Аллергиядан қалай құтылуға болады?
Жаздыкүнгі шаң - тозаңнан, шөптен, қаладағы тозаңнан және тағы да басқалардан аллергияңызды қоздырып аламын деп қорқатындардың қатарынан болсаңыз, бұл мақаламыз сізге арналған. Мұнда біз аллергиялық қозуды қалай азайту керектігін немесе аллергияны қалай ұмытуға болатынын айтып береміз.
Күнтізбеде мамыр айы және көпшілік жайма - шуақ жылы күндерге қуанып жүр. Ал кейбіреулер гүлдеп жатқан өсімдіктерден аллергиясы қоза ма деп уайымға батып жүр. Олардың уайымын түсінуге де болады. Әрдайым тұмауратып, көзінен жас шығып жүру кімге ұнасын? Тағы бір нұсқасы бар – дәрілік заттардың уытынан таңнан кешке дейін әлсіреп, болдырып жүру. Кейде сол дәрі - дәрмек көмектеспей, осы айтылған кеселдің барлығы жаулап алса ше?
Мен сіздерге үшінші нұсқаны ұсынамын. Дәрі - дәрмекті пайдаланбай, басқа жолмен жүру – ас мәзірін өзгертіп, кейбір дәрумен препаратын қосу.
Тамақтану мен минералы бар дәрумендердің не қатысы бар екенін түсіну үшін, аллергияның не екенін біліп алайық.
Егер қарапайым тілмен түсіндірсек, аллергия – ағзаның сыртқы «жаулардан» (тозаң, түк, шөп, азық - түлік, тұрмыстық химия) өзін қорғауы. (Пәтерді тазалап шыққаннан кейін қолыңыз қышыса, сіз бұл жағдайды білесіз деген сөз).
Аллергияның көптеген түрі бар. Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен. Мұның да өз себебі бар.
Біздің иммундық жүйеміз екі бөлікке бөлінеді: бір бөлігі вирустармен күреседі, ал екіншісі – бактериялармен және паразиттермен. Осы екіншісі аллергиялық қоздыруға әкеліп соғады. Егер иммунитеттің қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз - өзіне тапсырмалар ойлап табады. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан бактерия қаншалықты аз болса, соншалықты аллергия өрістеп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамыған қоғамда паразит өте аз.
Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен паразит өте көп, сондықтан халықтың иммундық жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа «жауларды» іздеуге уақыты болмайды. Сонда шығатыны, бұл елдерде аллергия өте сирек кездеседі. Осыған байланысты әлемде доңыз таспақұртымен капсулалар сатылады! Жиіркенішті, бірақ факт: мұндай капсуланы ішкеннен кейін аллергия мүлдем жоғалады. Барлық түрі де.
Сабыр сақтаңыз. Доңыз таспақұрты бар капсулаларды ұсынғалы отырған жоқпын. Жағымдылау әдістері де баршылық. Төменде келтірілген тізімнен бірнеше әдісті таңдап ала аласыз, бірақ бұл нұсқаулықтардың барлығын орындауыңыз тиіс. Тізімдегі қаншалықты көп пунктті орындасаңыз, аллергияңыз соншалықты жылдам жоғалады.
Бұл әдістерді көптеген адамның қолданып, айығып кеткендерін мәлімдеймін. Оның ішінде менің жақын туыстарым да, диетология жөніндегі клиенттерім де бар. Көпшілігінің аллергиялық қозуы айтарлықтай әлсіреді, ал кейбірі бұл дертті ұмытып та кетті.
Сонымен, қолымыздан не келеді?
Сүттен жасалған тағамды рационыңыздан шығарып тастаңыз.
Себебі сүтті біздің ағзамыз оңай қабылдай алмайды. Бұл лактозадан емес (сүт қанты), сүт ақуызына байланысты. Ол әрең ыдырайды. Ас қорыту процессінде ол пептидтерге бөлінбесе, оны біздің иммундық жүйеміз қатер ретінде қарастырады. Осыған байланысты ағза аллергиялық реакциялар туғызады немесе бұған дейін бар болған шөпке, тозаңға және сол сияқты қоздырғыштардың аллергиясын күшейтеді.
Сүт өнімдерінен бас тартсаңыз бірнеше аптадан кейін жағдайыңыз жақсара түседі, ал кейде одан да ерте айығып кетесіз.
Глютен және сол сияқты төзе алмайтын өнімдерді рационыңыздан шығарып тастаңыз,
Неге?
Мұнда да алдыңғы пункттегідей. Жүргізілген көптеген зерттеулердің қорытындысы ас аллергиясы мен аллергияның қалған түрлерінің байланысын растап отыр. Әрең қорытатын азық - түлігі бар тағамды ішудің кесірінен, сіз өзіңізді автоматты түрде қатер тобына қосасыз. Әсіресе аллергияға бейіміңіз бар болса (мәселен, отбасыңыздағылар да аллергиямен ауыратын болса).
Сүт пен құрамында глютені бар өнімдерден бірінші кезекте арылыңыз деуімнің себебі не? Себебі дәл осы өнімдер адамзаттың әрең қабылдайтын тағамының қатарында көш бастап тұр. Мұнда да қиын қорытылатын дәнді ақуызға байланысты. Сондықтан да глютен жаппай сынға ұшырап отыр.
Сүт пен глютеннің сіздің ағзаңызда қалай қорытылатынын қандай жолдармен анықтауға болады?
Өте қарапайым: оларды 4 - 6 аптаға (бұдан көп емес!) рационыңыздан алып тастаңыз, сосын қайтадан енгізіңіз. Тек бір - біреуден ғана.
Мәселен, бесінші аптада сүтті тағамды таңғы ас ретінде ішіп көріңіз, сосын тәулік бойында ағзаңыздың реакциясын бақылаңыз. Егер басыңыз ауырып, астма, сүйікті мысығыңызға аллергия, жоғарылаған пульс, шаршау, терінің қышуы, іш ауыруы сияқты белгілер болмаса, онда сізді құттықтаймын! Сіз сүт өнімдерін өте жақсы қорытасыз, сіздің ағзаңыз оны жақсы қабылдайды. Осылайша аллергия кезінде сүт өнімдерінен бас тартудың қажеті болмайды.
Ал осы аталған симптомдар байқалса, өкінішке қарай (немесе бақытыңызға орай), сіз сүт өнімдерін өміріңізден ажыратуға мәжбүр боласыз. Ең болмаса сол аллергияңыз қозып жатқан кезде осы аллергендерден аулақ болуыңыз керек.
Глютенмен де осы істі жасайсыз. Сүтті қолданып көргеннен кейінгі ертесі күні глютені бар (мәселен ақ нан, қарабидай наны) тағамды жейсіз де, өзіңізді бақылайсыз. Мұнда да сүтпен сынақты қалай жүргізсеңіз, солай жүргізесіз.
Иә, білемін, сүйікті асымыздан бас тарту қиын. Ал біз сүйіп ішетін тағамдарымыз қиын қорытылады екен. (Сондықтан да тәжірибесі бар диетолог бірінші кезекте сіздің сүйікті тағамыздың қандай екенін сұрастырады).
Осы аталған сүйікті өнімдеріңіз ағзаңызға қиындық туғызатын болса не істейміз? Аллергия маусымында бұл өнімдерден мүлдем бас тартасыз. Ал қалған уақытта ақылмен, яғни мөлшерімен қабылдайсыз, өзіңізге серт бере отырып, пайдасынан гөрі зиянының көптігін түсініңіз.
Күн сайын С дәруменін қабылдаңыз.
С дәрумені – бұл өте қуатты антиоксидант, ол ағзадағы аллергиялық реакцияларды жояды. Сонымен қатар, қанды сұйылтып, оксидатив процесстеріне қатысады. Дәл осы қасиеті аллергияны жеңілдетеді.
Егер спортпен айналысатын болсаңыз, оның үстіне таза ауада аллергендердің арасында болсаңыз, жаттығуларға 30 - 60 минут қалғанда С дәруменінің 1 граммын ішіп алыңыз, сонда сіз оңай тыныс ала аласыз. Себебі С дәрумені қан айналымын жақсартады.
С дәруменін аллергия маусымында 18 жастан асқан ересектер күніне 1 - 2 грамм қабылдауы керек. Ас қабылдау кезінде ішу керек. Ал ең жақсысы осы мөлшерді екіге бөліп, түрлі уақыттарда қабылдау керек.
Магний ішіңіз.
Магний ағзадағы жүздеген процесске қатысады, оның ішінде біздің иммундық жүйемізге көмектеседі. Егер ол аз болса иммунитет әлсірейді. Сонымен қатар, магний бұлшықеттерді босаңсытып, осының арқасында тыныс алуға мүмкіндік береді. Ал аллергия немесе астма кезінде терең тыныс алудың қиын екенін мен айтпай - ақ біліп отырсыз.
Дозировкасы: 18 жастан асқан ересектерге ұйқы алдында 300 миллиграмм.
Көбірек ананас жеңіз.
Ананаста бромелайн заттегі бар. Бұл ас қорыту энзимі, ол бізге сүт пен глютенді қажетті көлемге дейін бөлуге көмектеседі, бұл дегеніңіз аллергияны жеңілдетеді немесе тіпті де жойып жібереді деген сөз. Бромелайн ананастың дәл ортасында болады.
Рационыңызға омега - 3 бар азық - түлікті қосыңыз.
Омега - 3 майлы қышқылы жасушаны құрауға қатысады, оның ішінде жасуша қауызын қорғайды. Аллергия көбінде өте сезімтал жасушалар болып шығуы мүмкін. Олардың қауызы қаншалықты қатты болса, аллергиялық реакциялар соншалықты аз болады.
Қабылдау шамасы: 18 жастан асқан ересектерге тәулігіне 1000 миллиграмм балық майы немесе күніне балық майынан толық порция. Омега - 3 заттегі бар азық - түліктер:
скумбрия;
албырт;
майшабақ;
грек жаңғақтар;
зығыр майы және пісте;
рапс майы;
сардина.
Таза суды көбірек ішіңіз (күніне кем дегенде 1, 5 литр)
Суда барлық айналым процесстері болады, оның ішінде ағзаның детоксикациясы бар. Аллергия кезінде детоксикацияның қажеттілігі өседі. Егер су жекіліксіз болса, онда токсиндер мен басқа «қалдықтар» денеден шыға алмайды. Сондықтан суды қажетті деңгейде ішу маңызды.
Суды қашан және қаншалықты көлемде ішу керек деп ойланудың қажеті жоқ. Қаншалықты іше алсаңыз, соншалықты ішіңіз. Суды көрдіңіз бе, іше беруге әдеттеніп алыңыз, ең болмағанда жарты кесе. Бастысы жиі ішу.
Су ішіп үйрене алмай - ақ қойғандарға немесе ұмытып кете беретіндерге қарапайым кеңес бар. Күннің басында жарты литрлік шөлмегіңізге су құйыңыз, ал оның мойнына төрт рәзеңке тартып кигізіп қойыңыз. Бірінші жарты литрді ішкеніңізде, бір рәзеңкені шешесіз, сөйтіп, шөлмекті қайта толтырасыз. Осыдан кейін ол қайта босап қалады, сіз қайталайсыз. Күн соңында барлық рәзеңке шешілуі тиіс.
Қосымша бонус: шөлмектен су ішу шыныаяқтан немесе басқа құтыдан су ішуге қарағанда оңай (неліктен екенін айту қиын, бірақ бұл факт!).
Осы бір қарапайым құралдар дәрі - дәрмекке кететін көп қаражатыңызды үнемдейді, сонымен қатар, қатарластарыңызбен бірге еш уайымсыз өмір сүре аласыз. Ұйқышылдық, бетперде кию, тұмау, жас ағу дегендерден аулақ боласыз.
Бұл кеңестердің көмектесетінін қалай анықтауға болады? Ол үшін осы кеңестерді орындап көріңіз, сонда ғана нәтижеге қол жеткізесіз. Кепіл беремін.
Денсаулықтарыңыз мықты болсын!
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: