Қазақша өлең: Жұбан Молдағалиев (Мен қазақпын [VIII-X])
VIII
Мен - қазақпын, белдімін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Мен Ленин есімін айта келдім.
Айта келдім ақ - адал жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Ақын тілі, махаббат, бұлбұл тілі -
Жыр ғып қазақ тілімен жүремін мен.
Жас күшіктей жарық нұр дәніктірген,
Тырнап аштым көзімді әріптермен.
Марқа бұзау секілді қадалдым кеп
Желініне ғылымның дәріптелген.
Қанша бүгін әлемге аян ұлым!
Тыңдайды түз сансыз шат Баян үнін.
Қайта туған қарт Жамбыл, жас Күләштар
Бір - бір жолы жаңа өмірбаянымның.
Мені уақыт шыңдады, шынықтырды.
«Күрес - бақыт» дегенді шын ұқтырды.
Көз алдымда ұзарып көлеңкесі
Зәулім құрылыс, ұлы істер тұнып тұрды.
Жалындатып бесжылдық жалауларын,
Әр төбенің басында алауладым.
Әр кірпіштің сәбидей жауырынын жазып,
Әр шешектен арадай бал ауладым.
Турксиб боп төселдім поездарға,
Поездарша жүк артып ой озды алға.
Қарағанды аталған кочегар боп,
Отан пешін қыздырдым аяздарда.
Тіреу болдым Жезқазған шахтасына,
Бақыт жатты сары жез саф тасында.
Жер астынан көр емес, жұлдыз көрдім,
Түстім қызыл екпінді тақтасына.
Құнықтым мен еңбекке, дәндеп алдым,
Тамшы болдым, шық бодым, дән де болдым.
Әлдилендім заводтың гудогымен,
Соныменен оянып ән боп өрдім.
Ғаламат күш, апырау, бұл не деген?
Тас та қалмас, сеземін, гүлдемеген.
Тәттілігін еңбектің осыншама
Қазақ қазақ болғалы білген емен.
Сепкенім - дән, шашу - гүл, тергенім - бал,
Өрмектерім - өзендер, өргенім - тал,
Жаңа үй болған жастардай мәз боп жүріп,
Жақсы күнде жаман түс көргенім бар.
Жылды айтпаймын қап түбін бос ақтарған,
Шалбарымның белдігі босап қалған.
Түнді айтамын бауырымнан Сәкенімді ап,
«Жау» деген сөз жанына қосақталған...
Жиырма жылда біреу - ақ ондай түнім,
Білем уақыт оны да оңдайтынын.
Білем барда Партия, Ленин жолы
Жөнсіздіктің жасы ұзақ болмайтынын.
Тамшы жастай көзімнен түнді сылып,
Таңды орнынан көрдім мен, бір ысылып
Төрт жүз миллион қол тұрды тік көтеріп
Мені, менің жерімді күнге ұсынып.
Күн астында орнымның үлкендігін,
Тағы өзінше танытты бұл кемді - күн.
Құлағымда, жүректе Ленин даусы:
«Қазақ, сенің жеріңе тіркелді күн!..»
Тіркелді күн даламда сан күйінген,
Қызға ұқсаймын мен тұңғыш сән киінген.
Жазып жүрмін жаңа өмірбаянымды
Қанмен, термен, қаламмен, ән - күйіммен.
Мен - айғақпын, ұстамын ертегіге,
Мен иемін бүгінге, ертеңіме.
Конституция!
Герб! -
Қазақ ССР-і!
Елдік күйін, ел күйін шертем мен де!
Марстықтай қараймын айналаға:
Туып жатыр жұлдыз бен ай далада.
Тыныштық бер, мұрша бер, о замана,
Бұршағыңды, бұлтыңды айдама да.
Мен бақыттың не екенін жаңа ұқтым.
Өз өмірім өзіме жаңалық тым.
Көп отырып қалыппын сәбилікте,
Кең кеудемде жүрсе де жаны алыптың.
Мен қызығам сауатты атаға да,
Өз жерімде тоқылған матаға да,
Өз қолыммен жасалған тетіктерге,
Тіпті сонда жіберген қатама да.
Қаталар да - жанымның перзенттері
Көре білсем, көңілдің ер жеткені.
Жас әкеше үйренем жөргектеуді,
Жас ананың сүтіндей жер женттері.
Мен осылай жақсыға жанасқамда.
Дүние - сұлу көрпесін жаңа ашқанда,
Ту сыртымнан сарт етті қара қанжар,
Қан боп шықты соғыстың шаңы аспанға.
«Жарлығым сол - патша боп тағдырыңа!
Таңың атты - ұрлатпа таңды ұрыға!»
Осы бір сөз сап етті ә дегеннен,
Түнек қаупі төнгенде таң нұрына.
Құлап түсті шекара бағанасы -
Қабырғамдай қираған маған осы.
Таразыда теңселді өлу - өлмеу,
Азаттықтың, елдіктің мағынасы.
Маған совет жерінің әр сүйемі -
Ана емшегі, ақ сақал, ар сүйегі.
Таптап жатса соларды жау табаны,
Қалай қазақ ас ішіп, жар сүйеді?
Түсіп кеттім майданның құрсағына.
Бейбіт күндер ұқсады құр сағымға.
Туыстыққа тапсырдым бір емтихан.
Ұлы Ленин қаласы құрсауында.
Мен - Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген,
Қазған ормын дүшпанға ентелеген.
Мен - Москва қорғаны, Жиырма сегіз,
Мен - Әлия, мен - Мәншүк, мен - Төлеген.
Паспорттары, паролі сол да атымның.
Еңбектің де сом білек солдатымын.
Ұйқысызбын, майдандық вахтадамын,
Тоғызы боп он оқтың сонда тудым.
Жүргенім жоқ айқасып атақ үшін,
Танытам деп әлдебір ата күшін.
Қорғамақпын соң келген бақытымды,
Октябрьдің, Ильичтің аталы ісін.
Мен - солдатпын сол үшін шаужайлаған.
Ұлт атында жоқ енді дау жай маған.
Украин, белорус, орыспын мен,
Азат етем жерімді жау жайлаған.
Бәрі мендік, менікі емесі жоқ,
Менің халқым, бауырым демесі жоқ.
Солар мені компастай Октябрьде
Алып шыққан азаттық кемесі боп.
Қалқандарым қазір де солар менің,
Қазақ елі оларсыз болар ма елім.
Жалғыздықты дүниеде жауға берсін,
Дос - жарым көп, қандай мен оралды едім!
Содат бірде - мейірімсіз қатал алып,
Бірде бала, ал кейде ата халық.
Алғашқы азат метрін жеріміздің
Мен сүйгенмін еңіреп жата қалып.
Минутым сол көз жасын жасырмаған,
Азаткердің берді атын ғасыр маған.
Тіккенде де Берлинде жеңіс туын,
Қуанышы сол күннің басылмаған.
Жеңімпаздар атына тост арналып,
Жатқан сәтте құшағын достар жайып,
Тұрды аспанда Егоров, Кантария,
Тұрды аспанда жас қазақ Қошқарбаев.
Төменінде - ұлы ұлттың кең өлкесі,
Бранденбург, Шпрея, көл еркесі,
Күл боп қалған сүлдесі Гитлердің, -
Алас ұрған фашизм көлеңкесі...
Дей алмаймын өлікті азулы әлі,
Дей алмаймын және одан аз у қалды.
Рейхстаг жарында ескертудей
«Қазақ» деген әйтеуір жазу қалды.
«Мұнысы кім?» дейтіндер табылмас та -
Даңқым басқа, бұл күнде дабыл басқа.
Кіші болғым келеді кейде атымнан,
Асып - тасқан біреу боп танылмасқа.
Барымта емес даңқ бірақ даулап алған.
Жеңіп алғам оны мен, жаулап алғам.
Жаңбыр да емес түйірлеп оны өсірген,
Өз денемнен аққан тер, саулаған қан.
Аз алған жоқ шапқындар ғұмырымды,
Аз болған жоқ халықтар шұбырынды.
Соғыста емес, соғысты құртқанға орнат,
О адамзат, ең биік тұғырыңды!
Маршалдықтай көремін малшылықты,
Мәпелеймін бөбектей тал шыбықты.
Жұмысшы қыл, дихан қыл, ғылымға қой,
Еңбек жүгін еселеп салшы мықты.
Бірақ мені егін де, жасыл бақ та
Күтпесін тек күрестен жасырмаққа.
Тілей қалса тағы да Отан қамы,
Соғысуға бармын мен ғасырлап та.
Осы ойымды олжадай еншіге алып,
Солдаттықтан оралдым жең сыбанып.
Жігіт шағы, сұлулық, бір сенікі
Мен - қазақпын, жаушы емес, елші халық.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: