Балабақшаға арналған Абай - біздің бабамыз атты тәрбие сағат

Балабақшаға арналған Абай - біздің бабамыз атты тәрбие сағат

Абай біздің бабамыз
Мақсаты: Абай Құнанбаев туралы түсініктерін кеңейту, ақынның жыл мезгілдеріне арналған өлең - жырларын, дұрыс түсіне білуге бір - бірінен ерекшеліктерін айыра білуге баулу, шығармалар мазмұны бойынша өсиет - өлеңдерінен балаларға адамгершілік, адалдық, достық, еңбекті сүюге, жалқаулыққа қарсы шығу, Отанды және елді қадірлеуге үйрету.
Әдіс - тәсілдер: көрсету, айту, түсіндіру, көрініс қою.
Қолданылатын құралдар: Абайдың суреті, көрініске байланысты қарға мен түлкінің атрибуттары. Жыл мезгілдерінің суреттері
Барысы:
Сәлем бердік алтын күн,
Сәлем бердік ашық аспан.
Сәлем бердік Жер - Ана,
Сәлем бердік баршаға!
Тәрбиеші: Балалар, бүгін аптаның нешінші күні?
– Бесінші күн. Жұма.
– Жұма күнін қалай атаймыз?
Балалар: – «Үлкен жұма» – қасиетті, киелі күн ол күні өзімізді тәртіпті, мейірімді етіп ұстаймыз. Қатты сөйлемейміз, ұрыспаймыз.
Тәрбиеші: – Дұрыс айтасыңдар. Жұма күні бұрынғы ата - бабаларымызды еске аламыз.
Ал, бүгінгі жұма күнді біз Абай атамызға арнаймыз.
– Балалар, мен сендерге бір өлең оқып берейін мұқият тыңдаңдар.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан.
– Балалар, бұл кімнің өлеңі?
– Абай атаның өлеңі
– Дұрыс айтасыңдар.
Тәрбиеші: Мына суреттен кімді көріп тұрсыңдар?
Абай атаны көріп тұрмыз.
Тәрбиеші: – Абай атамыз Семейдің Шыңғыстау деген жерінде дүниеге келген. Әкесінің аты Құнанбай. Шешесінің аты Ұлжан. Абай атамыз артына ойлы да, мәнді өлеңдерімен бірге қара сөздерімен де өшпестей із қалдырған. Енді Абай атамыздың қара сөздерін еске түсірейік.
Әділет: Жас бала анадан екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем, көрсем, естісем, үйренсем деп тұрады.
Айдана: Адам үш нәрседен қашу керек:
Біріншісі надандық,
Екіншісі еріншектік
Үшіншісі залымдық.
Дана: Егер ақылды болғың келсе күніне бір рет немесе жұмада бір өзіңнен өзің есеп ал
Сымбат: Сәл нәрсені көңілге бекіту керек.
Кеселді нәрселерден қашық болу керек.
Алтын: Адам ата - анадан туғанда есті болмайды, естіп - көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы - жаманды таниды.
Тәрбиеші: Міне, көрдіңдерме, Абай атамыз не жақсы, не жаман екенін көрсетіп берді. Біз атамыздың өсиетін орындап жүруіміз керек.
Тәрбиеші: Біздің Республикамызда қандай ұлттар мекендейді?
Олар біздің елде қалай өмір сүріп отыр?
Салтанат: Қазақ, орыс, өзбек, азербайжан, украин, беларус, латыш.
Олар тату, дос. Бір - бірінің тілін, дінін құрметтейді.
Тәрбиеші: Абай атамыз оны да бізге үйретіп кетті.
Тату ел - берекелі ел, көрікті де сұлу өлке болады. Өнімдері мол бай мемлекет болады деді.
Ол жайлы атамыз не айтты?
Әсем: Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл,
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Тәрбиеші: Балалар, бір жылда неше мезгіл бар?
Балалар: 4 мезгіл. Қыс, көктем, жаз, күз.
– Өте жақсы, Абай ата осы төрт мезгілге арнап тамаша өлең жазған. Бұл өлеңдерінде табиғаттың әсем, сұлу көрінісі бейнеленген.
– Қане, осы өлеңдерін есімізге түсіріп жіберейік.
Жыл мезгілдері:
Қыс - құнар береді
Көктем - дән себеді
Жаз - бастап өсірсе
Күз - жинап береді
Мирас: Маған Абай атаның қыс туралы өлеңі ұнайды. Айнала аппақ қар, сырғанап ойнаймыз. Су қатып мұз болады.
Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды
Үсті - басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Айдана: Маған Абай атаның көктем туралы өлеңі ұнайды. Көктемде жер көктеп, бәйшешектер гүлдейді. Күн қызып, көбелектер ұша бастайды.
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы
Масатыдай құлпырар жердің жүзі
Жан - жануар адамзат анталаса
Ата - анадай елжірер күннің көзі.
Елнұр: Маған Абай атаның жаз туралы өлеңі ұнайды. Жазда күн жылынып жемістер піседі. Құстар ән салып ағаштарға қонады.
Жазды күні шілде болғанда
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда
Жібек: Маған Абай атаның күз туралы өлеңі ұнайды. Күзде жапырақтар сарғаяды, күн салқындайды. Жеміс - жидек, көкөністер піседі.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан тай жарысқан.
Сергіту сәті:
Балалар адамдар, аңдар, құстар, шыбын - шіркейлер бәрі - бәрі тамақсыз өмір сүре алмайды. Тамақ табу үшін еңбек ету керек. Адамдар мал өсіреді, егін егеді, жеміс - жидек, көкөніс отырғызады, оларды күтіп баптайды. Жануарлар да жазда қыстық қоректерін әзірлейді, қысқа дайындалады. Еңбек етсең ғана қарның тояды. Осы еңбекке байланысты қандай мақал - мәтел білеміз?
Әли: Еңбек түбі – береке.
Кім еңбек етсе – сол тоқ.
Аружан: Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Ойын: Кім жылдам
Тәрбиеші: Абай атамыз тек өлең жыр жазып қоймаған сонымен бірге орыс тілінен қазақшаға аударып аудармамен айналысқан.
И. А. Крыловтың көптеген мысқыл мысал өлеңдерін аударған. Ол мысалдарының көбісі қазіргі біз айтып өткен еңбекке байланысты.
Жұмбақ жасыру:
Қазір «Түлкі мен қарға» мысалын сахналап көрсетейік
Қорытындылау:
Абай атамыздың өсиетін орындап, үлкен азамат болу біздің міндетіміз.

Алматы қаласы
№118 бала-бақша
Сабдикенова Райхан Тұрсынқызы
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
10 тамыз абай күні, абай құнанбаев күні, абай куни, абай туралы кеш, абай туралы сценарий кеш, абай құнанбаев туралы сценарий, абай күні сценарий, абай күні сценарий балабақшада, бала-бақша, Абай Құнанбаев, әдебиеттік оқу, абай құнанбаев 175 жылдығы тәрбие сағаты балабақшада, Абай 175 жыл

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]