Бала асырап алу үшін не істеу керек?

Бала асырап алу үшін не істеу керек?

Қазақстанда бала асырап алу рәсімі қалай жүргізіледі? Асырап алуға ниеттілер қандай талаптарды орындауы керек? Оларға қандай жеңілдіктер жасалады?

1. Бала асырап алу үшін не істеу керек?
Бала асырап алуға ниетті адам алдымен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын органға немесе Республикалық деректер банкінің веб-порталында өтінішті және қажетті құжаттарды өткізуі керек.

Оң қорытындысы бар болған жағдайда, ата-ана Республикалық деректер банкінің мәліметтерін жария етпеу туралы міндеттемені қабылдайды. Осыдан кейін ғана олар балалардың сауалнамаларын көре алады.

Деректер банкі балалар үйіне баламен танысу және одан кейінгі қарым-қатынас үшін болашақ ата-анаға жолдама береді. Осы арқылы олар баламен кемінде екі апта тікелей қатынасып, баланың әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен тікелей байланыс орнатуы керек.

Барлық құжаттарды дайындаған соң, асырап алуға үміткерлер құжаттарды сотқа өтініш береді. Егер соттың оң шешімі шығарылса, баланы балалар үйінен, интернаттан немесе өзге ұйымнан алып кете алады.

2. Бала асырап алушыға қойылатын негізгі талаптар
Бала асырап алуға ниетті отбасыда баланың физикалық тұрғыдан өсіп-жетілуіне, рухани және адамгершілік жағынан дамуына, тәрбиеленуi және бiлiм алуына жағдайлар болған кезде ғана бала асырап алуға рұқсат етiледi. Баланы қабылдайтын ата-аналардың меншік құқығында әр адамға кемiнде он бес шаршы метр мөлшерінде жеке тұрғынжайы немесе пайдалану құқығымен тұрғынжайы болуға тиіс.

Бала асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы кем дегенде 16 жас болуы тиіс. Алайда сот дәлелді деп таныған жағдайда жас айырмашылығы қысқартылуы мүмкін.

Ағалы-інілі немесе апалы-сіңлілі балаларды түрлі отбасыларға асырап алуға болмайды. Егер балалар өз туыстығы туралы білмесе, бірге тұрмаса және бірге тәрбиеленбесе, оларды асырап алуға жол беріледі.

3. Кімдерге бала асырап алуға рұқсат берілмейді?
Кәмелетке толған азаматтардың барлығы бала асырап алу құқығына ие болады. Тек мына тізімдегі азаматтарды қоспағанда:

Азаматтығы жоқ адамдар; тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар; дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар; сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптылар; сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдар;өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар; денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар; асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдарға бала асырап алуға рұқсат берілмейді.


Сондай-ақ, анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ер адамдар; асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар да бала асырау құқығынан шеттетіледі.

4. Қандай балаларды асырауға рұқсат беріледі?
Тууы туралы заң жүзінде тіркелген, кәмелетке толмаған балаларды асырап алуға болады.

"Неке және отбасы туралы" Кодекстің 84-бабына сәйкес, баланың жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:

- қайтыс болған;
- баладан бас тартқан;
- ата-ана құқықтарынан айрылған және олар қалпына келтірілмеген;
- асырап алынатын баланың (балалардың) туыстарына, анасымен немесе әкесімен некеде тұрған адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;
- сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
- белгісіз болған жағдайда, балаларды асырап алуға рұқсат беріледі.

Сондай-ақ, егер ата-анасы баладан бас тартса, туыстары оны өз азаматтығына және тұрғылықты жеріне қарамастан асырап ала алады.

5. Бала асырап алу үшін қандай құжаттар керек?
Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын органға немесе Республикалық деректер банкіне бала асырап алуға тілек білдіргені туралы еркін нысандағы жазбаша өтініш пен мына құжаттарды өткізуі керек:

1. жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
2. жақын туыстарының бала асырап алуға арналған жазбаша келісімі (еркін нысанда);
3. жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар (жұмыс орнынан жалақысы туралы, кәсіпкерлік қызметтегі табысы және бірге тұратын барлық отбасы мүшелерінің өзге де табыстары туралы анықтама);
4. отбасы жағдайы туралы анықтамалар (некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұру (бұзу) туралы куәліктің көшірмесі, балалардың (бар болса) туу туралы куәліктерінің көшірмесі);
5. Кодекстің 91-бабы 1-бөлімінің 6) тармақшасына сәйкес азаматтың ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтамалар;
6. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтің бар немесе жоқтығы туралы анықтамалар;
7. тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үймен пайдалану құқығын дәлелдейтін құжаттың көшірмесі.

6. Бала асырап алушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем жасалады. Оның көлемі - 75 АЕК (180 375 теңге).

Егер жаңа туған баланы асырап алған болса, асырап алушы тиісті төлемдермен Декреттік демалысқа шыға алады. Сондай-ақ бала туғанда берілетін жәрдемақыны алуға құқығы бар. Ал бала күтіміне жәрдемақыны төмендегідей жағдайларда ала алады:

- бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтын;

- 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жағдайларда бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;

- отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы;

- мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

7. Қандай жағдайда бала асырап алудың күші жойылады?
Бала 18 жасқа толғанға дейін аcырап алушы шешім шығарған сот орны бойынша жылына 1 реттен сирек емес есептер ұсынып отырады. Есепте баланың өмірі, білім беру, тәрбиелеу жағдайлар және денсаулық жағдайы туралы ақпарат қамтылады.

Егер бала асырап алушы:

1) өзіне жүктелген ата-аналар міндеттерін атқарудан жалтарған;

2) ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған;

3) асырап алынған балаға қатігездік көрсеткен;

4) асырап алынған балаға күш қолданған немесе психикалық зорлық жасаған;

5) асырап алынған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаған;

6) маскүнемдікпен, нашақорлықпен және (немесе) уытқұмарлықпен ауырады деп танылған;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген бала құқықтарын бұзған жағдайда бала асырап алудың күші жойылады.

Сот баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескере отырып, басқа негіздер бойынша да баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.

автор: Ақжарқын Қыдырханова, дереккөз
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
асырап, немесе, алуға, туралы, баланың, адамдар, баланы, керек, жағдайда, болған, қандай, алады, рұқсат, анықтамалар, Қазақстан, алынған, құжаттарды, құқықтарын, балаларды, Республикасының

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]