Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Мұрт
Мен мұрт қойғалы қашан! Е-е, несін айтасыз, мұрт мәселесі өз алдына үлкен бір проблема! Олай дейтін себебім, көресіні жұрттан емес, мұрттан көрдім. Мәдениетті, әдепті таныс кісілер «Мұртты жігіт»,— дейді. Ал, кейбір мысқылшыл дырдубайлар «Ей мұрт»,— деп тәмам жұрттың алдында айқай салып, аптарихаңды айрандай төгеді. Жеке өзің келе жатсаң мейлі ғой. Кейде қызбен дегендейін...
Мұрт дегеніміз — үстіңгі ерін мен қос танаудың аралығына біткен, не сүт қоректілер тегіне, не өсімдіктер тобына жатпайтын өз ырқына жіберсең шырмауықтай қаулап өсетін тәртіпсіз бір дүние! Сағаттың қос тіліндей тылтиған бұл көпірдің пайдасынан зияны көп-ау деймін.
Әлі есімде, автобусқа мініп, бір күні қызметке бара жатыр едім, екі көзі тұздай егделеу бір кісі маған шүйліге кетті.
— Әп, пәлем, түстін бе қолға?! Мұртыңды біртіндеп тұрып жұлайын ба, осы?!
Мен аң-таңмын. Автобус ішіндегі жұрт елең ете қалды. Әлгі үйрек тұмсық бейтаныс адам қайта төнді.
Есіңде ме, мені кроватқа арқанмен матап тастап, аузыма шүберек тығып, колхоздың қыруар алмасын машинаға тиеп, тапа-талтүсте ұрлап кеткенің? Қайда әлгі сыбайлас чечен жігітің?.. Жаңылмасам аты Махмұт болар. Сен солай деп дауыстағансың...
Мен қорғана бастадым.
— Сіз, жолдас, кешіріңіз... Мені басқа біреуге ұқсатып тұрсыз ғой деймін.
— Дурака не валяй! Қымбаттым, мен сені мұртыңнан танып тұрмын. Жалтаруын қарай гөр өзінің!..
Жұрт дабырлап кетті.
— Мәдениетті жігіт қой!
— Тапқан екенсің ұрыны...
— Кімде мұрт жоқ дейсің?!
— Ха-ха-ха!!!
— Абзалы, жігіттен кешірім сұрағаныңыз жөн болар...
Сөйтіп, қып-қызыл пәледен әрең құтылғаным барды. Міне, көрдіңіз бе, тілдей мұрт үшін үйдей дау-дамайдың тұтана жаздағанын?
Осы оқиғадан соң, өткір ұстарамен мұртымды сымпитып қырып тастағым-ақ келіп еді, амал нешік, «сен мұртыңды қырсаң асылып өлемін»,— деп жас жұбайым көнбей, безеріп тұрып алды.
Енді бірде, парк ішінде мынадай бір кездейсоқ, өте қызық кездесу болды. Бір бейтаныс жігіт ілтипатпен иіліп сәлем берді де, шап етіп қолыма жармаса кетті.
— Бала-шағаңыз аман ба? Денсаулығыңыз таза ма?..
— Шүкір.
— Қалай, жеңгей аман-есен босанды ма? Шілдехана жақсы өткен болар?
— Жақсы өтті.
— «Волгаңызға» гараж табылды ма?
— Табылды.
— Әлгі, ішкіш Жәркембай өліп қалды дейді, рас па?
— Қайдам...
— Курортқа қашан барасыз?
— Белгісіз.
Путевка керек болса маған звандаңыз... Сухуми, Ватуми, Сочи, Гагри, Фоти... Бәрі де дайын. Қалағаныңыз...
— Рақмет, айналайын!
— Ал, сау болыңыз,
— Қош..!
Танысам құдай ұрсын! Амал жоқ, бейтаныс жігіттің сұрағының ыңғайына қарай жауап беруге тура келді. Үйленгенімізге бес-ақ ай... «Жеңгей босанды ма?» — дейді... Ой, тоба-ай! Жәркембай деген кім?.. «Волга» түгіл жаман велосепедім жоқ.түсінсем, бұйырмасын!
Көрдіңіздер ме, бұл мәселеге де сөзсіз, мұрттың қатысы бар. Алғашқы оқиғаға қарағанда, бұл әншейін төди-сөди бір гәп қой!
Несін айтасыз, мұнан кейін де мұрт жайлы талай-талай алапат қақтығыстар болды.
Азын-аулақ шаруам болып, бір күні жаңа бастығымның алдына бардым. Ол буалдыр тартқан суық көзімен маған оқтана бір қарап, әзілі ме, әлде кекесін гәбі ме, төтенше бір тұрпайы сұрақ қойды.
— Шырағым, мұрныңның астындағы қарайған не пәле? — деді ол саусағын оқыс шошайтып.
— Көрмей тұрсыз ба, мұрт қой! — дедім мен ызаланып.
— М-мм, солай мұрт де... Сен, неме, шырағым, он тоғызыншы ғасырдың сәуегей серілері сияқты тасырақтайсың. Мен сені тәртіпке шақырып отырмын. Бүгіннен бастап танауыңның астындағы мұртты құрт. Құлағыңның түбіндегі көдедей бакенбардыны да құрт! Ескі заманның іріп-шіріген салт-санасын қазіргі жаңа ұрпаққа үлгі тұту үлкен қылмыс! Сақал-мұртын сапситып өсірмесе де, қыз-қырғын еркек қауымын жақсы таниды. О жағынан қам жеме, шырағым...
Мен бастығымның бас-аяғына көз жүгірттім, қу даладай сұрқай бет-әлпетіне өмірбақи бір қылшық бітпеген нағыз тұл көсенің өзі екен! Жып-жылтыр басы «Медеудің» мұз айдынындай. Тек қана жалпақ танауының тесігінен екі-үш қоңырқай қылшық бой көрсетіп тұрды. Сақал-мұрттың тақсіретін тартқан бейбақ неме менен өшін алып отыр-ау,— деп ойлап қалдым. Жұрт дегеніңіз қызық-ау осы! Әмесе, біреудің тәніне шыққан жүн-жұрқада не шаруасы бар деймін-ау! Бір жақсы жері, танаудың астына біткен шынашақтай мұрттың салмағы бөтен бір адамға түспейді ғой...
Дегенмен, мұртекең мені талай-талай тақырға отырғызып жүрді-ау! Қорғап қайтейін, мен одан сан рет жапа шектім.
Бір күні әйеліммен ресторанда отыр едім, залдың ат шаптырым осынау бір мүйісінен даяшы қыз жетіп келді. Келген бойы өрескел орынсыз сөздер айтып, менің жер-жебіріме жетті.
— Сағат тастап несиеге арақ ішуді білесіңдер, ә! Ал ақшасын уақтылы төлемейсіңдер. Сендерде ұят бар ма, осы? Кәне, ақшаңды төлеп, сағатыңды ал. Он бір мәнат бересің. Бол, жылдам!
«О, сұмпайы» дегендей әйелім менің бетіме бажырая қарады. Мұртпен төркіндес мұндай-мұндай хикаялардың талайын бастан кешірген, ысылған пенде емеспін бе, зәредей сасқам жоқ, мұртымнан күлдім де, байыппен жауап сөз айттым.
— Бикеш, сіз қателесіп тұрған боларсыз?
— Жалтармай-ақ қой, шырағым, мен сенің мұртыңнан танимын. Қасында бір сұлу келіншек бар еді, оны да білемін.
Даяшының мына сөзінен кейін жұбайымның екі көзі шақшиып, бет-әлпеті түтігіп кетті, әншейін. Қап, мына шөмелебас бүлдірді-ау!
Мен келіншегіме қараймын. Келіншегім маған қарайды. Ал даяшы қыз болса «бол, болдың» астына алып, терісіне сыймай қабынып тұр.
— Милиционерді шақырайын ба, жоқ жақсылықпен...
Мен қатты састым.
— Бикеш, сіз...
Сөзімді аяқтап үлгіре алмадым, дәл осы сәт, мұрты бар бір бөгде жігіт даяшы бикештің иығын қаққылады. Жігіт міңгір-міңгір етіп, әлденелерді айтып жатты. Мүләйімсіп, сызылып күліп те қояды. Қалтасынан әмиянын алып, аузын аша бастады... «Сағат иесі осы бала болар-ау деп топшыладым өзімше.
Даяшы қыз маған бұрылды да:
— Кешіріңіз— деп тайып тұрды.
Бүйткен «кешіріңізі» бар болсын. Екі ортада, айрандай ұйып тұрған семья шырқын бұза жаздады-ау, ерлі-зайыптылар арасына от жағып!
Ох, бұл мұрт жарықтықты қойсаңызшы, жүддә, зықымды шығарды. Сол бәтшағардьң арқасында сан пәлеге душар болдым ғой. Несін айтасыз, мұрт хикаясы мұнымен де тынған жоқ.
Шамасы демалыс күні ғой деймін, бір жолдасыммен көшеде кезіге кеттім. Мектептес досым еді, қоярда қоймай үйіне ертіп апарды. Зайыбымен таныстырды, бойжеткен балдызымен таныстырды. Не керек, балдызы сүйкімді һәм сыбатты қыз екен. Толық балтыр, қаз омырау , мол мықынды, қыпша бел. Ұзын сөздің қысқасы бір жұтым қаймақтай. Әсіресе маған тамағының астындағы меңі ұнады.
«Астаналық» ақ телпек столға кеп қонжиды. Маңдайынан от шашқан тайпақ табан рюмкалар бір-бірімен шүйіркелесіп, сыңғыр-сыңғыр күліп, аяғы аспаннан келіп жатты. Шөлмек ішіндегі сұйқылтым зат ортайған сайын біз молайып барамыз. Тіпті, зорайып та барамыз-ау деймін! Жолдасым да қызды, мен де қыздым.
«Бойында Арыстың»... деген қыз әуені асхана жақтан еміс-еміс естіледі. Со жаққа баруға себеп таба алмай, қипақтап мен отырмын. Шылымының, күлін рюмкасына қаққылап қызара бөртіп, әбден рақатқа батып досым отыр. Аз сәттен соң қорылға басты ол.
Осылай дырылдап отырғанымызда шам түскір сөнді де қалды. Мен сүйретіліп, асханаға қарай беттедім. Қыздың қолынан ұстап, өзіме қарай тарттым,— үндемейді. «Меңі осы тұста болар»,— деп, тамағынан иіскедім,— бүлк етпейді. Белінен қапсыра құшақтадым,— мыңқ етер емес! «Қонағыңнан ұялсайшы»,— деп қымсынып қана қояды. Қыз сөзіне мән бергем жоқ, албыраған ернінен сүйіп-сүйіп алдым. О-о, сұмдық-ай, дәп сол мезетте көзімнің оты жарқ ете қалды. Көзімді алақаныммен басып «разряды бар қудың соққысы ғой»,— деп отыра кеттім.
Шам қайта жанды. Қарсы алдымда екі білегін сыбанып сұсты бір әйел тұр. Мә саған безгелдек, менің қыз дегенім — жолдасымның келіншегі боп шықты. Қараңғыда құшақтай алғанымда, ол мені өз күйеуім деп ойлап қалса керек. Нағыз сойқан сүйіскенде басталды ғой... (Досым жып-жылмақай көсе болатынды.) Міне, тағы да мұрты түскір бүлдіріп отыр! Қап, өзіме де обал жоқ, сүйіп нем бар еді?! Бұл не деген масқарашылық?! Есіткен елден ұят-ау!
Қой, бүйтіп жан баға алмаспын. Бүйтіп, итшілеп көрген күнім құрсын. Әр талы алтын болса да, құрып кеткір осы мұрттан құтылайыншы, басыма бір пәле болды ғой өзі. Мейлі, қатыным асылмақ түгіл, атылып өлсін! Мейлі, қатыным асылмақ түгіл, атылып өлсін бәрібір.
Осындай тұжырымды, батыл ойлармен үйге қарай келе жатыр едім, алдымнан қасқа бас управдом шықты. Саусағымен портфелін барабандатып, көздерін қыбыжықтатып, барқылдап сөйлей жөнелді.
— Тәшімов жолдас, бұ қалай? Пәтер ақы төленбеген. Мм-м, газ, радио, жарық... төленбеген... тағы не еді, құдай-ау?.. М-м... Сіздің мұныңыз — барып тұрған қылмыс емес пе?! Суатты, салауатты азаматсыз, аздап ұялу керек қой адам деген. Ата сақалыңыз аузыңызға түскенше...
Ой-бай, тағы да, тағы мұрт мәселесі!.. Қой, болмас, айдың аманында осы пәледен құтылайыншы.
Тұла бойымды ашу қысып, асығып-үсігіп үйге кірдім, апыл-ғұпыл шешіне бастадым. Қолыма қылшылдаған өткір ұстараны алдым да, сақал-мұртымды сабындап, айна алдына отыра кеттім.
Әлеміш-құламыш атлас халатын шұбалтып, төргі бөлмеден келіншегім шықты, паңдана басып.
— Нұрланчик, сен знаешь мұртыңды қалай қию керек?.. Мен бүгін бір етікші жас армянинды көрдім, мұрты просто, изумительный! Как сказать... Қарлығаштың құйрығындай. Жо-жоқ, лайнердін, қанатындай! Просто пре-лесть!!! Ал, сенікі аульный. Бабайлардың мойлауындай. Ты сократи немножко, чуть-чуть. Прошу, а-а-,а?!.
Қайран зайыбымның өтініші құр бекер далаға кетті-ау! Әй-шәйге қарамай бет-аузымды сабынмен көпіршітіп, әп сәтте сақал мұртымды жайпап салдым. Екі-үш минуттан соң мұнтаздай боп шыға келдім. Ыңылдап ән салып, кебісін тырпылдатып жұбайым оралды. Мені көрді де көзі шарасынан шығып кетті.
— Уу-жас , уу-жас! Ффу»..
Ол ес-түсінен айрылып, диванға сұлқ құлады.
Мен әрине телефонға жармастым.
— Алло, алло!.. «Жедел жәрдем бе?..» Ойбай, тез жетіңіздер, әйелім талып қалды!..
Сонымен, не керек, мұрт мәселесі біржола тынды ғой.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: