ҰБТ-дан құлап қалған студент Алматыдан "Қуырдақтың көкесі" атты кафе ашып қойды (фото)

ҰБТ-дан құлап қалған студент Алматыдан "Қуырдақтың көкесі" атты кафе ашып қойды (фото)

Алматыда студент жігіт қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын "Қуырдақтың көкесі" атты дәмхана ашылды деп жазады "Ұлан" газеті.

Бұл туралы Жас өркен хабарлайды.

"Əншейінде қазақтың дастарханы мол деп мақтанамыз. Қазысын айтамыз, бауырсағы мен қуырдағын айтамыз. Бəрі де рас-ау! Алайда, басқа-басқа, Алматының төрінде қазақтың ұлттық тағамдарын ұсына алатын дəмхана жоқтың қасы екен-ау. Соны былтыр күзде қала əкімі Бауыржан Байбек тілге тиек етіп қалды. Əкім ағаларыңның сөзі жерде қалмады. Енді ондай дəмхана бар. Жоқты бар еткен қарапайым студент жігіт екенін айтсақ, біреу сенер, біреу сенбес. Ол дəмханада қуырдақтың оншақты түрі əзірленеді. Əр аймақтың бауырсағы да осында. Күнделікті тұрмыста дайындала бермейтін ас түрлері де, сусындарымыз да бар екен. Мəзірді ашқанда, қазақ ұлттық тағамдарының энциклопедиялық анықтамалығын оқып отырғандай күй кешесің. Дəмханасының аты да ерекше ғой, шіркін! «Қуырдақтың көкесі» деп аталады", - деп жазады басылым.

- Еркебұлан, ісіңіз оң болсын. «Қуырдақтың көкесін» ашқан жас студент екен деп естіп жүрміз. Өзіңізді таныстырып өтіңізші?

- Мен Тараз қаласындағы №5 Жамбыл атындағы орта мектептің түлегімін. Мектепте 5-ке оқыдым. Бірақ, ҰБТ-дан «құлап» қалғанмын (күліп). Бүгінде Алматы технологиялық университетінің 4-курс студентімін. Мамандығым – қаржыгер. Оқумен қатар жұмыс та істеп жүрдім. Үш жылдан аса мейрамханалық қызметтен тəжірибем бар дей аламын. Даяшылық қызметтен бастадым. Одан кейін менеджер, меңгеруші де болдым. Сол кезден жиған тəжірибем қазір пайдаға асып жатыр. Арманым қазақы нақыштағы мейрамхана ашу болатын. Өйткені, Алматыда таза ұлттық бірде-бір мейрамхана жоқтың қасы еді, білесіздер. Сол олқылықтың орнын толтырғым келді. Содан кəсіп ашудың қыр-сыры жөнінен түрлі курстарға қатыстым. Оқыдым, іздендім. Сосын өз ойымды жоспарлап, қазақтың ұлттық тағамдарын біраз уақыт өз бетімше зерттедім. Дəл сондай ойда жүргенде, Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек ағамыздың бір сөзі іске кірісіп кетуге серпін берді. Естеріңізде болса, «Алматыда бірде-бір ұлттық тағамдар мейрамханасы жоқ. Əртүрлі деңгейге лайықтап, неге ашпасқа?» деп еді. Ағалардан кеңес сұрап, бизнес жоспарымды құрып, көп күттірмей дəмхананы аштық. Құдайға шүкір, қазір жұмысымыз жақсы жүріп жатыр. Дəмханамызға келушілер қатары күннен-күнге артып келеді. Мұндай дəмхананың қажет екенін түсініп, қаланың ішінде тағы біреуін ашуды ұйғардық. Сонымен, Алматыда екі жерде «Қуырдақтың көкесі» бар.

ҰБТ-дан құлап қалған студент Алматыдан "Қуырдақтың көкесі" атты кафе ашып қойды (фото)

- Қазір қанша қызметкеріңіз бар? Шығын өтеліп жатыр ма?

- Бірінші дəмханамызда 10 қызметкер бар. Жұмысымыз табысты жүріп жатыр, шүкір.

- Сөзіңізге қарасақ, мейрамхана ашу оңай шаруадай естіледі, тіпті…

- Қайдан, мұндай шаруа қиындықсыз болмайды ғой. Бірнеше ай тиянақты дайындалдым. Ауыл-ауылды аралап, қуырдақтың түрлерін зерттедім. Əр тағамның жасалу технологиясын сұрап, білдім. Дəмхананы ашу үшін не қажет дегеннің бəрін жіті зерттедім. Екінші ашқанымыз да дəмхана деңгейінде. Бірақ, ол біріншісіне қарағанда кеңірек. Ал мəзір құрамы мен астың бағасы бірдей.


- Алматыда «Қағанат» асхана желісі бар. Сол тəрізді «Қуырдақтың көкесін» көбейту жоспарыңызда бар ма?

- Иə, соны армандап жүрмін. Алматының өзінде кемінде он жерден ашсақ деймін. Жалпы, еліміздің өзге өңірлерінде де «Қуырдақтың көкесі» сияқты ұлттық тағамдар ұсынатын дəмхана, мейрамханалар көп болуы керек деп ойлаймын.

- Дəмханаңыздағы тағам түрлерін кез келген аспаз əзірлей алмайды-ау. Аспаздарды қалай таңдадыңыз?

- Рас, аспаз табу оңай емес. Ұлттық тағамдарымызды əзірлей алатын адамдарды арнайы іздестіріп, сұрастырып, іріктеумен алдым. Бас аспазымыз Гүлнар – ауылда өскен, қойшының қызы. Қуырдақтың қай түрінің де жасалу ретін жақсы біледі. Сол кісінің қарамағында қазір бірнеше аспаз бар. Бас аспаз өзі бəрін бақылап, білмегенге үйретіп отырады.

- Мəзірде көптеген тағам түрлері бар екен. Келген қонақтар көбіне қай асқа тапсырыс береді?

- Көбінесе қуырдақтың түрлеріне тапсырыс береді. Төрт түліктің де етінен қуырдақ түрлері əзірленеді. Мысалы, түйе жəне сиыр етінен қара қуырдақ, қонақ қуырдақ, жылқы етімен сүр ет қуырдақ, қонақ қуырдақ, сырбаз қуырдақ, қазы-қарта, жал-жая, асқан ет, қазы нарын, үлпершек, қой етімен сорпа, езілген құрт салынған көже, кеспе көже, кеспе көже қатықпен, нарын, əсіп, қуырылған бауыр (пиязбен), ұнға қуырылған бауыр, қабырға қуырдақ, қонақ қуырдақ, ішек-қарын қуырдақ, асқан ет, құйрық-бауыр, сірне, жаппа (шымшыма), түймеш, жөргем, қарын бөртпе, т.б. қуырдақ түрлері бар.


- Үлкен кісілер тағам түрлеріне қатысты сын-пікір айтып кетпей ме?

- «Мыналарың дұрыс емес» деп, қатты сынап кеткендер болған жоқ. Көбіне ризашылықтарын білдіреді. Қосымша ұсыныстарын айтады. Əр өңірдің қазақтары келген соң, олар өз ауылдарында қай тағамды қалайша əзірлейтінін айтып береді. «Біз жақта былай жасалады, мүмкін осы жайды ескересіңдер» деген тəрізді тілектестігін байқатады.

- Шетелден келген меймандар қандай пікір айтып жатыр?

- Өткенде Лондоннан бір кісілер келіпті. Олар əртүрлі тағамға тапсырыс беріп, бірнеше астың дəмін татып көруді жөн көрді. Сосын «бəрі дəмді, тамаша» деп, алғыстарын айтып кетті. Негізі, басында түрт түліктің етінен 8 түрлі қуырдақтың түрін ұсынып келгенбіз. Енді тағы толықтырып, 12 түрлі қуырдақтың түрін əзірлей бастадық. Байқағаным, дəмхана көпшілік қуырдақтың түрлерінен дəм татуға келеді. Одан бөлек, біздің мəзірде ел арасында ұмытылып кеткен тағам түрлері де бар. Келсеңіздер, түймеш, қарын-бөртпе, жөргем деген тəрізді тағамдардан да дəм татып көріңіздер.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қуырдақ, ұлттық, қуырдақтың, Алматыда, түрлері, жатыр, дəмхана, «Қуырдақтың, қазақтың, тағам, айтып, студент, тағамдарын, аспаз, қазір, бауыр, жігіт, зерттедім, Қуырдақтың, тəрізді, ент

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]