Қазақша Жұмбақ: Адамның дене мүшелері

Қазақша Жұмбақ: Адамның дене мүшелері

Кішкене ғана тостаған
Жер дүниені бастаған.
Көз

Ала арқаным жетпес жер жоқ.
Көз

Кішкентай бір мақұлық торы ала,
Ағаштан атрапына соққан қала.
Ішінде сол қаланың өмірі өтер,
Сабыр қып сахараға шықпас жана,
Жаралған өзі ғана артық болып,
Болжайды әр нәрсені айтып шама.
Көз

Екі бала қатар тұрса да,
Бірін-бірі көрмейді.
Көз

Ағайынды екеу болыпты,
Екеуі тату жүріпті.
Ортасында тау болып,
Бірін бірі көрмепті,
Екеуінің міндеті орындайтын бір бопты.
Көз бен мұрын

Бір "әліп” мұнарадай көзім көрген,
Екі "мәт”, екі "сәкін” оған ерген.
Болғанда "иа”ден камал, нұрдан гауһар,
Болады кім данышпан мұны білген.
Адам, көз, жас, екі құлақ,cөз

Бір таудың алпыс сегіз саласы бар,
Он екі жанында қаласы бар.
Бау-бақша түрлі өсімдіктер,
Барлығын билеп тұрған анасы бар.
Алпыс сегіз тамыр, он екі мүше

Ағады алпыс екі бұлақ бір қайнардан,
Он екі бұлағы бар шыр айналған.
Ісіне таң қаламын құдіреттің,
Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.
Алпыс екі тамыр, он екі мүше

Бір қария жерде де емес, көкте де емес,
Болғанда түбі терең, аузы кемеш.
Ішіне ит түссе де арам емес.
Көз

Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Бұзылса оны адам түзер емес.
Кезінде өзі ашылып, жабылады,
Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.
Көз

Әрі жүрер қараша ат,
Бері жүрер қараша ат.
Су бойында тұнық су,
Таңдап ішер қараша ат.
Көз

Жар қабақта екі бастау,
Жапсар тастың астында
Жасыл ала құс жатыр.
Көз

Көрші отырған көршілер
Бірін бірі көрмейді.
Қара түнек қос үңгір
Діңгегі асу бермейді.
Көз бен мұрын

Қара суда суат жоқ,
Қалың талда бұтақ жоқ.
Көз бен кірпік

Сырты қылшық,
Іші былшық.
Кірпік пен көз

Ары жүгір қаратай,
Бері жүгір қаратай.
Тал түбіне барғанда,
Тайып жығыл қаратай.
Көздің қарашығы

Бір көлде екі түрлі сүт бар.
Көздің ағы мен қарасы

Таудан тас құлады.
Көз жасы

Таудан тары домалайды,
Оны он екі қаз қуалайды.
Көз жасы

Бір таудың екі күзетшісі,
Екі тыңшысы, отыз екі бөрісі бар.
Көз, құлақ, тіс

Қабақта қара бурам шөгіп жатыр,
Етектеп құмалағын төгіп жатыр.
Қас, көз, жас

Тұнық суға ши ұстадым.
Кірпік

Екі жар бірін бірі шамалаған,
Тал шығып, жағасына сабалаған.
Кірпік

Сәуле астында жүз кісі.
Кірпік

Алпыс кісі аяқтасты,
Ертеменен таяқтасты.
Кірпік

Күндіз шайқасады,
Түнде айқасады.
Кірпік

Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,
Адамның ол нәрсесіз күні болмас.
Жіберсе қарап қалар жердің бәрі,
Кішкене болса-дағы кемдік қылмас.
Ауыз

Бір тобықта жеті жыртық.
Екі танау, екі құлақ, екі көз, бір ауыз

Беткейде бес есік.
Екі танау, екі көз, ауыз

Екі тақта арасында
Қимылдайды қызыл тақта.
Тіл

Жағалай-жағалай тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым.
Тіс, тіл

Үнемі ауызда бұлтыңдайды,
Бірақ жұтылмайды.
Тіл

Қатар-қатар ақ күріш,
Тұрған жері қақтығыс.
Тіс

Айдын көлде алтын тас,
Ау салса да алынбас.
Тіс

Үлкен үй,
Үлкен үйдің ішінде
Кішкене үй.
Кішкене үйдің ішінде
Досқана би.
Ерін, тіс, тіл

Туғаннан біргемін
Бірақ санын білмеймін.
Шаш

Асқар тауда қара орман.
Шаш

Томпағымның басында тоқсан қыз бар.
Шаш

Жас кезінде қара орман,
Жыл өткен сайын ағарған.
Шаш

Басында Қаратаудың қап-қара шөп,
Атаймыз тау демесек әлде не деп.
Ағарып ақырында кете ме екен,
Ол таудың әлде шөбі тұрғанда көп.
Шаш

Тамға таяқ сүйедім,
Отыз жерден сыр-сырлап.
Отыз екі тіс

Үсті тақтай,
Асты тақтай,
Ортасында әбзел тақтай.
Тіс,тіл

Ти, ти десем, тимейді,
Тиме десем тиеді.
Ерін

Үлкен ой,
Үлкен ойдың ішінде
Кіші ой,
Кіші ойдың ішінде,
Балуан би.
Ерін, тіс, тіл

Білмеймін ерке ме екен, есер ме екен,
Қалпынан артық бойлап өсер ме екен.
Өсірме деп біреуге бұйырмасам,
Таудағы тоғайымды кесер ме екен.
Шаш

Бір тауға әрі қайың,
Әрі тал өседі.
Шаш, сақал

Майтөбеде ол сусыз,
Өскен қамыс буынсыз.
Шаш,бас

Кішкене ғана тегене,
Сырты толған балауса.
Шаш, бас

Беткейге қар жауды,
Кетпеске айналды.
Шаштың ағаруы

Қараша тауым қарлы болды,
Бір жауса кетпейтұғын зәрлі болды.
Шаштың ағаруы

Бір төбеге қойыпты шынар жайып,
Қолына қылыш алды бір ғажайып,
Екі жақта шынардың қалқаны бар,
Кетпесін қалқанына қылыш тайып.
Шаш,ұстара, екі құлақ

Алпыс қанат ақ орда,
Алпыс атанға сыймайды.
Алпыс атаным қысқа дейін десем,
Тәңертең ұшқан құс,
Кешке әрең қонады.
Шаш, тарақ

Бір тауға әрі қайың,
Әрі тал өседі.
Шаш , сақал

Қос бұлақ бір қарауыл салғаны бар,
Мойнында үш жүз алпыс арқаны бар.
Ақ тоғай, қара тоғай қалың ағаш,
Тоғайдың әр мезгіл де тарқары бар.
Сақал,шаш

Қарамасаң жайлауға,
Қабан келер шайнауға.
Бас пен бит

Күмбір-күмбір қарағым,
Қартайғанша жарадың.
Құлақ

Екі кісі ерегісіп келеді.
Құлақ

Ғаудыр-ғаудыр шанашым,
Қартайғанша көрмедім.
Құлақ

Құла бетте қисық астау.
Құлақ

Тауда жарбайып тұр.
Құлақ

Жар басында жарты кепе.
Құлақ

Жар басында жарты сыпыра.
Құлақ

Қарағай басына қатық ұйыттым.
Ми

Қиын-қиын қиялар,
Қияға жұмыртқа ұялар.
Ми

Бар екен бір жыланның отыз іні,
Түп-түзу бұл жыланның жоқ дүр міні.
Ғажайып бір мінезі тағы да бар,
Шықпайды бір інінен күндіз-түні.
Жұлын

Екі достың бірі ыңғайлы,
Біреуінен ебі жоқ.
Екеуін де бірдей көрем,
Маған артық-кемі жоқ.
Екі қол

Бес сауысқан,
Бес сауысқан басына тас жабысқан.
Бес саусақ, тырнақ

Бес көсеуім басы ақ күміс.
Саусақ

Бес ат,
Бесеуі де қасқа ат.
Бес саусақ

Бес адам бір есекке мінгесіп жүр,
Мінгессе де талай жермен тілдесіп жүр.
Бес саусақ

Бар екен бәйтеректе екі аша,
Болмайды бар шақасы оннан аса.
Біреуі біреуінен икемдірек,
Құдайдың құдіретіне қыл тамаша.
Он саусақ

Он айда мен аламын он жаңа айды,
Он жаңа айды алсам да ол таусылмайды.
Тырнақ

Он кемпір мұз арқалап тұр.
Тырнақ

Ереймен жерейменнен озбайды екен,
Асы алтын, қасығы күміс болып,
Өмірі бітіп мүлде тозбайды екен.
Сөз

Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес,
Қай жақтан келерін де адам білмес.
Азаттыға сонымен дүниенің,
Онсыз тірі ешкім де дәурен сүрмес.
Сөз

Еккенім бір танапқа жалғыз бидай,
Аққурай қанасына кетті сыймай.
Біреудің аманатын алсаң-дағы,
Тұрасың береріңде көзің қимай.
Адамның жаны

Балдан тәтті,
Удан ащы,
Тәрбиесіз, ата-анасыз.
Жан

Балдан тәтті,
Мақтадан жұмсақ,
Базарға апарып сатсаң,
Бір тиындық бағасы да жоқ.
Ұйқы

Базарда сатылмайды,
Таразыда тартылмайды.
Өзі балдан да тәтті,
Өмірге бір шапағатты.
Ұйқы

Суға салсаң - батпайды,
Отқа салсаң - жанбайды,
Жерге көмсең - шірімейді.
Адамның аты

Өлсең де-өлмейді,
Өлмесең де-өлмейді.
Адамның аты

Жаралғанға жабысқан.
Адамның аты

Атқа мінбейді, жаяу жүрмейді,
Күніне мың шақырым жерге барып келеді.
Көңіл

Бір нәрсе кейде сопы,кейде залым,
Сиқырлар бір сағатта жанның бәрін.
Бір уақыт патша болып отырады,
Тар жерде әркімнің де ойлар қамын.
Көңіл

Сары ат міндім, саз кештім,
Сарқыты маған тимеді
Қара мақпал тон піштім,
Қиқымы маған тимеді.

Бір минутта дүнияны аралайды,
Сонда да шаршамайды.
Ой

Бір адам көрдім,
Жүрмей тұрған жабысып.
Түсін танып тұрсаң да,
Жауап айтпас танысып.
Адамның суреті
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Загадки на казахском языке человек Қазақша Жұмбақ Адам, Адам туралы жұмбақтар, Адам туралы жұмбақтар, Адам туралы жұмбақ, Загадки на казахском языке человек, Адам туралы казакша жумбак

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]