Әңгіме: Рахмет Өтесінов | Алыптың арнасы

Әңгіме:  Рахмет Өтесінов | Алыптың арнасы


Гурьев облысындағы Эмба мұнайлы ауданы революциядан бұрын Баку, Грозныйлармен қатар ашылып, көп жылдар бойы жас совет халық шаруашылығының отын көзі болып келгені мәлім. Бұған осыдан сәл кейінірек Башкириядағы Ишимбай мұнай кен орны қосылды. Отан соғысына дейін және соғыс уақыттарында да елімізді жанар-жағар майлармен қамтамасыз етіп келгендер де осы кендер болатын. Бірақ, бұлардың өндіріс көлемі қазіргілермен салыстыруға мүлде келмейді. Ол жылдары жылына 20 миллион тоннаның маңайында мұнай өндіріліп жүрді. Партиямыздың XXIII съезінде мұнай өндірісіне ерекше маңыз берілген болатын. Онда елімізде мұнай өнімін жылына 30 миллион тоннаға жеткізуді нысана еткен еді. Совет мұнайшылары туысқан партияның бұл тапсырмасын абыроймен орындап шықты. Геологиялық барлау жұмыстарын, оның ішінде де, әсіресе, терең бұрғылауды өрістете отырып, Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан уақытының өзінде-ақ Волга бойынан мұнай көздерін аша бастады, ал 1944 жылы еліміздегі сол уақыттағы екі ірі кен орындарының бірі - Тоймаза кәсіпшілігі ашылып, іске қосылды.

Бұл бұған дейінгі мұнай қоры жөніндегі кейбір көзқарастарды түбірінен өзгертті. «Жер шарында мұнай көздері тек үш-ақ жерде. Олар: Каспий теңізі, Парсы шығанағы және Америкада - Мексика шығанағы жағалауларында. Басқа жерлерде мұнай болуы мүмкін емес» деген қате пікірді жоққа шығарды.

Барлау жұмыстарының бұдан әрі де өpic алуының нәтижесінде 1948 жылы бүкіл дүние жүзіндегі ең ірі мұнай алаңдарының бірі - Ромашкино кен орны ашылды. Оны игере келе бұл алаң Бакуден де асып түсіп, өнімді онан үш есе көп беретін болды. Бұл белгілі Волга бойындағы үлкен мұнайдың алғашқы бастамасы еді. Ал, Қазақстан мұнайы 1,5 миллион тонна маңында қалқыды да тұрды. Бірқатар уақыт мұнайшылар Эмба мұнайлы ауданындағы тұз күмбезі арасынан кішігірім мұнай қабаттарын іздестіріп тауып, іске қосып жатты. Соның арқасында соғысқа дейін Косшағыл, Байшонас, Ескене, Құлсары, Сағыз кәсіпшіліктері соғыстан кейін Каратон, Терен, Өзек, Мұнайлы, Қошқар Құрсақ сияқты кәсіпшіліктер мұнай бере бастады. Бірақ мұның бәрі еліміздің мұнай өндірісіне елеулі өзгеріс ендіре алмады. Біреулер осы айналадағы тұз күмбездерін зерттей түсіп, сондағы жатқан мұнай қабаттарын көбірек тауып, үлкен мұнайға қол созуды ұсынды. Ал, сонда үлкен мұнайды қайдан іздейміз?

Геологтар қолындағы аз-кем деректер Маңқыстау түбегі мен үстірт даласына қарай меңзеп жатты. Оның ішінде әрине, Маңқыстау түбегі алғы кезекте тұрды. Бұл өз жері шалғай, қол жетуі киын болғанымен мұнай табиғатына тән толып жатқан жер қыртыстары үміт күттіретін еді. Төбешік қыстауы мен Қара-Саз, Таспас құдықтары маңында өткен ғасырдың аяқ шенінде топограф Насибьяның жер бетінен мұнай сіңген тастар тауып әкелгені тағы бар. Белгілі орыс геологі Андрусовтың еңбектерінде Маңқыстау түбегінің геологиясына талдау жасалынып, оның тектоникалық және стратиграфиялық жағдайлары да, зерттелген болатын. Кейінірек, (1926— 1941 жылдары) Маңқыстаудан мұнай іздеу жұмыстарына арналған П.В.Баярунас, С.Н.Алексейчик, В.В.Мокринский сияқты геологтардың да еңбектері жарыққа шықты. Болашақ мұнайлы түбекті егжей-тегжейлі зерттеуге 1950 жылдардан бастап, Дьяков, Черепенов, Трифонов бастаған Ленинградтың Бүкіл одақтық геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтының қызметкерлері араласты.

Міне, осы сияқты ғылыми деректерге сүйене отырып, Қазақстан мұнайшылары бұл түбекте бағалы кеннің бар екеніне қалтқысыз сенді. 1957 жылы Маңқыстаудан мұнай іздестіру үшін терең бұрғылау жұмыстарын жүргізетін «Мангышлакнефтгазразведка» тресі құрылды. Оның алғашқы бастығы болып байырғы мұнайшы Орынбай Бердіғожин белгіленген еді.

1961 жылы мастер Әбдіразақов Ғазиз басқаратын №18 структуралық - іздеу скважинасы Өзен кен орнын ашты. Мұнда әуелі газ, кейін үлкен мұнай қоры бар екені анықталды. Оның үстіне көп ұзамай Жетібайдағы мастер Петровтың №6 скважинасынан күшті мұнай фонтаны атқылады. Сөйтіп, еліміздің мұнай өндіру тарихына тағы бір жаңа жылнама жазылды, теңдесі жоқ ірі мұнай ауданы ашылды. Осынау мұнай дариясы арқылы Қазақстан мұнай өндірісі жаңа бір белеске шықты. Ол еліміздің негізгі мұнай өндіруші аудандарының біріне айналатын болды. Қуанышты хабардың дүмпуі мұнайшылар арасында, еңбекте жаңа қарқын туғызды.

Еліміздің ең таңдаулы бұрғышы - барлаушылары мұнайлы түбекке сол кезде-ақ келген-ді. Олар нағыз киын кезеңдерді бастан кешіріп, үш-төрт жылдан соң-ақ көп бейнеттік зейнетін де көре бастаған. Енді алғашқы алып фонтанның өлшеусіз дабылы мұнай өндіруші мамандардың құлағынан кетпейтін болды.

Нақ осы қарсаңда яғни 1962 жылы, мартта Гурьевке үкімет тапсырмасымен Маңқыстау мұнайын игеру шараларын жасауға СССР мұнай өндірісі Министрінің бірінші орынбасары С.А.Оруджев, сол кездегі Қазақ ССР геология министрі Ш.Е.Есенов бастаған бір топ ғалымдар келді. Оларды маңдағы мұнайшы қауым ісімен таныстыру - сол кездегі облыстық партия комитетінің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі маған, тапсырылды.

Мұнайлы өңірге бет алған біздерді АН-2 кішкене самолеті алып ұшты. Кәрі Каспийдің терістік жағасын жағалай ұшып келеміз. Кейде теңіз жиектерінен көз жазып, шөліркеп жатқан кең далалыққа түсеміз. Оқта-текте ескілікті қоныстар ұшырасады. Бағытымыз -Жетібай, Қаратон, Прорва кәсіпшіліктерінің үстінен өткесін-ақ алда кен, аумақты Өлі қолтық соры жатады. Бұл сор Комсомол шығанағын жиектей келіп, шығысқа карай созыла Бейнеу станциясына тақап барып бітеді. Осынау кебіртең өңірден 30 шақырым өткен соң Самның ыспа құмдары басталады. Бетпақ сормен құм арасындағы қақпа арқылы темір жол, машина жолы, мұнай, газ, су құбырлары, байланыс жүйелері жүреді. Сондықтан осы қақпаның дәл ортасында тұрған Бейнеу станциясы қазір үлкен елді пунктке айналған. Мақаттан, Маңқыстаудан, Қоңыраттан шыққан темір жолдар осы жерден түйіседі.

Өлі сордан өте бере ұзыннан-ұзақ созылған Қайдақ соры Үстірт даласымен Бозащы түбегін бөліп отырады да, Қаратаудың түбінен Кара-Кешу сорына айналып, теңізге қарай бұрылады. Ал енді осы сорлардың шығыс жағы ұшы-қиыры жоқ, шетсіз-шексіз үстірт даласы. Осы даланың етегімен жүре отырып, Маңқыстау түбегінің шекарасын басасыз. Ол Кошақ шығанағынан басталатын Ақтау, Қаратаумен жарыса созылып, Сауысқан, Бостанқүм құмдарының тұсынан таусылады. Төменгі теңіз жағалауы негізгі Маңқыстау түбегі болып саналады. Бұл үш жер - Маңқыстау, Бозащы түбектері мен Үстірт даласы баяғы замандардан бері қазақ жұртының бір бөлегі жайлаған жерлер.

Маңқыстау тіршілік көзі - су дегеніңізге аса кедей. Дала төскейінде жүрген жанға бір жұтым су тауып ішу де оңай емес. Теңіздің тұзды суынан ешқандай қайыр жоғы белгілі. Адам түгіл малға да жарамсыз. Өсімдік өсіруге болмайды. Жауын-шашын бұл жақта көктем, күзде ғана бір-екі рет жауса жауар. Ал жаз айлары көбіне аспанда аядай бұлт көрінбей, жерге бір тамшы тамбай өтеді.

Метеорологиялық картаға көз жіберсеңіз біз әңгіме етіп отырған Маңқыстау - еліміздегі ең шөлді, қуаң жерлердің қатарына қосылады. Қашан да қаңсып, кеуіп, шытынап, жарылып жататын жерге аяқ тисе-ақ болғаны, шаңдақ аспанға шығады. Ал, машина жүріп өткен жолдарда жағдай бұдан да өзгерек. Артына ерген шаң аспанмен таласып, керген шымылдықтай жолдың ағымымен бойлай ұшып, созылып жатады. Үлпілдеген шаң ауада ұзақ қалқиды. Егер осының үстіне жел «оңынан» тұрса, (Шығыстан соққан өкпек жел мұнда үнемі дерлік басылмайды) оның үстіне ондаған, жүздеген тракторлар мұнара сүйреп, құбырлар тартып, жер қыртысын айырып жатса, немесе роторлы экскаваторлар топырақты аспанға лақтырып жатса, атақты Маңқыстаудың «шаң боранының» төркінін білу де қиын емес. Бұл жағдайда осы шаңмен дем алып сағат, кейде одан да көп жол жүруге тура келеді. Кей-кейде бұл шаңды да ұмытып, өңешің құрғап, арманың бір жұтым су болып, ел қарасына ертерек жеткенше асығасың. Жер бетінде ылғал болмаған соң жөнді өсімдік те өспейді. Тек сексеуіл, қараған сияқты бұталар, шөп дегеннен бұйырғын, жусан, ащы, түйе - тікендері, құмақты жерлерде құмға сіңген ылғалды қоректеніп өсетін ақ селеулер кездеседі.

Өсер шөбіне қарай түбекте түйе, қой түлігіне кеп маңыз берілген. Көліктік қана жылқы ұстайды. Сиыр деген атымен жоқ. Мал атаулы түбектің жадау табиғатына әбден үйренген, шөлге шыдамды келеді. Аз-кем ақауы бар, ашқылтым суларды жерінбей іше береді. Тіпті теңіз суын да шөлге қорек етеді. Маңқыстау жұрты ерте жылдардан-ақ мал өсіруді мықтап кәсіп етіп келген. Қазірдің өзінде мұнда Гурьев облысының біршама мал өнімдері осы өңірден өндіріледі.

Түбек тықындағы су тапшылығы осындай бола тұрса да жер қойнауы бұған мүлде керісінше. Маңқыстау жерінің үсті қандай нәрсіздігімен, қаталдығымен көрінсе оның асты өлшеусіз байлығымен таң қалдырады. Сол көп қазынаның бірі-балдай тәтті мөлдір су. Әсіресе, Бозащы түбегі әрі сулы, әрі бұған бай. 8-10 метр тереңдіктен-ақ тұщы сулар шыға береді. Кейбір құдықтардың суының аздап ақауы болғанымен, негізінен тұщы..«Сулы жер нулы жер» дегендей, сондықтан халықтың көбі осы жерді жайлаған. Форт-Шевченкодан Красноводскіге дейін теңіз жағалауынан ауыз су алынатын құдықтар жиі ұшырасады. Әрине, олардың бәрі бірдей тұщы бола бермейді. Бірақ ертеректе ел амалдап күн көріп отырған. Бұл жағаның құдықтары тіпті тайыз, 2-3 құлаштан, жағадан қашықтау кейбір жерлерде 5 құлаштан аспайды.

Тұщы судың ең мол жері Қаратау, Ақтау қыраттары, және олармен жалғасып жатқан Бостан, Сауысқан, Түйе су құмдары. Мұнда ауыз су 3-5, ішінара 10-12 құлаш тереңдіктен шыға береді. Шөл даланың осы сияқты атам заманғы сырларын да ғалымдар ескеріп отырды. Академик Ахметсафин басқарған Қазақ Ғылым Академиясының гидрогеолог ғалымдары жасаған жерасты суларының картасында Маңқыстау ең суға бай өлкенің бірі, су үстінде қалқып тұр деуге де болады. Тек скважина қазып, су кәсіпшілігін құру керек, су шығару ісін механикаландыра отырып, оны қалаған шамаға жеткізе бер.

Жер асты суы атам заманнан бері Маңқыстау тіршілігінің негізгі көзі болды. Біздер оның алынуын барынша жеңілдеттік. Скважиналар қазылды, электрлі терең насостар жер астына жіберілді, үлкен резервуарлар салынып, қуатты насос станциялары мен кең құбырлар арқылы үй-үйге ауыз су, кәсіпорындарына техникалық суы, суығы суықтай, ыссысы ыссыдай жеткізілді. Сонымен қаланың өзі түгелдей сумен қамтамасыз етілді, көгалдандыру жұмыстарына да толық мүмкіндік туды. Қазір Жаңа Өзен қаласында (Ескі Өзенмен бірге алғанда) 30 мың адамға күн сайын 10 мың текшеметр су жұмсалады. Немесе әр адам тәулігіне 300 литрден астам су пайдаланады. Мұның өзі кейбір суы мол аудандардың барлық қалаларында бола бермес.

Ал, Шевченко қаласында су жағдайы бұдан да жақсы. Онда жергілікті ғалымдар теңіз суын, тұщытатын дүние жүзіндегі ең ірі қондырғыны іске қосты. Қазір ол ауыз суды керегінше береді. Мұнан Жетібай мен Өзенге су құбыры тартылған. Бұл қуатты құбыр арқылы тәулігіне 5000 текшеметр су алынады. Мұнымен қатар партия мен үкімет тұрғын халыққа ерекше қамқорлық жасап, Амудариядан Бейнеу арқылы Үстірт даласымен Маңқыстау түбегін суландыру үшін диаметрі бір жарым метрлік құбыр тартуды ұйғарған болатын. Қазір бұл құрылыс та аяқталу қарсаңында.

Қала жағдайында су тапшылығы осылай шешілді. Ал, даладағы барлаушылар отрядтарына су машинамен тасылып беріледі. Әлі де, сол көз аштырмайтын қою шаң, шөл дала, су тапшылығы. Бірақ, батыр барлаушыларды табиғаттың мейірімсіз күші еш уақыт мұқалдыра алмайды. Олар табиғаттан қайрым күтпейтін, қайсар да қажырлы еңбек ардагерлері.

Самолет ауада 4 сағаттай қалықтай ұшып Өзенге әкелді. Жолаушылардың бір қатары ауыздарына пакет ұстап, енді біреулері бастарын қос қолдап қысып екі көздерін жұмып алған. Ескілікті мұнайшы, барлаушылар жағы жол қиындығын елең қылмай, көршілестерімен тіл қағысып, әңгіме айтқан болып келеді.

«Мынау Өзен!» - дегенге төмен қарасақ қою шаң арасынан оншақты құрастырмалы ағаш үйлердің төбесі көрінеді. Тағы да біраз үйді ағаш қалқандардан құрастырып, қалап жатқан болуы керек, әлі де төбесі жабылмаған, айналасында үйіліп жатқан құрылыс материалдары, жыбырлаған адам. Ат төбеліндей азғантай стандартты үйлердің жан жағында саманнан соққан, көбі тау тастарынан құрастырылып тұрғызылған, барлаушылар «уақытша баспана» деп атайтын үлкенді-кішілі есепсіз тұрғын үйлер. Мұның бәрінде дерлік жергілікті адамдар тұрады.

Бұл үйлердің тарихы маған да және мен сияқты Ембінің әрбір байырғы мұнайшыларына да әбден таныс. Осынау жеке баспаналар тұрғын үй жетіспегендіктен әркім өзі тұрғызған үйлер еді. Ембі мұнайы жартымсыз болғандықтан күрделі құрылысты кен өрістетуге өндірістің күйі көтермеген. Бертін келе КПСС XXI съезінің директиваларына сәйкес тұрғын үй құрылысын өркендету шаралары іске асырылып, Доссор, Мақат сияқты ескі кәсіпшіліктерде бірқатар үйлер салынды. Бірақ олар ондаған жылдар бойы шешілмей келген - үй мұқтаждығын өтей алмады. Оның үстіне кейбір мұнайшылар от басы шаруашылығына орай мал ұстап қора-қопсы салып алып, бөлек отырғанды қош көрді. Жергілікті Совет органдары кезінде бұған белгілі жобамен стандартты үйлер салып, қоныстануына көңіл бөлмеген. Дегенмен тұрғындардың қазіргі жағдайы жаман да емес. Көпшілігі жарық та, кең, әдемі, көп бөлмелі, көгалданған, кірсең шыққысыз жақсы үйлерге орналасқан. Қазір ауылдардың бәрінде электр жарығы, су, газ құбырлары, байланыс линияларды жүргізілген. Әр ауылда дүкен, тұрмыстық қызмет көрсету орындары жұмыс істейді.

Самолет поселке үстін бір-екі айналып, ауыл шетіндегі ақ тақырға қонды да, ақырын жылжи отырып экспедиция кеңсесінің қасына келіп тоқтады. Самолет іші әбден ысып, ауа тарылып, дем алудың өзі қиын еді. Жұрттың көбі қара терге малшыныпты.

— Өлтірмесең есігіңді аш!- деп бұйырды Оруджев жолдас пилоттарға.

Есік ашылғанда сырттағы қалың шаң ішке қарай лап қойып ауа онан сайын тарыла түсті. Аздан соң шаң сейіліп, аяқ жолымызды көретін болғанда самолеттен түстік. Жел үдей соғып тұр. Есенов бастап, жұп жазбастан, кеңсеге келдік. Экспедиция бастығы қарт мұнайшы, тәжірибелі барлаушы Дүйсен Үсенов қонақтарды жылы жүзбен қарсы алды.

Дүйсекең Ембінің байырғы бұрғышы-барлаушысы. Ембіде ол қазбаған төбе жоқ. Соғыс жылдары тікелей барлау участоктерінде қызмет етіп, онан соң жылдар бойы барлау-бұрғылау мекемесінің директоры болды. Бұрынғы азды-көпті еңбегіне көңілі толмады. Жаңа, келелі міндеттер атқарғалы өз жүрегінің әмірімен қиын өлке - Маңқыстауға көп мұнайшыларды бастап келген коммунист барлаушылардың бірі болатын, ол.

Шағын кабинет іші геологиялық карталар, схема, диаграммаларға толы. Дүйсекең келгендерге жұмыс жағдайын қысқаша баяндап өтті:

— Осы Өзен алаңына келген, бас-аяғы бір жыл ішінде көптеген ұйымдастыру қиыншылықтарымен арпалыса отырып, негізінен өзімізге жүктелген тапсырманы орындап жатырмыз. Крелиус бұрғылауындағы мастер Ғазиз Әбдіразақов, терең бұрғылау мастері Төреғали Қадыров, бұрғышы Тынышпай Опиев.сияқты нағыз қайтпас қайсар, құрыш білек, жұмысшы табының өкілдері табысты еңбек етіп келеді. Осының нәтижесінде Өзен сияқты орасан зор кен орнын белгіленген мерзімінен әлдеқайда бұрын ашамыз ба деген ойдамыз. Бұл шындық.

1961 жылдың бас кезінде осында көшіп келе бастадық. Осы жылдың аяғында Әбдіразақовтың бұрғысы №18 крелиус скважинасынан 367 метр тереңдіктен қуатты газ фонтанын ашты. Осы жылдың аяқ кезінде терең бұрғылау жұмыстары да нәтиже бере бастады.

№1 терең бұрғылау-барлау скважинасының 1248-1261 метр тереңдікте жатқан XVI мұнай қабатынан фонтан атқылады. Фонтанның мөлшері 10 миллиметр штуцерден тәулігіне 80 тонна мұнай атады. Сіздер келетін қарсаңда тап осы қабаттағы №2,22 скважиналар фонтан шығарды. Мұның бәрі Маңқыстау жерінде қазақ мұнайшыларының ежелгі арманы -Қазақстанның үлкен мұнайының алғашқы көріністері екенін дәлелдейді.

Дүйсекең өз сөзінде жұмыстағы кейбір кемшіліктерді де келгендерден жасырған жоқ. Бәрін де бүкпей айтып жатыр. Жол қатынасының нашарлығы, транспорт тапшылығы, тұрғын үй кемдігі, тағы да басқа себептерден туатын техникалық жабдықтау, жұмысшыларға қамқорлық ісіндегі кемшіліктердің аяққа тұсау болып тұрғандығына тоқталып, Дүйсен сөз салмағын, оларды ретке келтіру жөнінде жоғары орындардан көмекке әкеп тіреді. Орта бойлы арық қара жігіт орнынан атып түрегеліп, сөзді еріксіз іліп әкетті. Бұл осы экспедицияның бас геологі Махамбетов Халила еді.

— Сіздер мені кешірерсіздер. Көрген жерде кемшілікті алдымызға тартты демеңіздер. Жасыратыны жоқ үйткені қазір біздің қолымызды байлап, аяғымызды тұсап жібермей тұрған себептердің көбі жоғарғы жаққа байланысты. Мұны солар ғана шешеді. Біз болсақ үсті-үстіне телеграмма соғып, кісі жіберіп, хабар күтіп отырмыз. Мінекей, №13 скважина қазылып біткеніне 15 күн болды. Жіберетін 6 дүйімдік колонна жоқ, 15 күн бойына біз босқа тұрмыз. Наряд бойынша бұл түрбаларды бізге жіберетін Сумгаит заводы. Олар әні-міні деп өз міндеттемелерін кейінге қалдырумен келеді. Бұл жөнінде біздің айтпаған, бармаған жеріміз жоқ. Әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ. Немесе №8 скважинаны көріңіздер. Мұнайын өлшеп, сынау жұмыстарын жүргізу үшін насос-компрессор тұрбалары жоқ.

Менің айтарым: әркім өз міндеттерін мінсіз атқарса екен деймін,— деп сөз соңын бәсеңсіте сөйледі геолог. «Шын сөздің маңдайы қасқа келеді» дегендей әуелі шамданып қалған қайсыбір қонақтар басыла қалды. Қайсымыз жауап береміз дегендей біріне бірі қарасты.

Геолог жігіттің қонақтарға тірей айтқан сөздерін Дүйсекең ағаттау санап, бір үзілісте бұрып әкетті.

— «Үйге келген қонаққа үйдей өкпеңді айтпа» дейді қазақ, енді жарар Халила. Біздің кем-кетігіміз көп, оның қайсы бірін айтып жеткіземіз, жұмыстың барысында өзіміз тиісті орындармен шеше жатармыз, сен қонақтарға қарсы дауыңды қой!— деді, сабырмен сөйлеп.

Сәбит Атайұлы Оруджев көптен мұнай өнеркәсібі Министрінің бірінші орынбасары болатын. Совет мұнай өнеркәсібін қайта құрып, дүние жүзіндегі ен алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырып, бүгінгідей жоғары дәрежеге көтерушілердің бірі, мұнай өндірісіне қатысты көптеген техникалық жаңалықтар осы кісінің атымен тығыз байланысты. Батыстағы демократиялық елдерде, Азия, Африка елдерінде мұнай өнеркәсібін құруға тікелей араласып жүрген заманымыздың белгілі мұнайшысы. Біз бұл саладағы барша мамандар болып бұл кісіні ұстаз тұтып, ерекше сыйлаймыз. Атақты адам өзінің бұл сапарында үкімет басшыларының арнаулы тапсырмасымен келіп отыр. Мұны біз алғаш сөз ыңғайынан да аңғарған едік.

Сәбит ағай тік мінез, жүзі суық, қатал кісі болатын. Оның алдында қашан да мұнайшылар ретсіз сөз қашырудан мүлде аулақ болуға тырысатын-ды. Әлгі бір геолог соның қай жағынан шықты екен деп, іштен тынып біз отырмыз. Әлден уақытта құлаққа ұрған танадай аз тыныштықты өзі бұзып, жазып отырған қаламын қойып, көз әйнегін түсіріп Сәбит ағай орнынан тұрды. Енді бәріміз де сол кісінің аузына қарай қалдық. Ол сөзін жәй бастады. Мынадай қиын-қыстау кезеңде батылдық пен еңбек етіп, үлкен мұнайдың көзін ашып жатқан Маңқыстау барлаушыларына үкімет атынан разылық білдірді, құттықтау сөздер айтты. Бұрғышылар алдына жаңа межелер ұсынып, міндеттер қойды. Жұмыстағы кемшіліктерге тоқтап, оларды жою жолдарын айта келіп:

— Махамбетов жолдас дұрыс айтады! — деді Сәбит Атайұлы ақырын, жұртты таң қалдырып. — Жасырары жоқ біздің тарапымыздан да оралымсыздыққа жол берілген. Маңқыстау мұнайшыларына тиісті көмек көрсетілмеген. Бұл айтылған сынды біз толық қабылдаймыз және осы отырған республика, облыс басшылары да тиісті қорытынды шығарар деп сенем.

Әрине, үлкен кісі біздің атымызға да батыл сын, реніш айта кетуіне де болғандай еді. Бірақ, сабырлық сақтау арқылы да салмақ салып отыр. Мына төзімділігіне разы болып қалдық. Сәбит ағай қысқаша жағдайды естіп білгесін, сөзді тұжырып жиналысты өзі аяқтап, тысқа шықты. Іште бұдан әрі отыра беруге де мүмкіндік жоқ еді. Өзі ыссы, шағын бөлмеде көпшіліктің демімен - ауа тарылып, үсті-басымыз шылқыған тер, көйлектерімізді суға малып алғандай, азар отырғанбыз. Шаң ұрып тұрса да сырт ауасы жақсы ғой, «уһ» деп көкіректі кере дем алып қалдық.

Біз жүретін автобус келгенше Сәбит Атайұлы экспедиция жайын сұрастырып жатты. «Жұмыскерлеріңнің неше проценті тұрғын үймен қамтамасыз етілген? — деп сұрады Үсеновтен.

— 20 проценттейі, — деп қысқаша жауап берді Дүйсекең.

— Қалғандары мынадай жеке үйлерде тұра ма? — деп жан-жағындағы қаптаған жадағай үйлерді көрсетті, Оруджев.

— Иә, әрине мұндай үйлерді салып алуға біз де жәрдем береміз. Бәрі де уақытша ғой. Жігіттер түсінеді. Істі бірыңғай үй салудан бастайтын болсақ, әлі де 2-3 жыл тек құрылыспен жүруіміз керек,— деп Дүйсекең бір жағынан ақталып жатыр.

Оруджев жолдас үндемей сазарып сәл тұрды да, осы үйлердің біреуінің ішіне кіріп көргісі келетінін айтты. Оқшаулау тұрған бір үйге тобымызбен бет алдық.

Әңгіме үйдің ұстауында ғой. Мен қалалардағы талай-талай үйлерде болып жүрмін. Біз кірген бұл үй солардың бәрінен де өзгеше көрінді. Сыртының сынық тастары сорайып тұрған, төбесі темір тұрба, ағаштармен жабылып, топырақпен бастырылған, жұпыны үйдің іші кірсе шыққысыз. Рет-ретімен орналасып, шоқтай жинаған дүниелері, жер еден де таза, тегіс жатыр. Бір жақ жарындағы қатар үш терезе үйді жап-жарық етіп, көңілділік әкеп тұр. Қабырғалар қызылды-жасылды кілемнен көрінбейді. Үй ішінің мәдениеті де ересен. Радиоқабылдағыш, тоңазытқыш, кір жуатын машина сияқты жаңаша тұрмыс белгілері де өз орынында.

Үй иесі орта жастағы әйел жұмыстан келген беті екен. Әдеппен амандасып, жұмыс киімдерімен көрінгеніне кешірім сұрады да барлығымыздың қонақ болуымызды өтініп, өзі төргі бөлмеге бастап барып көрпе жайды.

— Үйлерің қалай, өздеріңе ұнай ма? — деп сұрайды Сәбит Атайұлы.

— Үлгергеніміз осы болды енді, кешіріңіз! — дейді жеңгей. Осыны отағасымыз екеуміз жұмыстан кейін салып үлгердік. Буровойдағы жігіттер келіп қол үшін береді. Алдағы жаз қалғанын қаластырып, түгелдеп алармыз деп отырмыз. Мұстафа қайным (экспедиция бастығының шаруашылық жағын басқаратын орынбасары) еденді жабатын ағаш берем деген еді. Сөзінен шыға алмай жүр. Ағаш өздеріне де қажет қой, қайтсін. Көңіліне алда риза болсын!

— Не жағасыздар?

— Жазда тезек, буровойдан қалған ағаштар жетіп тұрады. Қыста мынау шығып жатқан парафинді майлары қатып жатады екен, соны қиша ойып әкеліп жағамыз.

— Тамақ жағдайы қалай?

— Наубайхана салынып біткен жоқ. Нанды әзірге 300 шақырым жердегі Форт-Шевченкодан машинамен тасып тұрады, оны алдымен жатақтағы салт басты жігіттерге береді. Біздер үн алып, өзіміз қолдан нан пісіреміз. Шай жеткілікті. Ет дегенді мынау көрші колхоздан қой алып, сойып беріп тұрады. Жеткілікті. Сүт өзіміздің бірер түйемізден. Жатақтағыларға порошок сүт бар дүкенде. Әйтеуір ет пен шайға молмыз. Содан артық енді не керек? — деп жеңгей күледі.

Жеңгей мүлде қарапайым. Талаптары да жұпыны. Бірақ, не біліп, нені аңғарады. Әйтеуір болашақтан күтер үміті жоғары. Сәбит ағай бұған таң қалғандай.

— Қандай ер ... халық! — деді бізге қарап. — Қандай саналы, төзімді, патриот халық бұлар! Мемлекеттік жұмыс жөнінде кеңірдегіңнен алуға тайсалмайды, ал өз шаруасына келгенде жағдайға қанық, мүлде сыпайы, тіпті сыр білдірмейді. Әрине, бұларға овощ, алма, сүт тағамдарын, кұс етін, балық сияқтыларды жеткізіп тұрса дұрыс болар еді. Бірақ, қазір ауыз судың өзін алыстан тасып, жеткізіп жатқанда, нанды жазғытұрым трактормен тасып жүргенде, өз жағдайлары үшін қатаң талап қоюды олар да ыңғайсыздау көреді. Саналылық міне, қайда жатыр!..

Тағы да оны-мұны сұрақтар қойып, барлаушылардың өмірі, тіршілік-тынысымен танысқаннан кейін Оруджев жолдас кешірім сұрап, шығуға бет бұрғанда жеңгей жылы жүзін сәл суытып, наразылық білдірді.

— Біздің әдетімізде жігіт үйге кіргесін тізе бүкпей кетпейді. Одан кейін «қуыс үйден құр шықпа» деген, ең болмаса ас ауыз тию керек!

Үй иесінің бұл сөзі қанша асығыс болса да қонақтарды кідіртті. Расында үйге кірген адамның аялдамай кетуі — ежелден қонақ жай халықтық ақ көңіліне кір салғанмен бара-бар. Қонақтар амалсыз тізе бүгіп, бір-бір тостаған шұбат ішті. Төрде малдасын құрып отырып Сәбит нақ осындай азербайжан аулында, кедей шаруаның семьясында тау баурайындағы сакляда өткен өмірін еске алды. Көпті көрген көне екен, Сәбит ағай.- Мен, жаңылмасам осы қазір наурыз айы ғой, сендер оны тойламайсыңдар ма? — деді ол қиялға шомып. Менің бала кезімде біздің ауылда наурыз мейрамы үлкен салтанатпен өтетін. Өйткені ол ел егінге кірісетін уақыт қой. Әрине, қазір жаңа дәстүр, жаңа салт-сана.

— Үлкен кісілер солай дейді ғой, біз солардың қай уақытта келетінін де білмейміз. Біздің жақсы білетін, күтіп отыратын екі мейрамымыз бар, олар 1 май мен 7 ноябрь!.. — деді жастау бір жігіт.

— Ия, алдымызда 1 май мерекесі...

Күн түстікке таман көтеріліп бара жатты. Аспанда аядай бұлт жоқ. Жел аз-кем саябырлаған. Жолдың екі жағынан автобус дөңгелегімен атқылаған шаң аспанға шапшып, машинаның терезелеріне соғады. Жол дегенде белгілі бір жолы да жоқ. Айнала, бәрі теп-тегіс жазық дала. Сол кең жазықтан барар бағытына қарай, жүріске жайлы, соқпайтын жер іздеп, әрбір шофер өзінше жүреді. Сондықтан да болар, бүкіл далада ешбір сау жер жоқ. Бәрі машина дөңгелегімен айқыш-ұйқыш тілініп тасталған.

Осы жолдың көптігі бір кинофильмге жарасымды ат болған. «Маңқыстаудың мың жолы» деп аталады, ол фильм. Жан-жаққа тартқан шым-шытырық жолдардан талай машина Ералиевтен Өзенге шығып, Фетисоваға, не Жетібайға барып жүрді. Тіпті кейбіреулері айналып-айналып алғашқы шыққан жеріне қайта келетін де кезі болған. Мұндайда тәжірибелі, әрі жершіл, зейінді шоферлер керек. Біз мінген автобус шофері де сондайлардың бірі көрінеді. Салған жерден тыңнан тартып, шаңы аздау жазықпен жүріп келеді.

Автобус қазып жатқан бұрғылау мұнарасының жанына таяу келіп тоқтады. Мәдени үйшік (культбудке, мұнайшылар, бұрғышылар жұмыс басындағы кішкене кеңсе сымақтарын осылай атайды) ретінде қойылған вагонның алдынан таза киімді, көпшілігі бейтаныс кісілер түсіп жатты. Бірақ мұндағы жұмыс киімділерден оларды қарсы алып жатқан әзір ешкім жоқ. Тіпті вагон маңында олардан өзге жан көрінбейді. Осындағы машинист бір көрінді де жүгіріп барып жанар-жағар май тұрған ыдыстардың қасынан бір задвижкаларды бұрап ізінше тез кейін қайтты. Біреу қол бұлғап еді, қайырылмады.

Қонақтар жан-жағын бағдарлаған соң өзді-өзі сөйлесе бастады.

— Бұл мастер Қадыров Төреғалидың бұрғылау мұнарасы, — деп таныстырды Үсенов,— бұрғышы жетпеген соң жұмыс біраз кідірген еді, кеше мамандар жіберілген. Қазір айдың аяғы жақындап қалды, жоспарды орындауға жанталасып жатқаны, оның үстіне бір бұрғышысы ауырып қалып, тежегіште де өзі істейді.

Келгендер мұнараны көргелі ішке кірді. Есік алдында скважинаға қазу трубасын дайындап жатқан бұрғышының көмекшісі бейтаныс адамдарға таңырқай қарап, салқын сәлемдесті де, өз жұмысын жалғастыра берді.

Мұнара іші ың-жың. Екі бірдей қуатты насостардың күшінен діріл қаққан шлангі мен вертлюг дыбыстары, көз ілеспей дамылсыз айналып жатқан ротордың ырылы, тежегіш тетіктерінің ащы дауысы, бәрі қосылып құлақ тұндырады. Ұзын астауда қазылған топырақтың сазды ерітіндісі ғана ақырын ағып жатыр. Бұл ерітінді осындағы жұмыстың ең негізгі қорытындысы секілді. Жер астындағы бұрғының сыртқа шығарылып жатқан қазындысы осы. Бұған қарап жұмыстың қай көлемде жүргізіліп жатқанын толық аңғаруға болады. Тежегішті босатып, салмақ бұрғыға түскенде жаңқаланған тау жыныстары жаншылып үлгірмей түйдек-түйдек сыртқа шығады. Егер бұрғы ұшы мұқалып, шыңылтыр тасқа тірелсе, ол әрі қарай айналмай, әлгі ерітінді сұйылып, суға айналады. Мұндайда жоғарыдан саз қосып ерітіндіні қойылтады. Ал егер жері жұмсақ кездесіп бұрғы тереңдей берсе, бұрғылау трубаларын тежеп, ерітіндіні тағы да сұйылта түседі. Өйткені қазу шапшаңдаған сайын ерітінді қоюлана береді.

Қыскасы, бұрғылау технологиясының тағдыры осы саз ерітіндісіне байланысты. Сондықтан да оны бұрғышылар бұрғылау жұмыстарының айнасы деп әділ атаған. Бұрғылау мұнарасының оң жақ қабырғасында екінші бір «айна» тұр. Ол — дриллометр деп аталады. Тереңдіктегі бұрғыға қанша салмақ салынып, оны қандай күшпен тереңге айдау жөнінде бұрғышыға нұсқау беріп тұрған да осы. Дриллометр алдында тежегішті мығым ұстап, еңгезердей қара жігіт бақпай тұр. Бұрғылау мұнарасына кіргендермен иек ұшымен амандасты да алдындағы приборлардан көз алмастан тұра берді. Жігіт қабағы қатыңқы. Көптен ұстара тимеген жағы мен иек асты кәдімгі қаба сақалға айналуға шақ қалыпты. Сырт пішінінен қалжырағандық байқалады. Бірақ, жарқ етіп тесіле қараған өткір қара көздері жастық жігер мен қайрат иесі екенін танытқандай. Бұл — мастер Төреғали Қадыровтың өзі болатын.

Экспедиция бастығы жанына барып, аз-кем тіл қатқан соң Төреғали жәрдемшісін шақырып алып, қазу жұмысын кідіртті де, өзі бізге қарай беттеді. Енді жүзін еріксіз жылытып, әдеппен көпке сәлем беріп, әрқайсысымызбен қол алысып амандасты. Сонан соң бізді сыртқа, I тыныштау жерге алып шықты. Манадан бері қонақтарға бұрғылау жұмыстары жөнінде Есенов жолдас өзі — әңгімелеп тұрған. Енді ол Төреғалиды нұсқап бұрғылаудың егжей-тегжейін осы жігіттің өзі айтсын дегендей көпшілік назарын соған аударды.

— Қандай шапшаңдықпен қазып жатырсың? — деді Оруджев Қадыровқа.

— Бір станокке шаққанда айына 500 метр қазамыз.

— Техникалық суды қайдан аласыңдар?

— Бұл жерде су жоқ екені белгілі. Біз әдейі техникалық су үшін скважина қаздық. Қазір №9 скважинаны бор дәуірінің альб-сеноман су қабатын аттырып, ол фонтан бермеген соң №10 крелиус скважинасының газ горизонтын ашып, труба арқылы газды су скважинасының забойына беріп, компрессорсыз газлифт әдісімен су өндірдік. Оны осы қазып жатқан бұрғылау мұнарасына машинамен тасып пайдаланамыз. Әрине, бұл су бәрімізге жетіп жатқан жоқ. Судың жоқтығынан еріксіз кідіріс те болады. Мұны көз айырмай қарап отырмасаң, аварияға әкеліп соқтыратыны да бар.

— Іздеген табады деген осы. Іргеден су тауып алғандарың абырой болған, — деді Есенов жолдас.

— Ал сазды қайдан алып тұрсыңдар?

— О да осы жерден табылды. Анау Қызыл сайдан жарамды саз табылды.

— Бұрғылау технологиясында қандай кемістіктер бар?

— Біздің жағдайымызда ерітіндіні химиялық реагенттермен өңдеу керек-ақ. Су скважинаның жарына тез сіңіп, ерітінді қоюланып, жүре береді. Бұндайда уақытында ерітіндіге көмір щелочты ерітінді, сульфат-спирт бардасы, карбоксил-метил-целлюлоза сияқты химиялық реагенттерді қосып отырмасаң инструменттің забойда ұсталып қалып аварияға ұшырауы оп-оңай. Бірақ бізге сол реагенттер жетіспейді. Әркім өз білген әрекеттерін жасап, әбігерге түсеміз де жатамыз. Әйтеуір әзірге мен басқаратын мұнарада авария болған жоқ.

— Асан-Нури! — деді зілді дауыспен Оруджев, Бүкіл одақтық мұнай скважинасының бұрғылау техникалық ғылыми-зерттеу институтының директорына қарап. — Маңқыстауда барлау-бұрғылау жұмыстарының рационалды технологиясын ғылыми негізде жасап шығарып, 3 ай мерзім ішінде мына жігіттердің қолына беріңдер! - Жол-жөнекей әңгімеден қолма-қол қорытынды шыға қояр деп ойламаған Төреғали мына кісінің іске батыл араласып кеткеніне аң-таң қалды. Бұлардың көпшілігін танымайды, қайдан келгендерін, кім екендерін де білмейді. Бұрын-соңды келіп-кетіп жататындардың көбі бұған керісінше еді. Бірқатары жұмыс барысындағы кемшіліктерді сұрап біліп, кейбір белгілі нәрселерді қайталап ақыл айтып, кейбіреулері сынап-мінеп блокноттарына түртіп алып тайып отыратын. Бұл келгендердің сөзі де, ойы да өзгеше. Төреғали қазу жұмысының, кідіргеніне іштей наразы еді. Енді сөз төркіні істен туып жатқан соң ол ойлардан ажырай берді. Тіпті мына кісілермен әңгімелесудің өзі қызықты. Бұлар жұмыс жайын өзіңнен бұрын біліп отыр.

Төреғали оң жағында отырған Үсеновке сыбырлап мына үлкен бастықтың кім екенін сұрап алды. Оның техника ғылымдарының докторы, белгілі мұнайшы Оруджев екенін естігенде өз көзіне сенбегендей қайта қарады. Ертеректе кәсіптік-техникалық училищеде, техникумда оқып жүріп, бұл кісінің кітаптарын пайдаланғанын есіне алды. Асқар тау секілді өресі биік ғалым енді, міне қарапайым мастермен шүйіркелесе әңгімелеседі. Ескі таныстар секілді, жүзі жылы. Мұның бәрі де халық қамынан, ортақ мақсаттан туған жолдастық іспетті. Төреғали да мұны аңғарып отыр. Өзін ғалым алдында еркін ұстап, енді ол жұмыс жайына тереңдей түсті. Сөз арасында Оруджевке бұл да сұрақтар бере бастады.

— Сәбит Атайұлы, бізде, қазір скважиналарды бекіту жұмысында көптеген қиындықтар бар. Әдеттегі Қарадагтағы тампонаж цементтің сыбағалы салмағы біздің жағдайымызда ауыр сияқты. Скважинаға құйып тастаған цемент қатып үлгермей ерітінді шұғыл азайып, осыдан келіп колоннаның көп жері жалаңаш қалады. Бұның өзі газ қабаттарының жабылмай қалу қаупін туғызады. Ғалымдар тарапынан осы секілді істерге қандай жәрдем бар?

Оруджев жолдас мастердің сұрағына риза болып, оның орынды ұсыныстарын қасындағы мамандарға түсіндіріп, тиісті институт басшыларына бұйрық бере бастады. Бұл сапарда ере келген оннан астам институт басшылары бар. Сонымен қатар жабдықтау, жоспарлау мекемелерінің уәкілдеріне де алюминий қоспасынан істелген бұрғылау трубаларын, өте терең барлау скважиналарын қазу үшін алмазбен шайдырған берік бұрғылар сияқты бұрғылау техникасының жаңалықтарын осы Маңқыстау бұрғышыларына бөлу туралы ұсыныс жасады. Бұл мәселелерді облыс, республика басшыларымен бірлесе отырып, жасайтын үкіметтік документ жобасына кірістіретіндігін айтты.

Осы сапарда Есенов жолдастың ұсынысымен Ералиевтен теңіз портын салу мәселесі түбегейлі шешілді. Порттың орны белгіленді. Бұл — Маңқыстау түбегіндегі геологиялық барлау жұмыстарының өріс алуын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық база құруға жол ашатын болды. Сонымен қатар, республика геология министрлігі Жетібай, Өзенде тұрғын үй құрылысын күшейту, оларды мамандармен толықтыру, бұған қосымша өндіріс, транспорт құралдарын бөлу сияқты аса маңызды күрделі мәселелерді қолма-қол шешіп, барлау жұмыстарын бір белеске көтеріп тастады. Облыстық партия комитеті де мәдени тұрмыс қажеттерін өтейтін мекемелердің жұмыстарын кеңейту жөнінде тиісті шаралар қабылдады. Сөйтіп, партия мен үкімет бұл шалғай жатқан өңірде үлкен өндіріс орнын құруға, оның дұрыс өркендеуіне, ондағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға жаңа бет-бұрыс жасады. Сөйтіп, екі жыл ішінде Өзен сияқты аса көлемді кен орнының ашылуы, мұнай қорының мемлекеттік кен қорлары комитетінің бекітуінен өтуі, барлау-сынау жұмыстарының негізінен пайдалануға тапсырылуы қамтамасыз етіледі, деген берік сенім орнады. Сөз соңында:

— Жасың нешеде? — деп сұрады Оруджев Кадыровтың бет-жүзіне көз тігіп.

— Отыз бірде Сәбит Атайұлы, — деді Төреғали ыңғайсызданып. — Сіздер кешіріңіздер, қырынуға уақыт болмады, үйге бармағаныма бүгін тура 7 күн. Бұрғы таусылып, қазу жұмысы тоқтап қалып, көршілес Түркменияның осы жерден 300 километр қашықтағы Дөңгелек-Сор барлау участогінен 5 күн жүріп алып келсем, бір бұрғышы ауырып қалыпты. Ауыстыра қоятын кісі жоқ, әрі айдың аяғы болып қалды. Енді кідірсем жоспардың орындалмай қалатын түрі бар. Сонымен жігіттермен ақылдасып, қайтсек те қалған аз уақытта жоспарды орындап шығуға келіскенбіз. Енді күні-түні осындамыз. Тамақты алдырып ішеміз. Өзім қазір әрі бұрғышы, әрі мастердің міндеттерін атқарамын деп сақал қыруға да мұрша жоқ. Алыс жерден қонақ келер деп күткен жоқ едік.

— Жарайды, бір жолға кешірейін, — деді Оруджев күліп. — Бірақ, бұдан былай қарай қара бастарыңды күте алмайтын болсаңдар мынадай жауапты жұмысты тапсыру да қиын болар. Мұнайшылар, бұрғышылар жинақты, сергек адамдар болуы керек. Нағыз коммунистік еңбектің адамдары екендерің сырт пішіндеріңнен де көрініп тұрсын!..

Төреғали астана қонақтарының бәріне де биязы сөзі, ұқыпты ісімен ұнап қалды. Ғылым адамдары білікті мастердің қадір-қасиетін де таныды. Анығында, Төреғали өз жұмысын сауатты жүргізетін, жұмыс десе жанын салатын әрі тынымсыз жігіт екен.

Маңқыстаудың ол кездегі жағдайында техниканың бірде-бір тетігін табу қиын. Бұл жағдайда мастер ұқыпты болмайынша оған күн жоқ. Кейде жұмыс тағдыры бір ғана тетікке тірелетін жағдай болады. Осыған орай Төреғалидың кеңсе - вагонын кұрал-жабдықтар мен запас бөлшектер қоймасы деуге тұрады. Жұмыс арасында, тіпті кезекті демалысының өзінде де Ембі, Түркмения бұрғышыларын аралап, қажет заттарын сұрастырып, жинай жүреді екен. Бұрғышылар мұның пайдасын да көріп отыр. Қазу жұмысы кідіріп жатқан қазіргі жағдайдың өзінде Қадыровтар жоспарын орындап шықпақшы. Бұрғышылар арасында өз ара жарыстың ықпалы үстем болып тұрған кез. Доссордың қол өнершілер училищесін бірге бітіріп, Ембі барлау алаңдарын бірге бұрғыласқан, осы Маңқыстау сыбысы шыққанда алғашқы болып Қадыров пен қатар келген, бұл күндері Жетібай алаңын қазып жатқан алдыңғы қатарлы мастер — Рысқалиев Салық пен Төреғалидың нақ осындай сайысы бар. Екеуі де жарыста алда жүрмеуді намыс көреді.

Мұнайлы түбекке шабуыл басталған күннен бері бұл екі мастер қарауындағы бұрғышылар жұмысы көңілден шығады. Сондықтан басшылар да бұларды бетке ұстап, өзгелерге үлгі тұтады. Айтса айтқандай екі мастердің қиын-қыстау уақыттардағы еңбегін сөзбен айтып жеткізу де қиын. Осылардың батыл бастамалары арқылы қу медиен далада бірнеше скважиналар жердің қазыналы қойнауына дейін жеткізіліп барлаушылар үмітін ақтап шықты.

Маңқыстау жерінде мұнай жатуға қолайлы жағдай бар екенін оқымыстылар өткен ғасырдың ішінде болжап әр түрлі пікірлер айтылған. Төбежік, Қызан сияқты болашағы Өзен өңірінен де бағалы деген жерлерде геологиялық-техникалық жобалардың ойдағыдай іске аспауынан оларды қайта жауып кетуге тура келді. «Мұнай шығады» деген талай жерлер бұрғышылардың қолы жетпегендіктен «жабулы қазан жабуымен» қала берген. Сондықтан мұнай алаңдарының, тіпті Маңқыстау сияқты болашақ мұнай провинцияларының ашылуы «осы жерде мұнай болуы ықтимал» деген оқымысты геологтардың болжамынан гөрі сол «жеті қабат жер астының» астаң-кестеңін шығарып, мұнай қабаттарын тауып, мол қазынаны жер бетіне алып шыққан осы бұрғышыларға байланысты еді. Жұмыстың осынау өрінде жүрген бұрғышылар кейде бүкіл коллектив жоспарын атқарып шығатын. Сондықтан да Жетібайдағы Салық пен Өзеннің Төреғалиі Маңқыстауда аты әйгілі мастерлер болатын-ды.

Олардың және олар басқарған коллективтің осынау ерен еңбегі табиғаты қатал түбектің дабысын алысқа таратты. Иә, көңіл сезгенмен көз кермейтін жер қойнауына қайсар ерлікпен тәуекел еткен ерлер болмаса бұл Өзен де, Жетібай да бір кездегі Қызан, Төбежік, сияқты із-күйсіз жұмбақ күйде жата берер ме еді. Өйткені 1969 жылы Гурьевте Қазақстанның мұнай іздестіру ісінің перспективаларына арналған Бүкіл одақтық ғылыми-техникалық геологиялық конференцияда Маңқыстауды барлау жөнінде Дьяков, Черепанов, Калинин сияқты ғалымдар табанды ұсыныс айтуға жүрексінген еді. Тіпті олардың өздеріне қарсы дау айтқандары да табылды. «Сендердің ұсыныстарыңмен қыруар шығынға ұшырап, қиындықпен Маңқыстауды араладық. Қаз деген жерлерді қаздық. Еш нәтиже шықпады. Енді қайда сүйрейсіңдер, бізді?» деп барлау басшылары бет қаратпады. Ақырында, көп айтыс-сөздерден соң ғалым геологтар бұрынғыдай кесіп айта алмай, «Бәрібір шығар шығын шықты, Маңқыстауда барлау тресі құрылып қалды. «Шешінген судан тайынбас» деген. Енді сол түбектің оңтүстік жағын бір қазып көріңдер. Өзен, Жетібай структураларынан ештеме шықпаса, сендерді әрі қарай әурелемеспіз» деген қорытындыға келді.

Бұл пікірді облыстық партия комитеті де қолдап, ғылыми конференция Маңқыстауда мұнай барлау жұмысын әрі қарай жалғастыра беру жөнінде қаулы қабылдаған. Бірақ, трестің барлау жұмыстары бұрынғыдан екі есе кемітілді. Сөйтіп, бұрғылау жұмыстары жинақтала келіп, Төреғали Салықтардың бұрғышыларына ғана сенім жүктелді. Бұл тұстағы жұмыстар сәтсіздікке ұшыраса, бұдан әрі барлау ісі тоқтатылатын болған. Міне, сондықтан да бұлардың еңбектері осы тұрғыдан қарағанда жоғары бағаға ие болды...

Өзеннің бұрғылау мастері Қадыров Төреғали

Төреғалимен қоштасқан соң қонақтар тағы да бір-екі бұрғыларды аралап, кейін қайтты. Уақыт түске таяғанда экспедицияға оралдық. Мұндағы көзге түсерлік үйлердің бірі асхана екен. Кең де еңсесі көтеріңкі салынған жарық үйдің іші тап-таза, жинақты. Қаладағыша ақ телпек киген даяшы қыздар іске ықшам, жүгіріп жүр. Қабырғаларда кесілген қарбыз, жеміс суреттері салынған әсем картиналар. Есік жақта қол жуатын, шешінетін орын, буфет, касса - бәрі де әз орындарында. Ac түрлерінен барды үлгерте білгендері де айқын аңғарылып түр.

Өзеннің бұрғылау мастері Қадыров Төреғали.

— Тамақ дайындауларыңыз ерекше. Мұндай шеберлікті қайдан үйренесіңдер? — дегенге асхана меңгерушісі сәл қымсына әдеппен жауап берді.

— Біздер Алматының тамақ өнеркәсібі училищесін бітіргесін, 12 қыз жұбымызды жазбастан осы Маңқыстауға сұранып келгенбіз.

— Үйлерің қайда?

— Бәріміздің де үйіміз Алматыда. Оқу бітірер қарсаңда осы Маңқыстау жайында «Ленинская смена» газетінен оқып білдік. Сонан соң Орталық Комсомол Комитетіне хат жазып сұранып, осы жерге жолдама алдық.

— Осындай алыста, қиын жерлерде еңбек етіп, өзімізді сынағымыз келеді, әрі үлкен іске біз де өз үлесімізді қоссақ дедік, — деп екінші біреуі сөзге араласты.

— Расында да, бұлардың үлесі ешкімнен де кем емес,- деп экспедиция бастығы Үсенов жастарға риза. — Бұлардың алдында асхана жайы көп қиындықтар келтіріп жүр еді. Балалар бәрін де дереу меңгеріп, бұл жағы ретке келді. Бұрын асхана жұмысына шағым көп болатын. Кейде арты жанжалға айналатын. Тәртіп те біраз жөнделіп қалды. Кешке клубта, би алаңында да бірде-бір қолайсыздықты көрмейсіз. Бірлі-жарымды ішкілік ішкендер болса, оларды өздері-ақ қуып шығады. Қыздарымыз мәдениет жұмыстарын өз қолдарына алған. Бәрі де комсомол жұмысына белсене катысады.

— Бұлар келгелі тамақтардың сапасы қандай өзгерді десеңізші? — деп Дүйсен даяшы қызға қарап еді.

— Қойыңызшы, Дүйсен аға! — дейді, меңгеруші қыз ұялып.

— Мынау тағамдардың көбін қалай дайындауды бізге Әлжанов ағай үйретіп кетті.

— Иә, жақында, — деді Дүйсекең осында, бір айға командировка алып Гурьевтегі орталық ресторанның бас аспазы, Қазақстанның қоғамдық тамақтандыру жұмыстарына еңбегі сіңген қызметкер Әлжанов Өтепқали келіп кетті. Асхана жұмысын жақсартуға сол кісінің көп еңбегі сіңді... Бір айыбымыз бар, — деп Дүйсекең күмілжіді. — Бізде ішімдік жағы жоқ. Бұған өзіміз қарсы болдық. Бірен-саран тентектен де құр емеспіз. Солар ішіп алып жұмысқа шықпай, басқаларға да ықпалын тигізе бастады. Біздің жағдайымызда тәртіп орнату оңайға соқпайды. Өзімізден басқа әкімшілік орындары жоқ. Сондықтан, осындай асыра сілтеп жіберетініміз де бар.

Жетібай бұрғылау мастері Социалистік Еңбек Ері Рысқалиев Салық.

— Тәртіп орнату үшін дүкенде арақ саттырмау тапқырлық емес, керісінше, әлсіздікті көрсетеді. Нағыз ішетін кісі тауып ішеді.

— Оның рас, — деді бас геолог Халила әңгімеге араласып,- біз саттырмағалы саудагерлер пайда бола бастады. Осында бір «белгілі медбике» бар. Ішпей жүрмейді. Қайдан болса да табады. «Бір карын майды бір құмалақ шірітеді» деген. Әлгі жастарды да ауыздандырып, жатақхананың шырқын бұза бастады. Жақын арада сол «қарағым» вахтаға кісі таситын автобусқа отырғалы жатыр екен, ұстай алдым:

— Қайда барасың?

— Вахтаға.

— Осы күйіңде ме?

— Жоқ, мен ішкен жоқпын.

Түс машинадан! Бұрғылау тоқтап қалса да жұмысқа арақ ішкен кісіні жібере алмаймын.

Жетібай бұрғылау мастері Социалистік Еңбек Ері Рысқалиев Салық.

— Жоқ, түспеймін!

Mac кісіні сөзбен түсіндіру қиын екен. Ақыры барлық әкімшілік правом таусылып, әлгіні сүйреп түсірдім. Қатты ашуланып, көзінің аласымен қарап, «қап бәлем, сен геологпен болсын ісім!» деп кете барды.

Мен орнына кісі жіберу жөнінде участок бастығына тапсырма беріп кеңсеге кеттім. Кешкілік үйге келіп күндізгі болған оқиғаны еске түсірдім. Ниеті қара, бұзық адам, мана өшігіп қалған. «Атының сыры иесіне мәлім», өз тентегіміздің сыры өзімізге белгілі ғой. Бізде істегеніне 6 ай болса да аты шығып болған. Өзі де еңбек түзеу лагерінен шыққалы біраз жерге сырғанап, осы бізге келіп тұрақтаған болып жүр еді. Сақтық жасаған да артық болмас деп, есікті ертерек кілттеп, кітаптар аударыстырып отырғанмын. Айтқанымдай жұрт ұйқыға кетті-ау деген шамада есік қағылды. Білдім сол екенін.

— Кімсің?

— Махамбетов, аш есігіңді, мен сені өлтіруге келдім! — дейді тілі бұралып, даусы қарлығып.

— Хабарлай қоятын милиция орны жоқ. Телефон соғып, көршілерге хабарлауға телефон тағы жоқ.

—Үйіңе бар, дем ал, ертең сөйлесеміз! — деп есік тұсынан кете бергенімде, түн қараңғысын қақ жарып мылтық даусы «гүрс» етті.

Жер сілкінгендей кішкене ағаш үйім солқылдап кетті. Қапелімде шошып артыма қарасам, есіктің кеуде тұсын бытыра алақандай етіп ойып кеткен екен. Үйді айналып қашып бара жатқан әлгі бұзықтың дыбысы естіледі. Кісі көзіне түспей қаша жөнелгенін біліп, ізінше сыртқа шықтым. Мылтық дауысы шыққанға айналадағы көршілер де жиналып қалған екен. Болған оқиғаны білген соң қылмыстының ізін суытпай іздеуге кірісті. Жабырлап, болған оқиғаны әңгімелеп алдық та, сонымен тобымызды жазбай әлгінің соңынан жатақханаға қарай беттедік.

— Нұрмұхан қайда, соны шақырыңдар, әлгі итің қарумен отырса басқамызды маңына жуытпайды, — деді біреу сақтандырып.

Айтқандай, жатаққа келісімен мылтығын тастап, қолына қанжар алған. Құтырған төбеттей екі көзі қанталап коридорда жалғыз жүр екен. Жұмысшылар тегіс ұйқыда. Барлық есіктер жабулы. Әбден қаны қызып алған бұзық енді кімге ұрынарын білмей қанжарын жалаңдатып жүргенде сырттан дабырлаған дауыс шығады. Бұлармен айқасқысы келіп тысқа жүгіріп шыққанда жұрт ортасынан біреу ілгері ұмтыла түсіп, өктем дауыспен:

— Таста қанжарыңды! — деп салқ етті.

Мұндай қарсылық күтпеген қаныпезер ызаға булығып әлгі жігітке бассалды, жиналғандар да бір айқастың басталғанын байқап, бұл екеуін қоршай қалды. Біреулер ара түсіп үлгермеді. Көзді ашып жұмғанша әлгі жігіт бір аттап ілгері ұмтыла түсті де қолымен қағып қалғанда «шабуылшы» өзі бір жаққа, қанжары бір жаққа ұшып түсті. Жұрт қалай болғанын көріп үлгермей де қалды. Әйтеуір қанжар қолынан кетісімен бас бұзарды бассалып ұстап «тәртіпке шақырып» жатты.

— Мынауың қызық әңгіме екен. Болған оқиға ма өзі, әлде геологтар романтик болады, жазылғалы жатқан әңгіме үзінділері емес пе?!

— Жоқ қайдағы әңгіме, бұл болған оқиға! — дейді Дүйсекең бас геологтің сөзін құптап.— Әлгі айтқан Нұрмұхан деген жігіт біздің энергетигіміз, өзі комсомол ұйымының секретары, Гурьевтің мұнай техникумында оқып жүргенде спорттың бірнеше түрімен айналысып, күрестерге жаттығып алған екен. Тәртіпсіздік болып жатса сол алдымен қол ұшын береді. Тентектер одан қорқады. Қазір ол келгелі халық жасағының жұмысы жақсарды. Дегенмен, әлгідей шектен шыққан бұзақыларды уақытында арадан аластауға милиция органдары тым қашық. Осы жерге бір милиция бөлімшесін ашпай болмайды-ау...

Экспедиция бастығының бұл сөзін былайғы отырғандар қостады.

— Жарайды. Бұл өтініштеріңізді облыстық партия комитетінің хатшыларына жеткізейін және бұл мәселенің дұрыс шешілуіне жәрдем етейін, — дедім мен.

— Сөйтіңіз, - деп Дүйсен де, басқалар да көп тапсырды. — Әзірге әкімшілік органдарының жұмысын өзіміз атқара тұрармыз.

Жол үстінде экспедиция басшыларының осындай қиын да, жауапты жұмыстары туралы, олардың кем-кетігі, мұң-мұқтажы, бастан кешірген оқиғалары әңгімеленіп отырды да, бір кезек ол өндіріске қайта көшті.

— Бұл жерден табылғалы тұрған мұнайдың қорын игеруге әлденеше жылдар керек, ондаған мың адам қажет болады. Сол болашақ мұнайшылар қаласын қайдан салу керек? — деді Оруджев жолдас ойланып. — Екі түрлі пікір бар. Біріншісі — осы Өзеннің өзінен салу. Сонымен бірге мұнай шыққан жердің әрқайсысынан шағын қалашықтар салудан да ой бар. Мысалы, Жетібайдан, Ақсудан, дегендей.

Маңқыстаудың ұлан-байтақ шөл даласынан әр жерге бір қала сала берудің экономикалық жағынан тиімсіздігін былай қойғанда, халыққа қолайлы емес екенін ескеру тағы керек. Қала болған соң оның мектебі де, мәдени-тұрмыстық және сауда орындары, өзіне лайықты толып жатқан мүмкіндіктері болады. Мұнайшылардың да театр, стадионы бар кең көшелі, бау-бақшалы үлкен қалада тұруға толық праволары бар. Олай болса үлкен қала бір-ақ жерде болу керек. Өзен болсын, Жетібай болсын, мұнай қай жерден шықса жұмысқа сол орталық қаладан жұмысшылар қолайлы транспортпен келуі керек те мерзімді уақыты біткен соң қаладағы үйлеріне қайтуы керек. Бұл жөнінен Азербайжан теңіз мұнайшыларының, «Нефтяные камни» сияқты теңіз ортасына орнатылған мұнайшылар қаласының тәжірибесі үлгі бола алады, деп Сәбит Атайұлы бір қызықты мысалды айтты. — Онда салт бастылар үшін қонақ үйлер, асхана, клуб сияқты күнделікті өмір қажеттері бар. Бір жеті тұрып, жұмыс жасаған соң жұмысшылар Баку қаласындағы сәулетті үйлеріне қайтады. Онда бір жұма семьясымен бірге дем алады. Бұл әрине, өздеріне аздаған қиыншылық келтіреді. Бірақ сол қиындықты, ең болмаса семья мүшелері көрмеуі керек қой. Олар толық қала тұрғындарынша қолайлы үйлерде тұруы керек. Жұмысшының өзі де үйге оралған уақыттарында бұрынғыдай теңіз үстіндегі шулаған толқынды, қауіп, қатерге толы күндерін ұмытып, тыныш дем алады.

Сәбит Атайұлының сөз төркіні Маңғыстау болашағына күмән келтірмейді. Түбінде мұнда да іргелі ел орнайтынына нық сенімде. Тіпті жақын-жуықта үлкен қала салынатыны жайында да хабар тастап отыр. Сонда оның ойынша бұл жерде қала салуға ең қолайлы орын теңіз - жағасы. Теңіз ауа райының қаталдығына едәуір әсер етіп, оны жеңілдетеді. Қазіргі салына бастаған қаланы үлкейте отырып, оны мұнайшылар қаласына айналдыру, мұнай алаңдарына тас жолдар салып, транспорт қызметін жақсарту керек. Куйбышевтың «Гидровостокнефть» институты мұнайшылар қаласы жөнінде ғылыми-техникалық жобалар жасап жатқан көрінеді.

— Жергілікті халық өкілдері, осы мұнайдың болашақ қожалары сіздер, бұған не айтасыздар? — деп Сәбит Атайұлы бізге қарады.

— Біздер, партияның солдаттарымыз ғой Сәбит Атайұлы!

— Партия деген мына сендер. Ортақ ұлы мақсаттың жолында біздің жеке басымыздың қамы пида болуы керек. Қазіргі орындарың қолайлы, лауазымы жоғары, құрметті, үлкен жұмыс. Бұл орындарыңнан сендерді жоғарылатпаса, көтермесе, төмендетуге обком секретарының негізі жоқ. Сендер мұнайшы мамандар, Қазақстан мұнай өндірісін қайта құруға тікелей араласып, КПСС XXI съезінің Маңқыстау мұнайын тез игеру жөніндегі қарарларын іске асыруға өздерің тікелей қатысуларың керек. Бұл жұмыстың лауазымы төмен болғанымен маңызы жоғары...

Оруджев қызына сөйлеп көп шындықтың бетін ашып тастады. Батыл айтты, батыра айтты. Бірақ, ол осынау үлкен істердің отында қайнаған адам ғой. Меңзеп отырғаны орынды. Оған біз еш күмән келтіргеніміз жоқ. Өйткені Оруджев еліміздегі ірі мұнай өндірісінің игерілуіне тікелей қатысқан адам. Түркмения үлкен мұнайы ашылғанда оны игеруге Москвадан Ашхабадқа, Небит-Дагқа ойланбастан тұрақты жұмысқа ауысқан. Сәбит Атайұлына мұнай алаңдарын игеруден артық бақыт жоқ. Біздерге де сол рухты сіңіріп келеді. Бұл ұсыныс бізге үлкен ой салды. Алғашқы әсердің өзі-ақ толқу туғызды. Үлкен істің, басы-қасында болғаным жөн-ау деген ой мені мазалай бастады. Енді тезірек Гурьевке жетіп, облыстық партия комитетінің секретарынан осында сұранбаққа бел байладым.

— Сонымен сендер, — Маңқыстаудың үлкен мұнайының болашақ қожалары, мұнайшылар қаласын қай жерден салғанымыз қолайлы дейсіңдер? — деп Оруджев әлгі бір сұрағына қайта оралды.

Бұл шынында да ойланып айтар түйінді мәселе. Бакудің теңіз үстіндегі мұнай кәсіпшілігі үшін салынған қала жөн делік. Ал бізде жағдай басқаша ғой. Мен бұл жөнінде өз пікірімді екі ұштылау байқатып көрдім де ертеректе өзім араласқан — Ембіде болған бір фактіні айттым.

1950-57 жылдары Қарсақ мұнай алаңы ашылғанда жер жағдайы өте қолайсыз болғандықтан, мұнайшыларға тұрғын үйді 35 километр жердегі Байшонас поселкесінен салып, жұмысшыларды сонан тасып тұруды ұйғарғанбыз. Бастапқы уақытта солай болды да. Қарсаққа арналған барлық тұрғын үй Байшонастан салынды. Екі араға асфальт жол салынып, вахта тасымалдана бастады. Кейін бұл әрлі-берлі жүрістен жұмысшылар әбден мезі болды. Қарсақта істейтіндер бұрынғы барлаушылар тұрған уақытша қамыс үйлерге көшіп келе бастады. Ақырында, Байшонастағы жақсы үйлер босқа қалған. Қала салғанда сол өлеңді қайта жырлап жүрмейік деп сақтандырған болдым.

— Біз еліміздегі Маңқыстау, Батыс Сібір сияқты жаңа мұнай алаңдарым Ембі кәсіпшіліктерімен салыстыра алмаймыз. Ондағы ескі үлгінің қалдықтарын жоя отырып, оның басқа жерде қайталануына жол бермей, жаңа мұнай алаңдарындағы прогрессивтік жобамен қазіргі заманның өскелең талаптарына сай келетін, әдемі, ыңғайлы социалистік қала салуымыз керек.

Қала мәселесі осындай сан қыры бар күрделі мәселе болғандықтан, бұл жолы белгілі бір келісімге келе алмадық. Қаланың қажеті және оның орны жөнінде ала-құла пікірлер болды. Сонымен көп кешікпей байлаулы аттай «қалтарулы» тұрған АН-2 қос самолетке бөлініп мініп, Жетібай, Ералиев поселкелеріндегі барлаушыларға соқтық. Мұның да жай-күйлерін біліп, жаңа салына бастаған теңіз жағасындағы Ақтау қаласын көрдік. Сонымен көп нәрселерді көңілге түйіп Гурьевке қайттық.

Мұнда Маңқыстау мұнайын игеру жөніндегі ең жоғары дәрежедегі үлкен қаулының жобасы жасалды. Оруджев пен Есенов жолдастар бұл жобаны Алматыға алып ұшып, республика басшыларымен келісуге кетті. Үлкен істің ертең – бір күн өмір көргелі тұрғанына күмән келтірмей біз қалдық, мұнда Оруджев пен Есеновтер кеткелі көп уақыт өткен жоқ. Москвада Маңқыстау мұнайын игеру жөніндегі тарихи қаулы жарық көрді. Ғасырлар бойы сырын ішіне бүккен жұмбақ даланың төсінде осы қаулыдан соң-ақ жаңаша өмір басталды. Мұнайшылар жер астына дендей түсті. Былайғы халық үй жай салып, жаңа сипаттық мекен орнатуға ден қойды. Сөйтіп, Маңқыстау түбегі аз жылдарда түлеп шыға келді.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Рахмет Өтесінов Алыптың арнасы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Рахмет Өтесінов Алыптың арнасы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]