Кітап үзіндісі
Кітап үзіндісі
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.
Әлқисса...
Кейде өзгеге жасаған ең үлкен жақсылығың – қасына барып қалын сұраған бір ауыз сөз боп шығуы мүмкін. Ол үшін байып кетер күнді күтудің қажеті шамалы.
Торғын Жолдасбекқызы «Араша»
Михаил Лермонтов: «Адам ісіне Құдаймен бірге төреші бір нәрсе бар, ол – ар» деп айтқан.
Мырзагелді Кемел «Шәкәрімнің ар ілімі»
Адам баласы көзі тірісінде тойған ба? Бірінің дүниесін бірі қақшып алып, бірінің жемін бірі жұлып жеп, бірінің жерін бірі тартып алып, жылы орнынан қуып жатқан түсініксіз бір көр заман ғой!
Сәкен Жүнісов «Аманай мен Заманай»
Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.
Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»
Расынла да, өлімге кім қарсы тұра алады? Одан кім қашып құтылады? Қазақ: «Тумақ бар болса, Өлмек те бар» дейді. Атақты Сократ: «Жас баланың өмірге алғашқы аттаған адымы – өлімге алғашқы аттаған адымы» демей ме? Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Бірақ өлім, қашан да болса, ерте.
Ілияс Есенберлин «Ғашықтар»
Сүйген жарға не жетсін... «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дейді ғой!
Ілияс Есенберлин «Ғашықтар»
Біреудің қандай адам екенін білу үшін оның ақыл - парасатынан гөрі, арман - мақсатына көбірек назар аударамыз ғой. Адамды өмірге ынталандырып, күллі тіршілікке мән - мағына беретін де сол арман емес пе? Бізді ғұмр бойы алға жетелеп, биік шыңдарға шығаратын, шабытты еңбекке жігерлендіретін осы арман ғой. Адамдар сонау көне заманнан бастап, ай мен жұлдыздарға баруды армандап, өзінің осы қиял - мақсаты жөнінде ғажайып ертегілер айтпағанда, бүгін космостық кемелер шексіз әлем кеңістігінде зырқырап ұшар ма еді? Мұның бәрі бір кездегі арманнан, қиялдан, аңыздан басталған жоқ па? Демек, армандау – еріккеннің ермегі емес. Арман – адамның қанаты емес пе? Олай болса, неге біз ер жеткен соң тәтті қиялға берілуге, ізгі мақсатты армандауға уақыт таппай қаламыз? Тіпті бос арман, құрғақ қиял деп әлі де жас балаша армандай алатын жандарды мазақ ететін кездеріміз де болады ғой. Бір кезде адамға қанат жасап, аспанға ұшыруды армандаған жандарды: «Есі ауысқан екен», - деп тірідей отқа тастап, өртегені көне көз тарихқа жақсы мәлім. Бірақ табиғаттың бүкіл әлемдік ұлы заңдарын ашқандар, сол «қияли жандар, есі ауысқандар» ғой. Онда біз неге бүгінгі арманшылдарға миығымыздан күліп қараймыз қазіргі қолда бар нәрсенің бәрі бір кезде тек адамдардың қиялында ғана болды емеспе?
«Қиялдың күш - қуаты білімнің өзінен де маңыздырақ». Мұны айтқан ұлы ғалым Альберт Эйнштейн. Демек, арман - қиялдың қуатты қанатына арқа сүйегендер ғана басқалар шыға алмаған биік шыңдарды игеріп алады.
Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
Атаққұмар адамдар өзге жұрттың бәрі өздеріне сүйсіне қарайды деп ойлайды.
Антуан де Сент - Экзюпери «Кішкентай ханзада»
Жүрегімнің бір тал нәзік қыл тамырын ол өзімен бірге ауырта жұлып, суырып кете барады.
Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді»
Олар үшін оба – өмір, оба – өлім, оба – қасірет, оба – сандырақ, оба – үрей, оба – қорқыныш, оба – той, қуаныш, оба – бәрін ұмыту, жаңғыру, түлеу. Оба адамдарға, адамдар обаға айналғандай. Екеуі біртұтас бейне. Аянышты үйлесім. Бұрын да, кейін де, келешекте де осылай жалғаса бермек.
Альбер Камю «ОБА»
10. 12. 91.
Түрік ойшылы Зия Гөкалл былай депті: «Ірі ұлттардың әрқайсысы әлемдік өркениеттің белгілі бір саласында алдыңғы орындарға ие: ежелгі гректер – эстетикада, римдіктер – хұқықта, еврейлер мен арабтар – дінде, француздар – әдебиетте, ағылындар – экономикада, немістер – музыка мен метафизикада, ал түркілер – адамгершілік тәрбиесінде».
Ақселеу Сейдімбек, 2 - том. Күнделік
Оқыңдар, қарақтарым, оқыңдар, - деді ағай біраздан кейін. – Қазақтың оқуда кеткен еншісі көп! Атаң үшін де оқы, әкең үшін де оқы, өзің үшін де оқы!
Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты»
Өмір өтер. Дос - жарандар қайта оралар. Отбасы да оңалар. Маған келмейтін, қайта оралмайтын, мен қайтара алмайтын бір жан бар. Ол – Әсел. Менің Әселім. Менің қызыл орамалды шынарым...
Шыңғыс Айтматов «Шынарым менің, шырайлым менің»
«Мен өлімнен қорықпаймын деп айту – барып тұрған өтіріктің көкесі». Бұл ұлы гуманист Жан - Жак Руссоның пікірі. Адам өз бойында күн сайын туатын сан қилы қорқыныш сезімін жеңіп отыратыны мәлім ғой.
Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді»
Қорқыныш барлық адамның бойында бар. Жүрегінің түгі бар батыл адамдар да тура сіз сияқты қорқады. Бірақ олар қорықса да, оны дұрыс қабылдап, қорқынышына қарсы жүруімен ерекшеленеді. Өскің келсе, өзгергің келсе, өзіңнің шын мүмкіндіктеріңді білгің келсе, қорқатың нәрсеңді істе!
Данияр Жігітбек «26 жылда қалыптасқан 26 қағида»
Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды.
Кейбір адамдар да сондай. Озбырлар көбінесе осы әдісті қолданады.
Бір кем дүние...
Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»
«Сұлу әйел алған адам өмір бойы қарауыл болып өтеді. Бай әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді», - дейді Баласағұни бабамыз.
Бір кем дүние...
Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»
Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап - жыбырлап жем тасып бара жатады. Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз. «Бай баласы байға ұқсайды, Байланбаған тайға ұқсайды», - деген осы. Жалқаумыз.
Бір кем дүние...
Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»
Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс. Егер еріте алмаса, ол осал шығарма.
Бір кем дүние...
Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние»
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Сүйікті ертегі
» Қорқыт ата кітабы
» АӘД пәнінен кіріктірілген ашық сабақ
» Сап және оларды басқару
» Қазақстан суретшілері
» Сүйікті ертегі
» Қорқыт ата кітабы
» АӘД пәнінен кіріктірілген ашық сабақ
» Сап және оларды басқару
» Қазақстан суретшілері
Іздеп көріңіз: