Қазақтар көрген түсті қалай жорыған?

Қазақтар көрген түсті қалай жорыған?

Көрген түсің тегін емес — ол адамға берілген белгі. Қазақ халқы ықылым заманнан солай түсінген.
Содан шығар, түстің жорылуына үлкен мән берген.


Көрген түсті жорытуға бақсы-балгер немесе үлкен кісілерге, атақты адамдарға, тіпті хандарға да өтініш білдірген.

Түс туралы «Түстің шешімі – жоруында» деген бұрыннан келе жатқан сөз бар.

Қазақта түс жорушыларды «ойшы» деп те атаған

Түс жоритын адам өз ойын баяндай отырып, не істеу керектігін айтқан. Түс туралы халық ертегілері мен батырлар жырларында көптеп айтылатыны да сондықтан. «Желкілдек» атты ертегіде Нарманбет деген ханның Күнікей және Тінекей деген қыздары түс көріп, ертесіне жеңгесіне айтып береді:

– Мен бір түс көрдім,
Екі де қара тең көрдім.
Сорғалап аққан қан көрдім,
Жоры жеңге түсімді.
Жеңгесі қайын атасына айтады. Атасы Күнікей мен Тінекейді шақырып, жұртқа тыңдатады. Көпшілік бұл түсті естіген соң олардың көрген түсі ағасы Өзтемір туралы екенін айтып жақсылыққа жорып:
Ақсақалды ағалар,
Бас шалмалы бабалар:
– Ағаң бүгін келер,
Үйге олжалы келер, – дейді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қозының анасы түс көреді:
Қозыға жаста болса тілек берген,
Қасында жолдасы жоқ бұған ерген.
«Қозыекең түзде жүдеп жатыр ғой» – деп,
Үйінде шешесінің түсіне енген.
Шешесі ерте тұрып айғай сапты,
Басы Тайлақ, ел-жұртын жиып апты.
Қозыекең түзде жүдеп жүрген екен,
Бақсы балгер, ойшыға «ойла» депті.
Ойлана келе Тайлақ Қозының жолына деп мал сойып, етін жоқ-жітік, арық-ашқа үлестіреді.
Тарихта Абылай ханның түс көруі оны Бұқар жыраудың жоруы туралы туралы қазақ арасында қызық әңгіме сақталған. Түсімде, – дейді хан – шатырымның алдында бір үлкен жолбарыс жатыр екен. Сол сәтте ол аюға айналып кетті. Көзімді ашып-жұмғанша аю қасқыр болып кетті. Қасқыр түлкі, түлкі қоян болып қашты.
Осылайша көрген түсін Бұқар жырауға айтып беріп жоруын өтінеді. Бұқар жырау ханның түсін былайша жориды: Жолбарыстың аюға айналғаны басыңнан бақыт құсы ұшып кеткені. Аю – сенен кейінгі балаларың заманында аюдай алысып өтеді. Немерелерің қасқырдай жұлысып өтер. Шөберелерің өз заманында түлкідей жортатын болар. Қоян болғаны өз заманында қояндай қорқып өтер.

1) Абылай ханның ұрпақтары Қасым, Кенесарылардың тағдыры шынында да көптеген қиян-кескі шайқастармен өтті. Кенесарының ел тәуелсіздігі үшін күрескен он жылы да Бұқар жыраудың айтқанына дөп келеді. Кейінгі тарихты қарасаңыз жору дұрыс жасалынғандай.
Қазақтар көрген түсте аян беріледі деп сенеді
Термелері бүгіндері ең көп айтылатын ақындардың бірі Майлықожаға түсінде бір ақ сақалды абыз адам келіпті де:
– Көген аласың ба, әлде өлең аласың ба? – деп сұрапты.
Сонда Майлықожа: – Өлең! Өлең! – деп оянып кетіпті. Болған оқиғаны естіген ауыл қариялары: «Дұрыс болған екен. Ақын болу бақтың бағы. Егер де көген аламын дегенде мыңғырған бай болар еді. Бірақ байлар көп, сонда да ақынға жетпейді» – деп жорыған екен.
Кейде көрген түсті кезегімен екі адамға да жорытатын болған
Пір атанған Бекет атаның әулиелігі қалың елге кеңінен жайылған кезде Маңғыстау жағында аты танылған домбырашы сері жігіт ел аралап жүріп, жұмаға қараған күні түс көреді. Түсінде аты омақаса құлап мертігіп, домбырасы ортасынан омырылып, өзі белінен шойырылып жүре алмай қалғанын сол ауылдағы көпті көрген қарияға жорытады да, ол тұшымды ештеңе айтпаған соң, жолынан қалмай, кете береді. Жолда дәл түсіндегідей атының аяғы інге кіріп кетіп, омақаса құлайды. Жігіттің омыртқасы зақымданып жүруден қалады. Ұлының азап шегіп жатқанына шыдай алмаған әкесі атқа мініп Бекет атаға барып баласының жағдайын баяндайды. Бекет Ата жігіттің жұмаға қараған күнге түс көргенін, сол түсті жорытқаннан болғанын айтып, келе алмай қалған жігітке бірнеше ай ем жасап жазады. Бекет Атанаың емі қонған жігіт құлан-аян жазылып, бұрынғыша серілігін жалғастырған екен. Мұндай деректерді «Бабалар сөзі» және басқа да кітаптардан оқуға болады.
Енді кейде адамдар өз түсін өздері жоритын болған. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбай туралы кітап жазған жазушы Медеу Сәрсеке ғалымның түсі туралы да жазған:
«1964 жылдың қаңтарының 30 күні Мәскеу Кремлінің ауруханасында жатқан академикқызы Мейізге: – Өте қызық түс көрдім, соны айтып берейін бе? – дейді. Түсімде тау үстінде жүр екенмін. Жан жағымның бәрі шатқал мен құз. Ал мен болсам биікке кең жерге шыққым келді. Осылайша бір қараңғы жерге келіппін.

2) Қанша өрмелеп шықпақ болсам да төмен сырғанап кете беремін. Дәл осы кезде белгісіз бір керемет күш пайда болып еш қиындықсыз жоғары көтеріле бердім. Міне тау басына да шыққандаймын, бірақ менің көз алдымда биік шыңдар емес кең дала жатыр еді, кәдімгі өзіміздің Сарыарқа! Кеудемді толтыра ауаны жұттым да қуанғаннан айқайлап жіберіпппін… Бұған не дейсің қызым?
– Өте жақсы түс екен. Бірақ сіз түске сенбеуші едіңіз ғой…
Қызының бұл сөзіне Қаныш ағамыз: – Сонда да өте жеңілдеп қалдым. Жақында үйге қайтатын шығармыз, – депті».
Түсті бірнеше адамға бірдей жорытатын жағдайлар да болады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезұлының тұңғыш перзенті Мұғамила түсінде әкесін көргенін былайша әңгімелейді:
«Төрдегі диванда жантайып жатқанмын, көзім ілініп кетіпті. Түсімде сол бөлме екен деймін, кенет есіктен біреу кіріп келеді. «Мұғаш, әкеңіз келе жатыр!» «Ой, не дейді!» Қайтыс болды деген ойда жоқ. Сол арада әкемнің жалғыз жүрмейтіні ойыма түсе кеткені. Жанына 10-15 адам ертіп жүруші еді ғой… Сол бөлмедегі үстел-орындықтардың барлығын жын ұрғандай ылдам-жылдам жинастырдым. Шұғыл дүние-мүлік сіресіп тұрған бөлмені ашқызып, буулы тұрған кілемдерді алғыздым. Сосын оларды өзім отырған бөлмеге төрден табалдырыққа жеткізе жайып, төседім.
Ойда ештеңе жоқ. Шығып қарсы алудың орнына сол бөлмеде күтіп отырмын. Бір уақытта кіріп келді. Менімен амандаспайды. Кірді де бөлменің қақ ортасына келіп тұрды. Тұрған жері – люстра шамның дәл асты. Әкемнің ізін ала айнала төселген кілемнің үстіне бірінен соң бірі құдды өз аяқтары бардай, үлкендігі үстелдің жартысындай қобдишалар кіріп жатты.
Сосын әкем маған айтып жатыр екен деймін: «Ал, балам, керегіңнің бәрін алып келдім ғой, саған арнап алып келдім. Енді өзің ішінен керегіңді шығарып аласың ғой, – дегені. «А!» – дегенде өз дауысымнан шошып оянып кеткенім. Әкем де жоқ, әкелгендері де жоқ. Үйдегі бұйымдардың бәрі орын-орындарында тұр.
Көрген түс болса, ойдан кетпеді. Бұл әкемнің не қылғаны, неге көрінді деген күдіктен арыла алмадым. Артынша бір қой сойып Мұхтар Әуезұлының мұражайының директоры Тұсын Жұртбай бауырымды келінменен, Абай атамыздың Тұрағұлының қызы Мәкен апаны, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлын түсімді жорып берсін деп шақырғанмын.

3) Олардың айтқан жорамалы: «Бұл – жақсы түс. Мұхаңмен бірге үйге кірген қобдишалар ешқандай жәшік, немесе зат емес. Ол сіздің көкейіңізде жүрген көптен буулы жатқан көрген-білгендеріңіз. Сіз соның буылғанын шешіп, үнемі көкірегіңізде сақтай бермей жарыққа шығаруыңыз керек» – дегенге саяды. Бұл маған едәуір ой салды».
Мұғамила Мұхтарқызының бір-ақ рет басылып, бүгіндері сирек басылымдар қатарына жататын «Тұңғышы едім әкемнің» атты естелік кітабы осылайша түс жорудың нәтижесінде дүниеге келген.
Түс жору бүгінде де өз жалғастығын тауып жатқан құпиясы мол қазақ дәстүрлерінің бірі.
Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қазақтың түс жоруы, қазақша түс жору, қазақтар қалай түс жору

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]