Қазақша шығарма: Қанағат - бітпейтін қазына

Қазақша шығарма: Қанағат - бітпейтін қазына

Ислам дінінің негізгі мақсатарының бірі – адам баласын жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу. Яғни иманы кәміл мұсылман кісінің бойында көркем мінезге жататын әдептілікпен бірге рухани қасиеттер де болу керек деген сөз. Осы рухани қасиеттердің бірі де – қанағат.

Қанағат барына, қол жеткізген табыстарына разы болып, шүкіршілік етіп ішіп- жеу, яғни көңіл қалауларынан азда болса тыйылу, шыдау дегенді білдіреді.
Бұл кеселдің жазылуы дәрінің ащылығына шыдауға ұқсайды. Қанағат – пайғамбарлар мен ізгілер ұстанған жол. Сондықтан күнәһар болу, ақыретті ойран ету ақылды адамның ісі емес. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан ортаймайтын қазына – дәулет. Қанағат дегенде азғана тірлік істеп қоя салу емес, күші жететіндей, қолынан келетіндей жұмыс істеу мұсылман кісінің міндеті болып табылады. Негізгі мақсат осы жұмысының жемісі аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ету.
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ ол ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсак, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Аллаһ Тағала бүкіл адамзат баласының ырыс-несібесіне өзі кепілдік беріп қойған. Мына төмендегі аятта: «Дүние жүзіндегі барша тіршілік иелерінің ырыс-несібесі тек қана Аллаһқа ғана тән» (Һұд сүресі 6-аят) дей келе Аллаһ Тағала өз құлдарының ырыс-несібелері жайлы алаңдамауын айтып көрсеткен. Алайда Аллаһ Тағала өз ырыс-несібесін кейбір құлдарына молырақ берсе, кейбір құлдарына аз мөлшерде береді.
Яғни Аллаһ Тағала пенделерінің біріне молырақ дүние берсе, кейбіреулеріне кем қылып береді. Міне, осы сәттен бастап ортаға қанағат деген ұғым туады. Еншісіне ырыс-несібеден көп тиген құлдар ашкөздіктен және сараңдықтан арылып мал-мүлікті керекті жерге сарп ете білуі керек. Ал ырыс-несібеден аз тиген құлдар осы берілген дүниеге разы болып, дүниеге деген көз тоймаушылықтан сақтанулары қажет. Демек, қанағат ұғымы тек кедей адамдарға ғана тиісті емес екен, бұл сондай-ақ бай адамдардың да таусылмас дәулеті екен. Сондықтан бай болсын, кедей болсын осы қанағат жолын ұстануы қажет. Өйткені қанағатсыздық ашкөздік пен көре алмаушылықты тудырары анық. Мұндай қасиетке ие болған кісі ешқашан жақсылыққа жете алмайды.
Мәселен қаншама мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп, барған сайын ашкөзділікке салынып, құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп жалған сөйлеп, екі жүзділікке барады. Кедей «бай болам деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай құдай болам» деп күпіршілікке барады.
Қадым заманға үңілетін болсақ, қолында зор билігі бар үлкен мансап иесінің аш көз, тойымсыздығы ел үшін қанша ауыр қасіретті, кесепатты болғаны туралы тарихта мысал аз емес.
Қанша елді қан қақсатып, жаулап алса да, көзі тоймай, «алсам деп жердің жүзін ой ойлаған» Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) бір жолы қалың әскерімен адасып, әбден титықтағанда тау ішіндегі тұйықта кес көлденең тұрған темір қақпаға кезігеді. Патшаның қаһарына селт етпеген қақпаның арғы жағындағы күзетші бет орамалға түйген бір нәрсені дарбазадан асыра тастайды. Сонда жиһангердің қасында еріп жүрген Аристотель таразы алдырып, бір басына өздерінде бар дүниенің бәрін салғызады. Бірақ таразының көз сүйегін салған жағы басып тұра береді. Сол кезде данышпан көз сүйегінің үстіне бір уыс топырақ салуға кеңес береді. Сонда таразының сүйек салған басы солпаң етіп, аспанға шығып, екінші басы сылқ етіп, төмен түседі.
Бұл арқылы ұлы философ адам нәпсісі асқынғанда, қайда апаратыны жайында қайғылы ой түйеді. Қанағатсыздықтың өлгенше тоймайтын дерт екенін айтады.
Мұндай мысалдарды өзге халықтардың әдебиетінен де мол кездестіруге болады. Мәселен, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» деген әйгілі әңгімесінің кейіпкері қанағатсыздықтан, жерді көп аламын деп, жүгіре-жүгіре, зорығып өледі де екі метр жерге көміледі. А.Пушкиннің бала күннен әркімге жақсы таныс «Алтын балық» туралы аңызындағы тойымсыз кемпірдің қайғылы тағдыры жастарға көп нәрсені аңғартса керек.
Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» (Риядус Салихин І т. 514 х.) деп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қанағатшыл адамды бақытты адамға теңеп кеткен.
Жоғарыдағы айтылып өткен тарихи оқиғаларға қосымша ретінде мына бір қиссаны да тілге тиек ете кетсек:
Ибраһим ұлы Смайылдың қал жағдайын білмек болып Меккеге зиярат етіп келеді. Алайда баласы үйде жоқ болып шығады. Келінінен:
– Смайылдың қайда кеткенін сұрап анықтайды. Келіні:
– Ұлыңыз үйге азық әкелу үшін аңшылыққа кеткен еді, деп жауап береді.
Ибраһим (а.с.) үй ішінің шаруа тіршілік жағдайына қатысты ұсақ-түйек жайттарды сұрайды. Келіні:
– Жағдайымыз тым нашар деп, тұрмыстарында көптеген тауқыметтерді көріп жатқаны жайлы көп шағымдарын айтады. Сонда Ибраһим:
– Күйеуің үйге келген кезде оған менің сәлемімді жеткіз, - дейді.
Сонымен қатар үйінің босағасы ауыстырылсын деп те айтып кетеді.
Смайыл үйге келісімен бір нәрсені сезгендей болып, бар жағдайды әйелінен сұрай бастайды.
– Мен үйде жоқ болған кезде үйге біреу келді ме, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, үйге бір қария кісі келіп сені сұрап кетті дейді. Үй ішінің шаруа тіршілігін сұрады. Мен де оған отбасымыздағы тұрмыс тапшылығы жайлы жайттарды айттым, дейді. Смайыл:
– Ол кісі саған қандай да бір өсиеттерді айтып кетті ме, деп сұрады. Әйелі:
– Әрине, әуелі саған сәлем айтып кейін осы шаңырақтың босағасын ауыстырсын, деп кетті. Смайыл:
– Келген қария кісі менің әкем еді. Ол кісінің босағаны ауыстыр дегені менің сенімен ажырасуымды талап еткені. Енді бұдан былай онымен бірге өмір сүре алмайтындығын білдіреді. Сөйтіп ол әйелімен ажырасқаннан кейін «Журхұм» деген рудан басқа бір әйелмен некеге тұрады.
Арадан біраз уақыт өткеннен кейін Ибраһим (а.с.) қайтадан ұлының үйіне келеді. Осы жолы да ұлы Смайыл үйінде жоқ еді. Қай жерге кетті деп сұраған кезде, әйелі:
– Үйге азық алып келуге кетті, деп жауап қайтарды. Ибраһим (а.с.):
– Тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай деп сұрақ сұрай бастайды. Келіні:
– Қал жағдайымыз өте жақсы. Тұрмысымыз тамаша, дей отырып Аллаһқа деген шүкіршілігін білдіреді. Кейін екеуінің арасындағы әңгіме одан әрі жалғаса түседі:
– Нені азық қылып жатырсыңдар?
– Ет жеп жатырмыз, - дейді
– Не ішіп жүрсіңдер, - дегеніне;
– Су, деп жауап береді.
– Сол уақытта Ибраһим (а.с.) қос алақанын жайып «Аллаһым, олардың қорек қылып жатқан еттері мен суларына береке бер!», - деп дұға қылады. Кейін:
– Күйеуің үйге келісімен менің сәлемімді айт және осы шаңырақтың босағасын берік ұстасын деп кетеді. Смайыл (а.с.) аңшылықтан келген кезде:
– Үйге келген біреу болды ма, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, үйге жүзі көрікті бір қария келіп, сені сұрап кетті, дейді.
Күнкөрісімізді, тіршілігімізді сұраған еді, мен де қалымыздың жақсы екенін айттым, дейді. Смайыл (а.с.)
– Саған қандайда бір өсиет айтып кетті ме, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, саған сәлемін айтты және шаңырақтың босағасын берік ұстасын деп кетті. Смайыл (а.с.)
– Дұрыс, ол менің әкем еді. Үйдің босағасын берік ұста дегені, сенімен жақсы қарым-қатынаста болуымды әмір еткені, деді. (Бухари, Әнбия 9)
Ибраһим (а.с.) Смайылдың (а.с.) алғашқы әйелінің қанағатсыздығына орай үкім беруі отбасында жақсы байланыс пен ауызбіршілік орнату болатын. Себебі отбасының берік болуы, сүйіспеншіліктің күшті болуы, бірін-бірі сыйлауы шаңырақтың шайқалмай тұруы көркем мінезге ие болуға қатысты.
Әңгіме болып отырған тақырыбымызға Сайф Сарайдың «Түрікше гүлстан» атты кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мына сөздер тап бүгін және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім, Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір данышпан кісі: «Дәулетті кісі – дәулетті жия білген, жиғанын жеп, бере білген. Дәулетсіз кісі – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам», - деп жауап берген. Алғашқысы қандай сүйсінерлік, соңғысы қандай аянышты, тіпті жиренішті.
Көптеген ахлақ тұрғысындағы кітаптарда ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылып, қанағатты болудың екі шартын алға тартады.
1. Аллаһ Тағаланың тағдырға жазған ризығына ие болу ашкөздік пен ашқарақ-тыққа кірмейді. Бірақ мұнда да әрекет ету зәру.
Тек Аллаһ Тағаланың өзіне жүгініп, басқалардан сұрамау керек. Нәби есімді ақын ұлына арнап жазған өлең шумақтарында насихатын былайша жеткізеді:
Адам билігінде не бар екен,
Оны бер, бұны бер деп одан сұрайсың.
Ол да Аллаһтың бергеніне мұқтаж ғой!
Әлсіз адамның берешек не күйі бар,
Саған беретін қандай дүниесі бар!
2. Қанағаттың екінші шарты қолдағы нығметтерді үнемдеп жұмсау болып та-былады. Ысыраптан мүлдем тыйылу керек. Мұндай тәжірбиелі кісілер бала-шағасын бағу үшін басқаларға бас имейді, жағымпаздық істемейді, өтірік сөйлемейді және ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылады.
Үнемшіл болуға тырысу керек. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үнемшіл болған кісі кедей болмайды», - деген.
Егер адам көрпесіне қарап көсілмесе, керекті-керексіз нәрселерге қаржы жұмсала берсе, ысырап пен шығын есігі үлкейіп кетеді. Ысрапкершілік бар жерде ешқашан байлық болмайды. Ақша табу оны жұмсағандай оңай емес, адал ақша табу үлкен бір тасты биік таудың төбесіне алып шығуға, ал оны жұмсау тасты төбеден төменге домалатып жіберуге ұқсайды.
Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) : «Бірнеше күнге жетуі мүмкін азықты бір күнде сарп еткен отбасын өте жек көремін»,-деген.
Бұл жөнінен біздің халқымыздың мыңдаған жылдық тәжірбиесінен қорытылған даналық тұжырымдары бар: «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сияқты мақалдарда үнемі есте болатын шынайы шындық аз емес.
Бір араб ақыны :
«Ақшаңа ашын,
Жол берме дара шығынға,
Көздің қуаты қарашығында,
Адамның күнкөрісі ақшаменен!» - деп үнемшіл болуды көркем бейнеде өсиет етеді.
Мынаны да есте ұстауымыз керек: үнемшіл боламын деп жеп-ішуден тиылып ақша жию жолына түсіп кету дұрыс емес. Бұлай істеу үнемшілдік емес, керісінше сараңдық. Сараңдық өте жаман әдет. Өйткені бала-шағаның несібесін қырқу үлкен қателік саналады.
Платон: «ақшаны сараңдық етпестен жұмсау ақылдылықтың басы», - деген.
Қорыта айтар болсақ, қанағаттың орны мемлекет пен отбасындағы психология-лық оңды ахуалды, татулық пен тыныштықты, жайдары қабақты, бейіл-береке мен оның барлық мүшелерінің ырысымен, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттары-ның жүзеге асуының кепілі.
Енді осы мақаламызды мына бір өлең шумағымен аяқтасақ:
Қиындыққа қайыспасын қабырға.
Дем беріңдер,
Қанағат пен сабырға!
Екеуіне байланысты бағыңда!

Қайрат Қанапиянов
Дінтанушы

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Қанағатшыл бол эссе, қанағатшыл бол тақырыбына эссе, қанағат туралы шығарма, канагат туралы шыгарма, сочинение на казахском языке про благодарения, қанағатшылдық

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]