Қанатты (нақыл) сөздер: Ілияс Есенберлин
Сенім.Бұл бір ұлы күш! Сенімге ие болу – өмірді мәнді етеді.
Сенімге ие болу — өмірді мәнді етеді.
Қызғаныш - таза мөлдір сезім.
Екі адам бірін-бірі шын сүйсе екеуі де алтын. Махаббатта бақыр жоқ...
Қызғаншақтық — кең дүниені тар еткізетін кесел. Өз мінезінен өзі құса болған қайғыдан жаман қайғы жоқ. Ол адамды іштен жегідей жейді. Бір кездегі денелі салмақты жас жігіт, енді күжіреген, қас-қабағы түнерген, ашулы кісіге айналады.
Дүниеде махаббат болмаса, табиғаты сараң кісі бұрынғысынан да сараң, ал жаратылысы қатты адам одан да қатулана түсер еді.
Егер сонда бірін-бірі жақсы көрген екі адам бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын екі аққуға ұқсаса, міне, сонда ғана олар — шын ғашықтар.
Шын махаббат бар да, махаббатпен ойнау бар. Шын жақсы көру – өмір бақи сәулесін, сұлулығын жоғалтпайтын гауһар тас. Кімде-кім шын сүйсе, өз сезімін қадірлейді, өйткені оның ләззаты ыстық жүректен туған. Ал жүректі ауыстыра алмайсың.
Адамның көңілін жеңілдетер, жанын жібітер махаббаттан артық күш жоқ. Қызды сүйген жігіт қандай азапқа болса да көнуге бар, ал баласын жақсы көрген ана баласы үшін жан қиюдан тайынбайды. Бұл – табиғат заңы. Махаббатты осындай құдіретті етіп, дүниедегі ең ұлы күш – жаратылыстың өзі жаратқан. Сондықтан да, махаббаттың алдында кім болса да әлсіз, амалсыз.
Адам біреуді сүйер болса, оны кәусар суындай таза, гауһар тас сәулесіндей мөлдір ләззатпен сүюге тиісті. Сөйтсе ғана ол өзінің де, жақсы көрген адамның да арман мүддесін адал сақтайды, кір жұққызбайды.
Аққуды атуға, махаббатты қорғауға болмайды! Махаббат әні – аққу әні. Оның сұлу ырғағын естудің өзі адамның өмірдегі бір тәтті арманы емес пе?! Әрине, аққуды ататындар да, махаббатты қор ететіндер де табылады. Бірақ олар дүниенің қызығын, сәнін түсінбеген бейшаралар. Олар үшін махаббат әні – аққу әні салынбайды. Ал қор болған махаббат зары – жаралы аққудың соңғы әні. Оның мұңына, оның зарына елжіремеген жүрек – ол жүрек емес.
Махаббат бір аққу құс емес пе: өзі де сәнді, әні де сәнді. Дүниеде аққудан әдемі құс бар ма? Сондай-ақ махаббаттан әдемі, одан қымбат адамға сезім бар ма?
Бір сүйген адамыңды мәңгі сүйіп өтуге болады. Бұл махаббаттың күшінен ғана емес, адамның мінез-құлқының тұрақтылығымен байланысты.
Жүректі шын күйдірсе, махаббат азабының өзі де бір қуаныш емес пе? Иә, зор қуаныш. Өйткені жүрек күю үшін шын махаббат, зор махаббат керек. Ал, ондай махаббат жаныңа қанша азап салса да – қуаныш, бақыт.
Махаббатта тұрақсыз болу – үлкен күнә.
Егер де ең ұлы ашылымдар болмаса да, бәрібір адамзат өмір сүрген болар еді, ал егер сүйіспеншілік жоқ болса, ол тез арада құрып бітер еді.
Қыз ұятын сақтаса, жігіт бір мінезділігін сақтауы махаббаттың тазалығына керек қасиет. Сөйтсең ғана махаббат та адал сақталады.
Махаббат деген қасиетті күш. Дүниеде махаббат болмаса, адам баласы қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер еді.
Тұрақты адамның махаббаты да тұрақты.
Махаббатсыз болашақ жоқ. Махаббат – адамның ұлы қуаты, ұлы сенімі.
Меніңше, бұл өмірде махаббаттан асқан қазына жоқ.
Ауыздан шыққан суық сөз жүрекке жеткенше мұзға айналады.
Шын ғашық жамандыққа бармайды.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: