Қаза намаз - қаза болмасын
Парыз болған уақыттардан кешігіп, оқылған намаздарды қаза (قضاء) намазы деп атайды. Уақытында оқылмаған намаздар (فَوَائِتُ)фәуайт деп аталады. Фәуайттің мағнасы: ұстай алмаған ұшырып алған деген сөз.
Өткізіп алған парыз намаздардың қазасы еске түскен мезетте өтеледі. Ал намаз оқымайтын үш уақытқа тура келіп қалса, өткізіп барып өтейді. Анас ибн Малик Алла елшісінің ﷺ: «Кім намазды ұмытып не ұйықтап қалса, оның кәфараты - есіне түсіргенде оқумен жүзеге асады»,- деген.
Ұйықтап қалу, ұмыту, немесе себепсіз өткізіп алған намаздың қазасын еске түскен мезетте, кешіктірмей өтеу қажет. Еске түскен мезгілде оқи алмайтындай зәру жағдайлар болса кешіктіруіне рұқсат етіледі.
Егерде өз еркінен тыс есінен танып(жынданса, қорқу арқылы, комада болса,) қалса, есінен айырылуы уақыты бір тәуліктен аз болса онда намаз қазаларын өтейді, есінен айырылу уақыты бір тәуліктен асып кетсе намаз қазалары өтелмейді.
Егерде өз еркімен есін жоғалтса(арақ-шарап, наркоз арқылы) есінің жоғалатынын біліп тұрып жаса, қанша тәулік жатсада қазасын өтейді.
Әйел кісілер хайыз бен нифас кезіндегі оқылмаған намаздары қазаға саналмайды.
Жолаушы болып намазды қаза қылса, жолаушы (мусафир) үкімінде өтейді. Тұрғылықты(муқим) адам қаза қылса, тұрғылықты үкімінде өтейді.
Қаза намазды өтер кезде реттік тәртібімен оқу қажет. Ибн Омар Пайғамбарымыздың ﷺ:«Кімде кім намазды ұмытып, имамға ұйып тұрғанда есіне түсірген кісі имаммен намазын оқысын! Қашан бұл намазынан босаса, ұмытқан намазын оқысын. Сосын имаммен бірге оқыған намазын қайта оқысын», деп айтқанын жеткізді. Қаза болған намаз еске түскен мезете, уақыты кірген намаздың алдында өтелуі шарт. Мысалы, ақшам намазы қаза болып, құптан намазында есіне түссе, алдымен ақшам намазын, содан кейін барып құптан намазын өтейді.
Реттік тәртіпті сақтау мына жағдайларда үкімін жояды: намаз уақытының шығуына аз уақыт қалса(бірінші уақыты кірген парыз намазы өтеледі, содан кейін барып қаза намазы оқылады), қаза болған намаздардың саны алты намаздан асса және ұмытып кетсе.
Нәпіл намаздар қаза болған намаздардың орнын жаппайды.
Таң намазының сүннетін күн шыққаннан кейін, бесін намазына дейінгі аралықта қазасы өтеледі. Ал оқылмаған басқа сүннеттердің қазасы өтелмейді.
Күн енді шығып, арқан бойы көтерілгенге дейін, күн тал түстегі кезінен еңкейгенге дейін, күн енді батып жатқан кезден, толық батқанға дейнгі аралықтарда парыз намаздарын, нәпіл және қарыз намаздарын да оқуға болмайды.
Намаз, дін тірегінің бірі, оны саналы түрде, еш себепсіз қаза қылу күнә.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: