Білім көзі кітапта (4 сыныптарға арналған кітапханалық сабақ)
Сабақтың мақсаты мен міндеттері:
- оқушылардың анықтамалық құралдармен, сөздіктермен жұмыс істеу білігін дамытуға ықпал ету;
- оқушылардың кітапқа ұқыптылықпен, құрметпен қарауына әсер ету;
- білімге және кітап оқуға қызығушылығын арттыруға себеп болу;
- оқушылардың тез шешім қабылдау қабілетін, тіл байлығын дамыту.
Сабақ түрі: сайыс - сабақ.
Көрнекілігі: Кітапхананың іші шарлармен, кітап туралы нақыл сөздермен әсем безендірілген.
«Тек кітап қана алға жылжуды, адамдық шыңына шығуды үйретеді»
Н. Ә. Назарбаев
Нақыл сөздер:
«Кітап - жан айнасы»,
«Кітап - таусылмайтын азық»,
«Кітап – оқу жабдығы, білім сандығы»,
«Кітап – айдың талмас қанаты».
Сабақ - сайыс кезеңдері:
1 кезең. «Кітапхана – кітап үйі» сұрақ - жауап.
2 кезең. Кітапты ұстау бойынша көріністер.
3 кезең. «Кітап - біздің досымыз» тақырыбында шығарма.
4 кезең. Кітап тарихына байланысты сауалнамалық сұрақтар.
Барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Кітапханашы: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, оқушылар! Бүгінгі «Білім көзі кітапта» атты кітапханалық ашық сабаққа қош келіпсіздер.
Талап қыл артық білуге,
Артық білім кітап,-
деп Абай атамыз айтқандай ілім - білімнің сарқылмас қазынасын кітаптан аламыз. Адамзат баласының жер басып өмір сүрген уақытынан, бүгінгі күнге дейінгі басты үш құндылығы: білім, ғылым және өнер. Ал осы құндылықтардың қыр - сырын түсінуге қол ұшын беретін алуан түрлі жаңалықтарды ашуға апаратын бірден - бір жолдың ордасы – кітапхана.
Кітапхана сабағы ойын түрінде өтеді. Қазір алдарыңызға екі топ «Тапқырлар» мен «Білгірлер» шығады. Әр топтың ұраны болады.
ІІ. Топтарды таныстыру.
1 топ - «Тапқырлар» тобының ұраны: « Талап қыл артық білуге,
Артық білім ғылымда».
Абай.
2 топ - «Білгірлер» тобының ұраны:
«Оқу – білім қазығы,
Адамның азығы.
Оқу өмірдің сәні
Тіршіліктің шамы».
С. Сейфуллин.
ІІІ. Әділқазылар алқасымен таныстыру.
1 - кезең. «Кітапхана – кітап үйі» сұрақ - жауап.
Екі топқа кезекпен сұрақтар қойылады. Бірінші топ жауабын білмесе, екінші топ жауап береді. Толық жауапқа - 2 ұпай, толық емес жауапқа – 1 ұпай.
1. Таусылмас байлық, сарқылмас қазына (кітап).
2. Кітап үйі -... (кітапхана).
3. Кітап құрылысы (кітап сырты, мұқабасы, титулдық бет, форзац)
4. Титулдық бетінде қандай мәліметтер бар? (авторы, аты, баспаның аты, шыққан жылы).
5. Аннотация деген не? (кітап туралы қысқаша мәлімет).
6. Аннотациядан басқа тағы қандай кітап туралы мәліметтер бар? (алғы сөз, безендірілуі, мазмұны).
7. Анықтама әдебиеттерінің қандай түрлерін білесіздер? (сөздіктер, анықтама, энциклопедия).
8. Біздің кітапханамызда қандай анықтама әдебиеттері бар? (барлық пән бойынша).
2 кезең. Кітапты ұстау бойынша көріністер.
«Тапқырлар» тобының көрінісі
«Кітап күнтізбе емес»
Ағасы үшінші сыныпта оқитын інісінің ана тілі кітабын көріп таңданды.
- Берік, бері келші
- Не, аға?
- Ана тілі кітабыңның бас жағындағы алпыс бетін кім жыртып тастаған?
- Мен
- Неге?
- Керегі жоқ қой. Өтіп кеткен сабақтар.
- Е, сонда кітап күнтізбе болғаны ма?
- Ия, - деді Берік
- Күнде өткен сабақты күнде жыртып тастаймын. Әйтпесе, кейін қай тақырыпты өттік, қай тақырыпты өтпедік білмей шатысып кетемін.
Ағасы қабағын түйіп:
- Бұлай етуге болмайды, - деді.
Ал Берік нық түрде:
- Болады, - деді. - Біздің сыныпта балалардың бәрі сөйтеді.
Ағасының көзі атыздай болып кетті.
- Кітапты жыртуға болмайды. «Кітап - біздің досымыз» дегенді білесің бе?
- Білемін
- Сондықтан кітапты күтіп, ұқыпты ұстау керек.
Берік осыдан кейін кітаптарын жыртпайтын болды.
«Білгірлер» тобының көрінісі
«Ескі кітап»
Жалпы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы басталған кез болатын. Оқушылар мектеп кітапханасынан оқулық ала бастады. Ләйлә үшінші сыныпқа көшкен. Ол мектептен оқулықтарын алып үйіне оралды. Анасы оның қабағындағы кірбіңді байқап:
- Қызым не болды? Біреу ренжітті ме?
- Жоқ
- Енді не болды?
- Маған мұқабасын мыж - мыж ескі кітаптар берді. Осындай кітапты оқығым келмейді,- деп көзіне жас алды.
Анасы Ләйләнің қылығына күліп былай деді:
- Қызым, оған неге ренжисің, ақылы бар бала, жыртылған жерін желімдеп, тысын қаптап, жаңартып алды. Кітаптың сыртына емес, ішіне үңілу керек. Ол - әр адамның сырлас досы. Сондықтан оны күтіп ұстап, кейінгі іні - сіңлілеріңе берген жөн.
Анасының сөзін мұқият тыңдаған Ләйлә кітаптарын желімдеп ретке келтіре бастады.
3 кезең. «Кітап - біздің досымыз» тақырыбында шығарма. Топтық жұмыс. Екі топқа таза парақ беріледі. Бірінші бала бір сөйлем жазып бастайды, сосын келесі бала екінші сөйлемді жазады. Барлығы бір - бір сөйлемнен жазып шығуы керек. Аяғында байланысқан мәтін шығады.
4 кезең. Кітап тарихына байланысты сауалнамалық сұрақтар. Екі топқа кезек – кезек сұрақтар қойылады. Сұрақтың жауабын таппаса, келесі топ жауап беруге болады.
1. Папирус деген не? (жапырақ парақ).
2. Ерте заманнан бері адамдар жазуға қандай материалдарды қолданған? (тас, балшық, қағаз, папирус, пергамент).
3. Баспа станогын ең алғаш ойлап тапқан кім, қашан, қайда? (15 ғасырда, Германияда, Иоганн Гутенберг).
4. Ең алғаш Русьте кітап басуды ойлап тапқан кім? (Иван Федоров).
5. Қазақстанда қандай кітап баспалары бар? (Атамұра, Рауан, Мектеп, Аруна, Шакура, Алматыкітап, т. б).
6. Ежелгі Египеттегі ең үлкен кітапхана қай қалада орналасқан? (Александрия қаласында. Онда 70 мыңнан астам түтікке оралған ленталар сақталған. Ол папирусқа (жапырақ парақ) жазылған).
Кітапханашы: Осымен бүгінгі біздің «Білім көзі кітапта» атты сабағымыз аяқталды. Сайыстардың қорытындысын шығару үшін сөзді әділқазыларға береміз. (Қортындыны айту және марапаттау).
Кітапханашы: Сабаққа белсене қатысқандарыңыз үшін рахмет. Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!
Источник: bilimdiler.kz
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Қазақша Ашық сабақ: Тілдер күні (Тіл дамыту – ой дамыту | 5 сынып)
» Қазақша Ашық сабақ: 1 Қазан - Халықаралық қарттар күні (Қариясы бар үйдің, қазынасы бар)
» Қазақша Ашық сабақ: Ана тілі | Аққұс туралы аңыз (3 сынып)
» Қазақша ашық сабақ: Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу
» Ашық сабақ: «Жарқын болашақ» интеллектуалды ойын
» Қазақша Ашық сабақ: Тілдер күні (Тіл дамыту – ой дамыту | 5 сынып)
» Қазақша Ашық сабақ: 1 Қазан - Халықаралық қарттар күні (Қариясы бар үйдің, қазынасы бар)
» Қазақша Ашық сабақ: Ана тілі | Аққұс туралы аңыз (3 сынып)
» Қазақша ашық сабақ: Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу
» Ашық сабақ: «Жарқын болашақ» интеллектуалды ойын
Іздеп көріңіз: