Әңгіме: Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ер шоқтығы

Әңгіме:   Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ер шоқтығы


Ол жиналыстан көңілсіз қайтты. Әлгінде Көкшетаудың бас-аяғына жиналған дүйім жұрт алдына бұны жалғыз шығарып алып, кеудесіне орден қадаған қуанышын да сезіп келе жатқан жоқ. Сол арада ол қуанғаннан гөрі іштей ыңғайсызданып бітті. Самаладай шам сәулесін жан-жағынан анталатып қойды. Салтанатты сарайда иін тіресіп отырған жұрт назары бір өзіне ауып, қошеметшіл жиынның қызу соққан алақандары үйді басына көтере дүрілдетіп ала жөнелгенде, қысылшаң жігіт тіпті не істеп, не қойғанын да білмеді. Тер одан да, бұдан да кетті. Абдырап аузына сөз де түспей қойды. Құрғап қала берген тамағын жібіткісі кеп, қолын әлсін-әлсін алдында тұрған суға соза беріпті. Кейін не айттым деп қанша ойласа да, есіне ештеңе түспеді. Аузынан шыққан сөздер құдды әлденеден оқыс үркіп, дүркіреп ұшып кеткен торғайдай. Сөзінің соңында ол әйтеуір ертеден бері уысында умаждап тұрған ескі кепкадан көзін алып, тым-тырыс болып тына қалған халыққа: «Алдағы уақытта да аянбай еңбек етем», — депті.

Жұрт, әрине, Әутен Қуандықовтың аянбай жұмыс істейтінін біледі. «Жарқайың» фермасын басқарғанына, міне, жеті жылдан асып барады. Жылда егін піскен бойда мал фермасының тауқыметін балалы-шағалы әйеліне қалдырып, өзі комбайнға отырады. Өткен жылы Қостанайдың атақты комбайншысы Сартаймен жарысқа түсті. Анау-мынау емес Социалистік Еңбек Ері. Абырой болғанда бұл жылы да уәдесін асыра орындады. Еңбек дегенде бұның аянып қалған жері жоқ. Тек қана жұрт алдында, не қара басқанын қайдам, екі ауыз сөздің басын қосып айта алмағанына жыны келеді. «Алдағы уақытта аянбай еңбек етем», — деді-ау. Сөз болғаныңа. Жиырма жылдан бері Көкшетау даласына жайқалып шығатын көл-көсір егінге қатар түсіп жүрген диқандардың жеме-жемге келгенде жанын аяп қалған жері бар ма еді. Егін орағы кезінде қай комбайншы өліп-тірілмейді?! Штурвалды тас қып ұстаған қолы қарысқанда әрі-беріден кейін уысы жазылмай қалатыны қайда? Осы жұрт ол кезде күндіз күлкі, түн ұйқыны ұмытады. Көкжиекке көз асырып жатқан ұшы-қиыры жоқ мол астыққа комбайнын қатар салып жүрген бәсекелес жігіттер өлгенін білмейді емес пе?! Үш мезгіл егін басына әкелген асты ішуге де уақыт таба алмайды. Биыл, тіпті керемет сүргін болды. Жарықтың иесін айтасың, биылғы астықты жұрт бейнетті белшеден кешіп жүріп алды ғой. Осындайда синоптиктер де жұрттың зәресін алады да жүреді. Әуелі бес күннен кейін жаңбыр жауады деп қорқытты. Сонан соң жаңбырдың аяғы қарға айналады екен деп зәре ұшырды. Бұлар комбайннан түспей қойды. Баяғының басқармалары қашан егін аяқталғанша «Жұмысқа шығыңдар» деп екі қолы жұрттың жағасынан кетпей қояды екен. Қазіргі халық мүлде басқа. Колхоз басшылары қазір қайта «Кішкене демалыңдар! Көз іліндіріп алыңдар!» деп шалғайға оратылып жүреді. Қызу еңбекке құнығып алған комбайншылар сонда да құлақ аспайды. Бірақ, қанша қасарысып баққанмен, кісі бойындағы шыдамдылықтың да шегі бар. Әсіресе, әлденеше күн қатарынан кірпік ілмеген комбайншылар таң алдындағы тәтті ұйқының кезінде талықсып кетіп штурвалдан ұшып түсіп жатады. Абүйір болғанда бұл өзі ұйқыға шыдамды. Қатар құрбылары қалжыңдасқанда «осы шіркін түйе секілді ұйқыға да төзімді» деп күлетін-ді. Әне бір жолы астанадан жазушы келді. Бір-екі күн бұнымен бірге болғанда екі көзін алмай, жүріс-тұрысын бақты да отырды. Ісі ақырын, қимылы баяу. Жүрісі сылбыр. Жайшылықта сөйлеген сөзі, істеген ісі соншалық іш пыстыратын жуан сары жігіттің құйған қорғасындай төртбақ тұлғасынан түйе палуанға лайық күш сезсе де Көкшетау облысының кейінгі үш-төрт жылда егін оруда алдына адам салмай келе жатқан атақты комбайншысына тән ерекше қасиет таба алмай қойған сияқты. Түс кезінде бұлар асқа отыра бергенді. Жазушы күліп: «Әутен қарағым, халық аузындағы аңызға қарағанда жүйрік аттар жайшылықта бойын жасырып, қарабайыр жабы сияқтанып тұрады дейтін...» деп сөзінің аяғын бұған тигізіп тұспалдай берген-ді. Әутен дастарханның төменгі жағында басын бауырына алып отырған қалпынан қозғалмады. Есітпеген тәрізді. Жазушы енді күліп: «Тың даласында талай жүйрік бар ғой. Соның арасынан жыл сайын суырылып жалғыз келетін де отыратын сырыңды айтшы» деді. Үндемейтін Әутенді сөйлетуге әрқашан құштар кісілер «айт-айт!» деп қаумалай бастады. Әутен: «Мен қайдан білейін. Ол кезде, әйтеуір өзім ұйықтамаймын» деп жауап берген-ді. Бұл оның адал шыны. Егін орағы кезінде қандай қайратты жігіттер де бір жетіден кейін сыр береді. Таң алдында ұйқы қысқан көзі удай ашып, қарсы алдында жарланып тұрған егін төңкеріле жаздап бара жатқан соң лажсыз тоқтайды. Тәлтіректеп басып, комбайн жанына, егін арасына құлай кетеді. Әутен сол кезде де көз ілмейді. Оның комбайны енді жалғыз сартылдап, жарланып тұрған егін ішіне жеке-дара кіріп, тереңдеп бара жатады.

Несін айтасың, қара күшке келгенде бұл шіркіннің теңдесі жоқ. Баяғыда жалақ аяқ жүгіріп жүрген кезінде өзінің қатарларынан бұның қолы мен аяғы жуан, жатаған, төртбақ денесі де құдды қорғасыннан құйғандай нығыз болатын. Қай баламен күрессе де, бұның бір сілтегенінен шықпайтын. Соған қарап бұны ауылдастары «Палуан бала» атайтын. Кісіге қабағының астынан тұнжырап қарайтын сол жуан сары баладан жуан сары палуан шықпаса да бүгінде атақты комбайншы шықты!

Әутен басына келген осы бір ойдан іштей ыңғайсызданып кетті. Атақты болам деп «азапқа» түсіп жүрген жоқ па?! Жиналыс болса, жұрт алдына бұны алып шығады. Екі сөздің басын қосып айта алмайтын тұйықтығын біле тұра, басқа кісі құрып қалғандай, көп ішінен бұған сөз береді. Салтанатты жиналыстарда бірде малшылар атынан құттықтау сөз тек осыған тиеді. Еңбек озаты есебінде өнегелі тәжірибеңді ортаға сал деп, кейде жас шопандардың алдына, кейде жас диқаншылардың алдына сүйрелеп алып шығады.

Соның бәрінде де Әутен кейін қанша ойласа да жұрт алдында жаңа не айтқанын есіне түсіре алмай дал болады. Бір жолы, тіпті... бәсе, сол қай жерде боп еді?..

Колхоз орталығынан шыққалы бері аспай-саспай маң-маң басып келе жатқан жігіт осы арада кілт тоқтады. Көзіне баса киіп алған кепкасын қолының сыртымен кейін ысырып қойды. Жалпақ бетінде бұлшық еттері білемденіп тұратын ауыр жүзін ол жоғары көтеріп, сонау сұрғылт жүдеу аспанға көз салып тұр. Қанша күннен бермен қарай теріскейден соғып тұрған қара суық жел қазір де қатты. Қай жағына бұрылып қараса да күз басында соқа салып жыртып тастаған зябь қарауытады. Егін орағы аяқтала бергенде түскен аз ғана кірбің қарды қара дауыл әлдеқашан үріп әкеткен. Тек жол жиегін өңірлеп шыққан Арқаның боз кәдебі суық жел астында қалтырап, дір-дір етеді. Жылда бұл кезде мына жерлерде белуардан қар жатушы еді. Биыл ылғал тапшы. Мерзімінен ерте түскен суықтан қара жер тоңқылдап қатып қалыпты. Көптен бергі қорқыныш Әутеннің көңіліне қайта оралды. «Келесі жылы астық қалай болар екен» деп ойлап тұр.

Жасыратыны жоқ: Қазақстан тыңы әлі де болса табиғаттан тәуелсіздік ала алмай отыр. Қайсыбір жылдары ылғалдың аздығынан дер кезінде себілген егін түгел өнбей қалған. Миллиондаған гектар жерді жыл басынан көл-көсір ғып жыртып тастап, көкке көзіңді тігіп отырғаның. Бұл тың игеру жолындағы жұртты әзірше ділгір ғып отырған шарасыздықтан ғана туған амалсыз құбылыс болуы да мүмкін. Бірақ сол уақытша құбылыстың тым ұзаққа созылып кетпегені дұрыс еді-ау. Сібір өзендері Қазақстан даласына қарай кері ағады деген сөз бар. Ол кезде, несін айтасың, бұл елдің қағанағы қарқ болар еді. Тың игерген жерлерде ылғалдылық пен құнарлылық тұрақты құбылысқа айналған жағдайда ғана тұрақты өнімге қол жетеді. Ондай күн туса тың игерушілердің тірлігі табиғаттан біржолата тәуелсіздік алып, келешекте тек сол көл-көсір далаға жұмсалған қаражат пен сіңірген еңбегіне орай өнім өндіріп, астық индустриясын үлкен ғылыми-экономикалық һәм әлеуметтік биік сапаға шырқатып шығарар еді. Бұл өңірдің бұрынғысы мен бүгінгі тірлігін бес саусағындай білетін «Жарқайыңның» көнекөз қариялары шүкірлікті көп айтады. Жастар бүгінгі таңда қолы жеткен табыстарға қанағат етпей, әрбір жиналыс сайын бір-бірінен тек мін іздеп, кемшілік тауып, насырға тиетін ауыр сөздер айтып жатқанда, мына жақта отырып қариялар кәдімгідей қынжылады. Құдайдың қаһарын шақыратын күпірлік іс болғандай көреді. Олар қит етсе колхоздың өткенін еске алып: «Ау, ағайындар-ау, 1937 жылы алғаш ұйымдасқанда небәрі екі мың гектар егістігіміз болған еді ғой, — деседі. — Гектарынан өліп-талып төрт центнердей ғана астық алатынбыз. Сонда бүкіл колхоздың жыл сайын алатын өнімі сегіз мың центнерден аспайтын. Бала-шағалы диқандардың тірлігіне тақ-тұқ қана жететін болғандықтан, бұл колхоз үш жылға үкіметке астық тапсыру жоспарынан босатылған еді ғой. Ал, енді қазір...»

Әутен кейінгі жақтан келіп қалған машинаға жол беріп, бір қапталына ығысып тұрды. «Жарқайың» фермасынан орталыққа сүт тапсырып қайтқан машина екен. Таныс шофер бұнымен қатарласа бере тоқтады.

— Отыр.

— Кете бер.

— Ау, жол алыс... Құдай айдағандай... бос машина тұрғанда...

Әутен үндемеді. Шофер жүріп кетті. Жапан далада тағы да жалғыз қалғасын ол тағы да өзін баураған әлгі ойдың үзілген жерін қайта жалғады. Бұл күнде өздерінің колхозы Көкшетаудағы ең бай колхоз болғанын есіне алды. Кейінгі кезде жыл сайын миллион пұттан астам астық тапсырады. Колхоз орталығын көрерге көз керек. Мәдениет сарайы салынды. Ондай сәулетті кең сарай аудан орталығында да жоқ болғандықтан, қазір Чкалов ауданында салауатты үлкен жиын бола қалса осы колхоз да өтетін боп жүр. Шалдар әрдайым «Құдайдың бергені емес де?» — деп өздерінің ежелгі шүкіршілігіне тартып отырады. Үндемейтін Әутен бұған әр кезде ішінен күледі де қояды. Мұның бәрі өздерінің маңдай теріне малшынып жүріп, күн-түн қатқан қажырлы еңбектерінің арқасында ғана қолдары жеткен табыс.

Тың игеру басталғанда бұл тоғыз жаста еді. Сол жылы ол алғаш рет көмекші боп комбайнға отырды. Әлі есінде: жастық па, албырттық па, әйтеуір жаз бойы есін жыя алмай түс көрген кісідей таңырқады да жүрді. Қанша айтқанмен бұрын қыс қорада отырып, жаз жылт етісімен көгілдір таулардың көз ұшында мұнартқан жап-жасыл далаға көшіп шығып дағдыланған малды ауылдың баласы емес пе?! Көшпелі елдің ғұмыр бойы қанына сіңіп қалған етене көрінісі енді, міне, лезде-ақ ғайып болды. Бұрын дархан кең далаға, қора-қора қойға, үйір-үйір жылқыға үйренген қыр қазағы енді үйінің іргесіне соқа түскенде шыбын жандары шырқырап қоя берді. Осынау көл-көсір атамекеннен аяқ басар жер қалдырмай, қайда қараса да қара қыртысын қопарып, қайта-қайталап соқа салып жаққанда, осы «Жарқайыңның» шалдары түгіл, бұның өзі де біртүрлі болып кеткен-ді.

Иә, бұл қазақ даласын қатты өзгерткен құбылыс еді. Қара баланың қарнын тойдырудың ғана қамы емес, бұл өзі сайып келгенде, халқымыздың мүмкіндігі, рухани қайта түлеуінде өшпес із қалдырған үлкен әлеуметтік құбылыс еді. Күні кешегі қойшы мен жалшының баласы тыңның арқасында жүздеген жаңа мамандықтарға ие болды. Қазіргі заманғы күрделі техниканың тілін меңгерді. Соның бірі анау атақты комбайншы Еркін Бәтенов. Бұнан алты жас үлкендігі бар. Екеуі де осы «Жарқайыңның» жігіттері. Небір аузымен құс тістеп жүрген қазіргі маңдайалды комбайншылар осы Бәтеновтің бауырынан шыққан түлектер. Бәтеновті атақты комбайншы Гарри Беккер де ұстаз тұтады. Ал Еркін дегенде бұның жүрегі ерекше соғады. Оның себебі жоқ та емес; кеше ғана мектеп партасынан шыққан көк шыбық баланы алғаш рет осы Еркін комбайнға отырғызып, штурвалды қалай ұстау керек екендігін үйретті. Сол күн, сол сәттен бастап ұстаз аға өзі ұршықтай үйіретін комбайнның бойындағы тетігін шәкірт баланың зердесіне құйып, ерінбей-жалықпай үйрете берді, үйрете берді. Бір кезде ұстаз ағаның дем беруімен штурвалды кәдімгідей жүрексініп ұстаған төртбақ сары баланың соңынан егін даласына алғаш рет иректеп түскен ала-құла ізден басталған өмірі бүл күнде біраз қырқаны артқа тастапты. Палуан боп күреске түспегеніне өкінбейді. Тың игерудің бірінші күнінен басталған аттай жиырма жылдан бұл өз басынан аз күресті кешірмепті. Күрестің аты күрес емес пе, білек сыбанып түскен еңбек майданының сайыстарында бұның жыққан да, жығылған да кезі бопты. Бірақ, әйтеуір, жеңсе де, жеңілсе де, баяғы палуан денелі, жалпақ сары күнінен құйттай да өзгермепті. Бейнеттен қашқан жоқ. Ал, басқа түскен қиыншылыққа қайысқан жоқ. Әсіресе, әне бір көктен тамшы тамбай безеріп алған қуаңшылық жылдары көктемей жатып күйіп кеткен егінді көргенде өздерінің ағыл-тегіл тер төккен ұлы еңбегі еш болып, зая кеткеніне жаны күйзеліп тұрса да, сыр беріп, сыртына сөз шығарып көрген емес. Не де болса ішінде. Арғы жағында ащы өзегі күйіп бара жатса да үндемеді. Енді бір жылдары қара қыртыс құйқасын түбіне дейін қопарып тастаған егістік жерді өрттей аптап ыстық соққанда тұла бойындағы бар нәрін сығып алып, құнарынан айрылған күлдей қара топырақ кең аспанды торлап кетті.

Әсіресе, іргелес Павлодар облысының үстінен қара дауыл көз аштырмай ұрды да тұрды. Жүздеген гектар егістік топырақ астында қалды. Жел үп етсе, бұрқырап ұшып ала жөнелетін күлдей қара топырақ жер дүниені басып алғанда үйінді астынан дән алған, басы қылтиып келе жатқан егін сабақтары құдды көмек сұрап қол созған бала қолындай боп аяныш шақырғанда өмірде жылап көрмеген жігіт көзіне жас алды.

Иә, тарихта бұрын-соңды болмаған әрбір ұлы істің жеңіске жетер жолы әрқашан да қиындыққа түскен. Адамзаттың жиырмасыншы ғасырдағы ең ұлы ерліктерінің бірі -миллиондаған гектар тың жерлерді игеріп, халық игілігіне тұтыну да оп-оңай жүзеге аса қоймапты. Осы жылдары жалпақ сары жігіт те жәрмеңке базарын аралағандай шат-шадыман жиын-тойды думандатып, қызық кешіп жүрмепті. Жиырма жылдан бері тың шежіресінің талай сын сағаттарын өз көзімен көріп, өз басынан кешіріп, ыстық-суығына куә болды. Тың шежіресі — өз шежіресі. Тың жыры — өз жыры.

Диқандар мен ғалымдар тың өлкесінің болашағын сақтап қалу үшін аянбай күресіп жүр. Академик Бараев жетекшілік ететін Шортандыдағы Бүкілодақтық астық шаруашылығы институты қиын кезде қолма-қол әдіс тапты. Осы институт бірінші болып жыртылған жердің құнарлы, соңырағы күні дауыл соқса да бұрқырап ұшпай, өз бойында қалатын әдісті жүзеге асырды. Сол арқылы эрозияға қарсы күрестің жаңа бір агротехникалық жүйесі жасақталды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстан диқандарының егіншілік тарихында бұрын-соңды елімізде болып көрмеген аса маңызды жаңалығы еді.

Сөйтіп, тың аспаны да біржолата тазарды. Тың шаруашылықтарында әрбір жекелеген озат шаруашылықтар егін өнімділігін арттыруда жоғары көрсеткіштерге ие болып жүр. Атақты Михаил Довжик әрбір гектардан үнемі жиырма центнерден өнім алады. Қазақстан тыңының қай шаруашылығы да түбінде бұл көрсеткішке жетуге тиіс. Әутен елімізді астыққа белшесінен батырып кеткен кейінгі екі жылды есіне алады. Сол, сол екен көкірегін қуаныш кернеп, күлімдеп қоя берген көзін көк жүзіне тігіп тұр. Жаңағының арасында ғана түйдек-түйдек боп тұтасып қалған суық сұр бұлттан жақсы нышанды байқаса да, осы қазір ойы басқа жақта. Жайшылықта анау-мынауға селт ете қоймайтын зіл батпан көңілі жаңағы жиналыстан кейін толқып кетті ме, кешегі көшпелі ауылдың баласын мына мидай жазық дала тыныштығы тербеп, қай-қайдағыны есіне салып келе ме, ол әйтеуір, көзі түскеннің бәрінен кешегі күні тың астығы үшін жанталасқан ұлы күрестің ізін көреді. Осы жерден жылма-жыл алған өнімді бір түйір дәніне дейін дәлме-дәл өлшейтін аспап бар. Ал, тың игерген жиырма жыл бойы осы жерлерге диқан баба төккен ащы терді өлшен көрер ме еді? Басына оқыс келген осы бір тосын сұраққа ол таңырқағандай болып, жол көбелігіне шығып ақтарылып тоқтап тұр. Бұған өзі түгіл оқымыстылардың да жауап бере алмайтынын білді білем, ол басын шайқап күліп жіберді де, ілгері жүріп кетті. Қиыршық құм төгіп тастаған қара жолдың тастары мен түйіршік кесектеріне сүріне берген соң ол жолдың көбелігіне шықты. Сыпыра көбелікте сидиған сирек шөптердің сабағы қап-қара. Кешегі күні осы жолмен астық тасып ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың түтіні ыстап тастаған. Әутен көңілі басқа жақта болса да, ауық-ауық аяқ астында сытыр-сытыр сынған шөп дыбысына құлақ сап қояды. Бұл жақта жаз өте қысқа. Көктем тым кеш шығып, күз тым ерте түседі. Ашық күндер өте аз. Көк егіннің уақытылы пісіп-жетілуіне кедергі келтіреді. Жаңбырлы күз жылма-жыл өнген егіннің өзін ысырапсыз жинап алуды қиындатып жүр. Рас, республика диқандары соңғы жылдары тың астығын уақытылы ысырапсыз жинап алуға аса бай тәжірибе жинақтап қалды. Егін орағына техника мен адам күшін күні бұрын әзірлеп, түйілген жұдырықтай түп-түгел жұмылдырып жіберді. Қапысыз даярлық пен қауырт қимылдың арқасында Қазақстан диқандары кейінгі екі жыл қатарынан Отан қоймасына миллиард пұт астық құйды. Бірақ қашанғы халық жүйкесін қатты бұралған домбыра құлағындай шиыршық атқызып қоясың?! «Осы жұрт онсыз да қауырт қимыл, қапысыз ерлік, асқан ұйымшылдыққа арқа сүйеп барады. Ал, бұның бәрін Қазақстан тыңындағы кешең көктем, ерте күз проблемасын біржолата үзілді-кесілді шешіп беретін бірден-бір әдіс деу де қиын. Табиғат жағдайына байланысты мұндай қолайсыз проблемаларды комплексті түрде зерттеп, комплексті шешім қабылдамайынша тың шаруашылығының тұрақты өнім проблемасын шештік деу қиын. Бұл жақтың табиғатына лайық тез пісетін, аяз туса үсімейтін, бұршаққа да төзімді, бойындағы нәрді сабағына ғана емес, дәніне жинайтын жаңа сорттар шығарар ма еді? Сол кезде қанша өнім алғанымызға мақтанатын күнге жетер едік қой.

Сол сияқты егістік жерлерді ұқыпты пайдалану әр кезде ойдағыдай болып жүрген жоқ. Жиырма жыл бойы үзбестен ағыл-тегіл астық берумен келе жатқан, жарықтың, мына жер ананың құнарлығын арттырып отыру қажет-ақ. Әне бір жылдары тың шаруашылықтары тыңайтқыштан қанша зәрулік көрді. Егін еккен жер де құдды желінін тартқан сауын малы сияқты. Отын-суын қандырмай, мезгіл-мезгіл желінін қақтап сауып алған мал сияқты егісті жер де мерзімі жеткенде тыңайтқышпен қоректендіріліп отырмаса, құнарлылығынан айрылған соң келешекте қарын тойдырмайды. Қазіргі диқанның көзі ашық. Көкірегі ояу. Мол өнім алу жолындағы күресте қазір ол қара жерден бермесіңді тартып алады. Не айтатыны бар, Қазақстан тыңы дүниеге атымен жаңа тұрпатты диқан әкелді. Бүгінде Қазақстан тыңындағы диқанның жиырма жыл ішінде тұғырында түлеп шыққан өз ұрпағы, өз жеткіншегі өсіп-жетілді. Бүгінде үй іші, үрім-бұтағымен әйгіленіп алған атақты есімдер аз емес. Ондай сары табан диқандар әулеті Қазақстан тыңының әр аулында бар. Басқаны қойғанда бұның көз алдында өскен қазақ, орыс, украин, неміс жастары аз ба? Күні кеше ғана сол шіркіндердің көбінің шілдеханасында болып еді ғой.

Әутен шаралы жүзін ауырлатып тұрған ойды осы тұста сәл ыдыратып жымиып күліп қойды. Бір журналист жігіттің жазғаны есіне түсіп еді. «Тың көтергеннен бері санап отырса сол кездегі бесіктегі баланың белі бекіп, еңбек етуге жарап қалыпты». Шындықты айтып отыр. Иә, жас ұрпақ тез өседі. Кісі көңілі қартаймайды деген рас. Тек кеше ғана көз алдында туған сары ауыз балапанның бүгінгі күні қол-аяғы серейіп, дүрдиіп өсіп, егін даласына өзіңмен бірге шығып жүргенін көргенде кәрілік шіркіннің біз жаққа да танылып қалғанын сезесің. Оны айтасың-ау, олар егін орағы кезінде суырылып алдыңа түсіп бара жатса, лажың қайсы, кейін ысырылып жол бересің. Е, шараң қайсы, жүйрік пен жүректіге, білектіге қай заманда да қошемет көрсеткен. Ендігі заман солардікі. Осы мына ұшы-қиыры жоқ жер мен аспанға, байлыққа әмір жүргізер ендігі қожа солар. Өздері шетінен тепсе темір үзетін өрімдей қыз бен жігіттер. Бұлардың тісі батпаған жер тағдыры мен қиын проблемаларды соңыра солар шешеді.

Трактор дауысы тым жақыннан шықты. Бір әуенмен қырын басып келе жатқан жігіт осы арада еңсесін тіктеп, көзін ілгері жағына тастаса, «Жарқайыңда» отырған өзінің ауылына таянып қапты. Тракторшы таудай шөп үйген тіркеме арбаны ферма үйлерінен әріректе оқшау тұрған мал қораға тартып апара жатыр екен. Күзгі күн кәдімгідей кешкіріп қапты. Үбірлі-шүбірлі кішкентай үш баласы үй алдында ойнап жүр. Ауыл шетіне құбыла жақ беттен көп іліккен әкесін олар өлі көрген жоқ. Бір ілесі болған соң кеше облыс орталығына бара жатқанда көгілдір «Москвичті» гаражға қаңтарып кеткен-ді. Гараждың аңырайып ашық тұрған есігін көріп, «ой күшік» деді ішінен. Үлкен баласы машинаға үйір. Әкесінің көзі тайса болғаны машинаға жетіп барады. Үйге тіпті жақындап қалды. Мұржадан өлі түтін шықпайды. Сірә, әйелі мал қорада жүрген болар. Қолда асыраған қаздар әр үйдің алдында үйір-үйір болып шұбырады. Өзен жағасынан сиыр мөңіреді. Жар басында мінбеленіп салған шиферлі аппақ үйлердің айналасы жалаңаш. Жарықтың, қазақ ағаш өсіруге қырсыз. Өзен жағасына қоныстанған ауыл маңында бір түп ағаш болсайшы. Ал баяғыда осы «Жарқайыңның» екі беті сыңсыған ақ қайың еді-ау. Жаз айында жасыл жапырақтары жел астында қалтырай сыбыр-сыбыр сыбырласқан қайыңдар құдды белі бұралған жас сұлулар тәрізді еді. Белуардан өскен жасыл көкте тұлымы желпілдеген жас қыздар үйір-үйір боп жүгіріп, атластай жалтыраған аппақ тәнін әдейі жалаңаштап алғандай. Соғыс кезінде осы қазіргі ауылдар үй іргесінде сыңсыған қайыңды отқа жағып құртты. Сол кездегі Жарқайың есіне түссе, Әутен әлі күнге біртүрлі боп кетеді.

Жылда Әутен осы ауылдың кәрі-жасын жиып алып, өзеннің екі бетінде қайың еккізсем деп әуреленеді. Бірақ қанша талпынса да, құнтсыздың па, қолы бармай-ақ қойды. Қайда, дәл ағаш отырғызатын кезде бұлар бір қолын екі ете алмайды да жүреді. Көктемде жер жыртады. Ал, күзде егін орағы басталады. Әутен әрқашан ұзақ жолдан оралып қайтып, туған аулын тосыннан көргенде, тыныш жүрегі тулап кететін. Осы жолы да ол өзен жағасына орналасқан өзінің туған аулының сонау бала жастан көзі қанық үйреншікті тіршілігін, аппақ үйлерді, көшеде жайылған үйір-үйір қазды, есік алдында ойнап жүрген балаларын көргенде жер қозғалса да қозғалмайтын салмақты жігіттің жүзіне нұр ойнап шықты. Лып ете қалған оқыс қуаныштан көз жанары қаттырақ ұшқындап, күлімдеп тұрғанды. Кенет ертеден бері жол-жөнекей сарылып ойлаған өз басынан кешкен әр қилы жайларды есіне қайта алу мұң екен, Әутен төбеге ұрғандай тағы да ақтарылып тұрып қалды. Тосын ойға таңырқап тұрды-тұрды да, ол кенет жас балаша мәз боп күліп жіберді. «Ой, бәрекелді! Бәтір-ау, халық алдында қайта-қайта сүйрелеп алып шығып жүргенде, осы жұрттың мұның аузынан естігілері келіп, ақсарлары ауып күткендері де осы екен ғой. Мәссаған! Жол үстінде басына келген ойларды сол қалпында бұзбай-шашпай айтып берсем болып жатыр екен ғой».


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Әбдіжәміл Нұрпейісов Ер шоқтығы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Әбдіжәміл Нұрпейісов Ер шоқтығы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]