Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Үрей
Жәркембайдың ұнамсыз бір кемшілігі бар: біреумен сөйлескенде немесе жазу жазғанда, ұдайы танауын шұқып отырады. Осы бір сүйкімсіз әдеттен өзінше ләззат алғандай сыңай білдіреді. Мына түріне қарағанда, ол өзінің бұл кемістігін мүлде сезінбесе керек. Тіпті, мән де бермейді ғой деп ойлаймын. Өйткені ол менің ескертпе сөздерімнен ешқандай қортынды шығарған жоқ. Бөлім бастығы болғандықтан, телефон үнемі соның алдында тұрады. Аппарат шылдыр етсе, әйтеуір, сол кісі жауап беріп жатады. Міне, телефон тағы да шылдырлады. Асып-сасқан Жәркембай:
— Кәзір, кідіре тұрыңыз!—деді де, ала құйын боп, бөлмеден зытып шығып кетті. Бес-он минуттан кейін арсалаңдап қайта оралып, стол үстінде жатқан тұтқаны қолына алып, кінәратты адамдай мүләйімсіп жауап бере бастады.
— Алло!.. Ол кісіні таба алмадым. Ия, төртінші этажға да шықтым. Биллиардханада дейсіз бе?.. Онда жоқ. Мүмкін, асханада болар. Барып білейін бе?.. Керегі жоқ дейсіз бе?.. Жарайды, сау болыңыз...
Терлеп-тепшіген Жәркембай беторамалымен маңдайын сүртіп, креслоға отыра кетті. Кейпінде назаланғандық нышан бар.
Мен бастығымды аяғандай болдым.
— Түу, қатты әбігерге түстіңіз ғой... О кім екен өзі?
— Мен Мәдениет Министрлігіндегі Бұқаев па деп ойлап қалсам, әлгі бірінші этаждағы су мұрын корректор бала екен. Жасым болса қырықтан асып барады. Бойымда мінез тұрақтылығы жоқ. Бала-шағаның жұмсауына, өстіп аппақ сақалыммен шапқылаймын да жүремін. Мендегі бір жаман әдет: телефон соққан адамның бәрін де өзімше дөкей санаймын. Телефон шылдырласа салмағымды мүлде жоғалтып аламын!..
Алғашқы күндері бастығымның бұл мінезін кішіпейілділік қой деп сезінуші едім. Кейінірек аңғардым, бұл әдет – жағымпаздыктың «ескі сақинасы» екен. Ол үнемі үрейленіп жүреді. Әлденеден орынсыз сақтық жасайды. Әлденені көңіліне секем алып, жан дүниесі күйзеліске ұшырайды. Көзі толы қорқыныш. «Бетім ісінген жоқ па? Бастық мені сұрады ма? Аузымнан ақаңның иісі шықпай ма?» — деген күдікті сөздерді күнде айтады. Бет-аузы дірілдеп, шылымын тұтатуға да қауқары жоқ, бір бейшара.
Жәркембай есіктен паңдана кіреді де, кабинеттің ортасына келгенде иығын қушың еткізіп, жалма-жан төбесіне қарайды. Үрейлі пішінмен шойтаң етіп ез орындығына отыра кетеді. Люстраға қарап біраз сөз айтып тастайды:
— Осы бір немені абажадай қып неге іліп қойды екен? Әне бір үшкір темірі батырлардың найзасы сықылды төбеңе төніп тұрады, әшейін!.. Қапелімде үзіліп түссе ғой, ешкімді де оңдырмас...
Ол хат жазуға оңтайланып қозғалып еді, орындық сықыр-сықыр ете қалды.
— Әй, осы бір орындықтан-ақ күйдім-ау! Шорт сынса ғой, сөзсіз омыртқам үзіледі...Бұл мәселені комендантқа ескерту керек екен.
— Жәреке, менің мына әңгімемді тыңдап жіберсеңіз.
— Оқышы, кәне!
Мен оқып отырмын. Бастығым күлімсіреп, басын изеп, менің туындымды мақұлдап, рақаттанып отыр.
Жәркембайдың кенет түсі бұзылып кетті.
— Мына бір сөйлемін қайта оқышы.
Мен қайта оқуға кірістім.
— Ойбай, әңгімеңді жылыдай жап!..
— Е, неге?
— Мынауыңды бастық оқыса, көзіңді жояды.
— Қалайша?
— Біздің бастықтың тақия киетінін білесің. Және басының таз екенін де жақсы білесің... Сенің бұл суреттемең бастықты ажуалап тұрған сияқты. Абайла, бала!..
Есіктен бір жас жігіт кіріп келді. Қысылып-қымтылып, дәптерге жазылған өлеңдерін ұсынды. Нашар екен, пікірімді айтып, шығармасын өзіне қайтарып бердім. Жас талапкер кетісімен бастық маған шүйілді:
— Қаттырақ кеттің, шырағым. Жылы сөйлесу керек еді... «Өлеңдегі ойың жақсы. Сөз саптауың тәуір. Түбінде сенен ақын шығады!»—деп неге жорғалата жөнелмейсің?.. Осындай сыпаттамадан соң, «көркемдігі нашар екен»,— деп, сөзді бір-ақ түюің керек еді. Ол бала ертеңгі күні арыз жаза қалса, шырағым-ау, алдымен соққы маған тиеді. О жағынан да сақ болу керек, төрем. Сен, Қарсаңбаев дейтін жасы алпыстан асқан «жас» ақынды білесің бе?.. Ой, атама!..
— Жәреке, мен жас адамды алдай алмаймын. Және де мен оны қисық жолға салғым келмейді. Олар жас, албырт. Біздің болмашы бір сөзімізге иланып қалуы мүмкін. Дер кезінде қатесін көзіне айту жөн ғой деп ойлаймын. «Теңіз ауыруы сияқты» «әдебиет ауыруы» да жаман ауру. Адамды кейде адастырады.
Бастығымның екі беті дірілдеп, қолдары ербеңдеп, тамағы қыр-қыр етті.
— Істің әділін айтсаң, өзіңе жау көбейтіп аласың. Кімде кемшілік жоқ дейсің?! Осыдан бес-алты жыл бұрын бір белділеу жазушының романын сынаймын деп, қаншама опық жедім!.. Маған жан бағу керек, семья асырау керек!.. Өмір толқынына кеудеңді тоспа. Ыққа қарай митыңда, ыққа қарай... «Арба сынбасын, өгіз өлмесін!»..
Бір күні қызметке кешігіңкіреп келсем, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүрген бастығымды көрдім. Қанын ішіне тартып алған, өңі құп-қу. Кешіккеніме ашуланып тұр ма, кім білсін?
— Жәреке, тыныштық па?
— Сен ешқайда кетуші болма. Менімен бірге осында бол!
— Оның үрейлі пішінінен қорқайын дедім.
— Жәреке, түсіңіз бұзылып тұр ғой... Ауырып қалдыңыз ба?! Не мәселе?..
Ол жауап қатпады. Түскі тамаққа қоңырау қағылды. Мен кетуге ыңғайландым.
— Айналайын, кетпеші!— деп Жәркембай етегіме жармасты.
— Е, не боп қалды? Жөніңізді айтсайшы!
— Қазір осында бір баскесер келеді. Қолында құлаштай пышағы бар көрінеді. Мені соймақшы... Сенің бокспен аздап хабарың бар ғой, ептеп маған көмектесерсің...
— Мен сенер-сенбесімді білмей, аңырып тұрып қалдым.
— Ол кім өзі?
— Бір қылмыскер. Баяғыда, яғни отыз жетінші жылдары соған куә боп, қол қойып едім. Міне, сол адам он жыл отырып, бостандыққа шығыпты. Жаңа маған өзі телефон соқты. «Мені күт», — дейді... «Соям», — дейді... Даусы қатқыл, күж-күж етеді...
Біз тықыршып күтіп отырмыз. Уақыт өтіп барады. Ешкім жоқ.
Бір мезгілде көрші мекемеде қызмет істейтін қылжақбас ІІІәлкембай дейтін сары тапал бойлы жігіт кіріп келді. Қызара бөртіп, шылымын мейірлене сорып-сорып қойды.
— Жақсы келдің ғой, бауырым!—деп, Жәркембай оған да жабыса кетті. Үрейлі пішінмен мәселені түгел баяндады.
Шәлкембай мырс-мырс күліп, теріс айналды...
Біз түсіне қойдық. Телефон соққан сол екен. Бастығымның боп-боз жүзіне қан жүгіре бастады...
Жәркембай тым күйгелек, тым уайымшыл: Біресе «белім ауырады»,— дейді. Біресе «ас қазаным ауырады»,— дейді. Қалтасы толы дәрі-дәрмек. Түймедей-түймедей қоңыр, сарғыш, ақ түсті таблеткаларды күні бойы қылғытып жұтып отырады. Кейде қай жері ауырғанын өзі де білмейді. Бірақ «аурумын» деп кіртиеді де отырады. Медициналық әр түрлі кітаптарды көп оқиды. Әр түрлі кеселдің қысқаша анықтамасымен таныса келіп, «менің ауруым мына біреуіне ұқсас екен»,— деп күдіктенеді. Жатса да, тұрса да ойланып, әбден қажып бітеді. Тәбеті асқа шаппайды. Ұйқысы бұзылады. Белгісіз бір жұмбақ үрей төбесінен төнеді де тұрады.
Оның киім киісі де қызық: Ішінен жеңсіз жылы тон киіп алады. Жағасы сатпақ сол тері тонның ішіне әп-әдемі көгілдір галстугінің ұшы сүнгіп кетеді. Галстукке басылған көк теңіз, желкен, шағалалардың суреті бір тамаша көрініс!.. Кішкентай жылы тонын, үлкен қара пимасын май мейрамына дейін киеді.
Жәркен де ептеп шарап ішеді. Ішкені құрысын-ау, жан-жағына қарап ішеді. Бір тостақ сыра ішіп келсе «аузымнан исі шығып тұрған жоқ па?»— деп күдіктенеді. Басын қақшитып, шеніңе жоламайды. Сезіп қояр деген оймен арты қуыстанып, сонадайдан ойқастап, адаммен жөнді сөйлеспейді. Дауылды күндері «төбеме ағаштың бұтағы сынып түседі»,— деп, жан сауғалап көшенің ортасымен жүреді ол. Оның адресіне: «Азамат, көше тәртібін сақтаңыз!—деген милиционерлердің талай рет ескертпе сөздері айтылды...
Не керек, Жәрекеңнің өмірі осылайша күйбеңдеп өтіп жатты.
Жәрекең бүгін де бұрқан-талқан. Әңгімесінің сыңайы мынау:
— Мен саған айттым ғой, «абайла, бала»,— деп. Бүйтіп қайсарлық жасай берме, шырағым! Әр нәрсенің шегі бар. Бізге жан бағу керек!.. Мана жоғарғы орыннан бір кісі маған телефон соқты. «Талқанбайдың өлеңін неге басасың?»— деп, менің жер-жебіріме жетті. Ал Талқанбайдың өлеңін жер-көкке сиғызбай мақтаған сен. Және маған дайындап берген де сен... О жігіттің өзі «көк шай» ішетін көрінеді. Жергілікті газеттердің бас мақаласына талай рет сыналып жазылыпты. Кәсіподақтық жарнаны да төлемепті..
— Сізге телефон соққан адамның фамилиясы кім екен?
— Шатақова Мастура.
— Е, ол Талқанбайдың айырлысып кеткен әйелі ғой.
— Сен оны қайдан білесің?..
— Ойбай, Жәреке, тойында бірге болмадық па?
— Ол неге күйеуін жамандайды?
— Алимент төлемеген соң ашуланған шығар...
Ол «үһ» деп креслоға отыра кетті. Мұздай су ішіп, жүрегін басты.
Шынында да мінезі өте қызық кісі: Бастығымен шахмат ойнай қалса, өтірік ұтылады. Айналасындағы жұртқа сенімсіздікпен қарайды. Болмашы бір нәрсеге күдіктенеді, мазасы кетеді. Өзі мансапқорлыққа, шенге, жасыл креслоға құмар-ақ. Бірақ қорқақ. Жиналыстарда белсенділік жасап, сөйлерін сөйлеп алады да, соңынан жата ғап өкінеді. «Белдібайды сынаңқырап жібердім-ау», — деген оймен түні бойы көз ілмейді. Яғни қолдан қорқыныш жасайды. Бастығымен кездесе қалса, қалтаң-құлтаң етіп, жүрісінен жаңылады. Бастығы ұзап кеткенше иіліп тұрып алады. Қызмет істейтін мекемеге жақындай бергенде, Жәрекең кілт тоқтайды да, өзінше сақтық жасаған болады. — «Ал, жігіттер, біртіндеп кірейік. Тобымызбен кірсек, ішіп жүр екен деп, ойлап қалуы мүмкін, бастықтардың»...
Бір рет ол жалпы жиналыста Талқанбайды сойып салды.
— Талқанбайдың қай уақытта шығарма жазатынына таңым бар?.. Қызара бөртіп, үнемі ресторанда отырады. Ұдайы мас боп немесе қызып жүреді. Ақ арақ пен сыраны араластырып ішеді. Жақсы көретін тағамы — солянка. Ішімдіктен соң балықтың қара уылдырығын пайдаланады. Герасимның буфетінен шықпайды...
Президиумда отырған біреу:
— Қашан көрдіңіз?— деп, тосыннан кіріспе сөз тастады.
— Кеше.
— Онда о кісімен сіз де дастарқандас екенсіз ғой?
— Жо-жоқ, атай көрмеңіз.
— Ендеше, не жеп, не ішкенін қайдан білдіңіз?..
— Сыйлаған соң, қайтейін!
— Кім?
— Талқанбай!
Ол солбырайып мінбеден түсті...
Тек қана «жан бағысты» кәсіп еткен бұл тірі жан «біздікі» дегеннен гөрі «менікі» деген сөзді, көмекейі бүлкілдеп әдемі айтады. Шолақ белсенділік, жағымпаздық-дәйексіздіктің бір белгісі. Адам басындағы кішігірім оғаш мінез, қорқақтық — үлкен қылмыстың алғашқы бүршігі. Қорқақ адамның опасыз келетіні айдан анық. Ол тұрақсыз жан. Онда шынайы достық болмайды. Төнген қатерден өз махаббатын да қорғай алмайды. Өзіндік сенімін, яғни өзін жоғалтқан, басынан үрей кетпеген қаңғалақ адамның жанына өмірдің жылы шуағы қайтіп түспек?! Мұндайлардың қолы ілулі тұрған алтынға жетпесе, сөзсіз жарақат жолдасын табанына салып жоғары көтерілер еді.
Біздің Жәркембай үлкен өмірдің түсіп қалған бір кішкентай бұрандасы сықылды. Зырлап тұрған тетігінен айрылған темір, жерге түскен соң, әрине оны тот басады. Қандай аянышты!
...Күндегі дағдысы бойынша, Жәрекең мұрнын шұқып отыр. Қағаз бетіне түскен жүн-жұрқаны үрлеп жіберді де, жазуға қайта кірісті.
Телефон шылдырлады. Бастық құлағын тосты.
— Алло!.. Ия... Қойшы, шырағым. Қызметіме кедергі жасама... Жасым болса қырықтан асып барады. Ал, сендер жап-жас бастарыңмен мені шабарман қылғыларың келеді... Немене?.. Сен әлгі су мұрын корректор бала емессің бе?.. Бұл қайдан?.. Министерстводан!.. Ойбай, ақсақал, кешіре көріңіз!.. Мен әлгі... Ләппәй! «Орныңнан алып тастаймын»,— дейсіз бе?.. Ағатай, кешіре көріңіз... Бір білместік өтті... Мен әлгі... Садағаң кетейін, ағатай... Құлдық!.. Бес-алты қара домалағым бар еді... Қатыны түскір науқас... Жан бағыс мәселесі қалай болар екен, а?.. Мен әлгі... Үһ!..
Бастық телефон тұтқасын тастай салды. Екі көзі адырайып, сылқ етіп орындыққа қонжия кетті.
Екі күн болды, Жәркембай қызметке келмей қойды. Мен үйіне телефон соқтым. Әйелі күйеуінің науқас екенін хабарлады. Көңілін сұрамақ боп, жұмыс аяғында біз оның үйіне бардық. Тапал бойлы, қызыл шырайлы келіншек біздерге есік ашты. Жәрекең төргі бөлмеде ыңқылдап керуетте жатыр. Басын ақ марлімен құндақтап тастаған. Көздері кіртиіп, төбе шашы үрпиген. Бөлменің де сәні кетіңкіреген. Крамскойдың «Бейтаныс әйелі», Саврасовтың «Ұзақтар ұшып келді», Кенбаевтың «Асауға құрық салу» деген әдемі картиналары қабырғада ілулі тұратын-ды. Ол суреттер қазір көрінбейді. Тіпті, үй қабырғасындағы үлкен сағатты да алып қойыпты... Кім білсін, әлде пәтерін біреулермен айырбастамақшы ма? Біз қайран болып отырмыз. Сөзді Шәлкембай бастады:
— Жәреке, халіңіз қалай? Басыңызға не болды?
— Алдың күні, жаңа магазинге орнатылған темір құты ішіндегі телефон-автомат арқылы жұбайыммен сөйлесіп тұр едім, төбеме қолақпандай сүңгі түсіп кеткені... Ес-түсімді білмеймін, ауруханадан бірақ шықтым... Дәрігерлер «миың қозғалған дей ме!.. Уһ!.. Халім нашар, жігіттер!.. Әй, Мәржапия, қайдасың?.. Шай қайнатып жібер балаларға! Уһ... Сөйтіп, «сақтықта қорлық жоқ»,— деген ғой, қабырғада ілулі тұрған заттардың бәрін түгел алдырып тастадым. Әкем марқұмның портретін де... Ойбай!.. Уһ, ах!.. Мәржапия, манағы дәріні әкеп берші...
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: