Қажымұқан Мұңайтпасұлы
Қажымұқан Мұңайтпасұлы (1871-1948) - қазақтың әлемге әйгілі балуаны, классикалық күрестің асқан шебері. Шыққан тегі - Орта жүздің Қыпшақ тайпасының алтыбас руынан.
Ауылдың той-томалағы көкпарсыз, күрессіз өткен бе? Сондай жиын-тойларда кішкентай Қажымұқан да күреске қатысып, өз қатарын былай қойып, ересек жігіттердің өзін жығып кете беретіндіктен "бала балуан" атанады. Алайда оның алып күштің иесі ретінде алғаш танылуы О. Масляков деген орыс саудагерінің үйінде жалшылықта жүрген кезінен басталады. Бірде боранды күні даладан шөп алып келе жатқанда шанасы қарға тіреліп, аты тарта алмай тұрып қалады. Шанадан қарғып түскен Қажымұқан атына көмектеспек болып, шананың артынан бар күшімен итеріп қалғанда, шана сырғып кетіп, болдырған ат астында қалып, өледі. Басқа амалы қалмаған ол атының денесін шөптің үстіне тастап, өзі ат орнына жегіліп, шананы қалаға сүйреп әкеледі. Оның осы тірлігі қала тұрғындарының арасына аңыз болып тарайды.
Қажымұқанның балуандық жолы Омбы қаласында өткен балуандар чемпионатында орыстың атағы жер жарған тәжірибелі балуаны Иван Злобинмен кездесуінен басталады. Бұдан кейін ол Петербургтегі бүкіл Ресейге "Ваня ағай" деген атпен танылған Иван Лебедевтің балуандар мектебінде тәрбиеленеді. Осында цирк ойындарын көрсетуге машықтанады.
1908 жылы күрестен әлем чемпионы Георг Лурихтің ұйымдастыруымен Ресейдің ірі қалаларында өткен чемпионаттарға қатысып, "Ямогата Муханура" деген атпен аренаға шығады. Бұдан кейін де ол бірнеше қалаларда болып, бірнеше рет жеңіс тұғырына көтеріледі. Оңтүстік Американың қалаларын аралайды, Варшавада өткен дүниежүзілік чемпионатта кіші алтын медальмен марапатталады. Чемпион ретінде әлемнің бірталай ірі қалаларында болып өнер көрсетеді. Түрік еліне барған сапарында түрік жұрты белдескен балуандардың бәрін жыққан қайратына риза болып, оған "Қажы" деген атақ береді. Бұрын оның азан шақырып қойған аты Мұқан болса, енді ол Қажы Мұқан аталады. Балуанның осы аты бүкіл өміріне қалады.
1913 жылы Троицк қаласында халықаралық ең ірі чемпионат өтеді. Қажымұқан осы чемпионатта он сегіз балуанмен күресіп, соның бәрін де жығады.
Билікке большевиктер келіп, Алашорда өкіметін құлатып, басшыларын қуғындай бастаған тұста Қажымұқан да қуғынға түседі. Жергілікті жердің белсенділерінің қысымына шыдамаған он оңтүстікке қоныс аударады.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: