Психологқа қандай жағдайда бару керек?


Психологқа қандай жағдайда бару керек?
Қазақстанда тұратын әр төртінші адамда психикалық ауытқу бар. Бұл жөнінде еліміздегі психология саласының мамандары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтеріне жүгініп, мәлімдеп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews. kz тілшісі.
Психикалық ауытқудан арылу үшін психолог мамандардың көмегі қажет. Алайда, психикасы сау емес адамдар көп болғанымен, сол мамандарға жүгінетіндер аз көрінеді. "Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты" қоғамдық қорының президенті, тұрмыстық зорлық - зомбылық жәбірленушілеріне арналған Аrasha баспанасының директоры, психолог Маргарита Өскембаеваның айтуынша, адамдар психологтар "психтарды" ғана емдейді деп ойлайды. "Қоғамда расында да "психологқа барған адам "псих" деген ұғым бар. Адамдардың көбі түсіне бермейді, психикалық науқастарды психиатрлар емдейді, ал сау адамдар психологқа жүгінеді. Олар психологтың алдына түрлі проблемалармен баруы мүмкін. Бірақ бұл мәселе жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл ТМД елдерінде бар. Себебі Кеңес дәуірінің тұсында "жазалаушы психиатрия" деген болған. Ол кезде психиатрдың қолына түскен адамды "ауру" деп, түрмеге қамаған және "адам болмайды, адам қатарына қосыла алмайды" деген түсінік болды. Содан бері осы ұғым қалыптасып, әлі күнге дейін психологтың көмегіне жүгінетіндердің саны көп емес", - деді маман.

Маманның сөзіне қарағанда, қазір психологқа жүгінетіндердің басым бөлігі - жастар. "Соңғы кездері психологқа баратындардың қатары аз да болса артты. Бірақ, көпшілігі мәселе өршіп, тығырыққа тіреліп, қатты қысылғанда келеді. Педофилияға, зорлық - зомбылыққа ұшыраған, суицид жасамақшы болған, ата - анасы ажырасып, ортада қалған балаларды алып келеді. Тіпті кейбірі сотқа анықтама керек болғандықтан ғана келеді. Жалпы, қазір психологқа баратындардың көбі - білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар, ал ересектер бара бермейді. Бәлкім, жасы келген адамдар "өз проблемамды өзім шеше аламын" деп ойлайтын болар", - деді Өскембаева. Ал, "Ұлағатты жанұя" қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның айтуынша, қазақстандықтардың психологқа бармауының себебі жетерлік. "Психологтарға жүгінбеудің бір себебі жалпы дәрігерлерге деген сенімнің жоқтығында болуы мүмкін. Психолог психиатр емес. Біздің елде отбасын құрғандардың 75 пайызы отбасылық өмірлерінің алғашқы 5 жылында ажырасып кетеді. Ол аз десеңіз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтері бойынша, біздің елдегі әрбір төртінші адамда психикалық ауытқу бар", - деді Гурина. Осылай бола тұра, психологқа неге бармаймыз? "Себебі, біріншіден - қымбат. Екіншіден - отбасылық психолог жоқ. Отбасылық психологтардың көмегімен қаншама мәселені шешуге болады. Қолында психологтың дипломы бар жастардың еңбек тәжірибесі жоқ. Егер солар еңбек жолдарын отбасылық психолог болып бастаса қандай жақсы болар еді. Ондай бізде жоқ, сол үшін жас мамандар психологтың дипломымен, кез келген басқа жұмысты іздеп кетеді.

Дәл қазіргі нарықта психологтардың жағдайы нашар, төтеп берудің өзі қиын. Аты шыққан мықты психологтар саусақпен санарлық және олардың қызметі өте қымбат. Ал нағыз маманның көмегі әркім үшін де маңызды, бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ", - деді ол. Расында да психологтардың қызметі арзан емес. Интернеттегі хабарландыруларда көрсетілген орташа баға - 8 мың теңге. Бұл 8 мың теңге бір сағат үшін төленетін ақы, егер жұбыңызбен барсаңыз сағатына орта есеппен 10 мың теңге сұрайды. "Өз тәжірибемнен айтайын. Алдыма күніне қаншама адам келеді, барлығына да психологиялық көмек қажет. Әрбір екінші адамға емес, әр адамға керек! Тіпті кейбірінде өзін тыңдайтын "құлақ" жоқ. Өмірде түрлі қиындық кездесуі мүмкін, оларды шешудің нақты, дұрыс жолын білмегенде психологтан көмек сұрау қажет. Ал, жалпы, Қазақстанда қолына диплом ұстаған психолог өте көп, ал маман жоқ. Сол мамандардың біздің елге көмек көрсетуіне мүмкіндік беретін жүйе қажет. Мектепте де, емханада да психологтар отыр, бірақ өз міндетін дұрыс атқара алмайды, ал дипломы бар армияның ешкімге керегі жоқ және олардың қызметін ешкім пайдаланып жатқан жоқ", - деді Марианна Гурина.



Источник: bilimdiler.kz
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]