Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Ұлтан оқиғасы

Әңгіме:  Бердібек Соқпақбаев | Ұлтан оқиғасы


Сәрсебек жатақханаға қунаң қағып, күлімсіреген жүзбен кіріп келді. Шырайында бұрын-соңды болмаған көңілділік бар. Магазиннен жап-жаңа аппақ ақ жейде сатып әкелген екен. Онысының орауын жазды да «қане көріңдерші, қалай екен» деген адамша кереуетінің үстіне жарқыратып жайып тастады.

Және бір сұр шұбар галстук сатып әкеліпті.|Ақ көйлектің үстіне оны да шұбалта тастап қойды.

Жолдастары Сәрсебекке назар тіге қарасып:

— Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті.

— Галстук сатып әкепті.

— Ой, сен ақ жейде әкелмеймін деуші едің ғой?

— Мынау бір жаңалық екен! — деген тәрізді сөздер aйтылып жатты.

Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінездердің бір екені рас. «Өмірге жарасымы жоқ, кіршең» деп, ол ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Галстукты түкке қажетсіз артық әурешілік деп қарайтын. Басқалардан бір бөлек томаға-тұйық жүріп тұратын. Жаңа жыл түгіл он мереке қабатынан келсе де бүйірі қызбайтын, сәнденіп бой түзеуді еш елемейтін. Қандай той -томалақ, кештерге де күнделік үйреншікті киімімен бара беретін.

Институтта бірге оқыған үш жылдың ішінде жолдастары Сәрсебектің бір қызбен көңіл қосуға талаптанбақ түгіл қиырдан көз салып, қырындамақ болған ниетін де байқаған емес-ті..

Қашанда қоңыр жүріп, қоңыр тұратын, оқудан өзге ештемені білмейтін осы Сәрсебек енді міне, аяқ астынан құбылып шыға келіпті. Бұрынғы көзқарастарынан айнып, ақ жейде, галстук сатып әкеліп отыр. Енді жігіттерден үтік сұрап тұр. Жыл бойы үтік тиіп көрмеген қоңыр костюмге істемегені қалмады. Әуелі есік алдына ауаға алып шығып, жарты сағат бойына щеткалап тазалады. Одан соң сабынды суға ақ шүберекті малғыштап отырып, әуелі шалбарын, одан соң педжагын мипаздап өтектеуге кірісті.

Сәрсебектің жолдастары ондай емес, бой түзеу жағына келгенде шетінен сақа болып қалған жігіттер. Олар әне, бәрі де киініп, түйініп, бүгінгі жаңа жыл қарсаңында шетінен бәйге атындай сылан ұрады. Әркімнің күні бұрын нысана еткен баратұғын кештері, жолығыстатын күлім көздері бар. Олар енді әрқайсысы сол өз тіршілігінің қамымен тарап - тарап кеткелі жатыр.

— Құдай біледі, бүгін Сәрсебектің өміріндегі тарихи күн. Жігіттік сезімінің оянған күні. Дәу да болса батырың қызбен кездесуге барады,— деп, жылмақай Сәмет әлденені түйсіне сөйлеп жатыр.

Сәрсебек рас та демейді, өтірік те демейді. Тек жымың - жымың күле береді.

— Сәке, солай ма? — деп сұрағандарға:

— Осы мен сендерден қайда баратындарыңды сұрамаймын ғой, — дейді.

Ұрының арты қуыс дегендей әйтеуір тегін емес екені оның бет–жүзінен-aқ беп-белгілі.

Мәметтер, басқа жігіттер түгел кетіп қалды. Әне, Сәмет те киініп, кетейін деп жатыр.

— Әй, Сәмет, ана галстукті байлап беріп кетші, — деді Сәрсебек, (Өмірі галстук тағып көрмегендіктен ол оны қалай байлауды да білмейді).

Сәмет қиқар пәле.

— Қайда баратыныңды айтпасаң, байлап бермеймін, — деп қасарысты.

Жымыңдауды қойып, Сәрсебек енді өз-өзінен сықылықтап күле бастады.

— Өзіміздің ауылдың университеті оқитын балалары шақырып еді. Соларға барам.

— Іштерінде қыздар да бар ғой?

— Кім біледі, мүмкін бар шығар.

— Жарайды, олай болса байлап берейін, — деп Сәмет ымыраға келді.— Бірақ еңбегімді зая жіберіп, түк өндірмей қайтып келіп жүрме.

Галстукті байлап беріп, Сәмет те кетіп қалды. Сәрсебек енді үйде жалғыз езі. Әлсін - әлсін төсек үстінде жатқан сағатына үңіліп қарайды. Сегізден жана асып барады. Ал уәделі мерзім тура тоғыз.

Кешірім өтінеміз оқушыдан, Сәрсебектің кіммен уәдесі бар екенін, қайда баруға қамданып жатқанын біз айтпаған екенбіз ғой. Олай болса, елі де кеш емес, соны баяндайық.

Университеттің химфакультетінде, бірінші курста Фатима дейтін қыз оқиды. Сәрсебектің жерлесі. Екеуі бір колхоздан. Бір мектепте оқыған. (Фатима Сәрсебектен екі класс төмен оқиды).

Сол Фатима Сәрсебектің бала күнінен бері қарай жүрегінің түбінде сақтаған, жан адамға, сездірместен, аяулы асыл құпиясы еді. Бірақ ләм мим деп Сәрсебек оған лебіз білдіріп көрген емес. Кездесіп қалса, жүрегі аттай тулап, басына қаны шапшып шығады. Тілі құрғыр күрмеліп, ештеңе дей алмайды.

Сол Фатима бағана Сәрсебекке көшеде тағы кездесіп қалды. Өзі бұрылып қол берді... Келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

— Сені де, — деген сөздіСәрсебек әзер айтты.

— Иә, жаңа жылды қайда қарсы алмақсың? — деп сұрады Фатима.

Сәрсебек абыржып қалды, бұл оның ойластырмаған ісі еді.

— Егер басқа баратын жерің болмаса бізге кел. Біздің факультеттің сауық кеші болады. Бұл менің сені ресми шақыруым, - деді Фатима. Талай сауық сайранды Сәрсебекпен бірге өткізген адамдай тіке қарап тұрып әр сөзін мығымдап айтты.

— Мақұл! — деді Сәрсебек. Қуаныштан құлағы шуылдап қоя бергендей болды.

— Келесің ғой?

— Келем.

— Тура сағат тоғызда университеттің алдынан өзім күтіп аламын.

— Мақұл.

Сол арада Сәрсебек алқын жұлқын боп магазинге жүгірген болатын. Сатып әкелген галстугы мен жейдесі әне төсегінің үстінде жатыр.

Костюмді үтіктеп болған соң Сәрсебек сабын алып, жуынатын үйге жүгірді. Жуынып келіп, киіне бастады. Айнаның алдында тұрып қарағанда, бұрын жақтырмайтын ақ көйлектің өзіне ғажап жарасатынын байқады. Галстук те келісіп қона кетті

«Өзім оншалық жаман да жігіт емес екенмін - ау» деген оймен Сәрсебектің көңілі семіріп қалды.

Сағатқа қарады. Сегіз жарым. Троллейбуспен зыр етіп бес минутта жетіп барады. Университеттің тура алдынан түсе қалды. «Үлгірем» деп ойлады Сәрсебек.

Пальтосын кимес бұрын Сәрсебек өз үстіне өзі және бір рет кез салды. Бәрі көңілдегідей. Тек туфлиі ғана аздап көнелік ететін тәрізді. «Майлап, жып-жылтыр қылсам, жаңа туфлидей болмай ма?»

Сәрсебек етік майы мен аяқ щеткасын алын, жуынатын бөлмеге барды. Әдейі аяқ сүрту үшін цементтен жасалған тұғыр бар. Аяғын соның үстіне қойды да, сүрте бастады. Мәссаған безгелдек! Сәрсебек еңкіштелген қалпы сілейіп тұрды да қалды. Екі көзі бәтеңкенің тұмсығында. Туфлидің тұмсығы өлген балық тәрізденіп ырсиып аузын ашып тұрғанын керді. Жүрегінен зу етіп, аяз жүгіріп өтті. «Қап, бұны бағана ертерек неғып байқамадым екем?!

Ауыстырып киетін басқа бәтеңке Сәрсебекте жоқ еді.

Қақырап тұрған ұлтанды ол қолымен одан әрмен қақырата тартып көрді. «Тары қанша өмірі бар екен? деп сынағаны болатын. Мықтылау тәрізді. Бірақ бұрынғысынан гөрі жыртығы үлкейінкіреп қалды.

Сәрсебек жүгіріп бөлмеге кірді. Төсек атаулының бәрінің астына үңіліп, артық-ауыс жатқан аяқ киім іздеді.

Кілең ескі-құсқы, сұрықсыздығы бірінен бірі өтеді. Тәуір деген мынау бір қонышты қара бәтеңке, Сәметтікі. Отыз жетінші размер. Сәрсебек оның сыймайтының білсе де сасқан үйрек артымен жүзеді дегенедей, киіп көрмек болды. Аяғының тұмсығы әрең батты. Қап, енді қайту керек? Сәрсебек мықтап састы. Қақиып тұрған ұлтанның беріктігін және байқап көрмекші болып, одан әрмен және қақыратып алды.

Сағат тоғызға он бес-ақ минут қалды. Қысылғандығы сонша, Сәрсебектің маңдайынан бұрқ етіп суық тері шығып кетті.

Не істеу керек? Өстіп - ақ Фатимаға бара алмай қалмақшы ма? Содан соң келесі жолыққанда не айтады?

Көшенің арғы бетінде етік жамайтын будка бар. Сәрсебек терезеден соған кез салды. Тым құрыса бүгінше ұстайтындай етіп, төрт-бес шеге қақтырып алар еді. Жабық тұр. Мұндай күні етікші отырады деймісің.

Сағат тоғызға он минут қалды.

Қақыраған ұлтанды тым құрыса білдірмей ептеп сыммен түйреп алмақшы болып, Сәрсебек жатқан - тұрған сым іздеді. Ол да табылмады. «Осымен - ақ барсам. Содан соң билемей де, түк етпей, тыныш отырсам?» деген ой келді Сәрсебекке. Басқа амал-айла жоқ еді. Ал бармау деген, біріншіден, ұят, масқара! Екіншіден, өз бақытын өзі басқа тебумен барабар.

Фатима содан соң енді қайтып Сәрсебекті адам санатына қоса ма? Сәрсебек туфлиін жалтыратып тұрып тазалады. Бөлмені кілттеп, көшеге шықты. Тротуармен ептеп басып келе жатыр. Екі көзі туфлиінің «қарны ашқан» тұмсығында. Бар ой – санасы соған шегеленген. Бүгін кешке шыдап берсе болғаны. Онда Сәрсебек бұл туфлидің жақсылығын өмір бойына ұмытпақшы емес.

Сәрсебек троллейбусқа келіп отырды. Адам көп екен, туфлиінің қамымен жүрегі зырқылдап, әрең мінді. Алға қарай жылжуға батылы жетпей, шиқанын қорыған адамдай кібіртіктеп, сол арада теріс қарай бұрылып тұрды.

— Университет аялдамасы! — деп, хабарлады кондуктор. Туфлиін уайымдап тұрып, Сәрсебек қалай жеткенін байқамай да қалыпты. Жалт бұрылып, есікке ұмтылды. Бірақ бұл кезде сырт жақтан апталаған жұрт лап қойып үлгірген еді. Сәрсебек олардың кейбірін қаға-соға, араларын жара ұмтылды. Оның бұл қылығы үшін біреулер реніш те сөйлеп жатыр. Бірақ Сәрсебекте оны естір хал жоқ еді. Кемтар туфлиі жапыр - жұмыр көп аяқтың қыспағына түскен кезде зәресі ұшып кетті, ышқына кеп секірді. Бітті, кұртты деген ой басында іле-шала және жарқ етті...

Троллейбус нені сезсін, жайына жөнеп барады. Ал Сәрсебек болса, сілейіп тұрды да қалды. Жылжи да алмайды. Ұлтаны түскір, салпылдап бөлек жатса, қалай жылжысын...

Анау әне университет үйі. Бұл арада оның шатыры, жоғарғы этаждың терезелері көрінеді. Би музыкасының шылқыған әсерлі үні естіледі. Қайран Фатима, есік алдына шығып тосып тұр ма екенсің?

Не істерге білмей, Сәрсебек жігері құм болып, әлгі арада бірқауым тұрды. Тағы бір троллейбус өтіп кетті. Тап әлгі арада троллейбус тосушылар үшін қойылған скамейка бар. Онда бүктетіле сұлап біреу жатыр. Мас. Сәрсебек жылжып келіп, әлгінің аяқ жағына отырды. Ананың аяқ киіміне көз қиығын салып байқады.

Мастың аяғындағы әп-әдемі қара туфли екен.

Сәрсебек әлгіге жаны ашыған адам болып оятып көрді. Есін біле ме, білмей ме, байқағаны еді. Анау оянбады. Қыр ыңыранды!

Оның аяғындағы туфлиге Сәрсебек қылыға қарап отыр. Размері де шамалас тәрізді. «Бұл бәрібір мына түрімен енді ешқайда бармайды. Милиция келеді да, сауықтыратын үйге әкетеді!

Сәрсебек төс қалтасынан блокноты мен қаламын алды. Бір паракке: «Жолдас, кешіріңіз. Сіздің туфлиіңіз менде. Мына адреспен келіп алуыңызға болады», деп, өзінің адресін көрсетті.

Содан соң жазу жазылған парақты ықтияттап жыртып алды да, бүктеп мастық қалтасына салып қойды. Мас түк сезетін емес.

Осылай қарай біреулер келе жатыр. Сәрсебек троллейбус тосқан адамша бейқам бола қалды. Ысқырып өлең айтып қояды. Әлгілер өтіп кетті. Енді ешкім жоқ. Серсебек жан-жағына ұрыша жалтақтап қарап алды да, дереу іске кірісті. Мастың бір туфлиін шешіп алды да, оған өз туфлиін кигізді« Құйып қойғандай бір размер екен. Дәл келе кетті. Екінші аяқты ауыстырып үлгермеді. Троллейбус келіп қалды. «Өтіп кетсін» деген оймен Сәрсебек тағы да бейқам боя, өзінше отыр.

Троллейбустан үш еркек түсті. Үшеу! де қызу. Әлгілер скамейкада сулап жатқанды көріп:

— Әне, қара, батырын жайғасып та үлгеріпті! — деді,

Мына жатқан қастың таныстары екен. Жамырап келіп:

— Вася! Вася! Тұр! Tұp! — деп, жұлқылай бастады. Зорлықтың күшімен, төмпештеумен әрең оятып алды да, сүйрелеп алып кетіп қалды.

«Қап!» деп, Сәрсебек тілін тістеп қала берді.

Оның бүтін туфлиі мастың аяғында кетті. Өз аяғында сол әлгі ұлтаны салпылдаған жыртық туфлиі мен мастың бір туфли қалды.

Нағыз қызық енді болды: Мастан қалған туфлидің түсі қара да, Сәрсебектің өз туфлиінің түсі сары. Екі аяқта фасоны, түр - түсі екі басқа туфли. Бейне бір цирктің дарақышысы секілді.

Сәрсебек қапаланып отыр, өз сиқына өзі жымыңдап күледі.

Басқа істейтін лаж жоқ енді ол жатақханаға жаяулап қайтып келе жатыр. Троллейбусқа отыруға ұрттан ұялады. Біреу болмаса біреу байқап қалып: мынауың не демей ме? Немесе жынды екен деп ойлайды ғой. Сау адам екі аяғына екі басқа туфли киюші ме еді?

Жұрт жаңа жылды дуылдасып қарсы алып жатқанда, Сәрсебек төсегінде пырылдап ұйықтап жатты.

Арада он шақты күн өткенде, бір күні кешке таман біреу есікті тық-тық ұрады.

— Кiр!

Бөлмеге ашаң жүзді орыс жігіті кірді. Қолында газетке орап алған бірдеңесі бар. Әлгі жымия күліп:

— Сынар туфли іздеп жүрмін, — деді.

Отырғандар оған жауап беру орнына күлкіге қарық болып жатты.


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Бердібек Соқпақбаев Ұлтан оқиғасы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Бердібек Соқпақбаев Ұлтан оқиғасы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]