Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Ұйқы келтіретін дәрі

Әңгіме:  Бердібек Соқпақбаев | Ұйқы келтіретін дәрі


Боранбай жатар алдында қалтасынан ішінде тары дәніндей түйір - түйір сарғыш бірдеңелер бар титімдей жұмыр флакон алып қарап отыр еді.

— Жаке, бұл немене? — деп, әуесқой Ержан қасына жетіп барды.

— Ұйқы келтіретін дәрі ғой балам.

— Не? Ұйқы келтіреді?

— Иә, ұйқы келтіретін дәрі.

— Қайтып келтіреді?

— Ұйықтар алдында осынын екі-үш түйірін жұтатын болса, адам қатып ұйықтап қалады.

— Сонан соң оянбай ма?

— Неге оянбасын, таңертең әдеттегідей қалпымен оянады.

Ержан қызығып, осындай да дәрі болады екен-ау деп, қайран қалды.

— Дәрігер берді. Соңғы күндері мазасыз ұйықтайтын болып жүргенім. Енді біраз күн осыны ішіп көрейін деп отырмын.

— Жаке, маған да біреуін берші, — деп өтінді Ержан.

— Оны қайтесің?

— Мен де жұтып көрейін.

— Мұның саған не керегі бар? Онсыз да төсекке басың тиер-тиместен қор ете қаласың.

— Жәкетай, біреуін ғана! — деп, Ержанның ынтызары арта түсті.

Борекең ұлының меселін қайтармайтын көңілшек адам.

— Мә, жұтсаң жұта ғой, — деп Ержанға ол дәрінің бір түйірін берді.

Ержан әкесінен аса бір қымбат зат сыйлыққа алғандай қуанды. Рақмет айтты да, жүгіре шығып, әжесінің бөлмесіне барды. Әжесі екеуі осы бөлмеде ұйықтайды.

— Әжетай, төсек салып бере қойыңызшы, мен кәзір мына дәріні жейін де қатып ұйықтап қалайын.

— О неғылған дәрі?

— Ұйқы келтіретін дәрі. Жәкем берді.

* * *

Дәріні аузына салмақшы болып тұрып Ержанға және бір ой келді. «Осыны мысығыма жегізіп көрсем бе екен? Заматта қылжиып, пырылдап ұйықтап қалатын шығар?»

Әкел, жесем жейін дегендей қара мысық Ержанға көзі шырақтай жылтырап қарайды.

Ержан зәру болып жәкесінен жалынып сұрап алған дәрісін мысыққа қимады. «Өзім жұтайын. Көрейін, ұйқымды қалай келтірер екен», — деп ойлады.

Дәріні ол шалқайып тұрып, көмекейіне тастады, артынан су жұтты.

Бұдан соң будақ - будағымен кәзір қаптап жететін ұйқыны төсекте күтіп алмаққа тез-тез шешіне бастады.

Асылы, Ержанның бұған дейін де ұйқы жөнінде қызық - қызық ойлары болатын. Әсіресе ол өзінің қалай ұйықтап кететінін бір байқап көруге ынтық - ақ еді. Осы қызық құбылысты білмекке құмартып, талай рет ол ұйықтамай аңдып та көрген. Бірақ қашан да ұйқы оны байқаусыз еңсеріп кетіп, қапы қалып келеді.

Сол арманына Ержан енді жетпекші. Оның ойынша, кәзір ұйқы әдеттегі қалпымен білдірместен баяулап, өзі келмейді. Оны бұлттай қаптатып мына дәрі қуып әкеледі. Сол үшін де мұны ұйқы келтіретін дәрі деп атамай ма? Өрбіген қап-қап ұйқы оның басына сықап кіре бастамақ. «Көзімді бақырайтып, ұйықтамай жатып алсам қайтер екен», — деп Ержан қиқарлық та ойлап қояды.

Ержан басын бүркеңкіреп алып, іргеге қарап, тышқан aңдыған мысықтай тынып жатқалы бірқауым уақыт өтті. Бірақ әлі жентектеліп жеткен ұйқы жоқ. Әрі-беріден соң оның жамбасы тала бастады. Бұл кезде ата - анасының бөлмесіндегі аяқ тысыры да басылған еді. Сыртқа шығып келіп, шамды өшіріп, Ержанның жанына әжесі де келіп жатты. Сол кезде Ержан ух деп, күрсіне ыңыранып, екінші жамбасына аунап түсті.

— Сен әлі ұйықтамай жатырмысың? — деп сұрады әжесі.

— Ұйқым келмейді.

— Талай уақыт болды. Дөнбекшімей тыныш жат.

Ержан тынышталмады. Ұйқы келтіретін дәрінің ұйқыны қалай әкелетінін көруге құштар боп, алакөңілденіп жатыр. Бір-екі рет байқаусызда көзі ілініп бара жатыр екен. Әлде неден құр қалғандай селк етіп оянып, көзін ашып алды.

— Өй, саған не болған бүгін? Неге ұйықтамайсың? — деп жазғыра бастады әжесі. Әншейінде басы төсекке тиісімен қор ете қалатын немересінің мына беймаза күйі оған жұмбақ еді.

— Әлгі дәрі ұйқымды келтіре алмай жатыр.

— Ой дәрің түссін... Тарт тізеңді қадамай. Дәрі ұйқыңды келтірмесе, өзің ұйықта.

...Ертесінде таңертең ояна салысымен Ержанның есіне түндегі ұйқы келтіретін дәрі түсті. Қап, қалай ұйықтап кеткенімді тағы байқамай қалғанымды қарашы! — деп өкінді ол.— Бәлем, кешке жәкемнен тағы біреуін сұрап алып, таң атқанша көзімді бақырайтып, аңдып жатпасам ба?


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Бердібек Соқпақбаев Ұйқы келтіретін дәрі туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бердібек Соқпақбаев Ұйқы келтіретін дәрі на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]