Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұлы | Дүниенің байлығы

Әңгіме:  Балғабек Қыдырбекұлы |  Дүниенің байлығы

(этнографиялық әңгіме)

Сарай іші қатты абыржулы. Қызметшілердің бәрі тілаузын қойып қалғандай үндеспейді. Бір жағы шағылмен жалғасатын хан ордасының төңірегі көтерілген желден шаңытып тұр. Ұстарамен тақырлап алғызған адам басындай тып-тықыр жерді құйын әлсін-әлі сыпырып өтеді. Ұстара демекші Әз-Жәнібек хан да басын ұстарамен қырғызып қойғалы екі күн болған. Өзі де қанын ішіне тартқан қара сұр адам шашын алғызған соң ұсқыны кетіп, сұр жыландай ысқырып отыр. Бүгін жай, күн сәске болып қалғанда тұрған соң одан сарайдағылар әлдеқалай көңілділік күтіп еді. Жоқ, болмады. Қаны қашып, бетінің әжімі айдалған жерде өтпес соқа қалдырған атжалдай жырым-жырым болып кетіпті. Кешегі ашуы бүгін де басылмаған сықылды. Бүгін де келе салысымен, ордадағы орнына отырмай жатып Жиренше шешенді іздеді.

Жиреншенің осындайда табыла кеткенін әркім-ақ қалағандай еді. Өйткені шешендігімен болса да, көсемдігімен болса да ханды әңгімесіне еліттіріп, бәрін ұмыттырып, тұтасып жауғалы келе жатқан бұлтты көтеріп айдап кеткен желдей хан басындағы жаман ойды сәл ғана сейілтіп жіберуші еді. Ондайда ұсқыны кетіп, дүниенің бәрінен күсіп отырған хан сабасына түсіп жарқылдап, жадырап сала беретін. Ордада қызмет ететін, сұлулықтың құдайындай Керім деген сұрша жігіт бірде тіпті ойын естіртіп айтып қалған да болатын.

— Құдай бәрімізді де алып, дүниеде тек Жиренше секілді адамдар ғана қалса қандай жақсы болар еді.

— Дұрыс, Керім, дұрыс,— деді хан. Керім шошып кетті. Сарайдың сонау бұрышында тұрып айтқан сөзін хан қалай естіп қалды? Әлде ханның да алыстағы айтқанды естіп қоятын бір көріпкел, әлде естіп кел пәлесі бар ма екен? Керім алыста тұрып Жәнібек жүзіне қарап еді, оның түсі таңғы қырау түсіп, бастары көтеріліп күнді сүйіп тұрған ағаштай әрі кіре қалыпты. Ханның аз да болса жүзін жылытқан өзінің сөзіне өзі қайыл болып қалды. Өйткені ханның мінезі белгілі. Ол қанша әділ болдым десе де ауытқымай тұрмайды. Әсіресе осындай хан қара есекке теріс мініп отырған шағында даулы іс келе қалса, жазықсыз жазаланып кететіндер болады. Сондықтан да Керім де, сол сияқты басқа қызметшілер де ханның мүләйімсіп отырғанынан мүнәйім болып отырғанына құл болғысы келеді.

Жәнібек Керімді қасына шақырды. Түсі жылы. Бірақ кім біледі, ол күліп отырып-ақ жұртты күмірем қаптыра салады, қозы артында жатпасын кім біліпті. Осыларды ойлап Керім қияқтай мұртын бір сипап төрт-бес қадым жерге келіп, тағзым етіп:

— Ләплай!— деді.

— Сен бүгіннен бастап бейдама бол! Сені әдемі туғандығың үшін хан сарайын көркейтетін гүл ретінде қамап ұстап келдім.

Керім бұл сөзге сене алмады. Өйткені бұл мұнда сұранып келмеген. Әлдеқалай хан базарда тұрғанда хан шабарманы келді де, алды да кетті. Алғаш бұл теперіш көрем бе, әлде зындан түбінде жазықсыз шіримін бе деп қорқып еді, олай болмады. Жібек шапан киіп, гүлдері белбеу буынып хан сарайында жүреді. Тек басқа елдерден елшілер, жаушылар, ділуарлар, ділмарлар келгенде ғана бұл іске араласып, жеңіл-желпі қызмет атқарады. Келген қаба қытай, құба қалмақ, марғау машындар мұның пошымына қайран қалып, бейнесіне бейіл салып отырды. Осы үшін ғана Жәнібек мұны екі жыл бойы сарай тұтқыны етіп отыр еді. Кейде тіпті Керім әдемі қылып тапқаны үшін шешесіне де талай ренжіп еді. Енді, міне, хан бейдама бол деп отыр, рас болса сүйгеніне қосылып, хан қасында отырмай-ақ, еркін дүниеде жарымен қол ұстасып сайран салып жүрмес пе! Жұртты билеп-төстеп қалған адамның аузынан жарым ырыс шығып тұрғанда табанын жалтыратқаны абзал. Ендеше қайыл болғанын тез білдіріп, есікке беттегені жөн. Керім аузын аша бермек еді, Жәнібек қайта сөйледі.

— Бірақ...— Хан ойланып, аузынан шыққан жалғыз лебізден кейін үнсіз қалды. Ол қайта сөйлегенше өткен қас қағым уақыт Керімге жылдай сезілді.— Сені Жиренше келгенше ұстай тұрамын.

Жиренше бұл күні де келмеді. Жәнібек жараған бурадай шабынып, қабағын қайта ашпай қойды. Дәрібі алысқа кеткен, ақылы асау теңіздей, көтерімділігі қоңыр өгіздей Жиренше бұл күні қолға түспегендіктен, ханның қабағына үйірілген бұлтты сейілтетін адам табылмады, ешкімнің сөзіне иланбады, илікпеді. Кеш осылай батып еді. Міне, бүгін тағы хан қантүленіп, қабағына қар жауып, кірпігіне мұз тоңып отыр. Күніне әлденеше өзгеретін хан мінезін бағып-ақ Керім ығыр болды. Ол да түк емес, оған екі жылдан бері үйреніп қалғандай жайы бар. Бұған керегі Жиреншенің келуі болып отырған жоқ па?! Осындай Жәнібек уәдесінде тұрғанында келе қоймай, оның да жолына жуа біте қалыпты. Жігіттіктің дер шағында келген мәуреті өтіп барады. Осындай Жәнібек қабығын тастаған жыландай өзгермей тұрғанда аттанып, Іле етіп кеткені жақсы еді. Иірімді Іледен бір етіп, жалпақ далаға түскен соң судағы көп майда шабақтың бірі болып кете бермес пе?! Шіркін, жалпақ дала!

Керім ойын тасыр-тұсыр басқан хан шабарманы бұзып жіберді. Оған Керім ренжімеді, өйткені ол Керім басына бостандық әкелгендей еді. Жиренше келе жатқанын хабарлады.

Шабарман өткен соң іле-шала-ақ боз түйе жүн шекпенінің етегі қашыңқы, басыңда күзен ұлпанды, жасыл дұқабамен тысталған бөркі бар Жиренше келе жатты.

Ақ сұр өңі қуаңқы, екі бетінің ұшынан ұртына қарай тартыла түскен әжім тереңдеп кеткендей төмен созылып жатыр. Оң жақ езуінде жымиюдың белгісі болса керек, бір ер шұқыр пайда болған. Шекпенінің алды ашық тұрғандықтан, белінен кемер буған жұқа жасыл бешпенті көрініп тұр. Жан-жақта Тараз көшесінде тізіліп туратын шынардай саптағы әскери адамдарға бас шұлғып амандасып, жайымен аяңдап келеді. Хан шақырып, іздеп жатқанынан оның соншалықты сасып-салбырап келе жатқаны көрінбейді. Бостандық алатын шақ жақындады-ау дегендей, Керімнің жүрегі дүрсілдеп қоя берді.

Жиренше хан алдына келіп, сәлемдесіп тағзым етті. Басқалар сықылды күзендей белі бүгіліп кетпеді, адамша иілді. Екі қолын қусырып құлдық ұрмады, терезесі тең адамша сәлемдесті. Керім бұрын-соңды Жиренше мен Жәнібектің қалай амандасатынын екі жыл ішінде бір де көрмепті. Керімнің білетіні басқалар. Олардың көбі-ақ Жәнібек дегенде жылаған бала қоятын ханның алдына допша домалап, тізерлеп келеді. Кейбірінің әссаламының өтірік сөзуарлығын, қимылының жасандылығын байқап қала ма, әлде шамадан тыс жағымпаз-жарамсақтығын ұнатпай ма, Жәнібектің тақыр басының көкпеңбек құйқасы қимылдап кететін. Ал Керімге Жиренше сәлемі жағалаудың екінші жағына шығып кеткендей болды. Хан тау күніндей бұзылып, өзіне деген бейілін өзгертіп, пиғылын көрсетер ме деп абыржыды. Керімнің ойынша, қазір-ақ Әз-Жәнібек қаһарына мініп, теріс бағып кетер ме деді. Жоқ, олай болмады. Ханның қабағы көтерілейін деді. Мұндайда оның оң жақ қасы көтеріліп, басылып қимылдап тұратын. Керім «жасаған жар бола көр!» деп тұрды.

Хан қашанда шешенді Жиренше демей артына «м» әрпін қосып Жиреншем деуші еді. Амандықтан соң-ақ хан «отыр, Жиреншем» деп бірден іске көшті. Жәнібек уәзірінің біріне Керімді тауып келуді тапсырды. Уәзір еңбектенбеді. Аңдығаны ханның ауызы, Керім осы сарай ішінде еді. Қасы-көзі қиылып Керім хан алдында тұрды:

— Ләппай!

Жиренше қабағын көтеріп, оң қолымен оған сәлемдескен белгі берді де, қайтып қарамады. Жәнібек алдында мысықтың мияуындай артық үн шығаруға болмайтынын білген Керім шешенге кезімен амандасты.

— Жиреншем,— деді Жәнібек,— Керім бүгіннен бастап ордадан бейдама болады, басына азаттық бердім. Ордадан аттандыруды сізге қаратып едім. Қошаметіне не лайық?

— Оны өзі айтқаны жөн болар, хан нем,— деді Жиренше.

— Айт, ендеше,— деп Жәнібек Керімге қарады. Керім тіліп әдеп сақтай тұрып, бір сез деді:

— Еріксіз, зорлықпен келген кісі басына бостандық алса, оған одан асқан қошамет те, қолпаш та болмаса керек, тақсыр.

— Мен,— деді хан,— оның осы сөзді айтарын біліп едім. Ендеше тілейтінің бар ма, хан қазынасы бір кісіні алтынға бөлеуге жетеді. Не қалайсың, не өтінесің?

— Өкінерім де, қалайтыным да басыма бостандық, тақсыр.

— Оны алдың ғой,— Жәнібек қатуланып кетті.— Не дүние қалайсың, Жиреншем, түсіндірші мына шермендеге.

— Хан нем, ол хан ордасының дүниесінен бейдама болмақ. Ода к да оның неге нейбет кеткісі келетінін білейік.

— Айтсын онда!— деді хан қаһарын теге. Жиренше Керімге кез тастады. Сынай қарады. Тартыншақтап жалар ма екен деп отырды. Ішінен оның аталарымыздың «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», деген қағидасына сай лебіз білдіруін қалап тұрды. Нақ осыны сезгендей, Керім шешен ойын деп басты:

— Тақсыр, ат арыды, тон тозады. Дүниеде тозбайтын бір ғана нәрсе бар. Ол адамның көңілі. Жиырма бестегі жігітпен алпысқа келген атаның кеңілі бірдей. Алпысқа келсе де, ата сақал аузына бітіп, немере мен шөбере аталап етегінен ұстап жүрсе де, ол көңілін жиырма бестегі жігітке бермейді. Ал ол көңілге келсем, көңілім Сізге риза, бәріне қайылмын. Салт ат, сабау қамшыға мұрсата берсеңіз соған құзырыңызға құлдық ұрамын. Дүниені табан ақы, маңдай теріммен тапсам деймін. Бейнетсіз тапқан дәулеттің рахаты болмайды, ол бойға сіңбейді, уақытша алданыш қана болады.

Хан екі жағы делдиген, төбесі мұнарадай мұрақ қалпағын шалқайта киіп, екі кезін шарт жұмып, мүлгіп отырды. Орда іші тып-тыныш, ұшқан шыбынның ызыңы естіледі. Қабағының қатпары азайып, ұядан түлеп ұшқан қағілезден Жиренше сергек те, көңілді де болды. Жаңағы сөзді айтқан Керім емес, өзі сияқты сезінді. Ханның аузын баққан Керім не боларын күтіп, оң қолын көкірегіне қойып, құбаталдай иіліп тыбыр етпей қалды. Осы бір қас-қағым сәтте-ақ талай ойды ойлап, талай жерді шарлап, қуанышынан күдігі күшейіп, сайрап жатқан артқы соқпағын, тұманды тылсым болашағын есіне алды. Өйтпегенде ше?

«Хан жарлығы екі болмайды», деседі. Әйтседе бір күн емес, бір ай емес, Ордадан бір жыл ұзап кетпейінше, хан мінезіне сенім жоқ. Оның айран тамған сүттей бұзыла салуы әбден ықтимал. Сондықтан да көңілі әлі күпті, көкірегі қаяулы еді.

Жәнібек көзін ашты. Бірақ әлденеге ренжігендей, көңілсіздеу түрге енді. Қабағын шытынған күйі айтты:

— Мұрсата! Астында аты, қолында қамшысы.— Ол қолындағы мүсейінің ұшын жерге түйіп қалды.

— Уһ,— деді Керім,— құзырыңызға құлдық!— Уәзір тарапынан Керімге «кете бер» деген ишара жасалды. Ол оң қолын көкірегіне қойған қалпымен, көткеншектеп есікке жетті де, шығып кетті. Орда ішінде тағы тыныштық орнады. Әз-Жәнібек біршама үнсіз қалды. Жиренше де ойға шомған, әрқайсысы-ақ дүниені көзіне ілмеген, басынан төмен қарай құятын хан алтынынан күскен жігітті ойлап отырғаны сөзсіз еді. Әз-Жәнібек жанындағы өзі жел шығарса «жәрекімалла» дейін деп отырған, дүниені көзіне сүрткен мына дүниеқоңыз уәзірлерінен бір кезек безінгісі де келді. Жаңағы көркем туған пат құндыздай оңысқан келісімді кедей жігіт мұның бәрінің аузына нәжіс жағып кеткендей еді.

Әз-Жәнібек жан-жағындағыларға мұңая көз тастады. Жиреншені көргенде ғана әлдене есіне түсіп кеткендей басын жұлып алып, кеудесін тіктеп көтеріп отырды да, оқыс сұрақ берді:

— Жиреншем, дүниенің шырағы не?

— Арақ, хан ием,— Бұл сөз ханның өкіліне түспеді, ақылына қонбады. Бұдан кейін ешкім сөйлеген жоқ, сол күні солай тарқасты.

Арада бірер апта өткен соң Жиренше Ордаға суыт шақырылды. Есіктен сәлемдесе кірген шешенге Әз-Жәнібек сұқтана қарап қалды. Үстінде жауырындары жақталы ал қара кес тон, көнтие белбеу буынған. Шешеннің мұндай сәнденгенін хан бұрын көрмеген еді. Көз айырмай отырып, сұрақ қойды.

— Дүниенің баршылығы не, Жиреншем.

— Арақ, хан ием,— деді ол да жұлып алғандай. Өзден сұлтан Жәнібектің Жиреншемен әңгімесі ол күні осымен бітті. Шешен: «сұрамағыңыз осы ғана ма еді?» деген жоқ. Бәрі солай болуға тиісті жағдайдай жайына кете берді. Хан да қайырылып сөйлемеді.

Әз-Жәнібек қабағын көтеруді қойғалы екі аптадай болды. Ханның көңілін көтеруге уәзірлер Жиреншені іздеп жер көктен таппады. Шабармандар бүкіл хандықты аралап, бір қыстақтағы кішкентай базарға келіп, шай-пай ішпек болады. Сөйтсе базардың бір бұрышында өңкей кембағал, кемтарлардың ішінде түсі таныс біреу отыр. Тазкөбеген біреу. Үстінде шұрық тесік қоңыр шолақ тоны бар, сұпа берік көген, аяғына шәркей ілген, ал еңдікте тұрған мосыдағы шәугімнен өзі сияқты көбеген-кембағалдармен ақсу ішіп, терлеп-тепши түскен. Байқаңқырап қараса, Жиренше шешен. Шабармандар Жиреншені сол отырған қалпында әз ағамыз, өз үкеміз еді демей, қоңыр шолақ тон сыртынан қара жамшы жаба салып, ханға алып келді. Қара дөндегі ақ ордаға шешенді кіргізіп, үстінен жамшыны сыпырып алғанда өзден сұлтан Жәнібек оны тани алмай қалды. «Не болып кеткенсің?» демеді. Басынан аяғына дейін есіл көзелдің бойына көз тастады да қысқа сауал берді:

— Жиреншем, дүниенің байлығы не?

— Өтірігі арақ, шыны бостандық, хан ием.— Бұл жауап ханның өкіліне түспегені, ақылына қонбағаны кіржиген қабағынан байқалды. Ол төсегіне отырып қойған баладай сүдіні өзгеріп, жылымшы бір нәрсе ұрттағандай кейіпке түсті. Шешеңді жақтамағандай теріс айналды. Бұл өзден сұлтанның топта торай бермейтін, аузымен құс тістеген шешенді ордадан сүйреп шығарсаң да мейлің, көңілім қалды дегенмен бірдей еді. Жиренше кері бұрылып алды да, ешкімге көз де, сөз де тастамастан сыртқа тартты. Нөкерлер де, орда адамдары да Жиренше ордадан біржола кетті, енді оны өзден сұлтан Жәнібек іздей қоймас деген тұжырымға келді.

Арада үш-ақ күн өткенде Әз-Жәнібек шешенді қайта іздетті. Оның қайда кеткенін ешкім болжап бере алмады, көрдім деген еш пенде болмады. Хан ат сабылтып, ел жабылтып, қобы-қопайды, тау-тағыны тегіс тінтті, шешен табылмады. Көсілген көсемдердің, ділмар шешендердің бірінің лебізіне сұлтан риза болмай қойды, Жиреншенің орыны үңірейіп бос тұрды, қассақтың-қазақтың бар малын, бар жанын салсаң да ол бір қуыс толмастай еді. Оның себебі де бар еді.

...Жаз күні сәске түс болып қалған. Хан ауылы Текелі тауына көшіп қонған болатын. Арқарлы жаздың ыстығына аласалық етті. Ордаға тобыршақ торы атқа мінгескен екі адам келді. Екеуін жарты шақырымнан аттан түсіріп алған Орда адамдары хан алдына алып келді. Соқырдың сөзі пысықтау. Хан алдына келгенде тіпті сайрап жүріп берді:

— Дат!— деді соқыр.

— Датың болса айт!

— Мынау менімен келген адам менің атыма жала қылып, өз атымды өзіме бермеймін дейді. Соған сізге жүгінуге келдік.

— Сен айтшы,— деді хан анаған.

— Тақсыр, мынау екі кезі жоқ зағип Төрбұлақ суының еткелі жанында бүк түсіп отыр екен. Нағып отырғанын білсем, судан ете алмай амалы таусылған, мүсәпірлік басына түскен шағы екен. Содан судан өткізіп тастайын деп мінгестіріп алдым. Судан өткен соң «ал енді судан еттіңіз, түсіңіз десем «түссең езің түс, атымды бермеймін»,— дейді. Япырмай, пәле деген аяқ астынан екен. Сонымен сізге келдік. Қасаласқан қайдан таптым десеңізші!

— Өтірік айтады, сұмырай, атымды алып беріңіз!— деп соқыр баж-баж етеді. Әз-Жәнібек өз адамдарына қарап сөйледі.

— Қайсысы мініп, қайсысы мінгесіп келді?

— Мініп келген кезі бары, кезі жоғы мінгесіп келді.

Әз-Жәнібек күлді де, бұларға сөйлемей, екеуін уәзірлеріне жіберді. «Екеуінің дауын шешсін»,— деді.

Кеш алдында уәзірлер хан алдына жиналды. Кешке дейін дауласып, олар екіге бөлініп алыпты. Бірсыпырасы айтады: Ат соқырдікі. Өйткені оның екі кезі жоқ жүре алмайды. Сондықтан атқа мініп жүреді. Енді уәзірлердің бір бөлегі былай десті: жоқ ат шаруанікі. Зағип адам аттың қайда барарын қайдан біледі.

Әз-Жәнібек екі жағын тыңдады да, өз байламын айтпады. Өйткені уәзір сөздері өкіліне түспеді, екі жағының сөзінде де қисын жоқ. Әттен, деп ойлады Әз-Жәнібек, Жиреншем болса, бұл дауды маған келтірмей-ақ бітірер еді. Жиренше шешенді қайта іздетудің бір себебі осы еді. Шешеннің бұл дауды қалай шешетінін білгісі келді.

Хан сарайында таңертең кен дабылпаз қағылды. Әз Жәнібек сахардан тұрып алыпты. Сейілге шытарда әмсе осылай істейтін еді. Екі түгей сұрша ат ерттетіп, Қаратал бойлап шүймекке қолына ақтұйғын құсын қондырыпты. Көп уәзірден ешкімді ертпеді, «кешегі екеудің дауын шешіп қойындар» деп ордаға тастап кетті. Он шақты жасауыл нөкер ілестірді.

Әз-Жәнібек Қаратал өзенін бойлап, құс шүйіп бара жатып бір шоқпыттың ортасынан екі керегеден жасалған, үстін шеппен жапқан итарқа-шошала көрді. Адуынды аттың тізгінін тартты. Ат басын бұрын шошалаға жақындады.

Әз-Жәнібек артына бұрылып, осылай қалыңдар деген ишара білдірді. Аттарын шаужайлап қағып, иментіп келе жатқан жарамсақ-жағымпаз топ ат басын іркіп, ұйлығып, бір жерге жилығып тұрды. Өзден султан аттан түскен кезде сонадай да тұрып, олар да тапыр-тұпыр түсіп, ат қаңтарды. Ұйқымен өлі тең. Етпеттеп жатқан адамнан тыныс алғаны да білінбейді. Бұта, тікен сыдырып, мысық тырнағандай айғыздалған екі балтыр жалаңаш, шошаладан шығып жатыр. Қап-қара екі табан кен болып қалыңдап кеткенге ұқсайды. Осы Жиренше емес пе екен деп, хан жүрегі әлденені сезіп тұрды. Ұйқыдағы адамды оятуға хан өзі келіп, қамшысын екі бүктеп, онымен кентабаннан түртті. Табан қамшының алақанының тиюі тұрғай ине сұқсаң да білетін емес. Әз Жәнібек қамшыны аударып, сабымен өкшеге ұрып көріп еді, өкше ағашқа айналып кеткендей тық-тық дыбыс береді. Бұл елік пе деп хан бір сәт торығып қалғандай еді. Енді оны оятуға асықпады.

Әз-Жәнібек үңіліп, шошала ішіне кез салды. Кісі көріскен кигіздің, әлде қалы кілемнің үстінде жатқандай. Адамның астында қалың төселген өзеннің елең шөбі. Шошала ішінде басқа жасталған түйе жүн шекпеннен басқа дүние ада. Тек босаға жақта әлде шарадай, әлде шапшақтай қара қазан тұр. Хан қазан ернеуіне қамшының сабын тигізді. Кішкентай қара шойын дың ете түсті. Жатқан адам: «Қазан қаққан қай тентек»,— деп басын жерден жұлып алды. Ернінен сілемейі ағып тұр. Рақаттанып ұйықтағанның белгісі. Ол жерден бауырын көтере беріп: «Ой шіркін, өз үйім, өлең төсегім!» деп көзін ашып, бұрылып келгендерге қарады. Алдында ал қара кес бешпент киген, кіселі кемер буынған, тышқан із салған ақ қалпаққа жыға қадаған Әз Жәнібек тұр. Шешен көзі-басын уқалап үлгіргенше, Әз Жәнібек келте сұрақ қойды:

— Жиреншем, дүниенің байлығы не?

— Дүниенің байлығы — өтірігі арақ, шыны бостандық хан ием.

Хан мырс етіп күліп жіберді. Әңгіме осымен бітті. Ол атына міне сала, шаба жөнелді. Ат тасыры әпсәтте-ақ ұзап, жоқ болды.

Ордаға жеткен хан көрген жерінен Жиреншені тез жеткізуді бұйырды. Бұл шешеннің ошақ ауыс, қатын күйіс, кірер үйі таусылған кәрі жетім кезі еді. Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылы-жұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді, жігіттік мәуреті өтіп, кәрілік мәулеті жетіп, мәлі кеткен есіл көзелдің аққудың сұңғағындай мойынын қай үйдің төрінде қылқитып отырғанын білмей дал болар еді.

Әз-Жәнібек жіберген қос ат тез келді. Шешенді алды да кетті...

...Жиренше шешен келгенде, хан уәзірлері біразы налығып, бірсыпырасы шаршап талығып еді. Өйткені олардың соқыр мен шаруа арасындағы дауды шешкен билігіне хан риза болмай, олар өздерінен өздері торығып отырған-ды.

Уәзірлеріне қаһарын төгіп отырған Әз-Жәнібек Жиреншені көрген соң жадырай салды. Ол соқыр мен саудың дауын Жиренше алдына тартты. Жиренше бір сұрақ қойды:

— Қайсысы мініп, қайсысы мінгесіп келді?

— Ерде шару а, сауырында соқыр,— деді ордадағылар.

— Ат шаруанікі,— деді шешен.

— Оны қалай дәлелдейсің, Жиреншем,—деді Әз-Жәнібек.

— Егер сау адам аттан түсіп, соқырды алдына мінгізді десе, сенуге болады, ал соқыр, яғни кем адам аттан түсіп сау адамды алдына мінгізбейді. Бірақ мұны басқаша дәлелдеуге де болады.

— Қалай?— деді, хан ойланып.

— Екі қазақ үй тіктіріңіз, екеуіне даулы екеуді отырғызыңыз. Сонан соң бәрі анықталады.

Сол сәтте-ақ екі қазақ үй тігілді. Екеуіне даулы екеуді жалғыз-жалғыздан отырғызды. Кешеден бері тамақ ішпеген екеуіне қызыл бауырсақ пен сары қымыз жеткізілді. Екеуі тамаққа тойған соң есік тарс бекітілді, түңлік түсірілді. Үйдің іші қараңғы болды. Екеуінің сыртынан тыңшы-қарауыл, жасауыл қойылды.

Ішіне сыр сақтай бермейтін қазақтың өзі сияқты киіз үйі даулы екеудің жөтеліп-жөткерінгеніне дейін тыңшы қарауылдарға жеткізіп тұрды. Алдымен дыбыс берген шаруа болды. Ол ыңыранғанда тыңшылар да құлақ түрді:

— Мұсылманның қайыры жетер басына, енді соқыр көрінсе, жоламаспын қасына!— деп шару а аунап түсті.

Қымызға әбден тойған соқыр да өзіне өзі риза-қайыл екенін білдірді:

— Е-е, соқырекең бір істі бастады, оны құдай қоштаса...

Екеудің дауы осылай оңай шешілген соң, хан өзінің негізгі айтпағына көшті.

— Жиреншем, дүниенің байлығы, барлығы, шырағы арақ екенін де дәлелдейтін уақыт болды.

— Екі сағатқа мұрсата беріңіз, хан ием.

— Құп болады,— деді Әз-Жәнібек.

Жиренше қайта оралғанда, өзден сұлтан Жәнібек әлі орнынан қозғалған жоқ еді. Уәзірлердің арасында Жиренше ханнан қашып кетті деген жыбыр-сыбыр да шығып қалып еді. Жиреншенің қайтып келуі олардың аузына құм құйды.

— Орда басқалардан бейдама болсын!— деді Жиренше. Хан уәзірлерге, орда қызметшілеріне оң қолын көтерді. Сәлден кейін ордада Әз-Жәнібек пен Жиренше екеуі ғана қалды. Жиренше есік алдындағы жасауылға иек қақты. Есік қайта ашылғанда, ордаға үш адам кіріп келе жатты. Үстерінде алба-жұлба киімдері бар, далада жүрсе, бүкіл Жетісу елінің иті тегіс үретіндей сыңайы бар адамдар. Егер Әз-Жәнібек ханға «сенің қазақ хандығыңда осындай сорлы болған, көкмаңдай адамдар бар» деп біреу айтқан болса, ол ер-тоқымын баурына алып тулаған жылқыша мөңкір еді.

Әз-Жәнібек Жиреншенің не істейін деп жүргенін білмесе де, тыбыр етпей, мұнда жоқ адамдай болып, моп-момақан, әрі мүнәйім болып отырды.

Тізілген үшеу бірін бірі итеріп, ілгері басуға бата алмай, іркес-тіркес келе жатты. Түк сезбегендей шешен орнынан тұрып, кіргендерді төрге шығарды. Алдымен оларға иіліп тұрып сәлемдесті. Сонан соң «қош келдіңіздер, келген қадамдарыңызға гүл бітсін», деген сияқты әдемі сөзді төгіп жатыр. Әз-Жәнібек келгендерді көзімен шолды. Бірінші тұрғанының қолында бір жағы отқа көселген таяқ. Қара ағаштың сындырып алған, ойқы-шойқы бұтағы. Таяқтың әр жерінде бұрын болған бұтақтардың орыны емшектеніп, тікенденіп шығып тұр. Егер анау адам ұстап тұрған тұтам жері болмаса, басқа жерін ұстаған адамның қолы әп сәтте-ақ шұрық тесік жара болып шығар еді. Анау ұзынтұрадан сол қолымен ұстап алып, аспанға қарап келе жатыр. Басында жаздың ыстық күнінде киген бөркі пысынағандықтан термен әбден кеңіп, милығына түсіп, екі құлағын басып тұр. Сорлы жарғақ құлақ бөріктің жұрын түрмесін көтере алмай төмен' қарап мыжырайып кетіпті. Киімі көнетоз. Кез келген жерге отыра кеткендіктен болу керек, жазды күні киген тері шалбардың екі құйрығы сатал-сатал. Жиренше оны сүйрелеп төрге әкеліп отырғызды. Ол жан-жағының бәрі құзар жар, қай жағына түсіп кетер екенмін дегендей тізесін бүгіп, сиыршылап, зорға отырып болды. Отырғанда асты былқ ете түскендіктен құдыққа түсіп бара жатырмын ба дегендей, екі жағына сәл тырманың барып жайғасты. Малдас құрып отырды.

Екінші адамның да киімі жоқтан жоғары. Бойы ұзын, бұтына киген сымынан тізесі жылтырайды. Аяғында жұлығына шелдің майы да тимей, әбден ақжоңқа болып кеткен, сиыр терісінен жасалған етігі бар. Оның қонышының бәрі әлдеқандай шегеге ұрынғандай жұлымданған. Үстінде теріден істелген шолақ жең. Екі қолы қарынан жоқ екен, ескі қансұрып жейдесінің жеңін қайтарып иығына апарып, тепшіп жапсырып қойыпты. Әдейі шолақ қолды жұртқа көрсету үшін істелгендей. Екі шолақ қолдың ұшы орманға тиген өрттен кейінгі бірнеше айдан соңғы ақ сөңке болып қалған, жартысы бар, жартысы жоқ білек бұтақтардай молақтанып тұр. Бұл байқұс тамақты қалай ішер екен дегендей, ханның екі көзі кепке дейін шолақ қолдан кетпеді. Бетіндегі қорасан дағы оған бір ерекше тұр бергендей. Бірақ «адам көркі шүберек», онда келісіп тұрмағандықтан әдемі сүдін де сұрқайланып тұр дағы. Екі қолы бар кезінде іспетті, көрікті-ақ жігіт болған ғой деп ойлады, хан. Тіреп отыратын қолы болмағандықтан ол түйеше шекті де, сонан соң барып, малдасын құрды. Бұл соқырдың сол жағынан отырды.

Үшінші адамның аяқ-қолы бүтін, төрт мүшесі сау. Бірақ үстінде үліңгірі жоқ. Қырық тесік сымының балағы салаба-салаба болып, сүңгіленіп кеткен, құйрығын екі қолымен басып кірді. Шамасы, ол жағы да тесік болса керек. Аяғына аттың төрт тұяғынан жаз күнінде тақа тартқан. Аяғының желкесі тасбақаның мойнындай қож-қожданып, күстенген. Бірнеше иніш салған қара қоңыр жейдесінің жауырыны кентек болған тоқтының жотасын еске түсіреді. Жасы әжептәуір жерге барып қалған, орта жастан асқан. Тікендей қара шашы есіп кеткендіктен сай-сай болып, есілген. Жаз күндері жалаң аяғына тақа тартқанды Әз-Жәнібектің кергені осы еді. Қазақтар ат тұяғынан тақа тартады, бірақ оны көктемгі, күзгі батпақ кезінде ғана етік табанына пайдаланар еді. Алакүдек жан секілді емес, жылма қытайдай жылпос-ақ болар деп шамалады, хан. Оралы барында ордаңдап, әлде қиялай басып-ақ жүрген жігіт болар. Бірақ желкесі қырдай екен, жалқау шығар. Жалқау, кежегесі кейін тартқан неме болмаса, төрт мүшесі түгел, неге қайыршылық күн кешіп жүр деп хан даққа қалды. Қалтақ жігітке, қарымды жігітке дүние деген не? Әрі кеткенде біреудің есігіне құтан болар. Ойды орған, қырды қырған, екі қолға бір бейнет деген кісіге бейіл-берекенің есігі қашанда ашық емес пе? Әйтпесе тік сандалдың терегіндей бітімі бар, неге ғана мұндар, сорлы болмақ?! Пелде-пелде өмірдің соқпақ жолында несібесін теріп жей алмай жүрген, қайыршылықты нәпақа қылып жүрген адамды шәңгі десең де, пәңгі десең де сыймас па! Көбіне-ақ адам өзін-өзі мұндар етеді-ау деп, Әз-Жәнібек атының басын алысқа жіберіп алды... Бұл қарақасқа кедей зағиптың оң жағынан отырды.

Ханда үн жоқ. Жиренше не істер екен деп, ойын пайымдап отыр. Ал шешен болса, мына үш кембағалдың асты-үстіне түсіп, жайылып жастық, иіліп төсек болып, пәмлеп сөйлеп, мүнәйім сөздерді ағызып, көгеннен ағытып жамыратқан қозыдай қоңырлатып жіберді. Осы рас па, әлде көрген түс пе дегендей үшеудің есі кетіп отыр. Қисусан әдемі сөздерді аңлатып, бәйек болды. Олар отырып үлгірмей-ақ дастарқан жайылып, ежелгі Жетісудың жеміс-жидегі, алма-өрігі, нәк-нарты төгіліп тасталды. Қызыл бауырсақ, сары тоқаш қойылып, бал, балдан жасалған балшарап әкелінді. Есік алдындағы ебейдің бірі шақырылып, екі қолы жоқ шолақ тамақтандырылды. Дәрібі алысқа кеткен Әз-Жәнібектің ордасының нақ төрінде үш кембағал ішіп-жеп, обырлана асап жатты.

— Обырыңа қадырым,— деп өзден сұлтан отырды.

Аяқ астынан болған беймәулет, беймаза қонақтарға орда адамдары тандана да, тамсана да қарайды. Ал анау үшеуінің олармен ісі жоқ, «кісі асына сабыр» да жоқ, қайдан келіп, қайда отырмыз деген де естен шықты, «арығында екіден, семізінде бірден тартып», ұрып жатты. Байқұстардың ұрты да, мұрты да майланып, арғы жағына ел қонған соң барып, біріне бірі тіл қатысты. Сөзді бастаған шолақ болды.

— Көмейлеп қазы-қартаны өзің сылқыта бергенше менің аузыма да тығып жіберсеңші,— деді шолақ қайыршыға қарап. Майлырағын өзі жеп, қаракесектеуін табаққа тастап отырған ол да аздан соң тояттап, табаққа қолы сирек бара бастады. Арақ-шарап ауызға тиген соң сөз түймесі сөгіліп, ағытылды-ай келіп.

— Таныса отыралық,— деді соқыр анау екеуіне,— сендер кім едіңдер? Мұнда қалай келдіңдер?

— Сен қалай келсең, солай келдік тағы,— деп қыңыр келді қайыршы. Шамасы, болса керек.

— Осында арақ бар сияқты еді, маған тостаған толтырып құйып беріңдерші,— деді соқыр. Аяқшы сырлы тостағанды толтырып арақ құйып, соқырдың қолына ұстатты. Ол ернін тостағанның ернеуіне тигізіп, аспанға қарады. Шыңы қараған сияқтанды. Өйткені көз жанары, қарасы да, аласы да жоқ, көз шарасы көзі біткен құдықтай суалып қалған, орыны бар да өзі жоқ, сондықтан зағиптың қарағаны үйдің бұрышына, әлде алысқа қарап отырғандай болып көрінеді. Арақтан татып алған ол:

— Дәмі баяғысындай екен!— деді.

— Енді қалай деп едің?— деп тағы қиястау келді қайыршы. Соқыр оның кекетінді сөзін елемеді. Сөзі де, дауысы өзгеріп, жаңағыдан гөрі қаттырақ шықты.

— Мен іштен соқыр туыппын,— деді ол, арақтан бір сіміріп, шымырқанып қойып.— Әкем он ағайынды еді, бәрі де бай болды. Мен сол он үйдің дәмдісін жеп, тәттісін сорып өстім. Шіркін, мына арақ күшінде екен. Басыма шыға бастады.

— Көзіңнің орнында тесік қалыпты. Содан шығып кетіп жүрмесін,— деді қарала қоржынды қайыршы. Соқыр бұл сөзді естімеген болды.

— Әкем қайтыс болғаннан кейін,— деді соқыр,— әкемнің інілері маған адам деп қарамады.— Ол сипалап алдындағы қазыдан асап-асап жіберіп, тостағандағы арақты таусып ішіп қойды.

— Ойбай-ау, өледі ғой, мына байқұс,— деп қалып еді аяқшы. Жиренше үндеме дегендей, оны түртіп қалды. Аяқшы байқұс дым болды. Жиренше тостағанды толтыр деген ишара білдірді. Тостаған араққа шыпылдап қайта толды. Аяқшы байқұс соқырды аяп қыпылдап қалды. Жиренше басқа тостағандарды да толтыртты. Аяқшы Жиреншенің ымдауымен шолаққа тостағанды тауысқызып ішкізді, ал қарала қоржынның иесі өзі-ақ сылқытып салып отырды.

Сәлден кейін-ақ соқырдың сөзі өзгеріп сала берді:

— Менің әйелім көзіме шөп салды, безіп кеттім. Ағаларым мені әйеліңе ұрсасың деп сабады. Мен сондай-ақ не істеппін...

Екі қолы жоқ болғанымен не болып, не қойып жатқанын біліп отырған шолақ әлі жинақылау да, божыраған да жоқ еді. Енді өз әңгімесін ол айтты:

— Әкем марқұм жанкеспе ұры еді. Мені де жасымнан ұрлыққа баулыды. Екеуміз талай мес қарын байлардың, талай қарақасқа кедейлердің жылқысын жымқырып, зар жылаттық. Талай сауырлы бұлт күреңше атты, талай топылдаған тұғырды, қолдан өткіздім. Сөйтіп, жылқы алып жүріп Қытай өтіп кеткенімді білмеппін. Бірде қыза-қыза барып қара қытайдың қорасына түсіп, торымасын тоқымдап жатқанымда қолға түстім. Олардың заңы жаман болады екен, екі қолымды қарынан кесіп тастады. Ол жақта қолы кесілгеннің ұры екенін екінің бірі біледі. Сондықтан жан сақтау қиын болған соң жылыстап елге қайттым.

— Қайта басынды кесіп алмаған екен,— деді қиямпұрыс қайыршы.

— Сенің көзіңді неге оймаған,— деді соқыр.— Екеуміз тең болатын едік. Әйтпесе мен жалғыз соқырмын...

— Мен де айтайыншы,— деді қайыршы,— мен айтайыншы. Қоя тұр, ей көрмес, мен тұрғанда неге сөйлейсің?

— Жоқ, мен айтамын,— деп өңештеді соқыр.— Мен сен түгіл, Әбусейіт ханмен бірге отырғанмын.

— Ей, тұра тұр әңгіме,— деді қайыршы соқырға.— Менің әкем бай болған. Мен бұлықсыған мырза едім, шөп басын сындырып көрмеп едім. Енді міне... Е-е-е! — Қайыршы масыға бастады.— Әкем өлген соң малды баға алмадым. Қазір күн көру...

— Күн көру? Күн көрген! Сен немене мені көре алмайды деп отырсың ғой, қайыршы, неме.— Соқыр көтеріліңкіреп кетті.

Хан Жәнібек тыбыр етпей тыңдап отыр. Жиренше хан қонағына ішкізіп-жегізумен әуре. Ол тостағанды қайта толтырттырды. Аяқшы тостағандарға арақ, құйғысы келмей тағы қипақтады. Ол әрине арақты аяп тұрған жоқ еді, кембағал байқұстарға жаны ашыды, қазір-ақ абылыққан көңілдері алабұртып, хан қаһарына тап болар деп тартыншақтап еді. Енді бұл үшеуі сөзді серлетіп, бірін-бірі тоспай, әрқайсысы бетімен сөйлеп кетіп бара жатты. Қара насар киіп, қам жеп отырған бұлар ма, барған сайын әрқайсысы дой-сой болып кетті. Әсіресе алақұйындатып отырған соқыр еді. Ол қанасына сыймаған өзендей тасыды, қапыл атпен өмір өткізген адам емес, бар ғұмырын хан сарайында кешкен адамдай бөсіп-бөсіп кетті. Көрген азарын, тартқан теперішін ұмытып, арнадан асып көрленді. Соқырдың бір сәтке көңілі жошып, құтпан жалды құрайғырдай құрқұрлап, тарта алмай қалды. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін шешен болып алды:

— Сендер деген не, бірің қарақасқа, есігіңде иті жоқ, басында күйті жоқ кедейсің, екіншің екі қолы жоқ, кім көрінгеннен таяқ жейтін шолақсың. Мен,— деді ол аузыңдағы шайнап отырған тамағын жын шашқан жөңше нарша бүркіп,— пакиза тұқымнан шыққан тектімін. Мен сендер тұрмақ Әбусейіт ханыңнан айылымды жиған емеспін,— деп өзінің нақ өзі айтып отырған Әбусейіт-Жәнібек ханның төрінде отырғанын ұмытып кетті.

Өзінің аты аталғанда, хан елең ете түсті. Оны барлап-бақылап жатқан ешкім жоқ, әрқайсысы бетімен лақты.

— Сен сияқты шолақтар менің теңім бе,— деді соқыр қайта көтеріліп.— Немене ажыраясың (көріп отырғандай), екі қолыңды үйіңде әкеңнің талқысына салып кетіп пе едің?!— Соқыр тіпті кішіреймей қасқарып алды, бетінен таятын емес.

— Өй, бұлықсыған бай баласы, байлығың иығындағы дорбаң ба? Көже таппай жүріп көкитіндері-ай, осы жұрттың. Мына, мына мен, мына алдарындағы көзелің Әбусейіттің өзі түгіл, әкесі Барақты талай сабағанмын. Есенбұға, Кереймен асықты бірге атысқам.

Нақ осы жерде шолақ көтерілді.

— Іштен соқыр болып туғаның қайда, ей, туа шәккір, туа шөктім деген өзің едің ғой, енді Әбусейітпен асық ойнадым дейсің. Осы сені... Сен,— деді ол қайыршыға қарап,— арашашы болармысың? Не, не... істесем екен.

— Не істей алушы едің?— деп шолаққа қайыршы едіреңдеді.

Нақ осы жерге келгенде, қалған қызығын хан өзі көрсін дегендей Жиренше шығып кетіп қалды...

Жиренше кеткен соң, бірлі-жарымды қызметшілер көріне бастады. Хан тыбыр етпей отыр.

Аузы тынбай сөйлеген үшеу әрқайсысы-ақ батыр шығып, жолбарыс соққан, палуанға түскен, сайысқа қатысқан болды. Үшеуі де қияпатты азамат болып бір кетті, тіпті ел билеуге де қатысыпты.

— Мен билік айтқанда,— деп жіберді қайыршы,— ханың қара болады, менің жанымда жіп есе ала ма, оларың.

— Ой, пәле-ай! Жігітім-ақ!— деп жіберді шолақ.

Бір сәт тамақтан ауызы босамай сөйлемей қалған соқыр, осы бір мезетте басын көтеріп алып, бұрышқа бұрылды.

— Ойпырмай,— деді ол бәрінен дауысын асыра айғайлап,— үйдің іші қызыл-жасыл болып кетті ғой.

— Ей,— деді жұлып алғандай шолақ,— ой, әкеңнің аузын... соқыр неме. Екі көзің іштен туа соқыр, нені көріп отырсың. Оң жағымда отыр екенсің, қойып көп жіберіп, жоқ қылайын ба!— Ол бір тізерлеп отырып, екі қолы жоқ құры кеудесімен соқырға ұмтылды. Соқырдың оң жағындағы қайыршының қозғалуға шамасы жоқ, барлық буынын арақ алып қалған, орнынан екі-үш ұмтылып солма болған түйеше тұра алмады. Ақыры отырған күйінде тілі күрмеле сөйлеп кетті:

— Өлтір, өлтір! Әкеңнің ауызын... Өлсе құнын өзім берем!

Осы жерде хан қатты күліп жіберді. Сәлден соң күлкісін тыйып, үшеуді оншақты күн ордада ұстауға жарлық берді.

— Дүниенің байлығы арақ, өтірігі арақ, шыны бостандық! Ал байлығы арақ! Бостандығы не?

Ертеңіне хан Жәнібек Жиреншені қайта іздетті. Жиренше бұрынғысынша тапқызбай кетті. Арада он күн еткенде барып Жиренше Іледен жарты күншілік жердегі Матай-Бақай тауы бауырындағы ауылдарда екен деген хабар жетті. Шынымен хан осынша жұртты ат құйысқанына көбік қатырып, жарма жалдан жалбыздай қалғанша іздеткен Жиренше Шаңқанай өзені бойындағы кеңірдегі шыққан, керегесі керілмеген, уығы тікше, шаңырағы шапшақтай кедей үйдің құрым киізді төрінде бидай талқаннан істеген, қатынсыз қара көже ішіп отырған жерінен қос атпен жеткізілді.

Жиренше аттан түскен бойда үшеудің қайда екенін сұрады.

— Айтқаныңыздай, шешен, ішіндіріп, киіндіріп бағып отырмыз. Не істеуге білмей сізді күтіп жүрміз,— деді Орданың бас қызметшісі.

Хан ордасы толы адам екен. Жиренше келгенде әдеттегідей Әз-Жәнібектің қабағы ашылып жүріп берді. Хан уәзірлерімен әңгімесін үзіп тастай беріп, сәлем берген шешенге жымия қарап, сұрақ қойды:

— Жиреншем, дүниенің байлығы не?

— Өтірігі арақ, ырысы бостандық, хан ием.

— Ендеше соңғысын дәлелдеу керек.

— Хан ием, онда сізге бір күн хан болмауға тура келеді.

— Бір күн қара болу қылмыс түгіл.

— Ендеше қара болып киініңіз.

Әз-Жәнібек ақыл иесі адам, мұның не екенін айтқызбай түсінді. Жиренше жеткізген киімдерді киіп, көптің бірі, көбеген қалыпқа түсті. Ол жаяулап Ордадан алыс емес тұрған алты қанат ақ үйге кіргізілді.

Ордада үшеу отыр. Ортада соқыр. Сол жағында шолақ, оң жағында қайыршы. Арада өткен он күнде әжептәуір түлеп, әрі кіріп шырайланып қалыпты. Оның үстіне үшеуі де жаңа киім — батсайы шапан, түрме белбеу, жетісулық дөңгелек қалпақ киген соң, кешегі көрген кісі танымастай болып өзгеріп кетіпті. Олар ханды көп қазақтың бірі деп қарағанында күмән жоқ. Көзі бар екеуі алғышта жіті, тесіле қарады да, артынан «ханның біздің арамызда несі бар» дегендей көмейлеп ет жеп, сылқытып қымыз ішіп, қызара бөртіп отыра берді. Ішкені алдында, ішпегені артында. Күндегідей «тамақты қайдан ішем» демейді, бұл отырыстарына, күн көрістің осы бір сақилық тұрмыс-тұрғысына, арлаған аттай күтімге бейіл шығар деп ойлады Әз-Жәнібек. Ендеше Жиренше мұнда несін ханды әкелді екен. Кеуілінде бұлардың не бар екен, әлде бізге байқатты, жарасты тұрмыс осы деп ұға ма екен. Хан даққа бойлап кетті. Оның терең ойын соқырдың «уһ!» деп көкірегі қарс айырылған күрсінісі бөліп жіберді. Әз-Жәнібек соқырға қарап жай тіл қатқан болды.

— Әпенде, бір нәрсе керек етіп отырсыз ба? Қандай тамақ салып берейін?— деді хан.

— Е, менің қалағаным хан үйінен табылар дейсің бе?— деді соқыр. Тағы да терең күрсініп алды. Оң тізесінде жатқан жібек қол орамалды алып көзін сүртті.— Мына бір сүлгісі де көздің суы тиген соң бетімді жыртып кетердей қатып қалды.

— Хан үйінен табылмайтын нәрсе қайда болушы еді,— деді хан әңгімені қозғай түсіп, бықсыған оттың көзін ашқандай.

— Хан үйі де бір, қапас та бір. Қапаста отырып ішкен балдан, еркіндікте ішкен қара суым артық емес пе?— деп салғаны шолақтың. Дегенмен хан соқырдың түпкі ділінде не жатқанын білмекке ұмтылды. Ол соқырға қарап сөз тастады.

— Хан үйінде табылмас нәрсе болушы ма еді, неге ділгер, неге тапшы-ділгер болып отырсыз. Айтсаңызшы,— деді хан.

— Мына бір тақымдаған пәле қайдан шықты-ей. Он күн жатқанда бидай талқаннан жасалған ашымал аузыма бір тимеді емес пе, қайдан табылсын ол, хан сарайынан.— Хан күліп жібере жаздады. Бірақ күлмеді. Аяқшыға «тапқыз айтқанын» деген ишара білдірді. Ашымал табу оңай болмады. Хан ауылын төңіректей қонған бай ауылдардан ашымал шықпады. Құрымбелдегі отыз үйді жатаққа ат шаптырылды. Ашымал жеткізілгенше, хан басқаларынан да сыр тартты. Ол аналарды тағы сөйлетпек болды.

— Шалулы сөздің керегі не, бізді бәйек болып күтіп жатыр емес пе, бұл біз пақырдың басына аз бола ма. Қапелімшіл бір желқулық өмір кешіп болған жоқпыз ба, ұшарымызды жел, қонарымызды сай біліп келдік емес пе, осы жасымызға дейін. Сол құйқалақ күн шекемізге тиді емес пе. Ақсақалдың ең бір толымды да, тойымды да жерінің тұқымы Жиренше шешеннің өзі біздің қолымызға су құйып жүрген жоқ па! Менің бір басыма осыдан артық сыйдың керегі жоқ.— Хан осы сөзді айтып, мүдәйілік-аярлық жасады. Не дер екен деді:

— Ей, тоқыр бас,— деді қайыршы,— «кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деп, қазір келе салып, хан үйінде он күннен бері қонақ болып жатқан бізге ақыл үйретпек болдың ғой. Ақылыңды басыңа шайнап жақ. Көктегі көкшуланша еркін сайран салып жүрмеген соң, бағулы отырып бал ішкеніңнен не пайда?

Сыртта дүбір естілді. Үйге күлдірлетіп екі мес кіргізілді. Бірі толы бидай талқаннан салған ашымал, екіншісі айран қатып ашытып қойған бидай көже. Аяқшы местерді қымызды шанашта аузынан ұстап тұрып шайқап-шайқап қойып айтты:

— Қайсысынан құяйын, мынау ашымал, екіншісі бидай көже.

Ол сырлы аяқтарға ашымалды орталап құйып, алдымен соқырға, сонан соң басқаларына ұсынды. Соқыр қолға алған бойда ашымалды тартып жіберді де айтты:

— «Шеңгел өз жерінде күркірейді». Ішілетін жерін тауып ішпеген соң, ашымалдың да дәмі болмайды екен ғой.— Хан қарап отыр. Ашымалды үшеуі де сылқ-сылқ жұтты. «Қымыз тұрып кеже ішкен сорлы кедей»,— деген осы екен-ау деп ойлады.

— Қапалықпен қан жұтып отырып ішкен тамақтың дәмі болушы ма еді,— деп қайыршы аяқты дастарқанға тастай салды. Аяқ түбінде қалған көже қоюы дастарханға төгіліп, төп болып томпайып жатты. Қайыршы етпеттеп жата қалып жаңағы төпті аузымен Ішіне дем тартып, тез жеп қойды да:

— Он күннен бері тамақ ішкендей болғаным осы,— деді.

Соқырдың да, шолақтың да аһлап, уһлеуі көбейді. Соқыр шалқайып, маңдайшаға қарағандай болды. Шолақ пен қайыршыға үйдің ішіндегі жайнап тұрған үштің барлығы бұларды бүйірінен қысып тұрған пәледей көрінді, өкпесі де, кеудесі де қысып барады. Орнаған тыныштықты тағы соқыр бұзды:

— Хан сарайында қысылып отырып жеген қазыдан, ел арасында жүріп ішкен іркітім артық. Көсіліп отырып, кес-кестеп жатып құлқылдата еркін сімірген көжеге не жетсін!— деп тізесіндегі қол орамалын алып, бет-аузын

сыйпап, жан-жағын қолымен түрткілеп-түрткілеп қойды. Хан Жәнібек соқырға құдайдың күні де, түні де қараңғы, анау екеуіне жарық дүние, еркіндік керек шығар, ал мына соқырға не жоқ деп ойлады. Нақ осы бір сәтте шолақ ақсөңкедей екі шолағын шошаң-шошаң еткізіп, бір сөз айтты және қатты айтты, өңбеннен өткізіп айтты.

— Ханның үйі қамау, ішкеніміз қан-ау!

Хан Жәнібек ашу қысып орнынан қарғып тұрды. Түсі бұзылып түтігіп кетті. Шыдайтын сөз бе, бұл. «Ішкеніміз қан». Қайғымен қан жұтты деген осы болады дағы. Демек бұлардың ішкені ірің, жегені желім. Хан ақыл тоқтатып қайта отырды. Қонақ етіп қолпаштап отырғанда осыны естиін деп пе еді. Хан үйі — қамау үйі. Хан үйі—қапас. Хан сарайын тастап Керімнің кеткені анау. Япыр-ай, ә! Япыр-ай, Жиреншем!..

Арада бие сауым өткенде қосақтасқан үшеу хан сарайынан алыстап, Көксуға қарай бет алып бара жатты. Далаға шыққан хан олардың соңынан ұзақ қарап тұрды, даққа батып тұрды. Бір шамадан кейін барып хан Әз-Жәнібек бір ауыз сез айтты:

— Дүниенің байлығы — өтірігі арақ, ырысы бостандық, қазақта Жиреншеден ақылды туған адам жоқ екен-ау!..

1987

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Дүниенің байлығы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Дүниенің байлығы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]