Әңгіме: Асқар Алтай | Лайбаран

Әңгіме:  Асқар Алтай | Лайбаран

Иттен туып, іннен шыққан...

Дүрмегі мол дүр дүниеге дауа бар ма?! Ит етін жеген... жо-жоқ, ит етін жегізген итіс-тартыс қоғамда тірлік кешіп келеді. Ит болып, итаяққа тиіп жүргені тағы рас. Ит секілді жуынды-шайынды да емес, күл-қоқыстан қи терген қара қарғадай қалған-құтқан жұлмалап жүргені де шындық. Бірақ иттен туып, іннен шықпағаны хақ! Адамдар алшаңдай басқан қиямпұрыс қоғамда өмір сүріп жатқаны ақиқат.

“Иттен туып, іннен шыққан хайуан!” деді-ау! Өңешіне өт құйып жібергендей болды. Отыздың бел ортасына жеткенше талай тәлкек сөзді естісе де, дәл осындай кере кемсітушілікті құлағы шалмаған. БОМЖ* болғалы былапыт сөз бен былғаныш жер бұған жуық. Бірақ төбесінен балқыған қорғасын тесіп өткендей өзгеше бір сезім тұла бойын тіксінтіп, қара құсынан қара бақайына шейін қақ айырды. Құтты жай оты жарып өткендей болды.

Осы бір отты сезім Әкөннің өліп бара жатқан жан дүниесін астаң-кестең етті...

Мұның ар жағында әлдеқашан сөніп қалған намыс оты үрлеген шаладай шоқтанды. Иван-кочегардың көзі өңменінен өтіп, сөзі шымбайына батып кетіп еді... Қасындағы Болат-бұзау болса жұмған аузын ашпайтын әдетімен есінеп қойған.

— Ей, БОМЖ! — деген Иван-кочегар. — Қазір менімен жүресің. Ит аулауға барамыз.

— Дядя Ваня, мен бара алмаймын. Ит ұрламаймын... — деп, бұл да тарс жарылып, қарсы кеп қалған.

— Е-хе! – Иван таңырқай қарады. — Сен не оттап тұрсың?! Иттен туып, іннен шыққан хайуан! Өлексе... — деп Ваня-кочегарды ыза буды. — Ит ұрламаймын дейді, ей, мына баран. Лайбараннан** садаға кет, сен сорлы! “Ұрламаймын” дейді, ит емес, адам ұрларсың аш жүрсең... Адам болып қапты, мынау? Сені адам қылған кім, а?! Мен. Құдайыңды ұмытайын деген екенсің... Ұмытқанды көрсетермін әлі. Көрермін кө...ді, сілімтік!

— Көрсек-көрерміз, — деп бұл да тістенді.

— Ну, смотри! Жди! — Иван-кочегар тісін қайрады. — Ей, Болат-теленок, кеттік! “Студент” суға қара! — деп Әкөнді тағы кекетіп өтті.

Әкөн болса әрі-сәрі күйде қала берді.

Әрі-бері уақыттан соң санасы сауыққандай болып, Ваня-кочегардың сөзі сүйегінен өтіп, сұмдық бір сұрапыл сезім билеп алған еді. Енді-енді сол сезімнен айығып, ашу-ызасы басылып, тек көкірек көзінде әлдеқандай намыс тұтанып, тірі өлікке айнала бастаған мұны кісілік кепке жетеледі.

Тіленші боп жүрген мұны бір кездегі парталасы Сейсен алыстағы Алматыдан айдаладағы аядай аудан орталығына поезға отырғызып алып келген. Алып келді де бір мектеп пен милиция мекемесін жылытатын қазандықтың от көсеушісі Иван-кочегарға табыстады. Ол Әкөнді иен тегін ыстық суға шомылдыртып, қазандықтың ішіндегі бір бөлмеден орын сайлап, ыстық аспен ауқаттандырып, өздерінің бір мүшесі – от көсеушіге айналдырды.

Ертеңінде мұнтаздай боп қырынған, от көсеушілердің арнаулы киімін мұздай қып киінген Әкөн кластасына Сейсен келіп кетті.

Милиция формалы Сейсенді көргенде Иван-кочегар да құрақ ұшып қалған... Мұның Сейсен кластасы онжылдықты тәмамдасымен Совет армиясы қатарына солдат боп кетті де, бұл Семейдегі медицина институтына түскен еді.

Бәрі де сол студенттік күндерден басталды... Ырың-жырың жүріс, ырду-дырду думан үйіріп, қызды көрсе қызыл көрген бұқадай еліріп, қызыл шарап “Талас” пен мөлдіреген түссіз “Водка” құтыртып, аяғы бір курсты бітірместен әскерге кетіп тынған. Ол бір Совет өкіметінің кең кезі, елді есіркеген тұсы — 80-жылдардың басы... Қазір ғой дүниенің бәрі қуырылған бидайдай бір уыс боп тұрғаны.

Әскерден арам тер боп келсе, Сейсен ауылда милиционер екен.

Сейсен бұған Семейдегі оқуыңды жалғастыр деп кеңес берген.

Қайырымы мол құдіреттің арқасында бұл оқуына орныққан. Бірақ ескі әдетінен арыла алмай, ішімдікке ат басын тағы бұрды.

Ішіп жүріп Нұрайнаны жүкті қылып, онымен отау көтерді. Балалы болды. Бірақ бұлдыраған тірлікте табансыз боп шықты. Заһар суын қоя алмады. Институтты да тастады, Нұрайнадан да айырылды. Ауыл-аймаққа, ел-жұртқа, туған-туысқа барар бет қалмады. Жол кесілді.

Қаңғалақтап жүріп Алматы асты. Сұлуы көп, жылуы жоқ сайқал қалаға тез-ақ сіңіп кетіп еді...

Базар маңын торып, жылы құбыр астын мекендеп жүрген өзі секілділерге мүлдем бауыр басып алған. Қыста шоқпыт шапан жамылып, жазда жалаң жейде киіп күн кешті. Қайыр сұрап, тілеу тілеп, қоқыс ақтарып, шөлмек өткізіп — жылу жинаумен жылдарын өткізді. Мұндай мұңсыз өмірге, алаңсыз тірлікке еті үйреніп кеткені сондай, дүние төңкеріліп түссе де саңылаусыз күйге енген. Есіл-дерті екі стақан арақ-шарап еді... Сол жолда бәрін құрбандыққа шалыпты. Тіпті сақал-мұртына шейін бит балалап, тұла бойын күс басып кетсе де жалқаулықты жар көріпті.

Сол бір сырдаң тіршілігіне Сейсен кластасы кеп тағы араласты.

Ол өзі ойда-жоқта жолықты. Қаланың қақ ортасын кесіп өтетін Гоголь көшесі бойындағы кішкене базарда тіленші боп жүріп жолығысқан. Сейсен Алматыға Заң институтындағы қысқы сессиясын тапсыру үшін келіпті.

Базарда байқамай қалды, болмаса бұрыла қашар еді.

— Әй, Әкөн! — деген дауыс дәл қасынан шыққанда, бұл жайма үстелде арақ-шарап сатқан кексе әйелден “5 теңге” сұрап тұрған.

“Әкөн” деп балалық кезіндегі лақап атын естігенде селк ете түсіп, әлгі әйел қолындағы берген 5 теңгесі ұшып кетті.

— Әкөн деймін, — деп әлдекім қасына жетіп келгенде, қол-аяғы дірілдеп, көзіне жас кеп қалған еді. Бала күніндегі бұл есімді естімегелі қашан? “Әкөн” деп анасы айтушы еді...

— Не боп кеткенсің? Танымай қалдың ба? Сейсенмін ғой...

Әкөн сонда ғана таныды. Сейсен... Баяғы Сейсен. Бұл екі метр биіктіктен қайшылап секіріп кеткенде, сексен сантиметрлік керілген жіптен қарғи алмай, құлап жататын семіз Сейсен. Қазір бірақ сымдай. Баяғы ВДВ-да болып келген кезіндегідей жіптіктей қалпы. Ұзын қара кашимир пальтосы мен қара бұлғын малақайы да жараса кеткен.

Әкөн аңырайған күйі аузына сөз түспеді.

— Үй, енеңнің қара қасқасы... Тілің тандайыңа жабысып қалды ма, жаңа ғана тақылдап, берместің білегіне жармасып, көрместің көзін шұқып ала жаздап тұр едің ғой?

— ...А-а!.. Амансың ба? — деген Әкөн, ұялған тек тұрмастың керімен.

— Е-е, бәсе! Байлана қоймапты. Әй, әй, Әкөн-ай! Адамдық кептен кетіп қалыпсың. Осығұрлы не болды саған?

— Ей, Сейсен! Сен сұрама, мен айтпаймын... Басты қатырып қайтесің? Одан да 5-10 теңге тастап кет. “Кеуіп” тұрмын.

— Жарайды... Былайырақ шығып сөйлеселік.

Екеуі базарды сырт айналған.

Туған жер мен елді еске алысты. Сейсен елге еркіндік келгелі есіл Ертістің арғы бетіндегі, Алтайдың бауырындағы ауылда ешкім қалмағанын, ел-жұрттың жаппай көшіп жатқанын, мұның ауылда қалған аға-бауырларының да облыс орталығына қоныс аударғанын хабардар етті.

Кенет:

— Нұрайнаны көрдім. Қасында ұлың жүр. Дырдай жігіт боп қалыпты. Биыл 11 жылдықты бітіреді дейді. Өзіңнен аумайды, — деді Сейсен.

Бұл бір күтпеген сөз еді.

— Апырай, ә!.. — деп қалды Әкөн де.

— Әкөн, – деді Сейсен салмақпен, — сен азамат емессің бе? Бәрін де қой! Ұлыңды тірі жетім қылма... Нұрайна да күтіп жүрген сыңайлы. “Қайтып келсе, мен қарсы емеспін ғой! Тек жас өмірімді өксіткеніне өкінем... Баламның әкесі ғой, жақсы болсын, жаман болсын!” дейді.

— Менде бет жоқ, Сейсен. Түрім болса — мынау, жеті елдің жесіріндей...

— Түк те етпейді, Әкөн. Басың аман болса, бәрі де орнына келеді. Ар жағын көріп аламыз. Жерден шыққан жік емессің ғой.

— Сейсен-ау, мына күйімде Нұрайна тұрмақ, ел шошып кетеді ғой...

— Бық деме! — деді Сейсен, Әкөннің көңіліне дән түскенінен дәмеленіп. — Мен өткен жылы Аягөзге көшіп келгем. Қазір сол қалада темір жол полициясында істеймін. Нұрайнаның ауданы көрші ғой, сен өз-өзіңе келіп алғанша Аягөзде тұрасың. Көктем шыға Нұрайнаға бірге барамыз... Алла амандығын берсе, әлі-ақ қосылып кетесің! Ал қазір менімен бірге жүресің. Менің жүктерім вокзал басындағы сақтау орнында.

Сейсен алды-артына қаратпай ала жөнелген еді. Сол бойы келіп поезға мінген де, тамбур мен туалет алдында түнеп, Сейсен алып берген сыра шөлмектерін босатып, аяз шымшыған, боран ұлыған, ызғар қарыған қырдағы қалашықтан бір-ақ шықты ғой.

Содан жанын көмірдің қара күйе шаңы ұшқан алып қазандықтағы ыстық суға шомылғанда бір-ақ шақырды... Талай жыл ыстық су көрмеген қайыстай қара тәні балбырап, бусана балқып, үнсіз ұйықтап кеткен.

Ыстық су мен бу бұлауынан кейін Иван-кочегар “ақаңды” жұтқызып жіберіп, майға қуырыла піскен семіз, бірақ тарамыстау етті қарбыта соқтырып: “Ертең-ақ адам болып кетесің. Сендей талай салбөксені кісі етіп жібергем...” деп, Болат-бұзауға жылы оратып, жылы бөлмеге жеке жатқызып тастады... Дядя Ванясы сондай бір қамқорлық көрсетіп еді.

Ертесінде Сейсен келіп кеткен соң, кешке қарай Ваня-кочегар өзімен сыртқа ертіп шыққан. Кешелі бері жылы жерге үйреніп қалған мұның су сорып, піскен алмадай қызара ісініп тұрған тәні тітіреп қоя берді. Арқаның апшыны қуырар ызғырығы терісінен есіп тұр екен. Соңғы жылдары Алматының ауа райына үйреніп қалған басы қалтырап, қарадай тіксінді... Тіпті айлы түннен де қорғалап қалғандай, Алматыда айды да көрмепті ғой бұл.

Құба қырдың төсінде құланның құмалағындай шашыла орналасқан әжептәуір қала іңір қараңғылығында тыныштала қалыпты. Ел аяғы да басылайын депті. Вокзал жақтан қалашық ортасына қарай қатынаған жолаушылар мен күтіп алушы таксилер ғана толастай қоймапты. Олар терісінен қайырған ызғырықты да елемейтін сияқты.

— Жел терісінен шықты, күн айығады екен. Бірақ ай шалқалай туыпты. Осы ай ашық болғанмен, суық болады екен, — деді Иван-кочегар қыр қазақтарымен қан-жыны араласып кеткенін, тіпті қазақтарша күнді болжау жасайтынын білдіргісі келгендей.

Кешеден бері аш құрсағы тойып, бойына қуат бітіп, бір-екі-ақ мәрте шарап көтергеннен санасы сауығып қалған Әкөн Ваня-кочегарға бір жағынан таңырқап, бір жағынан сүйсінді... Киімі жұқа бұл қол-аяғы түйедей сирақты да сіңірлі, таудай зор орыстың соңынан бүрсеңдей басып, бүлкектей ерді. Өзіне өлген әкесінен артық қамқорлық көрсеткен Ваня-кочегар ерте жөнелгенде, Әкөн әлдебір борышты сезім билеп, үн-түнсіз ере берген еді.

Орталықтан тез алыстаған бұлар бәкене үйлер іркес-тіркес аулалы қиқы-жиқы көшелермен ұзақ жүрді. Әлдебір жылтыр шатырлы, еңселі үйдің қақпасына кеп тірелді. Ваня-кочегар қалтасынан құлып ашқыш бір шоқ темірді саудыратып суырып алды. Басы күршек боп иілген әлгі темірлерді дәлдестіріп, қақпаның қайырма құлақты құлыбын ашуға кірісті. Қақпа аузындағы сылдырды естіген әлдеқандай ит арғы жақтан, аула ішінен арсалаңдай жетіп, бөгде адамдар екенін сезісімен арсылдай үрді. Сол екі ортада құлып та сарт етіп, қақпа да сықырлай ашылды.

Иван-кочегар аула ішінде шабалана үріп тұрған тайыншадай итке ашылған қақпа жарығынан қойнынан алып көк ет тастады. Ашқарақ хайуан арс етіп, сиырдың көк етін қауып, қорқаудай қорқ-қорқ асады. Иттің сұрпы етті салп-салп еткізе аузына тістеп, қорқ-қорқ жұтқаны қақпа сыртындағы бұларға анық естіліп тұрды.

Ваня-кочегар онымен де тоқтамады: “Әп, бәлем, солай ма!?” деп әлденені саумалай тартты. Енді ит қыңсылай бастады. Бұған:

— Акон, ұста мынаны! — деп бұйырды.

Бұл:

— Қане? Қайда? — деп оның жалаңаш қолындағы жіптен ұстады.

Ала көлеңкелі ай жарығында ұстағаны жіп емес, қос қабат ширатылған китауыз екенін ұқты. Иван-кочегар болса күпәйкесінің ішінен әлдеқандай тері жыртындысын жұлып алып, қақпаны аша ішке кірді. Оның артынан Әкөн де енді.

Аузын қыңсылай ашқан дәу төбеттің тұмсығына Ваня-кочегар әлгі теріні иіскетіп жатты. Ол да иттің терісі екен. Енді тайдай келген кавказдық иттің үні мүлде өшті... Осы бір қарбаласта сырты ақ кірпішпен қапталған биік, кең аулалы үйден жан баласы шыға қоймады. Қасқырдай қабаған итке сенді білем.

Иван-кочегар:

— Тарт! Тарт! Көзімізді құртайық! — деді асықтыра.

Бұл үш аша қармақ көмейінен қабылған кавказдық овчарканы аузын арандай аштыра жетектеп жөнелді. Жаңа ғана жау алардай жалпылдап, дуал ішінде бос жүрген хайуан құйрығын бұтына қысып, сүлкөктей ерді.

Сол бойы от жағар қазандықтан бір-ақ шыққан.

Қазандыққа кіре сала Болат-бұзау иттің аузына білектей кергі ағаш салып, тұмсық үстін ала қайыс белбеумен тартып, төрт аяғын айқастыра біріктіріп, малша буып тастады. Иван-кочегар бұған сыртқы есікті құлыптатып, көмір кіргізетін ұры есікті де жаптырып, ішінен ілгек салдыртты. Түн ортасы болып қалған мезгіл еді.

— Боти! — Ваня-кочегар Болат-бұзауды еркелете сөйледі. — Мүмкін, мына Акон бауыздар. Бұл да мұсылман ғой...

— Мейлі, — деді Болат-бұзау иығын қиқаң еткізіп. Бұл болса:

— Жоқ! – деді жалма-жан. Дауысы да оқыс, тарғылдана шықты.

— Е, не боп қалды? Сенің үлесің мол. Жолың да жеңіл екен, оп-оңай алып кеттік. Өзі өгіздей семіз, ұртымыз майланып, ішегіміз айланып, нағыз май тышқақ болатын болдық... Қой бауыздап көрмеп пе ең, одан оңай, — деп ділмарсыды Ваня-кочегар.

— Жо-жоқ!.. Мал да бауыздаған емеспін, — деп Әкөн азар да безер болды.

— О-хо-хо! Ха-ха-ха! – Иван-кочегар қарқылдап ала жөнелді. — Ей, Боти, мынауың нағыз Қожанасыр!.. — Кенет тоқтай қалды да: — Лайбаранның еті мен майын кешеден бері соққанда аузың-аузыңа жұқпайды... А-а!.. Ал оны адал сойып алғың келмейді. Смотри, мұсылман!.. Сен кешегі студент кезіңде ит емес, адам сойдың емес пе!.. Қап-қара боп қатып қалған мәйіттің тұла бойын тінткілеген жоқпысың... Бүгін өп-өтірік монтанси қалыпсың, а-а?! Кеше ғана жүз грамнан кейін мақтана көпірмеп пе едің, а-а?! Малғұн!

Бұл не дерін білмей қалды. Адам сойдым деп айтқаны рас, бірақ иттің етін жеп отырмын деп ойлаған емес-ті...

— Ей, БОМЖ! — деген Иван-кочегар. — Біле-білсең, ит жеу — азияттардың ісі. Сен де азият, басурман! Ха-ха-ха!..

Енді Әкөннің зығырданы қайнай бастады.

— Да, я – азият! Азият! Но я мусильманин...

— Қайдағы сен мұсылмансың? Сен нағыз кәпірсің... Мен, мына мен — “мұсылман”... Ха-ха-ха!..

Қаны басына шапшыған:

— Хватить! Хватить! Хватить, дядя Ваня! — деп айғайлады. — Мен иттің етін білмей жедім... Білмедім!

— А-а, солай де... Онда біліп жүр. Иттің етін БОМЖ сен тұрмақ, ана досың Сейсен де, оның бастығы да былшылдатып тұрып жейді... Ащы жуамен, қызыл-қара бұрышпен қосқан соң, тілдері бір жерлерінен бір-ақ шыққанын білмей қалады. Солар айтып жүр ғой, сенің Алматыңда — ресторандарда деликатес ретінде жейді деп... Ал сен болсаң, сайқал сұлудай қылымсисың, — деп Иван-кочегар сөгіп салды.

— Ей, “бұзау”! Сен әлі жайратып салған жоқсың ба? — деп енді Болатқа тарпа бас салды.

— Өзің тоқтатып қойдың ғой, — деп ол да дүңк етті.

— Ой, ынжық! — деп Иван-кочегар өзі ұмтылды. — Әкел бері, шошқаша-ақ жан тапсыртайын мен бұған.

Ол езуінен ақ көбік сілекейі шұбырып, қып-қызыл көзі жәудіреп жатқан итке жетіп барып, араның жүзінен қайралып істелген лоқат пышақпен жұқа қолтықтың астынан бар пәрменімен періп-періп жіберді. Қара пышақ қорс-қорс кірді. Тап жүрек тұстан тиген зілдей соққыдан ит сорлы бір бұлқынып, серейді де қалды.

Болат-бұзау иттің сирағын байлаған жібін шешіп, терісін сыпыруға кіріскен. “Ит сойғыш” атанып, әбден әккіленіп алған Болат әп-сәтте кавказ овчаркасын іреп тастап, екі қол еті мен сан етін, мойын етін ғана алып қалды да, қабырғасы ырсиған қалған тәнін — қан-жын, ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирағымен пештің ішіне тоғыта салды. Қандай семіз деген иттің қабырғасы санап аларлық арық болатынын бұл көзімен көріп, енді ғана білді... Тас еденді еріксіз Әкөн жуды.

Айналасы екі күннің ішінде иттің еті де бітті. Әкөн бірақ аузына да алмаған. Иван мен Болаттың үйінен кезек әкелген шөп-шалам мен нанды, тағы оны-мұныны талғажу етіп, өлшеп бергенді ішіп, отын көсеп жүре берді. Сейсен ауылдасы айтқан “Әкөн-әпенді” атынан шығарып алған Ваня-кочегардың: “Эфенди, мен сені ерте ме, кеш пе өлтіремін! Сен бәрібір адам болмайсың, лайбараннан артық саған қандай мал керек, малғұн!..” деген масаң дауысына да құлағы үйреніп қалған. Осындай қасарысқан күндерде қас қылғандай Сейсен де жуымай қойды.

...Иттен туып, іннен шыққан... деп бүгінгі кеш қанына қарайтып кеткені тағы мынау! Басқасы — басқа, соңғы сөзі батып кетті.

Кенет сықырлап есік ашылды. Цемент еденнің бетін қуалай жүгірген бір құшақ бумен араласа Сібір аюындай болып Иван-кочегар көрінді. Оның соңын ала ит жетектеген Болат-бұзау да кіріп, есіктің құлыбын салды. Салпаң құлақтау көксұр итті шолып өткен Әкөн болса үнсіз бұрылып, көмір кіргізетін ірге жақтағы жатаған есіктің ілгегін барып ілді. Иван-кочегар сырттағы суықтан тоңып келіп, темір сейфке сақтап қоятын “атасуын” ішіп жатқанда Болатқа көксұр иттің сирағын байласты.

Осының бәрін бұл өз еркімен істеді. Белгісіз бір байламға келгендей, бұйрықсыз бір тәуекелге бекігендей құлшына кірісті. Әлдебір сезім әмір бергендей Әкөнді бір күш билеп, булыққан күйге түсті.

Жүз грамм арақты сіміріп жатса да, Әкөнді көз қиығымен баққан Иван-кочегар:

— Э-э, студент-эфенди, қу кеңірдек керек пе?!. — деп қойды. — Қызыл өңеш қызыл ет аңсайды. Әлі-ақ қызыл етті шайнамай жұтатын қарақұстай боласың...

Әкөн буған аузын ашпады. Булыққан күйі бұрылмады да...

— Болат-бұзау! — Ваня-кочегар Болатқа дауыстай сөйледі. — Пышақты эфендиге бер. Ендігісін өзі атқарсын... Бізге жатып ішер масылдың керегі жоқ. Сейсен айтқан: “Сүйегі – менікі, еті – сенікі...” деп.

— Жарайды, дядя Ваня! — деп Болат қара пышақты жерде байлаулы жатқан ит үстіне тастай салды.

Әкөн-әпенді енді қарадай арланбады, қара тырнағына дейін күйіп кетті.

— Мен соймаймын. Пышақты да ұстамаймын. Керек болса, Иван-кочегар, өзің сой, өзің же! — деп ысылдады.

— Ә, иттің баласы! Сен не деп ырылдап тұрсың? — деп есік пен төрдей жерде тұрған Ваня-кочегар Әкөннің қасына жетіп-ақ келді.

Сол екпінімен БОМЖ-ды ауыздан кеп отырғызды. Жүн-жүн келген жойдасыз жұдырық қатты тиді білем, қанша мығым тұрса да Әкөн қалпақтай ұшты.

Үстіңгі қос қасқа тісі сынып, тілінің ұшына іліккен Әкөн тас қабырғаға сүйеніп, қан татыған сілекейін түкіріп, орнынан көтеріле беріп еді, қайта ұмтылып келген Иван-кочегар жағасынан алып, сілкіп-сілкіп жіберді. Әкөн тағы соға ма деп күткен, бірақ ол:

— Өлімтік!.. — деді алқынып. — Қаныңды ішем... Жаның барында “бараныңды” бауызда! Болмаса балтамен басын шап!

Кеудесі есіктей, мойны келідей Иван-кочегар төбесінен төне бүріп, желкесінен ала итке қарай итеріп жіберді. Өзі барып иттің қасындағы тақтай қабырғаға ту сыртын тіреп, ағаш жәшік үстіне сықырлата отырып, алқына дем алды.

Бұлардың бүлігіне Болат-бұзау бірақ араласпады...

Әкөннің санасын тұман тұтып, көзін қан басты. Қан аралас түкірігін тағы да түкіріп, пеш аузына жақын жатқан қайраулы балтаны барып алды. Қайырылып ит қасына келді. Тістенген қалпы аузына толған қасқа тістің қанын енді түкіріп тастамай, жұтып жіберді.

— Эфенди, — деді тұздай көзін қадаған Иван-кочегар, — балта өткір, бір-ақ сілте! Қорықпа!

— Неге қорқам?

— Е-е-е, бәсе! Аюға да жан керек... ха-ха-ха!..

— Қорықсаң сен қорық... — Бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін Әкөн-әпендінің өзі де сезбей қалды.

Қандай түлен түртіп, қайдан қайрат біткенін қайдам, ол қылпылдаған жүзді жалпақ балтаны итке емес, бейғам отырған адамға жұмсады. Бұл бір ешкім күтпеген, әрі шапшаң қимыл болды.

Өткір балта итке жақын отырған Иван-кочегарды қақ маңдайдан қапысыз шапқан. Жалпақ табанды ауыр балта жүзінің бір ұшы маңдай мен кепештік үстін қақ жарып барып, ағаш тақтайлы қабырғаға шаншылды. Қасқа маңдайды қақ айырған балтаның ұзын қайың сабы ғана діріл қақты.

Майлы шүйдесі мен балуан жауырынын тақтай қабырғаға тіреп, миы аузына түсіп, шарасыз шақырайған көзіне маңдайынан жылымшылай қан құйылған Иван-кочегардан Әкөн жанарын аударып әкетті...

Көксұр иттің жарыққа шағылған жалын көзіне жанары түсіп, оқыс еңкейіп, қара пышақпен төрт сирағы күрмелген түйінді арқанды да кесіп, босатып жіберді. Жүгіріп барып есікті ашты.

Көксұр ит көкмұнар бу бұрқырай кірген түзге ата жөнелді.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Асқар Алтай Лайбаран туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Асқар Алтай Лайбаран на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]