Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Келіншектау сағымдары

Әңгіме:  Шерхан Мұртаза | Келіншектау сағымдары

Шілденің күні шаңқай түс болғанда батыстағы Келіншектау сағымданып, үздік-создық қимылдай бастайды. Баяғы байдың ұзатылған қызының көші қайта тіріліп, уап-шуап бара жатқандай.

Байдың қызы ұзатылған ғой. Қыз әкесіне өтініш айтыпты: Менің жасауыма алтын шаңырақты, күміс уықты ақ отау дайындатыңыз. Қазан, ыдыс-аяқ, табақ бәрі де алтын жалатқан күмістен болсын. Төсегімді пілдің сүйегінен жасат. Көрпе-жастық шытырма шәйі, сусыма жібектен болсын, — деп тағы басқа керек-жарақтың бәрін небір асылдан әзірлеткен ғой.

Жасау мүлкі қырық түйеге артылып, қалыңдық көші шұбатылып жолға шыққанда, кенет байдың қызы көшті тоқтатып, әкесіне:

— Әкетай-ау, біз бір нәрсені ұмытып кетіппіз ғой — дейді.

— Нені, шырағым?

— Итаяқ алтыннан болмады ғой.

Әкесі аттың үстінде келе жатып, қос қолының алақанын көк аспанға қарата жайып жіберіп:

— О, Тәңірі! Бар болсаң, мына көшті тас қыла гөр! — деп, сақалын көзінің жасы жуып, құдіретті күшті Құдайға шын ниетімен жалбарынған екен дейді. Әкенің қарғысы қатты, тілегі тәтті, байғұс қыз келіншек болып келе жатып, лезде бүкіл көш ұзақтан-ұзаққа созылған қаратас болып қатып қалған ғой.

Содан бері Келіншектау аталады. Күндіз оны сағым буып тұрады. Кешке жақын, күн батарда Келіншектау алыстан ерекше ап-айқын көрініп, келбеттеніп, құдіреттеніп кетеді.

Шілденің күні шаңқай түсте ысып, ми айналдыратын тұста, тірі жан кірерге тесік таппай, бәрі де алақандай болса да көлеңке іздейді. Тал түсте көлеңке де барынша қысқарады.

Киіз үйдің көлеңкесі қураған терідей қусырылған жерде келісті ақ ешкі екі лағымен бүйірі бүлкілдеп, ыстықтап жатқан болатын.

Күннің ми қайнайтын ыстығанда шекшек шырылдайды. Тірі жаннан белгі берген сол ғана. Басқаның бәрі мүлгіп тұр.

Баяғы-баяғы динозаврлар заманынан бізге талай зауалдан ілдалап жеткен кездік бой кесіртке де қызған тастың түбінде аппақ алқымы бүлк-бүлк етіп, тырп етпей қалыпты.

Келіншектау көшінің үздік-создық қозғалаңдайтын кезі дәл осы шақ. Сағым айнығанда шексіз теңіз толқындатып, сол теңізде Келіншектау жастар көшіндей болып, жүзіп бара жатады.

Жазғы жайлаудағы жалғыз үйде аға шопан Қоңырбай мен жас келіншегі Гүлдерайым екеуі ыстық ерітіп жібергендей, буындары былқ-сылқ болып, жер төсекке құлай кетіп, ұйықтап жатқан.

Жерошақ басындағы сексеуіл үйіндісін көлеңкелеп жатқан сарыала төбет арс ете қалды. Сөйтсе бір УАЗик екпіндеп келе жатыр екен. Екпіні шопанның киіз үйін таптап өтердей. Құдай жарылқағанда киіз үйді жайратып кеткен жоқ. Бірақ оның үйдің көлеңкесінде жатқан ақ ешкіні «бақ» еткізіп басты да кетті.

Қоңырбай сыртқа атып шықса, УАЗик басып өткен ақ ешкі артқы екі аяғын ербеңдетіп, көзі аларып, үзіліп барады екен.

Өлмей тұрғанда бауыздап жіберейін деп пышаққа жүгірмекші еді, машинаның ішінен масаң дауыс гүрр ете қалды.

— Өліп қалғансыңдар ма?!

Ферма бастық Қабылбек екен. Алдымен бастыққа қарай жүгірмегеніне кінәлі болғандай, ақ ешкіні де, пышақты да ұмытып, бастыққа қол қусырып:

— Жәй, нетіп, әлгі пышақ алайын деп...

— Пышағы несі? Оны қайтесің-ей?!... — деді.

Қоңырбай:

— Сіз машинамен басып кеттіңіз ғой, — деп айта алмай:

— Осылай боп қалды ғой, — деп міңгірледі.

— Еһе-е, — деп мекіренді завферма, — жегенге ешкінің еті жеңіл болады, еһе-е...

Өлі ешкінің емшегінен сүті қызғылтым болып шықты. Жас лақ сорлы оны қайдан білсін, солқылдатып еме берген. Қоңырбай лақтарды: — Е, сорлы жетімдер, — деп итеріп кеп жіберген. Сосын үйден пышақ алып шығып, әйеліне айқайлады:

— Әй, Гүлдерайым, таза табақ әкел.

— Оны қайтесің-ей ?—деді Қабылбек машинадан теңселіп түсе беріп.

— Әшейін, нетіп, қанын алайын деп... шыж-мыжға...

— Шыж-мыжың не-ей?

— Не ғой, әлгі әсіп дейме...

— Ә, әсіп де. Прекрасно ғой, ол.

Қоңырбай ақ ешкінің былқ-сылқ еткен басын көтеріп, алқымын «біссімілә» деп пышақпен орып кеп жіберіп еді, қан атқып ақпай, шып-шып шықты да тиылып қалды. Табақ ұстап тұрған Гүлдерайым байына:

— Байғұс-ау, арам өліп қапты ғой...—деп сыбырлағанда Қоңырбай:

— Өшір үніңді! — деп ысылдады.

Қоңырбай ақ ешкінің етін боршалап, тез-тез жіліктеді де, Гүлдерайымға:

— Қуырдақ жасай бер, — деді.

Ақ ешкінің терісіне тұз сеуіп, далада тұрған битонның үстіне жайып қойды.

Теріден енесінің иісін сезген лақтар ақ ешкінің жүні көрінбей қалғаннан бір сұмдықты сезгендей, тұз сепкен жалаңаш теріні жалап-жалап, қосарлана маңырай бастады.

Қабылбек бастық бұл кезде тиегі жоқ домбыраны тыңқылдатып отырған. Ыдыс-аяқ алып, үйге кіріп-шығып жүрген Гүлдерайымның мықынынан мытып қалып, масаң көздерін қысып-қысып қойды.

— Мен ет піскенше мызғып алайын, көрпе төсеп, жастық бере сал-ей, — деді.

Гүлдерайым бастықтың айтқанын істеп, сандықтың үстінде жиналып тұрған көрпе-жастықты ала бергенде келіншектің топ-толық балтырын сипалап қалды. Басы жастыққа тиісімен қор-р ете түсті.

Егіздер енесін жоқтап, зар қағып маңырай бастады. Киіз үйді шыр айналып безектейді. Битонның үстінде жаюлы тұрған тері ыстық күнде тез кебірсіп, тырыса бастады. Лақтар барып, иіскеп-иіскеп, жансыз заттан түңілгендей зарлана түсті. Оянып кеткен ферма бастық:

– Өшір үнін! – деп ақырып қалды.

Қоңырбай лақтарды үйден әрірек айдап салып, қуған болды. Егіздер аулаққа кетпей, қайтып айналып келе берді, келе берді.

– Өшір үнін!

Қайтып өшіресің? Ауыздарын буып қоя алмайсың, «қоя ғой» дегенді түсінбейді.

– Қайтесіңдер байғұстар, Құдайдың ісі – дейді Қоңырбай далбасалап.

Жетімдер маңырай түседі. Қайдағы Құдайдың ісі! Машинамен басқан Құдайдың ісі емес қой! Жаппаңдар Құдайға жалаларыңды, қатыгез, мейірімсіз адамдар! — деп зарлайды егіздер.

– Өшір үнін!

Бірақ Қоңырбай жетімдерді жұбата алмайды. Лақтар Қабылбектің завферма екенін түсінбейді. Оның бастық екенімен істері жоқ. Лақтарға ене керек. Олардың қарны ашты. Оларға енесінің жып-жылы, тәп-тәтті сүті керек. Лақтар емшегін сорып жатқанда мекірленіп, мейірленіп, бұлардың үстін жалап, аймалап тұратын ана керек!

Ақ ешкі сүтті еді. Тіпті егіздер әбден тойып, қарындары бұлтиып кеткен кезде де, Гүлдерайым одан шай қатыққа сүт сауып алатын.

Жетімдер жылайды. Завферма бір сәт лақтардың дауысын ұмытқандай болды. Өйткені қос шекесі солқылдап, басы қақ жарылардай боп, кетіп бара жатты.

– Әй, Қоңырбай! – деп жуан даусы барқ ете қалды.

Қоңырбай жетіп келді.

– Қабеке не болды?

- Әй бір жұтым арағың бар ма, басым әкетіп барады.

Қоңырбай қатты састы.

- Қабеке үйде арақ жоқ еді...

- Безобразие! – деп бажылдады Қабылбек – аш ана УАЗик-ті. Сонда бір заһар болуы керек.

Қоңырбай үйге қуанып кірді. Багажниктен бір жарым литрлік соп-сопақ бөтелке тауып алған.

— Құй! — деді Қабылбек қырлы стаканды тосып тұрып.

— Қоңырбай лақылдатып-ақ құйып еді, бастық:

— Шүлпілдет — деп барқ ете түсті.

Стакан шүпілдеді.

Бұл кезде УАЗик-тің ар жағында ақ ешкінің бас-сирағын қытырлата мүжіп, сарыала төбет молшылыққа кенеліп жатты.

Егіздер жылай-жылай сілесі қатып, үйдің көлеңкесінде, енесі жатқан жерде талмаусырап ұйықтап қалды.

Ақ ешкінің қуырдағы да дайын болған екен, Қабылбек күректей алақандарын ысқылап, жылы-жұмсаққа қолды бір салды дейсің...

— Сен неге алмай отырсың? — деп Қоңырбайға түйілді. Қуырдаққа Қоңырбайдың тәбеті шаппады.

— Ешкі етін жемеуші едім... жел... Ескілікті ауруым... — деп күмілжіді.

— Әй, — деді завферма орасан ой есіне түсіп, — айтпақшы әлгі «шыж-мыж» қайда? Әсіпті айтамын.

— Ой, Қабеке, ол үлкен аспен бірге беріледі ғой, — деді Қоңырбай зәресі зәр түбіне кетіп.

— Құй! — деді завферма.

— Стакан шүпілдете толтырылды.

— Ал! — деп бұйырды бастық.

Қоңырбай енді уәж айта алмай, екі көзін тарс жұмып тұрып, тартып жіберіп еді, өзегі өртеніп бара жатып «Әлгі әсібін тағы сұрар ма екен?» деп ойлап үлгерді.

— Қатының неге ішпейді? — деп қалды бастық.

— Әй, қатын, кел, шақырып жатыр, — күңк етті Қоңырбай.

Гүлдерайым үйге кіргенде ферма бастық айғыр стаканды тосып тұрып:

- Құй! — деді.

Қоңырбай қолы қалтырап, арақты лүпілдетіп құйып еді, завферма оны Гүлдерайымға ұсынып:

— Амандық-саулыққа алып жібер, — деп қиылды.

Гүлдерайым бетін бұрып әкетіп:

— Мен ішпеймін ғой, ағай, — деді.

— Онда қатының үшін сен ішесің — Бастық стаканды Қоңырбайға ұсынды. Қоңырбай онсыз да дүмбілсіз болып тұр еді, бұл стаканнан кейін өзі де ішімдікке жоқ оқта-текте ұрттап-тататын сорлының үсті-үстіне көмейінен өткен ақ пері аш өзегіне түсіп кетіп, жиюлы жүктің алдына аяқ-қолы былқылдап, аузы қисайды да қалды.

Басекең жас келіншекке қол салды.

— Қойыңыз, ағай, әдепсіз болмаңыз, — деп Гүлдерайым үрейлене жасқанып, шегіншектей беріп, арқасы керегеге тірелді.

Шегінерге жер қалмады. Артта кереге. Алда — «ырқ-ырқ» еткен бастық.

Завферма өңмендеп, құшақтап, бетінен сүймекке ұмтылғанда, байғұс келіншек қырғи бүрген торғайдай, аждаһа көрген көжектей бүрісе беріп, бір сәт босаңсығандай да болып еді... Әлгінің aузынан бір сасық иіс мүңк ете қалды. Гүлдерайым лоқсып барып, бастықтың омырауына құсып-құсып жіберді.

Қабылбек бастық үстінің бәрі былығып, қолымен сүртпек болғанша, келіншек оның уысынан сытылып шығып, есіктен сыртқа ыта кеп жөнелді.

Белден асып, бір отар қой бері қарай құлаған екен, Гүлдерайым солай қарай жүгірді. Оның соңынан екі жетім маңырап ала ілесті. Бір отар қойдың ішінен егіздер өз енесін іздеп кез-келген қой мен ешкінің емшегіне жармасып жүр. Малда да қатыгездері бар: байғұстарды сүзгілеп, тепкілеп жіберді. Малда да мейірімділер бар: тоқтай қалып, мүсіркегендей болады.

Помчабан Дәрібай Гүлдерайымның алдынан шыққанына таң қалып:

— Тиыштық па, жеңеше? — деді.

Гүлдерайым өксіп:

— Ана қара доңыз... — деп ар жағын айта алмай жылап жіберді. Помчабан жас та болса, тістері түсіп, күнге күйіп, ерте егде тартқан, кейпі кедейлеу, пәс мінез пенде еді.

— Қой жылама, жеңеше, — деп мыжырайған киіз қалпағын түзеп киген болды, – Қазір, қазір оны...

«Қазір, қазір» – дегенде мұның қолынан не келеді? Кім біледі, дегенмен еркек қой әйтеуір....

* * *

Жер бетіндегі мынандай қиянаттан, сорақы, сорлы тірліктен ұялып кеткендей, батып бара жатқан күн қып-қызыл боп, айнала төңірек алаулады.

Күн батар тұстағы Келіншектау ырғалып-жырғалып бара жатқандай көрінді. Көш соңына Ақ ешкі ілескендей, әлдене ағараңдайды. Әлде сағым. Әлде өкініш-үміттер ағысы...


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Шерхан Мұртаза Келіншектау сағымдары туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Шерхан Мұртаза Келіншектау сағымдары на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]