Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді

Бүгін Қазақстан ресми түрде ДСҰ-ның құрамына енді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жолдады.

Үндеудің мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Еліміздің аса маңызды тарихи оқиғаның қарсаңында тұрғанын, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқталғанын тілге тиек еткен президент:

«Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады.

Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік.

ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар.

Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек», — деді.

Президент сондай-ақ бүкіл әлемге ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болатынын да сөз етті.

«Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін», — деп аяқтады елбасы сөзін.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
сауда, Дүниежүзілік, Қазақстан, ұйымына, Қазақстанның, біздің, жөніндегі, түрде, ресми, жаһандық, жолдады, экономикалық, келетін, үндеуін, болса, тауар, жұмыс, Бүгін, Назарбаев, басшысы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]