Зейнетақыңыздың мөлшеріне күмәндансаңыз, не істеу керек?

Зейнетақыңыздың мөлшеріне күмәндансаңыз, не істеу керек?

Зейнетақыны тиісті көлемде алмай жүрсеңіз, не істеу керек?

1. Қандай жағдайда зейнетақы тиіс емес төмен көрсеткіште есептеледі?
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы көлемі артты. Есеп бұрынғы мәліметтер бойынша автоматты түрде жасалды, яғни зейнеткерлер оның қалай жүргізілгенін білмейді. Зейнеткердің бұрынғы мәліметтерінде қате болуы мүмкін. Мәселе осыдан басталады. Мысалы, ол 35 жыл еңбек етті. Бірақ бұрынғы мәліметте 20 жылы ғана көрсетілген, яки мәліметке бала саны толық енгізілмей қалды.

2. Қате есептелгенін қалай анықтаймыз?
Қазір еңбек өтіліңіз көп болса, базалық зейнетақыңыз да артатындықтан жеке мәліметіңіздің дұрыс болғаны жөн. Егер оны өзіңіз Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа (ЗТМО) барып қайта есептетпесеңіз, автоматты түрде белгіленген, тиіс емес төмен зейнетақы алып жүруіңіз мүмкін. Сол себепті зейнетақыңыздың қалай есептелетінін өзіңіз де білуге тырысыңыз.

"Зейнетақы қалай есептеледі?", "Кім жоғары, я төмен алады?", "Жұмыс істемесем де, еңбек өтіліне қандай уақыт енеді?" және т.б. маңызды сұрақтардың жауабын төмендегі ақпараттан біле аласыз.

3. Кімге қандай зейнетақы беріледі?
Зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады: базалық, ынтықмақтық және жинақтық зейнетақы.

Зейнет жасына жеткен кез келген қазақстандық базалық зейнетақы алады.

Ынтымақтық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты беріледі.

Ал ай сайын 10%-дан аударылған жарна есебiнен төленетін зейнетақы "жинақтық" деп аталады.

4. Базалық зейнетақы кімге қалай беріледі?
1 шілдеге дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей беріліп келген еді. Енді оның көлемі еңбек өтіліне байланысты артты. Егер еңбек өтіліңіз 10 жыл не одан кем болса немесе мүлдем болмаса, сізге базалық зейнетақы 15 274 теңге көлемінде беріледі. Ал егер 10 жылдан жоғары болса, әр жылыңызға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2%-ы қосылып отырады, яғни зейнетақыны мынадай көлемде аласыз:

Еңбек өтілінің жыл саны - Базалық зейнетақы көлемі
11 жыл - 15 840 теңге
12 жыл - 16 405 теңге
13 жыл - 16 971 теңге
14 жыл - 17 537 теңге
15 жыл - 18 102 теңге
16 жыл - 18 668 теңге
17 жыл - 19 234 теңге
18 жыл - 19 799 теңге
19 жыл - 20 365 теңге
20 жыл - 20 931 теңге
21 жыл - 21 496 теңге
22 жыл - 22 062 теңге
23 жыл - 22 628 теңге
24 жыл - 23 193 теңге
25 жыл - 23 759 теңге
26 жыл - 24 325 теңге
27 жыл - 24 890 теңге
28 жыл - 25 456 теңге
29 жыл - 26 022 теңге
30 жыл - 26 587 теңге
31 жыл - 27 153 теңге
32 жыл - 27 719 теңге
33 және одан көп жыл - 28 284 теңге

5. Зейнеткерлер неден жиі шатасады?
ЗТМО мамандарының айтуынша, осыған дейін таратылған ақпараттарды зейнеткерлердің көбі қате түсініп алған. "Базалық зейнетақы 28 284 теңгеге дейін артады."

Зейнеткерлер 15 274 теңгенің үстінен тағы 28 284 теңге қосылады деп жиі жаңылысады екен. Анығында, ең көп дегенде жиыны 28 284 теңге алуыңыз мүмкін. Мысалы, 18 жыл еңбек өтіліңіз бар. Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей, сізге базалық зейнетақы ретінде 19 799 теңге тағайындалады.

Әрине, бұл ғана емес, зейнет жасына жеткендердің барлығына үстеме ретінде 39 416 теңге қоса беріледі.

6. Көпбалалы аналар зейнетке қалай шығады?
Бес баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды сегіз жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер зейнетке мерзімінен бұрын шығады. Бірақ оларға базалық емес, зейнет жасы бойынша тағайындалады, яғни 39 416 теңге беріледі.

Ал базалық зейнетақы еңбек өтілі болса да, зейнет жасына жеткеннен кейін қосылады. Қазір ер адамдар 63 жастан, әйелдер 58,5 жастан бастап зейнетке шығады.

Бірақ әйелдер 2027 жылдан бастап зейнетке 63 жастан шығады. Ол былай жүзеге асады: 2019 жылдан бастап 59 жастан, 2020 жылдан бастап 59,5 зейнетке шығады. Тізбек жалғасады. Осылайша, 2027 жылы ер адамдар мен әйелдердің зейнет жасы теңеседі.

7. Жұмыс істемеген жағдайда қандай уақыт еңбек өтіліне енеді?
Бала күтімімен үйде отырған ана немесе әке әр балаға 3 жыл еңбек өтілін жаздыра алады. Дегенмен балаңыз көп болса да, 12 жылдан артық есептелмейді. Сонымен қатар төмендегі жағдайлар бойынша:

1. Мүгедек баланың (16 жасқа дейінгі) күтімімен үйде отырған жылдары;
2. І топтағы мүгедектің, ІІ топтағы жалғызбасты мүгедектің, зейнеткердің күтімімен үйде отырған жылдары;
3. І және ІІ топтағы мүгедектердің 1998 жылдың 1 қаңтары мен 2004 жылдың 31 желтоқсаны аралығында жұмыс істеген жылдары;
4. Әскери қызметте, мемлекеттік арнайы және құқық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегер қызметінде еңбек еткен жылдары;
5. Елшілік және халықаралық ұйым қызметкерлері жұбайларының шетелде тұрған жылдары (10 жылдан көп емес);
6. Әскери, мемлекеттік арнайы орган қызметкерлері жұбайларының жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ аймақта тұрған жылдары;
7. "Байқоңыр" кешеніндегі Ресей ұйымдарында 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін еңбек еткен жылдары есетеледі.

8. Зейнетақыны қайта есептету үшін не істеу керек?
Есептеуді қайта жүргізу үшін зейнеткерлерден қосымша құжат талап етілмейді. Электрондық журналға өтініш тіркелгеннен кейін міндетті органдар шешім қабылдайды.

Кез келген сұрақ бойынша 1411 номеріне хабарласа аласыз. Қоңырау шалу тегін.

Ақжарқын Қыдырханова, дереккөз
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
теңге, зейнетақы, еңбек, базалық, жылдары, беріледі, жылдан, қалай, шығады, болса, бастап, зейнетке, дейін, жастан, бойынша, жасына, өтіліне, мемлекеттік, зейнет, жылдың

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]