Нәрестенің есімін қалай қою керек?

Нәрестенің есімін қалай қою керек?

Жақында Келімбет деген танысыма жолығып қалдым. Өзі көңілді, қуанышы қойнына сыймай бара жатқан секілді. Амандық-саулықтан соң келіншегінің босанғанын, соған перзентханаға бара жатқанын айтты. Кішкентайдың ұл болғанын, сөз арасында есімін де өзі дайындап қойғанын айтты. Содан кейін: «Ау, баланың атын ата-әжесі қоймай ма?», – дедім. Бірақ, Келімбет: «Ой, ол бұрынғылардың тірлігі ғой», – деп қойды. Сонымен бұл жайт естен шығып кеткен.
Қайбір күні Естеміс деген көршіміздің үйі тамаққа шақырды. Біраз уақыт бұрын үйіндегі келіні босанған еді. Көрші-қолаңды сол үшін шақырып, дұға оқытып жіберуге ниеттенген екен. Тамақ желініп болып, шай әкелінеді деп отырған уақытта Естеміс көкеміздің үйіндегі апамыз жұрттың көзінше құдағиына: «Өткенде кішкентайдың атын сіз қойып едіңіз. Мынау сол үшін сізге кигізген көйлегім», – деп қолына мата ұстатып, білегіне білезік тақты. Отырғандар жан-жақтан құтты болсын айтып болған соң Сәтен деген көршіміз: «Естекеңнің балаларына рахмет, нәрестенің есімін үлкендерге қойғызыпты. Қазір мұндай аз», – деді. Сол кезде Алтынбек молда сөзге араласып: «Бұрын бірінші перзентіңнің есімін – әкең, екіншісін – қайынатаң, үшіншісін –шешең, төртіншісін – енең қоятын. Сонда өзің: «Маған немерелеріме ат қойсам да жетеді, соған жеткізсін» деп тілеп отырасың. Бұл өсіп-өнуің үшін жақсы. Қазір кейбір жап-жас бала немесе келін ата-енесінен сұрамастан, шақалақтың есімін өздері қойып алады. Үлкендерге ат қойғызудың пайдалы жақтары да бар. Біріншіден, олар нәрестеге ат қойған соң, бата береді. Одан соң өзі есімін қойған нәресте естен шықпай, оған үнемі сырттай тілеулес болып жүреді. Көп адамның өзінің әдемі есіміне лайықты болып өсетіні сондықтан. Ал өздері «Бақыт» деп қойған есімнен баласының бақытты бола бермейтіндері бар. Себебі, үлкеннің шынайы разылығымен, батасымен қойылмаған есім. Әрі шақалаққа ат қойған жастардың бәрі сол есімді баласына азан шақыртып қоя бермейді. Ал нәрестеге есімді міндетті түрде азан шақырып қойған дұрыс. Бұл баланың о дүниесіне де жақсы. Қала берді, аты азан шақыртылып қойған баланың ұйқысы тыныш болады. Есімі азан шақыртылмастан қойған бала ешқашан мықты болмайды», – деді.
Осы кезде Нұралы деген қу тілді кісі: «Сонда нәрестеге әке-шешесіне ат қоюға мүлдем болмайды ма? – деп қыстырылды. Оған Алтынбек молда: «Болады, дініміз бұл жағына мүлде қарсы емес. Десек те, бабалардың жолын да ұмытпаған жөн. Ол да жақсы ниеттен туған дүние ғой», – деп көкейде жүрген біраз сұраққа жауап бергендей болды.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
нәрестеге ат қою, балаға ат қою, балаға ат қою рәсімі, сәбиге ат қою рәсімі, нарестеге ат кою, балага ат қою расми, қойған, есімін, деген, нәрестеге, жақсы, баланың, болып, кезде, айтты, молда, өздері, естен, соған, үйіндегі, Естеміс, Қазір, Алтынбек, шақырып, есімді, қойып

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]