Әңгіме: Асқар Алтай | Кержақтың монологы

Әңгіме:  Асқар Алтай | Кержақтың монологы


Ол іштен тынғалы қашан? Ішіне қан қатқалы қашан?!

...Трау–трау... трау–трау... трау...

Таспиықтың тарғыл тасындай тізілген тырналар легі тыраулаған мұңлы үнімен төмендегі тау ішін тербейді. Бірақ тіл-жақсыз тынған кержақ шал селт етпейді. Ат жақты‚ қоңқақ мұрын‚ астау бас‚ дөң қабақ кержақ керең еді... Таскерең тыныштықта өзен иіріміне қармақ салған ол опырылып кетер жар жиегіне жайғасқан. Темекі түтіні ыстағаннан зәрсіңді жаялықтай, жалқаяқ тартқан түкті жүзінен ештеңе аңғарылар емес.

Құлағы көрдей керең тартқан‚ тіл-аузы тас байланған‚ тек көкпеңбек қос шырағы шырадай жанған шалды бүгін де ежелден етене сезім иелеп‚ ауыр ой иектеп алған. Осы бір жұртқа жұмбақ ұры ой‚ жанға жат сұм сезім уысында ұстап‚ сүліктей сорып–ақ келеді. Сыртқа шығаруға тәуекелі жеткен емес. Құдай да қыбын келтіріп‚ тілін тартып‚ құлағын бітеп тастаған. Ал ел білсе — бетіне түкіріп‚ безініп кетері хақ.

Бозбала күннен берекесін алып‚ бетінен қаққан со бір сұғанақ та суық сезім осындай оңаша қалған сәтте ойын ойран-топан ететін. Сырт көзге тыныш тірлік кешкен қарияның ішінде ит өліп жатқанын жат жұрты — қазағы бар‚ өз жұрты — орысы бар қайдан білсін... Білмегені де жөн.

Бірақ уақыт өткен сайын тау тұманындай шөккен ой сейілмей‚ жүрекке байланған беріш бұрынғысынан да ширыға түседі екен. Ел еңсесін тіктеген елу жылдан асса да‚ ширыққан шер-шемен тарқар емес. Ішінде іріп‚ ішінде шіріп‚ ішінде кетіп барады.

...Трау–трау... трау–трау... трау...

Көк төрін сыналған тырналар көші де көз көрмес‚ құлақ естімес терістікке маңып барады. Олар қоңыр күзде ғана бұл өңірге қанат суыта қона түнеп‚ қарасуықпен түстікке қарай қайыра оралады. Бірақ керең кержақтың онымен ісі жоқ. Тым-тым шығандап ұшқан тырнаның үні тұрмақ‚ кәнтөжін қылған “керман” соғысының арқасында адам атаулының ащы даусы мен тұщы тілін естімес мылқау кепке түскен. Оған да тәуба! Әйтпесе‚ әлдекіммен әңгіме үстінде ырғасам деп‚ қызыл тілдің кесірін көрер ме еді‚ есесі кетер ме еді... Қайтер еді?! Оның аяғы немен тынар еді?!

Толқыны тереңге тартқан иірім басында ол ой кешкен күйі ащы шылымын зындандата сорады. Асықпай үреді. Тулақ шегеленген кішкене орындық үстінде‚ жарқабақ жие-гінде отырып алып алабұғаға қармақ қаптырып‚ қалытқы батыртқан шал жар жалаған көктемгі лай судың шылпылын‚ Күршім тал-тоғайының шуылын естімесе де‚ жан жүрегімен‚ жұлын-тұтасымен сезінеді. Сезінген сайын со бір соғыс жылғы салқын көктем көз алдына бүгінгідей тұра қалады. Ертіс пен Күршімнен көтерілген таңғы тұман тарқамай жатып естілетін сол бір көктемдегі тырнаның даусы да санасына сіңісті-тін.

...Трау–трау... трау–трау... трау...

Иә‚ ол уақытта Евстафий шал бар-жоғы он жетідегі бозбала еді. Бұлыңғыр бетте соғыс жүріп жатқан. Соғыс дүмпуі естілмесе де‚ дүңк-дүңк қауесеті жетіп артылатын. Елде қалған еркек кіндікті — үрейлі‚ әйел басы — қаралы‚ бала жүрегі жаралы еді.

Жергілікті қазақ ауылдастары “Жагор” атап кеткен Евстафий-Егор ер-азамат соғысқа аттана бастағаннан-ақ, бір-ақ күнде есейіп шыға келген. Жай күнде қысылып-қымтырылып отырған бұлардың үй іші әкесі майданға кеткелі “жарық астауға” қарап қалды да‚ шешесі еркелететін “Егорка” мойнына бір үйдің қамыты киіліп‚ аң-құс пен балық аулауға епсек жан тіршілікке көшті... Кім көрсеткенін қайдам‚ әкесінің біратар мылтығын аудан орталығы Құмаштан келген “қызыл жағалылар” шешесіне шөп арасынан таптырып әкетті. Жай кетпеді‚ төрт құрсақ көтерсе де жүзі өңді‚ бойы бәденді шешесіне көзін сүзіп‚ бұған тепсініп кеткен. Амалсыз жас кезінде аттан құлап‚ сылтып басып қалған “сылтық” Сағымнан үйренген із кесуге‚ қақпан құрып‚ тұзақ салуға тура келді.

Жаз бойғы тоғанға тоспа салып‚ арыққа құлақ байлап жініккен колхоз жұмысынан кейін үй іргесіндегі атарқан жердің картобын қазып алып‚ шешесі екеуі кешелі бері “ух!..” дескен.

Үйелменді-сүйелменді екі інісі үй шаруасын тындыратынына сенген Егор бұдан былай алысқа ұзап аңшылық жасауға бекінген. Соғыс басталғаннан бері жоқ болып кеткен Сылтық Сағымның аңшылық машығын жүрегіне түйген ол жақын маңдағы аң-құсты секемшіл етіп‚ запы қылып жібермес үшін алысқа көз тіккен. Жақын маңдағылар қыстың қарлы-боранды күндерінде қолын жылытар. Осы оймен ол Жіңішкенің ішін өрлеген.

...Мезгіл — байсал күздің “бәйбіше жазы”...

Қау шөбі таптауырын болған бұта арасындағы қоян жымына жіңішке сымнан тұзақ ілді. Сағым берген қос серіппелі‚ ескі түлкі қақпанды Жіңішке өзенінің тар қылтадан қысылып аққан арнасы үстіне көпірлей құлаған жуан теректің қопарылып қалған шор-шор тамырлы түбіндегі қоянойнаққа құрды. Қақпан тілінің асты мен шаппасының арасына жылқының қу тезегін үгіп салып‚ бетіне қоянойнақта аңның ізі бадырайып жатқан жұмсақ топырақты жұқалап септі. Адам иісін алдырғысы‚ ізін қалдырғысы келмейтін аңшылық әдетпен су жиегіндегі көк жасаңды жұлып алып‚ қақпан құрулы жатқан жасырын топырақ үстін‚ өзі отырған жерді тарап–тарап өтіп‚ селдірете шашып тастады.

Бар іс бітті-ау десімен күрең тартқан күңгейге емес‚ сары-жалқын теріскейдің тік беткейіне өрледі. Ондағы ойы — Жіңішкенің жаламасына қалың өскен қараған мен қызыл тобылғы‚ бүрген бауырын шола кету‚ бұйыртса қақпанды күні ертең беткейге ауыстырмақ. Етегін бұта-қараған қағып төскейге қиялап көтерілгенше‚ Егор сұр қоян мен қырғауылдың жайылымын‚ өрісті ойнаған‚ құмалағы мен саңғырығына дейін көз шалдырып‚ көңіл аударып өткен.

Жіңішке жалына шыққанында арс-арс үрген иттің даусы естілді. Теріскейдің жонымен құндыздап келе жатқан үш салт атты Егордың өткір көзіне оттай басылды. Тал түстің сары шуағы астында сап-сарала киінген әскери адамдар жүрісі суыт көрінген. Жіңішке сайының жонын желпіген қоңыр салқыннан ба‚ аңкөс бозбаланың бойы тоңазыды... Тік құлақ‚ сөлпең құйрық овчарка жетектеген үшеу әне-міне дегенше жетіп келді.

Иығында қос жұлдызы бар офицер мұны ат үстінен үн-түнсіз тінте қарады. Бұл да өзін иіскелеген мелжемді тік құлақ иттің басын сипай, үнсіз еркелеткен.

— Сен кімсің? — деді әлгі оқалы.

Егор бұлардан сескеніп қалғанын білдіргісі келмей‚ кержақтық батылдықпен сығырая барлады. Мұның мына қылығына офицер шыдамады білем‚ “Ей‚ иен тау-да не іздеп жүрсің? — деймін‚ — кімсің өзің?” деп даусы жарықшақтанды.

Сонда ғана:

— Мен Егормын‚ — деген мұның үні сәл дірілдеңкіреп естілді.

— Көріп тұрмын. Не істеп жүрсің?

— ... —

— Не істеп жүрсің деймін...

Егордың ойы сан-саққа жүгірді. Шынын айтса‚ мылтығын тартып әкеткендей, жалғыз қақпанын алып қояр... Өтірік айтса ма екен?

— Ей‚ тіліңді жұтып қойдың ба? — Офицер шамданып қалды.

— Мал іздеп жүрмін... — Өз сөзінен өзі қуыстанды. Даусынан да өтірік пен үрей сезіліп қалды. Офицер де дәп төбесінен түскендей, “Өтірік” деп қойып қалды.

Енді бұған шегінетін жер қалған жоқ. Бірақ кержақтық қырсығы ұстай қалды.

— Басқа не іздеймін?! — Ол осы сәт бұл сөз алдынан шығады деп ойламаған.

— Бәсе-бәсе‚ — деп офицер жанып кетті. — Оның осындай сыбайласы барын сезгем... Алысқа ұзай алмасы анық-тын. Мына кержаққа сенген ғой. — Ол қасындағы қос әскерге қулана қарап қойды. — Бұл — Сібір емес қой‚ бір қашса қайтып табылмайтын.

— Иә–иә‚ — десті мосқалдауы.

— Ей‚ сатқын! — Офицер бұған қайыра шүйілді. — Қашқын қайда? “Халық жауын” қайда жасырдың?

Мына сөздерді естігенде Егордың екі көзі үкідей болды. Тұла бойы да қалтырап қоя берді. “Сатқын”‚ “қашқын”‚ “халық жауы” деген сөздердің байыбына бармаса да‚ аса ауыр айыптау екенін бек түйсінген.

— Жолдас офицер‚ мен бәрін де өтірік айтқам‚ — деп шыр ете қалды.

— Міне-міне‚ айттым ғой. Оңбаған сілімтік! — Оқалы қаһарын төкті.

— Мал іздеп шыққам жоқ. Қоянға қақпан құрып жүрмін‚ — деп Егор шынына көшті‚ зәресі де ұшып кетті.

—Оттапсың!

— Рас айтам‚ жолдас командир! — Егор өзі білетін “командир‚ комиссар” деген екі сөздің бірін қосып айтты. — Жалғыз сауын сиыр үйде. Қақпанды төмендегі қоян жымына құрғам.

Бұдан әрі әңгіме қысқа болды. Бозбала кержақтың қара жонынан әпербақан жас офицер қазақы қамшымен осып–осып жіберді. Бірақ талдырмаш келген әлжуаз әскеридің қолы жеңіл тиді де‚ Егордың қалың күпәйкесінен бата қоймады. Олар қашқынның “сыбайласын” ұстағанына қуанып‚ кержақ баланы алдарына салып алып‚ тік құлақ көк итпен қатар қуалап әкетті.

Бұлар бесін болмай тау басындағы Чердояқ (Шірікаяқ) кен орнына жеткен. Ығы-жығы барақ-үйлер бой көтерген‚ әскери адамдар сапырылысқан үлкен селоның қақ ортасындағы қызыл кірпіш үйдегі шалғы мұртты‚ оқасындағы жұлдызы баданадай-баданадай бастықтың алдына алып келгенде‚ Егорда ес қалмаған‚ жан шықпаған еді. Ол бірден-ақ жас офицерге “топассың” деп дүрсе қоя берген. Оның Егор жайында айтқан сандырақтарына бір-ақ түкірді де‚ бұған жоғарыдағы “Ленинск” шахтасындағы лагерьден бір “халық жауының” қашып кеткенін айтып‚ Егор аңшы болса, қалайда соның ізін кесіп‚ тауып әкелуге септігін тигізсе — мол “поек” беретінін білдірді. “Поек” дегеннің не екенін түсінбесе де‚ зәресі ұшып тұрған бұл басын изей берді.

Өзін өрекпіп қуып келген жас офицер екеуі есік алдына шыққанда ғана байқады: оның жүні жығылып қалыпты‚ ал түйе бойлы тұғырда тік түрегеп тұрған шинельді‚ қолында мүштегі бар Сталин көсемнің таудай тұлғасы ғана түксиіңкі қалпы...

Тік құлақ “Борза” бастаған төрт салт атты бесін ауа қайыра жолға шықты. Олар сырты тікенек темір сымдармен қоршалған‚ төрт бұрышына төрт құлақты бейіттің басындай төрт мұнара тігіліп‚ қарауыл қойылған‚ көк теректің бөренелерінен қаз-қатар қиылып салынған‚ ара-арасы тағы да тікенек сымдармен бөлінген ұбақ-шұбақ барақтарды айналып өтіп‚ селоның терістігіндегі бұлақты жылғаға құлады. Егор село ішінен кеудесіне нөмірленген алақандай ақ шүберек тігулі күпәйке киген бірен-саран жанды ғана байқады‚ қалған арлы-берлі сабылған‚ жылы үйлерге кіріп-шығып жүргендер — дерлік әскерилер. “Халық жауын” індетуге аттанған бұлар күңгейін жақпар-жақпар жартастар жапқан, теріскейі тік‚ бірақ жалама жүзін қалың қараған мен тобылғы‚ ырғай көмкерген ұры жылғамен қарға адым жүрмей жатып құжынаған адамды қолтыққа кез болды.

Аумағы қабан күш алып жүгірердей кең қолтықты дөңгелете қиып салынған кертпе-кертпе қабырғалаған соқпақпен теріскей төбесіне темір телешкелерді итерген қара киімділер толассыз ағылып жатыр. Ал доңыз айналар табанда сандықтай-сандықтай тастарды ұнтақтап жатқандар мен қолтықтың батыс бетіндегі үйдей қарауытқан шеріп1 аузынан темір табан арқылы ерсілі-қарсылы вагонеткалармен ағылып жатқандар да баршылық екен. Басындағы бөркің түсер биіктен етектегі бұлақ суына дейін әр жерден күзет қойылыпты.

Өңі емес‚ түсінде де көрмеген мына қарбалас та суық көріністен Егордың жүрегі мұздаған. Бірақ қасындағы жирен түс жас офицерге сездіргісі келмеген. Санасына әлде бір салқын үрей ұялаған.

— Рудник осы. Енді біреуі — Жіңішкенің басында — “Ленинскіде”. — Офицер сөзге тартты. — Қара тасынан қалайы өндіріледі‚ Өскеменде...

Бірақ дауысым дірілдеп жүрер деп Егор үн қатқан жоқ... Офицер қарадай ызаланды.

— Үндемейсің‚ ә! Саған ұнамайды ғой... Есіңде болсын‚ бұлардың бәрі — жау. Нағыз жау — осылар‚ іштен шыққан арамзалар. Бұлар фашистерден де сорақы. Аяуға болмайды. Түп-түгел құрту керек. Ел майданда қан кешіп жүр‚ бұлар болса — нан жеп жатыр‚ — деп ол булығып қалды. — Әлі жассың‚ кейін бәрін де түсінесің...

Егормен бірге келе жатқан қос әскер де үндеген жоқ. Тек тік құлақ Борза ғана ауып–ауып деп‚ алыстағы күзетші қасындағы қандасына үріп қойды. Сонда ғана овчаркаға көңіл аударған Егор: “Тазы емес‚ неге “Борза” деп ат қойды екен‚ әлде тазыдан туды ма?” деген дерексіз ойға сана салды... Олар тез–ақ терең жылғаны құлдай, қолтықты айнала көрінбей кетті.

...Иісшіл ит айырылып қалған қашқынның ізін Егор оңай кесті.

Қашқын алыстағы “Ленинскіден” Жіңішкенің ішімен өзен жағалай жүріп келіпті де‚ әзірде ғана өздері қосылған жылға тұсынан суды кешіп төмен қарай кетсе керек. Ары қарай адам ізін таба алмапты жас офицер мен әскерлер‚ ит те өзен қуалай арсалаңдап кете беріп, иіс ала алмапты да‚ Топтеректің жазығына сарқар сонау Жіңішке ылдиындағы қақпан құрған бұған кез болыпты... Ағынды судан ит иіс алмасын‚ қуғыншы із шалмасын деген “халық жауының” зымиян қулығын сезе қойған сұңғыла аңшы дереу қарсы бетке өтті де‚ қаратал мен бозтал бұйралана өскен өзен бойын бойлай жоғары өрледі. Ондағы арам ойы — қашқын өзі құлдаған ағысқа қайыра қарсы жүре отырып, ізін жасырған деген байлам.

Арада темекі тартар мезгіл өткенде, жіліншік майын мұздатар тау суына шыдай алмаған қашқын шілікті иіннен жағаға шығыпты... Борза иіс алды да‚ Егор шілік арасындағы шалғы тимеген белуардан шөпті жапырған ізді ат үстінен шолды. Қашқын ізін күнгейдің әлде бір саласына тіке салыпты‚ Қарабұлаққа қарай бет қойыпты.

Күн де кешкіріп қалған. Жіңішкенің терең сайын көлеңкемен келген ызғар кеулеген. Түскі ас ішпеген қуғыншылардың да қарны сыр берген... Бірақ кері қайырылар‚ яки аялдар ой жоқ еді.

Алған беттен айнымаған “халық жауы” жымы да‚ із кескен қызыл жағалылар мен Егор һәм Борза да ымырт жабылып‚ жұлдыз жамырап‚ дүние қарауытып қалған кезде Қарабұлақ ауылына жақын отырған сиыршының қыстауы үстінен шықты. Қашқын бірақ орағытып өтіпті. Әлдекімнен секем алса керек‚ болмаса — айдаладағы адамдарға да сенбеген... Бұлар болса иттер үрген қыстаққа қайырыла кетуді жөн көрді. Түнімен тізе бүкпес жүріс болатын түрі бар‚ аз–маз ауқаттанып алғанның айыбы жоқ. Қашқын аяғы қырға ілікті. Көк ит те көп ұзатпас. Асса — Қарабұлақ ауылының көк желкесіндегі Көк Жотадан ұшырасар.

Бейуақта сау ете түскен суыт жүрісті бейсауат жандардан мосқал малшының үйі үрпиісіп қалған. Қазандағы қара еті жоқ қара көжені малшының үй ішімен Егор ғана ішті. Борза мен басқалары қалбырдағы бұқтырылған шошқа етін жесті. Офицердің ескертуімен ешкім сыр ашпады. Айналасы он бес–жиырма минөтте бұлар қаңтарулы ат беліне қонды.

Төңірекке қыркүйектің “бәйбіше жазымен” келген алагеуім түні түсіпті. Көз көрім жер көбең тартқан. Бөріше иіс алған көк ит те мосқалдау әскердің қолынан жұлқа тартып‚ құйрығы да жер сыза сүмірейе сызып келеді. Қоян жондана қарауытқан Көк Жотаның ту сыртына қорғалаған ай да көтерілер емес.

Қашқын екі-үш шақырымнан Қарабұлақ ауылын қиыстап‚ Көк Жотаның батыс жақ етегін айнала Ертіске қарай ентелей ұмтылыпты. Салт атты қуғыншылар ай Көк Жота жонынан аққу мойын көтеріле қуып жетті. Қиырға көз тігіп‚ қиянға шиыр із тастаса да, көк ит құтқармады. Әбден қанына қарайып келе жатқан жас офицер Борзаға талатып та алды: сүлдерін сүйрете болдырған бейшараны боқтап та‚ соққыға жығып та алды. Ақыры ат көтіне мінгестіріп‚ ай жарығымен алып қайтты.

Егор өзіне мінгескен “халық жауының” кавказдық армян екенін “Ара-ара!..” деп айғайлап‚ жансауға сұрағанынан ғана білді. Оған бірақ ешкім де құлақ асқан жоқ. Қатыгездік болмаса‚ қайырымдылық танытқан жоқ. Табанын тіліп, жаяу айдауға әлі біткен жау жүре алмады.

Ертесінде Евстафий бір дорба “поегін” алып елге қайтты...

Ішкені — ірің‚ жегені желім болып отырған шешесі ат үстіндегі жас офицердің етігін құшақтап тұрып‚ жылап-еңіреп рахметін жаудырды. Бұған қаңғып жүріп өлесің‚ ертең әкең келгенде не деймін деп торықты. Бірақ Егордың әкесі қанды қырғыннан қайтпады... Өзі ғана діңгектей дін-аман оралды.

Арада айлар өтті. Алтайдың ұшар шыңынан ұшан даласына дейін қар бекіді.

... Мезгіл — күңгірт қыстың көк моншақ қаңтары... Әкесінен хат-хабар да үзілді.

Бір күні жирен офицер түнделетіп келді де‚ мұны Чердояққа тағы алып кетті. Шешесі жас офицерге тапсырып қала берді. Егор болса өткендегі қуғын туралы Чердояқтағы тас тұғырда тұрған Сталин көсемге ұқсас Үлкен бастықтың алдына берген уәдесіне берік күйде қалып‚ туған анасына да ләм-мим тіс жармаған.

Бұл жолы әлдебір жүрек жұтқан Чердояқтың тап түбіндегі кен карьерінен ебін тауып сытылып кетіпті. Ол өткен қашқындай “халық жауы” емес‚ қанқұйлы қылмыскер “рецидивист” екен. Осыдан үш күн бұрын “ескі жаңа жыл” қарсаңында қатты боран тұрған. Кешкі апақ-сапақта ат құлағы көрінбес алас-күлесті пайдаланыпты. Сол кеткеннен ыққан малдай мол кетсе керек... Қамыс паналаған доңыз адасар ақ түтекте мандытып іздей де алмапты. Боран басылған соң жер шолған болыпты. Көк Жота жаққа да барыпты. Бірақ сай-саланы сірестіріп‚ қарашадан бері қара жатқан төбе-төбеге шейін тіреп тастаған тау арасындағы құп-қу медиеннен түк те кезіктіре алмапты.

Сонда ғана көсемдей шалғы мұрт Үлкен бастық Егорды алдыруға бұйырыпты.

Жасы алпыстан асып кеткен үш жұлдызды (“полковник” екенін Егор кейін майданға барғанда бір-ақ білді ғой...) Үлкен бастық:

— Та–а–ак, Евстафий! — деп шалғы мұртын сипап‚ даусын соза сөйлеген. — Сенің әкең фашистермен соғысып жүр. Сен де комсомолсың‚ соғысқа қарсы колхозда еңбек етіп‚ жан аямай тер төгіп жүрсің. Ал‚ мыналар‚ халықтың қанын теспей сорғандар... Сен әлі жассың‚ көп жайды түсінбейсің...

Өткенде “поек” алып дәндеп қалған Егор:

— Жолдас‚ — деп бір мезет ойланып қалып‚ — ком–мис–сар! — деді тұтыға. — Мен бәрін де түсінем. Олар — халық жаулары!

— Әлбетте‚ ұлым! — Оқалы зор бастық қолындағы басы қайырылған мүштегін асықпай сорды.

— Бізге мектепте де түсіндірген‚ — деп‚ Егор еті үйренген соң әрі ақтарыла‚ әрі өзінің білгіштігін таныта сөйледі. — Оларды әшкерелеу керек‚ — деп және қосып қойды.

— Ұлым! — Зор бітімді Үлкен бастықтың шалғы мұрты жыбырлап‚ жүзінде жылылық сәулесі ойнап‚ даусы қамқор күйде шықты: — Олар “халық жаулары” ғана емес‚ ішінде Отанын сатқан опасыздар да‚ кісі өлтірген қауіпті рецидивистер де‚ соғысқа бармай қашқан дезертирлер де бар. Немістерден де қауіпті бұлар... Неміс — жат жұрт. Ал жат жұрт атаулы — жау... Оларды бірден-ақ айырасың. Мыналар іштен шыққан шұбар жылан ғой... Қайсыбірі жат жұрт жады‚ қайсысы өз жұртың — айыра алмайсың.

Сәл тоқтап‚ теңселе басып мүштегін сорды. Сөзін қайта жалғады. Жас офицер кірпік қақпай тұр. Бұл да бар зейінін салған.

— Солай‚ балақай! Жат жұрт — жау. Бұлар да жат‚ бұлар да жау: белдеу жау‚ ірге жау!.. Ана қылмыскер қарашыны қалай да табыңдар! Өлсе — сүйегін‚ тірі болса — өзін жеткізіңдер!

— Рұқсат етіңіз! — деп жирен офицер шап ете түсті. — Біз шаңғымен аттанамыз. Егер сүйегін тапсақ, жеткізу қиынға соғады ғой...

Полковник ойланбастан:

— Он екі мүшесінің бірін жеткіз‚ лейтенант! — деді. — Фуфайкасындағы нөмірін ұмытпаңдар! Егор‚ ұлым‚ осы жолы әлгі итті тауып әкелсең — “поекты” екі есе берем. Үйдегі бауырларыңа да сеп...

Осындай ойлы әңгімеден кейін Егор барын салған...

Олар екі күн бойы ой мен қырды жалпақ шаңғымен тәуір арылтты. Ауыл-селоларға да соқты. Қас қылғандай көрдім-білдім деген жан кездеспеді. Алтайдың ақ түтегінен кейін күн де отыз градусты көрсете аяздатып тұрып алды. “Крещение” қызыл еспе боп ызғырықтатты–ай кеп-кеп.

Ит ерткен шаңғышы-қуғыншыларға да оңай соққан жоқ. Жұқа жас офицер ұшып жығылды. Бұлар амалсыз Топтерек-тегі Егордың үйіне бұрылған. Үйге кеп жан шақырған. Шешесі мен қарындас-інілері де қуанып қалысқан.

Күн көтеріле Құйғанға аттанған. Құйғандағы паром-сал басында күзет бар. Олар Ертістен ат шанамен Самарға қарай арлы-берлі өтіп жатқандарды жіпке тізгендей тексеріп‚ өзен бойын оқта-текте бөтен-бастақ адамнан арылта сүзіп шығып отыратын. Бір үміт — сол қарулы бақылаушы күзетте... Бірақ ол жаққа жүз бұруы мүмкін емес. Кім білсін‚ әккі қылмыскер тұп-тура солай қарай тартуы да ғажап емес. Өйткені үлкен қала Өскеменге қарай қозғалған көліктердің соқпай кетпейтін Ертістің бұл бетіндегі жалғыз ұрымтал бекеті осы.

Табанында толқыны тынып аққан‚ жүзіндегі көк мұзы құлаш жарым қатқан Күршім өзені бойымен емес‚ Чердояққа төте тас жол тартылған Теректібұлақ ойыменен сырғанаған. Түйе сағақты шилеуітті өңірден өтісімен‚ шошқаның түксіз терісіндей қатты күртік тегістеп тастаған жазықпен тас жолға да жетті. Осы тас жолмен Чердояқ кенінің құм-тасы қысы-жазы “ЗИС”-пен тасылып жатады. Құйған мен Күршім күресіне бір бүйірден келіп қосылатын таптауырын тас жол беті — балықтың қабыршағындай тайғақ.

Қашқын іздеушілер тас жолдың жиегімен тартты. Әудем жерден кейін Егор тас жолдың арғы бетінен жүз қадамдай жерде ұшып-қонып үймелесіп жатқан бір қора қарға-құзғын мен секектеген сауысқанды байқап қалды. Алқына сырғанаған қасындағы офицер мен жауынгер көңіл де аударған жоқ. Борза да былқ еткен жоқ. Бұл жолғы қашқын іздегенде Борзадан еш пайда тимеді‚ сімтік танауын көкке шүйіргеннен басқа... Егор қарға-құзғын өлексе болмаса тегін үймелеспесін біліп‚ жол жиегіне жақын жатқан не болды екен‚ жалтаң жазықтағы жол үстінде мал тұяғы тимесе керек еді‚ тисе де ығып кетеді: әлде, әлденеден өлген‚ ит-құс тартқан аң ба деген оймен, не де болса бұрыла кетуді жөн санады.

Аяқ сабылтып іздеп жүрген қашқын үстінен шыққанда‚ үшеуі де аңырайысып қалды. Сенер-сенбестерін білмей қурайдай состиды. Қарға-құзғын қардан кеше-бүгін аршып тастаған сүйектің қап-қара телегрейкасы‚ керзі етігі көзге оттай басылған. Борза ғана мәйітті айналсоқтай иіскелеп‚ қармақ салым жерде қоқаң-шоқаң еткен қарға-құзғынға арс-арс үре тап-тап береді.

Қас қағымда қаны басына шапқан лейтенант “Сволочь!” деп сыбап та жіберді.

— Өлген жерін қарашы... Ақыры жұмыс істемеу үшін өліп тыныпты. Фашист! Бір күн де болса майданға септігін тигізбей кетті‚ сұмпайы!

Етпеттей жатса да құзғындар сүйектің ашық беті-жүзін кісі шошырлықтай шоқып тастапты. Көзін үңірейте суырып алыпты. Жемтік көздеп‚ түз торуылшы арам құстар көк желкесінен көмірдей тұмсығын қадап‚ мойын сүйегін мүжіп‚ тіпті қара шашына шейін жұла шашыпты. Бас сүйегін ғана қуарта шоқымапты‚ ашық қалған сол қолын да қу ағаштай саудыратып тастаған екен.

— Орыс аюы‚ бұл саған Сібір емес‚ — дала... — деп ысылдады жас офицер. Хром етікпен қу басты теуіп-теуіп те қалды.

Бұрын өлген адам көрмеген Егор үркердей үркіп‚ үрейі ұшты...

Жандарындағы шұбалған шинельді жауынгер мыңқ деместен мәйітті шалқасынан аударып тастады. Оң қолының алақаны жазыла кеудесіне басылып‚ аман қалған екен. Ашулы офицер беліне ілген бесатардың ұзын пышағын қыннан суырып‚ көкқаяз боп қатып жатқан сұқ саусағын екі-үш қайтара соққылап шауып алды. Егордың тәні тіксініп‚ бойы мұздады... Қарға-құзғыннан аман қалған сұқ саусақты қармен ысқылаған болды да‚ офицер шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді. Егор жан қалтасына жылан салып жібергендей тітіркенді.

Лейтенант: “Қайда қоямыз? Көметін қайла мен күрек те жоқ‚ жер де тоң” деп бұған қарады. Қарадай қалтырап тұрған мұның ойына бірақ түк кірмеді. Тығырықтан жауынгер жол тапты: «Жар астына апарайық» деді. Бірақ жол мен Күршімнің құрғақ жары арасы үш-төрт шақырым еді. Таңдай-таңдай иіріліп тастаған күртік бетімен жеткізу де оңай емес.

Осы тұста барып Егор араласты. Ол аяғындағы жалпақ әскери шаңғыны шешіп‚ басынан жауынгер бесатарының асынар бауымен мұрындықтай буды. Серейіп жатқан сүйекті үшеуі жабыла шаңғы үстіне тастап‚ баудың бір ұшымен қолтықтың астынан ала тағы байлап тастады. Офицер мойнындағы бесатар бауын да шешкізіп алып‚ сүйекті сүйретіп жүруге дайындады.

Сағатқа толар-толмаста шаңғы үстіндегі аруақты кезек-кезек сүйреген үшеуі көктем мен жазда ұлы арнадан асып‚ осынау ұры арнаға қоса толып ағатын асау Күршімнің құрғақ жарына да жеткен. Терең жарды мелдектете қар алып қалыпты. Егор жар жағалай ыңғайлы жер қарады. Әлдеқандай иірімнің бұрмасы алқымына қар тұрмай‚ табанына дейін ұшырып әкеткен екен. Бұлар етігі мен күпәйкесі шешіп алынған иықты да ұзын бойлы мәйітті жар ернеуінен итеріп жіберді. Кісі бойы тік жардың жарылып тұрған жарығына өкшелерін тіреп‚ жиекті үшеулеп опыра жығуға тырысты. Тіпті күш ала алмағасын қаз-қатар отыра қалып‚ жарыққа салмақ салған кезде‚ әжептәуір жар жиегі омырыла құлады. Құрғақ жар астынан бұрқ етіп шаң көтерілді. Үсінген сүйек топырақ астында қалғанына көздері жеткен олар Борзаны ертіп бұрыла жөнелді.

Көктемгі Күршім суы шайғанша қозғалмастай ауыр топырақ басқан арыс кеуделі мәйіт жаншылып қала берді...

Чердояқтағы Үлкен бастық шүлендік танытты. Шала құрсақ үй ішіне Егор шошқаның алақандай-алақандай төстабан “саласын”‚ екі жүз грамм сары май‚ бес бірдей ет бұқтырулы қалбыр алып қайтты.

Көсемге еліктейтін мүштікті Үлкен бастық арқасынан қағып шығарып салды.

Ақ шұнақ аязды‚ ақ сирақ боранды қыс та қыр асқан. Көрші қазақ кемпір “наурыз көжесін” дәмдеп‚ маңайға үлестірген. Көктем шуағы сиыр белін жібіткен. Қыстан шыққан арық қояндай ауыл балалары кебу күншуақта асық қаққан. Қатыңқы қабақ адамдардың әжімі жазылғандай бір жеңіл‚ желікпе сезім пайда болған. Май басқан борсықтай жұп-жұмыр қысқы Алтай да көктем қызуымен арсалана алашабыр тартқан. Көкек келіп‚ күн ұзаған.

...Мезгіл – көк мұнар көктемнің көкөзегі...

Осындай көкек келіп, күн ұзаған, табиғат иіген күндердің бірінде баяғы жирен лейтенант “Виллис” машинасымен жетіп келді. Қаңтарда қатып қалған қашқынның кесіп алынған сұқ саусағынан тіксініп қалса да‚ Егор тартыншақтай алмаған. Жілік майлары жұқарып отырған інілері мен қарындасын‚ жалғызілікті шешесін де ойлаған. Полковник лагерьден қашқын қашыпты десімен‚ қуғыншы шығармастан бұған жұмсапты деген офицер сөзі де қамшы болды.

Қашқын баяғы Бұлғыртау бауырындағы “Ленинск” кен орнына бой жасырыпты. “Трудармияның” өкілі екен‚ жұмыстың ауырлығына шыдамаса керек. Ең қауіптісі — осы Күршім өңірінің адамы... Үлкен бастықтың бұған тәптіштеп түсіндіруінің тағы бір себебі де осында‚ ел ішіне жасырынуы да оңай‚ жер жігімен жылыстауы да жеңіл.

“Аудан орталығы Құмашқа да хабар салдық. Олар да ай қарап қалмас‚ туған-туысқандарын бақылауға алар... Өткен күзде “Трудармия” есебінен жиырма шақты күршімдіктерден бас бұзып отырған бұл — алғашқы‚ — деген полковник: бар үміт — сенде‚ деп сенім артқан. — Майданға сәл-пәл жасы асып кеткендер мен бойында болмашы ақау барлар еді ғой‚ қыл аяғы бұлар да Отан үшін қызмет еткісі жоқ. Сатқындар! Қарындары тоқ‚ көйлектері көк әйтпесе...”

Ол мүштегін асықпай сорған...

Былтыр күзде “трудармия” дегенді талай естіген. Әлде- кімдерді алып кетіпті дегенді де құлағы шалған Егор. Бірақ оған мән бермепті. Ал енді олар тап іргедегі Чердояқта жүр деген мұның миына кіріп шыққан емес.

Көкек келсе де тауда қар қоңын бере қоймапты. Ат бойы түскен ақ шаңқан астынан ерісе де‚ өз майын жеген аюдай бауырынан жұқаратын Алтай қарының жал-жал жоны жайнап жатыр. Ойдағыдай емес‚ тау басындағы таза қар көз қарықтырып‚ саф ауа ми зеңдіреді екен.

Бұлар бес адам аттанған. Итсіз. Борзаға қыста белгісіз біреу ине тастап‚ запыран құстырып өлтіріпті... Жирен офицер тұтқындардан келген қысас дейді. О да мүмкін!

Қашқынның кім екенін әскерилер айтқан емес‚ бұл батылы жетіп сұраған емес. Бұл жолы да солай болды: күршімдік болса — күршімдік шығар‚ бірақ онда мұның несі бар... Жерлес болса өзіне: екі туып‚ бір қалғаны емес. Лагерьден‚ жұмыстан неге қашады? Мұның әкесі болса сұрапыл соғыста жүр. Хат-хабар да жоқ. Өлі-тірісі мәлімсіз.

Атпен омбылап шыққан бұлар Бұлғыртауды бөктерлей, “Буденовка” селосына қарай бет алған қашқынның былай шыға аяғына шаңғы іліп‚ алыс Жайдақтың қарағай-шыршалы қиясына қарай сапарлаған ізіне куә болысты. Еріксіз астына мінген күліктерін бір жауынгерден қайтарып‚ өздері де шаңғыға салмақ салды. Қашқынның қиян түзге бет түзегенінен‚ аяғына шаңғы тауып ілісінен тегін адам емес екенін‚ қашуға мұқият дайындалғанын қуғыншылар да түсінген. Алтайдың елсіз-күнсіз өр басына бағдар алуында да көп сыр жатқан: атпен қуып жете алмайды‚ қалың қардың оппасына құлайды. Бас тіккен жаяу-жалпыға да оңайға соқпас‚ аяқ астынан тау басында көтерілетін алағай-бұлағай боран ішінде адасып‚ үсініп қалуы да мүмкін, тіпті көшкін қаупі де бар... Бірақ қуғыншыларды бас тартқызатын күш жоқ еді. Ту сырттарында түксие қарап Үлкен бастық тұр.

Күн көкжиекке қарай салбыраған сайын‚ бұлар биікке кеуделеген сайын ызғар күшейген. Кеш қарайып‚ сам жамырағанша тоқтамай жүре беруді жөн көрді. Қашқын да ұзап үлгермесін. Күндіз қар беті жіпсіп‚ шаңғы табаны суланып‚ тұсаған аттай жүріс өнбей қойып еді‚ ұлу қабыршақтанған қатқақ түсімен адым да ұзады. Қимыл да ширады. Бой бусанып‚ буын босады.

Қызыл іңірде ғана аяқ суытқан қуғыншылар қарағайлы орман арасында от жағып‚ ас-су ішісті. Ықтасынды ой іші қоңыр салқын‚ ызғырықсыз еді. Олар ай туғанша демалуды дұрыс көріп‚ оттың айналасына жас шыршаның бүрін төсеп‚ күзет қойып жатты.

Қорғалаған ай түн ортасына таман көтерілгенде ғана жирен лейтенант Егорды оятты. Ай жарығымен қуғыншылар із соңынан ілесті. Күндізгі жүріс қалжыратып-ақ тастаған екен‚ таңдары созыла‚ тыныстары тарыла алқынған. Бірақ түнгі суық пен күндізгі сабылысқа қарамастан бастырмалата қуып‚ қашқынның аялдауына мұрсат бермей, жолын кесуді ойлады. Тілдей ғана қос сораб жарық айдың сәулесіне шағылып‚ құс жолындай сайрап жатыр. Орманы селдір биік-биіктің басын шала сырғанаған қашқын да әккі көрінеді. Әзірге қарасын көрсетер емес.

Көгілдір сәулеге бөккен аппақ қарлы‚ көк бұйра орманды тау түні көңілге бір жайлылық ұйытады. Қашқын соңынан ақ тер-көк тер болып келе жатқан қыңыр тірліктерін де бір сәтке ұмыттырып жібереді. Оқта-текте ғана үкінің үнінен бойларын жиып алады. Сол-ақ екен Жайдақтың ұлы жонына қарай жандарын салады.

Өткен түнде лагерьден қашқан жан ұзап-ақ кеткен екен. Әзірге із бетін ине қырау басқан күйі... Әлдеқандай шырша астына дамылдап‚ от жағыпты. Бел суытып‚ жеңіл-желпі жүрек жалғап алған сыңайлы.

Олар ай жамбасқа жылыстап, түсі қаша бозарғанша‚ сораб жолақ жүзінен жанар айырмағанша толассыз жүріп‚ амалсыз аял құрды. Таң ағарып атқанша‚ шолпан жұлдыз батқанша тағы да қорамал қарағай жалынына жылынып‚ кірпік қамастырып алғанды жөн көрді. Таң қараңғысы мен таңғы суықтан да қорынған еді.

Жирен офицер таңды жөтелмен қарсы алды. Қаңтардағы қуғын кезіндегідей жұқа жігіт тағы да қызулап қалды. Қолқасынан кінәраты бар оны көкжөтел қысты. Енді қуғыншыларға жол ауырлайын деді‚ бойын балқытар спирт ішсе де, лейтенанттың көп ұзамай-ақ діңкесі құритыны белгілі болды. Ал аялдау — қашқыннан айырылу. Жас офицер сүйегіне қарысып, сырғанай беруге бел байлады.

Жайдақтың жатаған бауырына іліге қашқынның әлдекіммен жолығысып‚ әудем жер қатар жүре іздері екі айырылғанының үстінен шықты. Айдалада аңшымен бе‚ жоқ әлде жоқшымен бе‚ бәлкім сыбайласымен бе жолыққанына бұлардың көзі жете қоймады. Әдейі жолдан адастыру үшін бе‚ әйтеуір ақ қардың бетін шілдің ізіндей шимай-шатпақ шиырлап‚ шаңғыдан түспей айғыздап алыпты да‚ бірі — бауырға‚ бірі жонға бұрылыпты.

Егор қанша үңілсе де, қашқынның қалай қарай бет түзегенін біле алмады. Шаңғы шиырынан қашқын ізін айыра алмады... Бұлар амалсыз екі-екіден екіге айырылды. Егор — жонға‚ көксау офицер — бауырға... Бауырлаған із еңкейе барып, терең етектегі Маралды — Маралихаға тірелетіні күмәнсіз. Жирен офицер: қашқынның қарау ойы — алдын ала жолығысуға жазған жансызбен келісіп‚ соңындағы қуғынды жонға қарай салып жіберіп‚ өзі Маралихаға жалт берген деген байлам еді... Бұл уәжге Егор келісе қоймаса да‚ оның айтқанынан шыға алмады.

Із де соны. Көп ұзамай қуып жетуге де болады деген ой бәрінің көкейінде тұрды. Кешеден бергі сүргіннен қауқары шамалы аш-арық қашқын да сыр беруге тиіс.

Алыстан торайдай томпиған аппақ Сарытаудың зор тұлғасына көзін қадап қойып‚ Жайдақтың күнгей жақ тік қиясы ернеуімен жылдам жылжыған Егорларға бас айналар төмендегі Маралиха‚ Қойтас‚ Қыстау Күршім мен Бурабайға дейін көмкерген Күршім өзені өңірі алақандағы әжімдей көрінген. Қасындағы жауынгер екеуі Жайдақтай ұлы жая үстінен еркін тыныстап‚ күнді бетке ала жүгірген. Түс те таяған. Ентіккен офицерден бөлінгелі жүріс те мандыған‚ қарқын да күшейген. Лейтенант тапаншам бар ғой‚ әлдеқандай жағдай болар деп, бұған берген бесатар жауырынын соққан... Қолына бесатар тиген соң, бозбала көңілі де марқайып қалған.

Көкек айы келсе де басына бұлт түнейтін Құзғынды-Жайдақтың мол қарының мұрты да бұзылмапты. Жауынгер екеуі жыланның қос айыр тіліндей егіз жолақты өкшелей түсіп‚ бір биік тұрғыдан айнала бергенде, ілби жылжыған қашқынды тас лақтырым жерден ұшыратты. Екеуі де күтпеген кездесуден қалт тоқтады. Кенет Егор шатыр-шұтыр бесатар шақпағының қайырылған даусын естіді... Сол мезетте ғана өзі де мойнындағы мылтыққа жармасты. Қашқын да кілт тоқтап‚ бұларға басын бұрды.

— Тұтқын‚ тоқта! — деп артқы жағынан шақпақ қайырған жауынгер бұдан бұрын саңқ етті. — Қашып әуре болма‚ қарсыласам деп те ойлама‚ бір-ақ оқ жалынады.

Осы сөзді күтіп тұрғандай‚ қашқын шаңғысын қиғаштай тура Егорға бұрылды. Егор да шаппа-шұп шақпақ қайырды.

— Өлтір мені... өлтір иттің баласы! — деп қашқын бұған қарай ұмтыла сырғыды.

Өзі де шошына үрей билеген Егордың қолы шүріппені қалай басқаны белгісіз. Жайдақтың ұлы сауыры дүр сілкіне жаңғырықты да‚ құлама қия жақтан суси жылжыған ауыр қар сырылы естіліп‚ іле күркіреген көшкін даусы шықты. Көз алдындағы қара күпәйкелі адам да оқыс тоқтап‚ теңселе шаңғы таяғына сүйеніп‚ іле тізерлеп қалды... Аңшылықпен айналысқан Егордың кержақ қолы жазбай тапса керек‚ тұтқын ішін баса ыңыранды. Қия қуалаған қар көшкіні дау-сы да ұзай түсті.

— Неге аттың? Ол бізге тірідей керек болатын‚ — деп жауынгер шыр ете түсті.

Егор көзі бақырайған күйі үндей алмай қалды... “Мен адам аттым. Кісі өлтірдім!” деген суық ой шарпыды. “Жоқ-жоқ‚ мен қашқын жауды аттым. Жұрт соғысып жүр‚ ал мына сұрқия қашып жүр... Әкем де дұрыс дер еді. Бұл — жау!” — Найзағайдай тағы бір ой тайталаса кетті.

“Жә‚ жүр енді” деген жауынгер сөзіне бұл еріксіз ерді. Олар жүрелеп отырған қашқын қасына келді. Жаралы қашқынның отты жанары Егордың жүзін қарыды.

— Ә‚ сенбісің‚ Жагор! — деген таныс дауыстан селк ете түсті. Үн-түнсіз үңілді.

О‚ құдірет! Сағым ғой‚ мынау... Өзін аң аулауға‚ із кесуге баулыған Сылтық Сағым.

— Е‚ бәсе‚ соңымнан құлғанадай қуған кім десем‚ — ол ауырсынып кетті‚ — сен екенсің ғой‚ Жагор. Қап! Қайтейін‚ кеш бәрі де...

— Сақ–аға! — деп Егор да отыра кетті. — Қалайша сен қашып жүрсің? Лагерьге кім жіберді? Неге? — Сұрақты жау-дыра сасып қалған.

— Ех–ех‚ Жагор! “Майданға бармасаң‚ малға бармасаң — жер қазуға барасың. Қазақтардың бәрі жалқау‚ мал бағам деп бойын баққан. Сен де өгіздейсің — өлмейсің” демеді ме... Әттең‚ сен болмағанда қар басқан түлкідей шалдырмас ем! Аш бөрідей алдырмас ем! Қайтейін!

Екі бүктелген Сылтық Сағым қисая кетті. Аш күзендей шиыршық ата ауырсынып жатты да‚ қайтып тілге келе алмады. Езуінен ыстық қан табы білінді.

Егордың да санасы суына отырып қалды. Әлгіндегі булыққан өксік те‚ буынған өкініш те ғайып болды... Бойы жеңілдеп‚ жазықсыз төгілген қанға деген аяныш сезімі сап тыйылды.

...Сиыр бесін іліне жирен офицер де қайтып оралды. Сырқаты да күшейе түсіп‚ үсті-үстіне дамылсыз жөтеледі. Албыраған жүзі де алау-далау. Есеңгіреген Егорға ештеңе демеді. “Сілімтік ‚ сволочь!” деп сүйекті боқтады. Жауынгердің біріне қашқынның шалбарын‚ жылы дамбалын шештіріп‚ абыройын аштырды. Суынып үлгерген сүйектің еніне еңкейіп‚ қылпылдаған бәкімен қолақпандай қылып ұлы мүшесін кесіп алды... Ен түбіндегі әлі де қан толы тамырлардан шып-шып шыққан қан түйіршіктері көрінді.

Мұндай сұмдық суық көріністен Егордың да‚ жауынгерлердің де бір сәт жүрегі тоқтап‚ жаны түршікті. Аруаққа істелген хайуандық әрекеттен аза бойлары қаза болды. Жапанды жалғыз билегендей‚ Үлкен бастыққа арқа сүйеген, үшеумен санаспас жирен офицер ғана былқ еткен жоқ.

Қашқынды көмусіз тастап кете алмады. Қыс емес — көктем. Жонға мал қашады‚ соңынан адам қуады дегендей. Бұлар Сағымды өзі жатқан тұрғының төбесіне сүйреп шығарып‚ тұрғы басындағы баяғыдан мызғымай жинау-лы тұрған қарақшыны тып-типыл бұзып‚ таулы өңірді қарауылдап тұратын сол тас қарақшының жалпақ тастарымен бастырып тастады. Қашқынның жүзін тас оба жасырды.

Бесін белге құлай, етекке қарай бәрі де қозғалып кетті.

Міне‚ осы шақта бұлардың төбесінен терістікке қарай сап түзеген жауынгерлердей, тырналардың мол тобы ұшқан. Бәрі де Егормен тоқтай қап аспанға көз салған.

...Трау–трау... трау–трау... трау...

О‚ жасаған! Бүгін де тырналар терістікке жебенің ұшындай қадалыпты. Керең де мылқау кержақ шал қанаттың суылын естімесе де‚ мысықтай өткір көзін көкке сығырайта қалыпты. Кенет ол көзін тайдырып‚ қармағын жинап‚ кетуге дайындалды.

...Иә‚ бұл іштен тынғалы қашан? Ішіне қан қатқалы қашан?! Жас кезінде күйінген баяғы бір істеріне бұл күнде сүйінген кержақ-орыс қой. Сібірдің кәрі аюындай селт етпес‚ секем алмас күйі өтер де кетер. Енді көп қалған жоқ қой.

1997 жыл‚ желтоқсан


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Асқар Алтай Кержақтың монологы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Асқар Алтай Кержақтың монологы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]