Қазыбек би Келдібекұлы


ҚАЗЫБЕК БИ КЕЛДІБЕКҰЛЫ (1659 - 1765 жж.)

Келдібекұлы Қазыбек би (1665 - 1765) - қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан.

Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады. Сондай ақ ол Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған.
«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

XVIII ғасырдың алпысыншы жылдарында Чиң империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ ол Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чиң империясымен тығыз қарым қатынас жасауға шақырады.
Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі, ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.

Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің аулында отырып, жауын қорқытып алды» деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді.

Қазақтың атақты биі. Қазақ жүздерін басқаруды реттеу ниетімен Тәуке хан Ұлы жүздің биі етіп Төле биді, Кіші жүзге Әйтеке биді, Орта жүзге Қазыбек биді тағайындайды. Халық ауыз әдебиетінде сақталып қалған аңыздар мен кейбір архивтік мәліметтер бойынша, Қазыбек би Келдібекұлы "Тәуке хан заңдарының жинағын" өндеуге қатысқан. Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет және Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласып жүрген Қазыбек би ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде ықпал ете алатын. Ол — жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі. XVIII ғасырдың 40 - жыддары Абылай хан жоңғарлар қолына түсіп қалған шақnа, оны тұтқыннан босатып алуға белсене атсалысты.
XVIII ғасырдың 60 - жылдары Цинь империясы Қазыбек биді өз жағына шығару мақсатымен елшілерімен бірге көптеген бағалы сыйлықтар жіберген. Бірақ Қазыбек би Қытай жағына мүлде қарсы болған. Ол Абылайды Цинь империясымен қарым - қатынас жасамауға шақырған.

Қазақтың тұтас бір елдігін көксеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өле - өлгенше ұзақ та нәтижелі өмір кешкен аты шулы шешен биіміз Қаз дауысты Қазыбек. Қазақтың үш жүзін бір хандыққа қаратып, оның орта жүзінің тізгінін берік ұстаған беделді биі, әділ қазы, асқан талант иесі. Тәуке ханның беделін беркітіп, халқының бірлігін нығайту, қаптаған қалың жоңғарға қарсы ерлік күрес ашып, ер жүрек қазақ ұлдарын ел мүддесін, ұлтының ар - намысын қорғауға үндеп өткен дана басшы, салиқалы сөз, салмақты мінез танытып, жастайынан ақыл - парасатымен жоғарыдан көрінген, өзіндік жол - жосық бастаулары бар ұшқыр ойлы, жаны таза кемеңгер.

Шешімсіз дау қалдырмай, қиын түйіннің жігін тауып, бойындағы сөз маржанын жеріне жеткізе, сезіндіре серігілте сөйлеп, күмәнсіз сендіре білген қызыл тілдің шебері, айтыс - тартыста озып шыққан жүйелі сөздің жүйрігі, тайынбай, тайсалмай, шындықты, әділетті жақтаған абзал азамат. Халқымыздың басына қайғылы күн туып, берекесі кеткен ауыр заманында ел жұртын сақтап қалу үшін өмірін сарп еткен ардагер асқан ақыл иесі. Қара түнек қаптаған қазақ аспанына өмір сәулесін шашқан жарық жұлдызы.
Жоңғардың басым кезінде, оның аузынан от шашқан қонтайшыларынан жасқанбай, ешбір қатерден қорықпай, өзіне төнген найзаның бетін қайтарар қаһарлы тапқыр, алғыр, батыл қимылдарын, өжет сөздерін қоя білген ер жүрек адам. Қонтайшылардың үш рет тонап кеткен елінің есесін ол осы бір қасиетті істері арқылы түгел қайтарған екен. Қара күшке қасқайып қарсы барып жеңіске жеткен.
Қазыбектің:
"Алтын ұяң — отаның қымбат, Қүт береке — атаң қымбат,
Мейірімді анаң қымбат,
Асқар тауың, — әкең қымбат,
Туып өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат,
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат"—
деген сөздері қазақ жастарының ғасырлар бойы өнегелі өсиет ретінде естерінде сақталып келеді сақтала бермек.
Қазыбек биден қалған сөздерден

ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАЛМАҚ ХАНЫНА ҮШ РЕТ ЕЛШІ
“Құба қалмақ заманы” деп атанған заманда қалмақ пен қазақтың ел шабысқан дауларын бітістіруде Қазыбек үш рет билік айтқан екен. Оның бірі әлгі Қазыбек “Телқоңыр” дейтін тайға мініп, өзге билерге атқосшы боп барғанда айтқан билігі.
Екінші билігінің тарихы мынадай: Қазыбек аты әйгілі боп тұрған шағында өзіне қараған елін қалмақтың тіке шабуылынан аулағырақ қонысқа ірге тептіру үшін Сарыарқаның жерін шолып қайтуға кетеді. Соны сырттан есіткен қалмақ Қоңтажы дереу қалың қол
аттандырып Қазыбекке қараған елді шаптырып алады. Ханның қолы малмен қоса жүзге тарта ер балаларды да байлап әкетеді. Оның ішінде Қазыбектің өз баласы Қазымбет те кетеді. Өйткені Қазыбектің тұқымынан біреуді қайтсе де байлап әкелу жөнінде ханның тікелей тапсырмасы болған деседі. Сарыарқаны қоныстыққа ұнатып елге қайтқан Қазыбек шабылған елін көрген соң, өзі басшы болып қалмаққа екінші екінші рет жол тартыпты.

Он төрт жасар бала күннің өзінде - ақ нелер тапқыр сөздер айтып бетін қайтарып тастаған Қазыбектен жасқанып – Қоңтажы хан бітім керегін алып қалу мақсатымен әртүрлі қулыққа салады. Сонда ханның көздегені Қазымбетті қайтармау екен. “Тірі емес” деп балаға құн төлеу ниетін білдіреді. Сонда Қазыбек тұрып Қоңтажыға:

- Жұмыр басты, екі аяқты адамымның өзін қайыр, төрт аяқты айдынды бозымның көзін қайыр. Ерім үшін құн алмай өлісемін, бозымның көзі жоқ болса, екі есе құн аламын. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте тапап аламын дегенде, Қоңтажы:
- Қазыбек би, ерің үшін құн алмай өлісемін дегеніңді жөн делік. Ал, бозыңның төлеуін екі есе қып аламын дегеніңе жол болсын!- депті. Сонда Қазыбек:
- Бозымның төлеуі екі есе болатын себебі: белеңнен шыға келген қалың топтың ішінде оның жарық еткен айбыны Қоңтажыдай ханды да сескендіреді. Төлеуі толық болса – ендігәрі есте жүреді, - дейді. Сонымен Қазыбек бұл жолы да шапқыншылыққа түскен балалармен қоса малдың көзі барының көзін, көзі жоғының толық төлеуін алып қайтады.

Үшінші билігі: осы бітімнен қайтып келе сала Қазыбек елін Сарыарқаға көшіріп, бұл жерді ата мекендік қоңыс етеді. Бірақ әлі де ол қоңысқа көшіп болмаған елдің соңғы бөлегін Қоңтажы тағы шаптырып алады. Қазыбекке шабылған елден хабаршы келеді. Сонымен Қазыбек тағы да қалмаққа тартады. Би бұл жолы Қоңтажының алдына серт қойып, мұндай шабыншылық ендігәрі қайталамайтындай етуге немесе бір жола бітіспеске кетуге беттеп аттанады. Қоңтажының ордасына таяп келгенде, өткелде тұрған бір жастау қыз Қазыбектің қайда бара жатқан жөнін сұрапты. Қазыбек қызға Қоңтажы ханға елшілікпен бара жатқанын айтыпты. Қыз оған:
- Елші болсаң, қазақтың Қазыбегі боларсың, есебің бітсе мені де еске аларсың, - депті. Қазыбек Қоңтажының ордасына түсіп:

- О хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуден танбадым, - дейді. Қоңтажы бұған:
- Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді есітіп: “Шіркін - ай, мынадан бір тұқым алар ма еді”, - деп ойладым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Бірақ сен келіп “ерімнің өзі қайтпай тұрып, бітім етпеймін” дедің. Не бізге тіліңді кесіп тастап кетпедің. Содан кейін менен іргеңді аулақ салып әрі көштің. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы сенімен достасуға құмармын. “Даудың артын қыз бітейді, судың артын шым бітейді, судың артын шым бітейді”, - деуші еді.
- Саған беретін қызым жоқ, қыз берсең алайын, - дейді. Хан Қазыбектен “ұлың нешеу еді” деп сұрайды.
Қазыбек:
- Бір жарым ұлым бар, - деп жауап береді. Хан бұған таңданып:
- Бір жарымы қалай? Сенде дығырдай бес ұл бар деп еститін едім, - дейді.
Хан оған:
- Менің елге ие болатын ұлым біреу - ақ, аты Бекболат, соны бүтінге есептедім. Ал мал мен қатынға ғана ие болатын үшеуін есепке алып жүргенім жоқ, - деп Қоңтажыға қарапты. Қоңтажа өз қызын беріп, оны Бекболатқа қосуды өтініпті. Сонымен қазақ пен қалмақтың шабыншылығы тоқталған екен деседі. Қазыбек осы сапарында хан ордасына бара жатқанда жолыққан жас қызды ала келіп: “Осыны тәрбиеле”, - деп оны да Бекболаттың қолына тапсырыпты.

ҚАЗЫБЕК ПЕН ҚОҢТАЖЫ
Қалмақтың ханы Қоңтажы қазақ елін үш рет шауып алғанда, малдан бөлек, сол шабылғанның ішінде бірталай ұл мен қыз да кетіпті. Соны сұрап қазақ елші жіберсе, Қоңтажы ешбір есе бермепті, сондықтан қазақ билері боп бас қосып: “Қалмақта шынымен - ақ
ұлымыз құл, қызымыз күң болып кеткені ме? Қол жинап, бір шайқассақ қайтеді?” – деп Абылайдың алдына келіпті.

Сонда Абылай: “Біз әлі де тілі өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ, іріктеп елші жіберіп, оған есе бермесе сонсын шайқасайық!” - дейді. Осыған жиналған халық бәтуа қылып, сөз байласады. Бұл жымысты Қаракесек Келдібек биге жүктейді. Келдібек өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, ақыры Қазыбек деген үлкен баласын ұзақ жолға жіберіп сынамақшы болып оның үйіне келсе, Қазыбек үйде жоқ екен, оны желі басынан табады. Балам жөн айтуды, жол айтуды біле екен деп сынайды.

- Балам, сен кімнің баласысың, - жөніңді айтшы! – дейді.
- Атым Қазыбек, әкем Келдібек, Шаншардың немересі боламын, - дейді баласы.
- Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің жақсы ма, жоқ, жақсылардың қасына еріп ел танып, сөз танығаның жақсы ма?
- Балалық дәуір де тәтті екен, оны да тастағым келмей тұр, бірақ жақсылардың қасына еріп ел танып, жер танып, сөз таныған теріс болмас, - дейді Қазыбек.

- Олай болса, балам, үйге қайтшы!- дейді әкесі. Қасына он кісі ертіп, астына “Телқоңыр” дейтін тайды ерттетіп беріп Келдібек баласын ханға жібереді.
“Телқоңырды” мін деуінде де себеп бар екен. Бір күні Келдібек жылқысын қаптатып келе жатып, қара жал, құла қулықтың іші жер сызып, жылқыға ере алмай, ептеп басып келе жатқанын байқайды: “Мынаның ішінде тас бар ма, тұлпар бар ма? Бір құлынды мұнша неге ауырлайды жануар!” – дейді.

Күндердің күнінде бие құлындап, құлын биенің мойнына, сауырына артылып ойнап жүреді. Келдібек:
- Бұған бір қулықтың сүті не болады дейсің, екі биенің сүтін емсін, қызыл тарлан бас мама сүтті бие еді, соның құлынын өзің сойып же - дағы, соған теліп жібер, - дейді жылқышыға. Құлын сол екі биенің сүтін емгендіктен “Телқоңыр” атаныпты.
Келдібектің тасқа салса тасқырмайтұғын, мұзға салса таймайтұғын бір ыңғайлы жігіті бар екен. Ат - тонын сайлап, кісіні онға толтырып сол жігітті Қазыбекке қосып беріпті.

- Қанша айтқанмен мынау бала ғой, бақылап жүрерсің, - деп тапсырыпты жігітке Қазыбектің әкесі. Сөйтіп:
- Бар, Абылай хан мен Тайкелтір биге сәлем бер! – деп қоя беріпті.
Абылай бастаған топ бір дөңнің басына шығып тұр екен, самсап тұрған сары қолға атының маңдайын тура қойып, жетіп келіп, Қазыбек Абылайға сәлем беріпті. Абылай сәлемін алған соң:
- Балам, сен кімнің баласысың? – деп жөн сұрапты.
- Атым Қазыбек, әкем Келдібек, - дейді бала.
- Балам сен қайда барасың? – дейді хан.
- Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едім, енді ағаларымның атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім, - дейді бала. Сонда Абылай қарқ - қарқ күліп:

- жарайды балам, жарайды, барсаң бар. Тайың да жақсы екен, сөзің де жақсы екен! – дейді.
Сонымен Абылай: “Жүріңдер балалар, сендерді біраз жерге шығарып салып қайтайын”, - дейді.
Қол дабылды қағып жіберіп дау еткізіп, сау еткізіп жүріп кетті. Ыңғай жаратып, таңдап мінген қаз мойын, қамыс құлақтар, еттері қызып, біреу желіп, біреу жорғалап келеді. Тнлқоңырдың еті қызған сайын аузынан көбік шашып, алды - артын орап, ортекедей ойнап келеді. Ауыздығымен алысып, баланың қолын қиып жібере жаздап келе жатқанда, Абылайдың балаға тағы да назарыауады.
- Балам, сен бері келші? – деп, Қазыбекті қасына шақырып алады. – Балам, сен шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме?- дейді.
Сонда бала:

- Тәйірі, мен жол көрген ағаларымның қасында басшы болып не қылайын, атшы болсам да жарар! – дейді.
Сонда Абылай бір төбенің басына жұртты иіре тұра қалып:
- Ал, балалар, барыңдар! Жолдарың болсын, алдарың олжаға толсын, басшыларың Тайкелтір би болсын, хандардың Қарқаралы хан Бертіс болсын, батырларың Малайсары болсын, атшыларың мына Қазыбек бала болсын. Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар. Көп

арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін Тыңдаңдар. Жат елдің алдында жақсы баласы құсап тұрыңдар. Қалмақтың ханы Қоңтажы асып туған, тасып жүрген хан ғой! “Қол бастайтын батырмын, жол бастайтын көсеммін, сөз бастайтын шешенмін!” – деп жүрген хан ғой. Мұнда қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу да қымбат. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан. Елдесе алмай жауласып кетсек, сендердің шеберсіздіктеріңнен болады. Жауды алмас қылышпен де көндіруге болады; мылтықпен дәлелдеп атып жығуға да болады, дәлелдеп айтып жығуға да болады. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде, ойлап сөйлеу керек, - дейді. Сонда Бертіс тұрып:

- Хандық дәуірде басынан өткізген біз осы жолы суын сүт қылып қайнатпасақ, бізден қатын артық; қасықтай қанымызды, шыбындай жанымызды салып көрерміз, - деп міндетіне алғандай болады.
Сонымен Абылай қош айтысып қайтып кетіпті, елшілер ілгері жүріп кетіпті. Елшілер бірнеше қиыншылықты бастан өткізеді, аязды күні аттарына қар тепкізеді, әлденеше қиын асу белдерден де асады, суы ащы көлдерден де асады. Сұрай - сұрай Тарбағатай тауының таң жағында, Алтай тауының оң жағыңда отырған хан ордасына барып жетеду. Кешке жақын Қазыбек жетіп барып: “Қазақ елінің елшісі келдік, қайда орналасамыз?” - деп ханға айтады. Сонда хан ордада уәзірлерімен бас қосып отырған екен.

- Сойыс қылып шығынданбай - ақ бөліп - бөліп қонақ қылыңдар, - деп оннан - бестен отырған уәзірлеріне хан табыс қылады. Сонда Қазыбек: “Менің жүз атым бар, жүз кісі атшым жоқ, атты тарата алмаймын, бір жерден орын берсін”, - дейді. Бабқасының албарына барлық ат симай, хан өз албарына байлатқан екен. Қазыбек аттарды оннан топтап байлатып, ат үстінде тұрып реттеткен екен. Сонда ханның әйелі: “Тайға мініп бала да келген бе?”- деп, далаға шығып назар салып, Қазыбекке қарап тұрыпты. Сол күні кешке хан ордасына уәзірлерін, билерін жиып, ханымын қасына алып кеңесіпті. Сөзді өзі бастап:

- Қазақ халқы бізді қамап келіп жатыр, тайға мінгізіп бір баланы да жіберіпті. Абылайдың бізді келеке қылғаны ғой! Менің ойым мынау: келекеге келген қылып, осылардың кісілерін қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді? – депті. Барлық қалмақ билері “мақұл - мақұл” деп шу ете түсіпті. Сонда ханым тұрып:

- Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы қалың ел ғой. “Елшіге елім жоқ” деген. Жат елдің елшісі келгенде, хандық қасиетіңді сақтап, сөзін тыңдау керек. Сен жүз кісіні өлтіріп жайлана алмассың, жүз атты жылқыға қосып бай бола алмассың. Тай дегенің тұлпар болып жүрмесін, бала дегенің сұңқар болып жүрмесін, байқау керек, - деген екен. Сонда хан тұрып:
- Олай болса, елшілерді ертең ордаға жинаңдар, өзіме өзі, сөзіме сөзі сай келетін адамы болса оны көрейін, сай келмейтін болса жазасын сол арада берейін, - деп уәзірлерін таратыпты.

Ертеңіне хан ерте тұрып, өзінің бір данышпан сыншы қариясы бар екен, сол сыншысын шақыртып алып:
- Мынау қазақ елшілері келіп жатыр, осының сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен, сен барып осыларды сынап келші, - дейді. Қария: “Жарайды”, - деп қолына таяғын алып, көпшілікке келіп әрқайсысымен екі - үш ауыз сөзге келіп, бұлардың ішінен ештеңе таба алмағандай болады. “Алыстан келген ел ғой, аттоны қандай, сайлы ма екен”, - деп аттың ішін аралайды. Аттың ішіне барса, Қазыбек аттың ішінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Екі қолы екі жақта, екі аяғы екі жақта, аузынан жалын шығып жатыр. Қария баланы ары - бері айналып тұрып қалады. Осыны ханға айтып барады:

- Мен мынау көпшіліктің ішінен сен шошитындай адам таба алмадым, бірақ мен басқа бір нәрседен шошып келдім, - депті. Хан “неден шошыдың?” – дейді.
- Жылқының ішінде бір бала жатыр, екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақты, құлаш ұрып жатыр екен. Аузынан жалыны атқылап тұр екен. “Аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін, төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлесуге жараймын, халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін”, деп тұр екен, - дейді. Сонда хан тұрып:

- Сен де аузыңды басып, ақылыңнан шалып жүр екенсің. Ол өзі бала болса, өзі аттың ішінде жатса, бұл жолы атына ие болып қайтар. Ол ер жетіп сүбемізді суырғанша талай өмір өтер. Олай болса, бұларды қырмайық, - дейді хан.
Сонан соң олардың да Ыңғайлы атқа мінгендей, ықшам киім кигендей жігіттері келіп: “Сөзге дәмелің қалмаңдар” деп шақырып келеді. Қазыбек те аттың ішінде қалмай, жігіттермен бірге хан ордасына келеді. Сонда хан тұрып ашулы жүзбен, түсін суытып, мұртын тікірейтіп:
- Ия, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарың болса, айтыңдар, - депті. Бұлардың басшысы Тайкелтір би асып айтпайтын бұқпа кісі екен, “ә” дегеннен шарқылдасып, шаңқылдасып қайтеміз деген кісіше:
Өлеңді өзгеге бердік, Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық, Бермесең қалдық.
Сөзді өзіңе салдық!-

деп, үш - төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай берді. Сонда асып тұрған тәкәппар Қоңтажы хан Тайкелтірдің төмендеп сөйлеген сөзіне мерейі үстем болып:

- Олай болса, кешке шейін бір жауап қайырармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат - тонның амандығында елді тапқан да теріс болмас, - депті. Сөйтіп, Тайкелтір үш - төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай беріп еді, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастады. Үзілген сөзді жалғап қазақ жағынан ешкім ештеңе дей алмады. Қазақ - қалмақ таразыға бір түскендей болды. Қазақ елшілері тығырыққа тығылғандай болып қалды. Сонда Қазыбек есік жақта өзінің жігітінің жанында еркелегендей болып отыр еді, айнала бір қарап, ешкім ештеңе демеген соң, орнына атып тұрып хан Бертіске жетіп барды.

- Ерден ердің несі артық, Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық, Бір - ақ асым ет артық;
Жерден жердің несі артық, Бір - ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден шегінген жігіттен - аштан өлген аюдың өті артық, -
дейді. Содан кейін, Қоңтажыға жетіп келіп, қарысып тұрып:
- Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат! – деді. Сонда хан:
- Өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.

- Атым Қазыбек, әкем Келдібек, Халқым қазақ, руым Қаракесек, - депті.
- Дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды, айтшы! – депті хан. Сонда Қазыбек:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпанға басындырмаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз, қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз; танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз; сен Қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз; жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз; берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! - депті. Сонда Қоңтажы не дерін білмей сасып қалыпты.
- Өзің сөзге келген бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы, жоғары! – деп қолтығын аша беріпті. Сонда Қазыбек:

- Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, - деп жалт бұрылып орнына қайта барып отырды. Сонда Қазыбектің сөзі ханның басынан асып, хан не дерін білмей сасып қалып:
- Осылардың өздері келгелі әр үйде қонақтап жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне алып барып, бір жерден күтімге алыңдар, - депті. Сонда қалмақтар:

- Ал, қазақтар, қонақ үйіне жүріңдер, бір жерден күтім көріңдер, - деп алып шығып кетіпті.
Қазақтар шығып кетті, қалмақ бірыңғай қалып қойды. Барлық билері жиылып, ханның қасына келіп:
- Бір жұдырықтай баладан қарасуға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніңіз не? – деді. Сонда Қонтажы тұрып:
- Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімен сұғып айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып “тыпыр” етші, “көрейін” деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп алдына салып беріңдер, - деді.

- Мал мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір адамға тізе бүгіп көрген жоқ едім, жығылғанымды білдіріп, сіздерге біраз сый қылайын, - деп бұлардың басшы адамының әр қайсысына бір тоғыздан сый беріпті, Қазыбек соның ішінде болыпты.
- Жаным, Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай қаз дауысты Қазыбек болсын: Екінші – Тоқсан жеті жүлдені саған арнап байладым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол! – депті.
Сүйтіп есеп - қисап бітіп, қазақтар қайтпақшы болды. Мал мен жанды алдына өрістетіп салып, олармен хан қош айтпасақ болып еріп шықты. Содан қош айтысамыз деп бір төбенің басына иіріле тұра қалды. Сонда қазақтың бір жас жігіті ортаға шығып айқай салыпты. Уа, жиналған топ, менің айтпағым мынау депті: мен басында қазақтың жылқышысы едім. Жылқы бағып жүріп жылқыммен қалмақтың қолына түстім. Мұнда келгеннен кейін бір уәзір ұрып тонымды тартып алды, өз ықтиярыммен бермеп едім, сабап тісімді сындырды. Атымды алып ұйқым бұзылды, тісім сынып сөзім бұзылды, осыған жиылған көпшілік не дейді екен? – депті. Сонда Қоңтажы тұрып:

- Бұл немене, басында біткеннен кейін аяғында еселеп даулай беру дұрыс бола ма! Тон дегенің бір тоқтышақтың терісі шығар, ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай шығар; ал тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде емес пе? – депті. Қазақ, қалмақ таразыға тағы түскендей болып қалады. Ешкім ештеңе дей қоймайды, сонда Қазыбек кейінірек тұр екен, атты борбайға тартып жіберіп, Қоңтажы ханның қасына жетіп келіп:
- “Тісі сынса ауыз ішінде, қолы сынса жең ішінде” жүре беру керек деген не сөз! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене? Аузындағы отыз тіс, болат емей немене? Астындағы жалғыз ат қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай бітіскендігі рас болатын болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай алғанынан қайыру керек, қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес. Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл көрікті болып қайтуы керек, - депті. Сонда Қоңтажы Қазыбек сөйлесе, аруағы асып кетіп, аузына сөз түспейді екен.
- “Мә, жанатыңа жанатым” деп жанат ішігін шешіп береді, “мә, болатыңа болатым” деп болат семсерін береді: “мә, қанатыңа қанатым” деп астындағы қарақасқа тұлпарын түсіп береді. Өзі ашынып тұрған жігіт осы жолы теңдікке қолы тигеніне көзі жаткеннен кейін, жанат ішікті киіп, болат семсерді асынып, қарақасқа тұлпарға қарғып мініп алып:

- Ал, менің де дауым бітті, енді қош айтысуларыңа болады, - депті. Сонда, мал - жанын түп - түгел қайырып алып, Қазыбект бастаған қазақ елшілері көшкен елдей түлеп жүріп кеткенде, қасында бір топ кісісі бар Қоңтажы тоналғандай мең - зең болып дөңнің үстінде қала беріпті.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]