ҰБТ тапсыратын түлекті ата-ана қалай қолдау керек?

ҰБТ тапсыратын түлекті ата-ана қалай қолдау керек?

ҰБТ тапсыратын күн де жақындап келеді. Түлектердің жүрегі дүрсілдеп, жыл бойғы дайындығын көрсететін күн де алыс емес. Осы сәтте бала ата-анасынан қандай қолдау күтеді? Психологтар мен тестті сәтті тапсырып, бүгінде белді оқу орындарында оқып жүрген студенттерден сұрап көрдік.


– ҰБТ тапсырар алдында балаға тесттің маңызды екенін айта берудің қажеті жоқ. Ол бұл сөздерді күн сайын ұстаздарынан естіп жүр. Оның үстіне тесттің маңыздылығын айтатын уақыт өтіп кетті. Енді балаңызды біртіндеп тесттен кейінгі өмірге психологиялық тұрғыдан дайындай беріңіз. Тесттен өте алмай қалса, ештеңенің өзгермейтінін, бәрібір елден қалмай оқитынын айтыңыз. “Осыдан қажетті баллды жинай алмай қалсаң, ешкімге керексіз қара жұмысшы болып қаласың!” деген сөздерді айтуға мүлдем болмайды,- дейді психолог Айгүл Садықова.


Психологтар ойлардың шынға айналуға бейім екенін естен шығармауға кеңес береді.

Сондықтан, балаға ҰБТ-дан сәтті өтіп, қалай жоғарғы оқу орнына тапсыратынын, студенттер қатарына қабылдау кешіне қалай дайындалатындарыңызды айтыңыз. Негативті ойлардан аулақ болыңыз. Қанша уайымдасаңыз да, оны балаңызға көрсетпей, оған сенетініңізді білдіріңіз. Бұл әдіс көмектескен түлектердің қатарында Гауһар Жақыпбаева бар. Ол мектепті “Алтын белгіге” бітіріп, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жүр.

ҰБТ тапсыратын түлекті ата-ана қалай қолдау керек?

Гауһар Жақыпбаева, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
Ақши орта мектебінің түлегі, “Алтын белгі” иегері

– Мен ҰБТ тапсырған кезде үйдегілер өте қатты уайымдаған жоқ. Бәрі маған сенімді болды. Ал, өзім қатты қорықтым. Өтпей қалсам, ештеңе етпейді деп өзімді іштей дайындадым. Бірақ 11-сыныпта оқып жүргенде бір апай ойлардың іске асатынын айтқан. Сол маған көмектесті. ҰБТ-да отырған кезде дұрыс жауаптарымды санап шықтым. “Алтын белгіні” қорғауға жетпей тұрды. Кейбір сұрақтарды мүлдем білмейтін сияқты болдым. Сол кезде жаңағы апайдың айтқаны есіме түсіп, “Алтын белгіні” қорғайтынымды, сөйтіп облыс орталығы Талдықорғанға баратынымды елестеттім. Солайша өзіме деген сенімім оянып, ойым жинақталды. Нәтижесінде, “Алтын белгіні” шынымен де қорғадым. Өзім қалаған университетке оқуға түстім.

Тест жақындаған сайын балаңызбен бірге екеніңізді, оған маңызды нәрсе сіз үшін де маңызды екенін айтқан жөн. Кейбір ата-аналар “Тест тапсырсаң, өзіңнің болашағың үшін тапсырасың. 11 жыл бойы не оқыдың?” деп балаларына жекіп, түрлі жұмыстарды істетіп қояды. Психологтар бұндай кезде, керісінше, баланың тестке дайындалуға кететін уақыты мен ұйықтайтын уақытын қатты қадағалап, мүмкін болса, үй шаруаларынан босата тұруды ұсынады. Бұл балаға еш алаңсыз дайындалуға мүмкіндік береді.


Нұргүл Нұрланқызы, Ақтөбе қаласы, Пригород орта мектебінің түлегі.
ҰБТ-дан 119 балл жинап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түскен.
Қазір “КТК” арнасының тілшісі болып істейді.

– Мен ҰБТ-ға 10-сыныптан бастап, екі жыл дайындалдым. Сол екі жыл бойы үйдегілер маған үйдің шаруаларын істеткен жоқ. “Балам, алаңдамай, тестіңе дайындала ғой, шаруаларды өзіміз тындырамыз”,- деді. Барлық істі менің дайындығыма қарай реттеп, бүкіл жағдайымды жасады. Осыдан кейін де тесттен өте алатыныма сенімді болдым. Бәрі сенді, – дейді Нұргүл Нұрланқызы.

ҰБТ тапсыруға кіргелі тұрған балаға ешқашан аяушылық танытып, көңілін босатуға немесе «сөйт-бүйт» деп кеңес айтуға болмайды, дейді психологтар. Керісінше, оны «біз неге болса да дайынбыз», «біз сені әрқашан жақсы көреміз» деген сияқты сөздермен қоштау керек.

Сондай-ақ, тест тапсыратын күні балаңызды “қолдау” үшін бірнеше туысқаныңызды ертіп апармаңыз. Бұл балаға үлкен жауапкершілік артып, психологиялық тұрғыда күш түсіреді.

Емтиханды сәтті тапсыру көбіне баланың көңіл-күйіне байланысты. Сондықтан оның қанша балл жинаса да, бірінші аман болғаны керек екенін айтып, ҰБТ білімді толық көрсете алмайтынына сендіріңіз.

Педагог-психолог Лилия Гайфуллина “Караван” газетіне берген сұхбатында былай дейді: “Емтиханнан кейін баланы сынаудың қажеті жоқ. Оның қанша балл жинайтынын ойлап уайымдай бермеңіз. Себебі, ата-ананың балаға деген махаббаты мен баланың білімі баллмен өлшенбейді. Қандай жағдайда да балаға, оның болашағының жарқын болатынына сенімді болу керек. Қорқа бермеңіз. Әдетте, қорыққан нәрсе жиі болады. Сондықтан жақсылықты ойлаңыз!”
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
убт, ҰБТ тапсыратын түлекті қалай қолдау керек? (Ата-анаға кеңес), ҰБТ тапсыратын түлекті қалай қолдау керек, Ата-анаға кеңес, ұбт тапсыруға қалай дайындалу керек

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]