Көзді компьютер мен телефонның зиянынан қалай қорғау керек?

Көзді компьютер мен телефонның зиянынан қалай қорғау керек?

Карантин кезінде қашықтан жұмыс істеу мен онлайн білім алу ересектер мен балаларды мониторға телміртіп қойды. Мұндай қарқынмен жанарымызды құртып алмаймыз ба? Офтальмолог үйде көзді қалай күту керек екенін айтты.

Телефон мен ноутбук көзге қандай зиян келтіреді?
Карантиннен тыс уақытта адамдар компьютерді көп қолданса да, жұмысқа барып-келіп, далада серуендейтін еді. Дәл қазір мұндай қозғалыс мүмкін болмай тұр. Офтальмолог Әсел Жақаеваның айтуынша, адам экран алдында 3 сағаттан артық уақыт тапжылмай отырса, компьютер синдромына ұшырауы мүмкін. Мұндайда көз талады, бұлыңғыр көреді, құрғайды, қызарып, ашиды, бас пен мойын да ауырады.

Экранға ұзақ қараған кезде адам көзін аз жыпылықтатады, салдарынан ол нашар ылғалданады. Осыған байланысты көздің шырышты қабығы құрғап, экранның электрмагнит сәулесі көру қабілетіне кері әсер етеді, – дейді дәрігер.


Көздің ішкі тор қабығын матрица деп қарауға болады. Ол зақымданса, сынған пиксельдер пайда болып, қара нүктеге бірігеді. Салдарынан көздің ішкі тор қабығы бүлінеді.

Алысты нашар көретін (миопия) немесе көзі бұлдырайтын (астигматизм) адамдар тез шаршайды. Сол себепті олар одан сайын күйзеліске түседі. Адам жақынға қарауға көп көңіл бөлсе, онда оған алыс нысандарға ауысу қиынырақ болады. Бұл көбіне көзге салмақ түсіреді де, салдарынан миопия дамуы мүмкін, – дейді Әсел Жақаева.


Көзді компьютер мен телефонның зиянынан қалай қорғау керек?
Офтальмолог Әсел Жақаева. Фото жеке архивінен


Көзді ауру түрлерінен қалай қорғау керек?
Экраннан 60-80 сантиметрге дейін алыс отыру керек. Монитордың орта тұсы көз деңгейінен 10-20 сантиметр төмен болуы қажет.

Көзді ылғалдандыратын сұйықты қолдану керек. Ең жақсысы – көзді бірнеше сағат ылғандандырып тұратын гиалурон қышқылы бар тамшы.

Мұны симптомдарды емдеуге де, жалпы да қолдануға болады. Пациенттер көбіне тамыр тарылтатын дәрі-дәрмекті пайдаланады. Бұл қате. Мысалы, Visine, “Окуметил” сияқты препараттар көзді ылғалдандырмайды, тек уақытша әсер береді. Олардың емдік қасиеті де жоқ, – дейді офтальмолог.


Фильтрі жұмсақ көзілдірік таңдау керек. Олар HEV сәулеcіне кедергі жасайды, электрмагнит сәулені бұғаттайды.

Гаджеттегі Night Shift немесе Twilight режимдері экранды сарғыш етеді және көгілдір жарықты азайтады. Мұндай режим көзге пайдалы. Көгілдір сәуле көзге де, ұйқының сапасына да әсер етеді, мелатонин гормонының бөлінуін азайтады. Сондықтан кешкісін телефонды, ноутбукті мүмкіндігінше аз қолдану керек немесе мүлдем қолданбау керек.

Бөлменің жарығын реттеу де көзге пайдалы. Көздің қандай жарықтан шаршайтынына назар аударған жөн. Жарық көзге ұнамды, жайлы болғаны және бөлме қараңғы болмағаны дұрыс.

Дәрігерлер күні бойы гаджет қолданатындарға көзді 2 сағат сайын 15 минуттан демалтуға кеңес береді. Сонымен бірге ағылшындардың 20/20/20 деген әдісі бар. Ол – әр 20 минут сайын монитордан алшақтап, 20 секунд бойы 20 фут (5-7 метр) қашықтыққа қарау. Бұл жаттығу пайдалы. Ол фокусты жақсартады. Егер адам 20/20/20 әдісін қолданып, бір мезгіл жаттығу жасаса, көзге аса қауіп жоқ.

Көбіне бұл тәсілді күні бойы экран алдында отыратын адамдарға ұсынамын. Гаджетті тәулігіне 3 сағаттан артық қолдансаңыз, міндетті түрде 20/20/20 әдісі бойынша жаттығу жасаңыз. Терезеден көрші үйлерге, ғимараттарға қарауға болады. Экранға жақын отырып жұмыс істейсіз, 20 минуттан кейін алысқа қарап, көзді демалдырасыз. Осылай қайталана береді, – дейді Әсел Жақаева.


Көзге арналған жаттығулардың көру қабілетіне ықпалы дәлелденбеген. Дегенмен жаттығудың көмегімен көздің талуын кетіруге болады.

Пациенттеріме көзге пайдалы деп D витаминін жеуге кеңес беремін. Тек оның лабораторияда зерттелгенін таңдау керек. Жақында ғалымдар D витаминіне қатысты 1890 жылы айтылған теорияны жандандырды. Бұл теория бойынша далада, таза ауада көп жүрген баланың миопияға шалдығу қаупі аз. Тұжырым дәлелденбесе де, пайдасы бар. D витамині көздің ішкі тор қабығында дофамин гормонының өндірілуіне көмектеседі, – дейді офтальмолог.




Әсел Жақаеваның айтуынша, халық “көзілдірік көру қабілетін нашарлатады”, “көзді сумен, шаймен және тағы басқа заттармен жуу пайдалы” деген мифтерге сенеді.

Көзілдірікті маманмен ақылдасып таңдаса, ешқандай зияны жоқ. Қайта көзілдірік көздің қозғалғыш қасиетін арттырады, – дейді ол.


Көзді сумен, шаймен және тағы басқа сұйықпен шаю зиян. Шай далада өседі, кептіріледі. Онда түрлі микроб болуы мүмкін. Көздің ауыруын, талуын басу үшін шаймен жуу конъюнктивитке себеп болады.

Шай құрамында танин бар. Ол көздің талуын уақытша басуы мүмкін. Сол себепті кейбір адам “шаймен жуғаннан көзім жақсарды” деп жатады. Танымал адамдар көзі қызарған кезде түрлі сұйық тамызатынын айтады. Маман ретінде көзге бактерияға қарсы тамшы тамызу, көзді сумен, шаймен жуу дұрыс емес екенін айтамын, – дейді офтальмолог.


Көзге дәрігердің кеңесінсіз тек ылғалдандыратын тамшыны ғана қолдануға болады. Оның зияны жоқ. Ауыз, мұрын мен құлақ қуысы сияқты көздің де микрофлорасы бар. Оны сақтау керек.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Офтальмолог, Көзілдірік, Көз аурулары

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]