Күз туралы шығарма топтамасы

Күз туралы шығарма топтамасы

Міне, қыркүйек туды, күз келді. Күн қысқарып, түн ұзарды. Аспаннан бұлттар қаптап, сіркіреп жаңбыр да жауып тұр. Күн сирек көрініп, аз жылытады. Анда-санда таңертең салқын болып қояды. Өткір суық жел арық малды, жұқа киімдіні тоңдыра бастады. Жұрт күземін алған, киізін де басып алды. Маса, шыбын, құрт-құмырсқа жоқ болып кетіпті, құстар да жылы жаққа ұша бастады. Қарлығаштар көптен көрінбейді. Аспанда тырналар да тізіліп ұшып барады. Ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп шөптер де қурап қалған. Егіншілер астығын жинап алып, шашындыда әр жерде ғана жаңбырға сарғайған шошақтар тұр, оларды де иелері тасып алуға шана жолын күтіп отыр.

Ел тегіс биесін ағытып, пысық қатындар желі-ноқтасын кептіріп алды. Жаз күні көп байлағаны есіне түсіп, қымызшыл шалдар арық құлынын жаңа аяп отыр. Ер азамат қыстауды түзеп, кемпір мен шал, борбай балалар от басында отыр. Жаз рақат болса да, киіз үйдің күзді күні суығы-ай!


Әне-міне дегенше күз де келді. Оны мен күнтізбеден ғана емес, ауа-райынан байқадым. Күн лезде суытты, ертең тіпті қар жауады деген болжам да бар. Көрерміз...
Ауа райының өзгеруі адамдардың көңіл-күйіне қаншалықты әсер етеді екен. Бәлкім терісі қалың, тоңмойын адам суықты да, жапырақтардың сарғайып құлап түсіп жатқанын да елемеуі де мүмкін. Бұл рухани тұрпайылық па, әлде күштілік пе? Бұл туралы өте көп ойлар айтуға болады. Дегенмен де өз басым соңғы кезде ғана ауа-райының өзгерістеріне, тек ауа райы ғана емес, жалпы дүниедегі, өмірдегі өзгерістерге назар аудара бастадым.
Адам қандай болсын бірібір кез-келген адамның ойларында қазір күздің сарыны байқалады. Сөйтіп табиғат адамға осылай да әсер етеді екен-ау.


Табиғат жаратылысы өзіне тән жыл он екі ай төрт мезгілмен ұштасады. Әр мезгіл өз сұлулығымен таңдай қақтырарлықтай. Мысалы қыс - мамықтай жұмсақ, кіршіксіз таза көңілдей аппақ қарымен көрікті болса, ал көктемде жылғалардан су ағып, өсімдік атауы бүршік атып, ағаштар ақ гүлден моншақ тағынады, төрт-түлікте төлдеп тіршілікке жан бітеді. Айналасын жасыл кілемге төсеп дала біткенді суға жүгіртіп, қарынын үзілген жеміске тойдырған жаз да бар.

Ал мен үшін орыны бөлек, жаныма жақын - күз мезгілі. Иә, көне шаһар төріне өзімнің басқа маусымдарға ұқсамайтын келбетімен күз де келіп жетті. Сары жапырақ қоңыр салқын ауа-райы, жабырқаулы көңіл-күй, қара суық жер күзге тән қасиет.

Мектепке асыққан бала, қоймасын астыққа толтырған диқаншы, қыс азығын жинаған шаруа, еңбекпен біте қайнасқан тірлік күз мезгіліндегі қызықты жайттар. Сондықтан күз - молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі болып саналады.


Күз - сағыныш маусымы


Есіңізде ме, мектепте оқып жүрген кезімізде жыл сайын міндетті түрде «Күз» деген тақырыпта шығарма жазушы едік қой. Ылғи да «Күз келді. Күн суып, жапырақтар сарғайды. Құстар жылы жаққа қайтты. Адамдар жылы киіне бастады. Дихандар өнімін жинап алды...» деген сарынмен жазып кете беретінбіз. Иә, бала қиялы, бала көзі күздің сыртқы бейнесін, сипатын баяндап жазуға қауқарлы. Ал жасың ұлғайып, ересек адамға айналғанда күзді басқа қырынан көре бастайды екенсің.

Сіз күз деген сөзді естігенді бірінші нені есіңізге аласыз? Суыған күн, сарғайған жапырақ, жиналған бақша өнімдерін бе? Әлде күздің бірінші күнінде басталған жаңа оқу жылын ойлайсыз ба? Мүмкін жылы киім сатып алу мен қысқа дайындық жасауды есіңізге алатын боларсыз? Шындығында да, әр адам әртүрлі ойдың жетегінде кетері анық.

Ал мен үшін осынау алтын мезгіл – сағыныш маусымы. Күз келсе-ақ болды әлденені, әлдекімді сағынып, іздей бастаймын. Оның не екенін өзім де білмеймін. Құдды біреуді жоғалтып қойған адамдай беймаза күй кешетінім жасырын емес. Мынау күйбең тірліктің шырмауынан бір сәтке еркіндікке шығып, көңіліме ерік бергім де келетін сияқты ма, қалай?! Әсіресе, жауынды күні, әшейінде жайдары көк аспан түнеріп, моншақтап жауған жаңбыр тамшылары терезені тырсылдатып соққан кезде менің де жүрегімді бір естеліктер мен белгісіз мұң тарсылдатып соғып жатқандай болады. Ешқандай себепсіз торығып, жанарың жасқа толып, осынау өмірде біреуден зәбір көрген жандай бұртиып шыға келесің. Өткен күндердің сәулесі есіңе түсіп, жүрегің шаншиды.
Адам деген қызықпыз ғой негізі. Жүрегіміз бұйрық берсе көзімізді тарс жұмып алып, ақылымызды істен шығарып, бұйдаланып мұрнына жіп өткізген түйедей сезімнің жетегінде сүйретіліп кете береміз. Өзімізге өзіміз есеп беруден қалып, болар іс болып, бояуы сіңгенде барып ағат басқан, ақыл құптамайтын қадамымыз үшін кімді жазғырарымызды білмей әуре-сарсаңға түсіп жатамыз. Бірақ оған кінәліны іздеудің түкке де қажеті жоқ. Сіз бар болғаны көңіліңіздің қалауын жасадыңыз. Осынау жасындай өте шығар бес күндік жалғанда кез келген адамның қателесуі заңдылық. Тіпті толық құқылы деуге де болады. Себебі кемшілік, сәтсіз қадам адамға сабақ беріп, келесіде қайталамауын қамтамасыз етеді.

Өз басым жыл мезгілдерін адам өмірінің кезеңдерімен салыстырар едім. Көктем – бүр жарған, тіршілік оянған жастық шағымыз. Бәрі де таза, бәрі де табиғи. Табиғат-Ана оянып, тіршілік жанданып, күн тек мейірім төгіп тұрады, жастар да қулық-сұмдықтан ада, пәк сезімнің иесі болады. Ал жаз мезгілі – тіршіліктің нағыз қайнаған шағы. Өсімдіктер өз өнімдерін беруге дайындалып жататыны секілді, адамның да жаз маусымы оның отбасын құрып, бала өсіріп, солардың болашағы үшін барын салып, бойындағы қаны қайнап тұрған уақыты деп білемін. Адамдардың ұрпақ тәрбиелеп, оларды орындарына жайғастырып, еккен егіндерінің жемісін көретін мезгілі – күз мезгілі. Балалардан рахат көріп, астына қалың көрпеше салып жан жылулығын сезінетін сәт. Соңын ала жапырақтары түсіп, жалаңаштанған ағаштардай қарттықты мойындай бастайды. Адам ғұмырының соңғы ұзақ ұйқыға кететін шағы - қыс мезгілі. Суық та ызғарлы. Көктемді аңсайтын мезгіл. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Осылайша өмір аяқталады.

Сондықтан әрбір күннің жақсылығын сезініп, қандай сынға кез болсақ та Алланың игілігінен үміт үзбеуді үйренейік дегім келеді. Далада күз болса да, көңілдеріңіз жадыраңқы болсын!

Автор: Әсел Ережепова, дереккөзі



Күзгі күй…


Күз басталғаннан бері де бір ай өте шықты. «Жаз қашан…» деп асыға күткен әрбір пенденің сол жазда бітіретіні шамалы…күйбең тірлікпен қалай өткенін де білмей қалады. Жайдарлы жаз бізбен қимай қоштасқандай болды-ау… Жылдағыдай емес, жапырақтар да кеш сарғайды. Күннің көзі ашық,жылы болып тұр.
Таңертең автобуста терезеден сыртқа көз сала отырып, есіме Қайрат Нұртас айтып жүрген бір әннің сөздері есіме түсті:
…Жаздың соңы, жапырақтар жаңбыры,
Ал жапырақ – адамдардың тағдыры.
Сары ағаштан түсіп жатқан секілді
Сау-сау етіп өмірімнің әр күні…
Дәл солай, пендеуи өмірде анаған қол жеткіземіз,мынаның шырқау шегіне жетеміз деп шапқылап жүріп, көз алдымызда жайқалып өсіп тұрған жасыл әлем сары түспен алмасып үлгерген кезде ғана, осы маусымды артқа тастағанымызды бір-ақ байқаймыз, е-ее…тіршілік десейші…
Бала кезімізде мектепте «күз туралы шығарма жазыңдар» десе-ақ, «күз келді, айнала сары алтынға оранды…» деп бастап ала жөнелетінбіз. Сурет сабағында түрлі-түсті қарындашпен сары жапырақтарды бір-бірімізбен жарыса отыра әдемілеп салсақ, ал ботаника мұғалімінің «гербарий дайындап әкеліңдер» деген тапсырмасын естіген сәтте төңіректен жапырақ теріп кетуші едік. Оны кітаптың арасына салып кептіріп, артынан альбомға желіммен жапсырып әлек болатынбыз. … Жан-жағыма әлі қарап келем. Тағы да… сары жапырақтар… Қазір маған сол сары жапырақтар ұнамайды… біртүрлі, көңілсіздік тудыратын сияқты болады да тұрады. Тіпті, күз туралы кез келген бір өлең, не шығарманы алып қараңызшы, ішінен міндетті түрде мұң тұнған жолдарды кездестіресіз: сары жапырақ…, сарғайған сағыныш…, құстардың қайтуы, қош айтысу…, күзгі жауын…, күзгі дауыл… т.б. Ал «көктем», «жаз» сөздерінің өзі жанарыңызға жылу әкелетінін елестетіңізші…
…Күнделікті тұра сала әдет бойынша күнге тағзым етейін деп терезеге үңілсең, салқын сілем бірден аңғарылады. Көңіл көлеңке тартып қалады. «Әлі де жаз бола түссе екен» деген іште тілек бар ма екен, кім білсін. Жадыраған жазда қызылды-жасылды матаның өзі көтеріңкі күй сыйлайтын…ал қазір…адамдар сұр, қара, қоңыр түстіге ауысыпты… қайтсін… жұқа киім кімге пана болсын…?
Бүгін қыркүйектің соңғы күні. Жұмысқа келе сала, әдеттегідей пошта тексеріп, күнделікті қарайтын блог,сайттарды шолып шықтым. Бағана үйден шыға маза бермеген ойларымды аяқтайтын бір түйін жетіспей тұрғандай, жинастырған өлең, жазуларды ақтардым. Тірліктің әрбір бедеріне мән беріп, ой қорытып отыратын Бекжан Толыбайдың блогынан бұрындары көшіріп алған мынау сөздер көзіме түсті, дәл осы күзді күнгі көңіл-күй,ішкі мазасыздық екі ауыз сөзбен жеткізіліпті: «Рухымыз күздің күні ерекше бір күйге келе ме қалай, іште бір мұң, кұлазытқан күй.Жылы мекенде, терезеден сыртқа, сырттағы суық күзгі өмірге көз салып отырудан жалығар ма екенбіз. Күзгі тұман, рухымызды орап, жылытқандай болады..Бірақ….».

Автор: Тоты, дереккөзі

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
куз туралы шыгарма, алтын куз туралы шыгарма казакша, Қазақша шығарма: Күз, сочинения на казахском языке об осени, Қазақша шығарма, Қазақша шығарма: Күз казакша шыгарма туралы, күз туралы шығарма, алтын күз туралы шығарма, алтын күз туралы шығармалар, сочинение на казахском языке золотая осень, сочинение на казахском языке про осень, сочинение на казахском языке на тему осень

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]