Бөгенбай батыр
Бөгенбай батыр (1690 - I778)
Ақшаұлы Бөгенбай (1678 - 1175) – Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы. Шыққан тегі – Орта Жүздің Арғын тайпасының Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен. Бөгенбай батырдың даңқты есімі кешелі - бүгінгі қалың қазақ даласын аралап, батырлық пен ерліктің рәмізіндей болып кеткелі қашан...
Батырдың атасы Әлдеуік – қазақтың атақты ханы Есім ханның атақты батырларының бірі болған. Ғұмырының дені атүстінде жортуылмен өткен. Қатағанның Тұрсын ханымен соғыстағы ерен ерлігі үшін оны Түркістанның әмірі етіп тағайындаған. Өз әкесі Әлдеуікұлы Ақша заманында дұшпанына бет қаратпаған айтулы батыр, айбынды қолбасшы сарбаздан тұратын әскерін басқарыпты. Үмбетей жыраудың: «Алатаудай Ақшадан, асып тудың Бөгенбай» деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұрғандай.
Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап, есте сақтап келуі – оның ерлік, әскер басылық қазақ ауылдарына шабуылдап, мазасын алып, әбден титықтатып біткен казак - орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында 30 мың қолды бастап барып, казак – орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап, қашан қазақ жері жоңғарлардан азат етілгенше Бөгенбай батыр аттан түспей, Қабанбай, Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларымен тізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға енеді. Осы шайқастардағы көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі – оның даңқын асқақтата көтереді. Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында Бөгенбай батырдың жауынгерлері қытай әскерлеріне ойсырата соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуады.
Бөгенбай батырдың соңғы үлкен жорығының бірі – Аягөз өзені бойында болған. Қазақ қолына төтеп бере алмаған жоңғарлар да жеңілгенін мойындап, келісімге келуге мәжбүр болған. Осы арада батыр жоңғарлардан ақ аманатын алып, олардан бұдан бұлай жауласпауға ант алады.
Бөгенбай белгілі бітімші мәмілегер де болған. Ол Абылай ханның Қытайға жіберген елшілігін басқарып барып, екі елдің арасында бейбіт қарым - қатынастың орнауына үлкен үлес қосады.
Бөгенбай батыр «Қанжығалы қарт Бөгенбай» атанып дәуірлеп тұрған шағында өз ажалынан дүние салып, сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи күмбезіне жерленеді.
Көзсіз батырлығы мен ғажайып қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян - қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян - кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды.
1725 - 1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген сонан соң қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын.
1756 - 1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян - кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.
XVIII ғасырдың отызыншы - қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар.
Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ - башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі – ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой - беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару - жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді.
Бөгенбайдың нағыз толысқан шағы – батырлығына қоса от ауыз, орақ тілді шешен кезі еді. Осы уақыттарда сыртқы жаумен жекелеген ұрыс - шайқастарда бірқатар жеңістерге жетіп, бүкіл алашқа аты шығып, даңқы артқан болатын.
Бөгенбай батыр ұрыстарда ұдайы жүрмеген адам, елінің алды - артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған.
Бөгенбай жорықтарын, қоғамдық істерін, негізінен, бес кезеңге бөлуге болады:
1. 1696 - 1697 жылдары жоңғар қалмақтарымен шайқастары;
2. 1710 жылғы Қарақұмда бүкіл қазақ елі жасағының қолбасы болуы;
3. 1723 - 29 жылдардағы қазақ елінің жоңғарлардан жаппай жеңілісі мен онан кейінгі халқымыздың сыртқы жауға берген тойтарыстарын ұйымдастыру;
4. 1731 - 1735 жылдардағы орта жүз бен Ресей қарым - қатынасын ыңғайластыру шараларын жүзеге асыру;
5. 1750 - 1760 жылдардағы Алтай - Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыру.
Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй - көрегендігін, мейірбан - адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған.
«Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан - ауызға таратуда.
Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған.
Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың ерліктері оны Қазақ халқының ең ардақты ұлдарының қатарына қосты, отансүйгіштік пен қайсарлықтың үлгісін танытты.
Оның ерліктеріне деген құрмет ретінде батырдың денесі Түркістан қаласындағы дүние жүзіне әйгілі Қожа Ахмет Иассауи Кесенесінде жерленген, басына граниттен құлпытас қойылған.
Әдебиеттер:
Ақшаұлы Бөгенбай (1687 - 1775) // Елтұтқа: Ел тарихының әйгілі тұлғалары.- Астана, 2001.- Б. 126 - 127
Бөгенбай Ақшаұлы // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев.- Алматы, 1999.- Б. 394 - 395
Бөгенбай Ақшаұлы // Түркістан: Халықаралық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев.- Алматы, 2000.- Б. 225 - 226
Бөгенбай батыр // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т. 2. Тарихи тұлғалар.- Б. 84
Ақын Несіпбек Айтовтың «Сардар» дастанынан үзінді
Қаһары қалың қолға татығандай,
Туар ма енді қайтып батыр ондай!?
Батырлық бабасынан желі тартқан,
Аруағын бүкіл қазақ шақырардай.
Арғында арғы түбі – Қанжығалы,
Естісе елең еткен ел құлағы.
Атысқа, шабысқа да бірдей мықты,
Аңдысқан ата жауы қан жылады.
Атасы – ер Әлдеуік қазақ асқан,
Жері жоқ батырлықтан жаза басқан.
Ежелгі Есімханның заманында,
Қатаған хан Тұрсынмен жағаласқан.
Тектілік танылмаса ерге біткен,
Не шығар қаптап жүрген боркеміктен?
Ерліктің ата жолын жалғастырған,
Туады Ақша батыр Әлдеуіктен.
Ту ұстап, тұлпар мінген батыр Ақша,
Дауылдай дүркіреген жауға шапса.
Нөкерін қасына ерген өкпелетпей,
Қылдай қып бөліп берген олжа тапса.
Демей ме төбел туар марқасқадан,
Артық боп жаратылған ол басқадан.
Сексен мың сарбаз ертіп өз соңынан,
Тұсында Тәуке ханның қол бастаған.
Ғасырлар шапқан аттай зулап өтті,
Жарысқан тұлпарларды тулақ етті.
Алланың әмірімен ер Бөгенбай,
Тұсына Абылайдың тура кепті.
Жау тисе ел шетіне әлдеқандай,
Тұрар ма еркек кіндік ерге қонбай?
Абылай тумай жатып әйгілі боп,
Үш жүзге аты шыққан ер Бөгенбай!
Жарқылдап найзағайдай алдаспаны,
Серкедей суырылып қол бастады.
Бөгенбай дөңге шықса дүбір салып,
Дұшпанның жарға бұқты жер басқаны.
Абылай не көрмеді ғұмырында,
Жоңғардың кете жаздап жұмырында.
Тұрғанда сескенбейтін қалың жаудан,
Қабанбай, Бөгенбайлар тұғырында.
Түсіріп жауға шапса жасын көктен,
Дүлейдің алған талай басын кекпен.
Өмірі өкінішсіз есіне алса,
Өңкей бір көкжалдардың қасында өткен.
Дегенге батыр өлді кім сенеді?
Көңілі қара тұман бүркенеді.
Қол бастар қаһармандар ортасында,
Орыны Бөгенбайдың бір төбе еді.
Ажал кеп көк найзасын шаншығанда,
Айтыпты ханға сәлем жан шығарда.
Емендей иілмеген есіл ердің
Ерлігі қанша жырла, таусылар ма?!.
Источник: bilimdiler.kz
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: