Ұшаққа отырғанда үрейленетініміз бекер ме? Аэрофобияны қалай жеңген дұрыс?

Ұшаққа отырғанда үрейленетініміз бекер ме? Аэрофобияны қалай жеңген дұрыс?

Ұшақпен ұшу қаншалықты қауіпті? Аэрофобия неден болады? Бұл сұрақтарға Air Astana өткізген семинар-тренингте мамандар жауап берді.

Технологияның қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан оған сенімсіздік танытып, қорқатын адам көп. Әсіресе, ұшаққа отырса, өзін қоярға жер таппай, бозарып, қолдары қалтырап, уайымдап, тіпті, ұшудан бас тартындар болады. Бұл кең тараған қорқыныш түрі – аэрофобия.

Interteach клиникасының психиатр дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Сұлтанғали Несіпбаевтың айтуынша, 2012 жылы 20-45 жас аралығындағы алматылықтар арасында зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде зерттеуге қатысушылардың 11%-ы аэрофобияның құрбаны екені анықталған.

Аэрофобия неден пайда болады?
Экипаж жұмысын оңтайландыру жөніндегі супервайзер Әсел Әмірованың айтуынша, аэрофобия тұқым қуалайды, не болмаса, жағымсыз фильмдер мен әңгімелердің әсерінен пайда болады. Ал психиатр Сұлтан Несіпбаев аэрофобия көбіне ұшу барысында күшті турбуленцияны бастан өткерген жолаушыларда пайда болады деп есептейді.

Әуеде қандай кедергілер болуы мүмкін?
Ұшқыш әрі Boeing флотының тренинг менеджері, Air Astana Boeing 757 және 767 әуе кемесінің капитаны Руслан Аюпов ұшу кезінде жиі болатын турбуленция жолаушылардың зәресін алатынын айтып, мұндай табиғи құбылыстардың қалай пайда болатынын түсіндірді.

Ұшаққа отырғанда үрейленетініміз бекер ме? Аэрофобияны қалай жеңген дұрыс?


Оның айтуынша, турбуленттік дегеніміз – салқын және жылы ауаның горизонталь, вертикаль бағыттағы бейберекет қозғалысы. Оның бәрі Күннің Жерді қыздыруына байланысты. Жердің беті бірқалыпты емес, терең мұхит-теңіздер мен биік таулы аймақтар бар. Бұл аймақтарға Күн сәулесі әртүрлі түседі. Нәтижесінде ауада турбуленттік сияқты түрлі процестер пайда болады.

Күшіне байланысты турбуленттіктің бірнеше түрі бар: әлсіз, орташа, күшті. Әлсіз турбуленттік ұшудың 90%-ында болады. Орташа турбуленттік кезінде батырмаларды басып, көрсеткіштерді бақылай аламыз. Ал күшті турбуленттікте ұшақтың сілкінетіні соншалық, көрсеткіштерді бақылау мүмкін емес. Бірақ ол ұшақтың қирап, жүйесінің бұзылуына себеп болмайды. Бұл кезде ұшақ соқпақ жолмен келе жатқан машина секілді болады, – дейді Руслан Аюпов.

Ұшақ 10 мыңнан астам метр биіктікте, атмосфераның тропопауза қабатында ұшады. Бұл қабатта 350-400 шақырым/сағат жылдамдықпен ауа ағыны жүреді. Кейбір қалалардың экватордан алысырақ орналасса да, жылы болуы осы ауа ағынына байланысты. Мысалы, Санкт-Петербургтен жоғарырақ орналасқан Ұлыбританияның солтүстігіне Атлант мұхитынан жылы ауа соғатындықтан Ұлыбританияның ауа райы да жылырақ.

Ауа ағынында турбуленция болмайды. Ол ауа ағынына кірерде не шығарда көп кездеседі. Ал таулы аймақтарда ауа таудың биіктігінен айналмалы құбылыстарды туғызуы мүмкін. Бірақ ол үлкен ұшақтарға әсер етпейді. Шағын әуе аппараттары үшін ғана қауіпті.

Ұшаққа оқшауланған бұлттар кездесуі мүмкін. Олар да – турбуленттік пен метеорологиялық құбылыстардың көзі. Сондықтан ұшқыш мұндай оқшауланған бұлттарды бірден айналып өтуі керек.



Ауа ағынынан пайда болатын ашық аспан турбуленттігі де болады. Оны көру мүмкін емес. Сондықтан ол туралы метеорогиялық картадан алдын ала қарап, қай жерде болатыны ұшапстан бұрын анықталады.

Кейбір үлкен ұшақтардың артында қалатын ауа айналымдары турбуленттік тудырып, оның артында келе жатқан ұшаққа кедергі болуы мүмкін. Мұндай әуе кемелері heavy кодымен белгіленеді. Бірақ олардан қалған турбуленттік 3-5 минутта сейіледі, әрі кедергіні болдырмау үшін ұшақ жолдары алдын ала ойластырған.

Ұшқыштар жұмысына дайындықты үйден бастауы керек. Метеорологиялық карталарды қарап, қай жерде қандай жағдай болуы мүмкін екенін болжаймыз. Флайт-жоспар бойынша желдің бағыты мен ауа ағындарын көреміз. Керекті шаралар жүргізіп, оқшауланған бұлтты аймақтар болса, оны айналып өтуге қажетті жанармай қорын аламыз. Одан кейін бортсеріктермен де жиналыс өтеді, – дейді Руслан Аюпов.



“Бортсерік бәріне дайын”
Төтенше жағдайларда қауіпсіздік жөніндегі тренер Айнұр Мұсылманқұлова ұшақ бортындағы бортсеріктің тек қызмет көрсетумен ғана емес, әр жолушыны қадағалап, бақылауға үйретілетінін айтты.

Болуы мүмкін әр төтенше жағдайға бортсеріктің нұсқаулығы бар. Ол нұсқаулықты жатқа біледі. Бортсеріктер жұмысқа қабылданбастан бұрын психологиялық, сервистік, қауіпсіздік, медициналық курстардан өтеді. Сондықтан әр бортсерік тез қимылдап, сыни жағдайда сабыр сақтап, көмек көрсете алады. Оған құлақ асып, нұсқаулықтарын әрдайым орындаған жөн.



Ұшақтың техникалық дайындығы қандай?
Жолаушылардың қауіпсіздігі – бірінші орында. Сол үшін ұшақтың құрылымы жоғарғы деңгейде жасалған. Ондағы көпген жүйенің бірнеше дубликаты бар. Мысалы, гидрожүйенің дубликаты үшеу, электрожүйенікі бесеу. Жалпы, ұшақ көптеген параметрі бойынша дубликатталады. Сондықтан турбуленттік ұшақты мүлдем қирата алмайды. Оның жақсы жабдықталып, техникалық жағынан қауіпсіз болғаны сонша, ережелерді сақтап ұшқан әуе кемесіне метеорологиялық құбылыстар еш кедергі емес.

Кейде рейстер техникалық ақауларға байланысты қалдырылып жатады. Бұл әуе кемесінің ұшуға дайын еместігін білдірмейді. Мұндай кездерде көбіне ұшақтың құрылымындағы бір дубликат өңделіп жатады. Сондықтан “ол ұшар алдында сынып қалды” деп уайымдаудың еш қажеті жоқ.



Ұшақпен ұшу қауіпсіз. Оған бірнеше факт айтайын:
Дубликатталған жүйе. Ұшақтың механизмдері мен жүйелерінің кем дегенде үш дубликаты бар. Ол қатты сілкінсе де, қирамайды.
Жалған сезімдер. Кейде ұшақ 7-8 градусқа қисайғанда жолаушыға ол 30-40 градусқа қисайғандай сезілуі мүмкін.
Жолда жүрген қауіптірек. 2012 жылғы статистика бойынша әуе апатынан 500-ге жуық адам, жол апатынан 1,2 миллион адам қаза тапқан.
Турбуленттік мүлдем қауіпті емес. 110 жыл бұрын ұшақ пайда болған кезден бері турбуленттік кезінде қауіпсіздік белбеуін тақпаған не басына сөмке түскеннен 20-ға жуық адам қаза болды. Бірақ бірде-бір ұшақ турбуленттіктен апатқа ұшыраған жоқ.
Адамның ұшақта апатқа ұшырау қаупі 45 миллионнан біреу ғана, яғни 123 жыл бойы күнде ұшсаңыз ғана апатқа ұшырауыңыз мүмкін.
Ұшқыш – қауіпсіз мамандық. Қандай да бір қаупі болса, оған қосымша төлемдер берілетін еді.
Мен өмірімнің 18 мың сағаттан астам уақытын әуеде өткіздім. Бүгінге дейін турбуленттік сияқты құбылыстардан аса қауіпті жағдайға тап болған кезім болған жоқ. Апат көбіне табиғи емес, адами факторлардан болады, – дейді Air Astana Boeing 757 және 767 әуе кемелерінің капитаны Руслан Аюпов.

Автор: Аида Зайнуллиева
дереккөз
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
болады, мүмкін, турбуленттік, пайда, қауіпті, Сондықтан, Аюпов, байланысты, ұшақтың, Руслан, Бірақ, Astana, болуы, күшті, дейді, айтуынша, аэрофобия, Ұшақпен, бірнеше, бойынша

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]