Жаңа жылдағы жаңа тарифтер: 2016 жылы ненің бағасы қымбаттайды?

Жаңа жылдағы жаңа тарифтер: 2016 жылы ненің бағасы қымбаттайды?

2016 жылы кейбір өңірлерде электр қуаты мен жылу және судың бағасы арзандамақ не сол күйінде қалмақ. Ал Астана мен Алматыда керісінше қымбаттайды деп хабарлайды Азаттық.

«Коммуналдық төлем ақылары мен тарифтерінің жылда өсуі – қалыпты жайт» деген алматылық Қазбек Османов биыл да сондай жаңалықты күтіп жүр.

“Қазір жаңа жылдық мерекелермен жүрміз ғой. Айдың аяғында коммуналдық қызмет пен жарыққа квитанция келгенде өзгеріс болатын шығар. Жылда солай. Биыл оның үстіне теңге құнсызданып жатыр, бұл қымбаттауға жақсы сылтау болды”, – дейді ол.

Қазбек Османов бұлайша уайымдауына «АлматыЭнергоСбыт» компаниясының жуықта табиғи монополияларды реттеу агенттігіне жолдаған өтініші де себеп болғанын айтады. Компания «жанар-жағармай материалдарының қымбаттауына және доллар бағамының өсуіне байланысты» бір киловатт/сағат электр энергиясының ақысын 17 теңгеге дейін көтеруге рұқсат сұраған.

Алматыдан өзге өңірлерде де коммуналдық қызметтер тарифі алдағы бес жыл көлемінде 10-20 пайызға өспек. Мәселен, Орал қаласында да бір киловатт/сағат электр энергиясының құны 2016 жылы 4,69 теңгеге, ал 2020 жылы 5,31 теңгеге жетпек. Батыс Қазақстан облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау бойынша комитеті департаментінің басшысы Валихан Разов тарифтердің өсуінің бірнеше себебі бар екенін айтады.

“Олар – сату көлемінің азаюы, қызметкерлердің еңбекақыларының көтерілуі, отынның және электр қуаты мен жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектер мен қызметтері құнының өсуі”, – дейді Валихан Разов.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, қаңтардың 1-інен бастап Астанада да жылу, су және электр энергиясын тұтыну бағасы қымбаттайды. «Астана-РЭК» компаниясы бір киловатт/сағат электр энергиясының бағасын биыл 2,89 теңгеден үш теңгеге (қосымша құн салығынсыз) қымбаттатып, 2020 жылы 3,11 теңгеге дейін жеткізбек.

«Астана су арнасы» мекемесі де ауыз судың текше метрін 72,49 теңгеден 94,25 теңгеге өсірмек. Сондай-ақ суды пайдалану деңгейіне қарай ақы төлейтін дифференциалды тарифі алынып тасталды. Енді тұрғындар судың ақысын аз не көп пайдаланғанына қарамастан бірыңғай тариф бойынша төлейді. Қалада жылу бағасы да өспек.

Бірақ Қазақстанда электр қуаты мен жылу және судың ақысы арзандайтын өңірлер де бар. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасы Серік Жұманғариннің өткен айдағы баспасөз мәслихатында айтуынша, 2016 жылы Атырау облысында электр қуаты арзандайды. Ол өңірде бір киловатт/сағат электр энергиясының бағасы орта есеппен 0,7 пайызға (13,85 теңгеден 13,75 теңгеге) дейін түседі. Ақтөбе облысында да электр энергиясы құны орта есеппен 2,3 пайызға (14,21 теңгеден 13,89 теңгеге) төмендейді. Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында – суық су бағасы сол күйінде қалады, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында жылу тарифі өзгермейді.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
электр, теңгеге, бағасы, судың, қуаты, киловатт, теңгеден, энергиясының, сағат, дейін, тарифі, пайызға, монополияларды, реттеу, өңірлерде, қымбаттайды, күйінде, Атырау, бойынша, бәсекелестікті

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]