Қазақша ашық сабақ: «Тұсау кесу» рәсімі

Қазақша ашық сабақ: «Тұсау кесу» рәсімі

Тақырыбы: «Тұсау кесу» рәсімі
Мақсаты:
Білімділік: Наурыз мерекесі туралы түсінік беру.
Дамытушылық:Қазақтың салт-дәстүрі «Тұсау кесу» рәсімін түсіндіріп және ойын-сауық арқылы балалардың есте сақтау қабылетін дамыту.
Тәрбиелілік: Ұлттық тұрмысөа, мәдениетке,мерекеге деген құрмет сезімдерін тәрбиелеу.
Зал іші әсем безендірілген, күй ойнап тұр. Ұлттық заттардан көрме жасалған.
І-жүргізуші:
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікте,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке
ІІ-жүргізуші:
Құрметті қонақтар, армысыздар,
Бәріңіз де есен-сау бармысыздар.
Тұсау кесіп, той жасау – ата-дәстүр, салтымыз,
Жақсылықты тілейміз тойға келген жалпымыз.
Думанды тойын жасап дүбірлетіп,
Салт-дәстүрді ежелден қастерлеген халықпыз. .

І-жүргізуші:Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт.
Күлгенің де той сенің,
Жүргенің де той сенің.
Қызықтасын халайық,
Тұсау кескен бұл күнің
Есте қалсын, жарқыным.
Тұсау кесер бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді.ал қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен. Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек - байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп - көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.
Құрметті қонақтар, біз бүгін «Бөбек» тобының бүлдіршіні Қабыл немересі Ақмейірдің тұсау кесер рәсімін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
Дәнегүл әже:Немерем Ақмейір жер-Анаға алғаш аяқ басып, үлкен өмір көшіне ермек, із тастамақ. Сол құлынымның тұсауын кесуге өзімнің аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйы, ардақты ана, сүйікті әже , Ләззатқа немеремнің тұсауын кестіремін.Ал, келін балам, кішкентай Ақмейірді ортаға әкеліп, Ләззат әжесіне табыс ет.
Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады.
Келін бала баланы көтеріп келе жатып:
Тәй-тәй балам, тәй балам,


Шақырып тұр айналаң,
Жүруге алғаш талпындың
Құтақандай жан балам,
Қаз-қаз тұрып талпындың,
Қуантасың, күлесің.
Аман болсаң аз-ақ күнде
Алшаң басып жүресің.

Ләззат әже қолына ала жіпті алып жатып:
Ала жіппен тұсайын
Ақмейірдің аяғын,
Тұсау жібін кесейін
Жасап баба ырымын.
Сағат сайын есейіп,
Шапқыласын құлыным,
Аяқтары талмасын
Айналайын, алтыным.
Баланың аяғын байлайды. Қолына пышақ алып, тұсауын кеседі.

Қаз-қаз бала, қаз балам.
Қадам бассаң мәз болам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Алға қарай баса бер,
Асулардан аса бер.
Ақмейірді екі келіншек жетектеп жүргізеді.

Дәнегүл әже:Ал, келіншектер, тәй-тәй-лап алға бастаңдар.
Шошытпаңдар, айқайлап, жалғыз тастап қашпаңдар.
Немеремнің жолына мол ғып шашу шашыңдар
Із қалдырсын соңына, алдын кең ғып ашындар
Ақ жайманың алдын кең ғып ашып балға жол ашады, шашу шашылады.
ІІ-жүргізуші:
О, халайық, қол жайып, той тілеуін қолдайық,
Мұсылманның заңдарын, барша ағайын қорғайық.
Тәй-тәй басып жүретін, қуаныш қылып күлетін,
Жүйрік болсын баламыз, мыңнан озып жүретін.
Қамқор болып халқына, берік болып антына,
Есейгенде қымбатты, сыйлы болсын жалпыға
«Тұсау кесер» той құрметіне ән-шашу «Тәй-тәй» әні орындалады.
Дәнегүл әже:Бүгін «Ақ түйенің қарыны жарылған күн». Дастарханға келіңдер, қадамдарыңа гүл бітсін. Әжелер дастарханға төріне жайғасады.
Асылкүл әже : Той бастайық.
Той бастар беріліп, тұсау кесер ырымы тапсырылыды.
Маржан әже бата береді:
Құлыным үлкен жігіт болсын!
Ата-анасына қызық болсын
Жақсылармен қатар болсын,
Жамандармен қатал болсын,
Ата-дәстүр байлығын жалғастырар,
Берік бұтақ болсын.
Наурыздарың құтты болсын!
Ұлыс береке әкелсін
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын
Осы тойды қызықтаған
Баршаңызда той болсын.


«Қазақ дәстүрлері» әні орындалады.
І-жүргізуші:Назар қойып тамашалағандарыңа рақмет!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қазақ дәстүрі, тұсау кесу сабақ жоспары, тұсау кесер сабақ жоспары, ашық сабақ тұсау кесу, ашык сабак тусау кесу тусау кесер ашық сабақ тұсау кесу тұсау кесер

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]