,— өз көйлек-ыстаным емес, ауы кең кәдімгі қазақы дамбал. Бауы бар көйлекті өмірімде киген емеспін. Қызық-ақ, бұ кімдікі болды екен? Әлгі кемпipi құрымағыр басқа бір номерді жаңылыс ашты ма? Жоқ, олай емес, номерім дұрыс. Әкемнің киімі ауысып кеткен шығар дейін десем, о кісі әлде қашан марқұм болған.Енді кімдікі? Дегенмен мұнда бір гәп бар!

Жаңа әлгінде ғана жеңіл тартып, рақаттанған денем мүлде ауыр тартып барады. Жалаңаш етіме шалбарымды сұқтым да, жадағай киініп, апыл-ғұпыл тысқа шықтым.

Арсалаңдап үйге келдім.

— Жеңіл буыңмен!— деп әйелім жымиып қарсы алды.

— Рақмет!— дей салдым көңілсіз.

Ол маған әдемі, сұрқай жемпірді қылымсып көрсетіп жатты.

— Мынау саған ұнай ма, Қапишка?.. Жаңа әлгінде ғана ЦУМ-нан алдым, киіп көрші...

Мен оның қолын қақпайлап, жүзіне тіксіне қарадым.

— Мен командировкада жүргенде, үйде бөтен біреу болып па еді?

— Жоқ-ә!— деді Шәтәй үрейлі пішінмен.

— Онда мынау кімнің кебіні?— деп, көйлек-ыстанды алдына жайып салдым.

Мұндайда, әрине, әйелдің көз жасы батыр. Жылап-сықтап байбалам салды-ай кеп!

— Айттым ғой сен маған сенбейсің. Мені сүюің де неғайбыл. Мен бақытсызбын. Бүйткен күнім құрсын... Кетем төркініме!..

Мен өзімнің қаттырақ кеткеніме өкіндік. Мұндай шермендені ал жұбатып көр!

— Сен, Шәтәй, жылама! Жөніңді айтсайшы, біздің үйге бөтен киім қайдан келген? Мен сенен соны сұрап тұрмын.

— Қайдан келуші еді?.. Білмеймін...

— Сен осыны өзің жуып па едің?

— Жоқ.

— Енді кім?

— Кір-қоң көбейіп кеткен соң амал жоқ, Максим Горький көшесіндегі кір жуатын орынға тапсырған едім. Сосын...

— Е-е-е, ұүқтым, ұқтым! Ендігісін айтпай-ақ қой!

Менің есіме баяғы бір күйінішті оқиға түсті. Бастығынан қатаң сөгіс алған сұлу мұртты етікші жігіт ше?.. Әне, бұ да соған ұқсас, өзінше жөн-жосығы бар хикая болса керек. Бейпіл ауыз кір шайғыш қатындар дабырлап жүріп, іш киімімді тағы да алмастырып жіберген ғой. Ой, құрғырлардың шатағы-ай!..

Тұрмыс қажетін өтеу мекемелерінің «кіж-кіж, үррит соғына» тағы да тап болып отырғанымызды жаңа ғана аңғардық. Көңілден күдік кірбіңі кеткенімен, абайсызда ашу үстінде айтылған ащы сөздер, өрескел қақтығыстар жүрек түкпірінде қалып қойған-ды. Кім білсін, көктемгі шытымыр мұз сияқты о да біртін-біртін еритін болар. Салқын тартқан көңіл мен сезімге жылы да жарасымды ынтымақ сәулесі түсер...


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Тоқаш Бердияров Күдік туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Тоқаш Бердияров Күдік на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]