Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Отбасындағы әңгіме

Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы | Отбасындағы әңгіме

От басындағы әңгіме әртүрлі бола беруші еді. Қазақтың кедей шаруасының революциядан бұрынғы әнгімесінің бір түрі мынадай болатын. Мысалы, наурыз тұрып, жер жібіп, жана жыл келген соң Әбділ үй ішін от басына жинап алып әңгіме бастайтын. Зағипа, сен Итбайдың сиырын саууға тұр. Артылған іркіті болса да, үйге әкеліп тұрарсың. Сәлім, сен Итбайдың қозысын бақ. Бір жылғы табан-ақы, маңдай терің үшін түк бермеді ғой. Бәрібір сабап-сабап бақтырады. Одан да ең болмаса өйтіп-бүйтіп тамағыңды асырарсың.

Ал коллективтендіруден он жыл кейін от басындағы әңгіменің түрі былай өзгерді. Әбділдің әйелі ойда жоқта қалада тұратын кіші баласының үйіне барамын деп әзірленіп жатты. Үйге кірген Әбділге «маған ат ерттеп бер» деп жабыса кетті. Бұрын әйелінің бетін қайырмайтын Әбділ осы жолы шыдамнан шығып кетті. Ол: істеп жүрген жұмысың қайда, көпшіліктің тапсырған ісі қайда, ферма меңгерушісіне айтпай кетіп қалғанын ұят емес пе және қазір колхоз жылқысы өрісте ғой,— деп өзінің шыдамсызданғанын тыжырынған қабағымен байқатты. Бірақ бұл қабақтың өзі жасынан үйреніскен жау болғандықтан Зағипа қояр болмады. Қайта одан сайын жабыса түсті.

— Е, немене, мен болмасам, сепаратор тартылмай қала ма? Менен де басқалар бар емес пе? Өзі зырылдап тұрған машинаны бұрай беруге еріне ме? Сүтті тартып, майды колхоз қамбасына өткізіп беріп жүрміз ғой осы,— дейді Зағипа.

— Сен тәртіп сақтамай, ешкімге айтпай кетіп қалған соң, орныңа кісі белгіленбейді де, ертең сүт тартылмай қалады. Сенің кетуің ертең мемлекетке майды аз өгкізуге салдарын тигізеді,— дейді Әбділ.

— Жоқ, менің өз еркім өзімде. Кетемін деген соң кетемін.

Ат ерттеп бермейсің деп еріне ашуланған Зағипа оның барлық сөзін жақтырмай шығып бара жатқанында үйіне баласы кіріп келді. Жаздың күні. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Ал Сәлімнің шешесі басына кимешек киіп, оның сыртынан қарағайдай күндік орап алыпты. Күндік болғанда да мұның өзі бір келіссіз нәрсе. Кәдімгі шаршылап тіккен кездемені орап-орап, ең үстіңгі жағын сиыр мүйіздендіріп қойыпты. Сәлім еріксіз мырс етіп күліп жіберіп, шешесінен қайда баратынын сұрай қойып еді.

— Қалаға, Ғалымның үйіне барамын, қыдырамын,— деді шешесі.

— Күн болса ыстық, мына жаулығыңыз бен кимешегіңізді тастап, басыңызға жалаң шәлі салсаңыз қайтеді?

— Жоқ, қыдырғанда кимешек киіп, күндік орар болар, әйтпесе сәні келмейді,— деді де, шешесі үйден шығып жүре берді. Сәлім шешесіне бұрылып, «қолыңызда ұршығыңыз жоқ қой» дегісі келді де, ыза болып қалар деп аузын жаба қойды.

Қалаға келген соң Зағипа өзі қатарлы әйелдердің басынан ондай кимешек пен жаулық көре алмады. Сондықтан бұл өзіне де ерсі көрініп, келініне айтып, шәлі сатып алғызды. Кешке қарай қызметтен баласы келген соң Зағипа үйден қалай шыққанын, ерінің, Сәлімнің сөздерін де көбейтіңкіреп, өңін айналдырыңқырап, өзгертіңкіреп жеткізді. Тіпті, арасына олардың айтпаған сөздерін де қыстырып жіберді. Ертеңіне кешке қарай Ғалым шешесін театрға ертіп барып еді, Зағипа театрдан колхоздағы бір жалқаудың оғаш мінезін көрді. Ол да жұмыстың қауырт кезінде Зағипа сияқты қыдырып кеткен біреу екен. Зағипаның ойына ерінін «жұмыстың қауырт кезінде қыдырғаның» дегені түсе кетті.

— Қыдырған жаман емес пе, ә, балам?—деді Зағипа Ғалымға қарап.

— Әрине, жаман. Қалай, ауылыңызда мына жалқауға ұқсайтын ешкім жоқ па?

Шешесі үндемеді. Сонымен, Зағипа ертеңіне-ақ колхозға қайтып келді. Ертең жұмысқа барған соң ұят болады-ау деп қысылды. Қысылмағанда ше? қым-қиғаш қызу жұмыс кезінде ел қыдырған деген не. Ең болмаса айтпай да кетті-ау! «Miнe қызық, қыдырғаны құрысын, қызаратын болдым» деп күңкілдеп қояды ол.

— Кетіп қалғаным ұят болды-ау, шал. Фермаға барғанда не айтсам екен?—деп сұрайды Зағипа ерінен.

— Өз еркің өзінде, өзің біл...

Зағипа ерінін бұл мінезіне тағы да шытынай түсті. Өз сөзін өзіне қайталап, кекеткеніне жарыла жаздап ыза болды...

Сол жылдың аяғына таман осы үйде мынадай әңгіме басталды. Шай ішіліп, көңіл жадырап отырғанда Сәлім биылғы табысын есептеді де: «Мен еңбеккүнге алған ақшалай табысымның бір бөлегіне драп пальто, патефон сатып аламыз,— деді. Шешесі оған драп пальто не керек, одан да арзанға түсетін тоқтышақтың терісін киіп жүре берсе қайтеді. Жылы десең жылы, төзімді десең төзімді. Патефон деген не ол, оған шығарған ақшама ақ құйрық шай сатып алып, құрттан бір тістеп қойып, терлеп-тепшіп ішіп отырсам, соның өзі бір ғанибет емес пе?— деген сөздерді айтты. Шешесі солай дегенмен Сәлім өзінің дегенін істеді. Жыл аяғында драп пальто, патефон сатып алды.

...Соңғы әңгімеден бері қарай он екі жыл өтті. Бұл семьяның өмірінде талай өзгеріс болды. Зағипа одан бері жергілікті советтің депутаттығына екі рет сайланды. Кезекті сессияның біріне бара жатқанында Сәлім шешесінің осыдан он екі жыл бұрынғы бір айтқанын еске түсіріп былай деді:

— Апа, кимешек киіп, күндік орамайсың ба?

— Жоқ, құлағым дүңгірлеп, естімей қалады.

— Өйтпесеңіз сәніңіз келмейді ғой.

— Ондай «сәнді» қойдық қой.

Зағипа сессиядан қайтып келген соң Әбділ қарттың үй іші биылғы еңбегіне қорытынды жасады. Жамбыл атындағы миллионер колхоздың мүшелері заттай да, ақшалай да мол үлес алатын болды. Әсіресе, семьядағы үлкен жаңалық — Сәлімге егіннен мол өнім жинағаны үшін Социалистік Енбек Ері атағы берілді. Бұл шексіз қуаныштың өзі колхоздағы бір жылдық еңбектің жиынтығымен қат-қабат келді. Колхоз қуанышын өз үйінің қуанышы деп санауды дәстүрге айналдырған Зағипа осы жолғы әңгімені былай бастады:

Жаңа жыл сағаты соғысымен колхоздың жаңа салған электр станциясы іске қосылады. Бұрынғыдай емес, бұл күшті су электр станциясының қуаты өзім істеп жүрген ферманың жұмысын механикаландыруға пайдаланылады. Мен бір радиола сатып алайын деп отырмын. Жана станция жұмыс істей бастағанда радиоланы қосып, тамаша ән-күй тыңдаймын. Сөйтіп, ферманың механикаландырылуына байланысты үйге той өткіземін.

— Сіз еңбеккүнге алған ақшаңызға ақ құйрық шай сатып алып, терлеп-тепшіп ішіп отырмайсыз ба?—деді Сәлім шешесіне. Шешесі бұл сөзге күліп жіберді де:

— Мен бір жылдық табысыма, егер керек деп тапсам, бірнеше центнер шай сатып ала аламын. Ал маған жаңа жыл мейрамында сайрап туратын радиола керек. Сондықтан бұл тілегім орынды ғой деймін. Ал сен шешеннің баяғыдағы бір сөздерін ұмытсаң да болады. Өйткені шешең одан әлдеқашан арылған болатын,— деді.

Қазіргі семьядағы әңгіменің түрі осы, Қандай өзгеріс десеңізші!

1953


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Отбасындағы әңгіме туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Отбасындағы әңгіме на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]