Димаштың анасы: Ұлымызды аңдып жүрген қыздарды үйге кіргізіп, шәй бердік
Ол — ғажап әнші. Ол — облыстық мәслихаттың депутаты. Ол — жақсы келін, жақсы жар. Ол — ана, Димаштың анасы! Әңгіме белгілі әнші Света Айтбаева туралы деп жазады Ақтөбе газеті.
— Бұрын жұрт Димашты Қанат пен Света Айтбаевтардың перзенті ретінде танитын. Енді сендерді Димаштың әке-шешесі деп атай бастапты. Қалай, жаңа «атауға» бойларың үйренді ме?
— (Күліп) Үйреніп келеміз. Димаш негізі ата-енемнің баласы ғой. Бізге телініп жүргені беріде ғана. Әйтпесе үш айлығынан солардың қолында болды. Студент болдық, жас едік, сол кезде ұйқылары қансын, қатарларынан қалмасын деп өздері бағып-қақты. Соның арқасында кішкентайынан мейірімге қанып, бауырмал боп өсті. Әлі күнге дейін ол кісілерді папа-мама, ал бізді «ағатай», «Света апа» дейді.
Енді қара танып жүрген кезінде бір қызық болған. Қолына өзінің туу туралы куәлігі түскен Димаш ондағы «Қанатұлы» деген жазуды көріп, боз-боран болып жыласын кеп. Тіпті жыртып тастамақ болды. Сосын папа-мамасы: «Бізге үлкен кісілер деп сенбегесін, уақытша осылардың аты-жөнін жаздырғанбыз…» — деп әрең көндірді.
— Әдетте жас келіндер баласын ата-енесіне бергісі келмейді ғой. Сенде ондай сезім болған жоқ па?
— Жоқ. Өйткені мен де ата-әжемнің қолында өстім. Бес қыздан соң туған атамның есімін әке-шешесі «Әй, бір жеттік-ау…» деп Жетеш қойған екен. Сол Жетеш пен Зояның қызы болып өстім. Зоя әжем әңгімесін төрде ілулі тұрған енесінің суретіне қарап қойып, абайлап айтатын. Артық кетіп бара жатса: «Қой, әжем қарап тұр…» — деп тыйыла қалатын. Енесін ерінің ыңғайымен әже деген ғой. Сондай тәрбиені көріп өскен мен баланы ата-енеме беруді қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Жалпы Димаш қана емес, одан кейінгі Раушан мен Әбілмансұр да ата-әжесінің бауырында өсті. Бірақ олар бізді тез «тауып» алды (күледі).
— Қазір күллі Қазақстан Димаштың әрбір қадамын бағып отыр. Әлемдегі «мен» деген өнер жұлдыздары ол туралы пікір білдіре бастады. Саған, жалпы үйдегілерге бұл өзгерістер қалай әсер етіп жатыр?
— Әрине, қатты қуанып жүрміз. Екінші жағынан, мойынға түскен жауапкершіліктің де салмағын сезіне бастадық. Өйткені Димаш біздің ғана емес, елдің баласына айналды. Мына байқау да жартысына келіп қалды ғой, қалған жағында да сәттілік серік болғай деп отырмыз. Бәріміздің де тілегіміз Димаштың үстінде.
— Димаштың досы, пиар-менеджері Алпамыс Шаримов фейсбуктегі парақшасында 7-турда Димаш «Дайдидауды» айтқаннан кейін ағыл-тегіл жылағанын хабарлады…
Димаштың бала күнінен бергі арманы әлемдік деңгейдегі байқауда қазақ әнін шырқау болатын. Сол арманына жеткен кездегі төгілген көз жасы ғой.
«Славян базарында» топ жарғанда гала-концертте өзі «Дайдидауды» айтамын деп шешті. Ұйымдастырушылар қазақша әнді көрермен қабылдамайды деп, оның орысша ән айтқанын қалады. Бізді де қайта-қайта үгіттеді. Мен көніп қалдым. Тіпті Димашты да көндірмек болдым. Бірақ Қанат пен Димаш тек қана қазақша ән айтылады деп отырып алды. Әсіресе Димаш: «Егер мен мына он мың көрерменнің алдында қазақша ән айтпасам, онда менің «Славян байқауының» жеңімпазы атанғаным бекер…» деп кесіп айтты. Ақыры өз дегеніне көндірді. Сонда мен біздің әлі де жалтақ екенімізді, ал мына жаңа заманның балаларының бойында еркіндік бар екенін ұқтым.
Осы жолы да қазақша ән салу үшін ерекше дайындалды. Әрине, бұрынғы концерттерде сүйемелдеп жүрген қытайдың атақты оркестрімен де ән салуға болар еді. Бірақ Қанаттың идеясымен Қазақ Ұлттық өнер университетінің фольклорлық ансамблі әдейі барып, сүйемелдеп, Димашқа қолдау көрсетті. Ән алдында қолына домбыра алып, «Адайды» тартуы да қазақ өнерін насихаттау. Оны көрермендер де байқапты. Бір қытайлық блогердің: «Біз бұл баланың әніне, көркіне, дауысына тамсанып отырғанда, ол бізге басқа нәрсені ұқтырып жатыр. Ол өз ұлтын қалай сүйетінін, Отанына деген махаббатын көрсетті. Өз ұлтының мәдениетін қалай таныстыруды ол біледі…» деп жазғанын интернеттен оқыдым.
— Қытайлық көрермен Димашты «Ақ ханзада» деп те дәріптеп жатыр екен…
— Димаштың және ансамбльдегі балалардың киімдерін Мәдениет министрлігі арнайы тіктірді. Сол үшін де министрліктегілерге мың алғыс. Өзі оқитын универститеттің басшысы Айман Мұсақожаеваның ұйымдастыруымен ұстаздары Майра Ілиясова мен Тұрар Әліпбаевтар жол бастап барды. Майра Мұхамедқызы апасы да қасында жүріп, тілекші болды. Бәріне де алғыс айтамыз.
— Қытайда Димашты ең таңдаулы күйеу жігіттердің қатарына қосып отыр. Біздің арулар да үміттене қарайды. Болашақ келін сенің көңіліңнен шығуы керек пе?
— Әрине, үйде бұл тақырыпта әңгіме айтылады. Қазақы тәрбие көрген, ата-ананы сыйлайтын, адал сүт емген қыз босағамыздан аттаса екен деген арманымыз бар. Үлкендер де, біз де бұл мәселені әңгіме арасында жиі құлаққағыс қыламыз. Сол құлағында қалатын болуы керек, Димаштың сұхбаттарынан осы ыңғайды байқаймын. Әзірге ол бізге нақты біреуді таныстыра қойған жоқ. Бала ғой әлі…
— Ал үйге телефон шалатындар көп пе?
— Бар (күледі). Кешегіде Ақтөбеге келіп кеткен кезінде біраз бойжеткен есігіміздің алдын торуылдап жүрді. Біразын үйге кіргізіп, шай бердік.
— Қытайдан да хат жазып жатқандар бар ма?
— Бар. Әлеуметтік желіден біздің Раушанды тауып алып, сөйлесіп жүр. Көбін тұрмыс-салтымыз қызықтырады екен. Отбасымыз туралы да сұрақ көп дейді.
— Қай тілде хат алысып жүр?
— Ағылшын тілінде. Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Раушан қытайша да қосымша дәріс алып жүр. Қазақша хат жазып жатқандар да бар…
— Қытай қыздары ма?
— Иә. Гугл-аудармашы арқылы қазақша сөздерді теріп, жазады. Бір қыз Димаштың суретін салып, астына: «Димаш, ет жеші…» деп жазыпты. Бір топ қыз хатының соңына «Домбыра-қыздар…» деп қол қойыпты. Қазақтың ұлттық құндылықтарын құрметтейтінін жеткізгені ғой.
— 8 наурызда қалай құттықтайды?
— О, ол жағына Димаш епті. Әуелі өзінің мамасын және нағашы әжесін, сосын мені құттықтайды. Бала күнінде «Света апаға…» деп открыткаларға күшті құттықтаулар жазатын. Қазір өзі ауылда болмай қалса, достары арқылы гүл, сыйлық беріп жібереді. Бізді ғана емес, алғашқы ұстазы Клара Қажығалиева мен өзі оқыған мектептің бұрынғы директоры Марта Есіркепованы да міндетті түрде құттықтайды. Биыл үлкен сайыста жүр ғой, сол жарыстың аяғына дейін барып, қазақтың атын аспандатса, біз үшін ең үлкен сыйлық сол болар еді…
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
» Димаш Құдайбергенов туралы не білеміз?
» Димаш Құдайберген туралы кітап жарыққа шықты
» Димаштың суреті Нью-Йорк төрінде ілінетін болды (фото)
» Димаш Құдайбергеннің фанаттары әншінің сырқаттанып қалғанын мәлімдеді
» Халықтың алдына көзін бояп шыққан Димашты жанкүйерлері сөгіп тастады (фото)
Іздеп көріңіз: